Жертөледегі жазу



бет19/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   36
ОН сегізінші ТАРАУ
ҚАБЫРҒАНЫҢ ДА ҚҰЛАҒЫ БАР
Кенет есiк естiлер-естiлмес тықылдағандай болды да, «бұл кiм?» дегенше болмай сықырсыз ашып, сыбдырсыз басып бiр қара көлеңке сып етiп iшке кiрiп келдi. Сәбираның көзiне шайдай ашық күнi Құзғындының желкесiнен ойнап шыға келiп айналаны қараңғылап түйiлiп тұрып алатын қара бұлт елестедi. Иә, иә, кiсi бойы қара көлеңке! Қара құлақшын, қара пальто, қара папка, қара бәтеңке сыбдырсыз сырғып ауада қалықтап келедi. Төрге өрлеп, шамға жақындаған сайын көлеңкесi зорайып, қараңғылық баспалап iзiнен iлесiп келедi. Бөлменiң қақ ортасына жете бере қазықтай қалшиып тұра қалды. Құлақшын астындағы қан-сөлсiз шөлмектей сазарған бiр уыс бетке қарап орыс па, қазақ па, жас па, кәрi ме – айыруың қиын. Баса-көктеп кiрiп келген бұл кiм деп үрпиiсiп, орын-орнында сiлейiп қимылсыз қалған топ қыздың iшiнде батылданып бiрiншi тiл қатқан Зухра:
– Сiзге кiм керек едi?
Қара көлеңке екi бүктелдi – беймезгiл мазалағанына кешiрiм өтiнiп иiлiп-бүгiлдi де, төс қалтасынан жарқ еткiзiп қызыл тысты куәлiгiн суырып алды:
– Органнанмын.
Бөлме iшiн ызғар есiп өткендей Зухраның тұла бойы тiтiреп кеттi. «Қандай иiсшiл десеңшi! Қанның иiсiн күндiк жерден сезiп қанаты жалпылдап жетiп келетiн құзғын секiлдi. Олардың көзi кез-келген есiк пен тесiктен сығалап, құлағы кез-келген бұрыш-қалтарыста жабысып тұрады. Жасырғаныңды көрiп, сыбырлағаныңды естiп қояды. Әлгiнде есiктiң аузындағы ескi киiмнiң үйiндiсiндей боп қабат-қабат қымтанып-шымқанған кезекшi кемпiр бұлар кiргенде мән бермегенсiп қолындағы бiзi жылт-жылт етiп шұлқасын тоқып отыра бергенмен көзiнiң бiр қиығы осы жақта екенiн байқап қалып едi. Сол қақбас шығар қырағылық танытқан!»
Бейтаныс адам қайда отырсам екен дегендей сипалақтап жан-жағына қаранған. Көп ойланбастан терезе алдындағы көлденең қойылған жiңiшке ас столының үстiне сарт еткiзiп папкасын тастай салды. Пальтосын шешiп, орындықтың арқалығына көлденең асты, үстiне шошайтып құлақшынын қойды. Өзi екiншi орындықты жақындатып, столды өңгере «отырайын он ай» деп жалп ете түстi. Баптанып ұзаққа жайғасқан адамның сыңайы. Жан-жаққа шашыраған қысқа сарғыш шашын сапырып асықпай таранды, асықпай галстугiн түзеп, өңiрiн қаққыштады. Iш пыстырар қимылмен томпиған папкасын ашып, қағаз-қаламын сайлады да, қыздарға қарап иегiн көтердi:
– Иә, бойжеткендер, сөйтiп Алаңдағы бүлiкке қатысып кеп отырсыңдар ғой?
«Жоқ!» деп шу ете қалды, Сәбирадан басқасы.
– Онда қай «майданға» барып жарақаттанып жүрсiңдер? – езуiн жымысқы күлкi түртiп, Сәбираға қасын серпе қарап қойды. Қыздар «аш пәледен қаш пәле» деп, бiрi екiншi сменадағы жұмысынан, бiрi қонақтан келе жатып бiр-бiрiмен қалай жолыққандарын жамырай айтып, әр қайсысы өз басын арашалап, шыр-пыр. Қара киiмдi мән-жайға қаныққан соң аты-жөндерiн, қайда iстеп, қайда оқитындарын тәптiштеп жазып алды да, сыртқа шыға тұруларын өтiнiп, Сәбира екеуi оңаша қалды.
Берi жақын кеп отырыңыз, – дедi қара киiмдi қасындағы бос орындықты иегiмен нұсқай.
– Тұра алмаймын.
«Бұл не кергу» деп жаман көзiмен жалт қарады да, тамға арқасын шаптап меңiрейген қыздың қан-сөлсiз жүзiн көрiп, кеңiрдегiне ойнап келген ашуды қайта жұтты. Мұндайда құс көлге қарай емес, көл құсқа қарай ұшады – столды көтерiп әкеп, қыздың қарсы алдына жайғасты.
Әке-шеше, үрiм-бұтағының аты-жөнiн, ес бiлгеннен бергi өмiр тарихын көзiнен тiзiп хатқа түртiп алды да:
– Алаңға не мақсатпен бардың, бiреу үгiттедi ме? – дедi.
– Ешкiм үгiттеген жоқ. Ел көтерiлiске шығып жатыр деген соң жай көрейiн деп бардым.
– Не көрдiң?
– Ештеңе де. Жете бергенде қалың солдат ит қосып, машинамен су шашып, ұрып-соғып қуды. Көппен бiрге мен де қаштым.
– Алаңға барып бүлiк салып жатқандардың басым көпшiлiгi наркотикпен уланған, маскүнем, азғын элементтер екенiн бiлесiң бе? Мiне, радио айтып жатыр. – Сыбырлап тұрған қабылдағыштың құлағын түрегеп барып бұрап қалып едi, еркектiң шыңылтыр, зiлдi дауысы күндей күркiреп қоя бердi: «... Көшелер мен алаңдарда қоғамдық тәртiп өрескелдiкпен бұзылуда. Ұлтшыл топтардың айтағына ерiп есiрген маскүнем, нашақор бұзақылар бейкүнә жандарды қорлап, зорлық-зомбылық жасап, айналадағының бәрiн қиратып, тонап, өртеуде...»
Сәбира аң-таң. Бұнысы не сандырақ. Көзiмен көрiп куә болмаса, «е, солай екен» деп шүбәсiз құлап түсерi хақ, өйткенi радио айтып тұр ғой! Осы күнге дейiн газет жазды, радио айтты, телевизор көрсеттi – бiттi, имандай ұйыйтын. Сөйтсе, олардың да байбаламшыл, өсекшi әйелден жаман, жаптым – жала, жақтым күйенi аузы-басы қисаймай сандырақтай беретiнiне, мiне, алғаш рет көзi жетiп, түршiгiп кеттi. «Неткен аярлық. Бiр адам, екi адамға сыбырлайтын өсекшiнiң аузы емес, мыңдарға, миллиондарға, бүкiл әлемге бүйтiп өтiрiк айтуға бола ма?!!» Жымсия қараған қара киiмдiге көзiн тiктеп: – Өтiрiк! – дедi. – Бәрi жала. Ондай бiр адамды көрсем, көзiм ақсын!
– Әрине, көрмейсiң. Өйткенi өзiң де сондайсың. Қара қағаздың бетiндегi қара нүкте көрiне ме? Көрiнбейдi. Ақыл-есi дұрыс, сау адам ол жаққа аттап басар ма? – Қара киiмдi танауы делдиiп иiс тартты. – Мiне, сен де iшiп алғансың. Аузыңнан арақ мүңкiп тұр.
– Бүгiн у болса да iшемiн! – дедi қыз ширығып.
– Та-ак, арақ iшiп, Алаңға барғаныңды мойындайсың ғой. Солай деп жазып қояйық... Сонымен, қалай соққыға жығылдың?
– Соққыға жығылғам жоқ... Қорлады.
– Кiм?
Көзi шыныланып тас мүсiндей меңiрейген қыз өзiне түк қатысы жоқ, бөтен бiреудiң басынан өткен уақиғаны әңгiмелегендей, не болып, не қойғанын еш толқусыз, қиналыссыз тақ-тұқ айтып шыққан. Ауыздан шыққан сөздi қағып алып ақ қағаздың бетiмен қайқаңдай жортқан қара қалам әлденеше парақты аударып барып екi өкпесiн соғып шаршағандай, сiрескен құмырсқа көш әрiптердiң етегiне сылқ етiп көлденең құлай кеткен.
Қыз басынан өткен қасыреттi естiп жаны түршiгудiң орнына, қара киiмдi қайта өзiнен iлiк iздеп, дүрсе қоя бердi. Қайтсем қара күйе жағам деп жаныққан адамның нендей нәрсенiң болсын ебiн тауып өңiн айналдырып жiберуге дайын тұратыны белгiлi ғой.
– Сен совет жауынгерлерiне жала жауып отырсың! – дедi дауысы зiлденiп. – Олар ондай айуандыққа баруға тиiстi емес. Сен массың. Кiмнiң қорлағанын бiлмейсiң. Менiңше, ана Алаңға барған бұзақылар сенi мұндай күйге душар еткен. Олардан бәрiн күтуге болады!
– Жоқ олар емес. Солдаттар. Әскери киiм киген үш жiгiт...
– Киiм деген сөз бе екен, тәйiрi. Солдаттарды ұрып- жығып тартып алған шығар, не әскерден киiп келген киiмдерi болуы мүмкiн. Совет солдатына кiр келтiрiп, «әне сөйтiп жатыр!» деп байбалам салу үшiн әдейi солдатша киiнiп, солай iстеп жүр. Үлкен саяси астар бар мұнда. Соңғы екi күнде бұл секiлдi арандату әрекетiнiң талайы мәлiм боп отыр. Бәлкiм өзiңмен бiрге iшкендер шығар арсыздық жасаған!
– Сiз менi мүлдем маскүнем ғып шығардыңыз ғой. Iшсем, жаңа iштiм. Қыздардан сұраңыз.
– Жаңа iштiм деген ақталу емес. Мас болғансың. Кiмнiң не iстеп, не қойғанына бiлмейсiң.
– Сiзге керегi шындық па, әлде бiреудi қаралау ма?
– Бiздiң мақсатымыз – Алаңға барып бүлiк салған бұзақылардың қылмысты әрекеттерiн әшкерелеу.
– Жәбiрлеген олар емес.
– Қасарыспа. Жасырып тұрсың. Артыңда айтағың бары белгiлi. Бұзақылардың қылмысын солдаттарға жаппақсың.
Тәжiкелесiп барқадар таппасын бiлген қыз осы бiр сiлекейдей созылған сүйкiмсiз әңгiмеден тезiрек құтылғысы келiп:
– Сонда, сiздiңше, мен не айтуым керек өзi? – дедi. Қара киiмдi жемтiк көрген құзғындай қопаң ете түстi:
– Ойлан. Жақсылап ойлан. Ет қызуымен көп нәрсенi түсiнбей отырсың. Шындық осы деп қасарыса берсең, ертең басың қандай шырғалаңға түсерiн бiлесiң бе?
– Маған бәрiбiр! – дедi Сәбира не болса, о болсын деген енжар көңiлмен.
– Бәрiбiр емес, өз тағдырыңды өзiң шешуiң керек. Егер пәленi бұзақыларға қарай аудара салсаң, iстiң жарасы жеңiл. Бұл жерде сен нақты бiреуге жала жапқалы отырған жоқсың ғой, қиянат болады-ау деп қиналатын түк жоқ. Дүрмекке ерiп, балалықпен жай қызық көрiп Алаңға барғанда белгiсiз бұзақылардан зәбiр шеккен адам боп есептелесiң, яғни заң бұзушы емес, заң бұзушы қарақшылардан қорлық көрген кiсi боп шыға келесiң. – Тергеушi алды-артын орап, өзi құрған қақпанға қарай қақпайлап әкеле жатыр. – Ал пiкiрiңнен айнымасаң, әңгiме басқаша: үкiметке қарсы шеруге қатынасқаның үшiн бiр, солдаттарға жала жапқаның үшiн екi айыпталасың. Оның үстiне арақ iшкенiң тағы бар. Ата-анаңа хабарланады, оқыған мектебiңе, жұмыс орныңа тәртiбiң туралы сұрау салынады. Ел-жұртқа әшкере боласың...
Қыздың тұманға малтыққан марғау санасы селк еттi. Тамға жабысқан жаурынан көзге көрiнбейтiн әлдебiр әлеуеттi қол итерiп қалғандай оқыс серпiлiп, бойын тiктеп алды. Бұған өмiрдiң көк тиындық құны жоқ едi. Бiреу қара қаныңды iшем деп айбалтасын көтерсе, селт етпестен қылша мойнын жаңғырыққа төсеуге пейiл. Бiрақ қырсығы өз басымен кетпей айналасын шарпиды екен. Мына масқараны естiсе, көкесi мен апасы тiрiдей жерге кiрмей ме! Ел бетiне қарай алмай қорланып, бiр-ақ түнде шаштары ағарып шыға келетiн шығар. Жо-жоқ, өзi күйген отқа оларды түсiруге хақысы жоқ!
– Не айтсаңыздар да көнейiн, тек ата-анама хабарлай көрмеңiздер! – дедi қыз дауысы қалтырап. «Қанды басың берi тарт» деп қылпылдап отырған қара киiмдi миығынан жымиды:
–Мiне, ендi ақылға келдiң! – қаңтарылған қаламы қаздаңдай жорғалап, ашық тұрған жарты беттi толтырып барып тоқтады. – Ендеше мына жерге қолыңды қой.
Сәбира бұл не деп ойланбастан тырнағымен түрткен тұсқа шиырып аты-жөнiн сүйкей салды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет