3.2. Ақын шығармаларындағы нумеративтік және метрологиялық (халық өлшемі) лексиканың семантикалық, синтаксистік ерекшеліктері
Метрологиялық лексика (халық өлшемдері) Кеңес Одағы тюркологтарының тарапынан лексика-семантикалық, морфологиялық тұрғыдан азды-көпті қарастырылғанмен, синтаксистік жағынан кең қарастырылған деуге болмайды. Ж.Ш.Ахмедова диссертациясында қазақ тіліндегі есімді күрделі сөз тіркесі құрылымындағы халықтық нумеративтер негізге алынған. Арнайы осы тақырыпты нысан еткен еңбек О.С.Қараджаның «Түркі тілдеріндегі нумеративті сөз тіркестері» диссертациясы. Қазақ және түрік тілдеріндегі нумеративті сөз құрайтын сөз тіркестеріне салыстырмалы талдау жасап, сөз тіркесін құрау заңдылықтарын анықтаған. Есімді, етістікті сөз тіркестері, басыңқы сыңардағы нумеративті сөздер деп жіктеп, екі тілдегі сөз тіркестерінің ұқсастығы мен айырмашылығына жан-жақты тоқталады. Төмендегі өлшемдік мәнді аңғартатын мынадай тіркестерді Ә.Хасенов абстрактылы сан ұғымды сөздер деп атайды: «Заттың нақты санын немесе оның мөлшерін дәл айтпай, жалпылап, жинақтап, топтап немесе мөлшерлеп, шамалап қана білдіреді: сүт пісірім, шай қайнатым, бір асым ет, ел орынға отыра, көз көрім жер, бір үйір жылқы, қоралы қой, желі-желі құлын, биенің бір сауымындай уақыт, бір көш жер»[273,300].
Сандық ұғымдар халық танымында ерекше мәнге ие, сөздік қорды жетілдіруге қомақты үлесі бар сөз табы. Сандық атаулар тек мөлшер, санау мәнінде ғана емес, танымдық сипаты тұрғысынан да көп қаралатындығы қызмет аясының ауқымының кең болуынан. Сан есім-өзінің лексика-семантикалық мағынасы жағынан болсын, грамматикалық ерекшеліктері мен сөзжасам жүйесі тұрғысынан болсын өзге сөз таптарына ұқсамайтын сөз табы. Сан атаулары көне замандардан келе жатқан ұғымдар, оларды барлық көне жазба ескерткіштері тілінен, ауыз әдебиетінің бай мұраларынан жиі кездестіреміз. Түрік тілінде сандық аталым ежелден бар. Мысалы, «Орхон-Енесей» ескерткішінің тілінде бір, ікі, үч, төрт, біш, йеті, секіз, тоқуз, он, йегірмі, отуз, қырқ, еліг, йүз, бың т.б. Грек философы Пифагор әлемнің сан күшінен құрылғандығын тілге тиек етеді. Пифагор нумерологияның ғылыми негізін қалаған. Сан есімдер сөз тіркестерін құрауға белсенді араласады, оның осы қасиеті нумеративті сөздердің сан есімдер арқылы ғана айқындалатындығынан аңғарылады. Сан есім - нумеративті сөз - анықталатын сөзімен тіркесіп барып анықтауыштық қызметіне енеді. Сан есімдер мен нумеративті сөздердің өзара тіркесі анықталатын сөздің қасиетіне сай келуі тиіс. Мысалы: бір аяқ ас тіркесін бір аяқ мата немесе қырық кез матаны қырық кез үй тәрізді тіркестерде қолдануға болмайды. Бұдан шығатын түйін сан есім, нумеративті сөз, анықталатын сөздер мағыналық байланыс, үйлесу ыңғайында болуы шарт. Сан есімдер зат есімдермен жиі тіркесу барысында мағынасы терең айқындалады.
Нумеративті сөздер сан есімнің қандай түрлерімен тіркесіп қолданылатындығы жөнінде де пікірлер әр алуан. Сонымен қоса қандай нумеративтер сан есімдермен жиі тіркесетіндігі және кейбіреулерінің сан есімдерсіз қолданылатындығы барысында да түрлі пікірлер бар. Ғалым Т. Сайрамбаев сан есімдердің нақтылы зат есімдермен көбірек, ал абстракт зат есімдермен, жалқы есімдермен тіркеспейтіндігін, тіркессе де сирек кездесетіндігін тілге тиек етеді [274,41].
Сан есімдер зат есімдермен ғана емес, етістіктермен де тіркесе алатын дәрежеге ие. Етістікті сөз тіркесінде есептік, реттік сан есімдер жұмсалады. Ғалым О.С. Қараджа пікіріне назар аударсақ: «Зат есімнің нумеративті сөз мағынасында жұмсалуының бірінші шарты-сан есімдермен қолданылуы» [275,13]. Ж.Ш.Ахмедова бұл ойды былайша тиянақтайды: «Из числительных, участвующих в образовании понятий меры, более распространены бір, екі, үш «один, два, три», изредка и далее, но только до десяти. Стоит подчеркнуть особенность употребления числителного бір, оно вступает со словами различного рода измерения. Это числительное помогает более точнее выразить ту величину, которую сообщают»[276,18]. Атап өтерлігі, бір сан есімі тілге стилистикалық реңк үстейді, тым күшейту, тым бәсеңдету, кішірейту мағыналарын білдіреді.
Бір сан есімінің қолданылу аясы өте кең. Жүзден астам сөз жасауға негіз болатын көрінеді. Есептік сан есімдердің ішінде өзінің түрлену, әр түрлі морфологиялық өзгерістерге ену, сөз тудыру жағынан да ерекше көзге түсетіні - бір сан есімі. «Негізгі мағынасы сан болғанымен, бір сөзі тілімізде қолдану қажеттігіне қарай өзге де семантикалық мағыналарға ауып және әр алуан қосымшалар қосып айту арқылы немесе қосарланып я өзге сөздермен бірігіп қолданылу арқылы көптеген жаңа сөздердің , сөз тіркестерінің жасалуына негіз болған»[277,96].
П.Хамдамов есептік сан есімдермен тіркесіп келетін нумеративтерді төрт топқа бөліп қарастырады: бір есімдігімен қолданылатын нумеративтер, 1-ден 10-ға дейінгі сандармен тіркесе жүретін нумеративтер, кез келген сан есіммен қолданылатын нумеративтер, қосарлану түрінде қолданылатын сан есімдермен жасалатын нумеративтер. Соңғысының нақтылықты емес, жуық мөлшерді аңғартатындығын тілге тиек етеді [278,12]. Бір өзінен кейінгі қолданылған зат есіммен тіркесіп, өзінің негізгі сан мағынасын білдіреді.М-Ж.Көпеевтің шығармаларына назар аударатын болсақ, сан есімдер түрлі ыңғайда қолданылады. Бірден аңғарылатыны, көп нумеративтердің бір санымен тіркесіп келуінің өте жиі кездесуі : бір ұрттам, бір қадам, бір қадақ, бір шайнам, бір аяқ, бір қасық, бір жұтым, бір ауыз, бір табан жол,бір күндік, бір арқа, бір тиындай, бір тамшы, бір елі, бір уыс, бір қарыс, бір жапырақ, бір түйір, бір тамшы, бір кесім,бір мәрте, бір мәртебе, бір қап, бір табақ, бір елі, бір мысқалдай, бір ішім, бір тілім, бір тал, бір табақ, бір пұт т.б. М.Қашқари сөздігінде де бір сөзімен тіркесіп келетін ұғымдар жетерлік, атап өтер болсақ: бір иүгрүм иер-бір жүгірім жер, бір иармақ - бір теңге, бір пішім - бір тілім; бір ақым сув- бір ағым су; бір екім иер - бір егім жер;бір иаршым иер- бір шаптырым; бір ағым иер – бір адым жер – бір аттап үстіне шығуға болатын жер, бір орұм от – бір орым шөп, бір оқтам иер – бір оқ атым жер, бір кес етмек – бір кесім нан, бір тілім нан, бір сүрүк қой – бір топ қой, бір пішім қағұн – бір тілім қауын, бір артым, бір арқа, иаршым – шаптырым, бір иаршым иер – бір шаптырым жер, бір ақым сув - бір ағым су. Жекелеген нумеративтер бір санымен ғана тіркесіп қолданылып қоймайды, сонымен қоса 10-ға дейінгі сандардың кез келгенімен тіркеседі. Ақынның шығармашылығында да бұған нақты дәлелдер жеткілікті: алты қанат, төрт елі, екі тоғыз, үш кез, сегіз қанат, сегіз өрме, бес күндік, алты айшылық, алты қырлы, алты ай, үш пұт, екі жапырақ, бес қадақ, үш мәртебе,сегіз батпан,бес шақырым, бір тал, бес қадам, төрт қадам. Дүркіндік мағынасындағы сан есімдермен келетін тіркестерге мысалдар : бір-екі елі, бір-бір саба, бір-екі ауыз, бес-алты ауыз сөз, үш-төрт ауыз, бір-екі жапырақ, үш-ақ күндік, бір-ақ тұтам т.б. Бұдан байқалатын жай-нумеративті сөздер көбінесе есептік сан есімдермен тіркеседі.
М-Ж.Көпеев қолданысындағы өлшемдік ұғымды аңғартатын сөздердің ішінде күрделі сан есімдермен тіркесіп келу жағдайлары да жиі ұшырасады. Күрделі сан атаулары толық лексикалық мағыналы сандардың бір-біріне тіркесі арқылы жасалған, әр күрделі сан атауын жасауға қатысып тұрған компоненттердің күрделі сан атауына қатысуы бірдей. Тіркескен екі толық мағыналы сандық атау бірігіп үшінші сандық ұғым жасайды. Осы ойымызды нақты мысалдармен дәлелдейтін болсақ: он бес батпан, қырық сегіз пұт, қырық бір құлаш, жүз жетпіс қадам, жиырма бес шақырымдай,екі жүз сексен құлаш,он сегіз пұт т.б. Аңғарылып тұрғандай, дара сан есімдер өлшемдік ұғымдағы сөздермен байланыста мол қолданылған, күрделі сан есімдердің тіркесі сиректеу. Сан есімдердің өлшемдік ұғымдағы сөздермен тіркесуі барысында Т.Сайрамбаевтың пікіріне назар аударсақ: «Анықталатын заттар көбіне санмен тіркескенде ғана оның нумеративтігі айқындала түседі. Ал, тұрақты тіркестер құрамындағы сол сөздердің жиынтығынан ғана екінші мағына- мезгілді білдіру пайда болады. Осы ерекшеліктеріне байланысты тұрақты тіркестерді екі түрге бөлген дұрыс: біріншісі-сан есімді тұрақты тіркестер, екіншісі-өлшемдік мағынадағы тұрақты тіркестер. Сан есімді тұрақты тіркестерге: мың асқанға бір тосқан, екі ықылым заман, биенің бір сауымы, бір атым насыбай. Өлшемдік мағынадағы тұрақты тіркестер: құнан шаптырым жер, таяқ тастам жер, қол созым жер, қарға адым жер, оқ бойы, қозы көш жер, сүт пісірімдей. Тұрақты тіркестер құрамында сан есім болмағанмен, мазмұны, мәні жағынан қашықтық, уақыт, көлем өлшемі сияқты сандық дәрежемен берілетін мағынаны білдіреді, яғни сандық ұғыммен пара-пар дәрежеде келеді. Олар сол тобымен сөйлем ішінде бөліп-жаруға келмейтін сөз тіркестерінің бір сыңары ретінде жұмсалады» [279,116-117].
Сөз тіркесін ажырататын негізгі белгілер бағыныңқы, басыңқы компонентіне қатысты екендігі белгілі. К. Аханов : «Сөз тіркестері номинативті сипатқа бұрыннан жасалып қойған, даяр единицалар ретінде емес, сөздердің тілдік грамматикалық заңдары бойынша тіркесуі арқылы ие болады» [280, 103]. Бұл пікірді келтіріп отырғандығымыздың себебінің өзі сөз тіркесі мен сөйлем арасында әлі күнге дейін талас туғызып жүрген жайлар баршылық. Сөз тіркесі құрамындағы сөздер өзара сабақтаса байланысып, дербес мағынасы да болуы шарт. М-Ж.Көпеев еңбектеріндегі нумеративтердің тіркесу тәсілдеріне назар аударатын болсақ, мынадай құрылымдарды байқауға болады:
а) Сан есім – есептік көрсеткіш сөз - зат есім; нумератив сөздердің сан есім мен зат есімнің арасында тұруы – ең көп кездесетін тәсіл. Бұл құрылым түріндегі нумеративті сөздерден синтаксистік ерекшеліктерді аңғаруға болады. Байланысу тәсілдеріне, байланысу түріне қарай біраз белгілерді байқауға болады. Ол қалмақ он күндік жерге бармай орнықпайды.( «Еңсегей бойлы Ер Есімнің ертегісі», 146- б, 2 т).
Сары балдан ләззатын артық көрем, Ерімнің бір жұтым сусынынан ішсем сарқып!(«Алтын табақ», 1-т, 58 б)
Сегізінші күн зынданнан шығарып, айдалаға бір ақбоз үй тігіп, соның ішіне жалғыз қойыңдар да, бір аяқ қара суға тобықтай тоң май салып, алып барып, қолына ұстата қойыңдар! («54 мәтін, Абылай хан дәуірі», 178 б. 8 т).
Мысалдардағы он күндік жерге, бір жұтым сусынынан, бір аяқ қара суға, тобықтай тоң май нумеративті тіркестері түрлі аффикстік өзгерісте көрініс тапқан, әрі байланыс түріне келетін болсақ, бұл сөздер көбінесе қабыса байланысады. Сөйлемде күрделі пысықтауыш, анықтауыш қызметінде жұмсалады.
Е.Жанпейісов «сан есім + счеттік көрсеткіш + зат есім» сандық жүйесін «Абай жолы» романын талдауда көп қолданған. Тіркесудің осы амалына М-Ж.Көпеев шығармасынан орын берсек:
Әй, Алтынжан , бір қасық қанымды қи, Қайынағаң әлі өлген жоқ тірі дейді ( «Алтынбас- Күмісаяқ ғашық болған», 2-т,144 б).
Бір арқа отын арқалап алып келіп, Одан алған тиынын үшке бөліп («Әдһам диуана және Ибраһим», IIIт, 80-б).
Таңдайына жабысып тілі қатып, Бір ұрттам су болса деп көзін сатып («Әдһам диуана және Ибраһим», IIIт, 73-б).
Ойлаймын: «Ырзығыңыз бітті ғой!»-деп, Болмаса табар едім бір кесім нан («37-ші бап, Өлер халде періштелер келгені», IIт, 210-б).
Бір ішім су таппадым саған іздеп, Күншығыс, күнбатыстың бәрін көздеп («37-ші бап, Өлер халде періштелер келгені», IIт, 210-б). Бір қойды жалынып сойды, Бір қасық етті жеді.(«Желкілдек»,2-том,153-б).
Бұндай мысалдар ақын шығармаларында өте мол кездеседі, оның бірсыпырасын картотекаға негіз етіп алдық. Жоғарыдағы мысалдарда сан есімде нумеративті сөздермен тікелей байланыста. Сөйлемдегі атқаратын қызметіне ден қойсақ, көбінесе толықтауыш және мөлшер пысықтауыш болып келеді. Түрлі атаулардың мөлшерін, жиынтығын аңғартып, көп мысалдарда нақтылық байқалады. Бұл сөйлемдерлен басқа бір тал жүнін, бір тал қыл, бір аяқ сусын, үш табақ ет, бір кез мата, бір үзім нан, бір қазан көже, бір жапырақ ет, бір ұрттам су, бір тілім нан, бір ішім су, бір арқа отын, бір уыс топырақ, бір табан жол, бір қасық бал сияқты тіркестер де «сан есім + есептік көрсеткіш + зат есім» құрылымына нақты мысал бола алады.
ә) «Сан есім + нумератив сөз + етістік» құрылымы да ақын шығармаларынан жиі орын алады.
Қаныма бір қасықтай ара тұрса
Құнанбай, сен де сылқым, мен де сылқым.( «Қожамберді айтты», 2-т, 50 б).
Санады сол уақытта Мәртаза
Он жылға толып еді жасы һаман («Мұхамедке пайғамбарлық келгені» 1-т, 55 б, 2003ж).
Бір тамшы көрмейсің садап асын («Адам екі түрлі», 1-т, 148-б, 2003ж ).
Тау- таудан қырық кез асып биіктікті,
Қаптады жүние жүзін топан суы («Мәшһүр- Жүсіптің өлер шағындағы сөзі», 2-т, 79-б, 2003ж).
Қырық қадам көмген жанлар кеткеннен соң,
Періште Мүңкір, Нәңкір бұған келген. («Надан би», 224 б, 4т, 2003ж
.Жүз жетпіс қадам басып келіп едің,
Әр қадамыңызға бір құл азат қылдым!- депті («Ғалының ниеті», 1-т, 60б, 2003ж). Көпшілігінде мөлшер пысықтауыш қызметінде, қимылдың, іс-әрекеттің мөлшерін байқатады. Кейбір мысалдарда тура толықтауыш мәнінде жұмсалады. Бұл мысалдардан байланыстың қабысу, меңгеру түрлері орын алады.
б) «Қосарланған нумератив сөз – зат есім» құрылымында кездесетін нумеративтер көп. Қос сөздер арқылы сөздердің жасалуы түркі тілдерінің көпшілігіне тән. Қос сөздердің де тіл білімінде өзіне тән көп заңдылықтары бар. «Сөздерді қайталау және қосарлау тәсілі өзіндік ерекшеліктері мол құнарлы жүйе» [281,107]. Өлшемдік мағынаны аңғартатын қосарлау және қайталау тәсілдерімен жасалған тіркестерді ақын шығармашылығынан атап, нақты мысалдарға да орын беретін болсақ, оларды көп кездестіруге болады: бір-екі елі, үйір-үйір қысырақ, табақ-табақ ет, бір-бір саба, бес-алты ауыз, күні-түні, қарын-қарын жент, уыс-уыс қағаз, ерте-кеш, жазы-қысы, күндіз-түні, ертеңді-кеш, екі-үш ай, үлкен-кіші, аз-көп, артық-кем, төрт-бес ауыз өлең, бір-екі жапырақ еттен, үйір-үйір қысырақ, тілім-тілім қылды, жалғыз-жарым, қыс-жазына т.б. Қосымшалы, қосымшасыз сөздердің қайталануы арқылы жасалған қос сөздер қатарына үйір-үйір, уыс-уыс, бір-бір, қарын-қарын, тілім-тілім, құшақ-құшақ сөздері енсе, лексикалық мағынасы әр түрлі екі сөзден құралған қос сөздер қатарына ақын шығармаларынан бір-екі, бес- алты, күні-түні, екі-үш, жазы-қысы, қыс-жазына, ерте-кеш, жалғыз-жарым сөздері енеді. Қайталама қос сөздерде бастапқы мағына тұтастай сақталса, қосарлама қос сөзде екі компоненттің де мағынасы сақталғанмен, қос сөз мағынасында өзгеріс болады. Көбінесе жинақтау мағынасында жұмсалады. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған қос сөздердің сыңарларының буын саны келтірген мысалдарымызда бір-бірімен көбінесе сай келіп отырады. Буын саны сай келмейтіндері өте сирек кездеседі: ертеңді-кеш, қыс-жазына, бір-біреуі. Аналитикалық тәсілмен жасалған осындай қос сөзбен келетін мысалдарды өлең жолдарынан қарастырсақ:
Өлшеп қолдан қойғандай – үш шелектен, Қымызы бар ішінде бір-бір саба ( «Той»-деген соң, IIт, 33-б). Жаназаға жиылған жан басына бір-бір кез жыртыс бердірген: «Жайнамаз қылып алсын!»-деп (9-т, 241-б).
Үйір-үйір қысырақ көп маталды, Үлестіріп қалғанын бұл бата алды («Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», VIт, 245-б).
Ертеңді-кеш ақылдан адасады, Қай түрлі қып айтсам да, жарасады («Әдһам диуана және Ибраһим», IIIт, 95-б).
Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын - қарын жент сақтайды («Нұх, Наурыз тарихы», VIIIт, 55-б)
Жақсы қыздың үйіне күйеу болсаң, Табақ – табақ алдыңа төс келеді (К. Райымбекұлы, VIIт, 25-б). Сонда қаралдысы әптиектей көк қағаз бар құшақ-құшақ кітап алып жатырмын (9-т, 279-б). Келтірген мысалдарымызда қабысу, жанасу байланыс түрлері орын алады, үйір-үйір қысырақ, табақ-табақ ет, бір-бір саба, қарын-қарын жент, құшақ-құшақ кітап тіркестеріндегі сөздер қабыса байланысса, ал ертеңді-кеш адасады тіркесін байланыстың жанасу түріне жатқызамыз, себебі алшақ тұру арқылы байланыс орын алған.
Сөйлем ішінде есептік мәндегі сөздер пысықтауыш қызметін атқаруда. Жоғарыдағы қос сөз түрінде орын алған өлшемдік көрсеткіштер жеке қолданысқа енгенде дара мағыналы зат есім болып есептеледі. Мысалы, табақ - табақ төс тіркесінде өлшемдік мағына орын алса, табақтың өзі жеке қолданыс ыңғайында тағам салынатын ыдыс атауын білдіретін зат есім. Сол сияқты қарын-қарын жент тіркесіндегі өлшем мәндегі қос сөз мөлшерді аңғартса, ал қарын лексемасының жеке өзін алсақ, азық сақтауға арналған ежелден келе жатқан ұлттық ыдыс түрі. Қарында сақталатын май дәмді, тілді үйіретін болған, шебер апаларымыз сақтаудың әдістерін де жете меңгерген. Көктем уақытында, күн ұзаған кезде ашып, отбасына қорек, қонақтарға сыйлы ас ретінде ұсынған. Күні бүгінге дейін қарынға май салып сақтау дәстүрі сақталған, дәмі тіл үйіретін қасиетті тағамның бұл түрін да халқымыз ерекше қастерлеп, ысыраптауға ешқашан жол бермеген. Аталмыш көрсеткіштер сан есіммен тіркесуде немесе қос сөз ыңғайында келгенде өлшемдік мағынада жұмсалады. Барлық нумеративтерден қос сөз жасалына бермейді, оның ішінде –дай, -дей жұрнақтарымен келетін өлшемдік мағынадағы сөздер, -дық, -дік, оның басқа да нұсқаларынан жасалған нумеративтер, қазіргі жаңа өлшем жүйесіндегі килограмм, метр, миллиметр сөздері қос сөз түрінде қолданылмайды. Синтетикалық тәсілмен жасалған бір ішім, бір кесім, бір тілім, бір үзім, бір жұтым, бір сауым тіркестері де қос сөз түрінде қолданысқа енбейді. Қазақ тілінің өз заңдылық, өз қағидалары бар, бұл ерекшеліктерді барлық жағдайда ескеруіміз қажет.
б) «Болжалдық сан есім – есептік көрсеткішз – етістік құрылымы ыңғайындағы нумеративтер. Болжалды сан есімдер нақты мөлшерді білдірмейтіндігі баршамызға аян, сан мен мөлшерді жобалап, жуықтап білдіреді. Болжалды сан есімдердің жасалуында аналитикалық және синтетикалық тәсілдер негіз болады. Синтетикалық тәсілдер дегенімізде сан есімнің осы түрін жасауға арқау болатын жұрнақтарды тілге тиек етеміз, олардың қатарында жоғарыда –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтарын атап өттік. Олардың қатарына –даған, -деген, -лаған, -леген, -таған, -теген, -ар, -ер жұрнақтарын қоса аламыз, өйткені бұл жұрнақтар тіркесуімен жасалған сандық бірліктер орын алғандығын төмендегі мысалдармен дәлелдей аламыз : бір-екі елі, бес-алты ауыз сөз, қырық кездей, екі-үш ай, бір қасықтай, екі-үш күндік, бір тиындай, бір мысқалдай, жеті жылдай, бір күндерде, бір табақтай, бір уақыттарда, бір-екі жапырақтан, бірер шақырым т.б. Есептік сан есімдердің қосарлануы арқылы жасалған болжалдық сан есімдер және есептік сан есімдерге –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары қосылуы арқылы жасалған болжалдық сан есімдер ақын шығармаларында көптеп кездеседі, енді мысалдарға орын беретін болсақ:
Далақтап екі- үш айда барып келіп, Мұнда кеп бұзылады үш күн өтпей («Жасымнан үйір болдым өлең сөзге», 1-т, 144-б).
Байлауда жеті жылдай жатқанымда, Күнжаға бір келместей нағылдым-ай («Қожамберді айтты», 2-т, 51- б).
Басыма бір тиындай тимей пайдаң, Зеректік, көрдім сенің залалыңды! («Жалғыздық», 1-т, 102б).
Бір-екі жапырақтан өрбіп мұнша, Құдайдың құдайлығы көзге түсті («Кәф пен Нон», 1-т, 14-б). Келсек те қырық- елуге біз баламыз, Таңданып көрінгенге көз саламыз («Ібіліс шайтанның хикаясы», 3-т, 15-б). Бірер шақырым бұрын барып, Рахпан Сыйлыбаймен кездескенде тақымдықтан найзамен аударып түсіріпті де, Сыйлыбай жүре беріпті (9-т, 149-б). Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазықұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан («3 мәтін. Нұх, Наурыз тарихы», 8-т, 51- б).
Мысалдарда орын алған болжалдық сан есімдер аналитикалық тәсіл негізінде жасалған. Болжалдық сан есімдердің бұлардан басқа да жасалу жолдары бар, бірақ біз жинақтаған картотека ыңғайына сай сөйлемдерді негіз етіп алғанда жөн көрдік. Болжалды сан есімдермен келетін өлшем мәнді сөздер жанама толықтауыштың, мөлшер пысықтауыштың қызметін атқарып тұр.
в)«Сын есім + есептік көрсеткіш + зат есім» құрылымдық кешені. Қалың білектей мұрт, жалғыз тал қыл, толық аяқ ас, ауыр батпан шойын-дағы, жалғыз уыс ұн, қызыл турам ет.
Жалғыз тал шөп көрінсе, тастамай жи, «Болад- деп,- заман жайы әлде нешік?!» («Дойбының ойыны», 4-т, 148-б). Қызыл турам ет болса, Қызғаныш болар аз күні. («Бұқар жырау», 7-т, 10-б). Жалғыз –ақ пұт бидайымыз бар еді, онан басқа дәміміз жоқ еді. («Мәшһүр Жүсіптің қазақ мақал- мәтелдерінің шығу тарихы туралы жазғаны», 5-т, 94 –б).
Ерінсең Омбы, Семей баруыңа, Сол бөксең ауыр батпан шойын-дағы («Сарыарқаның кімдікі екендігі», 4-т, 63-б). Қызыл турам ет жұртқа жерік асындай болып, Малайсары бақыршысын шақырып : - Қызыл турам етке тісімді тигізбесең, басыңды шауып тастармын!-деп, қаһарланыпты. Анықтауыш қызметінде жұмсалатындығы байқалады.
Сирек те болса кездесетін тіркестің бұл түрлерінен де әр түрлі морфологиялық өзгерістерді аңғаруға болады.
г) М-Ж. Көпеевтің шығармаларында жиі орын алатын тағы бір құрылым –дай, -дей, -тай, -тей тұлғалы өлшем мәнді сөз бен есім сөздің тіркесі. Алақандай бет, жұдырықтай нан, қасықтай қанымыз, бармақтай бақ, шыбындай жан, алақандай жер, титтей бас, білектей мұрт, тобықтай май, жұдырықтай тас, көлемі тырнақтың көлеміндей, бармақтың көлеміндей мік, ат басындай, қой басындай алтын, қалың білектей мұрт, өгіздің терісінің аумағындай жер, тырнақтай сыр, тұтамдай мүйізі т.б. Жоғарыда морфологиялық ерекшеліктеріне қатысты ой өрбіткенде нақты мысалдарды келтіргендіктен, осы арада қайталауды жөнсіз деп есептедік.
ғ) «Сын есімнің (-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік) аффиксті түрі + зат есім» құрылымы. Ақынның еңбектерінде өте жиі орын алатындығына мысалдар жинақтауда көзіміз жетті: айлық жол, жылдық үнем, айлық азық, тайлық бағамыз, айшылық жер, түстік жер, он күндік жер .
Ол қалмақ он күндік жерге бармай орнықпайды ( «Еңсегей бойлы Ер Есімнің ертегісі», 2-т, 146- б). Сенен ары айшылық, Менің шыққан жерім-ай («Сайын батыр», 2-т, 210- б). Жөнелдік түйе мініп Арафатқа, Күндік жер екі ортасы жортар атқа («Ізбас қажы», 1-т, 204-б, 2003ж). Шабысқор түрікпен күндік жерден көреді екен де, түстік жерден естиді екен. («1 мәтін. Қазақ түбі», 8-т, 18 –б).
д) «Бірінші сыңары өлшем мәнді көсемше + етістік» құрылымы.
Пұттап алады, құлаштап сөйледім, уыстап шашып жүрді, уыстап тұра алмады, пұттап май алады, жүздеп, мыңдап сатып, құлаштап сөйледім тіркестері осы құрылымға дәлел болмақ. Біреуден біреу пұттап май алады,
Біреу- қой, біреу тайынша, тай алады (4-т, 170б). Бұл Мәшһүр бұрыннан-ақ көзін жұмды, Уыстап жүрді шашып топырақ құмды (1-т, 13-б).
е) «Үйірлі анықтауышты өлшем мәнді сөз + зат есімді күрделі тіркес» құрылымы. Бұл қатарға ақын еңбектерінен биіктігі кісі бойы, ауырлығы отыз батпан, биіклігі қырық кез, ұзындығы мың шақырым, көлденеңі он бес сажын , ұзыны жетпіс кез, биіктігі бір жарым шақырым, көлденеңі он бес саурын, алпыс саурын тәрізді мысалдарды келтіре аламыз. Неге десең: ұзыны - жиырма бес шақырым, көлденеңі - он бес шақырым (« 3 мәтін Нұх, Наурыз тарихы», 8-т, 50 –б). Басқаларының бойлары: ұзыны сегіз жүз кез, ең қысқасы сексен кез болушы еді («Ғымалқа жұрты туралы», 9 т, 6-б). Ұзындығы мың шақырымнан асады, көлденеңі он бес саурын, алпыс саурын ниі бар жерлері бар, өне бойы нарқамыс, іші толған жолбарыс (9-т, 183-б).
Сөз тіркесі синтаксисі мәселелері Т.Сайрамбаев, М.Серғалиев, М.Балақаев, К.Аханов, Ә.Аблақов, С.Исаев, Р.Әміров, Е. Ағманов еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Сөз тіркестерінің негізгі белгілері: толық мағыналы екі сөзден тұрып, бір-бірімен сабақтаса байланысады, тіркескен мүшелер анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады. Есімді, етістікті сөз тіркестері орын алған өлшем мәндегі тіркестердің байланыс түрлеріне назар аударатын болсақ, байланыстың бес түрі де орын алған. Меңгеру сөз тіркесінде басыңқы сөздің мағынасына қарай бағыныңқы сөз септік жалғауларында тұрып байланысады. Бағыныңқы мүше барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінде тұрады [282,15]. М-Ж.Көпеев шығармаларындағы өлшем мәнді тіркестердің ішіндегі меңгеру байланыс түріне назар аударатын болсақ, бұлардың саны өте көп кездеседі : қарысын тігіп, түстікке жедік, кешке дейін түспеген, жұдырығын түйіп, таңсәріден келе жатса, сәскеден қалмай, ертеңнен кешке шейін, ертеңге көз жетпейді, он жылға толып еді, қарысын тігіп, айшылықты алты басқан, табақпен бердім, бір кезін манатының, сәскеден қалмай, ертеңнен естіліп, бесінде жеттім, намаздыгерден жоғары, Күншығысқа бет қою т.б.
Еркезең деген таудың түбінде аттан түсе қалып, ұлықсат сұрап: «кеше бесінде барып түскеннен кейін бүгін бесінде аттандыңыз ( 87-б, 2т). .Сен оның түстігіне де жарамайсың (Бұхар жырау, 114 б, 2т).
Сары балдан ләззатын артық көрем,
Ерімнің бір жұтым сусынынан ішсем сарқып!( «Алтын табақ»,58 б.1т).
.-Тауып бері- деп, баласын, шыдай алмай,
Мұхамедке жұдырығын келді түйіп («Мұхаммед пен Әбужаһил», 47б, 1т).
Тырп етпей, намаздыгер оқығаннан соң,
Сарғайып намазшамды алса күтіп («Жүсіп Шалқарбайұлына Мәшһүр Жүсіптің жауабы», 1-т, 294-б).
Базарына отынның барып бала,
Кешке шейін ертеңнен тұрды қарап (« Сұлтанның артында қалған қатын - баласы туралы», 3-т, 90-б).
Бір жауап бір сөткеде ала алмайды,
Сүзілтіп жүргенменен екі көзін (« Сәлем хат», 4-т, 32-б).
Тауықта жұтап қалып малдан таза,
Жаз шыға Баянаула тауға көшкен ( «Мәшһүр» атты қалай алғандығы туралы», 4-т, 178-б). Пісбек бай үйінің қасындағы бір төбенің басына алагеуімнен шығады («Алтай туралы», 9-т, 237-б).
Ілік септігі мен тәуелдік жалғауы толық болып, матаса байланысып келгенде меншіктілік мағына айқын байқалады. Матаса байланысқан сөз тіркестерінің түркі тілдеріндегі сипаттары: ілік септігі мен тәуелдік жалғауының толық сипатта келуі немесе ілік септігінің жалғауы жалғанбай, жасырын ыңғайда байқалып, тәуелдік жалғаулы сөзбен тіркес құрауы. Матасудың осы екі түріне қатысты өзіміз нысан етіп отырған ақын шығармаларынан мысалдарға орын беретін болсақ : Бозайғыр былтыр өтті- ау елдің жұты, Қалада 5 сом болды-ау ұнның пұты (8-т, 160- б).
Ұн пұтын үш теңгеден алап ішіп, Кедейлер кие алмады киім тауып (7-т, 285-б). Бесіннің сол мезгілде уақыты кірді, Орнынан намаз үшін Расул тұрды (1-т, 75-б). Түн өтті, ертеңінің атты таңы, Кедеймен күнде толып байдың маңы (1-т, 45-б). Егізімнің сыңары, Бірін сойсам той болған (2-т, 37-б).
Мұнан кейін жел болса, «Қыркүйектің қызыл желі» - дейді. «Қазанның қара дауылы» - дейді (9-т,5-б). Осы мысалдардан матасудың екі түрін де байқауға болады, ұн пұтын, жұма ақшамында тіркесінде ілік септік жалғауы жасырын тұрса, қалған мысалдарда ілік септігі мен тәуелдік жалғауы толық ыңғайда орын алып тұр. Матасу ақын шығармаларындағы өлшем мәнді сөз тіркестерінде жиі кездесе қоймайды десек те қателеспейміз. Сонда бір күн жұма ақшамында Едіге би бәйбішесіне: -Тұршы, таһарат алған соң, бәйбішесінің қойнына жатып, - сенің ішіңде бір нәрсе бар ма? - депті. Сол сияқты марттың бесінде, ақшамның мезгілі, төрт шардың батырлары тіркестері де матасуға жатады. Қабыса байланысу деп бағыныңқы мен басыңқы сыңарлардың бір – бірімен ешбір қосымшасыз түрде тіркесуін айтады Қабысудың бірінші мүшесі де, екінші мүшесі де еш қосымшасыз, қатар тұру арқылы жасалады. Қабыса байланысқан сөз тіркесінің бірінші сыңары сөйлемде қандай? деген сұраққа жауап беріп, анықтауыштың қызметін атқарады [283,435]. Қабысуға ақын шығармаларынан мысалдар : ат басындай алтын, бір қасықтай қан, қой басындай алтын, жұдырықтай нан, алақандай бет, бір табақтай ас, үйір – үйір жылқы, алты айлық жол, уыз жас, титтей тесік, бір – бір саба, үш кез, бір табан жол, қырық құлаш, төрт саба, жалғыз тал, бір арқа отын, аршын кез, екі қыс, тал түс, жарты ақыл, айшылық жер, күндік жер, қырық сегіз пұт, турам ет, қарға адым жер, табақ – табақ төс, бір тайпа ел, мысқал иман, тайлық баға, тұтам тобылғы, бір аяқ су, уыс – уыс қағаз, айлық жол, шаршы түс, бір жылдық жер, үйір – үйір қысырақ, екі – үш күндік жер, бір қасық қан, есепсіз көп, жеті жылдай жатып, жалғыз пұт бидай, қырық кездей мата, екінді мезгілінде, бармақтай қаралдысы, бір табан асып, күндік жер, ерте сөйлеген, бүгін көргені, он қадақ қант, он пұт ұн, он бес қара, бір құшақ газетпен, айлық азық, жылдық үнем, қырық кез, жеті адым, биылғы қыс, тырнақтай сыр, бір арқа отын, бір астау ет, түстік, қоналқалық болды, екі пұт құм, турам ет, жылдық үнем, есепсіз мал, жер қайысқан қол, жиырма кез сиса, биылғы жыл, бір адыр қол, бір құмыраша қатық, жарты аяқ ас, қоралы қой, үйірлі жылқы, қосты жылқы, бармақтай дәлел т.б. Сөз тіркестерінің байланыс түрлерінің жиі кездесетін матасу, қабысу, меңгеру сияқты түрлерін арқау еттік, ал қиысу мен жанасу аз кездескендіктен, жұмысымызда мысалдар енгізілмеді. Өлшемдік атаулардың, яғни нумеративтердің байланыс түрлері О. Қараджа еңбегінде терең қарастырылады, ғалымның нысан етіп алған тақырыбының өзі – қазақ және түрік тілдеріндегі нумеративті сөздер құрайтын сөз тіркестері.
Достарыңызбен бөлісу: |