Жертөледегі жазу



бет27/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   36
ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ШОВИНИЗМ КӘНДЕНI
Аллахвердиев белеске бiр шығып алғаннан кейiн аттың басын iрiккен жоқ, тiзгiн қағып, төбесi қылт-қылт көрiнiп мен мұндалаған нысанаға тезiрек жетсем деп тепеңдей түстi.
Ертеңiнде Әзиз-Сұлтанмен тағы үш қазақ жiгiтiн бiрдей ғып киiндiрiп, қатар тұрғызып қойды да үстерiне айғақ ретiнде бiр әйелдi кiргiздi. Ұйпалақ сабан шашы желкесiне түскен жас келiншек. Көзiнiң жиегi қанталаған, қарашығы жүгiрiп бiр орында тоқтамайды. Ерiнiн бояп, бетiн опалап қанша «ретуш» жасағанмен алкаш екенi көрiнiп тұр. Ешкiмге көз тоқтатып қарамастан терiсi көгiс тартып сидиған қолы қалт-қалт етiп бiрден Әзиз-Сұлтанды нұсқады:
– Мынау.
– Қателесiп тұрған жоқсыз ба? Дұрыстап қараңыз, – дедi тергеушi жұтынып спектакльдiң жымын бiлдiрмеуге тырысқан түрмен.
– А?
Әзиз-Сұлтанның кеуде тұсында қалтыраған қол қураған жапырақтай құлап түстi. Әйел бұл қалай дегендей, абыржып тергеушiге қарады.
– Жоқ, жәй сұрап тұрмын. Нақ осы ғой? – дедi тергеушi «жобаң дұрыс» деген ишара танытып.
– Иә, осы, осы!
– Мен не iстеппiн? – дедi Әзиз-Сұлтан шыдамай кетiп.
– Сен кiсi өлтiргенсiң.
– Қашан?
– Оны өзiң бiлесiң.
– Ал, сен бiлмейсiң!
– Доғар сөздi! – дедi тергеушi ызбарланып. – Сен айтарыңды осы уақытқа дейiн айтып болғансың. Жетедi!.. Сiз боссыз. – Әйел әлдене дәметкендей айналсоқтай берiп едi, – Ана жаққа барыңыз! – дедi қатулана есiктi иегiмен нұсқап.
Бұларды орынын ауыстырып тұрғызып, тағы да айғақ шақырды. Ендiгi кiрген төртбақ, кеудесi қайқайған, етжеңдi саркiдiр әйел. Тасыған самаурындай бұрқ-сарқ қайнап ентiге кiрдi. «Шайнап тастайын ба, осы!» деп шабынып тұр. Ызалы, өктем. Есесi кеткен дұшпанын аямауға бекiнген көк жұлын өшпендiлiк лапылдайды көгiс тартқан сұп-суық жүзiнде. Шекесi тырысқан, қарашығы қос тамшы удай көгерген. Автобус, базарларда сүйкенiп кеткен адаммен iлiнiсiп, жоқ нәрсеге шу шығарып жататын, ерегессе, шаштасып, жұлыса кететiн «бой-баба», бомба қатынның классикалық үлгiсi.
– Мария Ивановна, он сегiзi күнi түстен кейiн Сәтбаев – Мир көшелерiнiң қиылысында, яғни сiздiң үйдiң жанында ереуiлге шыққан бұзықтар халық жасақшысын тепкiлеп, айуандықпен өлтiргенiн бiлесiз. – Тергеушi қолдарын кеудесiне айқастырып, тұрған орнында өкшесiн көтерiп-түсiрiп теңселiп тұр. – Бәрi көз алдыңызда өттi. Бiрi болмаса, бiрi есiңiзде қалған шығар. Қазiр көрсеңiз, таныр ма едiңiз?
– Әрине танимын.
– Мына тұрған төртеудiң iшiнде солар жоқ па? Жақсылап қараңызшы.
Алдыңғы әйелдей бiрден бас салған жоқ, бұл өз ролiн талантты ойнады. Жымқырылған жұқа ерiндерiнiң жiгi жiптей тартылып, әрқайсысының бетiне телмiрiп ұзақ қарады. Бiресе жақындап кеп көзiн сығырайта үңiлiп, бiресе екi-үш қадам шегiнiп барып шалқая қарап, шырамытқандай еңкейе берiп қайта басын шайқайды. Ойқастап оңды-солды жүрдi де, бiр уақытта қалт тұра қалып, бiр қолымен мықынын таянып, екiншi қолын Әзиз-Сұлтанның кеудесiне мылтықтай кезеп:
– Мынау! – дедi. Рольге берiлiп кеткенi соншалық, келесi сәтте шап берiп жағасына жармаса кеттi. – Дәл осының өзi! – Еркiне қоя берсе, қылқындырмақ ойы бар. Әзиз-Сұлтан қос бiлегiн бұрай сiлкiп итерiп жiберсе де құзғынның шеңгелiндей сойдиған тырнақтарымен бетiне қарай шапшып, елiре, есiре шаптығып жүр. – Бандит! Орыстың еш жазығы жоқ баласын көз алдымда тепкiлеп өлтiрдiңдер. Балконнан бәрiн көрiп тұрдым, қанiшер, азғын. Сендей жауызды, маған ерiк берсе, түрегелтiп қойып бауыздар ем! Ух, андағы сығырайған көзiңдi тырнап ағызып жiберсе ғой! Құтырған калбит, тойынған соң құдайыңды ұмытайын деген екенсiң. Әйтпесе орыстан не жамандық көрдiңдер. Оқытып, моншаға түсiрiп, мың ғасырлық кiрiңдi кетiрiп адам қатарына қосқаны ма бар жазығы? Сендердi құл ғып ұстау керек, табанға сап таптау керек!..
Мұнысы ендi рольдiң сөзi емес. Шынайы өшпендiлiктiң өзi. Ол Әзиз-Сұлтанға ғана емес, барлық қазаққа ашулы. Қан боп қатқан қарғысын, мүмкiндiк берсе, көшеде ұшырасқан кез келген қазаққа дәл осылай жаудырар едi. Өктем империяның күллi кек-ызасын кiшкентай кеудесiне сыйғызып жарылғалы тұр. Кухняда шәуiлдеген шовинизм канденi жалғыз-ақ сәтте арыстанға айналып, шиыршық ата күркiреп құйрығымен жер сабалады. Көзi қанталап, кекке қылқынып, түкiрiгiне шашала-қақала шаптығып ұмтылған әйелдi тергеушi әзер дегенде айырып, сүйрегендей ғып есiктен шығарып жiбердi.
Әзиз-Сұлтан мең-зең. Тұла бойынан әл кетiп, ой-санасын бiр терең қараңғылық – қара оппа тұңғиығына тартып барады. Дәл мұндай жабайы, қатыгез қиянат болар деп ойлап па? Күнi бүгiнге дейiн бiр әдiлет бар ғой, құрдымға жiбермес деп, қорқынышқа аса бой алдырмай, дәтке қуат боп көкiрек түбiнде жылтыраған әлсiз үмiт далбаса екен. Мiне, ендi күрестiң ешбiр әдiл тәртiбiн мойындамайтын, өзiмшiл, озбыр зұлымдықпен бетпе-бет келiп тұр: бұның қолы байлаулы, оның қолында – көк найза; ол – ат үстiнде, бұл – қалт-құлт етiп құздың жиегiнде – найзасын кеңiрдектен бойлата тыға ма, құздан итере сала ма – ол өз еркiнде.
Тергеушi дегенiне жеттi. Мың жерден бұлқынса да тырп еткiзген жоқ, құлағынан басып отырып басын боққа батырды, iстемегенiңдi iстедiң деп, қарақшы ғып шығарып, қарсы алдында, мiне, «қалай екен бәлем!» дегендей, мұртын сылап жымсиып отыр. Осыдан кейiн өзiңдi қалай адаммын деп сезiнесiң! «Адам деген асқақ ат», «Совет адамдарының жан-жақты, жарасымды дамуына барлық жағдай жасалған», «Адамның хұқық, мүддесiнен жоғары ештеңе жоқ...» деп газеттi ашып қалсаң – көретiн, радионы қосып қалсаң – еститiн сөздердiң бәрi өтiрiк. Сен – қоңыз, құмырсқасың, кез келген уақытта таптай салады. Бұларға ойланатын-толғанатын адам қажет емес, үнсiз бағынып, мөңiре десе – мөңiреп, маңыра десе – маңырайтын мал ғана керек.
Қайрансыздықтан тiзесi бүгiлiп, өзегi қалтырады. Iлгешегi үзiлiп түскен ескi пальтодай, қабырғаға сүйенiп арқасымен сырғыған күйi сылқ етiп еденге жүресiнен отыра кеттi. Еңсесiн тiк ұстап еңкейтпей келген iштегi әлдебiр тiрек опырылып түскендей.
Пiлдiң табанының астына түскен құмырсқа не iстей
алады? Бұл да сол. Осы күнге дейiн әдiлетке сенiп күрескенi, тiрескенi бос әурешiлiк екен. Жалған елес қуып далбасалап келгенiн айтсаңшы. Шындық, мiне, мұның қаншалық түкке тұрғысыз бейшара екенiн көзге түртiп көрсетiп тұр. Ендi алға әлденендей мақсат қойып талпынудың, күпiнудiң керегi не.
Өмiр бiр-ақ сәтте сұрықсыз, қызықсыз, мәнсiздiкке айналды. Сотталам, атылам деп титтей де селт еткен жоқ. Көкiрегi бiтеуленiп, сезiмсiз, меңiреу бiр хал меңдеп алды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет