Кіріспе Метрологиялық лексика (нумеративтер мен халықтық өлшем атауларының) тіл білімінде зерттелуі және қалыптасу жолдары



бет7/11
Дата15.09.2017
өлшемі2,18 Mb.
#33004
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Құрым, кешқұрым. Қазіргі тілімізде «кешке таман, кешке қарай» мағынасында түсінеміз. «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде» кейбір авторлар «құрым» (құрым киіз, құрымдай дегендегі) сөзінің төркінін іздестіру барысында, «кешқұрым» сөзінің құрамындағы «құрымды» да өздері қарастырып отырған «құрымның» алғашқы мағынасы - «күйе», «ыс» дегендермен байланыстыра келіп, «күйе мен ыс түс жағынан қара нәрселер. Сонда «құрым» сөзі «кеш» сөзімен бірігіп «кешкі қараңғылық-кешкі уақыт» дегенді білдіріп кеткен болар деп шамалаймыз» - дейді.

Бұл топшылаудың шындыққа маңайламайтындығына басқа бір тілдік деректер куә болғандай. Сібір татарлары тілінің Томск диалектісінде құрам - «кешке» мағынасында қолданылады (Д.Тумашев, -ЯСТ., Казань, 1968, 131). Осыған қарағанда, «құрым» түркі тілдерінің өз туындысы ма деп ойлап қалуға болады. Бірақ бұған тағы бір мәлімет бой бермейді. Иран тілінде горуб – күннің батуы (Пер.-рус.сл., 1959). Мұның «құрым» қалпына дейін өзгеруіне түркі тілдеріндегі дыбыс сәйкестігінің заңдылығы жол береді. Бір таңданарлық жайт қалмақ тілінде хург – кеш, кешкі мезгіл дегенді ұғындырады (Рус-кал. Сл., 1964). Біздіңше, оларға бұл сөз түркі тілдерінің бірінен ауысуы мүмкін. Өйткені монғол тобына жататын басқа тілдерде «кеш» мағынасын берерлік мұндай тұлға кездеспеді.

Сөз соңын түйе келгенде, «құрым» сөзі парсы тілінен ауысқан болса керек. Олай болса, «кешқұрым» сөзі түркі тіліндегі «кеш» сөзіне иран тілінен енген сөз қосарланып, бір мағынаны қайталап тұр.

Тапа, тапа тал түс. Түсіндірме сөздіктегі түсінік – шаңқай түс Тапа-тал түс болғанда, Қызылменен боятсаң О да саған көрінсе (2-том, 201-б, «Сайын батыр»).

Бұл сөз тіркесіндегі бізге мағынасы түсініксіз - «тапа». Ал қалған «тал түс» сөздерінің төркінін іздеп жатудың қажеті шамалы. Өйткені екеуі де өте ертеден қолданылып келе жатқан сөздер (ДТС., 600).



Кейбір деректерге қарағанда, «тапа» сөзін «дапа» тұлғасымен байланыстырған жөн сияқты. Қырғыз тілінде «дапа» - мезгіл, уақыт мағынасында қолданылады. Қырғыздарға бұл сөздің арабтардан ауысқаны белгіленген (КРС.,1965,185). Егер осы мәлімет бойынша, түсінігін жеңілдетсек, «тал түс» - «уақыт дәл түс» дегенмен бірдей. Ақынның өлеңдерінен, жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінен шаршы түс, тапа-тал түс, тал түс тіркестері кездеседі : Тал түсте күн батқандай боп қалғаны, Арғын түгіл, Найманға қатты батты («М. Жұпарұлы», 2-т, 62-б).

М-Ж. Көпеев шығармаларында уақытты болжайтын бұлардан басқа сауын мен сауым, қадым, бөрте, ілкі тәрізді өлшем мәнді сөздер бар. Сауын, сауым сөздерінің уақытты аңғартатындығына байланысты кейбір пікірлерге орын беретін болсақ, В. В. Радловта : «Саун аітты он приказалъ все приготовитъ для пришества; саун аіту оставленіе кумысу къ свадевному пиру [4-т, часть 1, 235с]. Ел жайлауға беттегенде сауын айтылмай, елдің жайлаудан қайтарына қарсы айтылып, қайта көшіп бара жатқан бетімізден ағайын шақырған асымызға келмеді дер деп ұялғаннан зорға келдік ( М-Ж. 2-т, 88-б). Сауын сөзімен бір мағынада қолданылатын сабағат лексемасын да М-Ж. Көпеев шығармасынан ұшырата аламыз: Мұнда әруақтың соңы болған, Айдаболдың Шоңы болған Шоң деген кісі бар. Қай жерге қарақшы тігеміз, атты қай жерден жібереміз деп, маған сабағат салмады деп қияңқылық қылып жатқаны (2-т, 87-б). Сауын айтудың басты мақсаты асқа шақырылатын халықтың толық, ұйымшыл түрде келуін қамтамасыз ету. Сауын айтуға жіберілетін жанның өзі сөзге шешен, салт-дәстүрден терең хабары бар парасатты болуы тиіс. Сауын айтылып, ел хабар алған соң, асқа бару қамына ерекше жауапкершілікпен кірісетін болған. А. Қ. Тұрышев ойынша: «Сауын айту – уақыт өлшемі , сауатын кез болды сөзінен барып шыққан сияқты. Ол уақытта мал көп болған, қосақта тұрған қой, ешкі де сауылған, көрші – қолаң сауынға көмекке шақырылған. Бұны тура мағынасында «сауын айту» деген [194,396]. Будагов та сауым сөзінің түп - төркінін ашып, өзіндік пікір қосқан : «Удой – бие саумы, сауым одинъ удой кобылы, т.е. промежутокъ времени отъ одного удоя до другого, продолжающійся около двухъ часовъ (киргизы опредъляютъ время вообще, этими промежутками, и потому если нужно сказать, напр. 4 часа времени, то говорятъ: биенің айқын сауыны), 6 часовъ: биенің ауық сауыны и т.д., доятъ же кобылъ разх 5 въ денъ) [195,694]. Сауым бие желінінің сүтке толып, құлынын емізетін және сауылатын кезінің болғанын білдіреді. Бас сауым, кейінгі сауым, жебе сауу деген түрлері бар. Бас сауым – күні бойы сауылатын биенің ең алғашқы сауылған мезгілі, уақыты, кезі. Кейінгі сауым – биені ағытар кездегі соңғы сауым. Жебе сауу – биенің бас сауымынан соң, жарты сағаттан кейін қайтадан қайталап саууды айтады [196, 397]. Түсіндірме сөздікте: «Сауым – зат. Бие сауындарының аралық мезгілі. Сауын - 1. зат. Сауылатын, сүт беретін мал (ҚТТС, 250-251б). Қой – қозысы құрғыр жоқ болса да, ешкі – лақ бар еді. Сауыны болғанда, саудыруға өздері келеді (9-т, 120-б). Ханның қасында бір қарашы кедей үй қоңсысы болған екен, төмен тартар сауыны жоқ екен (6-т, 66-б). Тарихи деректерге назар аударуда кедейлердің күнкөріс қиындығынан байлардан сауынға мал алып, сонымен отбасын асырайтын жағдайлары жиі кездескен. Алған сауынының орнына сол байдың бүкіл шаруашылық жұмыстарын тындырған. Сауын сөзі тек уақыт мезгілі ғана емес, сонымен қоса еркек және ұрғашы малды айыруда да қолданылған. Сыр елінде «асар», «үмме» жасағанда сауын айтқан [197,11]. Шілденің он бесінде сауын айтып, Жаныстың Сәтбайының асы болды ( 6-т, 266-б). Бұл сөйлемдегі сауынның мағынасы – елді үлкен жиынға, асқа шақыру.

Ауыз әдебиетінің бай үлгілері «Айман – Шолпан», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырларында да сауын айтып, елді үлкен шараға жинау дәстүрі бар. Жырға сүйенсек: Бір тұтқа кіші жүзде бай еді деп, Шөмекей Маман байға айтты сауын немесе Сауынды тұтқалы елде ептіге айтты, Былғайтын егескенде кектіге айтты [198,20]. Бұл мысалдарда сауын үлкен асқа шақыру, құрмет тұту мағынасында қолданылған. 1876 жылы Ақкөл-Шортанды өңірінде керей Сағынайдың асы өткендігі тарихтан мәлім. Баласы Нұрмағамбет те әкесінің қайтыс болғанына бір жыл толғаннан кейін күллі үш жүздің баласына сауын айтады.



Ойымызды жинақтайтын болсақ, сөздік қорымызға енген уақыт, мезгілді білдіретін метрологиялық мәндегі тілдік бірліктер қатары мол. Уақыт межесін анықтап, мезгіл, мерзім, уақыт көрсеткіштерін тұрмыс-тіршілікпен байланыста қарау қазақ халқында тіпті ерте кезден бастау алғандығы белгілі. Төрт құбыласын түгендеп, үнемі іздену үстінде болған аталарымыз уақытты дәл болжап, сағат болмағанмен, секундқа дейін дәл анықтап беретін бай тәжірибесі болған. Түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы бағыт пен тұсты анықтауда, уақыт мөлшерін дәл белгілеуде өлшемдік мағынадағы мағыналы сөздер мен сөз тіркестерін шебер де ұтымды қолданған. Тал түсте, яғни күн шақырайып төбеге түскен кезде малды суатқа қойған не көлеңкеге иірген, бұл мезгілде малдың өзі де жайылмаған. Таң ата малды өргізген, осы мезгілдің малдың жайылымы үшін қолайлылығы белгілі. Күн ұясына кірер кезде малды қораға қарай беттеткен. Тіршілік ортасын, айналасын сандық және кеңістік, уақыт тұрғысынан сипаттауға ертеден көңіл бөлген. Бұл бөлімде М-Ж.Көпеев шығармаларынан орын алған уақыт өлшемдерін арқау еттік. Сауын, сауым, бесін, екінті, қадым, бөрте, ілкі тәрізді ескілікті мағынадағы уақыт атаулары, таң, түс, кеш, түн, жаз, қыс, күздікүні, жаздыкүні тәрізді метрологиялық мәндегі ұғымдар, сүт пісірім, ет пісірім, бір шай қайнатым уақыт тәрізді фразеологиялық орамдар жиі ұшырасатындығы байқалды. Қай салада болмасын өзіндік ой-тұжырымдарын білдіріп, өзекті мәселелерді ұрпақ санасына сіңіруге ұмтылған М-Ж.Көпеев шығармашылығынан уақыт, мерзім, мезгіл, шақ мағынасындағы талай қызғылықты, ой туғызарлық деректерді таба беретіндігіміз айқын.

2.5. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларындағы ескілікті өлшемдер
М-Ж.Көпеев шығармаларынан да ескілікті өлшемдік мәндегі сөздерді аңғаруға болады. Тіліміздегі ескілікті мұраларымызды ұмытпай, ұрпақтар санасына сіңіріп отырудың маңызын заманымыздың заңғар тұлғасы М.О.Әуезов те назардан тыс қалдырмай, өз шығармаларына арқау еткен. Жазушының осы мәселеге қатысты: «Шаң басып жатқан ескілікті жинап, басын құрап, көпшіліктің мүлкі қылып беру жалғыз ғана әдебиетті сүюшіліктен тумайды. Қазақ оқушысына ой, сезім азығын беру, одан кейінгі зор пайдасы қазақ тілінің қалыптасып, нығайып өзіне біткен көркі мен күшін жинау үшін керек. Қазақтың өткен күндегі тұлғасы айқындалмай, келешегінің беті ашылмайды. Өткен күннің ұғымы мен нанымы, әдебі мен салты анықталып екшелмесе, алдыңғыға бет түзелмейді» [199,95] - деп, жазушы ескі мұраларды санадан мүлде аулақтатпай, жадымызда жаңғыртып отырудың пайдасын тілге тиек етеді. Ескілікті тірілтудің мектеп, яғни білім ордалары үшін пайдасы жөніндегі пікіріне ден қойсақ : «Әрбір мектеп нағыз ұлт мектебі болуы үшін екі діңгекке тіреледі. Біреуі сол елдің тілі, екіншісі тарихы. Осы екі тараудағы білімменен әрбір мектептің бір ұлтқа тиісті болған пішіні құралады» [200,95] - деген салиқалы ойы орын алған. С.Жанпейісованың «Қазақ тіліндегі көне нумеративтер» мақаласында жыл, сан, соқыр, түмен, қыруар, танап сияқты көне нумеративтерге этимологиялық-лингвистикалық тұрғыдан талдау жасайды. Тастүлек нумеративтік конструкциясымен қоса өзге түрік тілдерінде үш түлеген, төрт түлеген құрылымдас өлшем атаулары кезігетіндігін атап өтеді. Есептік мәні бар ескілікті нумеративтер түркі тілдерінде жете зерттелмегенін ескертеді [201, 46]. Нумеративтерді ғалым Т. Сайрамбаев байырғы және басқа тілдерден енген нумеративті сөздер деп бөледі де, байырғы нумеративтерге шынашақ ұшы, бармақ, елі, сүйем, тұтам, қарыс, қадам, табан, шынтақ, қазы, кез, құлаш сөздерін енгізеді. Ғалым өз ойын былайша жинақтайды: «Бұрын тілімізде қолданылған көзе, пиялай, қадақ, мысқал, батпан сияқты атаулар-қазір архаизмге айналған сөздер. Бір пиялай тары, бір қадақ ұн, бір батпан шойын сияқты тіркестер әдеби тілдің нормасы емес» [202,44]. Ғалым А.Қ. Тұрышев метрологияны екі топқа бөледі: 1.Халық метрологиясы : қара киік жылы, жұт, сауын, аттың майы, өсім, көтерме, несие, алымта, башмақ, соғым, сыбаға, сауын айту, асар, үмме, бөрте, самсаған, дүйім, таяқ, соқыр, жұмырық, күдір, күдіреш. 2.Ескілікті нумеративтер: сағат, сахар, сәске, сәт, екінті, бесін, намаздыгер, құптан, ширек, бесін махал, жарым, құлаш, кез, сере қарыс, сере, кере қарыс, сүйем, қадам, қадақ [203,36]. Көне нумеративтер тақырыбы Е.Жанпейісов қаламынан да тыс қалмайды. «Абай жолы» эпопеясының тілін жан-жақты қырынан қарастырған ғалым осы романда орын алған соқыр лексемасының өлшемдік мәні жайлы қызғылықты дерек келтіреді: «Раньше очень богатые люди для ведения счета своим верблюдам пользовались необычным способом: у одного из ста верблюдов выкаливали глаза, т.е одного из ста верблюдов делали слепым. И вместо того, чтобы спросить: «Сколько у него верблюдов?», обычно спрашивали: «Сколько у него слепых?», о чем свидетельствует рассказ Ауэзова «Білекке білек»: «Сіздің түйеңіздің саны неше соқыр болған ет осы, бәйбіше?». Слово соқыр в данном случае вследствие переосмысления приобретает совершенно новое нумеративное значение-«сто»[204,131]. С.Елубаевтың «Қазақтың байырғы қара есептері» кітабындағы бір көнек сүт, бір жамбы күміс, бір пітір бидай, бір ширек шай, бір әшімеңке шай, бір таймөңке шай,бір шөкім тұз тіркестерін ескілікті өлшемдер қатарына қоссақ қателеспейміз [205,60].

Ғалым Е.Жанпейісов «Абай жолы» эпопеясының тілін жан-жақты зерттеу барысында романдағы ескілікті ұғымдарға да кең түсінік берген, тілімізде жиі кездесетін мынадай өлшемдік ұғымдағы сөздерді көне нумеративтер деп есептейді: найза бойы, сойыл салым (жер), арқан бойы (жер), желі басындай ( жер), желі арқан бойындай (жер), құлақ оты (жер) т.б. С.Жанпейісова метрологиялық жүйенің ақын-жазушылар шығармаларындағы көріністерін қарастыра келіп, өзіндік ой түйінін жасайды: «Қазақ ақын-жазушыларының туындыларынан орын алатын бір бой, алты ен, бес тақа, үш қат, он екі құрсау, екі қарын (май), алты қосақ ( қой), бес буда, бір қағаз (шай), сегіз жұп, бір құшақ (отын), жалғыз түп ши, бір уыс, екі баспақ, екі зекет, екі құрсақ тәрізді нумератив мәнді тіркестердің алдыңғы сыңарлары - есептік сандар да, ал екінші сыңарлары қазір классификаторлар [206,13].



М-Ж. Көпеевтің шығармаларындағы ескілікті өлшемдерді зерттеу ісін алғашқылардың бірі болып А.Қ.Тұрышев қолға алды. Ғалымның «Мәшһүр Жүсіп шығармалары лексикасының этномәдени негіздері» докторлық диссертациясында ақын шығармаларындағы ескілікті деректердің мағынасын айқындап, бастапқы түбір-тұлғасына этномәдени контексте талдау жүргізіп, этимологиялық ізденістердің нәтижесінде тіл тарихына өзіндік нақты дәйектер ұсынды. Біз де осы бөлімде М-Ж.Көпеевтің еңбектерінде орын алған кейбір ескілікті сөздерге тоқталамыз. Олардың қатарына, яғни қазір мүлде қолданыстан шыққан, көркем әдебиеттерден ғана кездестіруге болатын атаулар қатарына қаракиік, күреш сөздерін алуға болады. Қаракиік –жыл атауы. Бұлардың қажыға барған жылы қара киік жылы еді (9-т, 62-б). Киік көшпенділер үшін қасиетті тотемдік аң саналып, халық календарына енген жыл көрсеткіші болған. Түркілер үшін киік қана емес, басқа да киелі деп санайтын аңдар болған, өздерінің иесі деп түсінген. Батырлар жырларындағы тұлпарлары қиындықта тіл бітіп, иелеріне жол сілтеп, қол ұшын созса, бұндай мифологиялық жайттар ел қорғаған батыр, ақын – жыраулардың басында да болған. Бұл иелер түрлі кейіпте көрінген. М-Ж.Көпеев еңбектерінде кездесетін алмажайын сөзі бұл ойымызға дәлел бола алады : «Олжабай батырдың» үшінші нұсқасына зер салсақ: Сілесі құрып, ұйықтап , қата қалыпты. Шырт ұйқыда жатқанда, жүрегі суылдап, құлағы шуылдап, өне бойы суынып, біреу буындырғандай буынып, ет пен терісінің арасы жыбырлап, тұла бойы шымырлап бара жатқанын сезіп, шошып басын көтермепті, көзін ашып қараса, күпшіктей сары шұбар жылан кеудесінің үстінде біресе қойнына кіріп, біресе мойнына оралып, біресе екі бұтының арасына барып, қойын-қонышын тегіс аралап жүргенін көріп, аузын ашып, қозғалмастан жата беріпті. Бәлемді көрінсе, ұмар-жұмар қылайын!-деп, басын көтеріп алса, басында бір ақ шалмалы қожа отыр . Қожа: Жоқ, шырағым, мен қожа емеспін. Өзіңнің бақ –талайың – Қайып – піріңмін! Сені дию, перілер: «Алып кетеміз!»-деп, он бес жыл аңдып еді. Мен күзетші болып алдырмап едім. Бір бүгін емес, қашан да болсаң, жүрсең қасыңда, жатсаң, басыңда болатұғын алмажайыңмын. Сені сынамақ үшін сары жылан болып, тұла бойыңды кездім, араладым. ...Ешкімнің аруағын керек қылма! Жауға шапсаң, өз аруағыңды көтеріп: «Олжабай! Олжабайлап»-шаба бер! Сары шұбар жылан болып, оқ бойы алдыңда ұшып отырамын. Өзің түгіл, «Олжабай! Олжабай!»-деп, атыңды айтқанның алдынан жау беттеп тұра алмай, қаша берер!»-деп, ғайып болды дейді. Ақынның төрт алмажайыны : сары шұбар жылан, қызыл түлкі, сары бура, қызыл жолбарыс. Қызыл жолбарыс «Абылай хан түсі және өлімі» еңбегіндегі Абылайдың бақ - талайы. «Жидебай батырдың» екінші нұсқасында Қаракерей Қабанбай батырдың бата алуға келген Жидебайға : «Төрт алмажайыным бар, біреуін саған байладым, ал, балам! - деген киелі дүниесі қызыл түлкі екен. Сол киелі түлкісі Жидебайға қиындықтардан шығуына жәрдем беріп, дем берген. Сары бура Абылай ханға шабуылдар кезінде бағыт, жөн сілтер бағдаршам іспеттес болған. Сол сияқты киікті де қасиетті аңдар қатарына қосып, даланың сәні деп есептеген, негізгі қорек, күнкөріс қажеттілігі болып саналғанымен, атуға қимайтындар да көп болған. Дәл қазіргі уақытта да бұл жануарға деген құрмет ерекше, Қызыл кітапқа енуі де оның санының мүлдем азайғандығынан хабардар етсе керек.

Күреш - қара күреш, қара бақыр, тиын мағынасындағы сөз. Л.З. Будаговта : «Куришъ самая мелкая индійская монета изъ раковинъ, получаемыхъ съ молукскихъ острововъ»[207,79].

Қара күреш (грош) тиынсыз қалғандарды, Шарапат дұғаңменен алып кеттің («Шонтыбай қажы» дастаны, 3-т, 251-б). Е. Жанпейісов : Не меньшей древностью характеризуется и нумератив күреш «мелкая монета (копейка, грош)», который вообще в казахском языке почти не употребляется. И в двадцати томном собрании сочинений М. Ауезова встречается лишь в одном месте: Алты ай жаздай қара күреш табыс таптырмайды [208]. Күрешті ескілікті өлшем қатарына қосамыз, себебі бүгінгі таңда сөздік қорымызда мүлде қолданылмайды.

Ілкі лексемасын да көне өлшемдер қатарына енгіземіз, тек көркем әдебиеттерден ұшыратуға болады. М-Ж. Көпеевте : Сонан соң бар да ілкі бұрын Саржан төреге өлең айт, онан кейін Өтебай жындыға айт, басынан сәукелесін сұра, қанша дүние берсе алма (2-т, 85-б). Ұлбике, сен сұрасаң, мен айтайын, Кәф пен Нонды жаратты ілкі бұрын (2-т, 121-б). Көне түркі жазбаларындағы мағынасы – бастапқы, алғашқы, әуелгі. Мысалы: «аң іlки Тадыкын Чурың боз атығ бініп тагді, ол ат анты. В самом начале (сражения) он (Кюль - Тегин) бросился в атаку, сев на белого коня (пренадлежащего) Тадықын Чуре; Этот конь там». М.Қашқариде: ilкі сэн баргіл [209,404]. Ілкі сөзі уақыт, мезгілді білдіретін әзірде, мезетте сияқты сөздермен тіркесіп те жұмсалады – [210,47] - дейді проф. Ш.Сарыбаев. Ілкі бастапқы, алғашқы түбір сөзі батыстың говарында көп кездеседі. Ілкі этимологиясы бойынша көптеген пікірлер бар. Э.В. Севортянның ойынша – илк бірінші, бастапқы деген мағынадан келіп шыққан (Аффиксы словообразование...С.284); С.Е Малов ілкі сөзі мүмкін іл «алға» басқа көне түркі тілдеріндегі түбірі ал «алға» өте жақындығын айтады [211,404]. М-Ж. Көпеев ілкі сөзін бастап, бұрын сөздерімен тіркестіріп қолданады. Бұрынғы, баяғы заман, алғашқы рет мағыналарын білдіреді.

Зекет: Тірісінде көп берді, Зекет деп тай мен құнанды (2-т, 35-б).

Қыдырып зекет үшін жүрген болсам, Халқымда неше түрлі құтпан байлар; Бірі жүр елу теңге борыш басып, Жүр екен зекет жиып менен жаман (2003ж, 1-т,142-б). Астан ғұшыр, малынан зекет беріп, Табады Құдайды іздеп жанын қиған (1-т, 149-б, 2003ж). Жүрмейді зекетіңе қабыл болып, Ақсақ, соқыр, тып-типыл құйрық – жалдан (1-т, 139-б, 2003ж). Жұрттан зекет алуды дұрыстауға, Байлар бала оқытты, жиып жалған (1-т, 193-б). Ішпей-жемей қайыр-зекет бермей жиып, Қайтеді ақыретте жиған малды-ай?! (3-т, 226-б). Қолданыс ерекшелігіне назар аударатын болсақ, түбір қалпында да, тәуелді септеу түрінде де, қос сөз түрінде де кездесе береді. Ақын зекет сөзін нақты өзінің тура садақа мағынасында да, кей өлеңдерінде зекетпен байып отырған үстем тап өкілдерін әшкерелеу үшін де қолданған. «Ғылым және дін» аталатын бірінші әңгімесінде ғылым мен дін негіздеріне қатысты танымдық бағыттағы құнды ойларды ортаға сала келіп, садақа сөзінің мәнісін ашады: «Егер садақаны әшкере қылып берсеңіздер: не хош жақсылық, басқалар үшін не һәм садақа беруге қызықтырып, сараңдарды мырза қылу үшін, Құдайдан алыс жүргендерді Құдайға жуықтастырып, үйір-шүйір қылу үшін. Егер хизиа берсеңіздер, өзіңізге жыһыриа бергеннен хизиа бергенің артық. Біреу үшін берсең, жыһыриа бер, өзің үшін берсең, хызиа бер! Жыһыриа садақаның төрт апаты бар: бірі – риа, бірі сымға. «Сымға» деп, атақ үшін, «жұрт құлағына естілсін!» -деп бергенді айтады...»-деп, садақаның зекеттен басқа да бірнеше түрлерін атап, қайсысын қай кезде берудің дұрыс-бұрыстығын түсіндіреді.



Құран кәрімде зекет: тазалық, пәктік, кісінің өз малынан жылына белгілі мөлшерде міндетті түрде жоқ - жітікке беретін қоғамдық жәрдемі. Зекетке жылдық пайдадан есептеп алған. Түсіндірме сөздікте: «Зекет ар. Зат, діни. Кәмелетке толған әрбір адам басына салынатын діни салық [212,383]. Қазақ тілінің сөздігінде: «Зекет - 1. діни. Шариғат заңы бойынша жоқ – жітік, кемтар, кедей адамдарға берілетін садақа. 2. тар. Қоқан хандығы кезіндегі малға салынған салық [213,272]. Құран сүресінде зекет беру игілікті іс, мүліктік көмек, қайыр – садақа деген мағынаны білдіреді. Зекет тұқымдық астықтан, алтын – күміс, дүние – мүліктен төленді. Зекет қазақтар арасында садақа деп аталады. Садақаны әрбір адам өзінің әл – ауқатына байланысты беретін болған [214,61].

Л.З. Будагов: «Зекет (зекять) ежегодная милостыня или пожертвованіе въ пользу бъдныхъ, установленное Кураномъ, как очищеніе отъ гръха, и состоящее изъ 40-й, или 20-й части доходовъ, товара, имущества и пр» [215,605]. Зекет а. [зәкат: 1. чистота; 2. милостыня; 3. десятина] – предписываемый в мусульманских странах шариатом налог на имущество и доходы, который только теоретически идет на нужды общины [216,120]. Тарихқа үңілсек: 1867 жылдың «Ережесі» бойынша Жетісу мен Сырдария облыстарында отырықшы халық үшін мынадай салықтар енгізілді: харадж, танап салығы және товардан алынатын салық –зекет. Егер өнімнің оннан бір бөлігі немесе оннан бір бөлігінің ақшалай құны болған харадж салығын егіншілер төледі. Өнім түрінде салық жинауға болмайтын жерлерден алынатын танап салығы ақшалай алынды. Бұл салықтың мөлшері танап бойынша (танап – шамамен айтқанда десятинаның сегізден бір бөлігі) және егіншілік өнімнің түріне қарай белгіленеді. Товардан алынатын зекет салығы товар құнының қырықтан бір бөлігі мөлшерінде алынды. Бұл салықты төлеген саудагер Россия жерінде бір жыл бойында бажы салығынсыз сауда етуге право алды (Қазақ ССР тарихы. Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1957, 415б). Зекет Мұхаммет пайғамбардың кесімі бойынша пайда болып, кейіннен үстем тап өкілдерінің салық салу құралына айналды. М-Ж.Көпеевтің мына бір ойына назар аударсақ: «Тас мешітке ағаш молда», - дегендей, надан байларға надан қожа, молда үйір-шүйір болып, бірін-бірі құдандалы кісідей сыйласумен зекет (зикуат), ғышыр, пітір байларға беріліп, нашардың ерніне дәнеме тимей, мезгілсіз жаңбыр, дауасыз ауру жұртты тегіс қаптап, пәле көбейіп, берек қашты (9-т, 334-б). Сөйлемге назар аударсақ, ақынның дүние жинап алудың амал-айласы үшін халықтан түрлі салық, садақа түрлерін алатын байларды әшкерелейді. Зекет, ғашыр-пітір садақаларының мешітке салынуын құптайды. «Ғылым және дін» деп аталатын бірінші әңгімесінде ойын тереңдете түседі: «Түкіргеннен көл болғанда, айналадағы қазақ халқының құдайы садақасы мешітке жиналғанда, мешіттен бай ешкім болмайды. Құдай үйі мешіт бай болса, аш-арық, кәріп-қасер (ғарып-қасар), үйсіз-күйсіз, жетім-жесір, қарыны ашқан, қалжыраған, - бәрі соны жақтайды. Әне, сонда ол – құдай үйі (9-т, 335-б). Ресей патшалығы зекетті заңдастырған болып, өз мүддесіне пайдаланды. Зекет әуелінде малға салынатын салық болғанымен, оның жыл сайын мағынасы мен мәні әлеуметтік өзгерістерге байланысты өзгеріп отырады. Егер дінге сенуші ораза күндері жиналатын, «тазару» салығы саналатын зякет – аль – фитрді (қазақша – оразаның пітірін, садақасын) төлемесе, ауыз бекітілген болып саналмайды [217,28]. «Считается, что пост будет не зачтен, если верующий не заплатит закят - аль - фитр (казах. «оразаның бітірі»,садақасы») – очистительный налог, который собирается в дни поста. И в наши дни верующий платит его как за себя, так и за каждого члена своей семьи, в том числе и за тех, рождения которых еще только ожидается» [218,39]. Қарапайым халық хан – сұлтандарға, би – болыстарға, дін басыларына зекет пен ұшыр төлеген. Зекет мал басынан, ал ұшыр егін өнімінен алынған. Зекеттен басқа хараж, танап, баж салықтарының түрі де болды. Хараж – ертеде VII-XVII ғасырларда араб басқыншылары өздері жаулап алған елдерден қараша айында салық жинаған. Салық «хараж» деп аталған. Диқандар астықтай, көшпелілер малдай төлеген, ал саудагерлер салықты ақшадай не бағалы заттай берген [219,29]. Деректерге үңілу барысы.нда «хараж» және «харадж» түрінде де кездеседі, бірақ екеуі де – салық түрі. Е.Бекмахановта: « Харадж егіншілікпен айналысатын халықтан жиналды. Тұқым себілген алқаптың көлемін «тақып» дегенмен өлшейтін. Бір тақып 6 гектарға тең болды. Бір тақыпқа бидайдан 12 чирикке дейін, яғни 78 қадақ, ал қошқа 3-тен 5-ке дейін батман (1260 қадақ) септі. Әрбір қошта 15-тен 20-ға дейін тақып болды. Қоқан бектері әр қоштан хараджға деп орта есеппен 40-тан 70-пұтқа дейін бидай алды»- деп көрсетілген [220,168]. Өсім, көтерме, несие, алымта сөздері де ақынның шығармаларында өлшемдік мәнде жұмсалатын сөздер. Биге пара, байларға өсім болды, Бой тартып арамдықтан бар ма қашқан (1-т, 29-б). Шайтаннан қылды сауда көтерме алып, Орнына бұлар жүрді, шайтан қалып (1-т, 193-б). Аттың майы тіркесі де осы мағыналас сөздердің қатарынан орын алады. Байлар кедейлерге уақытша пайдалануға берген малынан міндетті түрде пайда көруді мақсат тұтқан. М-Ж.Көпеев шығармасына назар аударалық. Ұрғашыда ақыл қала ма, Біреуден сауын сауған соң! –дегендей, ақылдан айрылып қалып, шаруа малынан береке қашып, оның үстіне алым, шығын, «Земский сбор» деген қабаттап, ел аралаған начальник, чиновниктердің жалдап мінген аттарының майын төлей алмай, кедейліктен қаңғырып, шұбырып кетті (8-т, 283-б). Парақор болған байдың белгісі: біреу ат майын сұраса, не қарызға ақша сұраса: «Пәлен уақытта кел, - деп, -сонда бір ат мінерсің, не сұраған ақшаңды аларсың», - деп, уағда қылады (8-т, 271-б). Осы сөйлемде ақын бірнеше салық түрлерінің халықты қатты күйзелтіп отырғандығын тілге тиек етеді. Әрине, аттың майынан, кез келген салық түрінен пайда көріп, мал басын өсіре беретіндер де парақор байлар екендігін ақын ашына айыптайды. Хан сарайы мен өзінің тікелей әміршілерінің пайдасы үшін мал шаруашылығымен шұғылданатын халық құшыр төлеуге тиіс болды. Құшыр отырықшы шаруаларға да, қала тұрғындарына да салынып, жан басынан алынатын салыққа айналды. Отырықшы халық жер салығын төлеп тұрды (хараж). Әскерлерді астықпен, малмен және басқалармен жабдықтауға арналған алым – «төтенше салық» белгіленді [221,151].

Зекет, харадж, танап, баж салықтары халық метрологиясына арқау болған өлшем бірліктері. Түйіндейтін болсақ, зекет – ескілікті өлшем, қазіргі уақытта архаизмдер қатарынан орын алған, тек тарихи деректерден лайықты мәліметтер ала аламыз. М-Ж.Көпеев ауыз әдебиеті үлгілерін көп жинағаны мәлім, соның ішінде : Айғайласып келгенде дау озады, Аллалап зікір салғанда, қожа озады» атты қазақ халқының мақалына назар аударсақ, зікірдің салықтан басқа екінші мағынада қолданылып тұрғандығы байқалады. Белгілі бір дінге сенуші топтар бір ортаға жиналып, зікір салып, дауыстарын шығарып Аллаға деген сенімдерін өлең жолымен жеткізу дәстүрі ара-тұра кездеседі. Бұдан шығатын түйін, зікір сөзінің де екі мағынасы бар. Біреуі – салық түрі болса, екіншісі – діни дәстүрдің бір түрі.

Қазақ тілінің рухани мәдениетіміздің қомақты саласына енетін халықтық метрологияның едәуір бөлігін ескілікті, яғни қолданыс аясынан шыққан өлшемдер құрайды. Солардың бірі – түмен сөзі. С. Жанпейісова да түмен лексемасын көне нумератив қатарына енгізіп, сайыпқыран, танап лексемаларымен байланыстыра қарайды. Ғалым: «Бұл лексема түркі, монғол тілдерінің біразында бар және оларда әр түрлі мағынада қолданылады, мысалы: туман (оsm) =туман 1. десять тысяч; туман туман тысячами, очень много; 2. десять тысяч=дивизия; 3. область; туман [222,47]. В.В. Радлов: « Туман 1) персидская монета, червонецъ=3 рубля=10 трисъ; 2) въ Бухаръ мъра земли =40000 танабовъ, въ танабъ 60 кезъ»-дейді [223, 3-т, часть 2, 1518]. «Тьма, в старинном рус. Счете 10 тыс; тьма тем – 100 тыс. В переносном значении тьма – неисчислимое множество [224, 405]. В. И. Даль сөздігінде: «Тьма – пропасть, бездна, несчетное множество. Црк. И стар – десять тысяч [225, 661]. Мұхаммед Бабырда : Түмен – (он мың) – он мың әскер құрамды білдіретін атау, түмен хазар (мыңдық), сада (жүздік), даха (ондық) болып бөлінеді [,442]. С.И.Ожеговта: «В древней Руси : сто тысяч; 2) великое множество. Тьма- тьмущая – бесчисленное множество [226,727]. Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде : «Тьма – десят тысяч, большое количество, множество; уйма [227, 850]. Парсыша – қазақша түсіндірме сөздіктегі мағынасы: «I – туман, тұман. Иран ақшасының өлшеуіш шамасы ( единица), алтын ақша. Парсы тілінде тұман он реалға ( 1/10 пехлевиге) тең ақша өлшеуіш шамасы. II. Туман, түмен. 1.Он мың әскер, он мың. 2. Қалың қол, көп, неше мың [228,66]. Бұдан шығатын түйін түмен кейбір елдерде ақша сомасын білдірсе, енді бір жерлерде сан ұғымын аңғартады, яғни өлшемдік мәндегі ұғым. Кезінде жиі қолданыста болып, шаруашылық, тұрмыстық мәні зор болып есептелсе, біртіндеп сөздік қордан ығысып, сирек қолданылатын сөздер қатарына қосылды.

Тұжырымдайтын болсақ, тілімізде сирек қолданылатын ескілікті мәндегі өлшемдердің кейбір түрлері М-Ж.Көпеев шығармаларынан орын алатындығы аңғарылды. Халқымыздың сан ғасырлар бұрынғы өмір тәжірибесінен қалыптасқан көне метрологиялық жүйелері көп, соның кейбіреуін осы бөлімге арқау еттік. Этнолингвистикалық, тарихтық деректерге назар аудара отырып, халқымыздың айнала қоршаған ортасын сандық, уақыт, салмақ тәрізді сапалық қасиеттер тұрғысынан сипаттауға өте ерте кезден ден қойғандығы аңғарылады. Ауыз әдебиетінің бай мұраларынан ескілікті халықтық өлшемдерді өте жиі кездестіреміз, олардың барлығы бірдей қолданыстан ығыстырылған жоқ, әлі де болса сөздік қорымызда, қарым-қатынас аясында белсенді қолданыста жүргендері бар. Кез келген халықтың өзін-өзі тануы ұрпақ, уақыт, мәдениет сабақтастығы жүзеге асатын оның тарихы мен рухани дәстүрлерін білмей ешқашан да іске аспақ емес. Сондықтан да болар, уақыт өткен сайын рухани мұрамызды қарастыруға деген ынтызарлық тек тіл мамандарын ғана емес, жалпы көпшілік қауымды қызықтыруда.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет