Жюль верн. Он бес жасар капитан



Pdf көрінісі
бет39/41
Дата19.05.2022
өлшемі4,71 Mb.
#144105
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41
Байланысты:
Он-бес-жасар-капитан
Теңдеу 25,01, 1. Қысқаша көбейту формулаларының көмегімен өрнект (1), Ерімбет Әлібек 1, Алгебра 1-тоқсан 10-сынып ЖМБ (1), 13 Презентация13 (1) сонгы, Суюнхан Ж
«Мұхит жағалауынан 120 миль Заир жағалауында, осы жерде,
өзімнің жолбасшым Негоро мені ауыр жаралап, тонап кетті.
С. Вернон.
3 декабрь, 1871 жыл».
Жазылған хат уақиғаны түгел түсіндірді. Самоэль Вернон
Негороны жолбасшылыққа алып Орталық Африканы зерттеуге
шығады. Саяхатшының қалтасындағы көп ақша жауыз Негороның
көзін қызықтырып өзін қылмысқа итермелейді. Ол қайтсе де ақшаны
қолына түсірудің қамын ойлаған. Самоэль Вернон Конго жағасына
жеткен соң, осы лашықта түнеп жатқанында оны Негоро өлімше етіп
жаралап, ақшаны алған да Португалияға — өз жеріне қашып барған.
Бірақ құл саудагері Альвецтің агенті екендігі анықталып, оны қамауға
алады. Негоро Сан-Паоло де-Лоандта сотталып, өмірлік каторга
жазасы беріліп, бұл жазаны отар елдердің біріндегі түрмеде өтеуге


үкім шығарылады. Одан бергісі оқушыларға мəлім. Ол есебін тауып
каторгадан қашады да, Жаңа Зеландияға барып, сол арада «Пилигрим»
кемесіне аспаз болып қызметке орналасады.
Бірақ адам өлімінің соңында бұл лашықта нендей уақиға болды?
Оны шамалап білу қиын емес. Бақытсыз Вернон өлер алдында өзін
өлтірушіні əшкерелейтін хат жазып үлгірген. Бұл хатты ішіндегі
ақшасын Негоро əкетіп бос қалған қобдиға салады. Ол ақырғы күшін
салып жандəрмен дегенде өзінің аты мен фамилиясының бас əріптерін
ойып жазып өз қанымен бояған Шамасы Динго бұл екі əріптің
алдында аз отырмаған, бүкіл алфавит арасынан осы екі əріпті ажырата
білу себебі де содан болуы керек. Ақырында Динго қожасының енді
қайтып бас көтермесін біледі де, мұхит жағалауын кезіп қаңғып кетеді,
сөйтіп жүргенінде оны «Вальдектің» капитаны тауып асыраған. Динго
«Пилигрим» үстінде Негоромен қайта кездеседі.
Бұл уақыттарда саяхатшының сүйегі Африка орманында қурап,
өзінің сенімді итінен өзгенің бəрі оны ұмытады.
Дик Сэнд уақиғаны осылай болуға тиіс деп шамалады, шынында да
бұл болжалдың қисыны бар-ды.
Дик Сэнд сапары қырсыққан саяхатшының сүйегін жерлеуге
кірісіп еді, Динго кенет өршелене абалап лашықтан шыға жүгірді.
Соның ізінше тыстан шыңғырған дауыс естілді, шамасы, Динго
кімге де болса біреуге бас салған.
Геркулес Дингоның соңынан жүгірді. Дик Сэнд, тағы басқалары
далаға жүгіре шығып, кеңірдегінен алған итпен арпалысып жығылып
жатқан бір адамды көрді.
Бұл адам Негоро еді.
Ол Америкаға баратын пароходқа мініп кетпекші болып Конго
сағасына келеді де, қасындағы эскортын сонда қалдырып, баяғы
Вернонды өлтірген жеріне жалғыз келеді.


Бірақ оның бұл араға қайта келуінде бір себеп бар-ды. Анжир
ағашының түбінен жаңа қазылған шұңқырдан бірнеше уыс француз
ақшасын көргенде, жолаушылар Негороның мұнда келу себебіне
түсіне қалды.
Негоро Самоэль Вернонды өлтірген соң, одан талап алған ақшаны,
бір кезде қайта оралып алармын деп үміттеніп сол жерге көміп кетеді.
Бірақ өз қылмысының жемісінен пайдаланбақ болып келген
қарсаңында, Динго оның кеңірдегінен ала түскен.
Бұл екі арада Негоро да белбеуінен пышағын суырып үлгіреді де
иттің сүбесіне бар пəрменімен бойлатып жібереді. Геркулестің де
айқайлап жеткені сол еді.
— Ах, оңбаған-ай! Сені ақыры өз қолыммен буындырып өлтіре
алмадым-ау!
Бірақ бұл арада Геркулестің қатысуынсыз-ақ жұмыс бітіп еді.
Динго қаны сорғалаған күйі жағын ақырғы рет қысып еді,
португалдың тынысы бітті. Одан соң иесіне адал қызмет еткен төбет,
Самоэль Вернон өлген жерге сүйретіліп барып, сол арада өзі де өлді.
Геркулес саяхатшының сүйегін жерледі, бəрі де жыламсықтап
Дингоны да сол молаға қоса көмді.
Негоро оралмастай алыс сапарға кетті. Бірақ оған Казондеден еріп
шыққан адамдар сол маңайдан қашықта болмауға тиіс. Португал
қайтып оралмаған соң олар Негороны өзен жағалауынан іздейтіндері
сөзсіз. Бұл жағдай жолаушылар үшін зор қауіп болды.
Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд ендігі жерде істейтін істерін кеңесті.
Бір минут уақытты бекерге өткізбей тезірек əрекет жасау керек.
Самоэль Вернонның жазып қалдырған хатында, жолаушылардың
қайықпен төмен аққан өзені Заир немесе Конго екені жəне бұл арадан
мұхит жағалауы жүз жиырма миль делінген. Бір жаман жері, бұдан
былай қайықпен жүзуге болмайды, қандай мықты қайық болса да


сарқырамадан аман өте алмайды. Сірə бұл Нтамо сарқырамасы болса
керек деп қорытты Дик Сэнд.
Сарқырамадан өтіп, тағы да төмен қарай ағу үшін сал буып алу
қажет, мұның үшін өзен жағалап бір-екі миль жаяу жүретін болды.
— Бұдан былай өзеннің қай жақ бетімен жүрсек екен, осыны
шешіп алайықшы,—деді Дик Сэнд.— Осы өзіміз тұрған сол жақ
бетімен жүре береміз бе, əлде оң жаққа өтеміз бе? Мұның екеуі де
қауіпсіз емес,— жабайылардан қауіптенуге тура келеді. Сонда да болса
менің ойымша өзеннің арғы бетімен жүргеніміз дұрыс сияқты. Егер
өзеннің оң жағына өтіп алсақ, тым болмаса Негороның эскортына
кезікпес едік.
— Жақсы, ендеше оң жақ жағаға өтейік,— деді миссис Уэлдон.
— Бірақ арғы бетте жол бар ма екен?—деді Дик Сэнд ойлана
қалып.— Негороның бергі бетпен келуіне қарағанда, бұл жақ өзен
сағасына қатынауға қолайлы деп шамалауға болады. Дегенмен
тексеріп көру керек. Аржаққа бəріміз бірден өтпей тұрып алдымен
біреуіміз барып көріп қайтқанымыз дұрыс болар. Мен барып
қайтайын.
Дик Сэнд дереу жүріп кетті.
Өзен енінің жалпақ жері, зерттеуші француз лашығының тұсы,
төрт жүз футтан аспайтұғын, Дик қиналмай-ақ арғы бетке өте шығады.
Миссис Уэлдон, Джек пен Бенедикт ағай қашан Дик Сэнд қайтып
оралғанша өзеннің осы бетінде, Геркулестің бақылауында қалды.
Дик Сэнд қайыққа отырып, жүзе жөнелуге ыңғайлана бергенінде,
оған миссис Уэлдон:
— Дик, өзен ағысы қайықты сарқырамаға тартып əкетпей ме? —
деді.
— Жоқ, миссис Уэлдон. Сарқырама əлі төрт жүз футтан қашық
қой. Қорықпай-ақ қойыңыз.


— Ал, арғы бетте...
— Егер қауіпті бірдеңе сезіле қалса, жағаға шықпаймын.
— Мылтық ала кет!..
— Жақсы, алайын. Бірақ мен үшін қам жемеңдерші.
— Əйтсе де біздің бөлінбегеніміз жақсы болар еді,— деп
қынжылды миссис Уэлдон. Ол алдағы кездесетін пəле-жəлені алдын-
ала сезіп, соның салдары еңсесін басқан сияқты еді.
— Жоқ, миссис Уэлдон, мен жалғыз баруым керек,— Дик жауапты
қысқа қайырды.— Менің жалғыз баруым — бəріміздің қауіп-қатерден
аулақ болуымыз үшін қажет. Мен бір сағат болмай-ақ қайтып
ораламын. Геркулес, сақ бола гөр!
Сосын Дик Сэнд қайықты итеріп жіберіп өзі қарғып мінді де,
жағалаудан алыстай берді.
Миссис Уэлдон мен Геркулес папирус арасына тығылып, Диктен
көздерін айырмай қарап тұрған.
Дик Сэнд өзен ортасына жетті. Ол араның ағысы тым қатты екен.
Төменгі жағында төрт жүз футтай биіктен құлаған судың астаң-кестеңі
шығып күркілдеп жатыр, судың шаңытқан көбігін батыстан ескен жел
іліп əкетіп, Диктің қайығы жүзіп бара жатқан жерге жеткізді.
Өткен түні Дик ұйықтап қалған болса, қайық сарқырамаға сүңгіп,
тастан тасқа соғылып, мылжа-мылжасы шыққан бес өлік əлдеқашан
жағаға шығып қалар еді. Жас капитан бұл көріністі ойлағанда денесі
түршікті.
Бірақ қазіргі сағат ол сияқты қауіпті емес, қайық өзенді тура кесіп
өтті.
Ширек сағаттан соң Дик Сэнд Заирдың оң жақ бетіне шықты. Бірақ
жағаға шығып үлгірмей-ақ, құлақ тұндырарлық айқай шығып оншақты
жабайы адам қайыққа тұра ұмтылды. Бұлар анадағы су үстін


мекендеген лашықтардың адамдары еді. Өзеннің оң жақ бетін жағалап
жолаушыларды ұдайы сегіз күн аңдыған екен олар. Жабайылар
көшпелі аралдың үстінде адам барын біліп, бұлардың соңына түскен.
Олар сарқыраманың қайық жолын бөгегенін көріп, бұл олжа ешқайда
қашып құтыла алмайды деп cеніскен-ді. Қашқындар сарқырамаға
жеткен соң, бəрібір амалсыз жағаға шығады деп шамалаған олар.
Дик Сэнд енді құтылмасын білді. Өзімді өзім құрбан етіп
жабайыларға жемтік болсам, жолдастарым аман құтыла ала ма? — деп
ойлады ол. Дик байсалды қалпынан айнымады, мүлде жайбарақат
қайықтың тұмсығында тұр. Жабайыларды мылтығымен жасқап өзіне
жолатпады.
Бұл кезде жабайылар қайық үстіндегі шөп қалқаны жұлып
тастаған-ды. Олар қайықта көп адам бар деп үміттенген, ал қазір онда
болғаны жалғыз-ақ адам барын көріп, əбден ызаға булықты. Сегіз
күнгі еңбегіміз босқа кетті деп итше ұлыды. Бірақ олардың біреуі
өзеннің сол жағына қарай қолын созып миссис Уэлдон мен
Геркулестерді көрсетті.
Ол бейшаралар арғы беттегі болып жатқан уақиғаны көріп не
істерін білмей естері шыға қорқып папирус арасынан жүгіре шығып
еді. Дик Сэнд өз басының тағдырын мүлде есінен шығарып,
жолдастарын аман құтқарудың амалын ғана ойлады.
Жабайылар қайықтың ар жағынан келіп үске шықты да, қайықты
суға итеріп жіберді. Диктің қолында мылтығы болғандықтан
жабайылар бірден бас салып шабуыл жасауға батылдық ете алмады.
Жабайылардың біреуі ескекті ала салып, қайықты ағысқа көлденең
жүргізді.
— Қашыңдар! — деп айқайлады Дик Сэнд жолдастарына.—
Қашыңдар!
Бірақ миссис Уэлдон да, Геркулес те қыбыр етіп қозғалған жоқ,
тұрған жерінде тұра берді.


Қашу керек? Бірақ қашқаннан түсер пайда бар ма? Бір сағаттан соң
бəрібір жабайылар оларға қуып жетеді...
Дик Сэнд бұл жағдайды жақсы білді. Əйтсе де ол өзінің дос
адамдарын құтқарудың амалын тапты. Дик мүлдем қобалжыған жоқ.
Мылтығын төмен түсірді де көздеп тұрып атып жіберді. Жалғыз оқ
күрек сабын жарып өтіп еді, ескек ортасынан қақ бөлінді.
Жабайылар зəресі ұшып өкіріп-бақырып азан-қазан болды.
Басқарусыз бетімен кеткен қайық сарқырамаға қарай тұп-тура
зымырап бара жатыр. Қайық əп-сəтте су құламасына жетті, көз ашып
жұмғанша болмай қайық пен астаң-кестеңі шығып күркілдеп жатқан
түпсіз шыңыраудың арасы небары жүз футтай-ақ жер қалды.
Миссис Уэлдон мен Геркулес Диктің не ойлағанын түсіне қалды.
Ол өз басын құрбан етіп, жолдастарын ажалдан құтқару үшін қайықты
түпсіз шыңырауға сүңгітіп жабайыларды тұншықтырып қыруға бел
байлаған. Бірақ олармен бірге өзі де құриды.
Миссис Уэлдон мен кішкентай Джек Дикпен қош айтысып қол
бұлғады. Ашынып, амалы құрыған Геркулес оған қарай қолын созды.
Осы сəтте жабайылар суға секірді, шамасы, олар сол жақ жағалауға
жүзіп шығамыз деп үміттенсе керек.
Диктің көз алдында аранын ашып өлім төніп тұр, сонда да болса ол
асып-сасқан жоқ. Қайықтың түбі үске қарай аударылып кетуі оған жан
сауғалаудың үмітін сездірді.
Қатты ағыс қайықты су құламасына іліп əкеткен кезде, Диктің
алдында екі түрлі қауіп төніп тұрған: біреуі, көз ілескісіз тездікпен
төмен құлап бара жатқанда қарсы соққан ауаға тұншығу; екіншісі, су
жұту. Егер ол аударылған қайықтың астына түссе, мына екі қауіптің
екеуінен де аман құтылар еді. Сондықтан оның əлі де болса өмірден
үміті бар.
Өлім мен өмір арпалысып Диктің көз алдынан əп-сəтте елестеп
етті. Ол сүңгіп кетіп қайықтың астына түсті де отырғышқа жармасып,


қараңғы түнекте басын судан шығарды. Көз ашып-жұмғанша болған
жоқ, күшті ағыстың қайықты шыңырауға қарай зымыратып бара
жатқанын сезді.
Қайық сарқыраманың түбіндегі терең иірімге сүңгіп кетті де шыр
көбелек айналып, қайтадан үске қалқып шықты.
Дик Сэнд асқан жүзгіш болатұғын, ендігі жерде аман қалудың бар
сенімі өзінің қол күшінде екенін білді. Ол ширек сағат ағыспен
арпалысып сол жақ жағаға жүзіп шықты. Кешікпей-ақ миссис Уэлдон
мен Геркулес те келіп оны құшақтап сүйіп жатты.
Бірақ астаң-кестеңі шығып құтырынған тасқын жабайыларды тегіс
жұтты. Ешқандай қорғанышы жоқ сорлылар шыңырау түбіне жетпей-
ақ құлап бара жатып жолда өліп болды. Зіркілдеген тасқын олардың
өлімтігін пышақтай өткір құздарға апарып соқты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет