«Кәусар» баспасы Нұр-Сұлтан – 2020



Pdf көрінісі
бет5/17
Дата04.02.2023
өлшемі0,95 Mb.
#167418
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
Байланысты:
Мұң Қосбасар1

Зәрубай СҮЙІНДІКҰЛЫ,
әуесқой композитор, ақын,
Қазақстанның мәдениет қайраткері
АҚ ЖОЛ САҒАН, ДОМБЫРА!
Әлі есімде қақтаған қыр аптабы,
Әлі есімде шағын ауыл, қыраттары...
Толағай, дәл тұсыңнан өтіп барам,
Япыр-ай, ауызекі тіл қатпадың.
Толқыған шалғыны мен құрақтары,
Әлі де аға ма екен бұлақтары?..
Толағай, тұнжырайсың ойға батып,
Орал жайлы неліктен тіл қатпадың?
Өмірдің шешілмеген сұрақтары,
Құлындай шұрқырайды жырақтағы.
Атқан таңды қарсы алар Биігім-ау,
Күй жайлы неліктен бір тіл қатпадың?
Жауапсыз көкейімде сұрақ тұрсың,
Күй қайда қандыратын құлақ құрышын?
Сағынышың бұлтқа айналып, Толағай,
Әлде сен ағыл-тегіл жылап тұрсың?


15
Ал, Толағай, жылдар өтті не түрлі,
Сылти басқан ұлың қайда кекілді?
Оралың жоқ, қауышайық екеуміз,
Көп көріспеген ағайындар секілді.
Толағайым, дүр сілкінші бүгін бір,
Мына жұртқа күйші жайлы ұғындыр.
Шабыт беріп асқақтатшы өзіңдей,
Ақылбектей сол Оралдың ұлы жүр.
Болмысыңнан бекзат едің, текті едің,
Күйің қандай нөсеріндей көктемнің.
Қайран Орал, барша қазақ баласы
Сағынды ғой қайталанбас шертпеңді!
Орал...
Осынау аяулы есім алдымен алаңсыз балалық шақты көз алдыма 
елестетеді.
Бірде әкем нағашы жұртқа апарды, 11-12 жастағы кезім. Оныншы 
ауылдың жайлауы Толағай тауының маңында екен. Оралмен таныстығым 
сол жерде басталды. Сонда жүргенде бір байқағаным, қолы қалт етсе, 
Оралдың қолынан домбыра түспейді. Киіз үйдің көлеңкесінде отырып 
алып шертеді кеп, Толағайдың найза ұшы бала көңілді зеңгір көкке жете-
легендей...
Сонымен, сәуір айының орта шенінде Ақжал ауылы ақсақалдар 
алқасының төрағасы Серік Қамбаров ақсақал маусым айының ортасын-
да Оралдың еске алу кешін ұйымдастыру жоспарланғанын хабардар етті, 
іле-шала Қарағанды қаласында тұратын баласы Ақылбек қоңырау ша-
лып: «Аға, еске алу кешін өткізуді ағайындар қолдап отыр, осыны бірлесе 
өткізейік», – деп ұсыныс жасады. Мен бірден: «Орал – қайталанбас дара-
боз, саңлақ күйші. Оның қазақ музыкасына, оның ішінде шертпе күйдің 
үлгісін дамытуда өлшеусіз еңбегін ауылдық дәрежеде өткізуіміз оны 
төмендетуіміз емес пе? Берісі аудан, әйтпесе облыс, республика көлемінде 
өткізуге әбден лайық. Оралдың күй шертісі ешкімге тән емес, оны тыңдаған 
мамандар құбылыс деп бағалайды», – дедім.
Шынында да, тартып отырған домбыраңды Орал алып шерте жөнел-
генде: «Япыр-ай, мынау жаңағы домбыра ма адамша сөйлеп кеткен?» – деп 


16
таңданасыз. Сол жерде Орал тартқаннан кейін ешкім домбыраны қолға ал-
майды. Тіпті, бірде сол елге атақты күйші Мағауия Хамзин, дүлдүл әнші 
Жүсіпбек Елебеков келіп, концерт қойған екен. Сол кездегі «Ақшағыл» 
совхозының директоры, өзі күйші Манарбек Сағымбеков ақсақал (бүгінде 
бақилық болған): «Мақаң күй тартып, Жүсекең дастарқан басында ән 
шырқады. Бір кезде біз Оралға күй тартуға ұсыныс жасадық. Әбдидің 
«Тәубе қосбасарын», Қыздарбектің «Жұбату» күйін аңыратсын. Өнер ада-
мы ғой, Мақаңның есі шығып кетті. «Ей, бауырым, мұнда неғып жүрсің? 
Мына алтыннан қымбат саусақтарды ауылда қор қылып жүрсің ғой. 
Алматыға кел. Мынандай ғажап шертісті бірінші көріп отырмын» деп 
таңданғанын жеткізді. Қоярда-қоймай Оралға оннан астам күй тартқызды 
және бәрі де жаңа күй!» – деп еді бір жүздескенде.
Оралға разы болғанда сондай, Мақаң кетерде: «Көзімдей көріп жүр», – 
деп өзінің домбырасын сыйға тартып кетіпті. Сол домбыра әлі күнге дейін 
сақтаулы.
«Оралдың кешін осы кіндік қаны тамған жерде өткізейік, әрі қарай 
өмір көрсетер», – деп туысқандары уәж айтты. Сонымен, өткізетін болып 
шештік. Ойға Кәмел Жүністегі ағам оралды. Сонау ешкім шертпе күйге 
мән бермей жатқан заманда жаман «Запорожец» машинасымен, бір адам 
зорға көтерер магнитофонын алып, Бетпақдаланы ерсілі-қарсылы кезіп, 
күй мұраны барынша жазып алған адам ғой ол.
Қоңырау шалып мән-жайды түсіндіріп едім, Кәмекең: «Кеш те болса 
еске түскен екен. Ойлаушы едім «Осынау асыл қазынаны неге жинадым, 
неге ешкім іздемейді?» деп. Оралдай қайталанбас тарихи тұлғаның өнері 
шаң басып жатуы – қазақ өнерінің алдындағы қылмыс деп түсінемін. 
Ертең түстен кейін үйге келші, ақылдасайық», – деді.
Айтқан уақытында бардым. Амандықтан кейін Кәмекең бір ораманы 
алып шығып: «Міне, Оралға қатысты дүниелер», – деді. Баяғы домалақ 
магнитофон лентасын көрсетіп: «Осыдан 35 жыл бұрын жазылған 
дүниелер, оны ойнататыным жанып кетті. Ал Оралдың бақилық болар ал-
дында жазғанымды әйтеуір көшіртіп жазып алдым», – деді.
Бейнебаянды қойып көріп отырмыз. 1997 жылы күзде Астанадан кел-
ген тележурналист Төлеутай Дамиев, Орал, Төрехан, тағы да басқа өнер 
жоқтаушы бір топ азамат Қызылтау өңірінде болып, осы маңдағы Кене-
сары қамалы туралы түсірілім жасаған. Кәмекең қамалдың бас-аяғын, 
Кенесары құдығын көрсетіп сөйлеп жүр. Бір мезгілде Орал домбыраны 
қолға алып, бір биіктен күй бастай жөнелді. Кәмекеңе қарасам, екі көзін 


17
тарс жауып алып креслода отыр, күй аяқталғанша тапжылмады. Күй 
аяқталысымен: «Пау, дүние-ай!» – деп Кәмекең терең күрсінді, қарасам, 
жанары жасқа толып тұр екен. Кім біледі, елі үшін жат жерде көрген 
зорлық-зомбылығы ма, өмірдің өкінішті бір сәттері ме, орындалмай 
жатқан армандары ма, әйтеуір Оралдың күйі көп нәрсені ойға салғандай 
болды. «Қайран Орал-ай, бір өзі бір оркестр ғой, әттең, «Мәңгілік сарынға» 
ілікпей кетті, әйтпесе сол шараның көшбасшысы, жарық жұлдызы бола-
тын азамат еді», – деп бір қойды.
Сол күні Ақжал кенті үлкен бір мерекелік шараға әзірленген әсері 
көзге ұрып тұрды. Жаңа ғана жауып ашылған күн даланы ерекше бір нұрға 
бояп тұр. Ауыл әкімі Нұрғалым Рахымжанов, Мәдениет үйінің директоры 
Нұрбала Мұқатаева қонақтарды тосып алып, жай-жапсарды түсіндіруде. 
Мәдениет үйінің фойесіне Оралға арналған келісті стенд те қойылған екен. 
Халық жыртылып-айырылады. Ине шаншар орын жоқ. «Қазақстан-
Қарағанды» телестудиясы интервью алып, түсірілім жасап жатыр.
Алдымен мен сөз алдым. Құран күй тарихына аздап тоқталу керек бол-
ды. Оралдың ұстазы, өзінің әкесі Исатай, Әбікен пір тұтқан (шамасын ой-
лай беріңіз) Рысқұлбек күйшілерден тәлім алған жас ұлан қандай болуға 
тиіс?! Уақыт өте ақын, сал-сері, әнші Самат Мұсабеков, шертпе күйдің 
шебері Дәулетбек Сәдуақасұлы – бәрі бірге жүрді, күй тартысты. Орал 
осындай қасиетті ортаға тап болды, ананың сүтімен келген табиғи дарын 
күй құдіретінің шырқау шегіне шығарды.
Сонымен, кеш басталып кетті. Сахна төрінде Оралдың домбырасымен 
қыран құстай қомданып отырған суреті сахнаның артын түгелге жуық жа-
уып тұрды.
Сөз кезегін жазушы Кәмел Жүністегі алды. Кәмекең аянған жоқ. Сөз 
аяғында: «Оралдың арқасында Қыздарбек, Сембек, Әбди, Мақаштардың 
бірталай ғажап күйлері бүгінгі күнге жетті, соған тәубе деуіміз керек. 
Өмірде осындай қазақ өнеріне шын берілген, шын жанашыр болмаса, 
қазақ мәдениетінің қаусап қалған қабырғасы түгенделмес еді. Қазір сіздер 
1997 жылғы «Құба белдер» бейнебаянын көріңіздер. Осы фильмде Орал 
екі күй орындайды», – деп Кәмекең орнына отырды.
Оралдың таудың биігінде, жел өтінде отырып тартқан күйі қандай 
анық, шебер, көркем орындалған. Арнайы студияда жазылған күйлерден 
артық болмаса, кемдігі жоқ.
Белгілі күйші, кешегі Дәулетбек ағамыздың ізбасары Қайролла 
Сәдуақасұлы Қыздарбек күйшінің күйлерін сорғалатты.


18
Оралдың осынау мерекесіне ден 
саулығының сыр беріп жүргеніне 
қарамастан қарымды қаламгер Өмір Кәріп ағамыз келді. Өмекең Оралмен 
көп кездескен, талай күй додаларында бірге болған. Оралдың күй шертісі, 
адами болмысы, азаматтығы туралы ақтарылды: «...Шалт қимыл, артық 
қағысты көтермейтін шертпе күйдің табиғатын тамыршыдай дөп басып, 
кәнігіленген ол сауатты саусақтарымен домбыра ішегін бипаз шертіп, дәмді 
дыбыстарды сапыра бастағанда табиғатқа тіл бітіп, аққуы сұңқылдап, са-
рыала қазы сыңсып, қурайы ызыңдап, күміс бұлақтары сылқ-сылқ күліп 
ағып жатқандай әсерге бөленесің...» Бұл – Өмір Кәріпұлының ақиқаттан 
айтылған сөзі, мұнан артық теңеу болмақ емес.
Іле-шала Ардақ осы өңірдің әнші-күйшісі Самат Мұсабековтің «Мен 
қазақпын» деген атақты әнін шабытпен орындады. Бұл – Совет үкіметінің 
қыспағы кезінде туған ән. Зал тік түрегеліп қол соқты.
Осы күй мерекесінде айтыскер ақын, бүгінде шертпе күй орталығы 
«Сайгез» қоғамдық қорының президенті Қуаныш Мақсұтов шертпе күй са-
ласын дамытудағы келелі істер туралы айтса, Жезқазғаннан арнайы кел-
ген ақын, ғалым Ғазиз Ештанаев Орал ағасы туралы естеліктерін айтып, 
арнайы жазылған жыр жолдарын арнады. Қарағанды қаласынан келген 
дарынды күйші Қалкен Қасымов Тәттімбеттің «Бестөресін», Аққыздың 
«Жетім қызын» төгілтсе, Тәттімбет атындағы музыкалық колледждің 
ұстазы, жас талант Мадияр Сүлейменов Қыздарбектің «Жұбатуын», 
Әбдидің «Қосбасарын» арнасынан ағылтты. Мынандай күй легінен 
отырған халық теңселіп кетті. Сайдалы сары Тоқаның төрт толғауының 
біреуін ауылдан келген Ертай Жәнібеков орындады. Дәулескер күйші 
Исатай әкеміздің ұрпағы Орал шебер күйші болса, осы күй мерекесі 
үстінде бүгінгі жас ұрпақтар өздерінің табиғи дарындылығымен елдің 
ықыласына бөлене түсті. Оралдың қызы Гау хар «Көкейкестіні» шертіп, 
Майлықожаның термесін шырқағанда зал дүрілдете қол соқты. Одан әрі 
немерелері Ақниет Әбдидің «Зар қосбасарын», Көркем мен Ажар «Әке 
туралы әнді» тамылжыта орындады. Ал көктемдей көк көйлек киген, 
еліктің лағындай Айшуақтың орындауындағы «Домбыра туралы толғау», 
«Перзент парызы» әндері осы кештің мерейін одан әрі асқақтата түсті.
Кезек маған келді. Толағайдың баурайында аяғын сылти басқан, 
әдеміше келген балаң, сырбаз Орал құрдасым көз алдыма келді. Күй тарта-
рында күрсініп, аһ ұратын Әбікеннің «Қоңырын», «Әттеген-айлап» отыра-
тын Аққыздың «Қосбасарын» тарттым. Сиясы кеппеген Орал құрдасыма 
арналған өлең жолдарын оқыдым.


19
Кеш соңынан Оралдың ағайындары Серік ақсақал, Қозыбай, Несіпбек 
саханаға шығып, аудан әкімшілігіне, мәдениет бөліміне алғыстарын айт-
ты. Несіпбек Оралға арналған «Жаралы жүрек» атты өлеңін оқыды. Аудан 
әкімінің орынбасары Азамат Азатұлы ұрпақтарына, ағайын-туыстарға 
аудан әкімі Рысқали Әбдікеровтің, мәслихат хатшысы Әділ Смағұловтың 
қолымен Алғыс хат тапсырды.
Иә, күй мерекесі өзінің мәресіне таяды. Айтпайын десең де болмайды, 
Самат әкеміз, Дәукең, Орал сияқты біртума азаматтардың ғұмыр кешкен 
жерлерінің байлығын белден қазып жатқандар, қол ұшын беріп немесе бір 
ауыз жылы сөз айтпақ түгіл, бой көрсетуге де жарамады. Өкінішті-ақ.
Жалпы, қазақтың жаны қандай бай болса, даласы да сондай бай. Елдің, 
жердің байлығын көріп жатқан сансыз алпауыттар ұлт жанашырлығы 
бойынша білімділігі мен қызметінен тест өткізіп, жыл сайын тәубесіне 
түсіріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді-ау.
Көрермен залынан шарықтаған Орал дың шерткен күйі кемерінен асып, 
Толағайға қарай, қазақтың сайын даласын бетке алғандай еді.
Ақ жол саған, домбыра!


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет