Лекцияның атқаратын қызметтері:
- ақпараттық
– ғылыми білім жүйесін баяндау, ғылымның жаңа жетістіктерімен таныстыру, ақпаратта бағдарлануға көмектесу; әдебиеттермен, ғылыми мектептермен таныстыру;
- ынталандыру – тақырыпқа, оқу пәніне деген таным қызығушылығын тудырады және кәсіби мотивациясын дамытады;
- тәрбиелеуші – оқу материалының мазмұны арқылы моральдық сапаларды дамытады және оларды нақты танымдық әрекетке бағыттайды;
- ұйымдастырушылық – оқу әрекетінің барлық звенолары үшін психологиялық-педагогикалық бағыт береді;
- дамытушы – белсенді ойлау әрекетіне қосу арқылы тұлғаның интеллектуалдық дамуын қамтамасыз етеді; құбылыстарға баға беріп, ойлауды дамытады.
Оқулыққа қарағанда дәріс:
- лектормен тікелей қарым-қатынас мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
- тақырып бойынша түрлі көзқарастармен танысуға мүмкіндік береді; жағдайдың ерекшелігін ескереді;
- студенттердің меңгеріп отырған пәнмен тірі байланысты орнатуға көмектеседі.
Е.А.Подольская, Р.Т.Игенбаеваның пікірінше лекцияның оқыту формасы ретіндегі кемшіліктері:
- Лекция өзгенің пікірін енжар қабылдауға үретеді, өзіндік ойлаудың дамуына кедергі жасайды.
- Лекция өздігінше дайындалатын сабақтарға деген қызығушылығын азайтады.
- Төменгі курстарда студенттер дәріс мазмұнын қабылдау және конспектілеу әдістемесі мен техникасын меңгермегендіктен, оны дұрыс меңгере алмайды.
- Оқытудағы даралау және саралау қағидаларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.
- Студенттердің кейбіреуі ғана лекция мазмұнын ұғады, кейбірі лектордың сөзін жазумен шектеледі.
Ал артықшылықтарына келесіні жатқызады:
- Жаңа қосылған курс бойынша әдебиеттің тапшылығы болған жағдайда лекция ақпараттың негізгі көзіне айналады.
- Оқытушы мен студенттердің шығармашылық ынтымақтастығын қамтамасыз етеді.
- Бірлескен эмоционалдық өзара әрекеттесу мүмкіндігін береді.
- Студенттердің ойлау әрекетін ынталандырады.
- Студенттердің интеллектісін, моральдық қасиеттерін, қарым-қатынас мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.
- Студенттерге өз бетімен жұмыс бойынша бағыт-бағдар беруге мүмкіндік береді.
- Студенттерді кәсіби даярлау ерекшелігін, олардың қызығушылығын ескеруге мүмкіндік береді.
- Белгілі бір тақырыптар бойынша жаңа оқу материалы әлі жарияланбаған, қолдағы бар оқу материалы ескірген жағдайда ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін студенттерге жеткізу құралына айналады.
- Оқулықтардағы кейбір тақырыптар студенттердің өздігінен меңгеруге күрделі болған жағдайда лектор тарапынан материалды дұрыс интерпретациялау материалды дұрыс және толық меңгеруге мүмкіндік береді.
- Кейбір мәселелер бойынша қарама-қайшы тұжырымдардың болуы, олардың лекция барысында талқылануын қажет етеді.
Лекцияның түрлеріне төмендегілер жатады:
Дидактикалық мақсатына қарай:
- кіріспе лекция,
- қорытынды лекция немесе шолу-қайталау лекциясы,
- шолу лекциясы,
Дидактикалық мақсатқа сай жіктелген лекция түрлеріне қысқаша шолу Кіріспе дәріс. Ол студенттерді белгілі бір курстың мақсаты, оның оқу пәндері жүйесінде алатын орны мен ролі жайлы таныстырады. Сонан соң курсқа қысқаша шолу жасалады. Кіріспе дәрісте ғылыми мәселелер көтеріледі, ғылыми болжам жасалады, даму болашағы айқындалып, практикаға қосар үлесі белгіленеді.
Шолу-қайталау дәрістері курстың немесе оның бір тармағы аяқталғанда оқылып, онда сол курстың, болмаса сол тармақтың ғылымиұғымдық негізін қалайтын теориялық тұжырымдар қайталанады.
Шолу дәрісі. Оны қысқаша конспект деп түсінуге болмайды. Ол курс бойынша негізгі мәліметтерді қамтиды. Ол көбінесе емтихандарға дайындық кезінде тиімді пайдаланылады.
Материалды жеткізу түріне орай: - проблемалық лекция, - лекция-визуализация, - алдын-ала жоспарланған қателері бар лекция, - лекция-пресс-конференция, - екі адамның лекциясы (лекция вдвоем), - лекция-пікірталас және т.б. Лекция-ақпарат – студенттерге ойластырып есте сақтау үшін арналған ғылыми ақпаратты баяндау және түсіндіруді мақсат еткен дәріс түрі.
Жоғары мектеп тәжірибесіндегі кең таралған дәріс түрі. Проблемалық лекция – бұл дәріс түрінде жаңа білім мәселелі сауал, міндет немесе жағдаят арқылы енгізіледі. Оның барысында студенттердің таным процесі оқытушымен ынтымақтастық және диалог арқылы зерттеушілік әрекетке жақындайды. Мәселенің мазмұны оның шешу жолын іздеу немесе оны шешуге деген қалыптасқан дәстүрлі және қазіргі көзқарастарды талқылау барысында ашылады.
Достарыңызбен бөлісу: |