ЖИЫРМАЕКІНШІ ТАРАУ ЖАРАЛЫ ЖАС АЛМАТЫ Қансырап, жарасы жанға батқан Алматы ыңырсып жатыр. Талай тағдырдың шырқыраған дауысы тас түрменiң iшiнде тұншықты.
Кiсi деген кейде қысқа күнде қырық қаржасып жүрген бiреулердiң небiр иттiгiне үйреншiктi нәрседей жайбарақат қарайды да, ал ылғи да көңiлiнен шығып құлдыраңдап тұратын екiншi бiреу сәл жорғасынан жаңылып кетсе, апшысы қуырылып, мың күндiк жақсылығын бiр күндiк қателiгi тәрк етiп, тас-талқаны шықпай ма. Орталық та Қазақстанға сондай қырғи қабақ танытты. Әкелеп-көкелеп арқасынан сыйпап, басқаның несiбесiнен ойып алып жылы-жұмсақты аузына тосса да тауға қарап ұлыған Кавказ бен Балтық жағалауындағылар бұның көкесiндей қылық көрсетсе де бұлай талағы тарс айрылмас едi-ау. Басқанiкi басқа, құйрығына тепсең, бетiн төсейтiн көнбiс, мыңға тарта мектебiн жауып тiлiн кескенде де, жалпақ даласын тiлгiлеп, ата-бабасының сүйегiн трактормен таптап, өздерiн сай-сала, құм-шөлейтке қуып тастап «арпа iшiнде бiр бидай» ғып жаутаңдатқанда да жәбiр көрдiм деп мыңқ етпеген салбөксе, «орыс болу үшiн әуелi қазақ болу» керек дейтiн бiр бармағын iшiне бүккендердiң мазағын мақтан көретiн, екi жүз елу жылдық құлдығын прогреске, бақытқа жеттiк деп ұланасыр той ғып өткiзетiн, атомның оқпанына көгендеп қойып, дүрс-дүрс бомба жарып көтенiнен көк түтiн шығарса да «Ойбай, отанды етпен қамтамасыз етемiз, Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткiземiз!» деп ұл-қызы жаппай ақ таяқ ұстаған әсiре ұраншыл, даңғой, осынша иiс алмас «калбиттердiң» аяқ астынан бұлай мойнын iшiне алып мөңкiгенiне Империя қатты кектенген, аямасқа бекiген.
Алаңды танкiмен тазартқанша құйрығы қопаңдап үкi көзденген Қазақстанның жаңа көкесi екi тiзгiн, бiр шылбыр қолына толық тиген соң-ақ қасын қайшылап шыға келдi. Ереуiлге дем берушi кiм? Ұлтшылдық пиғылға қалайша жол берiлдi? Ақ Ордадағылардың екi аяғын бiр етiкке тығып, бүйiдей бүрсiн. Бiрақ көп өтпей айналасындағылардың Бейсенбай, Сейсенбайлардан туғанмен, нағыз партияның бел баласы екендерiне көзi жеткен. Қонаевқа iшi мұз боп қатса да, бiр риза болғаны – төңiрегiне партия iсiне адал нағыз коммунистердi жинапты. Егер ана Алаңды кернеген қызылкөз қаhарлы толқынға жөн бiлетiн беделдi бiреу мына жақтан қаны қызып ұрандап қосылғанда ғой, мәселен, елу алтыншы жылы Венгриядағы көтерiлiстi басқарған Надь сияқты, ...Құдай сақтасын! Абыройға орай, бұларда ондай пиғылдың ұшқыны да жоқ. Жорғалап, қандай iстi де ойыңдағыдан асырып орындайды. Бiрiне бiрi жау, бәрi тек жаңа қожайынды сүйедi. Сол махаббатын бiлдiру үшiн бiрiнен бiрi асып түсуге жанын салады. Осыны сезген көсем терiсi кеңiп, алтын таққа нығызданып орныға түстi.
Буырқанып Алаңды кернеген жас толқын шын мәнiнде жетiм ұрпақ едi, жалғыз өзi шырылдады. Солдафондық Империя етпетiнен сұлатып салып керзi етiкпен тепкiлеп, қасқыр итке талатқанда ышқынып кеп ара түскен әкелер де, ағалар да болмады. Аштық пен репрессияның тас диiрменiне түсiп үгiтiлiп, iрiлiктен айрылған әкелер тыныш өткен әр күнiне шүкiршiлiк ететiн тәубашыл, мешел де, сол көрбала ұрпақтың бауырынан өрбiп, қоңторғай тұрмыстың қара көжесiмен оқып жетiлген ағалар тырбынып шыққан биiгiн ештеңеге айырбастағысы келмейтiн аяншақ, жалтақ.
Бауырлары үшiн жаны шырқырағандар бiрен-саран. Атақты генерал Марат Алматаев Алаңдағы сұмдықты көргенде алтындаған шен-шекпенiнiң бетiне де қараған жоқ. Тiзгiндi қолына алып, әскери iс-қимылға бағыт-бағдар берiп отырған КГБ-ның шефiне тебiтiп кiрiп барып:
– Тоқтат, мына масқараны! – деп столын салып-салып қалған.
– Онда сенiң жұмысың болмасын! – дедi анау безерiп. – Бәрiн бiз шешемiз!
– Бәрiн сен шешсең, бiз несiне генерал боп жүрмiз?
– Бүгiннен бастап генерал емессiң. Погоныңды жұлып тастаса да болады! – деп сап-сарыала неме, сары жыландай ысылдап қолын соза бергенде иектiң астынан жұдырықпен жалғыз-ақ перiп, серең еткiзiп шалқасынан түсiрген.
Ұлтшыл, «бұзық» генералды бүлiкшiл қалада бiр күн де тоқтатқан жоқ, үй-iшiне қоштастырмастан Москваға арнайы самолетпен жөнелтiп, ары қарай Ауғанстанға, өлмесең – өмiрем қап деп от пен оқтың астына айдады да жiбердi.
Қардың бетiн құйрығымен сипап, қанды iзiн жасырған айлакер түлкi секiлдi, қаралы уақиғадан кейiн Ақ Орданың қожасы зиялы қауымның ауанын байқап,
аузын алу үшiн жазушылармен кездесуге келгенде
ақиық Жұбан ақын мен аяулы жазушы Сафуан атып тұрып, ел жүрегiндегi қыжылды тайсалмай айтып салған. Бiрiмен бiрi таласа-тармаса мiнбеге шығып, «Қонаев кәкәй, сен әйбәтсiң. Сiз секiлдi басшыны баяғыда-ақ аңсап күтiп-ек, ендi көсегемiз көгеретiн болды» деген сияқты өңкей бұралқы, жалпақайлардың қошаметiне бойы балқып албырап отырғанда қос ардагердiң сөзi бетiне мұздай су шашып жiбергендей болды. «Мен ұл-қыздарымыздың Алаңда итке таланып шыңғырған дауысын естiгенде Отан соғысының от-жалынынан аман келгенiме өкiндiм. Ұрпағымызды өстiп қорлату үшiн соғысып па едiк!..» дедi Жұбан ақын өзегiн өксiк кернеп.
Бұл сияқты ерлер аз едi, тым аз. Жайшылықта елдiң еркесiмiн, серкесiмiн деп жүретiндер үнi шықпай бұғып қалды. Кейбiрiнiң тiптi, үндемей қалса да бiр сәрi ғой, жығылып жатқанда жаумен бiрге жарысып тепкiлегенiн қайтерсiң. Омырауында сөлкебейлерi сыңғырлаған ығай мен сығайдың бiразы қалқып iшкен қаймағына адалдығын танытып, «бұлар социалистiк қоғамымызға жат пиғылдағы бұзық элемент, ұлтшылдар. Аяусыз жазалау керек» деп Орталық комитетке «Ашық хат» жазып, алпауыттың астына бiржолата салып берген жоқ па!..
Алаңнан қансырап шыққан жас Алматы тас түрмелерде ыңырсып жатты.