ЖИЫРМАБІРІНШІ ТАРАУ ЖАҒАДА 1 Ақ кебiн жамылып сазарған жым-жырт даланың шырқын бұзып ыңыранған домалақ сары автобус баяу жылжиды, бораннан кейiн күрелген жолдың жиегiндегi жал-жал қардан төбесi қылт-қылт етiп әзер шалынады кей тұста. Қыстың қарға адым күнi баюға жақын – қыбыладағы жайдақ төбенiң иығына баданадай қызыл тамшы әне-мiне тамайын деп тұр. Күнi бойғы өнiмсiз мимырт жүрiс жолаушыларды әбден дiңкелеткен – әр тұста бiр қарауытқан бастар машина шоқалақтаған сайын орындықтың жиегiнде жүгiрген шариктей арлы-берлi былқ-сылқ етедi.
Кешкi ымырт ұялаған автобус iшi азынаған суық. Арт жақтағы бос орындықтардың бiрiнде шоқайып, жалғыз отырған Сәбираның көкiрегi одан да күңгiрт, одан да ызғарлы. Қырау басқан ақ шел терезеге телмiрген күйi мелшиiп отыр. Сезiмсiз, суық жанарына сырттағы көшкен көрiнiстер селт еткiзiп сәуле түсiрер емес.
Алаңдағы уақиғадан кейiн апта өтпей жаппай тергеп-қудалау науқаны қала iшiн iндеттей жайлай бастап едi. Талай тағдырды талқандаған қара дауыл Сәбираны айналып өткен жоқ. Желбiреген жас қайыңды түбiнен опырып құлатпаса да жапырағын жұлып қуартып кеттi. «Шеруге шыққандарды суретке тартып алыпты, iлiнбей қалғандарды жансыздар арқылы тiзiмге алып жатыр екен» деген сыбыстан үрейлерi ұшып ине ұшында жүргенде, үш әрiптiң салпаң құлағы келiп, Алаңға барған жиырма төрт қызды парткомның бөлмесiне бiр-бiрлеп шақырған. Жетi аталарына дейiн тергеп-тексерiп түсiнiктеме жаздырды. Көрген зәбiр-жапаларын айтып шағынғанмен түк өнбедi. Пәленi өздерiне үйiп-төктi. Кейбiр жаны ашығандар «жас қой, балалықпен бiлместiк жасаған шығар. Жұмысты жақсы iстейдi» деп араша түспек болып едi, комбинаттың шовинист белсендiлерi: «кiмге iш тартып тұрсың? Совет өкiметiне қарсы шыққан бұзақыға ма? Байқа!..» деп ол байқұстардың өздерiне нос көрсетiп жалын күдiрейттi. Әсiресе партком мүшесi, бояу цехының озат жұмысшысы Малахова «Бiр жерлерiн қысып тыныш жүрсе бұларға кiм тиiсер едi. Бәрiне кiнәлi өздерi. Сондықтан ешқандай аяушылық болмасын!» деп қатты тебiттi. Ешқайсысы рай танытқан жоқ. Көбi соңғы уақытта көбейiп тегеурiн көрсете бастаған қазақ жастарының кеудесiн басатын оңтайлы тұста қамшы сiлтеп қалуға тырысса, кейбiрi жыл аяғында бөлiнер сыйлық ақшаға ортақтасар артық ауыздан құтылғанға қуанған шығар.
Бiр-ақ күнде документтерiн қолдарына ұстатып, жатақханадан айдап шыққан. Барар жер, басар тау жоқ, қаңғып қалды. Жұмыс iздеп бiрер жерге барып едi, еңбек кiтапшасын көрiп, басымыз екеу емес деп азар да безер болды. Содан амалсыз ауылға оралып келе жатқан бетi осы. Қатты жасып, күйреп келедi. Өткен күн – көрген түс. Кеше ғана жанарында бақыт оты ойнап, алдан тек жақсылық күткен алаңсыз, мұңсыз сәби көңiл балауса қыз едiм дегенге өзге түгiлi өзiнiң де сенуi қиын. Жастық деп аталатын бәйшешегi толықсыған жасыл жағалаудан тұтқиыл ұйтқыған дауыл жалғыз-ақ сәтте түп көтерiп алысқа апарып тастағандай. Тағдыр өртеген сәулелi суреттердiң күлiне суынған кексе, сұлық көңiлмен қарайды.
Сол бiр қаралы түн көкiрегiндегi маздаған жарықты бiр-ақ үрлеп өшiрген. Ендi одан иненiң жасуындай жылт еткен жылы ұшқынды көрмейсiң, тас түнек, қапас. Жаны да, тәнi де қорланған тiрi өлiк. Өмiрде жақсылық, жарқын үмiт бар дегенге сенбейдi. Жайнаған жүрек бақшасын осынау қаhарлы үш күннiң сұрапыл аязы ұрып, қайтып гүлдеместей, көктеместей бiр жолата солдырып кеткен тәрiздi.
Әзиз-Сұлтанды әнеукүнi әкесi ауырып үйiне кеткеннен берi көрген жоқ. Бәлкiм бұл жоқта келiп, жатақтағы қыздардан жаманат хабарды естiген соң қолын бiр-ақ сiлтеп жоламай кеттi ме? Әлде топ бастаған серкелердi көзiнен тiзiп қамап жатқан мына топалаң науқанның қыл бұғауы оның да мойнына түсiп, өз жанымен қайғы боп жүр ме екен? Бiрнеше мәрте iздеп бармақ боп оқталғанмен батылы жетпедi. «Ендi мен кiм, ол кiм. Не бетiммен бармақпын» деп iркiлген. Абайсызда жерге түсiп, лас табандардың астында тапталып керексiз боп қалған заттай сезiндi өзiн. Өзiнен өзi жиiркенедi. Мына түрiмен ондай жiгiттiң бекзатына қалай тең болмақ, қалай жарқырап күлiп жанында жүрмек? Мейлi, ол тiптi түсiнiп не аяғаннан бұрынғыдай аялап әлпештесiн. Бiрақ оны көрген сайын өзiн жартыкеш сезiнiп, жасып, қорланып өтпей ме қалған ғұмыры. Жо-жоқ, шiркеу түскен күнәhар жүзiн көрсетпейдi, ең болмаса көкiрек айнасында пәк бейнесi қалсын. Қайтып көзiне түспейтiндей бiржолата қарасын батырады. Бұның нендей күйге ұшырағанын бiреулерден естiп бiлер, бiлмесе – тiптен жақсы. Қапияда көз жазып қалған асыл арманын аңсап алданышпен өтсiн тым болмаса. Көзiне көрiнiп күйiк тастап күйретiп кеткеннен не опа. Көңiлiне тереңiрек үңiлсе, өзiн емес, оны аяғаннан осы тәуекелге бел буған сияқты. Оның жүрегiнде қалу үшiн кетiп бара жатқан жоқ па. Қорланған жаны, ластанған тәнiндегi кiр шалмаған кiшкентай жалғыз арал – бұның Әзиз-Сұлтанға деген махаббаты. Әлi талай таң атып, жарқырап күн шығар, бiрақ бұның көкiрегiндегi шөккен қара бұлт айығар ма. Тек сол бiр бақытты күндердiң сәулелi елесi ғана бұның да жас болып жадырап күлгенiн еске сап алыстан қол бұлғап мұнартып тұрар.
Ыңыранған автобус қоңыздай өрмелеп көлденең қырдың шоқтығына көтерiлгенде бөктердегi шағын ауыл мен мұндалап алдарынан шыға келдi. Бытырап жайылып бара жатқан малдай дөңестiң үстiнде бей-берекет шашырап жатыр. Үй-үйдiң мұржасынан ақшыл түтiн тiк шаншылып жарыса будақтайды. Туған ауылының түтiнi! Жарты жылдан соң ат басын тiреп тұр. Ата-ананың бауырынан аттап шығып көрмеген Сәбира үшiн бұл қаншама ұзақ уақыт десеңшi. Күнi айдай, айы жылдай созылып бiтiп бердi ме. Алғашқы еңбек демалысым қашан болар екен деп он бiр айдың әр күнiн санаумен өткiзетiн. Ендi, мiне, әр көшесi, әр дарағы түнде түсiнен, күндiз есiнен кетпей жанына сағыныш ұялатқан туған ауылы жарқ етiп алдынан шыға келгенде көңiлi селт еткен жоқ. Бiр түрлi суық, жат. Алдында қалың табалаушы тұрғандай. Сонау батқан күннiң соңғы шапағымен жылт-жылт жанған жатаған терезелер «бетiм-ай, ананы қара!» деп сыртынан жымсия сығыраятын жымысқы көздер сияқты. Жақындаған сайын суханы ұшып қалтырап келедi.
Автостанция басында кiсi сирек. Соңғы автобусты күткен шағын топ шоғыр-шоғыр боп әр жерде қараяды. Денi басқа жақтан келгендер. Сонда да таныс бiреу-мiреу кездесiп қала ма деп жасқанып, ешкiмнiң бетiне көз тiктеп қараған жоқ. Түбiт шәлiсiн қабағына түсiре байлап, тонының жағасын тiк көтерiп бет-аузын бүркеп алды. Қарсы ұшырасқанға сыртын берiп айналып кетедi. Қаңыраған бос залдың босағасынан озбай терезе алдындағы батареяға терiс қарап тұрып қолы мен тiзесiн жылытып алды да, қайтадан тысқа шықты.
Итарқа қырдың қалқасынан құлағы қылтиған күннiң соңғы шапағы су астындағы мыс легеннiң шағылысқан сәулесiндей көлкiлдеп қар бетiнде әлсiз жылтырайды. Маңайдағы жота-бұйраттардың бауырынан өрген көлеңке қара шапанының етегi сүйретiлiп ауылға қарай баяу еңбектеп келедi. Кешкi апақ-сапақта шулаған ойын баласынан бастап мал жайлаған, шаруа қамдаған жұрттың көбi күйбеңдеп сыртта жүр.
Алда не сый күтiп тұрғанын кiм бiлсiн, сумаңдаған сыпсықай өсек екi етегiн түрiнiп өзiнен бұрын шапқылап жеттi ме? Күмәндi ойға күптi болған көңiлi үркектеп таныс көздердiң сұғынан қаймығады. Ымырт қоюланып, ел аяғы саябырлағанша аялдай тұрмақ боп вокзал үйiнiң ығына кеп бой тасалаған.
Боз мұнарға бөгiп шаңытқан жым-жырт кеңiстiк қоңыр кешке басын сүйеп қалғып тұр. Жаны құлазығын Сәбира әлдененi алданыш қылу ойымен қарсы алдына немқұрайлы көз салды. Вокзалға тұмсық тiрей жығылған түп-түзу кең көшеде қимылдаған тiрi жан жоқ, алаң-ашық. Қадап қойған сыпыртқыдай жиектегi белуарынан қарға қылғынған көктеректердi санамалап жылжыған жанары лезде шолақ көшенiң сауырынан сырғып түсiп, ұшы-қиырсыз созылған ақ далаға тiрелдi. Қарайып барып шорт қиылған жол сүтке батқан шөмiштiң сабы сықылды. Бұл – жазық дала емес, мұз құрсанып, қар жамылып жатқан көлдiң бетi. Жаз болса жер-дүниеге сыймай көлкiген айдын ауыл iргесiнде көк торғындай судыр-судыр желбiреп жатар едi. Толқынның сыңғырлаған, сылдырлаған тәттi күлкiсiне шағаланың шаңқылы, қаз-үйректiң базарлы үнi қосылып, тiршiлiк гимнi толассыз шертiлетiн. Қамысты аралдың иiнiнде қалқыған аққу шоғыры кесек-кесек қар секiлдi елестейдi. Анда-санда айдынның етегiн үтiктеп, ақырын маңған ауыр баржа жағаға сәлем жолдап боздап өтедi. Әсiресе қандай ғажап айлы түн. Төбең де аспан, төмен де аспан – жымың қаққан жұлдыздар, сұйық ұшпа бұлт дiрiлдеп су түбiнде шөгiп жатқаны. Толған айдың күмiс теңгесi секеңдеп толқын бетiнде «май жалатпақ» ойнайды. Төбеңнен сiркiреген сүт сәуле жан-дүниеңде тырнақ ұшындай қара дақ қалдырмай ағартып жiбергендей, осынау нұрлы әлемге соншалық бiр пәктiкпен елжiрей қарайсың. Сусыған жып-жылы майда құмды жалаң аяқ көсiп, алқынған, сиқырлы үнмен сыбырлаған толқынның салқын демiне кеудеңдi тосып тұра бергiң келедi.
2 Көл жағасына ақырғы рет Алматыға аттанардың алдында барған. «Арман қуып жан-жаққа кетiп барамыз, ендi қашан кездесерiмiздi кiм бiлсiн» деп бiр топ кластас бас қосып едi. Ұл-қызы бар оншақты бала, толық ай шаршап аhылап-уhiлеп әзер шыққандай бетi қып-қызыл боп талаурап қара жотаның иығына жаңа көтерiлгенде, көлге қарай беттеп келе жатты. Араларындағы Риганың авиация институтына бармақ боп жүрген кең иықты, қызыл шырайлы Талғат алты шектi гитарын термелеп iлiп-тартып қоңырлата күмбiрлетедi. Жүрек шабақтаған мұңлы аккорд.
... Менiң де жаным жабықты-ай,
Ойлардан небiр айықпай.
Отыр ма екен сағынып
Осынау бiр жалғыз, осынау бiр жалғыз қайықта-ай?– деп бәрi айлы түндi тербетiп қосыла шырқайды.
Әндетiп жағаға жеткенде:
– О-о, жақсы келдiңдер! – деп алдарынан бес-алты қыз-жiгiт шыға келдi. – «Ақ сүйек» ойнауға кiсi аз боп тұр едi...
Араларында солдаттан жақында оралған Омар мен Әлиакпар бар. Екеуi де қызулау. Әлиакпар алкеуде, ұрыншақтығымен аты шыққан сүйкiмсiздеу неме едi, пәле iздеп айбат танытқаны ма, әлде мақтанған түрi ме, солдат белбеуiн бiлегiне орап, айылбасын жарқ-жұрқ еткiзiп алақанын ұрып қояды. Қаңғалақтап қайдан жүргенi белгiсiз, оныншыны параллель класта бiтiрген күлегеш Хадиша да осында, аузына бiрдеңе тиген бе, сықылықтап тiптен езуi жиылар емес:
– Қысылмаңдар, қыздар. Мектеп бiтiрдiк, бойжеттiк, ендi бiзде кiмнiң шатағы бар!..
Бұлар құлықсыз болса да келiстi. Ә дегенде, Әлиакпар бұны жағаттап, әлдененi мiңгiрлеп қасынан шықпай қойған. Бiлегiне жабысқан қолын қатты сiлкiп, бетiне көзiнiң уын бүркiп жиiркенiшпен бiр жалт қарап едi, бұл тiрлiгi жартасты шекесiмен ұрғандай әурешiлiк екенiн түсiнiп, ләм-мимсiз жайына кеткен.
Екi-үш ойыннан кейiн Әлиакпар мен Хадиша жоқ боп шықты. Ойынның қызығына түсiп елiрген жұрттың көбi әуелгiде олардың бар-жоғына мән бермеген. Сәлден кейiн лақтырылған «ақ сүйектi» iздеп бұлар қопалы жылғаға таяй бергенде, қасқыр тамақтаған лақтың бақ еткенiндей, қыздың шар етiп ышқынған дауысы шықты да тез басылды. Ары қарай аттауға дәттерi жетпей қалт тоқтаған. Бұның жүрегi дiр етiп дүлей қорқыныш өне бойын мұздатып жiберген. Ошарыла тоқтаған ұл-қыздар бiр-бiрiне қарай алмай көздерiн алып қашады. Басқа бiрдеңенi ойлап көңiлiн қанша алдарқатпақ болса да осы бiр жексұрын жәдiгөй айғай құлағынан кетсе қане.
Одан ары «ақ сүйекте» мән болған жоқ. Аптығы бәсеңдеп қожырай бастаған топтан бұлар сырылып шығып, жағалауды өрлеп барып, бiр астау жон құмдауыт иiнге жайғасқан. Желке тұстағы қарауытқан қоғалы өзектi қуалап үлбiрей өпкен майда самал тыныс ашады. Ай сәулесi көл бетiнде желбiреп тұр. Нұрға бөгiп ұшқын атқан түнгi дүние: «шырқа, шарықта, жас жүрек!» деп сиқырлана қабақ қаққандай. Төңкерiлген ескi қайықтың үстiне қатарласа отырып бұлар салған бiрде ерке назды, бiрде көкiрек шымшыған мұңлы әнге дала күрсiндi, көл дөңбекшiп тебiрендi. Сиқырлы үнмен сыңғырлаған жас түн.
Ұлдардың сөмкесiнде ұрланып жатқан екi шөлмек «Мускат» бар екен. Ешкiм де қымсынған жоқ, жағалай жүгiрген жалғыз стаканды кезегi келгенде тартып-тартып жiберiскен. Бәрi де «есейдiк, ендi боқмұрын мектеп оқушысы емеспiз, үлкен болдық» деп ойлады. Үлкендiктiң бұрын татып көрмеген қышқылтым тәттi дәмi таңдай үйiрдi. Әсiресе елден ерек, тез «есейген» Бiләл болды. Түймедей дөңгеленген шегiр көздерi ерекше нұрмен маздап, көптен ұрлана бұған жалтақ-жалтақ қарай бередi. Талай күннен жүрегiнiң түбiне жасырған құпиясы балалықтың бұғалығынан сытылып шығып, ендi тайсалмай бой көрсетiп тұр. Көздiң «тiлiн» қызға тән сұңғылалықпен түсiне қойған бұл жәбiрленiп қалды.
Бiләл – түсте көрсең кеште есiңде қалмайтын тым өшкiн, елеусiз бала болатын. Шартық қарын, төртбақ, өңсiз. Бойында жылт еткен бiр өнерi жоқ. Мектептi iлдебаймен әзер бiтiрген. Ұзаса әскерге не СПТУ-ға барармын деп жүрген мешел ойлы талапсыз. Осындай көзге қораш қортықтың дәмесiне қорланбай қайтесiң! Ол кiм, бұл кiм? Бұны өзiне тең санауға қалай дәтi барады десеңшi. Iштей булығып күйiп-пiскенмен көңiл шiркiннiң көк дөненнен жүйрiк екенiн топшылап, iле сабасына түскен. Армандауға хақысы бар ғой, қиялдай берсiн дедi. Кейде бұнысы мәңгiлiк орындалмайтын арман, құр далбаса екенiн ойлап мөлдiрей қараған көздердi аяп та кетедi.
Бiраздан соң бәрi суға түстi. Ай нұрына шағылысқан әппақ денелер жарқабақтан доғаша иiлiп жарыса сорғалаған. Балық қабықтанып дiрiлдеген тынық айдын жайын ойнағандай күмп-күмп жарылып-айрылып ақ көбiгi аспанға атылды. Судың бойласаң бақай жетер тұсы сүйек қабар суық та, бет жағы жып-жылы, қайықтай қалықтап шөп-шөп сүйген толқынмен алысып жүзе бергiң келедi.
Қыздар жағалаудан жырақтаған жоқ. Бiр-бiрiне су шашып, шыңғырып, күлiп өз базарлары өзiнде. Салған бетте ұлдар құлаштай сiлтеп оңашалана берген. Бiр-бiрiмен iштей бәсекеге түскендей, серпiле секiрген жауырындары жалт-жұлт ойнап, айдын бетiн бұрқырата сызып барады. Әсiресе Бiләлдiң екпiнi қатты. Бойына ерекше бiр қуат бiтiп құдыреттенiп алған. Әп-сәтте-ақ сытылып алға шықты. Ара қашықтықты қарыстап ұтып, ешкiмдi маңайлатар емес. «Мынау қайтедi-ей!» деп қызынғандардың кейбiрi бiраздан соң әпiгi басылып керi қайта бастады. Ал, Бiләл болса, ай сәулесiн басына кие, су үстiнде дiрiлдеген «алтын бағанды» өрмелеп, көз ұшында «айға» шығып бара жатты.
Өкпесi өшiп орта жолда қалғандар Бiләлдiң бұл ерлiгiн кешiрген жоқ, қалай да қыздардың алдында оны жоққа шығаруға тырысқан. Егесе-егесе тереңде зәкiр сап тұрған балық кемесiнiң үстiне шықты. Әркiм әр биiктен қарғып өнер көрсетiп жатыр. Тағы да Бiләлдiң мерейi үстем болды. Үшбұрышты жалауша желбiреген мәтшаның ұшар басына ешкiмнiң жүрегi дауаламай тұрғанда елден бұрын шықты да, құлашын басынан асыра үшкiлдеп, төмен қарай серпiле атылған, жебеше сорғалаған сүйрiк дене суға кiрш қадалып сүңгiп жоғалды. Өткен жылы ауылдағы бiр жiгiт катердiң осындай төбесiнен секiрем деп су астындағы темiрге басымен соғылып мойыны үзiлiп мерт болып едi. Көп кешiккенге сол сияқты қорқынышты ойлап тықыршып тұрғанда, Бiләл көз ұшынан сопаң етiп шыға келдi. «Мына шартыққа бүгiн не желiк бiткен-ей?!» деп бәрi iшегiн тартып таңырқаған. Ненiң желiгi екенiн бұл ғана бiлiп, қарадай қысылып қылпыл қақты...
Иә, бұның бәрi қайта оралмас әдемi елес қой. Жан-дүниесi сыңғырлап, күле ала ма ендi дәл сондағыдай. Көл де орнында, жел де үлбiреп өбедi бұрынғыдай... тек өзгерген бұның өзi ғана. Жалындап кетiп, жарқылы сөнiп жасып, жабығып келiп тұр, мiне. Жылжыған күнмен айналып тағы да жаз келер жарқырап, үйрек-қаз қонар қаңқылдап айдынына, бiрақ бұның өлген көңiлi қайтып тiрiле ме? Қар жамылып қаңыраған мына даладай мұның да көкiрегiнен қыстың демi еседi. Айналаның бәрi жат, сен сондайсың деп табалап көзге шұқитындай, кеше ғана сайран салған өз көшесiмен жүруге қорынып, көз байланғанын күтiп, ұрлық қылатын адамдай ескi тамның ығында бүрсең қағып тұрысы мынау.
3 Жүрек шiркiн бiрдеңенi сезедi ғой, Сәбираның бұлай секемденуi тегiн емес едi. Қанша жерден жасырып-жаптым дегенмен жаманат хабар екi санын шапалақтап сол күнi-ақ ауылға жеткен болатын. Алдау мен арбау жүрген жерде мораль, принцип болсын ба. Мақсатқа жету үшiн олар ешқандай айла-шарғыдан тартынбайды. «Жабулы қазан жабулы күйi қалады» деп ант-су iшiп қол қойғызып алған әнеукүнгi КГБ-ның жендетi обал-сауапты қайтсiн: «iс бiттi – қу кеттi». Қаhарлы мекеме жергiлiктi бөлiмiне «тексерiңдер!» деп жедел бұйрық түсiрген. Ертеңiнде-ақ аядай ауыл астаң-кестең дүрлiктi. Әуелi аудандық КГБ-ның дөкейi мектептi тiмiскiледi, «қауiптi элементтiң» оқып жүрген кездегi тәртiбiн, саяси көзқарасын тәптiштеп сұрады. Жақын араласқан құрбы-құрдастарының тамырын басты, үкiмет пен партия, көсемдер туралы не деушi едi, туыс-туғандарының оғаш пiкiрлерiн құлақтарың шалған жоқ па деп ұзақ шұқшиды. Содан кейiн Сәбираның әке-шешесiн парторгтың кабинетiне шақыртып алған.
Әкесi Нәби – ордендi балықшы, облыстық советке екi мәрте депутат болған, өзiндiк кеудесi бар күпиген кiсi. Қыт-қыттаған тауықтай шыр-пыры шыққан парторг байқұс машинасын есiк алдына көлденеңдетiп жүр-жүрдiң астына алғанмен қыңа қойған жоқ, «дөкей болса қайтейiк, қойғаны суый қоймас» деп асықпай сақал-мұртын басып, бiр киер жылтырағын кидi.
Пальтосының өңiрiн ашып соқырдың сыңар көзiндей жылтыраған жалғыз орденiн көрсете, бiз осындаймыз, деген сұспен талтаңдай аттаған. Бiрақ орден мен депутаттықтың буы тез басылды. Төрткөз дөкейдiң алдында күдiктi элемент қана отырды, сiңiрген еңбегi, алған марапаты... – бәрi-бәрi керексiз киiмдей сыпырылып есiк алдында қалған. Бұл тек кiсiнiң қаралығы ғана кiретiн есiк едi.
Әлгiнде парторг бала «бiр жауапты қызметкер сiзбен сөйлескiсi келедi» дегенде, «райкомыңнан бастап облыстың небiр жайсаңдарына дейiн дастарқанымнан дәм татпай кетпейтiн менi бала құсап сүмеңдетiп алдына шақыртатын бұл қайдан шыққан мықты екен өзi» деп сұсын сала кiрген ақсақалдың сазарған салқын қабақпен жолыққанда-ақ тауы шағылып қалған.
Бәйбiшесi екеуiн алдындағы былқылдақ орындыққа қарама-қарсы отырғызып қойып, ананы-мынаны түртiп сұрап, бiраз қоянбұлтаққа салды. Әуелi дәп бiр баяғыда партияға алғандағыдай қайда тудың, қайда өстiң деп өмiр тарихын сұрады. Ес бiлгеннен бергi өмiрiн баяндап, әкесiнiң отыз жетiншi жылы ұсталып кеткенiн, шешесiнiң қырық төртiншi жылы қыста колхоздың шөбiн тасып жүргенде шана ауып мерт болғанын айтты. Ұлы әкесi Рахымбайдың Меккеге екi рет барып қажы болғанын, Тораңғыдағы әлi күнге дейiн қабырғасы тұрған көк мешiттiң соныкi екенiн айтқанда, тiзесiне кигiзiп отырған құндыз құлақшынын уқалап, дауысына мақтан кiрiп лепiрiңкiреп кетсе керек, төрткөздiң «е, осы жағын айта түс» дегендей қабағы жазылып қадала қалғанын көргенде барып аяғын тартып ала қойған.
Ары итерiп, берi жығып, бiраз ырғап көрген соң дөкей:
– Елiмiздегi болып жатқан өзгерiстерге қалай қарайсыз? – дедi екiншi жамбасына жалт бере аунап түсiп.
– Қалай қараушы ем, оң қараймын, – дедi Нәби де бұлаң құйрыққа салып. – Өзгеруi керек болған соң өзгерiп жатқан шығар.
– Қонаевтың орнына республикамызға орыс басшының келуi дұрыс па?
– Бiз, шырағым, шаруа баққан қараңғы қазақпыз, дұрыс пен бұрыстың арасын көп ажырата бермеймiз. Тақ та, бақ та мәңгiлiк емес қой. Әйткенмен Димекеңнiң алдын көрiп, қолынан нәграт алып ем, содан ба, әйтеуiр, маған ыстық. Сыйлы адамды, бүйтiп тарлық етпей, лайықты құрметпен шығарып салу керек едi. Егер үлкен қателiгi, қылмысы болса, «өз өтiнiшi бойынша...» деп мәймөңкелемей шындықты тура айтпай ма!
– Осыны пайдаланып Алматыда кейбiр ұлтшыл элементтер жастар арасында толқу туғызды. Наша шегiп, арақ iшiп елiрiп алған бұзақылар Алаңға шықты. Ол туралы құлақдар шығарсыз?
– Онда барғандардың бәрi бiрдей нашақор, арақкеш бұзық дегенге сенбеймiн. Жастардың да өз бiлгенi бар шығар.
– Солардың iшiнде сiздiң де балаңыз бар болса қайтер едiңiз?
– Мен балаларымды бұзық етiп тәрбиелегем жоқ, жөнсiз жерге аяқ баспайды.
– Сiз Алматыдағы қызыңыздың не күйге душар болғанын бiлесiз бе?
– Не?.. Не боп қапты?!! – Нәби жамбасына бiз сұғып алғандай апалақтап атып тұрды.
– Сiз шынымен ештеңе естiген жоқсыз ба?
– Жоқ. Өлгеннен аман ба өзi?!
Бағанадан берi жаңа түскен келiндей қысылып, екi аяғын кейiн жiбере орындықтың шетiн кертiп қана шошайып үн-түнсiз отырған Ғайнидың өңi боп-боз боп, басындағы ақ түбiт шәлiден айырғысыз боп кеттi. Үрей жаулаған момақан қой көздерi шарасынан шығып алайған күйi отырған орнында тырп ете алмай қатып қалған.
Тоқ етер сөзiнiң дөп тигенiне айызы қанған дөкей жауапқа асығар емес. Жандары шырқырай түссiн деген ниетпен әдейi созып, саусақтарын санамалай сытырлатып, ыңыранып барып:
– Кейде тiрi жүргеннен өлгеннiң өзi артық болады... – дедi одан сайын үрейдiң бұлтын қоюлатып.
– Ойбай-ау, немененi көрбiлтелеп тұрсың, шырағым! – дедi Нәби қос уыстап кеудесiне қысқан құлақшынын умаждап. – Турасын айтшы өлтiрейiн демесең!
Төрткөз алдындағы қара былғары папканы баппен ашып, қос парақ қағазды ұсынды:
– Мынаны оқыңыз.
Нәбидiң қолындағы қағаз жел қаққандай сытыр-сытыр дiрiлдеп кеттi. Ары қарап, берi шұқшиып ештеңе ұға қоймаған соң:
– Бұл не? Көзiм жететiн емес, – дедi.
– Сәбира деген қызыңыз бар ма едi?
– Е, бар емегенде. Жалғыз қарашығым ғой!
– Бұл – соның тергеуде берген түсiнiктемесi. Аяқ жағында қолы тұр.
Сәл iркiлдi де, «ары қарай не болдыны» үрейленген көзiмен ұқтырып, аузына қараған екеуге «қап, бұны өздерiңiз оқыған дұрыс едi, менi қинадыңыздар-ау» дегендей қипыжықтаған боп барып қайта тамақ кенедi:
– Бұл, ақсақал, былай... Нетiп... ыңғайсыздау жағдай. Айтуға ауыз бармайды. Қыздарыңыз он жетiсi күнi желiккен жастармен iлесiп Алаңға шыққан. Бiр топ бұзақымен бiрiгiп арақ iшедi. Мастардың сыры белгiлi ғой. Әлгiлер iңiр қараңғысында ойларына келгенiн iстеп, өлiмшi ғып қар үстiнде тастап кеткен...
Сол-ақ екен, Нәби «А-а» деп жаман дауысы шыға басын бiр кекжең еткiздi де, кескен теректей шарқ етiп еденге шалқасынан түстi. Үрпиiп ұшып тұрған Ғайни столды айналып сүрiне-қабына жүгiрiп барып күйеуiн бас салды. Жансыз дененi жұлқылаған күйi көкке қарап ауа талмап қара ноль боп үңiрейген аузынан ащы шыңғырық бiр демнен кейiн барып әзер шықты:
– Ойбай-ай, ойбай, ендi қайттым! Тумай шөккір жаман қар-ай, екi ортада шалымды өлтiрдi-ау! Кiм барсың ойбай, келсеңдершi!.. – деп өз басын өзi тоқпақтай бастады. У-шуға жүгiрiп кiрген жұрт басына бiр шелек мұздай су құйып Нәбидi әзер дегенде тiрiлтiп алған. Содан берi ата-анасының Сәбираға деген көңiлi суық тартып, қара тастай қатып қалған болатын.
4 Iңiр қараңғысын жамылып жеткен Сәбира өз үйiнiң дарбазасын жасқана ашты. Ұшы түйiлiп салбырап тұрған қайыс таспаны тартып темiр тиектi ағытты да, сықырлауық есiктi еппен итерiп аулаға енген. Қақпаға жетер-жетпес қып байланған сүмбiл қара Ақтөс шынжырын салдыр еткiзiп бiр арс еттi де, «ойбай-ау, сен бе едiң» дегендей, ырылы лезде қыңсылауға айналып, қуанғаннан не iстерiн бiлмей есi шығып, бiресе қарғып, бiресе жерге аунап әбiгерге түскен күйi жақындай берген бұны арсалаңдап бас салды. Алдыңғы екi аяғымен иығына асылып, басын кеудесiне төсеп iшiн тарта қыңсылады. «Жатырқамайтын сен бар екенсiң ғой, Ақтөс! Күшiгiм менiң!» Қапсыра құшақтап Сәбира жонынан еркелете сипаған. Көзiне ерiксiз жас үйiрiлдi. Көкiрегiнде шөккен қара бұлттың жабығынан жылт етiп бiр сәуле көрiнгендей. Алаңсыз балалықтың қызық-шыжығына куә болған туған үйiнiң бұрыш-бұрышы көзiне оттай басылып, ыстық тартып барады. Мiне, дарбазаның оң жақ босағасына қадаған жуан бөрененiң орта тұсы жып-жылтыр, малта тастың бетiндей қолың таяды. Сырласаң сыр жұқпайды, жұққан күнде де көпке бармайды. Өрiстен қайтқан қоңыр сиыр азан-қазан мөңiреп есiктен бас сұққан бетте босағаға бiр сүйкенбей өтпейдi. Ал ана қораның түпкi жағындағы қатар өсiп тұрған үш бәйтеректiң шеткiсiнiң дiңiнде «Сәбира, 1980 ж. 10.IX.» деген жазу бар. Бесiншi класс оқып жүргенде жазған, пышақпен ойып тұрып әдемiлеп. Ол кезде балапан терек едi, ол да жыл өткен сайын бұнымен жарысып бiрге өсiп келедi. Дiңiндегi әрiптердiң бiрi төмен, бiрi жоғары жайылып, айбақ-сайбақ қотырдың орны сияқты қазiр...
Алты ай көрмеген ата-ана, аға-бауырға деген сағыныш пен жанын жегiдей жеген қорыну сезiмi итжығыс түсiп, қара дермантинмен қапталған есiктiң сұп-суық тұтқасын толқи ұстап тартып қалғанда, бүлк-бүлк қайнаған қара қазанның берекелi иiсi бұрқ етiп танауына ұрды. Өз үйiнiң иiсi! Чемоданын босағаға қоя сап, жүрегi атқақтаған күйi ата-ана, аға-бауырының қай бұрын қарсы ұшырасқанына құшағын жая ұмтылмақ едi, ас бөлмеде ыдыс сүртiп күйбеңдеп жүрген шешесi бұл «Апа!» дегенше жалт қарады да, қолындағы шынысын тастай берiп, бетiн басып отыра кеттi. Құдды бiр жоқтау айтқандай сұңқылдап қоя бердi:
– О, сорлаған бейшара! Қартайғанда көрейiк деген қорлығымыз осы ма едi. Не жазып ек құдайға, бетiмiз күйiп жерге қарап қалдық қой! Қара басын алып жүре алмаған жаман қар, бүйткенше неге қара жерге кiрмедiң, ойбай!..
Төбесiнен төмен қарай тастай су құйып жiбергендей тұла бойы мұздап кеткен Сәбира өңi сазарып, босағаның түбiнде қалшиып қатты да қалды. Үйде басқа ешкiм жоқ екен. Кешкi ала көлеңкеде үңiрейген бөлмелер шешесiнiң дауысымен жаңғырығып өксiп тұр. Аузынан «жаным, күнiмнен» басқа сөз шығып көрмеген адамның бұлай түңiлiп күңiренуi Сәбираны есеңгiретiп тастады. Түсiнбедiң деп өкпелеуге бетi қайсы, мүсiркеу күткенмен, дәл бүйтiп қиналғаны қатты тидi. Барар жер, басар тауы болмаса да, қарасын батырмақ боп чемоданын қайта алып, қолын тұтқаға соза берiп едi, сұңқылдап отырған шешесi өксiгiн тиып:
– Тоқта! – дедi, әмiрлi дауыспен. – Жетi түнде қайда бармақсың?!
– Кетейiн, апа. Қайда болса да кетемiн. Сiздердiң қиналғандарыңызды көргiм келмейдi.
– Сандалма! Қыларыңды қылып алып, ендi кiмге қыңыраясың. Осы өлтiргенiң де жетедi. Бар, шешiн. Былжырап кетем дейдi ғой. Баратын жерiң болса, неменеге келдiң! – Бар қаhарын бетiне жиып, сұрланып, тебiтiп келдi де, сiлейiп тұрған Сәбираның бiлегiнен шап берiп сiлкiп қалды. – Неменеге мелшиiп тұрсың, жүр берi!
Бiрақ апасының бар қаhары осы жерге ғана жеттi. Келесi сәтте сұстанып кекжиген басы сылқ түсiп, екi иығы селкiлдеп Сәбираны бас салды:
– Қор болған, қарашығым-ай, қайтейiн ендi!– деп тұншыға сыбырлап өксiп-өксiп жiбергенде, Сәбира да шыдай алған жоқ, ананың ыстық құшағы көкiрегiндегi көк сiреу мұзды ерiтiп жiбергендей көз жасына ие бола алмай қалды.
– Менiң еш кiнәм жоқ қой, апа-ау! Зәбiрленгенiм үшiн өстiп тағы жапа шегуiм керек пе! – дедi солқылдап.
Бейуақта босаға түбiнде аналы-балалы екеуi өксiктерiн баса алмай құшақтары айқасып ұзақ тұрды.
Бала үлкейген сайын ата-ананың уайымы да ұлғаймақ. Соңғы уақытта ауылда маскүнемдiк етек алып, жастардың төбелесуi, байбастақ әрекет жасауы әдетке айналып бара жатқан. «Бетiм-ай, пәленшенiң қызы сөйтiп қапты!», «түгеншенiң қызы аяғы ауыр болған соң қашып кетiптi!..» деген сияқты пыш-пыш қаңқу құлағына тиген сайын суқаны ұшып қара суды қалтырап iшiп отырған ана өз қызының мынандай масқараға ұшырағанын естiгенде төбесiнен жай ұрғандай жайрап қалған бiржолата. «Кiммен қарайсаң, сонымен ағар» дейтiндей, өзгелердiкi той екен мұның жанында. Бәрiн бiттiге санап күйреп, күңiренсе де жамандыққа қиғысы келмеген ана байқұс қызының «кiнәм жоқ» деген сөзiн малданып иненiң жасуындай бiр жарық сәуле iздеген. Неде болса Сәбираның өз аузынан естуге ынтық. Құпияны бiреу естiп қоярдай есiктiң iлгегiн салып, терезелердiң пердесiн қайтадан мұқияттап жапты.
Сәбира жуынып-шайынып, дастархан басына тiзе бүккен соң апасы суыртпақтап сыр тартуға көшкен. Иен үйде екеуiнен басқа тағы бiреулер бардай сыбырлап сөйлейдi. Қыз бала анасынан не сыр жасырсын. Болған жайды бүкпей түгел айтып берген. Жәбiрлеушi орыс солдаттары екенiн естiгенде апасы одан сайын қорланып бүктүсiп отырып қалды. Бетiн басып, қыстығып ұзақ жылады. Өзi танитын мұсылман баласы болса, бiр иттiгiн кешiрiп, араларын жарастырып жiберермiз бе деген әлсiз үмiтi бiржолата үзiлген.
Ең қиыны әкесiмен ұшырасу болды. Сырттағы қараңғылық қоюланып, iштегi шамның шекесi жарқырай түсiп әбден көз байланған сәтте сықырлай ашылған есiктен өзiмен бiрге қаңтардың бiр қора аязын ертiп әлдекiм қорбаңдап кiрiп келе жатты. Тықыр шықса жүрегi суылдап, қылпылдап отырған Сәбира лып етiп ас үйдiң босағасынан мойын созып едi, келген әкесi екен. Жер бауырлап сумаң қаққан аяз лап берiп құшақтай алғанда жiпси бастаған денесi қалтырап кеттi.
Әкесi аяқ-қолы серейген сүйектi адам едi. Шолақ тонның үстiне қаудырлаған ұзын брезент сулық киiп алған соң қорбиып босағаға сыймай тұр. Бауы иек астынан шарт байланған суыр малақайдың қос жиегi әппақ қырау. Қолындағы жарты қап әлдененi сатыр еткiзiп аяқ астына тастай салып едi, «е, бiз ғой» дегендей үй iшiн лезде балық иiсi кернеп кеттi. Малақайын шешiп, тiзесiне бiр соқты да, киiм iлгiштiң үстiне тастады. Екi жағына кезек еңкейiп мұртының шалғысындағы бұршақ-бұршақ мұзды қаққан. Сонан соң қоқиған сулықтың түймесiн ағытпақ боп бiраз әуреленiп едi, баржиған саусақтары икемге келмедi ме:
– Бұл үйдiң қатыны өлiп қалғаннан сау ма! – дедi кейiстiкпен дауысын көтере.
Қолындағы шынысын столға қоя сала сүрiнiп-қабынып жүгiрген шешесiне iлесiп, Сәбира да ұмтылған. «Көке!» деп ышқынған дауысы көмейiнде тұншығып, екпiндеп жетiп келген бойда бас салуға бата алмай екi қолы жайылған күйi қалт тұрып қалған. Әкесi төңкерiле бұрылып, кең ашылған көздерiнiң қарашығы дөңгеленiп сәл тұрды да жек көретiн не жиiркенiштi бiрдеңенi көргендей жанарын тез тайдырып әкеттi. «Таз өшiн тырнадан аладының» керiмен, «селтиiп неғып тұрсың, шешпейсiң бе мынаны!» дедi екеуiне кезек жаутаңдап дегбiрсiзденiп тұрған апасына ақырып.
Бұған қайтып назар салған жоқ, қарсы алдында орындық, қабырға... сияқты жансыз бiрдеңе тұрғандай. Бұның бар-жоғы, өлi-тiрiсi бiрдей екен. Жоққа санап жүрегiнен сылып тастапты. Осынау дел-сал бейтарап күй жанына қатты батты. Бұдан гөрi жер-жебiрiне жетiп ұрысқаны не көк желкеден бiр түйiп үйден қуып шыққаны әлдеқайда артық едi-ау!..