Кіріспе жұмыстың жалпы сипаттамасы



бет41/59
Дата28.04.2020
өлшемі0,95 Mb.
#64966
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   59
Байланысты:
Ауру атауларының семантика-лексикалық

Тер шықпаған кісіден, дерт шықпайды. Ауру желмен кіріп, термен шығады. Суық желдің өзі адам ағзасына әсер етіп, әр түрлі ауруға шалдықтырады. Жалпы халық медицинасында жел ауруын жылы орап тер шығару немесе жылу басу арқылы емдеп жазған. Сондықтан болса керек, халық арасында жел ауруы «термен шығады» деген ұғым қалыптасқан.

Мешелден жөтел кетпейді. Мешелмен ауырып, жүре алмайтын адамның өкпесінің қызметі өте әлсіз болып келеді. Егер ондай адамға жөтел тисе, ұзақ уақытқа дейін жазылуы қиын.

Көкірек ауру күле өлер. Көкірек ауруы алғашқыда адамның жанына батпай, білінбей өтеді. Ал ауруды ескермей, өткізіп алу адамды өлімге соқтырады.

Таз ашуын тырнаумен алады. 1. Елден ұялып, ыстық күнде де басынан бөркін алмайтын таздың басы қатты қышығанда ебін тауып қасып алатын әдетін құрбы-құрдастарының мысқылдап айтуынан қалған сөз. 2. Таз адам сияқты өмірдің тауқыметін көріп, кейістікте жүретін сау адам ашу-ызасын әлжуаздау біреуден әлімжеттік етіп алуы мүмкін.

Дәрі шөптен шығады, дана көптен шығады. Қазақ халқы ерте замандарда-ақ дәрі-дәрмектің шөптен алынатындығын айтып кеткен және өз тәжірибелерінде науқасты емдеу үшін пайдаланған.

Сары қымыз сүйегіңе сіңсе сан ауруды кеседі, сары бал сүйегіңе сіңсе кәрілік жоқ деседі.

Бақсыны байым бар деме, бұқаны малым бар деме. Бақсылық кәсіп қазаққа шаман дінінен қалған. Еркегін бақсы, әйелін құшынаш дейді. Бұлардың киім-кешегі әлем-жәлем болады. Бұлар өз үйлерінде көп болмайды. Көбіне ел ақтап, ауруларды аралап жүреді. Бақсы шағатай сөзі екені мәлім, бұл тәуіп, шаман, сәуегей, көзбояушы дегенді білдіреді. Жын-сайтан мен рухтардың көмегіне жүгінеді, өз қобызының шыбығын қабырғасынан өткізеді, пышақты ішіне сұғып жібереді, ине жұтады, қып-қызыл болып қыздырылған кетпеннің үстінен басып жүреді, т.б. Көп жағдайда болашақ бақсылар бақсылыққа дейін-ақ сырқатқа шалдығады, ауырып, жынданады. «Бақсыны байым бар деме, бұқаны малым бар деме,» - деген міне, осы мәселелердің негізінде қалыптасқан болуы керек. [51;106]

Сарымсақты жедің бе, сырқатыма ем дедің бе? [52]

Ас ішсең, атауыңдай іш, ауырсаң, мұрттай ұш. <ауыс. ас ішсең, керіліп-созылып отырмай, өлер алдында ішетін атаулы соңғы асыңдай, асығып-үсігіп (тез) іш; ауырсаң да кірбіңдеп (бірде ауру, бірде сау адамдай) жүріп алмай, жалпаңнан түсіп, төсек тартып жатып ал; бұл кеңестің мәні: әр нәрсенің тез басталып, тез біткені, нәтижелі болғаны абзал демекші> [47;202]

Ауру – астан, дау – қарындастан. 1. Адам аурулары көбіне денсаулыққа зиян келтіретін, бойындағы дертке жақпайтын тамақта ішіп-жеуден пайда болса, әр түрлі ұрыс-керісті, дау-дамайды көбірек шығаратын бөтен адамдар емес, басқалардан гөрі бірге жүріп, қыр-сырыңды жақсы білетін жақын тумалар бастайды демекші; 2. ауыс. адамның басына келетін бәленің бәрі: ауру да, дау да, жала да жақыныңнан, өз төңірегіңнен шығады дегенді аңғартады.

Ауру қалса да, әдет қалмайды. Ауру адам емделсе, күтінсе кетіп қалатын уақытша құбылыс болса, жастайынан үйренген, ана сүтімен кіріп, сүйекке сіңген әдет тек адамның өзімен бірге кетеді, одан арылам деп қанша тырысса да, бойда оның қалдығы қалады [53].

Ауырып тұрдың, аунап тұрдың. ауыс. ауырып қалып, дерттен құтылып, құлан таза болған адамға айтылатын жұбату сөз; оның астарында ауру да, ауырғаның да тез ұмыт болады, мәселе – сол аурудан құтылуда демекші.

Бірінші байлық – денсаулық, Екінші байлық – ақ жаулық, Үшінші байлық – он саулық. Байлықтың ішіндегі ең қымбаты да қастерлісі адамның денсаулығы, одан артық байлықты қазақ қауымы мойындамайды; ал денің сау, аурудан аман болсаң, одан кейінгі байлыққы сүйіп алған жан жарың, жатады; бұл екеуі түгел болса, одан кейінгі байлық – жинаған мал-мүлкің.

Демі бардың, емі бар. Кеудесінде жаны бар, бойында әлі бар, демін алып жатқан тіршілік өмірден үміт үзбегені жөн, өйткені оны емдеуге болады деген сөз.



Денсаулық – зор байлық. Байлықтың түрі көп: рухани байлық, дүние, мал-мүлік байлығы, жер-су байлығы, алайда, адам үшін ең қажетті, бұлардан да қымбат байлық – ол деннің саулығы, ауру-сырқаудан аулақ болу демекші.

Жалбызымның жоқтығынан жалғызымнан айрылдым! Оңтүстік өңірде сақталған тағылым сөз. Жалбыздың зор шипалық қасиеті барлығын халық ертеден-ақ білген, бірақ оны тауып, ауруға қарсы пайдалана алмағандықтан, жалғыз баласын өлімнен халық емін жасап, аман алып қала алмаған ата-ананың мұң-зары.



Көзің ауырса – қолыңды тый, ішің ауырса – аузыңды тый. Көздің ауыруы оны кір қолмен уқалай беруден, қол тигізе беруден қабынып, асқына беретіндігі болса, іштің ауыруы не болса соны жей беруден болады, сондықтан да ішке жақпайтын тамақты, ішімдікті тоқтату керек деп кеңес беру осыдан.

Қай жерің ауырса – жаның сол жеріңде. 1. Қай жері ауырғанын сезінген адамның жаны да сол жерінде тұрғандай болады.

Қысың тұманды болсын, Ауруың тұмаулы болсын! Тұман басқан қыс күндері жылы әрі малға жайлы болса, тұмау да – адам ауруларының ең жеңіл түрі; бұл тілектің мәні – қысың жылы болсын, науқасың жеңіл болсын дегенді аңғартады.

Соқырдың іздегені – екі көзі. Адам, әдетте, зінде жоқ нәрсеге әуес, іңкәр. Басқаларға қарағанда соқыр адам жоқ көздің қадір-қасиетін артық білсе керек. Сондықтан да оның бұл жарық дүниеден өмір бойы іздейтіні жоқ көзі.

Сұрап алған аурудың емі жоқ. Өзіне зияндығын біле тұра істеген істің (жағымсыз тамақ, арақ ішудің, темекі тартудың, нашақорлыққа түсудің) дауасы жоқ. Өзіңе-өзің істеген жазылмайтын жаман аурумен бірдей демекші.

Сүйелдің қозылы қойлық жаны бар. Қазақтар сүйелдің екі түрі – ақ сүйел, қара сүйел бар деп есептейді. Қара сүйел өздігінен ұшып кететін елеусіз сырқат та, ал ақ сүйел елеусіз қалдыруға болмайтын, оның әлегі мол, ем-домы, садақасы қосылып, бір қозылы қойлық шығыны бар екенін аңғартып тұр. [54]

Сынықтан басқаның бәрі жұғады. 1. Сүйек сынығынан басқа аурудың бәрі жұғымтал, сондықтан олардың бәрінен сақтану қажет деген сөз. 2. Адамға тән жаман әдеттің бәрі жұқпалы аурулар сияқты басқаларға ауысуға, жұғуға бейім.

Таз – тақиядан (жұғады). 1. Бастың таз болуы таз адамның тақиясын қателесіп киюден, не кигізіп жұқтырудан болады. 2. бір адамның басындағы жаман әдет, қылық екінші адамға өзара етене тығыз араласуынан, жақын жүруінен ауысады.

У да – бір дәрі. 1. Адамды, жан-жануарды емдейтін сан алуан дәрі-дәрмектердің ішінде у да шипалық қасиеті бар дәрінің бірі, тек оны кеселін дәл тауып, дұрыс қолдана білу қажет. 2. Зиянды, теріс әсері басым саналатын кейбір заттың қажетті сәтінде, ретін тауып қолдана білсе, зор пайдасын тигізуі де мүмкін.

Ауру аздырады, тұмау тоздырады. Кез келген ауру адамды жүдетіп тоздырады. Ал тұмау асқынып кетсе, адам ағзасындағы басқа ауруларды қоздырып, адамның жағдайын төмендетіп, қалжыратады. Бл мақал-мәтел тұмауды жеңіл ауру түрінде қарамай, оған дер кезінде ем жүргізу керектігін меңзейді.

Тұмаудың арты – құрт, Тұманның түбі – жұт. Тұмау ауруының асқынған түрі өкпе ауруына шалдықтырады және басқа ағзаларды зақымдайды. Ал, тұман кезінде малды дұрыс қадағалап қарамаса, жоғалып кетуі де мүмкін деп сақтандырады.

Қотыр қолдан жұғады. Қотыр - өте жұқпалы ауру. Ол адамға амандасқаннан, т.б. жағдайларда жұғады. Сондықтан бұл мақал әр адам өз жеке басының тазалығын мұқият сақтап жүру керектігін меңзейді.

Ауру кірді - әлек кірді. Жалпы, адамның дені сау болса, ол өмірге құштар болады. Істеген ісі алға қарай жылжиды. Сондықтан денсаулығы мықты адамның оқып білім алуға, жұмыс істеуге мүмкіншілігі мол. Ал ауруға шалдыққан адам уайымға салынып, ешнәрсені қажетсінбей, өмірден түңіледі.

Бұл нақыл сөздердің бәрі халықтың ғасырлық өмір тәжірибесінен, денсаулықты сақтау жолында күрескен іс-әрекеттер мен медициналық бақылаулардың тұжырымдарынан шыққаны ақиқат.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   59




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет