Кіріспе Метрологиялық лексика (нумеративтер мен халықтық өлшем атауларының) тіл білімінде зерттелуі және қалыптасу жолдары



бет1/11
Дата15.09.2017
өлшемі2,18 Mb.
#33004
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11



Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

Р.Т.Сабырханова

М-Ж.Көпеев шығармаларындағы метрологиялық лексика (халық өлшемі мен нумеративтер)
Оқу-әдістемелік құрал

Павлодар


Кіріспе

Метрологиялық лексика (нумеративтер мен халықтық өлшем атауларының) тіл білімінде зерттелуі және қалыптасу жолдары

Тіл қарым – қатынастың ғана құралы емес, әр халықтың тарихы, өмірі, тіршілігі, шаруашылығы мен мәдениеті. Тіл әлемі рухани және материалдық игіліктердің айнасы. «Язык – это, прежде всего, универсальная форма и способ воплощения объективации хранения и выражения всего человеческого мышления, всех человеческих знании, всего того, что связано с формами бытие, характером жизни, жизнедеятельности, поведения человека, отношения его к миру» [1, 4].



«Этнолингвистика» (грекше etnos – «халық» және латынша lingua – «тіл») - этнос пен тілдің бірлігі, олардың арасындағы табиғи тұтастық тіл білімінде, оның ішінде түркітанымда тіл тарихы мен иесі халықтың этникалық тарихын ұштастыра отырып зерттеуді қажет етеді. Этнолингвистиканың барлық тілдерге қатысты әмбебап ғылым екендігін кейінгі жылдардағы зерттеу еңбектерде көріне бастаған жалпы славян, роман, герман этнолингвистикасы сияқты топтарға бөліп қарастырудан да көруге болады. Бұлар сияқты түркі этнолингвистикасы да өз алдына зерттеу нысаны бола алатын үлкен бір сала. Өйткені, түркі халықтары өздерінің қалыптасу, құралу, өсу-өну дәуірінде ұзақ жылдар бойы экономикалық, шаруашылық, мәдени, саяси-әлеуметтік жағынан ұқсас жағдайда қатар дамыды. Ал, бүгінгі таңда ғылыми негізі жан-жақты қалыптаса бастаған этнолингвистика өзіндік ерекшелігімен, алдына қойған мақсатымен таныла, нақтылана бастаған соны саланың бірі екендігі сөзсіз. Қазақ топырағында этнолингвистиканың негізін салушы көрнекті ғалым, академик Ә.Қайдар «этнос», «тіл» деген ауқымды, кең ұғымдарды нақтылап, «этнос болмысы», «тіл әлемі» деген термин-ұғымдарды қолдана отырып, этнос пен тіл сабақтастығын тендестіре қарау арқылы үлкен идеографиялық классификация жасады. Академик Ә.Қайдар: «Қазақ этносының ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын толық та түбегейлі түрде тек оның байлығы – «тіл әлемі» арқылы ғана танып-білуге болады» [2, 304]- дейді. Осы мәселеге қатысты М.М.Копыленко қазақ тіл біліміндегі академик Ә.Т.Қайдаров бастаған этнолингвистикалық мектепті «қазіргі этнолингвистикадағы жаңа бағыт» деп бағалап, оның негізгі ерекшелігін былай атап көрсетті: «Это направление изучает этнос в зеркале языка. В нем нет симбиоза дисциплин, поскольку язык представляется главным и непосредственным предметом анализа, этнология, история, культурология и прочие нелингвистические дисциплины привлекаются как вспомогательные» [3, 17]. Бүгінгі таңда ғылыми негізі жан-жақты қалыптаса бастаған қазақ этнолингвистикасы өзіндік ерекшелігімен, алдына қойған айқын мақсатымен таныла, нақтылана бастаған тың саланың бірі екендігі даусыз. Демек, халқымыздың жалпы рухани өмірін, сан ғасырлық тағылым жүйесін, ата салтын, асыл мұрасын, елдік қасиетінің болмысын сақтаған тіл қазынасын айқындауда, пайымдауда этнолингвистиканың мәні аса зор. Тіл білімінің дербес бір саласы этнолингвистиканың өзіндік мәселелері, проблемалары туралы көрнекті тіл мамандары В.Гумбольдт, А.А.Потебня, Э.Сепир, О.Ахманова, Н.И.Толстой, Ә.Қайдаров, М.М.Копыленко, Е.Жанпейісов, Ж.А.Манкеевалардың зерттеу еңбектерінде аз айтылып жүрген жоқ. Ғалым С.Е.Жанпейісова осы мәселеге қатысты ойларын былайша өрбітеді: «Этнолингвистика әдетте тілді дағдылы қарым-қатынас құралынан гөрі таным құралы, таным көзі ыңғайында көбірек зерттейді. Бұдан да дәл айтсақ: тілді этносты танудың, әсіресе, интеллектуалды ерекшелігі жағынан танып-білудің құралы ретінде қарастырады» [4]. Этнолингвистиканың зерттеу объектісіне, әдісіне, оның шектес ғылым салаларымен қарым-қатынасына байланысты нәзік қыр-сырлары толық ашылып болды деп айтуға болмайды. Ж.А.Манкееваның мына пікіріне назар аударайық: «Халықтың материалдық, өндірістік деңгейі мен рухани өрісін бейнелейтін ана тілінің байлығын, асылын барынша толық жиып көрсетіп, қыр-сырын анықтау-этнолингвистиканың міндеті. Этнолингвистика – халық туралы шынайы хабар беретін «ақпарат көзі» [5, 5]. Тіл материалдарын топтастыра қараудың тамаша үлгілері ғұлама ғалым М.Қашқаридың «Диуани-лұғат-ат-түрік» атты әйгілі еңбегінен бастау алған. Түрік жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы сынды бұл еңбекте түрік сахарасының жан-жануарлар дүниесі, өсімдіктер туралы, материалдық-мәдени заттары туралы, жер-су аттары туралы, аспан денелері, ғарыш әлеміне қатысты атаулар туралы, балалар ойындары, т.б. деп отызға жуық тақырыптық топтарға бөлінсе, «Кодекс-Куманикусте» (XIV ғасыр) уақыт, мезгіл атауларына қатысты, ауа райы мен аспан әлеміне байланысты 40-қа жуық тақырыптық топтар жіктелімі орын алған. М-Ж.Көпеев шығармашылығында байтақ жерді жайлаған қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, экономикалық жағдайы мен қоғамдық құрылыс сыңайын танытарлық бедерлі суреттер көптеп саналады. Ақынның туындыларында тұрмыс-салтымызға, әдет-ғұрпымызға, аңшылық-саятшылыққа, кәсіпшілікке, өлшемдік бағыттағы ұғымдарға, басқа да тіршілік салаларына байланысты лингвомәдениремаларды жиі кездестіруге болады. Ақынның шығармашылығы лингвомәдениеттану аспектісінде ерекше қызығушылық тудырады. Өйткені шебер қаламгердің кез келген шығармасында қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен өмірге көзқарасы суреттеледі. Түркі тілдеріндегі нумеративтер мен метрологиялық терминдерді В.В.Радлов пен Л.З.Будагов сөздіктерінен де жиі ұшыратамыз. Қазақ тілі туралы В.В.Радлов: «Язык киргизов (казахов. – Х. К.) плавен и красноречив, они остроумны и часто колки и находчивы в вопросах и ответах, иногда даже удивительно ловки. Если они рассказывают, оборот из речи свеж и приятен. Это ясно обнаруживается в образцах народной литературы, которые мною собраны и издаются Императорской Академией наук» [6, 12] – дейді. Халқымыздың орамды, сұлу сөз өрнектері басқа ғалымдар тарапынан да осындай баға алатындығы белгілі. Кестелі тіліміздің көрікті бейнесі М-Ж.Көпеев шығармаларында лайықты сипат алып, ұлттық ерекшеліктерімізден кең ауқымда мағлұматтарды алға тартады.

Өлшемдік атауларды, өлшемдік ұғымды білдіретін сөздерді, яғни нумеративтерді қарастыру бүгінгі күні қазақ тілі үшін ғана емес, басқа да түркі тілдері үшін өзекті мәселе. Өлшемнің есепке қатысты түрлі мағыналық реңктегі сөздер мен сөз тіркестері әсіресе түркі тілдес халықтарда жиі орын алғандығы бірден аңғарылады, бұның өзі аталмыш тілді иеленушілердің тұрмыстық ахуалының ұқсастығынан болса керек. Өлшемдік мәндегі сөздік қорымызды айқындау, жан - жақты қарастыру, сипаттау үлкен теориялық қана емес, түркі тілдес халықтар үшін тәжірибелік мәні де аса зор еңбек болып саналады. Нумеративтер барысында пікірлер, түрлі тұжырымдар орын алған. Түркі елінде халықтық метрологияның негізін М.Қашқари салды, оған дәлел ретінде ғалымның артына қалдырған бай мұрасын айта аламыз. Ғалым Е.М.Жанпейісов «Этнокультурная лексика казахского языка» еңбегінде метрология мәселесінің зерттелуіне қатысты ойын былайша өрбітеді: «Описание и исследование нумеративной терминологии в тюркских языках, в том числе и в казахском, еще только начинается. Об этом свидетельствуют две кандидатские диссертации выполненные на материале узбекского и казахского языков:

П.Хамдамов Нумеративы в современном узбекском языке. Автореф. дисс. к.ф.н. Самарканд, 1967г;

Ж.Ш.Ахмедова. Казахские народные наименования понятии об измерениях: Автореф. дисс..к.ф.н. А,1975г» [7, 119]. Бұл жерде зерттеушінің айтпақ ойы – тілімізде метрология тақырыбының әлі де болса зерттелу аясының кеңеймей отырғандығы.

П. Хамдамов өлшемдік ұғымды білдіретін атауларды нумератив деп атап, жазба ескерткіштердегі, диалектілік мәндегі, қазіргі өзбек тіліндегі деген топтарға бөліп қарастырады. Нумеративтердің семантикалық ерекшеліктерін, морфологиялық тәсілмен туынды нумеративтердің жасалу жолдарын көрсетеді. Синтаксистік амалды арқау еткен өзбек тіліндегі нумеративтерге тоқталады.

Ж.Ш.Ахмедова өлшемдік мәндегі сөздерді лексика-семантикалық тұрғыдан бірнеше мағыналық топтарға жіктей отырып, олардың түрлену ерекшеліктеріне, грамматикалық құрылымына, синтаксистік моделіне назар аударған. Диссертациясына үңілер болсақ, мынадай пікірлерді ұшыратуға болады: «Есептік сөздер (счетные слова) заттың өзін немесе оның санын білдірмейді, оның саналуымен байланысты ұғымдарды білдіреді» - деп, есептік сөздерді үш топқа бөліп көрсетеді: 1) зат немесе нәрсе бірліктерінің атауы есебі: бас, тал, түп, т.б.; 2) адамдардың тобының есебі: тайпа, топ, қауым, т.б.; 3) малдардың тобының есебі: үйір, табын, қора [8, 148].

Е.Н.Жанпейісов «Этнокультурная лексика казахского языка» еңбегінде «Абай жолы» романында кездесетін халықтық өлшемдердің шығу төркінін, этнолингвистикалық табиғатын, семантикалық ерекшеліктерін қарастырып, халықтық өлшемге қатысты мынадай пікір білдіреді: «В казахском языке, так же как и некоторых других тюркских языках, для обозначения длины и расстояния числовому выражению могут подвергаться не сами предметы, а такие их физические свойства, как протяженность, объем, вес, и т.п. » [9, 142]. Ғалым сере, сере қарыс, шар, шар, сүйем, қарыс, соқыр, тірнек, күреш, лек, түмен, тоқ, қақ, бесін, екінті сияқты халық метрологиясына енетін сөздердің этимологиясына талдау жасап, өлшемдік ұғымдағы сөздерді нумератив деп атаған. С.Е.Жанпейісова «Қазақ тілінің рухани мәдениет лексикасы» кандидаттық жұмысының авторефератында: «Халқымыздың өзіндік метрологиялық жүйесі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларындағы өлшем мәнді түрлі сөз қолданыстардан айқын аңғарылады. Мысалы, олардағы бір бой, алты ен, бес тақа, үш қат, он екі құрсау, бір қойын (ақша), екі қарын (май), алты қосақ (қой), бес буда, бір қағаз (шай), сегіз жұп, бір құшақ (отын), жалғыз түп ши, бір уыс, екі баспақ, екі зекет, екі құрсақ тәріздес нумератив мәнді тіркестердің алдыңғы сыңарлары-есептік сандар да, ал екінші сыңарлары қазір классификаторлар делініп жүр» [10, 20-21] – деген болатын. К.Күркебаев нумератив сөздерді классификатор, счеттік сөздер және өлшемдік атаулармен байланысы бар құрылымдар деп топтастырады [11, 46-47)]. Ғалым Ә.Болғанбаевтың «Өлшемдік ұғымдар» мақаласы, этнограф-зерттеуші С.Кенжеахметовтың «Уақытты анықтау белгілері», т.б. еңбектерін атап өтуге болады. Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының директоры, ф.ғ.д, профессор А.Қ.Тұрышев ақын шығармаларының тілін қарастыруға ерекше қомақты үлес қосып отырған ғалым.

«М-Ж.Көпеев шығармаларының этномәдени лексикасы» атты монографиясында өлшемдік ұғымдарға байланысты көп мәнді ойлар айтылып, жан-жақты зерттеулер жүргізген. 2005 жылы қорғаған докторлық диссертациясының қомақты тарауы М-Ж.Көпеев шығармаларындағы метрология мәселесін қарастыруға арналған. Зерттеуші М-Ж.Көпеев шығармаларындағы метрологияны екі топқа жіктей отырып, өз ойын былайша сабақтайды: «1) Халықтық метрология: қара киік жылы, жұт, сауын, өсім, көтерме, несие, алымта, соғым, сыбаға, сауын айту, асар, үмме, бөрте, самсаған, дүйім, таяқ, соқыр, күдір, жұмырық, күреш. 2) Ескілікті нумеративтер: сағат, сахар, бесін, намаздыгер, құптан, екінті, сәске, ширек, бесін махал, жарым, құлаш, кез, сере, сере қарыс, кере қарыс, сүйем, қадам, қадақ»[12, 180]. Сол сияқты сан есіммен байланысты еместерді халық метрологиясы деп, ал сан есім ұғымымен байланыстыларды нумеративтер деп атаған. Халық метрологиясына метрмен өлшенбейтін ауқымды ұғымдарды енгізсе, нумеративтерге сандық дәрежеге көнетін терминдерді енгізеді [13, 180]. М-Ж.Көпеев шығармаларында кездесетін халықтық өлшемді білдіретін ұғымдарды табиғат құбылыстарына байланысты туған өлшемдер, тарихи оқиғаларға байланысты туған өлшемдер, ұзындық, уақыт, мезгіл, мөлшерлік ұғымдар, халықтық бағыт-бағдар деп бөліп, әр топқа енетін нумеративтер мағынасын, этимологиялық төркінін жан-жақты ашқан.

Ғалым Ш. Сарыбаев «Қазақ тіл білімі мәселелері» атты зерттеу еңбегінде өлшемдік ұғымдағы бірсыпыра сөздердің этимологиялық қырына үңілген. Халықтың өлшем бірліктері туралы қазақ әдеби тіліне қатысты еңбектерде, атап айтқанда, К.Ахановтың «Тіл білімінің негіздері», М.Балақаевтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», Ә.Болғанбаевтың «Қазіргі қазақ тілі» кітаптарында біраз сөз болады. С.Жанпейісова «Қазақ тілінің рухани мәдениет лексикасы (Қазақ ақын-жазушыларының шығармалары бойынша) еңбегінде халықтық өлшем мәселесіне қатысты ойларын былайша өрбітеді: «Халықтық метрологияға қатысты өлшем атауларының бастапқы қарапайым үлгілері қай тілде де жалпы адамзат қоғамының алғашқы балаң шағынан бастау алады. Әрбір қауым, тайпа мүшелерінің өздерінің тіршілік ортасын, айналасын сандық және кеңістік, сондай-ақ көлем, уақыт сияқты, салмақ тәрізді өзге де түрлі сапалық қасиеттері тұрғысынан сипаттап дағдылануға өте ерте ден қойғанын және қоршаған дүниені алғашқы кездегі танып-білу деңгейінің тым қарадүрсін болғанын бүгінде жекелеген этнолингвистикалық, тарихтық деректерден байқап білуге болады» [14]. Ғалым-этимолог Ә.Нұрмағамбетов «Бес жүз бес сөз», «Сөз сырына саяхат», «Жер-судың аты – тарихтың хаты» еңбектерінде қазақтың өлшемдік ұғымдарының этимологиялық қырын ашуға күшін салып баққан. Ә.Әбіласанның «Көне сөздер құпиясы» еңбегінде де тіліміздегі бірсыпыра сөздердің түп-төркіндері қарастырылады.

2003 жылы К.Қ.Күркебаев «Қазақ тіліндегі өлшемдік ұғымдардың этнолингвистикалық сипаты» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Уақыт пен кеңістіктегі өлшем бейнесі, олардың зерттелу тарихы, өлшемдік атауларға байланысты этнографизмдер мен этнофразеологизмдер, ұзындық, арақашықтық, салмақ-көлем өлшем атауларының этнолингвистикалық сипаттары қарастырылған бұл еңбектің де құндылығы жоғары деуге болады. Қ.О.Селил «Түркі тілдеріндегі нумеративті сөз тіркестері» диссертациясында қазақ, түрік тілдеріндегі нумеративті сөздердің өзіндік ерекшеліктеріне жете назар аударып, екі тілдегі нумеративті сөздер сан есімдермен бірге есімді және етістікті күрделі тіркестердің құрамында бағыныңқы сыңар қызметін атқаратындығына қарай топтастырып, сөз тіркесі аспектісін қарастыруды негізгі нысан етіп алады. Ғалым Ә.Хасенов нумератив сөздерді сан мағыналы сөздер деп үш топқа бөліп көрсетеді: «Бірінші – сан есімнің тура мағынасындағы, яғни дәл сан мағынасын білдіретін сөздер: жарты, жалғыз, жарым, қос, егіз, сыңар, дара, т.б. Екіншісі – абстрактылы сан ұғымды сөздер: бір үйір жылқы, бір келе түйе, бір табын сиыр, бір отар қой, таяқ тастам жер, көз көрім жер, ат шаптырым жер, қоралы қой, т.б. Үшіншісі – счеттік сөздер: бір үзім нан, бір қарын май, бір жұтым су, бір уыс бидай, бір құлаш арқан, т.б.» [15, 300].

Ғалым Ә.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» еңбегінде нумеративке байланысты: «Центнер, килограмм, тонна, қадақ, батпан сөздері салмақ өлшемдерінің, гектар, кубометр сөздері көлемдік өлшемдердің, адым, қарыс, кез, метр, шақырым, ат шаптырым, қозы көш сөздері аралық өлшемдердің және ет асым, қас қаққанша, қас пен көздің арасында, әу дегенше сияқты уақыт, мерзім өлшемдерінің атаулары есебінде қолданылады. Бірақ мұндай сөздер мен сөз тіркестері қаншалықты мөлшерлік мағынада қолданылғанымен, сан есімдер қатарына жатпайды. Бұларды сан есімдерге жуықтастыратын таяныш – тек олардың біршама өлшемдік, мөлшерлік мағынада қолданылатын семантикалық белгілері ғана» [16, 192] –деген пікір білдіреді.

Осы ыңғайдағы пікірді ғалым Ә.Хасенов тереңдете түседі: «Қазақ тілінде счеттік (нумератив) сөздерге мына сияқты тіркестер жатады: жүз бас қой, бір қап бидай, бір пар киім, орта қап ұн, бір кесек ет, бір үзім нан, бір уыс бидай, бес аттам жер, бес елі қазы, бір құлаш арқан, бір қарыс жіп» [17, 300] – дейді.

Л.А.Молчанова: «У славянских и неславянских народов широко известны две меры, связанные с пальцем : одна определяется шириной пальца руки, чаще всего большого при его основании, другая длиной. Узнать, о какой именно мере идет речь, можно только по контексту или общему содержанию разговора, так как у восточнославянских народов обе меры называются одним термином – «палец» или «перст». Длина пальца чаще всего употребляется в метофорических сравнениях» [18, 18] – деп пікір білдірсе, осы мәселеге қатысты Н.К.Дмитриев былайша ой өрбіткен: «Где зависимое имя существительное определяет стержневое слово, характеризует его количественно, а не качественно. Такие существительные в тюркологической литературе называются нумеративными словами» [19, 92].

Е.Аққошқаровтың басылым беттерінен орын алған халық арасына кең тараған байырғы өлшемдер туралы зерттеулері де бірсыпыра маңызды жайларды арқау еткен, өзге тілдің өлшемдерімен салыстырыла отырып, ауқымды зерттеу жүргізген. Қ.Ахметжанның «Қазақтардың қару-жарақ жасауда қолданған дәстүрлі ұзындық және салмақ өлшемі бірліктері» деген атпен жарық көрген мақаласында ертеде жауынгерлік қару-жарақ жасау ісінде қару-жарақ заттарының көлемін анықтауда қолданылған, бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан, әр қару-жарақ түрінің қызметіне, оны пайдаланатын адамның дене бітімінің ерекшелігіне сәйкестендірілген, өмірлік тәжірибенің нәтижесінде сұрыпталған, қолданыста ыңғайлы дәстүрлі тұрақты өлшемдеріне терең зерттеулер жүргізілген. С.Кенжеахметұлының «Жеті қазына» атты еңбегінде және А.Құралұлының «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі» атты еңбегінде халықтық өлшем бірліктері туралы қызғылықты мәліметтер бар. Астың пісуіне, азық-түлікке қатысты өлшемдер, тәулік, мезгіл атаулары, саусақ, қол, аяқпен өлшенетін ұзындық өлшемдері, сыйымдылық, қашықтық, тереңдік, ауырлық, аудан, көлем, шөпке-пішенге қатысты көлем өлшемдері, экологиялық уақыт өлшемдері орын алған. Қолмен өлшенетін ұзындық өлшемдеріне білем, шынтақ, қолтық, құлаш, кере (сала) құлаш сөздерін жатқызса, аяқпен өлшенетін ұзындық өлшеміне табан, адым, аттам сөздерін жатқызады. Саусақпен өлшенетін сыйымдылық өлшемдеріне шымшым, шөкім, бір уыс, қос уыс атауларын қосады. Көген бойы, көген тастам, қазық бойы, найза бойы, оқ бойы, тұсау бойы, тізгін бойы тіркестерін бұйымдарға байланысты ұзындық өлшемдері деп көрсетеді [20, 118]. Ғылыми-танымдық тақырыптарда қалам тербеп жүрген Ресей ғалымы М.И.Граммның «Занимательная энциклопедия мер, единиц и денег» еңбегі ежелгі және қазіргі өлшемдік жүйелерге, ақша бірліктеріне арналады. Т.Г.Бугаева «Нумеративы в корейском языке //Исследования в области алтайских языков» диссертациясында нумератив сөздердің тілдік табиғатын айқындайды. Есептік атауларға қатысты сөздерге ортақ нумератив атауын беріп, оларды классификаторлар, счеттік сөздердің жиынтығы және өлшемдік атаулармен байланысы бар құрылымдар деп жіктейді, ара жігін ашып, әрқайсысының ерекшелігін ашады. Т.Бугаеваның еңбегі нумератив тақырыбын жан-жақты ашқан бағалы еңбек ретінде ғалымдар тарапынан бағалануда.

Орыс тіліндегі тарихи метрологияның мәселелерін Л.В.Черепнина, Н.В.Устюгова, Б.Р.Рыбакова, Е.И.Каменцевалар зерттеуде. Халықтық метрология тұрғысынан Л.А.Молчанованың «Народная метрология» еңбегінде ұзындық өлшемдерінің тарихына тоқталған еңбегін атап өтуге болады. Сол сияқты, Н.В.Устюгов, Е.И. Каменцева, С.К.Кузнецов, Г.Я.Романовалар да орыс метрологиясы мәселелерін зерттеуге өзіндік үлес қосуда. Орыс тілінде халық метрологиясы басқа тілдермен салыстырғанда анағұрлым тереңірек зерттелген, оны этнографиялық, лингвистикалық, тарихи-этимологиялық мәндегі зерттеу еңбектерінің молдығы айғақтайды. Э.В.Севортян, Н.К.Дмитриев, Н.П.Дыренкова, Р.Г.Ахметьянов еңбектеріне де өлшем мәселелері арқау болған. С.И.Садыбекованың «Сопоставительный анализ народной метрологии в казахском, русском и английском языках» тақырыбында қорғаған диссертациясы метрологиялық лексикаға қосылған еңбектердің қатарынан орын алады.

Түйіндейтін болсақ, нумеративті сөздер хақында пікірлер мол, жекелеген тюркологтар «есептік сөздер» десе, енді бір топ ғалымдар сан есім мен затқа қатысты ұғымның арасында қолданылады деп есептейді. Лексика-семантикалық және морфологиялық тұрғыдан айтылған пікірлер бар. Метрологияның өте күрделі тақырып екендігін және оның өте аз зерттелгендігін неміс ғалымы Е.А.Давидович те атап өтеді. Ғалым орта ғасырларда қолданылған Орталық Азиядағы метрологиялық атауларды зерттеген. В.Хинц Шығыс халықтарының өлшем бірліктерін алфавит тәртібі бойынша жинақтап, құнды анықтамалық құрастырған.

Сондықтан бұл мәселенің соңғы нүктесі қойылатын уақыт әлі алда, көп зерттеулер қажет. Нумератив қазақ тіл білімінде халықтық өлшем бірлігі термині болып қалыптасты. «Абай жолы» романының тілін жан-жақты зерттеген ғалым Е.Жанпейісов өз еңбегінде бірыңғай осы нумератив терминін қолданған. М-Ж.Көпеев шығармаларына қатысты өлшемдік мәндегі ұғымдарды қарастыруда көбіне-көп осы нумератив терминін пайдаланамыз, өйткені бұл терминнің өзі есепке, мөлшерге қатысы бар ұғымдарды аңғартады.

Метрология – өлшемдер жайлы ілім. Метрология тарихы зерттеушілер назарын ежелден аударған. Әлемдік деңгейде танымал ғалымдар бұл мәселені тыс қалдырмаған. И.Ньютон ежелгі египеттік шынтақ, қары ұзындық өлшемдерінің авторы болып есептеледі. «Тарихи метрология» - ғылыми пән ретінде көп халықтарда қолданысқа еніп, өз ата-бабаларының метрологиясының тарихымен таныстыруда қомақты үлес қосуда. Тарихи метрология арқылы көп қызғылықты жайлардың бетін ашуға болады. Арада қанша ғасыр, жылдар өтсе де қолданыстан шықпай, тиісті орнын сақтап қалған өлшемдік ұғымдар жайынан ақпар береді. Осы орайда орыс метрологтарының мына пікірін келтіріп өтсек: «Начало измерений можно отнести к периоду, когда людям при выяснении своих взаимоотношений и взаимоотношений с окружающим миром потребовалось ввести понятия: много и мало, близко и далеко, скоро и долго, легко и тяжело. Вначале единицы устанавливали применительно к физическим возможностям. Известное изречение древнегреческого философа Протогора: «Человек есть мера всех вещей» доказало, что в основах метрологии у всех народов мира использовали части человеческого тела в качестве мер длины, в частности, ступня – фут, кисть руки – пядь, палец – дюйм» [21, 11]. Ресейліктер өз өлшемдерінің атасы ретінде белгілі ғалым Д.И.Прозоровскийді атайды. 1820-1894 жылдары ғұмыр кешкен орыс халқының метрологы түрлі өлшемдік ұғымдар жайлы мағыналы еңбектер жазған. Оның «Древняя русская метрология» лекциялар курсы орыс метрологиясының қайнар көзі, бастауы болып саналады. Атап өтерлік жайт, метрологияның тарихы орыс тіл білімінде жан-жақты қарастырылған, бізде бұл бағыттағы еңбектер әлі де болса аздық етеді.



Халықтық өлшем ұғымдары лексикамыздың қомақты бір саласын құрай отырып, халықтың мәдениетін, этнографиясын тануға кең жол ашады. Метрологиялық лексика ұлтымыздың бай мәдениетін танытудың негізгі алғышартының бірі. Метрология күрделі сала және өте аз қарастырылған. Халқымыздың жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктері өте ертеректе белең алған, негізгі қарекеті мал шаруашылығымен тығыз байланысты болып, табиғат құбылыстарына жіті назар аударған. Халқымыздың әр құбылысты тануға, сырын ашуға деген қызығу деңгейінің жоғары болғандығын Н.А.Баскаков былайша байқатады: «Структура тюркских языков, как и других языков иной типологии, весьма многогранна и тесно связана прежде всего с основными типами человеческого мышления» [22, 86]. Метрологиялық лексиканың жетіліп, дами түсуі – халқымыздың өмірдің кез келген саласына немқұрайлы қарамағандығының айғағы. Өлшемдік атауларға деген қажеттілік сауда-саттықтың, зат алмасудың дамуымен, мемлекеттің өркендей түсуімен арта түсті. Тұрмыстық жағдайда орын алып жататын үй салу, қару-жарақ әзірлеу, киім-кешек тігу сияқты әрекеттердің бірде-бірі «өлшем үлгісінсіз» іске аспаған. Күн мен түннің, жыл мезгілдерінің, ай жаңалануының айналып келіп отыруын мұқият қадағалап, есептеуінен, зердеге тоқуынан көп нәрсені түйсінуге қол жеткізген. Шаруашылықтың күрделеніп, өндірістік әрекеттердің молая түсуімен өлшемнің жеңіл, қарапайым әдістері адамдарды аса қанағаттандыра қоймай, біртіндеп жаңа, логикалық қағидаларды арқау еткен күрделі өлшем ұғымдары бой ала бастады. Осы есеп, бақылау нәтижесінде тұрмыстық мәні зор көп жайдың мәніне барды. Қай уақытта жайлауға көшу, күзеу және қыстауға қай уақытта келу, қой мен қозыны қай уақытта қырқу, қашан күйекке алу, қай мезгілде көктеуге барып мал төлдету, соғымды қашан сою, егінді қай мезгілден бастап салу, шөпті қашан шабу сияқты шаруашылық мезгілдерін белгілеп отырды. Бұл есептен жаңылу оларды ауыр шығынға ұшыратты. Мысалы: күйек дәл уағында алынбаса, ерте алынса, суықта туып, төл шығындайды, кеш алынса, қой қысырап қалады. Төл кенже қалып, жетіле алмайды. Міне, бұл уақыт есебін мұқият білуді, табиғат құбылыстарының айналысын бақылап отыруды қажет етті. Табиғат құбылыстарын, айналаны, жұлдызды, аспанды бақылаудан туған, халықтың көпжылдық тәжірибесінде жинақталған астрономиялық түсініктер мен білімдер негізінде байырғы қазақ күнтізбесі жарыққа шықты. Қазақ арасында тәжірибе, өлшем метрологиясымен және уақыт есебімен шұғылданатын арнаулы есепшілер болды. Олардың білім тәжірибелері атадан балаға мирас болып қалып отырды. Есепшілер көптеген ұрпақтардың білім тәжірибесін жинақтап, жылма-жыл байқау жүргізіп, күн райын болжаған. Қазақ халық күнтізбесінің толық жылын белгіледі, маусымды жұмыс кездерін, жайлауға көшетін, қыстауға қонатын, жүн қырқатын, шөп шабатын уақыттарды белгіледі, қыстың қандай болатыны туралы болжам жасады. Аспан денелерін бақылау арқылы шаруашылыққа жетекшілік ететін мамандарды қазақтар «есепші» деп атаған. Ауа райын болжаудың, күнді, аптаны есептеудің түрлі амал-тәсілдерін атадан балаға мирас етіп отырған. Есепшілер: жаздағы ыстықтың орнына қыста аяз келеді, жаздағы жаңбырдың орнына қыста қар жауады, жазғы шілдеде шыжыған қатты ыстық болса, қыста қаңтарда қатты аяз болып, онан соң күн жылынады деп есептеді. Әр айдағы ауа райының шұғыл өзгеретін кезеңдерін-амалдарды есептеп, жұртқа ауа райын алдын ала хабарлап отыратын болған. Тәулік пен жыл ішіндегі мерзімдерді нақтылап дәл айыру үшін қазақтар Ай, Күн, Шолпан, Жетіқарақшы, Үркер, Темірқазық, Есекқырған тәрізді толып жатқан аспан денелерін молынан пайдаланған. Олардың күнбе-күнгі, айлық, жылдық қимыл-қозғалыстарын қадағалап, бақылап отырған. Жұлдыздарға қойған аттары да өздерінің малға байланысты атауларымен ұштастырылған. Темірқазық – қазақтардың түнде жол жүргенде бағыт-беталысын бағдарлайтын астрономиялық компасы болған. «Жетіқарақшы» қазақтың мал күзеткен күзетшілерінің астрономиялық сағаты еді. Күздің ұзақ таңында күзетшілер Жетіқарақшыға қарап алмасты. Қыста кешкі Шолпан туған кезде қойды қораға әкелді. Меркурийді қазақтар «Таң шолпаны» деп, кейде «Кіші Шолпан» деп атады. Юпитерді «Есекқырған», Марсты «Қызыл жұлдыз», Близнецті «Қол жұлдыз», Сириусты «Сүмбіле» деп атады. Бұлардың жай-күйін, орнын, қозғалысын жақсы білді. Үркер жұлдызының қазақтар үшін әрі астрономиялық әрі метеорологиялық мәні болды. Жыл мен күнтізбе осы Үркер жұлдызына қарап зерттелді. Қазақтар Үркердің аууынан күн райы өзгереді деп білді. Әр айдағы Үркер мен Айдың тоғауында, әр айдың өліарасында ауа райы өзгеріп, жауын-шашын болады; егер бұл екеуі ашық өтсе, жалпы алғанда, ол айда жауын-шашын аз болады. Жазғытұрым Үркер іргеге жақындаса, көктем шығуының белгісі, «Үркер жерге түспей жер қызбайды» десті. Қазақ есепшілері күннің ұзару, қысқару құбылыстарын да мұқият бақылаған: күн тоқсанда торғай адым, қаңтарда қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады, шілдеде шіл адым қысқарады деседі [23, 350-351].

В.Хинц Шығыс метрологиясы бойынша көптеген материалдар жинақтап, құнды анықтамалық құрастырды. Орта ғасырдағы Шығыс елінің әлеуметтік және экономикалық тарихын зерттеумен шұғылданған неміс ғалымы метрологиялық атаулардың жұмыс құралын жазып, тәжірибелік мақсатқа бағыттады. Египет, Сирия, Иран, Ирак, Индия, Бағдат, Палестина, Мекке, Мединеде қолданыста болған, әлі де белсенді қолданыста жүрген лексиканың өлшемдік бағыттағы сөздік қорына талдау жасайды. Осы еңбекті орыс тіліне аударған Е.А.Давидович бұл еңбекке Орталық Азияда қолданылатын өлшемдерді негіз етіп, «Материалы по метрологии средневековой Азии» атты үлкен бір тарау қосты. Нәтижесінде Орта Азияда қолданылған, әлі де болса қолданыстағы бірталай өлшемдік ұғымдағы сөздер мен сөз тіркестеріне түсінік берді. Өлшеуді әр қырынан қарастыруға болады. Өлшеудің қоршаған ортаны танудағы объективті маңызының ерекшелігі оны танымдық қатынас ретінде талдауды қажет етеді. Қазақтың байырғы өлшемдеріне назар аудара отырып, қазақ халқының шеберлігіне, өнердің мол сырын бойына сіңіргендігіне таңданбасқа шара жоқ. Осы орайда Х.Арғынбаевтың мына бір пікірі ойымызды нақтылай түседі: «Қазақ халқы кең-байтақ республика жеріндегі ертеден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы» [24, 5].

Ал, философиялық сөздікте өлшемге қатысты анықтама былай беріледі: «Өлшем – тиісті өлшеуіш аспаптардың көмегімен ғылыми зерттеуді эмпирикалық деңгейде іске асыратын, материалдық нысандардың сипаттамаларын (салмағы, ұзындығы, нүктелік шамасы, жылдамдығы, т.б) анықтайтын танымдық рәсім [25, 525].

«Халықтық өлшемді білдіретін ұғымдар қазақ тілі лексикасының бір бөлшегін құрайды. Ертедегі ата-бабаларымыздың ата-кәсіпті игерген шаруашылығы өмірінің негізінде қалыптасып, халық жадында сақталған осы атаулар сырында тіл тарихы мен халық мәдениетін танудың ізі жатыр. Яғни халықтық метрология лексикасы лингвомәдени деректер ретінде де ұлт мәдениетін танытады» [26, 106].

Қ.Ахметжан: «Бұрынғы заманда шығыс халықтарында, оның ішінде қазақтарда да дәстүрлі халықтық метрологияда ұзындық өлшемдері ретінде адамның дене бітімінің ерекшелігіне сәйкестелген, өмірлік тәжірибенің нәтижесінде сұрыпталған, қолданыста ыңғайлы дәстүрлі тұрақты өлшемдер жүйесі болған» [27, 103] – дейді. Ғалымның «Қазақтың дәстүрлі қару-жарағы: даму тарихы, құрылымы, этномәдени қызметі» тарихи-этнологиялық зерттеуіндегі «Қару-жарақ өндірісінде қолданылатын дәстүрлі ұзындық және салмақ өлшем бірліктері» бөлімінде қару-жарақ жасауда қолданылатын ұзындық, салмақ өлшемдері айтылады.

А.Қ.Тұрышев «М-Ж.Көпеев шығармаларының этномәдени лексикасы» монографиясында халықтық өлшемге қатысты тұжырымын мына пікірмен дамытады: «М-Ж.Көпеев шығармасында да математикалық терминдер мен лингвистикалық қолданыстағы сандық ұғымдардың лексикалық мағынасын ашуға болатындай тілдік жадығат бар. М-Ж.Көпеев шығармалары метатілдік нысан болып табылады. Бұл құбылыс көнеден жеткен. Математикалық логикасы күшті дамыған қазақ халқы ертеден-ақ күн мен жер, ай мен жер, жұлдыз бен жер, планета арақашықтықтарын шексіз де шетсіз алыс бірліктерді көзбен көріп, түйсікпен сахарада жүріп-ақ өлшеген. Ой-қиялы алыс сағымдарға, биік аспан әлеміне, терең мұхиттар мен жер қабатына бойлаған, түйсік адам қабілетінің бар мүмкіншілігін халықтық өлшем бірлігіне әкеп түсірген» [28, 384].

А.Қ.Сейілхан «Қазақ тіліндегі этнографизмдердің лингвомәдениеттанымдық мәні» диссертациясында осы мәселеге былайша үн қосады: «Талай ғасыр бойы өз өмірін кең дала төсінде – нұрлы күн, айлы түн, жұлдызды аспан құшағында өткізген ата-бабаларымыз табиғат құбылысын байқаудан ешбір жалықпаған. Тіршілігінің нәрі мен сәнін тылсым табиғат күшімен байланыстырудан туған, өзіндік таным-түсінік нәтижесінде қалыптасқан халықтық өлшем атаулары – қазақ тілі лексикасының бір бөлшегін құрайды» [29, 99]. Қ.Жұбанов тіл білімінің барлық саласында құнды пікірлер білдірген ұлағатты ғалым. Қарастырып отырған өлшем мәселесіне немқұрайлы қарамағандығын мына бір тұжырымынан байқауға болады: «Қатар тұрған екі ағаштың біреуін құлаштап өлшеп, бес құлаш екенін біліп, екіншісін қарыстап өлшеп, елу қарыс екенін біліп алып, онан кейін бұл екі санды қосып, екі ағаштың ұзындығы – елу бес қарыс деуге де, елу бес құлаш деуге де болмайды. Өйткені мұндағы елу бес саны өлшеулерден пайда болған қосынды емес, әр түрлі өлшеуден құралған. Егер бұл екі ағаштың екеуі қосылғанда қандай ұзындық пайда қылатынын санмен көрсеткіңіз келсе, не қарыстап қана, не тек құлаштап қана өлшеп, не қарыстап өлшегенді құлашқа, болмаса құлаштап өлшегенді қарысқа айналдырған соң неше қарыс, неше құлаш екенін айтуға болады» [30, 206].

Халықтық өлшем мәселесін зерттеп жүрген К.Қ.Күркебаев өз тұжырымын былайша жүйелейді: «Метрология – талап еткен дәлдікке жетудің жолдары мен амалдарын қамтамасыз ететін өлшем туралы ғылым. Теориялық тұрғыдан алғанда, метрология – уақыт пен кеңістік аумағында математикалық принциптерді басшылыққа алып, өлшеудің жекелеген бірліктеріне негізделіп, оларды бір-бірімен теңестіре, салыстыра, байланыстыра қарау негізінде бүтін үлкен жүйе құрайтын дербес ғылым» [31, 18]. Е.Аққошқаров халық арасына кең тараған байырғы өлшемдер жайлы баспасөз беттеріне бірсыпыра материалдар жариялады.

Ғалым-лингвист К.Аханов «Тіл білімінің негіздері» еңбегінде халықтық өлшемге қатысты ойларын былайша білдіреді: «Кеңістік өлшемдеріне тілде кез келген заттар мен құбылыстардың атаулары емес, сол тілді қолданушы халықтың шаруашылығына, күн көрісіне, тұрмысына, негізгі кәсібіне тікелей қатысты заттар мен құбылыстардың атаулары негізге алынған. Мысалы, қазақ тілінде халықтың ертеректегі негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығына тікелей қатысты ұғымдар мен атаулар кеңістік өлшемдеріне негіз етіп алынып, ат шаптырым жер, тай шаптырым жер, қозы көш жер, түйенің қолтығы терлемейтін жер, таяқ бойы қар жауса тәрізді тұрақты сөз тіркестері пайда болып, бұлар кеңістік өлшемдері ретінде танылған» [32, 184].

Халықтық өлшем бірліктері ежелден келе жатқан икемді қолданыс жүйесі. Тілімізде ұзындықты, енді, қалыңдықты, биіктікті, тереңдікті аңғартатын атаулар жеткілікті. Заттың тұрқын өлшеуде ғана қолданылып қоймай, сөздік қорымыздың молаюына септігін тигізіп отыр деуге болады. Халықтық өлшем атаулары ақын-жазушылардың назарынан әсте қалған емес, тіпті күні бүгінге дейін қызғылықты да мазмұнды түрлері қолданыста. С.Мұқановтың «Халық мұрасы» кітабына назар аударсақ: «Қара есімді бай болып, оған «отыз соқыр» аталған түйе табыны біткен. «Соқыр» дейтіні есебінен жаңылмау үшін, әрбір жүзінші түйенің сол жақ көзін шығарады екен. Сондай соқырлар Қарада отыз болған, яғни үш мың түйесі болған [33, 73]. Бұл лексемалар қазір көне нумеративтердің қатарынан орын алады. Д.Досжанның таңдамалы шығармаларының бір бетінің өзінен мынадай халықтық өлшем атауларын кездестірудің өзі қызғылықты жайт: «Қай ұлттың болмасын өзіндік өлшем заңы бар. Қыпшақ өлшемдері де ешкімнен кем қалыспайды. Қазір қырман зекетін, астық саудасын табақ, шараяқ, батпан, қап, қанар, құмыра деп өлшеп жүрміз. Бұл өлшемдердің ең кішкентайы көзе, пиялай, қадақ, мысқал болып келеді. Бұлардың бәрі кім көрінгеннің ойынша ала салынған өлшем емес, жылдар бойы қалыптасып, тәртіпке түскен өлшемдер. Мысалы, қыпшақтың бір мысқалы хорезм дирхемінің жеті бөлігі, яғни дирхемнің төрт жарымға бөлгенге тең алтын салмағы екені анық. Жер көлемін танап пен бап өлшемдері арқылы анықтаймыз. Енді ұзындықты шынашақ ұшы, бармақ елі, сүйем, тұтам, қарыс, табан, шынтақ, кез, құлаш деген белгілі атаулармен есептейміз. Ұзындықтың ең ұзағы фарсаң да, ең қысқасы шынашақ ұшы болады. Қазіргі осы құрылысқа қолданылып жүрген өлшеміміз кез, шынтақ, қарыс, құлаш секілділері. Біздің бір кезіміз монғол елінің бір шынтағына пара-пар. Біздің бір қарысымыз Хорезмнің бір ваджатына тең болып келеді [34, 146]. Қаламгер өлшемнің көп түрін қолдана отырып, үлкен құрылыс жұмыстарына ертеректе құрылысшылардың қандай өлшем жүйесін қолданғандығын көрсеткен.

Ә.Болғанбаев өлшемдік ұғымдағы сөздерді: уақыт-мерзім, көлем, ұзындық, қалыңдық, тереңдік өлшемдері, – деп қарастыра келіп, ойын былайша жалғастырады: «Сол заманның тұрмыс-тіршілігіне лайық өз өлшемдері болғандығын тілдегі өлшемдік ұғымды білдіретін қыруар сөздер мен тұрақты сөз тіркестері арқылы танып білуге болады. Өткен заманда қазақтар сағатты нақтылап өлшемегенімен, секунд, минут, сағат деген уақыт өлшемдерін шамамен дәл болжай білген. Мәселен, секунд деген ұғымды қас қағым, кірпік/қабақ қаққанша, көзді ашып-жұмғанша, демнің арасында, табан аузында деп, – дене мүшелерінің қимыл-қозғалысы арқылы білдірген. Минут пен сағатты бие сауым, сүт пісірім, шай қайнатым, ет асым сияқты нақтылы мөлшерлі уақытпен білдірген» [35].

А.Құралұлы «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің анықтамалығы» еңбегінде ұлтымыздың материалдық және рухани мәдениетіне қатысты көп мәліметтер келтірген, сол сияқты осы еңбекте қазақтың байырғы өлшемдеріне байланысты бірсыпыра ой қосқан. Астың пісуіне байланысты, азық-түлікке қатысты өлшемдер деп бастап, тәулік мезгілдері, күн көкжиектен көтерілген мезгіл, күннің орта мезгілі, күн еңкейген мезгіл, күн ұясына бата бастаған мезгіл, түн мезгілі деп жіктейді. Сонымен қоса ғалым-зерттеуші саусақпен, қолмен, аяқпен өлшенетін ұзындық өлшемдері, саусақпен өлшенетін сыйымдылық өлшемдері, бұйымдарға байланысты ұзындық өлшемдері деп топтастырады. Қашықтық өлшемдерін өте жақын мағынада, жақын мағынада, өте алыс деген мағынадағы өлшемдер деп қарастыра келіп, тереңдік өлшемдерін адамның бойына және мал тұрқына байланысты бөледі. Ауырлық, аудан, көлем, шөпке-пішенге қатысты көлем өлшемдері, экологиялық уақыт өлшемдері де ғалым назарынан тыс қалмаған [36, 112].

Ә.Болғанбаев метрологияны: уақыт-мерзім өлшемдері – деп, жіктей отырып, ислам дінінің қазақ даласына таралуына байланысты намаз оқу, ораза ұстау мерзімдері уақыт мөлшеріне айналды, - деген ойын былайша сабақтай түседі: «Көлем мөлшері, төгіліп-шашылып немесе топталған заттардың өлшемдері, малдың сүті мен етінен істелген тағамдарға қатысты, шай жеміне қатысты, ыдыстық бұйым өлшемдері, бір сан есімнің көмегі арқылы жасалған өлшемдері, қазының арық-семіздігіне байланысты мөлшер, кеңістікті білдіретін өлшем, тереңдікті кісі бойымен салыстырып өлшеу қазақ халқының күнделікті тұрмысында, кәсібінде жиі кездеседі. Мысалы: судың тереңдігін бақайдан, қызыл асықтан, тізеден, белуардан, кіндіктен, иықтан, төбеден, кісі бойы, - деп бейнелеген. Су тереңдігін ат бойымен өлшеген. Мәселен: аттың шашасынан, үзеңгіден, қабырғалықтан, ат кекілінен, ат құлағынан, ат бойынан асады, келеді, - деп мөлшерлеген [37, 28].

Л.О.Асқар тәулік өлшемдеріне байланысты терең зерттеу жүргізіп, кандидаттық диссертация қорғады. Қазақ тіліндегі тәулік кезеңдері атауларын семантикалық, концептілік және өріс тұрғысынан зерттеп, талдау жасайды. Ғалым өзі құрастырған жүйеде мынадай топтарды ұсынады:




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет