Кіріспе Метрологиялық лексика (нумеративтер мен халықтық өлшем атауларының) тіл білімінде зерттелуі және қалыптасу жолдары


Ақын шығармаларындағы азық-түлікке қатысты өлшемдік құрылымдар



бет8/11
Дата15.09.2017
өлшемі2,18 Mb.
#33004
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

2.6. Ақын шығармаларындағы азық-түлікке қатысты өлшемдік құрылымдар
Дәстүрлі мәдениет салаларының ішінде азық-түліктің орны ерекше. Этностық ерекшелігі бар компоненттер қатарынан орын алады. Төрт түлік малды мінсе көлігі, ішсе тамағы, кисе киімі ретінде тұтынып, қастерлеген, күтіміне зор мән берген. Ұлттық тағамдарымыздың да денін осы төрт түлік малдың өнімдері құрайтыны белгілі. М-Ж. Көпеев азық – түлікке қатысты «Азық пайдасы», «Азықтың пайдасы» атты танымдық жазбаларында өзекті мәселелерді арқау еткен. «Азық пайдасы» еңбегінде: «Баланы өсіру үшін, һәм үлкен денені асырауға көп тамақ керек. Азығынан кем болған дене азғындайды; әуел майы, онан кейін еті таусылып, арықтап өледі. Азықтың өте керек нәрсесі – төрт: ғарабша «шебе, залал»-деп айтылады. Мағынасы: таза ет, жұмыртқа, шекер, тұз – осы төртеуі. Бірінен кемдік болған дене рақат көре алмайды» (9-т, 304-б). «Азықтың бойға сіңуі» шағын жазбасында азықтың адамның ағзасында қалай қорытылып, қай мүшелер іске қосылатындығын тілге тиек етеді. Азық – түлікке қатысты Ә. Нұрмағамбетов мынадай дерек келтіреді: «Ертедегі түркі тілдерінің жазба ескеркіштерінде «азық» сөзінің алғашқы тұлғасы «ағыз», ал мағынасы қазіргі кездегі адамның тамақ қабылдайтын мүшесі «ауыз» болғандығын көрсетеді. Осыған кейін келе –ық жұрнағы қосылуы нәтижесінде «ағызық», одан әрі «ғ» дыбысы түсіп, қазіргі кездегі «азық» сөзі қалыптасып, адам тіршілігіне қажетті тамақтық заттар атауы шыққан» [229,59]. М.Қашқари сөздігінде де азық – түлікке, оның мөлшеріне қатысты сөздер өте көп, кейбіреуін келтіретін болсақ: ашыш – қазан, адзақ – ас, азұқ – азық, ас, ауқат, аш – ауқат, ас, сырлығ аяқ – сырлы аяқ; сырлы тостаған, барт – су ішетін бақыр, ожау, санаш – дорба, қамыч – шөміш, ожау, бұтық – кішкене мес, торсық, қасұқ – қасық, торсық, тағар – қап, қанар қап, шөмше – шөміш, көрке – ағаш табақ, ағаш аяқ, құрлұқ – торсық, саба, кесүргү – қап, қалта, иоғрұ – аяқ, табақ, қача – қалта, қалташа, сеңек – су ішетін тостаған, ағаштан ойылған тостаған. Сөздікте тағамның мөлшеріне қатысты нумеративтер де көп ұшырасады: бір сағым сүт – бір сауым сүт, тұншұ – бір шөкім ас, бір тілге ет – бір тілім ет, бүшінчек – бір шоқ жүзім, бір иұғрұм ұн – бір илем ұн .

М-Ж.Көпеев еңбектерінде азық – түлікке қатысты сөздер өте мол: бір тамшы су, бір ұрттам су, бір жапырақ ет, жалғыз уыс дән, бір тілім нан, бір жұтым сусын, бір кесім нан, бір ішім су, бір саба қымыз, бір қасық су, бір аяқ көже, бір аяқ ас, бір торсық су, бір қарын жент, бір бақыраш май, бір асым ет, бір ұрттам су, бір түйір дән, жалғыз уыс дән, бір тілім, бір табақ ет, бір самауыр шай, бір кесек ет, жарты қадақ қант, бір қарын сары май, үш пұт ақ ұн, бір қап құрт, бір жайым құрт, бір күбі айран, бір шөміш сапыру, екі шара сапыру, бір қасық бал, бір құмыраша қатық, бір құмыра су тағы басқалары. Астың пісуіне байланысты ас пісірім, ет асым, ет пісірім, ет қайнатым, қайнам, сүт пісірім сияқты уақыт өлшемдері болады. Азық – түлікті сақтауда ыдыс – аяқтың орны ерекше екендігі аян. Ыдыс –аяқтар лексикасына ас – тамақ сақтайтын : жүкаяқ, әбдіре, асадал, кебеже енеді. Олар өз ішінен сұйық тамақ сақтайтын ыдыстар: саба, көнек, қанар, торсық, талыс, шөншік, мес, қауға, шелек; зат салатын: қоржын, бөктергі, қанжыға, боқжама, боқша, бойра, бүктеме; ас салатын ыдыстар: аяқ – табақ, табақ, тостаған, құман, құмыра, кесе, қазан, қасық болып бөлінеді. Осы ыдыстардың көпшілігі өлшем мәнді сөздер қатарында орын алады. Халық метрологиясы салт – дәстүрмен байланысты тығыз қарастырылатын болғандықтан, ұлттық ыдыс – аяқтарымыз да осы аяда нысан болуы түсінікті. Осы мысалдарды М.Ж.Көпеев туындыларындағы нақты мысалдармен дәлелдер болсақ: Қалмақ деген жұрт өлген кісісін киіндіріп, қойдың бір санымен, бір-екі нанымен, бір құмыраша қатықпенен айдалаға апарып тастайды екен (8-т, 278 б).

Үйімізде ет-нан жоқ жалғыз түйір, Барсақ бізге, дейді ғой: «Бір жіп иір!»(Әдхам диуана және Ибраһим»,3-т, 64-б). –Бір бақыраш май қайнат! – депті (9-т, 108б).

Бұл күнгі жан мұндайды жек көреді, Жалғыз уыс ұн берсе, көп көреді (Ғалының мырзалығы», 3-том, 238-бет). Күн ыстық, әуе айналып жерге түскен,

Таңсық боп бір жұтым су көкей кескен. «Армансыз болар едім,- деп шуласып, - Бір ұрттам мөлдір тұнық судан ішсем!» («Қанағат туралы жұмбақ өлең», 1-том, 8-бет).

Жоқ болып нан беруші жалғыз тілім, Деуіңе тұрмай қалды: «Халқым, елім!» («Жұт», 1-том, 179-б). Кісінің кісілігі – тіл мен жүрек, Екеуі екі жапырақ ет емес пе?! («Кәф пен Нон», 1-том, 16-бет).



Бір ішім су таппадым саған іздеп, Күншығыс, күнбатыстың бәрін көздеп.(«Өлер халде періштелер келгені», 2-том, 210-бет).Осы екінші томның дәл осы бетінде тағы мынандай мысал кездеседі: Ойлаймын: «Ырзығыңыз бітті ғой!»- деп, Болмаса табар едім бір кесім нан (2-том, 210-бет).

Қадірлі, құнды, пұлды, жайсаңы, не бек, не байлары өлсе, жасап, киіндіріп, қойдың бір санын мойнына байлап, екі нанды қойнына тығып, бір құмыра суды басына қойып, жаназалайды екен («Сарыарқа тарихы», 8-т, 265 б, ). Бұзау, тайыншаның қарынына салынған бір қарын жентті ортасынан қақ жарып, ханның қоржынына салғызды дейді (9-т,73-б). Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын- қарын жент сақтайды (8-т, 55 б). Бір табақ ет пен самауыр шай, бір қарадан саудасы болып, қазақ халқы өлігінің- тірігінің садақасын – қонағасы беріп, шайға қандырып, майға тойғызып тұратұғын қожа, молдаға берді (9-т, 334б). Бетпақ шөлінде адасып жүріп, тілім аузыма сыймай, өлер шаққа жеткенде, Ұлбике болып, бір аяқ сусын бергенде, көзім шарадай жанып, өмірімде шөлдеместей болып едім! – депті («Ұлбике мен Жангел айтысы», 6-т, 258-б). Бір күбі быжылдап, ашыған айран тұр (9-т, 119). Ақынның енбектерінде ұлттық ыдыс - аяқтарымыздың бірнеше түрі қолданылады: торсық, қарын, бақыраш, саба, аяқ, табақ, қасық, қазан, шара, кесе, шөміш, қап, астау, керсен, күбі, мес. М. Қашқари сөздігінде де азық – түлікке қатысты өлшем мәніндегі сөздерді ұшыратуға болады: тұншұ – бір шөкім ас, бір ақым су – бір ағым су, бір пішім – бір тілім т.б. Парсыша – қазақша И. Жеменей сөздігіндегі азық – түлікке байланысты сөздерге де назар аудару барысында бірсыпыра лексемаларды ұшыраттық: әрзак – азық – түлік, бошкаб – ыдыс – табақ, па – аяқ, жовал – қап, чаиче – шөміш, хоржин – қоржын, хорак – азық, харбар – азық – түлік, хик – торсық, тәһам – тағам, зәрф – ыдыс, қап, кузе – құмыра, куле пошти – қоржын т.б.

Сабаны айғырдың терісінен тіккен. Көтергенде ыңғайлы болу үшін жал - құйрығын кесіп алмаған, тұтқа орнына қолданған. В.Радловта: «Саба – кожаный мъшок для приготовленія кумыса; сабааяқ – деревянная колода, въ которой стоить саба» (4т, 1ч, 411-414с). Л.З.Будаговта: «Саба – посудинъ для кумыса и мъшалка» [230,702]. Сабаның қандай болатындығы жөнінде М-Ж. Көпеев: «Төрт сары айғырдың терісінен жонын сыртына қаратып, жал-құйрығын өзіне қойып, бұлқынына бір өгіздің терісін тіктіріп, өзін түйеге теңдегенде сегіз қанат үйдің бір үзігі бір жағына тең болады екен»-деген («Шоң би», 2-т,84). Саба – жылқы терісінен жасалып, қымыз ашытуға қолданылатын ыдыс. Сабаның үлкен – кіші болуы оның ішіне құйылатын ақтың мөлшеріне байланысты болған. Ә. Диваев қазақ халқының салт – дәстүрін кең ауқымда қарастырғаны белгілі. Ыдысқа қатысты: «Сабаға биелердің сүтін құйып, піскек ағашпен піседі, яғни араластырады. Онан соң әлгі биелердің сүті сабада тұрып, ашып, қымыз болады. Қымызды бәйбішелер көнекке құйып береді. Көнек деген о да аттың терісінен қылған ыдыс, шүмегінен қымыз құйылып тұрады» [231,173.] Торсық – сусын құю үшін , ысталған теріден жасалған шағын ыдыс . «Торсық – қымыз, шұбат, іркіт сияқты сүт тағамдарын құюға арналған, мал терісінен тігілетін ыдыс. Торсықтың түрлері көп Олар – шимайторсық, өркешторсық, жанторсық, мүйізторсық. Өркешторсыққа айран, іркіт құйылады. Жанторсық қанжығаға байлап жүруге арналған. Шимайторсық пен мүйізторсықты да қымыз құйып, қанжығаға байлайды [232,190-191]. А. Құралұлы табақтың бас табақ, сый табақ, орта табақ, аяқ табақ, күйеу табақ, келін табақ, қыздар табағы, құдағилар табағы, жерік асының табағы деген түрлерін анықтамалықта атап өтеді. Е.Аққошқаров : «Табақ – шамамен 12 орыс фунтына тең салмақ бірлігі. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аудандарында жиі қолданылған. Ол үлкен табақ (12-17кг шамасында), кіші табақ (3,9-4 кг шамасында) болып екіге бөлінеді [233,23]. Парсы тілінде тәғара – дағара – шылапшын, үлкен темір табақ [234,63].

Қарны ашқан екі қонақ бір тойсын ,- деп, Екеуіне үш табақ ет береді (6-т, 342б). Көп жұртқа табақ- табақ ас тартылды, Жал - жая , қазы - қарта, бас тартылды («Хат сөзі», 191- б. 7т). «Шаңырақ» энциклопедиясында табақтың бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ деген түрлерін келтірген. Бас табақтың кәделі мүшелері: бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен – қазы, қарта, жал, жая . Жай табаққа – ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік, қабырға, омыртқа. Жастар табағына –асықты жілік пен төс. Қос табаққа құда - құдағиларға тартылатын арнаулы табақ. Сый табақ ерекше сый – құрметке лайық адамдарға тартылатын қосалқы табақ» [235,196]. С. Кенжеахметов ағаш табаққа қатысты ойын былай сабақтайды: «Табақ – ет салынып тартылатын ағаш ыдыс. Мұны емен, қайың сияқты кепкен қатты ағаштарды әуелі қайнатып алып шабады. Іші шұңғыл, жалпақ ернеулі, жиекті, дөңгелек, ағашы қалыңдау болып келеді» [236,93]. Зәрәнг, зерең – үйеңкі ағашынан ойып істеген сырлы тостаған, табақ [237,125]. М-Ж.Көпеев шығармасынан: Үкілі піспек болғанда, күміс ожау, Жиын сайын сабасы жарқылдайды. Құйып ішер үйінде саумалы жоқ, Олжаш неге би болып барқылдайды («Шоң би», 2-т, 90-б). Піспек, саба, ожау –азық-түлікке байланысты жабдықтар ретінде орын алса, саумал –ас, тағам түрі, яғни дәм.

Бұдан шығатын түйін, табақты ағаштан да, шыныдан да, темірден де жасайды. Ас тартудағы ыңғайлы ыдыс ретінде қолданысқа енген. Табақ тарту –ұлттық әдептің, тамақ беру мәдениетінің негізі. А. Жүнісұлы сабаның молшылықтың, байлықтың белгісі саналатынын айта келіп, сүйретпе, мес, көнек, қауға, талыс, шөншек тәрізді ыдыс түрлері болатындығын тілге тиек етеді. Сүйретпе – сабадан кейінгі үлкен ыдыс болып саналса, көнек – бие сүтін сауатын ыдыс. Қауға – құдықтан су тартатын көн шелек. Талыс пен шөншікке үй тұрмысына, шаруашылығына қажетті заттар сақталған [238,155]. Бұдан байқайтынымыз, ата – бабамыз төзімді болуы және ұзақ мерзім ұстауға жарамды болуы үшін жылқы, сиыр, бұзау, ешкі терілерін пайдаланған. Сапаға қатты көңіл бөлген. Тарихқа үңілсек: «Ыдыстар қола дәуірінде балшықтан әзірленді. Ыдыстардың көпшілігі сырт жағынан, кейбіреулері іш жағынан да тегістеліп, су ақпайтын болу үшін күйдіруден бұрын, қызған сүйек тегістеуішпен немесе қыздырылған кішкене таспен тегістейді. Ыдыс тегістелген соң тегіс, тығыз болып, ал күйдірілген соң сұйық затты сақтайтын жақсы қасиет алды» [239,131]. Қола дәуірінің өзінде ыдысты жасаудың небір технологиясын меңгерген адамдардың ойларына қарап таңданбасқа шара жоқ. Кептіру мен күйдіру кезінде ыдыстар жарылмауы үшін балшық майсыздандырылып, ол үшін үгітілген кварц, қабыршақ, құм, кейде күйдірілген балшық қосқан. Ыдыстардың көлеміне, мөлшерін нақтылауға келгенде ,әрине, халық өлшемдерін нысан еткендігі айдан – анық.

Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық сумен жұтып жіберерлік («Қазақ ханы», 127- б, 8 т). М-Ж. Көпеев шығармасында жиі орын алатын ыдыс түрі – аяқ. «Аяқ – ағаштан ойып жасалатын ас құйылатын, сыйымдылығы бір литрдей шұңғыл, дөңгелек ыдыс. Оның орнықты түбі, жиегі тік, жұқа болады. Көбіне қымыз, шұбат құйылып, сыйлы кісілерге ұсынады. Балаларға лайықтанған түрін тостаған дейді» [240,94].

Азықты сақтауға, оның бұзылмауына қатты мән берген ата – бабаларымыз ыдыстарды ағаштан, теріден, былғарыдан даярлады. Қап түрік тілдерінің көпшілігінде қолданылып келген, әлі де болса жиі пайдаланатын өлшемдік дүние. Қаптың қызметі барлығымызға аян, түрлі тағам өнімдерін, астықты орналастырып, буып-түйіп , лайықты жеріне тасымалдау мен сақтауда өте қолайлы зат. Қап – негізінен астық мөлшерін өлшеуге арналған салмақ бірлігі. Парсы тілінде тәғар, дағар – 1.астық салуға арналған қап. 2. Астық және сол сияқты дәнді заттардың ескіше өлшемі [241,63]. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік шығыс аудандарында шамамен 65-66 кг-ға, ал Қазақстанның біраз жерінде 6 пұтқа тең болған. Тоқты қап – 3 пұт, қой қап – 6 пұт, торпақ қап – 9 пұт [242,23]. Сауда – саттықта қап мөлшерінің түрлі салмақты қамтитындығын Ж.Ахмедова да өз диссертациясында атап өтеді: «Тоқты қап –«мешок, вмещающий 3 пуда зерна, примерно 50 кг»; қой қап «мешок емкостью 6 пудов зерна, примерно 100 кг»; торпақ қап «мешок емкостью 7 пудов зерна, т.е. 120 кг; тай қап «мешок вместимостью 9-10 пудов зерна, т.е. 150-160 кг» [243,13]. Соғымның көктемде соңғы етін жеуге көршілерді шақыру дәстүрі де ертеректен бар, ол «қап қағар, деп аталады. Қоржын аса ауыр салмақты көтере алатындай берік матадан тігілуі тиіс. Оның ағайындық қатынасқа септігі зор деп есептеледі. Өйткені құдалық жөн – жосықтың салмағы тым ауыр саналғандықтан, қоржынның да берік болуы көп нәрсені меңзейді. Жастарды үйлендіру рәсімінің арқауындай лайықты қоржын тарту босағаның берік болуына, молшылыққа, шат – шадыман тірлікке жетектер ұйытқы іспеттес деп есептеледі [244,136].

- Оған алаңдамаңыз, мына қыздар алып келеді,- деп, алтыннан қазық қағып, жібек арқанмен арқандап, өзін тұрған шатырға кіргізіп, былқылдатып белден төсек салып, үстіне отырғызып, бір керсен қымызды алдына алып келіп құйып, бір астау құланның қазы - қарта , жал- жаясын алдына меңгертіп, ай дейін десе десе, аузы бар, күн десе көзі бар , бір қасық сумен жұтып жібергендей бір қызды оң жағына отырғызды (6-т, 48б).



Тағам өнімдерінің атауларымен уақыт мерзімдері де айқындалып жатады: ет асым, сүт пісірім, шай қайнатым, шай ішім, бие сауымдай,

Қазақ ұғымында жылқының қазысын өлшегенде, оны дене мүшесіне қатысты алған. Қазақ ұғымында қазының арық - семіздігін: бұлт, пышақ сырты, қыл елі, жарты елі, шынашақ, бір елі, бармақ, екі елі, үш елі, төрт елі, сынық сүйем, табан, сере деп атайды. Бұл қолданыстар қазір де жиі қолданылады. Соғым союды дәстүрге айналдырған қазақ халқы еш уақытта семіз малдың май қабатын сантиметр, миллиметрмен нақтыламаған, дене мүшесі атауымен, яғни елі, бармақ, шынашақпен белгілеген. Осылармен қоса қабат жүретін мынадай өлшемдік мәндегі сөздер қазіргі сөздік қорымызда жиі қолданылуда: сере қазы – семіздігі бармақ пен шынашақ аралығына тең қазы, табалдырық қазы – аса қалың, айналдыруға қиындық тудыратын өте семіз қазы. Оны кей жерлерде «табан қазы» деп те атайды. «Би қазы» – бүйен ішекке тыққан жуан қазы. «Дөңбек қазы»- кей жерлерде «бұжбан қазы» деп те атайды – ішекке сыймағандықтан тілкем күйінде сақталған қазы. Шынтақ қазы, бұлт қазы, қылыш қазы, жерлік майы бар қазы. Қазының мұндай атаулары көбінесе, оның семіз-арықтығын ажыратып атаудан қалыптасқан. Төрт түлік мал – қазақ халқының күн көрісінің негізі болатын болса, әсіресе, жылқы малын соғымға союға халқымыз ерекше мән берген, әлі де бұл үрдіс өзіндік мәнін жойған жоқ. Д. Қатранұлы : «Құн мен салық өтеуде қолданылатын «байтал» өлшемі бар: жүз қой 25 байтал, қысырақтың үйірі -25, жүйрік немесе жорға -15, кейде 25 байтал, боталы түйе -10 байтал, атан түйе -15, бие - 5, бұзаулы сиыр -5, төрт қой -1, жамбы - 15 байталға тең деген өлшемдер болған» [245,127]. Жылқы малының қымызы – жанға дауа, дертке шипа деп есептелінсе, еті де сіңімді, ағзаға пайдасы зор тағам деп есептелінеді. Шипалық қасиеті зор болып саналатын қымызға қатысты төмендегі халықтық метронимдер де назар аударарлық: дөнен қымыз, тай қымыз, құнан қымыз. «Шаңырақ» энциклопедиясында қымыздың уыз қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз,жуас қымыз,құнан қымыз, қысырақ қымыз, қысырдың қымызы, сары қымыз, сірге жияр қымыз, түнеме қымыз сияқты түрлері атап өтілген [246,198]. Жылқы малы мініс құралы әрі шикізат көзі болып есептелгендіктен, бұл ерекшеліктердің қазақ халқының мәдениеті мен тілінен көрініс табуы түсінікті жайт. Белгілі болғанындай, көшпелі тұрмыста ата-баба салтында жылқының маңызы ерекше болды. Ата – бабаларымыздың бүкіл болмысы жылқымен байланысты болғандықтан, оны баптауға, күтуге мән берген, мықты тұлпарларды арғымақ, сәйгүлік, пырақ, дүлдүл деп атаған. Ақалтеке, қазанат, арғымақ сияқты асыл тұқымды жылқыларды көбейтуге, баптауға ден қойған. Шипалы қымызын баптап, оны баптауды кез келген жанға тапсырмаған. С.Кенжеахметұлы қымыздың мынадай түрлерін атап өтеді: «Уыз қымыз-биені алғаш байлап, жаңадан ашытылған қою қымыз. Бал қымыз-жылқының сүр қазысын қосып әбден бабына келтіріліп пісілген қымыз. Құнан қымыз - екі түн сақталған, толық ашыған қымыз. Дөнен қымыз-үш түн сақталған қымыз. Бесті қымыз - төрт күн сақталып ашуы әбден жеткен қымыз. Сары қымыз, қысырдың қымызы, түнемел қымыз деген түрлерін атап өтеді [247,84]. Азық – түлікке қатысты өлшем мәнді құрылымдар көбінесе «сан есім + есептік көрсеткіш + зат есім» түрінде келіп, ыдыстағы тағамның мөлшерін аңғартады. Бір үзім нан, бір қазан көже, бір аяқ қара суға, бір аяқ ас, бір табақ ас, екі жапырақ ет, төрт саба қымыз, бір ұрттам су, бір жұтым су, үш табақ ет, бір кесім нан, бір ішім су, бір аяқ көже, бір тілім нан, бір қасық ет, жалғыз уыс дән, бір шөміш, екі шара қымыз, бір қасық бал. Қайталану түрінде де кездеседі: табақ – табақ ас, қарын –қарын жент. «Дәстүрдің озығы бар...» кітабында азық – түлікке қатысты метей, мес, күзе, шанаш, саба торсық, шараяқ, зерен тостаған, ожау, қоржын, аяққап, тұтқыш, керме тәрізді түрлерінің ағаштан, қыштан, теріден, сүйектен, саздан, басқа да шикі заттардан әзірленетіндігі айтылады [248, 57].

Тұжырымдайтын болсақ, қай халық болмасын ежелден-ақ асты қадір тұтқан, «Ас- адамның арқауы» - деп, дұрыс даярлануына ерекше ден қойған. Төрт түлік малдан алынатын өнімдерді ерекше баптап, ыдыс-аяқтардың да сапалы жасалуына мән берген. «Дәуден үлкен көп екен, дәмнен ұлы жоқ екен», «Бір күн дәм татқан үйге мың күн сәлем», «Арпа – бидай ас екен, алтын – күміс тас екен», «Ет етке, сорпа бетке» қанатты сөздері де халқымыздың асқа деген құрметінен туындаса керек. Тамақсау, ашқарақ жандарды да халық аса жаратпаған. М-Ж.Көпеев бұл мәселе барысында мынадай ой түйеді: «Ұшқан құсты торға түсіретұғын, жүгірген аңды орға түсіретұғын тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында. Ол жау не десеңіз, жұтқын тамақ жалғанда мазаққа, ақыретке, ғазапқа түсіретін тамақ. Тамағынан тартылған бәріне ықыласты болады» (Ауыз әдебиеті үлгілерінен, 2-т, 102-б)-деп, қанағатшыл болуға, барды місе тұтуға үгіттейді.



III. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы

нумеративтік және метрологиялық (халықтық өлшеміне) лексиканың грамматикалық ерекшеліктері және этимологиясы

3.1. Нумеративтік және метрологиялық лексиканың морфологиялық құрылымы
Әр халықтың дүниетанымы оның өткен тарихымен, бүгінгі тыныс - тіршілігімен өлшенеді. Лексиканың қомақты саласын есептік мәнде қолданылатын нумеративтер мен халықтық өлшем көрсеткіштері алады.

Морфологияның объектісі – сөз және оның формалары. Қазақ тіліндегі сөздердің морфологиялық құрылымы өте күрделі. Бұл сала сөздердің түрлену, өзгеру жүйелерін қарастырады. Грамматикалық формаларды, яғни сөз құрамын нысан етеді. Сөздің морфологиялық құрылымы туралы мәселе грамматиканың маңызды мәселесінің бірі болып саналатынын, морфемалардың табиғатын, қызметі мен өзара тіркесу, байланысу ерекшеліктерін К.Аханов «Тіл білімінің негіздері» еңбегінде кең атап өтеді. Қазақ тіл білімінде морфология мәселесін арнайы зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер арнаған ғалымдардың қатарында А.Қалыбаева, Н.Оралбаева, А.Ысқақов, С.Исаевтарды атаймыз. А.Қалыбаева, Н.Оралбаеваның 1986 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тіліндегі морфемалар жүйесі» монографиясы, А.Ысқақовтың 1991 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» еңбегі, С.Исаевтың 1998 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» еңбектері морфология саласына қосылған құнды кітаптар қатарынан орын алады.



Бұл бөлімде біз де халықтық өлшемдер мен нумеративті сөздердің морфологиялық өзгерістеріне қатысты біраз жайттарға назар аударғымыз келеді. Нумеративті сөздер басқа сөз таптарындай септеледі, көптеліп, тәуелденеді. Нумеративтер дара, туынды және күрделі болып бөлінетіндігі айқын. Туынды және күрделі нумератив сөздер синтетикалық және аналитикалық тәсілдермен жасалады. Осы бөлімде метрологиялық лексика терминдерінің морфологиялық ерекшеліктерін айқындай отырып, оларды құрауға арқау болған өнімді жұрнақ түрлеріне тоқталамыз. Тілдің грамматикалық құрылысында жұрнақтар өзі жалғанған сөзге грамматикалық мағына ғана үстеп, белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының немесе семантикалық тобының тұлғалық көрсеткіші болып қана қоймайды, олардың парадигмалық түрлену жүйесі, түбірге жалғану ерекшеліктері, қолданылу табиғатының өзі әр қилы болып келеді. Нумеративті сөздердің сандық ұғымды, мөлшерді білдіретіндері зат есімдердей септеледі және тәуелденеді. Сан есімнің тіркесуінсіз қолданған кезде көптеледі. Метрологиялық лексиканың терминдерін морфологиялық тұрғыдан қарастырған еңбектер қатарында ой қозғасақ, алдымен, П.Хамдамовтың «Нумеративы в современном узбекском языке» диссертациясында (1967ж) морфологиялық тәсілмен пайда болған өлшемдік көрсеткіштерді атай келіп, өнімділерінің қатарына –м, -им, -ум, -чи, - оқ, -ак, ик, -лик, -оқ, -ли жұрнақтарын қосады. Қазақ тілінде –лық, -лік өнімді деп саналса, өзбек тілінде де –лик нумеративі құраудағы белсенді қызметке ие қосымша. Ж.Ш.Ахмедова «Казахские народные наименования понятий об измерениях» диссертациясында өлшем мәнді сөздердің туынды формаларының жасалуына арқау болатын –лық, -шылық, -ла, -ле, -м, -к, -ік, -ек, -ар, -ер, -ша, -ше, -а, -е қосымшаларын нақты мысалдар келтіре отырып атап өтеді. О.С.Қараджа «Түркі тілдеріндегі нумеративті сөз тіркестері» кандидаттық диссертациясында қазақ және түрік тілдеріндегі өлшемдік лексемаларды синтаксистік тұрғыдан жан-жақты қарастыра келіп, морфологиялық ерекшеліктерін де назардан тыс қалдырмайды. Екі тілде де нумератив жасауда өнімді қызмет атқаратын –ым, -ім, -ік, -ек, -ем, -лық, -лік жұрнақтарын, сонымен қоса аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі нумеративтерге де тоқталады. Жасалу жолдарын ғана емес, морфологиялық өзгерістерін, яғни септелуін, көптелуін, тәуелденуін зерттеу еңбегіне арқау етеді. Ғалым С.Жанпейісова қазақ ақын-жазушыларының шығармаларындағы нумеративтер қатарына лек, сан, түмен, танап, қыруар, сайыпқыран терминдерін қарастыра отырып, осы ұғымдардың этимологиясын зерттеуге көп мән берген, морфологиялық тұрғыдан да қарастырған. С.И.Садыбекованың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі өлшем мәнді сөздерді нысан еткен диссертациясында да үш тілдің метрологиялық терминдерін жасауға арқау болған жұрнақтар реті орын алады, өнімді морфемалар қатарына -бір, -дай, -дей, -тей, -ша қосымшаларын қосады.

М.Ж.Көпеевтің шығармаларында нумеративті сөздердің септеулі түрі өте жиі кездеседі : Бір уысқа толмайтын (2-т,56); Бір күндерде ханның қатыны құрсақты болады (2-т, 91); Бір кезін манатының бір атқа алған (2-т,108); Бір-екі жапырақтан (1-т,15); бір сағатта (1-т,24); он жылға (1-т,55); Ерімнің бір жұтым сусынынан ішсем сарқып (1-т,58); Ішінде бір табақтың жетпіс тамақ (1-т,64); Бес кезден: бақан аттар, ит ырылдар (1-т,117); Желкесінен бір тал жүнін жұлып алды (6-т,318);Үш табақпен бердім етті салып (6-т, 342); Сандал ағаштың бір тұтамын бір алтыннан беремін (6-т,7); Оған алаңдамаңыз, мына қыздар алып келеді, - деп, алтыннан қазық қағып, жібек арқанмен арқандап, өзін тұрған шатырға кіргізіп, былқылдатып белден төсек салып, үстіне отырғызып, бір керсен қымызды алдына алып келіп құйып, бір астау құланның қазы-қарта, жал-жаясын алдына меңгертіп, ай дейін десе, аузы бар, күн дейін десе, көзі бар, бір қасық сумен жұтып жібергендей бір қызды оң жағына отырғызды (6-т,48); Бір қасық етті жеді (2-т,153); Сойды, бір жапырақ етке тойды (2-т,161); Әй, Алтынжан, бір қасық қанымды қи (2-т, 144-б); Үш пұтын үш теңгеден алып ішіп (7-т,285-б); Ханының айтқан жарлығын айтқанынша қылып, зынданға салып, сегізінші күн дегенде, ақбоз үйдің ішіне жападан-жалғыз отырғызып қойып, бір аяқ қара суды ішіне тобықтай тоң май салып, апарып қолына ұстатты (8-т, 178-б); Он жылға толып еді жасы һаман (1-т, 55-б); Мал жазғытұрым бір жұмада ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен, сонысы бір жылға татиды екен (6-т, 68-б). Аңғарып отырғандай, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғауларындағы нумеративтер орын алған. Нумеративтердің дана санын білдіретіндері және мөлшерді білдіретіндері септеледі. Түндерде оқып, қырыққа қадам бастым, Күншығыста бар, бесінде болып, түске жетпей, ақшамда, намазшамды, былтырдан, бір жұтым сусынынан, жартысын алып, уысыма, үш шелектен, он екі айға, бір сағатта, жұдырығын түйіп, бес кезден, пұтын, жаз шілдеде, он бесімде, тал түсте, уысымды, шаршы түстен, жұмада, ерте – кешін, жүз сегіз пұттан, күнбатысқа, жаздан тией, бір тамшыдан, алагеуімнен, бүрсігүнге дейін, айшылықты алты аттап, бір тал жүнін, күнде ертеңмен, тауықта туған, бір кезін, байлар тобын, үйірін, бір тамшыдан, күдірден, қапшығын, бір пұлмен т.б. Тәуелді септеу түріндегі мысалдарды да аңғаруға болады: бармағымның арасына, шынашағының қаныменен т.б. «Сан есім - нумеративті сөз - анықтаушы сөз» түрінде орын алғанда нумеративтердің түрлі морфологиялық өзгерістерге енетіндігін аңғаруға болады. Тәуелденуі өте сирек кездесетіндігі байқалса, сан есімсіз қолдану ыңғайында көптік жалғауымен кездеседі.

Қазақ тіліндегі нумеративтер әдеби және сөйлеу тілінде өз құрылымына қарай түрлі формаларға ие. Олардың бірсыпырасы түбір күйінде қолданылса, тағы бір түрлері туынды сөздер тұлғасында қолданылады. Түбір тұлғасында келетіндері морфологиялық бөліктерге жіктелмейді, яғни, жаңа сөз тудыратын аффикстері болмайды. М-Ж.Көпеев шығармашылығында кездесетін түбір тұлғалы нумеративтер қатарына мына сөздер енеді: кез, пұт, таң, қыс, жаз, сәске, іңір, кеш, жыл, ай, уыс, елі, бір аяқ (көже), табақ, қасық, есе, бір тал, қат, түп, бет, қап, түс, топ, дүйім, көш, табан, алақан, т.б. Туынды және күрделі нумеративтер аналитикалық, синтетикалық тәсілмен жасалады.

Морфологиялық тәсілмен жасалған өлшемдік құрылымдар тілімізде өте көп, оның ішінде Мәшһүр ата еңбектерінде мол кездеседі. Түрлі аффикстердің тіркесуі арқасында жаңа мән-мағынадағы ұғымдар пайда болады. Морфологиялық тәсілмен жасалатын туынды метрологиялық атауларды екі топқа жіктеп қарастыруға болады: а) есім сөздерден құрылған өлшемдік мәндегі атаулар; ә) етістіктен жасалатын өлшемдік құрылымдар. Қазақ тілінде етістіктерден де, есім сөздерден де пайда болатын метрологиялық мәндегі сөздер мол. Ал, өзбек тілінде көбінесе етістіктерден жасалған нумеративтердің молдығы П.Хамдамов еңбегінде тілге тиек етілген. Нумератив сөздердегі жұрнақтардың атқаратын қызметтері бірдей емес. Бұлардың ішінде тілде белсенді қызмет атқаратын өнімділері және сирек қолданылатын өнімсіздері бар. «Өнімді жұрнақтар деп тілге талай туынды зат атауын берген, қазір де сөзжасамдық қызметін жоғалтпаған жұрнақтар аталады. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының басым көпшілігі өнімді жұрнақтарға жатады» [249,118]. Аффикс - грамматикалық құралдар ішіндегі ең негізгісінің бірі. Сөз түбірінен тыс қолданыла алмайтын морфема. Сөздің лексикалық, грамматикалық мағынасын тудыру әрекетіне ие. М-Ж.Көпеев шығармаларында орын алатын өлшемдік мәндегі сөздердің басым көпшілігі түрлі аффикстердің жалғануы арқылы кездеседі. Ең алдымен өнімділеріне кезек беретін болсақ, алғашқыларының қатарына –ым, -ім, -м жұрнақтары енеді. Түбір және туынды етістіктен есім сөз тудыратын қосымшалардың қатарынан саналады. Түрік тілдерінің көпшілігінде өнімді жұрнақтар деп есептеледі және осы жұрнақтармен пайда болатын сөздер бір рет қолданылатын өлшемдік ұғымдағы сөздерді аңғартады. Ақын шығармаларында жиі кездесетін өлшемдік ұғымдағы мына сөздерге назар аударалық: ат шаптырым, бір ұрттам, бір тілім, бір жұтым, бір кесім, бір ішім, ет асым, шақырым, ат шаптырым, шайнам, тұтам, бір қайнатым . Сөзжасамдық табиғаты жағынан тек етістік түбірге ғана жалғанатынын, басқа тілден енген үш сөзге ғана тіркесетіндігін Ф.Р.Ахметжанова мен Р.Е.Қасенова да атап өтеді: «-Ым, -ім жұрнақтары тіркесетін үш есім сөздер қатарына қайырым, мейірім, қарым сөздері жатады. Қайыр-араб, мейір-парсы, қар-монғол тілінің элементтері» [250,17]. Сонымен қоса ғалымдар өнімді осы екі жұрнақ арқылы лингвистикада және әдебиетте : тілтаным, аударым, пікірлесім, сөйлесім, автор келісімі, айтылым, үндесім, жазылым тәрізді атаулардың қолданылатындығын тілге тиек етеді. Хакас тілінде –ым, -ім, -м етістіктерге жалғанып туынды түбірлі зат есім жасайды, Мысалы, атлам «шаг» (атла «шагать»), тілім «ломать», артым «порог», чарым «половина» т.б.

Бұл ой Ж. Ахмедованың еңбегінде де орын алып, өнімді жұрнақ деп саналған : «Аффиксы группы –м имеются во многих тюркских языках, при их помощи формируются существительные, которые обозначают количество, меру чего-либо, сделанного за один раз, за один прием или годного на один раз, на один прием» [251,20]. Мысалдардан байқалып тұрғандай бір рет қолданылатын, тұтынылатын зат мағынасын білдіреді.

М тобындағы аффикстер кеңістіктің ара қашықтығын да аңғартады. Ол сөздердің қатарына : шақырым, адым, ат шаптырым, тұтам сөздерін жатқызуға болады. Ал бір кесім, бір ұрттам, бір жұтым, бір ішім тіркестері азық-түлікке байланысты қолданысқа еніп, зат мөлшерінің аз екендігін аңғартады. Н.Оралбай еңбегіндегі мына пікір де осы ойды тереңдетеді: «Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының ішінде көп мағыналы жұрнақтар бірсыпыра : -ым, -ім, -м . –Ым, ім, м жұрнағы математикалық терминді білдіреді, мөлшер мәнді білдіреді» [252, 117]. Зат есімнің морфологиялық тәсіл арқылы жасалу жайын сөз ету барысында –ым,- ім жұрнақтарының іс-әрекеттің нәтижесін, қимылдың, істің атын, өлшемді білдіретін зат есім тудыратындығы барысында «Қазақ тілінің грамматикасы» еңбегінде де ой қозғалады [253, 47].

Ал, А.Ысқақов еңбегінде осы жұрнақтарға байланысты мынадай пікір орын алған: «-Ым, -ім, -м жұрнағы арқылы салт және сабақты етістіктерден алуан түрлі заттық ұғымдардың атаулары жасалады. Өлшем, мөлшер ұғымдарын білдіретін бірқыдыру зат есімдер бар. Ондай сөздер халықтың бұрынғы кездердегі ауызекі тілі мен ауыз әдебиетінде үнемі кішілік сандармен (мысалы: бір, екі, үш, бір-екі, екі-үш, үш-төрт) және халықтың күнделікті өмірінде аса жиі қолданылатын бір алуан зат есімдермен (мысалы: ет, сүт, шай, ат, тай т.б.) қолданылатын еді» -дей отырып, мысалдар қатарына бір асым, екі-үш қайнатым, бір-екі салым, бір-екі ұрттам тәрізді өлшемдік тіркестерін келтіреді [254,220]. –Ым, -ім аффикстері етістік түбіріне ғана жалғанады, етістікке қосылып туынды зат есім жасайды. Бұл форма арқылы жасалған туынды зат есімдер қосарланып та, еркін де қолданыла береді. Ғалымдарымыз А.Ысқақов, К.Ахановтар бұл жұрнақтарды өнімді десе, проф. Э.В.Севортян өнімсіз жұрнақтың қатарына қосады: «Значительный вклад в словарях тюркоязычных народов оставила от глагольно-именная форма на –м, -ым, -им, -ум, -үм, реже –ам, ем. Форму на –м также следует отнести к числу слабопродуктивных в современном ее состояний» [255,347]. Ал, ғалымдар М.Балақаев, Т.Сайрамбаевтар «Қазіргі қазақ тілі» еңбегінде мынадай ой өрбітеді: «Қайнатым шай, үзім нан, асым ет қалпында етістіктің аяғына –ым, -ім жұрнағы жалғанып жасалған зат есімдер мен басқа зат есімдер сандық анықтауышсыз бір топ құра алмайды, бір қайнатым шай, бір үзім нан, екі асым ет сияқты ғана айтылады, Сонда, екі заттың анықтауыштық қатынаста айтылуы олардың алдындағы сан есімдерге байланыстан болады»[256,46]. С.Исаев та -ым,- ім, -м жұрнақтарын жазба әдебиет тілінде жаңа сөз жасауда өнімді сипаттағы қосымшалар қатарына қосады [257,285]. Бұдан шығатын түйін: -ым, -ім жұрнақтары өнімді аффикстер, сөздерге жалғану қабілеттілігі зор. Актив қолданыстағы –ым, -ім жұрнақтарының қызметі жайында білдірген ғалымдардың еңбектерінің мол болуы да оның қызмет аясының кеңдігінен хабардар етеді. -Ым,-м аффиксінен жасалған қайнатым сөзі туралы В.Радлов сөзіне назар аударсақ: «каінатым [Каs.,vоn каінат+м] - сколько необходимо для одного кипяченія; бір каінатым чаі - количество чая, достаточное для одной заварки [258,18]. Басқа түркі тілдерінде де бұл жұрнақтардың жиі қолданылатындығы жөніндегі пікірлерді байқауға болады: «-ым, -им, -м «бир» деген сөзбенен қатарласа айтылып, көлемлик-муғдарлық мәнилерди билдиреди: бир салым дуз, бир жутым суу, бир атым насыбай,бир қайнатым чай, бир шақырым жол [259,56]. Өнімді деп саналатын –ым, -ім жұрнақтарымен келетін нумеративтерге М-Ж.Көпеев шығармасынан мысалдар келтіретін болсақ:

Ес көріп, осыларды қара тартқан, Ойласақ, шайнам ғақыл жоқ қой бізде ( «Соқыр, саңырау және жалаңаш», II том, 14-бет) .

Армансыз болар едім,-деп шуласып, Бір ұрттам мөлдір тұнық судан ішсем!(«Қанағат туралы жұмбақ өлең», II том, 8-бет).

Жоқ болып нан беруші жалғыз тілім, Деуіңе тұрмай қалды: «Халқым, елім!»(«Жұт», I том, 179-бет).

Бір ішім су таппадым саған іздеп, Күншығыс, күнбатыстың бәрін көздеп («Өлер халде періштелер келгені», IIтом, 210-бет).

Ойлаймын: «Ырзығыңыз бітті ғой!»-деп, Болмаса табар едім бір кесім нан («Өлер халде періштелер келгені», IIтом, 210-бет). Б.Серебренникова мен Н.Гаджиева да –ым, -им, -м сөз тудырушы, өнімді жұрнақтар деп есептей отырып, мынадай мысалдар келтіреді: «кирг.чутум «глоток» от чут-«глотать», тув. Базым «шаг» от бас- «шагать» [260,109]. Бұдан шығатын қорытынды - жұрнақтар сөздік қорды молайтатын құнарлы тілдік бірліктер. Өлшемдік мәндегі сөздерде жиі кездесетін қосымша түрі -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік. Бұл жұрнақтар жалғану барысында мезгілдік ұғым аңғарылады, сонымен бірге есімдікке, сын есімдерге, сан есім мен зат есімнен құралған тіркестерге де жалғанып, негізгі сөздің мағынасына орай, мезгіл, өлшеу, сан, бағыт, белгілі бір жаққа тәндік мағыналарды білдіретін туынды сын есім жасайды. Мезгіл мәнін аңғартатын сөздерге мысалдар : апталық, күздік, айлық, жетілік, жылдық, қыстық, кештік. Күншілік, күндік, түстік, айшылық,қоналқалық сөздерінде ара қашықтық мағынасын аңғартса, асымдық сөзінде мөлшер ұғымы аңғарылады. Бұл жұрнақтар туралы Н.И. Ильминский өз еңбегінде былай дейді: «Окончаніе лык ( -дык, -тык) выражает : 1) отвлеченное качество : жаксылык; 2) количество : бер коілектік, буз [261,18].

Нумеративтерге –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнақтары жалғануда есім сөзбен қабыса байланысады. Ақын еңбектерінен нақты мысалдар келтіретін болсақ:

Жау қалмақ он айшылық жерде екен, Он күнде ел шетіне жетті дейді. (2-том, «Алтынбас-Күмісаяқ ғашық болған», 144-бет).

Бұл жерден сенің қайның бір жылдық жер, Жетеміз мезгілінде намаздыгер (2-том, 144-бет).

Адалға тілі тимеген, Түстік жерге жүрмеген (2-том, «Сайын батыр», 170-бет). Күншілік жерден болжайды екен (2-том, «Желкілдек», 159-бет). Бағамыз, бақ қайтқан соң, болмай тайлық, Бір күндік, жылдық үнем, азық, айлық (7-т, 284-б). Осы өлең жолдарына назар аударсақ, екі тармақта ақын төрт өлшемдік құрылымды пайдаланған, барлығына -лық, -дық, -дік жұрнақтары арқау болған.



М. Томановтың еңбегінде осы жұрнақтарға қатысты ой былайша өрбиді: «Туынды сын есім жасайтын 120 аффикстің бірі және осы қызметте ең жиі қолданылатыны –лық, -лік (фонетикалық варианттары - лығ, -ліг, -лы, -лі). Бұл аффикске қатысты ескерілетін бір жай - көне түркі, ескі түркі тілдерінде бұл аффикс көбінесе –лығ (соңғы дыбысы ұяң –ғы) сипатында айтылған да, әрі зат есім, әрі сын есім жасаған. Қазіргі түркі тілдерінде –лық, -лы аффикстері арқылы жаңа сөз тудыру қатыстық сын есімдердің жасалуының ең өнімді тәсілдері болып табылады» [262,120] .

А.Ысқақов еңбегінде бұл жұрнақтарға байланысты мынадай ой қозғалған: «-Лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік- есімдерден жаңа сөз тудыратын өте өнімді жалаң жұрнақтың бірі. Оның аса өнімді екендігі бұл қосымшаның тіліміздегі көптеген сөздерге жатырқамай жалғана беретінінен де көрінеді. Мысалы, біріншіден, -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік зат есімге де, сан есімге де, есімдікке де, бірен-саран үстеуге де, әр тарапты модаль сөздерге де, етістіктің есімше формаларына да жалғанса, екіншіден, ол жұрнақ арқылы туынды зат есімдер де, туынды сын есімдер де , туынды етістіктер де жасалады» [263, 214]. Туынды зат есім жасайтын жұрнақтардың мағыналық құрамы да әр түрлі. Бұл жұрнақтардың белсенді қызметі жайлы ғалым Н.Оралбай былай дейді: «-Лық, -лік, -дық, -тік, -тық, -тік жұрнағы түрлі сөз табының түбірлерінен түрлі мағыналы туынды түбір зат есім сөздер жасайды. Түрлі мағыналы зат атауларын жасауда ерекше орын алады» [264,116]. Бұл ойды П.Хамдамов та қостап: «Аффикс –лик является самым продуктивным. Присоединяясь к существительным, он образует нумеративы, выполняющие функцию единицы меры. Профессор Н.А. Баскаков, например, называет аффикс –лик аффиксом меры и количества. Примеры: турт кишилик овқат; бир куйлаклик шойи» [265,22] - деген тұжырымға келеді. «Жұрнақтардың көпшілігі бір-бір ғана сөз табымен байланысты болып келсе, кейбіреулері екі не үш түрлі сөз табына қатар жалғанып, әрқайсысынан туынды зат есім жасайды. –Лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік аффикстері түбір сөз таптарының еліктеуіштен басқаларының бәріне жалғанады және бәрінен туынды зат есім жасайды» [266,111] - деген пікірден де бұл жұрнақтардың белсенді әрекетін аңғарамыз. «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» еңбегінде –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнақтарының қосылуы нәтижесінде мынадай мағынадағы сөздердің, ұғымдардың пайда болатындығын көрсетеді : этнографиялық тіл құбылыстары (базар-лық,тер-лік,қалың-дық), тағам және өсімдік , жәндік, жануар атаулары (тұз-дық, ас-тық, тұқым-дық, қымыз-дық); адамның не малдың дене мүшелерімен байланысты зат есімдер (қол-тық, иек-тік, иық-тық, бел-дік, қабырға-лық, кеуде-лік); туыстық ұғыммен байланысты туынды зат есімдер(аға-лық, құда-лық, жиен-дік, тамыр-лық); лауазым атаулары (патша-лық, сұлтан-дық, болыс-тық, бек-тік); мамандық түрімен байланысты болып келетін туынды зат есімдер (ұстаз-дық, ғалым -дық, балуан - дық); Бұл жұрнақтар туынды түбір зат есімдерге де тіркесіп , жаңа сөз жасауға қатысады. Мына тұжырымға назар аударсақ: «Тілімізде туынды түбір зат есімге –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы жалғану арқылы орныққан зат есімдік жаңа жасамдардың дені абстракт мағыналы болып келеді: басшылық, зерттеушілік, басқыншылық, қарақшылық, жәрдемшілік, жыраулық т.б. [267,139]. «-Лық жұрнағының нумеративті сөздерден басқаларға жалғануы арқылы жасалған сөздер сан есімдерсіз ешқашан нумеративті сөз қызметін атқара алмайды»[268,10]. Жалпы, бұл жұрнақтар барысында зерттеушілеріміздің көпшілігі пікір білдірген. С.Исаев –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік аффикстерінің мерзімді баспасөз тілінде, ғылыми әдебиеттер тілінде сандық жағынан көп қолданылатындығын, стильдік сипат алғандығын тілге тиек етеді [269,286]. -Лық, -лік жұрнақтары парсы тілінде –лик түрінде келетіндігі сөздіктен аңғарылады. Атап айтқанда, чаштгаһлик–сәскелік; һәфтәлик-апталық т.б. [270]. Қарақалпақ тілінде де –лық, -лик өнімді аффикстер болып табылатындығын мына пікір растай түседі: «-Лық, -лик-өнімді. Бұндай атлықлар келбетлит уазыйпасында да келеди: етиклик былғары, кийимлик шыт, айлық ис, жыллық план [271,52].

Б.Серебренникова мен Н.Гаджиевалардың түркі тілдерінің грамматикасын салыстыра қарастырған еңбегінде бұл жұрнақтар туралы айтылған: «-Лық, лик в ряде тюркских языков может образовывать относительные прилагательные : а.тнальқ «еженедельный», ног. аjльк «месячный», азерб. гышлык «зимний», кирг.аjмақтык «краевой», тув.чылдық «годичный».Чаще всего он образует относительные прилагательные от существительных связанных с понятием временной протяженности (год, месяц, неделя и т.д) [272,118].

Осы жұрнақтармен тіркесетін сөздердің семантикалық сыйымдылығы ауқымды, қолданылу аясы кең. Сын есімнен, сан есімнен туынды зат есімдер жасауда атап өтіп отырған жұрнағымыздың қызметінің белсенділігін келтіріп отырған пікірлер растай түседі. –Дай, -дей, -тай, -тей жұрнағы жалғанатын сөздердің бірсыпырасы сан есімдерсіз нумеративті сөздер тәрізді анықтауыштық қызмет атқарады: алақандай жер, қасықтай қан, мысқалдай, білектей, жұдырықтай, сүйемдей, түймедей, ат басындай, зіңгіттей, биттей, тобықтай, алақандай, бармақтай, тұтамдай т.б. Мәшһүр ата қолданған өлшемдік мәндегі сөздерде өте жиі қолданылатын жұрнақтар: -дай, -дей, -тай, -тей. Бұл аффикстер де өнімді қосымшалар қатарынан орын алады, зат есімдерге, сан есім, есімше формаларына жатырқамай жалғана береді. Ақын шығармаларында осы жұрнақтармен келетін мынадай өлшемдік мәндегі сөздер, сөз тіркестері бар: бармақтай, биттей, туған айдай, титтей, қасықтай, инедей, ат басындай, қасықтай, шыбындай, иненің жасуындай, ала жаздай, алақандай, бір тиындай, тамшыдай, мысқалдай, қырық кездей, тұтамдай, жұдырықтай, зіңгіттей, зәредей, жиырма бес шақырымдай, бармақтың көлеміндей, бір табақтай, тобықтай, білектей, қой басындай, тырнақтың көлеміндей т.б. Өлең жолдарымен қосатын болсақ:

Сол салып алақанға жүрсең-дағы, Білінбес ауырлығы бір мысқалдай (4-том, 303- бет, «Хор қыздарының хикаясы»).

Берген нәрсең тұтамдай сиыр мүйізі. Төрелігін Барлыбай-екең өзі-ақ білер!-депті (5-том, 99-бет, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» - деген сөздің басы қайдан шыққан?). Жете алмай ақ-қараның анығына, Басады алақандай, билер мөрді 4-т, 34-б). Бар денемде бармақтай дәлелім жоқ, Ішіп-жеген нәрсемнен есеп алсам («Жыл он екі ай»).

Көбелектен жоқ биттей бөтендігі, Халық қатары жаралған қазақ тіліне?!

(«Сәйгелді, сона, бөгелек туралы).

Осы жұрнақтар жалғанған сөздер сөйлем ішінде екінші бір затты анықтай отырып, семантикалық жағынан анықтап тұрған затты өзі жалғанып тұрған басқа бір затқа салыстыру, ұқсату мағынасын көрсетеді. Қыстай, жаздай мезгіл мәнді үстеулер де түбір зат есімдерге –дай, -тай қосымшаларының тіркесуімен пайда болған. Бағыныңқы сыңары ретінде дара және қосарлы сан есімдер мен –дай, -дей жұрнақты зат есімдер тіркесіп, заттың қашықтығын, ұзындығын, мөлшерін, көлемін білдіреді: қырық кездей, бір тиындай, бір мысқалдай, қырық кездей, бір қасықтай, бір табақтай, жиырма бес шақырымдай, ат басындай т,б. -Дай,-дей, -тай, -тей жұрнағы жалғанған зат есімдердің кейбіреуі сан есімсіз де нумеративті сөздің қызметін атқарады. Ақын шығармаларында бұл ойымызға мынадай тіркестер мысал бола алады: қасықтай қан, бармақтай бақ, шыбындай жан, алақандай жер, титтей бас, білектей мұрт, тобықтай тоң май, жұдырықтай тас, көлемі тырнақтың көлеміндей, бармақтың көлеміндей мік, ат басындай, қой басындай алтын, қалың білектей мұрт, өгіздің терісінің аумағындай жер, тырнақтай сыр, тұтамдай мүйізі т.б.

Қорытындылайтын болсақ, М-Ж.Көпеев шығармаларындағы метрологиялық лексика көрсеткіштерінің ішінде түбір тұлғалы және туынды түрлері де жиі кездеседі. Өлшем мәнді сөздердің жасалуына арқау болған жұрнақтардың қатарына –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік; -ым, -ім, -м; -дай, -дей, -тай, -тей қосымшалары енетіндігі аңғарылды. Басқа түркі тілдеріндегі нумеративтермен салыстырылуда ол тілдерде аталмыш жұрнақтардың жиі қолданылатындығы байқалды. Әсіресе, П.Хамдамов зерттеулерінен өзбек тіліндегі туынды нумеративтер ерекшелігі, О.Қараджа еңбегінен түрік тіліндегі нумеративтердің морфологиялық белгілері байқалды. Өлшемдік атаулардың морфологиялық құрылымдары қарастырылып, көптелу, септелу, тәуелдену белгілері айқындалды. Зерттеуге арқау болған барлық пікірлер нақты дәйектермен дәлелденіп, М-Ж.Көпеевтың шығармашылығынан терілген мысалдар қолданылды. Сөзжасам тәсілдері, атап айтқанда аналитикалық, синтетикалық, конверсиялық түрлеріне қатысты ойлар білдірілді. Метрологиялық лексиканың көрсеткіштерінің барлығы сөздік қорымыздың ауқымды қабатын құрай отырып, белгілі бір нысанды басқа бір нысаннан ажыратып, айқындауда этномәдени мазмұнға бай когнитивтік бірліктер болып саналады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет