Жертөледегі жазу



бет18/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   36
ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ
БАЛҚАННАН - БАЛКОНҒА
Бұрын мен ақылды едiм,
сондықтан дүниенi өзгертуге тырыстым;
Бүгiн мен дана болдым,
сондықтан өзiмдi өзгертуге кiрiстiм.
Көне заман ойшылы
1
Жоғары өрлеген сайын жұрт жан-жақтан лек-легiмен, топ-тобымен саулап қосылып, кең проспект бiрте-бiрте тасыған өзендей кемерiне сыймай шалқып төгiлдi. Түйдек-түйдек қара толқын түнере лықсып өрлеп келедi. Жолындағыны сыпыра жөңкiген, тосқауыл бермес алапат тасқын. Қарсы беттеген машиналар бұл не пәле дей ме, анандайдан үрiккен аттай жалт берiп, көлденең көшелерге сiңiп жоқ боп жатыр. Мүйiздерi қаңқайған троллейбустар жол жиегiне ығысып, қаз-қатар қаңтарылып қалған.
Шеруге шыққандар бiр мақсат, бiр мүддемен тоқайласқандары болмаса, қаланың әр тарапынан жиналған алашобыр халық: Бiрi – «Поршень» заводының жұмысшылары, екiншi лек автопарктiң шоферлары; бiр-бiрiмен қолтықтасып дөңгелене шоғырланып, төскейге бiткен гүлдей, жастық ажарымен ерекше оқшауланып көрiнген қыздар институтының студенттерi өз алдына бiр төбе.
Бетi қушиған бiр мұртты жiгiт қылқиған құс мойнын созып, айналаны шола қарады да, көшенiң кенерiн кере лықсып, көз көрiмдегi соңы ит құйрықтанып сұйыла шұбырған қара нөпiрдi азырқанды ма:
– «Бiздiң «Дария» жақтағы автобустарды тоқтатып тастады. Топтанған адамдарды милиция қуып таратып, тосқауылдап, берi қарай жiбермей жатыр! – дедi, олар келсе, мына жиналғанымыз жиналған ба дегендей өкiнiшпен.
Әзиз-Сұлтандардың тобы шерудiң маңдай алдын бастап келедi. Қой бастаған серке сияқты, ылғи бiр сайдың тасындай сайланған ер тұлғалы, өжет жiгiттер екшелiп алға шыққан екен. Осылар тiзгiндi алмаса, отқа-суға қарамай ентелеген мынау көзсiз тобырға басалқы боп жөн сiлтеп жүрген ешкiм жоқ.
Әзиз-Сұлтан жол жиегiне шығып, шерудiң бас-аяғын шолған. Құжынаған халық етек-жеңi жайылып көз аясына сияр емес. Әр тұстан шашырай көрiнген тулар мен көсемдердiң портреттерi, транспоранттар теңiз бетiндегi желкендердей қылт-қылт қалықтап келедi. Осыншама адам бiр дем, бiр жүрекпен қосылып ән шырқаса, аспан асты күркiрер едi-ау. Қандай айбынды, асқақ көрiнiс! Өз қиялына өзi елiткен Әзиз-Сұлтан қос алақанымен аузын көлегейлей:
– Бауырлар, ән айтайық! – дедi айғайлап. Айтуын айтса да iле ойланып қалды: қайсы әндi айтады? Ешқандай әннiң аты аузына түсер емес. Екi күннiң бiрiнде радио сарнап жататын жайдақ, ерқашты әләулайдан көңiлi сырғып тоқтамайды. Санасының сары тап беттерiн қалай сапырлыстырса да тiл ұшына үйiрiлетiнi:
«... кен қопарып, мал баққан,
па, шiркiн, қазақ елi көңiлдi!..»
«Кең екен жер деген,
Жерге дән шықты ғой.
Дән егiп терлеген
қазағым мықты ғой!..»
Ылғи бiр мал бағып, трактор айдағанына ұшпаққа шықтық деп екi езуi екi құлағына жетiп мәз болған қазақтар туралы шат-шадыман әндер. Қазаққа бар керегi сол ғана ма? Қазақтың өрге жетелеген асыл арманы, асқақ рухы қайда? Ол туралы неге бiр ән аузына түспейдi? Түспейдi емес-ау, ойлап көрсе, ондай ән жоқ екен! Жүйрiк ат, сұлу қыз, ынтық жүрек туралы небiр ғажайып жыр тудырған өнерпаз халық Отан, туған жер, елдiк пен ерлiк жайлы неге асқақ рухты әндер шығармаған? Шiркiн, осындайда мыңдаған дауыспен қолқа суырар құдiреттi әндi күңiрентiп келе жатсаң ғой!
Орыста қаншама отаншыл, патриоттық әндер бар: «Русское поле», «Эта русская сторонушка», «На сопках Манчужурии», «Священная война»... «Менi айт, менi айт!» деп сұранып тұр шетiнен. Осы әндердi шырқаған кез-келген орыс адамының жандүниесi теңiздей тебiренедi; осынау орманды даланың қасиеттi топырағына табаны тиiп жүргенi үшiн, осынау ұлы жұрттың титiмдей бөлшегi боп жаратылғаны үшiн шексiз бақытты сезiнедi өзiн. Неге бiзде мұндай әндер жоқ? Ұлт болып ұйыспағандығымыздың белгiсi ме бұл? Әлде ғасырларға созылған бодандық, кiрiптарлық, бойдағы отаншылдық, патриоттық сезiмдi табанға сап таптап тастады ма? Асылы, солай шығар. Жүрек екеш жүректе еркiндiк болды ма! Барлық iсте қызыл туға қарап бағыт түзедiк. Басқыншыны бауырым деп сүюге тура келдi; елi үшiн от кешкен бабаларды қарақшы дегiздi. Былай жырла, былай зарла дедi. Қайран жұртының шын тағдырын, шын арманын шырылдап айта алмай қақпай көрген сорлы жүрек «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы!..» деп жалған шаттануға мәжбүр болды.
Ал, тәрбие өтiп кеткен кейбiр әсiре мәңгүрттер: «бiреулер Гуннен тудым дейдi, бiреулер Күннен тудым дейдi, ал мен Күңнен тудым!» деп кеудесiн ұрды. О заманда бұ заман, қормын, тексiзбiн деп кiсi мақтана ма екен! Неткен сорлылық!
Әзиз-Сұлтан арындаған ойдың тiзгiнiн тартып, айналасына қарап едi, олар да осы күйдi кешкен, бәрi үнсiз, «қайсы әндi айтамыз» дегендей тосылып қалған.
Сәлден кейiн барып өздерi бiр топ боп қолтықтаса жылжыған қыздар легi «Құстар» әнiн бастап кеттi. Жан-жақтан жамырай қосылып, дуылдата көтермелеп құйқылжыта жөнелгенмен, әпiгi тез басылды. Қабарған шерудiң көңiл-күйiне қабыспай, тойдан тарқаған думанды топтың шалықтауы сияқты бiр түрлi ерсi әсер еткен. Ет қызуымен лап етiп iлiп әкеткенмен «Осы мен не айтып келемiн!» дегендей, көпшiлiк iле ес жиып, бой тартып алды. Әр тұстан бiр естiлген жетiм әннiң жаңғырығы адасқан аққудай сыңсып бұлыңғыр кеңiстiкке сiңiп жоғалғанда, Әзиз-Сұлтан қалықтатып «Елiм-айды» шырқай жөнелген.
«Қаратаудың басынан көш келедi-ай!..»
Көкiрек түбiнен күркiрей шыққан дауысы зор едi, құлаққа жағымды, қою, ауаны қақырата сiлкiп, дауылға қарсы ұшқан қыран құстай сәт сайын бауыр жазып биiктей бердi. Сiлтiдей тына қалған жұрт сәлден кейiн серпiлiп, сөзiн бiлетiндер сөзiн айтып қосылып, бiрi әуенiн ыңылдап, бәрi бiр леп, бiр жүрекпен iлiп әкеткен. Күңiренген құдыреттi гимн! Жел шайқаған қалың қамыс зарын төгiп сыңсиды; асау өзеннiң гүрiлiнен тау тербелiп жаңғырады... Ғасырлардан өксiп жеткен қазақтың қасiрет-мұңы аспан астын күңiрентiп кең көшемен өрлеп келедi.
Жазушылар үйiнiң тұсына таяй бергенде бiр тырна сирақ, бадырақ көз, тыри қара жiгiт топтың алдына атып шығып, қарсы қарап, екi қолын жоғары көтердi:
– Тоқта! Халайық, мына қасиеттi үйдi аттап өткенiмiз дұрыс болмас! – дедi ерекше бiр шабытпен саңқылдап. – Бiле бiлсек, бiздiң бет түзеп, мiнәжат етер Кааhбамыз осы үй ғой. Ұйқыдағы жүректi оятып, елiм-жерiм деп шырылдап отқа түсiп жүрген жазушылар емес пе. Бар болса, сол ағаларды ертiп алайық, басалқы боп ортамызда жүрсiн.
– Дұрыс, дұрыс. Сөйтейiк! – Алды оқыс iркiлiп, соңы екпiнмен ентелей лықсып, серiппедей жиырылған қарақұрым топтың сөз жетер тұсы шашырай шулады.
«Бұнысы да жөн, – деп ойлады Әзиз-Сұлтан. – Мына екi иығын жұлып жеп жұлқынған дүлей күштi арандатпай арнаға салар ақыл керек. Аттан десе, атып шыққалы өздерi де тықыршып әрең отырған шығар-ау!»
Үш қабатты айбынды, асқақ ғимарат жаңа бiр қарағанда сарғыш едi, ендi әппақ боп елестедi көзiне. Жаңа жауған қар, пiрәдардың алдындағы жайнамаз, рулы елдiң анасы атанған аяулы әженiң басындағы қарқара ғана дәл осындай кiршiксiз ақ боп көрiнсе керек. Мынау кiр басқан қара-қожалақ лас дүниедегi бойына қылау қондырмай таза қалған жалғыз нүкте осы ғана сияқты.
Үйiрiлген топ демдерiн iшiне тартып, жүрексiне басып осынау қасиеттi тазалық мекенiне қарай беттедi. Дәл iргесiне жақындап барып тоқтаған. Ары қарай аттауға батылдары жетер емес. Мәрмәр баспалдақты табанымыз ластар, әппақ колонналарға киiмiмiздiң кiрi жұғар деп имене ме, жақындауға асқақтаған құдiреттi ғимараттың мысы басып тұр. «Ендi не iстеймiз» деп сiлтiдей тынған тыныштықты әлдекiмнiң саңқ еткен қыран дауысы бұзды:
– Олжас аға, мiне алдыңа кеп тұрмыз, баста бiздi! Баста өзiң халқыңды!..
Сол-ақ екен:
– Олжас, баста! Олжас! – деп Алматы аспаны күндей күркiреп кеттi. Тасқындаған сол құдiреттi дауыстан селт етiп тау-тас жаңғырып, селк етiп қазақ даласы оянды.
Әзиз-Сұлтанның көңiлi шалқып, көзiне жас үйiрiлдi: Табаны жерде, төбесi көкте. «Бiз де еңсе көтерер ел екенбiз ғой!» деп тұр елжiреп. Түксиген емен есiк қақ жарылып, жанары от шашқан дауылпаз Ақын жарқ етiп шыға келердей қазiр-ақ. Сымша тартылған сұлу денесi шиыршық атып, толқынды қара шашын сiлкiп тастап, оң қолын аспандата сермеп:
«... Невозможны без вас
Ни заботы мои
ни смех.
Невозможны без вас
и победы мои
и смерть.
Вам обязан – атакой!
В свете полдня
и в холоде полночи
Я ищу,
Я иду к вам навстречу,
Серые сволочи!..»
деп, томағасын сыпырған тастүлектей саңқылдай жөнелетiн тәрiздi... Жо-жоқ, бұның аңқаулығын қарай гөр. Қарапайым пенделер таптап, ластаған жерге ондай аруақты Ақынның табаны тиюшi ме едi, iндiкештiң аузындай анау сығырайған есiктен Ол кiрiп-шықпақ емес. Оның тұғыры биiкте, Оны тек жоғарыдан – шыңның ұшар басынан, қыран қалықтаған қиядан iздеу керек. Қара да тұр, қазiр Ол сонау көз ұшындағы балконға ақбоз арғымағын ойнақтатып шыға келедi. Үстiнде етегi ат сауырына төгiлген ақ желбегей. Ауыздықпен алысқан арғымақ аспанға шаншылады арқырап. Арғымақтың жалында ақ ту боп желбiреген асқақ Ақын: «Ер соңымнан, бауырларым!» дейдi саңқылдап. Әне, арғымақтың тұяқ дүбiрi естiле ме, қалай? Ақынның күркiреген аруақты үнi құлаққа жете ме, қалай:
« ... Мы – не рабы, – рабы – не мы,
Ибо рабы – немы!..»
Аспан астын құдiреттi ұран кернедi. Күн күркiреп, тау жаңғырықты, әр көкiрекке от жаққандай, елiртiп, елеуретiп барады. Жер-дүние теңселiп, тебiренiп Ақын рухымен тыныстап тұр. Айнала жап-жарық болып кеткендей, салбыраған ызғарлы тұман, қара бұлт қайда? Күн шықты ма жарқырап? Жо-жоқ, ақбоз арғымағының жал-құйрығы жайылып, ақ желбегейi желбiреп Ақын аспаннан әппақ нұр боп саулап келедi: ақ сәулесiмен айналадағы түнектi қуып, аспан астын кiр-қоқыс, көлеңкеден тазартып келедi. Дүние қандай ғажап, неткен мөлдiр, сыңғырап тұр. Жер бауырлаған жабылықтың жабайы көлеңкесi тiршiлiк айнасынан өшiп, тек Поэзия ғана қалған. Кең әлем – кеңiстiкте Ақынның саңқылдаған асқақ үнi шарықтайды; қай жағыңа қарасаң да мен мұндалап, Ақынның тепсiнген өжет, өр тұлғасы елестейдi. «Кел мұнда, шық биiкке! Харамдыққа қарсы ғарасат майданын ашамыз!» дейдi.
Шын мәнiнде, Олжас – қазiргi адамзат ақыл-ойы жеткен биiктердiң бiрi. Халқымыздың ғасырлар сiлемiнде соқталанып көрiнер еңселi тұлғасы, биiк болмысы. Ойымыз бен бойымызды соған қарап өлшеймiз, қаншалықты бәкене, пәс екенiмiздi көремiз. Оны күндеп, күстәналайтындар – ергежейлiнiң ұзынды көрсе, апшысы қурылып, iшi тарылатыны секiлдi, өзiнiң күйкiлiгiн, мәнсiздiгiн мойындағысы келмейтiн бейшаралар
2
... Ақынды екi рет көшеде бетпе-бет жолықтырғаны бар. Тұла бойынан әлдебiр сиқырлы ұшқын шашырайтындай арбалып көз айыра алмай қалған. Такаббар тұлғасын тiк ұстап, жан-жағынан самсаған жанарлардың сұғын жарып өтiп, әлде бiр қалың ойдың құшағында буырқанып кетiп бара жатты. Жақындауға бата алмай, қалып та қоймай, қашан екi-үш орам айналып қара үзгенше соңынан ерiп жүрдi де отырды.
Ол туралы теледидардан берген хабарларды қалт жiберген емес. Әр көрген сайын көзi де, көңiлi де тоятын, барлық жоғының орны толғандай байып қалатын.
Көптеген ұлы таланттардың бойында кiсi тәнтi болар қасиеттiң бiрi болса, бiрi болмаған. Мәселенки, Байрон ақсақ. Пушкин аласа бойлы, маймыл сияқты ұсқынсыз болған. Лермонтов та аяғын сылтып басқан, патша сарайында ханымдармен билеуге қорынады екен. Ал Чайковский мен Гоголь әйел жынысы десе ат-тонын ала қашып, бiрi кiшкентай ер баламен әуейiленiп, екiншiсi кебiстен ләззәт алатын делқұлы болған деседi... Осыған қарап кейде «неге бұлар өлмес туындыларды дүниеге әкелдi? Өнерпаздық адам табиғатындағы эгоизмнiң жемiсi ме? Бәлки, олар өз бойындағы жоқтың, кемiстiктiң орнын толтыру үшiн жанын жалдап еңбектену арқылы осындай биiкке көтерiлген шығар» деп ойлайтын.
Ал, Олжас ақында бәрi де бар: талант та, тұлға да, өрлiк пен ерлiк те, дауыс та – жомарт табиғат пейiлi түсiп бәрiн үйiп-төгiп бере салған бiр басына. Ақын десең – ақының, батыр десең – батырың. Оған нағыз ақынның, нағыз жiгiттiң бейнесi Олжас сияқты боп елестейтiн. Хас шебердiң қолынан шыққандай мiнсiз тұлғасын тас тұғырға тұрғыза салса, Ақындық пен Ерлiкке қойған ескерткiш боп шыға келер едi...
Шiркiн, осындай перзентi бар халықты бақытсыз деуге болар ма. Бақытсыздығы тек басындағы бақытын бағалай алмай жүргенiнде шығар. Иә, жақсымен алысу – қазақтың бiрге жасасып келе жатқан қасыретi. «Өсер елдiң баласы бiрiн бiрi батыр дер; өшер елдiң баласы бiрiн бiрi қатын дер!..» Алла-ай, қандай керемет-керемет мәтел-мақалдар шығарған, бiрақ соны орындауға келгенде неге табандары тайғанақ? Өзгенiң жабысын – тұлпар, қарғасын – сұңқар
деп таңдайларын тақылдатқанда сондай, өздерiнiң асылы мен асқағы десе көздерi соқыр, тiлдерi сақау. Сол күйi көрмей, бiлмей қойса бiр сәрi, өз-өзiнен жау санап, кектенедi. Жасытып, мұқатуға асық. Жақсының бойынан иненiң жасуындай мiн тапса, өлердей қуанып жер-көкке сыйғызбай дабыралайды да, қайдағы бiр қор, мешелдiң жылт еткен бiрдеңесiн көрсе, «пәленшекеңдi босқа мақтаймыз, еленбей жүргенi болмаса, бәрiнен осы мықты-ей!..» деп өз өтiрiктерiне өзi сенiп күпiлдейдi. Жақсыны жақсы деуге қимай, нәрсiз бен әлсiздi әспеттеп көтермелеуге әуес. Бiреу оза шапса, бәрi соның соңынан айтақтап итiн қосады, бiз де сондай болайық деп ұмтылудың орнына жабылып етектен тартып, қашан қатарларына қосып алмайынша тыным таппайды. Жауды тек алдынан iздейдi, артындағы қор, қоқыспен iсi жоқ. Өзiнен асқанды жау санайтын неткен бейшара, қырт тобыр десеңшi. Абайға тиген арам қамшы арсыз қазақтың қолында шошаңдап әлi жүр. Олжасты да еңсе көтертпей төмпештеумен келедi. «АЗ и Я»-дай ұлы кiтап жазып, басы пәлеге қалды. Ұйтқысы берiк, берекелi жұрт түркологияға төңкерiс жасап, бүтiндей жаңа бағыт сiлтеген мұндай туындыны түнде басына жастап, күндiз төрiнде жарқыратып қояр едi. Аттары бәйгеден келмейтiнiн бiлген соң жар түбiнде жасырынып құлагерлердi шоқпармен құлатып үйренген батыраштар мен қотыраштар «мынау қайтедi-ей!» деп, көздерi шатынап, шу ете түстi. «Өзiн жек көрсек – жек көрейiк, дәл бұл жазғаны ел мүддесiне, тарихқа қызмет ететiн дүние ғой. Орынсыз арсылдағанымыз иттiк болар» дескен жоқ. Бәрiнiң көкiрегiндегi қызыл көз қара төбет «бiзден асып қайда барады!» деп ырылдады. Жаумен бiрге жабылды. Жан-жағынан абалап, ши бөрiдей талады. «Бұл өзi көзiн ашқаннан кертартпа, ұлтшыл, отырған жерiнде көне тарихты көйiтiп, көр-жердi бықсытып отыратын. Сөзiнiң астарында ылғи да жат пиғыл жатады, анау-мынау кiсi ұқпайтындай жұмбақтап, күрделендiрiп жазатыны содан. Ендi, мiне, «АЗ и Я» деген қайдағы бiрдеңенi жазып, орыс халқымен арадағы ғасырлар бойғы ұлы достығымызға, туысқандық көңiлiмiзге сызат түсiрдi, бетiмiзге күйе жақты ойбай!!!» деп еңiреп, Орталық комитетке күндiз-түнi төпеп арыз жазумен саусақтары сүйел болды.
Москвада такси айдайтын әзербайжан жiгiтi қара базардан «АЗ и Я»-ны iздейдi:
– «Тауып берiңдершi, мың сомға аламын!» дейдi.
– «Оны қайтесiң?»
– «Оқимын. Менiң халықтарымның тiлi мен тарихы туралы жазылған кiтапты неге оқымаймын? Баламның баласына оқы деп төрiме қоямын!»
– «Iнжiл ме едi ол соншама?»
– «Мен үшiн Iнжiлден де қымбат!»
Тағы да Москвада қазақтың бiр топ ығайы мен сығайы башқұрттың әйгiлi жазушысын көрiп сәлемдесуге жамырай ұмтылады. Жазушы олардың ұсынған қолдарын қағып жiбередi:
– «Мен жаман қазақтардың сәлемiн алмаймын!»
– «Ойбай, ағасы, не жаздық, неге жаман дейсiз?»
– «Жақсысын тани бiлмесе, асылын қадырлеп көзiне iлмесе – жаман емей немене? Әне, Олжастың үстiнен жазған арыздарыңды бүкiл академия жабылып оқып бiтiре алмай жатыр!»
Қазақ өзiн космосқа көтерген Құдыреттiң қадырын бiлген жоқ, бақытын басқа тептi. Өркениеттi өзге елдiң қаратаяғынан қарашасына дейiн аңыз ғып «АЗ и Я»-ны iздедi, ердiң құнын сұраса да тартынбайтын. Ал, бұл кезде Қазақстанда кiтапханалар мен тұтынушылар қоғамының аулаларында «АЗ и Я» жалыны көктi шарпып өртенiп жатты. Қазақ жерiнде күн көзiн қара түтiн жапты.
Күз. Салбыраған сұрғылт аспан толассыз сiркiреп жылаудан көз ашпайды. Жалыны өшкен сыз қабақ әлем. Ақын көкiрегi одан да күңгiрт. Табан астында жататын қор, шiрiктер бақайынан шалып омақастырды. Ендi бұл дүниеде өмiр сүрудiң не мәнi қалды? Төбеңде тоқпақ, аузыңда қақпақ. Ойыңдағыны айтқызбайды, өтiрiктi айта алмайды. Ойы да, бойы да қортық қорлардың қатарына қосылғанша, құсадан өлгенi артық.
Түтiнге қақалған тар бөлмеге сыймай шиыршық атып сыртқа шықты. Ымырт қараңғысында бұлыңғыр тұман арасынан сыздықтаған анандайдағы ресторан маңдайшасындағы жасыл жарық, ашық теңiзде адасқан кеменiң алдынан көрiнген жалғыз шырақтай, алыстан көзiн арбап өзiне тартты.
Шүпiлдете құйып, екi фужер арақты iзiн суытпай бiрiнен кейiн бiрiн тартып-тартып жiберген. Ып-ыстық толқын тамыр-тамырын қуалап, тұла бойына шымырлай жайылып барады. Бусанып, көкiрегiн буған көк сiреу мұздың көбесi сөгiле бастағандай. Бос фужердi саусақ ұшына қондырып арлы-берлi дөңгелетiп едi, түбiндегi жалғыз тамшы көз жасындай мөлт-мөлт етiп шам жарығымен ойнады. Ең асыл, ең тазамын деп арбайды әзәзiл. Бүлк етiп жоғары серпiлген оң жақ езуiне кекесiн ұялап күрсiне күбiрледi:
«Ех, орыстың арағы,
Құтқарушым өзiңсiң.
Жүректi шаққан жаралы,
Қара бүйi көз iлсiн.
Дүние бiр сәт жадырап
Ұжымақтай сезiлсiн!..»
Маңдайына түскен толқынды қара шашын артқа серпiдi де, даяшыны ымдап шақырып:
– Тағы да әкел, – дедi. – Бiр шөлмегiн...
Сол күннен бастап үй мен ресторан арасы айдау жолға айналды.
Сол күннен бастап, бұрын өңi түгiлi түсiнде көрмеген қазақтың өзi құралпы екi жiгiтi қасынан бiр елi айрылмайтын болды. Қашан болса да қыбын тауып жабыса кетедi. Сiлекейi ағып серейiп түскенше сiлтейтiн арақкештердiң сортынан емес, әйтсе де сол ауылға қарай жаңадан ат басын бұрғандар болса керек. Екеуi де бiлiмдi, сұңғыла, интеллигент. Бұның творчествосына қатты тәнтi екен, көптеген өлеңдерiн жадқа соғады. Ақынның арызқой жауларын бұлар да жек көретiн болып шықты. «Дарынсыз ала аяқ, боқ домалатқан сасық қоңыз!» деп ит терiсiн басына қаптағанға Ақын құлап түстi. «Құйрығына шала байланған ұлтшыл, күйесi жұғып кетпесiн» дей ме, сыралғы деген достарына дейiн сырғақсып, жалғыздықтан құлазып, жүдеп жүргенде қолтығынан демегендей iшi жылып қалған.
Кей күнi бұл «қайда кетiп барам, ес жияйын» деп тартынса да ана екеуi есiк қағып, не телефон шалып қиылып тұрып алады. Амалсыз көңiлдерiн қимайды. Қалталары буда-буда ақша. Шашылып-шабылып сыйлап жататын көбiнесе солар. Шағын денелi, қысық көз қарасы ұрыншақ, жүз грамм iшсе, екi жүз грамм мас болатын ұшқалақтың өзi, сәл iшкеннен кейiн көрiнгенге соқтығып iлiнiсе кетедi. Ақын одан да қызба. Арашаға түсем деп жүрiп, бозбала кезде талайдың тұмсығын бұзған жұдырығын оңды-солды сiлтеп-сiлтеп жiбередi. Бiр ғажабы, жанжал қыза бастағанда ана екеуi қасында болмай шығады. Таяққа жығылатын да, милицияның қолына түсетiн де жалғыз бұл. Ертеңiнде тағы келедi екеуi жылмаңдап. Бұның қатулы қабағын көрiп, құйрығы болса былғап-былғап жiберердей қипақ қағады: «Қашып кеткенiмiз рас, бiрақ түсiнiңiз. Сiз – әйгiлi адамсыз, Сiзге түк iстей алмайды. Көп болса үйiңiзге апарып тастайды. Ал, менттердiң қолына бiз түсейiкшi – тепкiлеп-тепкiлеп тезегiмiздi шығарып, түрменiң түбiне бiр-ақ лақтырсын... Сосын амал жоқ, батырға да жан керек...» «Е, бұлардiкi де жөн-ау!» дейдi көп сөзге келмей Ақын сылқ етiп. Тағы да ресторан, тағы да екi достың таусылмайтын сый-сияпаты... Бiрде шырт ұйқыдан оянып, өзi қатты қадырлейтiн бiр аяулы бойжеткеннiң сол күнi туған күнi екенi сарт етiп есiне түседi. Апыл-ғұпыл шайқалақтап сыртқа шығады. Қараңғыда қаланың бiр шетiндегi үйге қалай жеткенi белгiсiз. Таныс есiктi ашып қалғанда, абыройын жапқан лыпасы ғана бар, жалаң мойнына галстук тағып, жалғыз тал райхан гүлiн ұстаған Ақынды көрiп тойға жиналған топ сiлейiп тiл-ауыздан айрылыпты...
Ол сүрiнген сайын кейбiр үйдiң төрiнде күмп-күмп шампан атылып тойланып жатты. «Мiне, әспеттеп төбемiзге көтерген Ақынның сиқы осындай» деп, өтiрiктi шындай, шынды құдай ұрғандай ғып жазылған домалақ арыздар мен «дәлел» ретiнде түсiрiлген суреттер Орталық комитетке қарша борады.
Шыңыраудың шетiн көргенде асау арғымақ тiк шапшып мойнынан дедектетiп тартқан бұғалықты бырт еткiзiп бiр-ақ үздi – қайда бара жатқанын бағамдаған Ақын тiзгiн тартып, тез ес жиған. Екi «досы» жалынып-жалпайып, есiк тырналап жатып алса да жiбiген жоқ. Тiптi ығыр қылған соң, құйрықтарынан қайқайта теуiп, ендi қайтып келместей тура жолдарына салып жiберген.
Ақиық қыран қайқаң етiп көкке көтерiлгенде «мына пәле қайдан келдi» дегендей, боқ шоқыған қалың қарға шулап қоя бердi. Қанаттары жалпылдап соңынан ұшты. Әттең, жеткiзбейдi-ау, жетсе, желкесiн қиып жерге түсiрiп, көк аспанның қожасы өздерi болып қалар едi.
Жердегiлер аспанның биiктiгiн қыран арқылы бiлмек. Қыран болмаса, қарғаны да биiкте ұшып жүр деп ойлар едi.
Ақынның бұғалықтан бұлқынып шығып кеткенiне жымысқы жау қатты күйiндi. Жүректерiне қан қатып ендi аямасқа бекiген. Бұл жолы көзiн бiр жолата жойып, әйтпесе, жанымен қайғы боп жүретiн мүгедек, шалажансар ғып тастауды ойлаған.
Ақын таяу арада тiкелей эфир арқылы Орталық теледидардан сөйлеуi керек болатын. Уақыты көрсетiлiп, программаға енгiзiлiп те қойған едi. Қалт жiбермей қадағалаған иiсшiл жау әбжiл қимылдады, алдын орау керек деп жанталасты. Эфирге шығуға екi күн қалғанда, араларында бiр қыз бар, төрт жiгiт iңiр қараңғысында аңдып тұрып таяққа жықты. Шамы сөндiрiлген қараңғы подъезге алаңсыз кiре бергенде қара құсынан қорғасынмен ұрып құлатып, тепкiлеп-тепкiлеп тұра безген.
Ақын сыз бетонның үстiнде қансырап, өлiм мен өмiрдiң арасында арпалысып жатты.
Қысқы таң тұнжырап атты. Алатаудың шыңдары мұнар арасынан мелшие қарап мұңайып тұр. Тек қарғалар ғана жаңа күндi жарқын қуанышпен қарсы алғандай, әр ағаштың басына бiр қонып, қарқылдай шулап, жан-жақтан жамыраса табысып, көк аспанда қара бұлттай шарқ үйiрiлiп жүрдi.
3
...Әзиз-Сұлтан Ақынмен қиялы арқылы қауышып қанша тұрғаны белгiсiз. Айналасындағы толқындай буырқанған жұрттың шуылын да естiген жоқ. Екi көзi аспанда. Салбыраған қара бұлтты найзағай оты орып түсер деген. Бiрақ, Ақын ол қараған биiктен көрiнбедi. Бағанағы айдынды ақшаңқан үй де түсi оңып сұрғылт тартқан, еңсесi түсiп, шөгiп, кiр басқан сұрықсыз әлемнiң ажырамас бiр бөлшегiне айналып бара жатқандай. Мұнша үнсiз мелшигенге iште ешкiм жоқ-ау деп ойлаған. Жо-жоқ, күңгiрт терезелердiң шынысына бiр-бiр жалпақ бет шапталып тұр. Сырттан тамашалағанға болмаса, тәуекелге дәтi жоқ жiгерсiз, жалтақ жүздер. Терезенiң қырауын ерiтуге де қауқары жетпейтiн жалынсыз.
Кенет төмендегi, iндiкештiң аузындай, қоңыр есiк шалқалай ашылып, iштен бiр кiп-кiшкентай винипух шал домаланып шыға келдi. Екi қолы ұзын, тiзесiнен төмен түседi, саусақтарының сыртына дейiн қап-қара жүн өскен ұйысып. Алдыңғы екi аяғын жақында ғана жерден көтерген аты белгiсiз мақұлық сияқты. Салған беттен түкiрiгiн шашып, зiркiлдей жөнелдi:
– Иiрiлiп неғып тұрсыңдар, өңкей шуылдақ! Тараңдар, қане, боқ жемей. Кiмнiң айтағына ерiп, елiрiп жүргендерiңдi бiлемiз. Жетедi олардың осы былықтырғаны. Немене, партияның шешiмiне қарсысыңдар ма? Мен осы күндi жиырма бес жыл бойы күткенмiн. Мiне, ақыры келдi сол күн! Ендi әдiлдiк орнайды, былық пен шылықтан арыламыз. Қуанудың орнына қарашы iстеп жүргендерiн жетесiздердiң. Жоғалыңдар қане!..
Қолдайды, ақыл қосады деген ақсақалынан бұл сөздi естiген қалың топ маңдайын тасқа соққандай есеңгiреп тұр.
Бұл домалақ шалды Әзиз-Сұлтан сыртынан бiлетiн. Осы күзде Қосымхан екеуi Секен деген жазушымен бiрге орталық гүлзарда отырған. Секең Қосымхан жылпостың жерлесi екен. Ашық мiнез, әңгiмешiл. Ананы-мынаны айтып отырып бiр кезде екi қолын артына ұстап, қауға басы салбырап анандайда тыпың-тыпың кетiп бара жатқан домалақ шалды иегiмен нұсқап:
– Әнеу мәстектi көрдiңдер ме, жақсылап қарап алыңдар! – дедi дауысы ызбарланып. – Жарлыбай деген жердiң құрты бұл. Кезiнде талай жақсының басын жұтқан жалмауыз. Үндеместiң салпаң құлақ тыңшысы болған!
Сол Жарлыбай – мына тұрған домалақ шал, әйгiлi Iлияс Жансүгiровтiң ауылдасы, Алматыға оқуға келгенде iнiсi сияқты араласып бiраз уақыт қолында тұрыпты. Кейiн ақын тұтқындалғанда көп куәгердiң бiрi болып үстiнен арыз жазған. Тергеушi шағымдармен таныстырып мойындайсың ба дегенде, Iлияс:
– «Басқалар жазса, жазған шығар, дәл Жарлыбайдың жазғанына сенбеймiн, беттестiрiңдер!» деп тұрып алады. Сенбесең, мiне, өз аузынан естi деп Жарлыбайды алып келедi. Бығырайып кiрген бойда ақынның бетiне безере қарап:
– «Сенiң халық жауы екенiң рас, пәлен уақытта пәлен дегенсiң, түген жерде түген дегенсiң» деп, сарнап қоя бередi. Ақын өң-түссiз бозарып бiраз үнсiз тұрады да:
– «Е, қарағым, қайбiр жетiскеннен айтайын деп айтып тұрсың, айтқызып тұр ғой. Қолымда өскен iнiмдей едiң. Келшi, ең болмаса соңғы рет маңдайыңнан бiр иiскейiн», дейдi. Тергеушiге қарап, үндемеген соң, бiр қырындап жақындай бергенде: «Өй, әкеңнiң аузы... сенi де бiр қатын бала таптым деп қалжа жедi-ау! Кiсiден ит туған неме!» деп, ақын астындағы орындығын жұлып алып, жiберiп қалыпты.
Сол жолы Секең: «бажайлап қарасаң, оң жақ шекесiнде екi елiдей көлденең тыртық бар» деген. Осы сөз рас па екен деген әуестiк Әзиз-Сұлтанның көңiлiн билеп-ақ тұр. Бiрақ шал басындағы милықтата қонжиған құндыз құлақшын «қара жәшiктей» құпиясын сыртқа шашар емес.
Топтың ортасынан бiрнеше дауыс қатарласа шықты:
– Бiзге Олжас аға керек! Олжас!
– Ол жоқ мұнда, – дедi домалақ шал. – Сендердiң кесiрлерiң оған да тидi... Жоғалыңдар! Пәлелерiңнен аулақ!.. – Ентелеген жұрт лықсып таяй берiп едi, көзi бақырайып iшке зып берген. Безiп бара жатып айғайлап барады: – Төлеужан-ай, қайдасың? Жап тез есiктi. Милиция шақыр! Басып кiрiп, қиратып жатыр де!..
Ендi қайттiк деп тұрғанда, қалың шынылы үлкен көзiлдiрiк жарты бетiн жасырған бiреу көлденеңдей кеттi. Бұтында көк джинсы, жеңiл қара пальтоның жағасын тiк шаншып сымдай тартылған сұлу денелi жiгiт. Балет бишiсi әрi орысша жазатын ақын екен.
– Бауырларым, бекер тұрсыңдар. Дауылды күнi қарғалар ұшпайды! – дедi тұнжыраған терезелердi көзiлдiрiгiмен сипай шолып. – Олжас ағаларың болса, баяғыда-ақ атып шықпас па едi. Ол кiсi үйiнде. Жаңа ғана сол жаққа барып келе жатырмын. Есiгінің алдында күзет тұр. Ешкiмдi кiргiзбейдi де, шығармайды да. Балконнан тiл қатыстық. «Балқанға ұшып, балконға қондық» дедi қол бұлғап... Түсiнесiңдер ғой...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет