Жеңіл деңгей Қарым-қатынас түсінігін сипаттаңыз



бет1/9
Дата07.02.2022
өлшемі64,76 Kb.
#93507
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Психология 9 Мамитханова Г


Жеңіл деңгей
1. Қарым-қатынас түсінігін сипаттаңыз.
2. Қарым-қатынастың түрлері, формалары, қызметтерін түсіндіріңіз.
3. Қарым-қатынас стильдерін сипаттаңыз.
Қазақстанның білім беру саласын модернизациялаумен байланысты басты мақсаттардың бірі «көпдеңгейлі үздіксіз білім беру жүйесінде мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлға мүдделерінің теңдестігін қамтамасыз ету» болып табылады. Осы мақсатқа сәйкес ересектерге білім берудің теориялық негіздерін жетілдіру қажеттігі туындайды.
Көптеген ғалымдардың (Г.А. Ковалев, Л.А. Петровская, Б.Ф. Ломов, В.Н. Мясищев) еңбектерінде педагогикалық қарым-қатынас шығармашылық іс-әрекеттің түрі ретінде қарастырылады. Тұтас педагогикалық үдерістің (З.Ж. Жанабаев, М.С. Молдабекова), өзара қатынас мәселесінің (Р.Г. Баранцев, Е.Н.Князева, М.А. Весна, т.б.) синергетикалық тұрғыдан қарастырылуы ересектер арасындағы педагогикалық қарым-қатынастың дамытушылық функциясымен тығыз байланысты шығармашылық әлеуетінің зор екендігін айқындауға мүмкіндік береді.
Қарым-қатынас деп аталатын процесс - аса кең және сиымды түсінік. Бұл саналы және саналанбаған вербалды байланыс, ақпарат алу мен беру, оның өзі барлық жерде және үнемі байқалып отырылады. «Әлемнің кең алқабында коммуникация алып аспан денелерін бір-бірімен байланыстырады деген жорамал бар және Лермонтовтың «жұлдыз жұлдызбен тілдеседі» деген метафорасы осылайша жаңа күтпеген мағынаға ие болады» .
Қарым-қатынас – адамдар арасында бірлескен іс-әрекет қажеттілігін туғызып, байланыс орнататын күрделі процесс; екі немесе одан да көп адамдардың арасындағы танымдық немесе эмоционалды ақпарат, тәжірибе, білімдер, біліктер, дағдылар алмасу. Қарым-қатынас тұлғалар мен топтар дамуының және қалыптасуының қажетті шарты болып табылады.
Қарым-қатынас барысында адамдардың танымдық хабарлармен, ақпаратпен, тәжірибемен, біліммен, дағдылармен алмасуы және өзара түсінісуі, бірін-бірі қабылдауы жүзеге асады. Қарым-қатынастың интерактивті, коммуникативті, перцептивті деген үш жағы және мезо, макро, микро, рухани, іскер, т.б. деңгейлері болады. Негізгі қызметі:
1) ақпараттық-коммуникативтік (ақпарат алмасу және адамдардың бірін-бірі тануымен байланысты);
2) реттеуші-коммуникативтік (адамдардың іс-әрекетін реттеу және біріккен әрекетті ұйымдастыру);
3) аффективті-коммуникативтік (адамның эмоционалдық аясымен байланысты).
Қарым-қатынас сан алуан сипатта; оның көптеген формалары, түрлері бар. Педагогикалық қарым-қатынас адамдар карым-қатынасының жекеше түрі. Оған осы өзара әрекет формаларының жалпы қасиеттері де, білім беру процесіне тән қасиеттері де лайық. Сондықтан, педагогикалық қарым-қатынасты анықтамас бұрын, алдымен қарым-қатынасты жалпы феномен ретінде сипаттаушыларды қарап шығайық.
Сөз, сөйлеу, елдің алдына шығып сөйлеу, сөйлеушінің тыңдаушыға әсер ету өнері, екі ғасырдан астам байырғы тарихқа ие екені белгілі. Осы проблеманың көптеген маңызды сұрақтарын, жалпы түрде, тіпті Цицеронның өзі қойып, қарастырған. Дәл осы Цицерон сөйлеушінің негізгі коммуникативтік міндеттерін (оларды қазір солай атайды) анықтайды: «не айту керек, қай жерде айту керек және қалай айту керек». Осы міндеттердің әрқайсысын қарастыра отырып, Цицерон сөйлеудің орындылығы сияқты сапасын атайды, себебі «небір лауазым, небір шен, небір абырой, небір жас, небір орынды тіпті санамағанда, уақыт пен жұртшылық барлық жағдайлар үшін бір ғана ойлар мен лебіздер түрін ұстануға жол береді»
Біздің заманымызда бұл қарым-қатынастың негізгі ережелерінің бірі - сөйлеудің формасы мен мазмұнының нақты аудитория ерекшелігіне тәуелділік ережесі. Шешеннің үш міндетті - «не, қайда және қалай сөйлеуді» сақтауының негізінде, Цицерон шешендер түрлерін анықтаған, кімнің сөзі «орынды болса», сол шырқау шегіне жеткен шешен болған.
Сонымен бірге, қарым-қатынас - XX жүз жылдықтың проблемасы. Өйткені, егер Көне Греция мен Көне Римде шешендік өнер риторика, эвристика және диалектика шеңберінде зерттелінсе, ал біздің уақытымызда тілдік қарым-қатынас, соның ішінде педагогикалық қарым-қатынас, бірқатар басқа ғылымдар көзқарасы тұрғысынан зерттеледі: философия, әлеуметтану, социолингвистика, психолингвистика, әлеуметтік психология, жалпы психология, педагогика және педагогикалық психология, олардың әрқайсысы осы жалпы кешендік проблеманың қандай да бір қырын қарастырады.
Тілдік қарым-қатынас бүкіл дүние жүзінде кеңінен зерттелінеді. АҚШ-тың өзінде ғана осы проблемамен ондаған мың ғылыми қызметкерлер айналысатынын айту жеткілікті. Қарым-қатынасты зерттейтін арнайы орталықтар құрылған (мысалы, Карнеги орталығы). Соның өзінде, осы уақытқа дейін «қарым-қатынас» түсінігінің өзін, оның салаларын, механизмдерін түсіндіруде бірлік жоқ. Әрине, зерттеушілердің түрліше, түрлі көзқарас бойынша осы процеске түсініктеме беруі, оның түрлі моделін жасаулары, оны зерттеуде коммуникативтік-ақпараттық, интерактивтік, іс-әрекеттік, т.б. түрлі келістерді ұсынулары орынды. Қарым-катынас іс-әрекеттік келісі тұрғысынан бұл - бірлескен іс-әрекетке деген қажеттіліктен туындайтын және ақпарат алмасуды, өзара әрекеттің, басқа адамды қабылдау мен түсінудің ортақ стратегиясын өндіруді қамтитын, адамдар арасында байланыс орнату мен оны дамытудың күрделі, көп жақты процесі. Қарым-қатынастың мұндай түсіндірмесі келесі әдіснамалық жағдайларға сүйенеді.
Біріншіден, ол қоғамдық, тауар-ақша және тұлғааралық қатынастардың ажырамастығын мойындаудан туындайды да, олардың құралдары немесе өзара әрекеттесу құралы ретінде «... тіл және ақша» болады . Бұл - бір жағынан, қарым-қатынастың өндірістік, қоғамдық қатынастар жүйесіне қосылып кеткендігін білдірсе, екінші жағынан, осы қатынастардың сипаты мен мазмұнының қарым-қатынастың өзінен көрініс табуын білдіреді. Бұл жерде, осы вербалды қарым-қатынастың күрделілігі мен кемеліне жеткендігі оны келесі форма түрінде қарастыруға мүмкіндік береді, «мұнда қарым-қатынас процесінің жалпы заңдылықтары зерттеуге неғұрлым жеңіл, неғұрлым жалаң және неғұрлым оған тән түрінде беріледі».
Екіншіден, бұл процесті осылайша түсіну қарым-қатынас пен іс-әрекет бірлігіне негізделеді, ол «қарым-қатынастың кез-келген формалары бұл адамдардың бірлескен іс-әрекетінің ерекше формалары» деп ұйғарады . Берілген жағдай педагогикалық процесс үшін ерекше болып табылатын қарым-қатынасты субьектілердің бірлескен оқу іс-әрекетінің формасы ретінде санауға мүмкіндік береді.
Іс-әрекет пен қарым-қатынас бірлігі жайлы пікір, сонымен бірге, осы құбылыстар байланысының сипатын түсіндірулерінің біржақтылығын ұйғармайды. Олар адамның әлеуметтік болмысы жағынан (Б.Ф. Ломов), қарым-қатынас іс-әрекет түрі сияқты тек (род) - түр (вид) қатынасында болатын құбылыс ретінде қарастырылуы мүмкін (яғни, Г.П. Щедровицкий, А.А. Леонтьев, В.В. Рыжов, Г.В. Гусев және т.б.). Соңғы жағдайда ол қандай іс-әрекет, даралық па әлде ұжымдық па деген сұрақ туындайды. Біз іс-әрекеттің екі формасы да мүмкін дегенді негізге аламыз, бірақ қарым-қатынастың өзі іс-әрекет емес, ол қоғамдық-еңбектік катынаста әр түрлі іс-әрекетпен айналысатын адамдардың өзара әрекеттесу формалары болып табылады. Мұндай түсіндірме Б.Ф. Ломовтың жалпы позициясымен сәйкес келеді, бұл позиция бойынша қарым-қатынас - «бір-бірімен қатарлас (симметриялы) дамушы іс-әрекеттердің бірінің үстіне бірі қосылуы, жапсырылуы емес, ол оған серіктестер ретінде қатысушы субьектілердің өзара әрекеті» Алайда, түсіндірмелердегі айырмашылық мынада: Б.Ф. Ломов үшін қарым-қатынастың өзі өзара әрекеттесу болса, оқулықта келтірілген анықтама бойынша қарым-қатынас оның формасы болып табылады.
Өзара әрекеттесу формасы, адамның қоршаған ортамен, басқа адамдармен өзара әрекеттесуінің үш жоспарының бірі ретіндегі адамдар іс-әрекетінің қоғамдық коммуникативтік аясында пайдаланатын құалдарына тәуелді. Адамзаттың іс-әрекетінің аясы, ең алдымен, адамның өмірлік іс-әрекетінің мақсаттарының бағыттылығының өзгеруіне байланысты жіктелінеді. Мысалы, өзі өзі үшін, өзінен тыс нәрсені басқалар үшін және өзі үшін жасау, жарату сияқты адамның іс-әрекетінің негізгі мақсаттарының ішінде мақсаттардың үш тобы бөлінуі мүмкін: материалдық және рухани мәдениет өнімдерін жарату; білімдерді қабылдау, жинақтау, меңгеру және ой алмасу, мақсаттардың алғашқы екі тобын қарым-қатынастағы рухани қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін жүзеге асыру. Осыған сәйкес, шартты түрде іс-әрекеттің өзара байланысты және өзара шартталған үш саласын реттеуге болады: қоғамдык-өндірістік (еңбек), танымдық (танып білу) және қоғамдық-коммуникативтік (қарым-катынас). Іс-әрекеттің осындай формаларын Б.Г. Ананьев оған субъект құрылымы тұрғысынан келу негізінде бөлгені маңызды. Бұл келіс бойынша, адамда еңбек, таным мен қарым-қатынас субъектілері қасиеттерінің үйлесуі адамның жалпы іс-әрекет субьектісі және тұлға ретінде ұйымдасуын анықтайды.
Іс-әрекеттікпен қатар басқа да келістер бар. Мысалы, вербалды қарым-қатынасқа деген келістердің бірі байланыс теориясы мен ақпараттар теориясымен ара қатынаста және өз көрінісін Ч. Осгуд, Дж. Миллер, Д. Бродбенттің жалпы психология бойынша еңбектерінен, Г.Гебнердің, Д. Берлоның және т.б. коммуникация бойынша жұмыстарынан табады. Бұл келіс Г. Лассвелдің, қарым-қатынасты зерттеу міндеттерін «кім, нені, қай арна бойынша, кімге, қандай әсермен берді» формуласымен анықтаған еңбектеріне дейін өрлей отырып, негізінен, ақпарат алудың (қабылдаудың) психологиялық ерекшеліктерін, коммуникатор мен аудиторияның сипаттамаларын, қарым-қатынас шарттарын, құралдарын және т.б. зерттеуге бағытталған. Коммуникация модельдерінде оларды зерттеу компоненттері (жалпы түрде: бастау - хабар - арна - алушы) мен аймақтары қарастырылады (коммуникатор мен аудитория ерекшеліктері, жағдайлары, ситуациялар, құралдары және т.б., қарым-қатынастың тілдік құрылымы, ұйымдасуы және стилі, оның мәндік және семантикалық мазмұны т.т.). эксперименталды зерттеулерден алынған қорытындылар негізінде аудитория реакцияларының әсерлері мен формаларына қатысты, яғни кері байланыс әсеріне, аудиторияның өзінің сипатына және де коммуникацияның реципиенттерінің әлеуметтік ұстанымдар жүйесіне, мысалы олардың конвергенциясына әсер ету аймағына қатысты. «Ақпарат», «жүйе», «кері байланыс» түсініктері осы келісте орталық түсініктер болып табылады.
Қарым-қатынасты «мазмұны бірлескен іс-әрекет үшін қолайлы түрлі қатынастар көмегімен ақпарат алмасу мен өзара түсіну болып келетін адамдардың өзара әрекеттесуі» ретінде анықтай отырып, В.Н. Панферов қарым-қатынастың төрт сәтін бөлген: байланыс, өзара әрекет, таным, өзара қатынас және осыған сәйкес қарым-қатынасты зерттеуде төрт келісті ұйғарады: коммуникативтік, ақпараттық, гностикалық (танымдық) және реттеуші. Б.Ф. Ломов қарым-қатынастың үш жағын (функцияларын) сипаттайды: ақпараттық-коммуникативтік, реттеуші-коммуникативтік және аффективтік-коммуникативтік және де өзіндік коммуникативтік компоненттің хабарды алу мен беру ретінде, мінез-құлықты реттеу мен қабылдаудың, бастан кешірулердің болуы ретінде, яғни аффективті компонент ретінде міндеттілігін атап көрсетеді.
Білім беруді модернизациялаудың стратегиялық мақсаты әрбір адамның ғұмыр бойы білім алуына немесе білімін толықтыруына нақты мүмкіндіктер туғызатын жаңа білім беру жүйесін құру. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында бекітілген қосымша білім беру ұғымы (шетелдік аналогтары: extra, additive, complementari) педагог пен оқушының арасында серіктестік қарым-қатынастың дамуына мүмкіндік беретін білім берудің ерекше түрін білдіреді. Либералдық, прогрессивтік, бихевиористік, радикалды, когнитивті, гуманистік философиялық мектептер мен бағыттар ықпалымен дамыған ересектерге қосымша білім беру үдерісі ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап әлеуметтік, экономикалық функцияларды ғана емес, тұлғаны дамыту функциясын орындайтын білім беру қызметін көрсету саласына айналып келеді.
Педагогикалық қарым-қатынас субъектілері - адамдардың жоғарыда қарастырылған жас, тұлғалық ерекшеліктерімен, өмірлік тәжірибесімен, ұстанымдарымен сәйкес ерекше сипатқа ие педагогикалық қарым-қатынасты ұйымдастыру міндеті оқытушының кәсіби, әлеуметтік, психологиялық мәдениетінің жоғары болуын ғана емес, тұлғалық кемелденуін де талап етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет