1. Табиғат құбылыстарына байланысты атаулар: таң шапағы, күн шығарда, шолпан туғанда, жұлдыз толғанда, жұлдыз сөне, т.б.;
2. Діни әдет-ғұрыптарға байланысты атаулар: азанда, бесін, ұлы, кіші бесін, екінді, намаздыгер, намазшам, құтпан, т.б.;
3. Адамның қимыл-әрекетіне, төңіректі қабылдауына байланысты атаулар: ел жатар кез, көз байланған кез, қатын бесін, күн жамбасқа келе, көз байлана, қас қарайды, шам жаға, ел орынға отыра, ел жатар-жатпаста, ел жата, жұрт көзі ұйқыға тіреле, бір ұйықтап оянған шақ, таңға бір ұйқы қалғанда, т.б.;
4. Шаруашылыққа, төрт түлікке байланысты атаулар: қозы түс, сиыр сәске, бие байлар кез, тайдай тал түс, мал қоралана, т.б;
5. Жан-жануар, құстарға байланысты атаулар: торғай шырылдағанда, құзғын сәрі, таң құланиектенгенде, құлан сәрі [38, 14]. Жазушы, этнограф С.Кенжеахметов уақыт мезгілдерін анықтауға және оның жиіліктерін жіктеп, айыруда халық теңеулері әрі қызық, әрі бай дей отырып, мынадай түрлерін атап өтеді: елең-алаң, құланиек, таң сәрі, құлқын сәрі, таң бозара, алакеуім, таң біліне, таң ата, күн шыға, күн қызара, күн қыза, күн көтеріле, күн арқан бойы көтеріле, түске жақын, тал түс, шаңқай түс, талма түс, сәске түс, түс ауа, түс қайта, бесін, екінді, кеш, көлеңке басы ұзара, күн бата, ымырт, іңір, апақ-сапақ, ақшам, ақшам жамырай, бей уақыт, қас қарая, түн қараңғысы, ай туа, түн ортасы, жұлдыз сөне, т.б. [39, 54].
Осы орайда мынадай түйін жасауға болады: ата-бабаларымыз өз тіршілік-тұрмысында ертеден кәсіптік ерекшеліктеріне, атқаратын әрекеттерінің түрлеріне сай өлшемдік ұғымдағы сөздерді, тіркестерді мол қолданған. Бастапқыда қарадүрсін, тым қарапайым көріністе сипат алғанмен, біртіндеп өз арнасын кеңейтіп, күрделене түскен, сөздік қорды молайтуға септігін тигізетін өлшемдік жүйелердің енуіне түрткі болған. Заттардың, құбылыстардың сыр-сипатын, түрлі ерекшеліктерін бір-бірімен салыстыра қарастыруда да бұндай мағыналы сөздердің септігі ерекше болды «Этнокультурной лексике относятся, во-первых, названия природных явлений, характерных для той области, где живут носители данного (определенного) языка, во-вторых, лексика материальной культуры и, в третьих, лексика духовной культуры» [40,3] – дегендей, рухани құндылықтарымыз, материалдық мүмкіндіктеріміз этномәдени лексикамыз арқылы көрініс табатыны айқын. Ендеше, халықтық метрология негіздерін әріден қараған жөн. Аталмыш жұмыста салыстыру, тарихына үңілу, басқа түркі тілдерімен салғастыру негізгі міндеттердің бірі болып табылды. Зерттелу барысын тұжырымдайтын болсақ, бұл мәселе қазақ тілінде әлі де болса жете қарастырылмаған. Осы тақырыпқа қатысты зерттеушілер еңбектерінде белгілі бір тарау, бөлімдерде орын берілген, жекелеген мақалаларында тоқталған, бірақ нақты «Метрологиялық лексика» атты үлкен мәселе ретінде тілімізде қарастырылмағандығы анықталды. Халқымыздың сөздік қоры өте мол, соның бір қомақты саласын өлшем мәнді сөздер құрайтыны белгілі, әлі де болса көпшілігі жиі қолданыста. Сол себепті рухани құнды саланың, құндылықтарымыздың бірі ретінде зерттеу нысанына айналса нұр үстіне нұр болмақ. Болашақ ұрпақтың ата-бабаларының тіліндегі өлшем, мөлшер, көлем, ұзындыққа қатысты мағыналы атаулардың мол болғандығынан терең хабары болса, ұтарымыз мол болмақ. Болашақта ақын-жазушылардың тілінде қолданылған метрологиялық лексика кең ауқымда зерттелініп, басқа түркі тілдерімен байланыста қарала берсе, осы мәселе төңірегінде материалдарымыз да көбейе берері сөзсіз. Қазіргі таңда мемлекеттік тілге ерекше маңыз беріп отырған кезеңде ұрпақтарымыздың ұлттық тәрбиенің бастау бұлағының бірі – ата-бабаларының нысан еткен өлшемдік жүйесін тереңірек тани түсуіне жол ашқан дұрыс. Бұл білім жастардың ұлттық салт-сананы жаңғырта түсуіне, рухани құндылықтардан нәр ала берулеріне септігін тигізе бермек. Бұл бағыттағы еңбектер өте аз, сол себепті қолда бар бірді-екілі энциклопедиялық жинақтардың санын арттыру да кезек күттірмейтін мәселе. Көп қабатты лексика ішінен алар орны ерекше халықтық метрологияның жан-жақты қарастырылатын уақыты туындады. Әр ақын-жазушының өлшем мәндегі сөздерін қай деңгейде қолданғандығын зерттеп, салыстырулар жасайтын уақыт келді. Метрологиялық терминдер сөздігін құрасиыру да кезек күттірмейтін шаруаның бірі деп ойлаймыз. Этномәдени лексикамыз өзінің бастауын көне түркі тілінен алғанмен, нақты нәтижелері қазақ халқының бай салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында толығымен сақталды, нәтижесінде материалдық, рухани құндылықтарымыз жетіле түсті.
Аталмыш бөлімде метрологиялық лексика мәселелеріне байланысты ғалымдардың, этнограф, тарихшылардың зерттеу еңбектеріне, ой-тұжырымдарына тоқталып, әлі де болса қарастырылуы тиіс жайлардың реті нақтыланды. Атқарылып жатқан жұмыстар бұл салада баршылық, диссертациялар жазылуда, танымдық бағыттағы еңбектер жарық көруде, бірақ әлі де болса жүйелі жұмыстар қажет. Метрологиялық лексика – тілдің көлемді қабаты, азды-көпті мақалалар мен біраз зерттеулердің нәтижесінде барлық қырлары зерттеліне қоймайды. Оның үстіне халықтық өлшем мен нумеративтердің де ара жігін терең ашатын уақыт келді.
Ақын-философ, тарихшы, зерттеуші М-Ж.Көпеевтің бүгінгі таңда он томдық еңбектер жинағы жарық көрді, болашақта тағы да он томдық еңбегі жарық көрмек. Ақынның мұраларында көнеден жеткен этномәдениетті айғақтайтын тілдік деректер өте мол. Сол себепті бүгінгі таңда зерттеушілер ақынның шығармашылығын қарастыруға ерекше қызығушылық туғызып, зерттеу жұмыстарының нысаны етіп алуда.
Этнолингвистика болашағы зор, дамып келе жатқан ғылым. Халқымыздың бай мұрасын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дінін, мәдениетін рухани бірлікте қарастыруда атқаратын қызметі мол. Осы бағытта метрологиялық лексиканы дла зерттеуді өрістетіп, өркендете берсек ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесіміз қомақты болмақ.
1.1. Нумеративтік лексика туралы ұғым
Негізгі сөздік қорға енетін сан атаулары, яғни нумеративтер ұлттық менталитет ерекшелігін айқындайтын жүйелік құрылым. Нумеративтер этностың тарихымен, мәдениетімен тығыз байланыста, ауыз әдебиеті мұраларымен, танымдық бағыттағы рухани мұраларымыздың бәріне қатысы бар. Сан атауларын шығармалардан, ұлттық болмысты танытатын еңбектердің көпшілігінен көреміз. Халқымызда қасиетті сандар да жетерлік, олар номинативтік қызметпен қатар когнитивтік бағыттағы қызметті де жүзеге асырады. Кез келген тілдің лексикасының байырғы қабаты болып саналады. Киелі сандарға қатысты М.Әбдуов «Қазақ әдебиеті» газетінің 2005жылғы 4 қарашадағы санында «Діни дастандардағы киелі сандар қолданысы» мақаласында былай деп жазады: «Үш» саны қазақ халқы үшін қасиетті сан болып есептеледі. Үш жүз :Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз; Үш қуат: ақыл, жүрек, тіл; Үш тәтті: жан, мал, ар; Үш арсыз: ұйқы, күлкі, тамақ; Үш мұрат: қыз мұраты – жету, жол мұраты –жету, дау мұраты – біту. М-Ж.Көпеевтің 9 томында үш санына қатысты мынадай ойлары бар: «Үш нәрсе шыққан жеріне қайта сыймайды: Бірі – ауыздан шыққан сөз, бірі – жайын балық: қазақша оны «Нән» (нен) –дейді. Бірі – атылған оқ. Үш нәрсе тұрған-тұрған жерінде тұрып сыймайды. Бірі –от басындағы күл, бірі – бойға жеткен қыз, бірі - өлген өлік - өлген соң, үйге сыймайды» (9-т, 293-б). Жеті санына қатысты жеті қазынаны, жеті жарғыны, жеті жұтты, жеті жетімді нақтылап түсіндіріп өтеді . Орыс халқында «екі» саны жағымсыздықты аңғартады, «Черта с два» фразеологизмі сайтан саны атауына ие, келеңсіздіктерге бастайды деген ұғым қалыптасқан. Сол сияқты орыстар мен жапон халқында он үш саны жамандық нышаны, теріс көріністер белгісі.
«Основные единицы языка, определяющие смысл и содержание человеческой речи – слово, словосочетание и предложение – представляют собой реализацию трех основных мыслительных актов: 1) номинация, т.е. образования слов-понятий как простых, так и сложных; 2) атрибуция, т.е. образование словосочетаний, выражающих конкретизацию слов-понятий и 3) предикаций, т.е. образование предложений, выражающих интеграцию и обобщения слов-понятий по признаку, содержащему категории времени и модальности [41, 9]. Нумеративтер түрік тектес тілдердің барлығында ежелден бері қолданылады. Олардың ертеден бері қолданыста болып, заттардың санын білдіруде қолданылатындығы жайында ғалымдар А.М.Щербак, А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков, В.В.Решетов, Н.К.Дмитриев өз еңбектерінде атап өткен. Н.А.Баскаков: «Счетные или нумеративные слова обозначают счет предметов и сопутствуют количественным именем числительным, выступающим в качестве определений» [42, 26] – деп, нумеративтердің есепке қатысты көрсеткіштер екендігін айтады. Орыс тілінің сөздігінде: «Нумерация: 1. Совокупность приемов наименования и обозначения чисел; счисление» [43, 515]. «Под счетными словами (иначе, нумеративами) обычно понимается подкласс существительных или отдельный класс служебных слов, используемых в конструкциях с числительными. К нумеративам относят классификаторы, мерные слова, собирательные имена, существительные со значением «разновидность» [44, 1].
В.В.Виноградов есептік сөздерге қатысты пікірінде: «Кроме имен числительных: 1) счетных, 2) количественно-собирательных и 3) неопределенно-количественных, к категории числительных притягиваются отвлеченные существительные, обозначающие неопределенно-большое количество чего-нибудь: бездна, уйма, масса, пропасть, тьма. Тьма – непостижимое множество. Это «нумерализация» существительных еще не ведет к утрате ими форм рода и синтаксических свойств имени существительного» - деп, есептік сөздердің білдіретін мағынасын нақтылап көрсеткен [45, 253]. Нумеративтерді сөз тіркесі синтаксисі тұрғысынан жан-жақты қарастырған ғалым О.С.Қараджа нумеративтерге мынадай анықтама береді: «Зат немесе нәрсенің дана санын, мөлшерін, қайталану дүркіндігін білдіретін және зат есім түрінің ерекше бір бөлігін құрайтын сөздерді нумеративті сөздер (өлшеу бірлігі) деп атайды» [46, 3].
Ғалым С.Е.Жанпейісова «Қазақ тіліндегі нумеративтер» мақаласында халқымыздың қалыптасқан өзіндік метрологиялық жүйесіне, классификаторлы есептік комплекстеріне талдау жасайды. Өзге түркі тілдерімен салыстыру ыңғайында жазылған бұл еңбектің де нумеративтерге қатысты мәселелерді тереңдей түсінуге септігі зор. Лек, түмен, танап, сайыпқыран, түлек, соқыр, қыруар нумеративтеріне этнолингвистикалық, этимологиялық тұрғыдан талдау жасап, нумеративтік конструкциялар екендігін нақты деректермен дәлелдеген.
Есептік мәні бар ескілікті нумеративтердің түркі тілдерінде әлі де жете зерттеле қоймағандығын тілге тиек етеді. Ескілікті жырларда, олардың өзінде сирек ұшырасатын көне нумеративтерді қарастырады [47, 45-49]. Нумеративтер мәселесін тыңғылықты зерттеген ғалым Т.Г.Бугаева корей тіліндегі өлшемдік мәндегі нумеративтерді семантикалық ерекшеліктеріне қарай классификаторлар, жинақты-есептік сөздер және өлшем атаулары деп үш топқа бөліп қарастырады [48, 206].
Бұдан шығатын түйін, нумеративті сөздер жөнінде зерттеуші-ғалымдар пікірлері сан қилы. Т.Сайрамбаев нумеративтерді бұрыннан қалыптасқан және арнайы номенклатура ретінде қалыптасқан сөздер; байырғы нумеративтік сөздер және басқа тілдерден енген нумеративтік сөздер деп бөлгенді жөн көреді [49, 43]. Нумеративтердің жіктелу ерекшеліктері де әр қилы. П.Хамдамов он төрт түрін байқатса, А.Ысқақов сегіз түрге жіктейді: уақыт мерзімі, бөлшектік, бірлік, екілік, салмақ, көлемдік, аралық [50, 282]. Ғалым Т.Сайрамбаев жеті түрге бөледі: мерзім, мезгілге байланысты, қашықтық өлшемі, салмақ өлшемі, көлем өлшемі, баға қою, даналап санау, аудан өлшемі [51,39]. Акуленконың еңбегінде нумеративтерді функционалды-семантикалық жағынан қарастырғаны аңғарылады, бұнда «нумеративы – числительные, нумеральные слова (счетные сущ-ные), денумеративы (производные от числительного) и мезуративы, т.е. «слова с сигнификативным типом значения, находящие свой денотат лишь в словосочетании, причем в ряде случаев выбор квантатива (слова с общекатегориальной количественной семой) зависит от семантики его партнера в словосочетании» [52, 16].
Метрологиялық жүйе, классификаторлы есептік жүйелер М-Ж.Көпеевтің шығармаларында жиі орын алады: бір ұрттам, бір-екі елі, қырық кез, бір жұтым, бір қадақ, бір тілім, бір аяқ ас, төрт елі, бір қасықтай қан, бір-бір саба, сегіз қанат, бір табан жол, қырық құлаш, бір жапырақ ет, бір арқа отын, бір тамшы, бір уыс топырақ, он күншілік, алты айшылық, сексен құлаш, бір кезін, алпыс шақырым, қырық сегіз пұт, он пұт, үш пұт, бір түйір, он қадақ, бір кесім, бір ішім, бір арқа отын, бір аяқ көже, бір тал шаш, жүз жетпіс қадам, үш мәрте, сексен құлаш, бес шақырым, қырық бір құлаш, жеті жылдай, он екі айға формаларының алдыңғы сыңарлары – есептік сандар да, екінші сыңарлары – классификаторлар. Бұл нумератив сөздер сан есімдер мен саналатын заттар ара қатынасын білдіреді. Нумератив сөздер сан есім мен зат есімнің ортасында тұрады. Тіл білімінде «сан есім + жинақты-есептік көрсеткіш + зат есім» ыңғайында нысанға алады. Қ.Күркебаев нумератив сөздерді классификатор, счеттік сөздер, өлшемдік атаулармен байланысы бар құрылымдар деп қарастырады. Н.К.Дмитриевте: «Нумеративные слова обозначают не конкретный предмет, являющийся объектом исчисления, а ту счетную категорию, к которой этот предмет относится. Нумеративные слова ставятся между числительным количественным и конкретным исчисляемым предметом. Примеры: егерме баш һарык (двадцать голов овец), биш бөртөк бойзай (пять зерен пшеницы), бер кейем белье (пара, комплект белья) [53, 92] – деген пікір нумеративті сөздердің орналасу ретінен хабардар етеді. Қ.Күркебаев өлшемдік атаулармен байланысы бар құрылымдарды алты топқа бөледі: құйылған және салынған ыдыстарына байланысты, адамның дене мүшесіне байланысты, адамның тобына, жиынтығына, мата, жүн, жіпке байланысты, ара қашықтыққа байланысты, бөлшектік ұғымдарға байланысты өлшемдік құрылым атаулары [54, 49]. Нумеративы – имена числительные точной семантики, т.е. определенно-количественные числительные, употребляющиеся с нулевой валентностью по отношению к существительным [55, 7]. Нумеративке қатысты осы анықтаманың авторы А.Ш.Сүлейменова нумеративтерге жақын, бірақ көлем мен салмаққа қатысты ұғымдарды танытатын сөздерге мезуратив атауын беріп, ойын былайша толықтырады: «Мезуративы – так называемые «слова меры и веса, существительные, употребляемые с недискретными единицами при выражений протяженности, объема, веса и т.п. [56, 7]. А.М.Шербак түрік тілдес халықтарда нумеративтердің тарихының ұзақ мерзімді қамтитындығын айта келіп, ойын былайша сабақтайды: «Нумеративы – слова, сопровождающие количественные и, реже, другие числительные при конкретном счете. Некоторые из них, такие как баш «голова» (др-тюрк., ст-узб., азерб., башк., кум., тат., тур., туркм., уйг., баш, узб. бәш), тілім «полоска , скибка» (азерб., туркм. ділім; башк, узбек, казах.тілім).
К нумеративам условно относят также слова – наименования мер длины, веса, объема, ср. др.-тюрк. каріш «пядъ», кулач «сажень», тутам «горсть» чакірім «верста»; уйг.қулач «сажень», кучак «охапка» [57, 158].
Нумеративтер түркі тілдерінен басқа да тілдерде бар. Қытай тілінде мөлшер (нумеративті, счетті) сөздер өте мол әрі қарқынды дамыған, сондықтан мөлшерді білдіретін нумеративтер дербес сөз табы ретінде қарастырылады.
Ойымызды жинақтайтын болсақ, нумеративті сөздер сан есіммен тікелей қатысы бар тілдік бірліктер. Лингвистикалық сөздікте: «Классификаторы (нумеративы, числовые детерминативы) – лексико-грамматический разряд слов, служащих в ряде языков для оформления счетных конструкций «числительное + существительное» [Лингв. сл., 227] – деп анықтама берілген.
Нумеративті сөздер бүгінгі күні зерттеушілер тарапынан морфологиялық, этнолингвистикалық, семантикалық тұрғыдан қарастырылу үстінде. Нумеративті сөздер негізінен «сан есім + нумеративті сөздер + зат есім» жолымен тіркес құрайды. Морфологиялық құрылымына қарай нумеративтер түбір, туынды және күрделі болып келеді. Аналитикалық тәсілмен жасалған күрделі нумеративтерді де жиі кездестіруге болады. Метрология мен нумеративтер бір ұғым сияқты көрінгенімен, екеуінің айырмашылығы да бар. Халық метрологиясына метрмен өлшенбейтін ауқымды ұғымдар мен атаулар енеді, дене мүшелерімен байланысты, азық-түлікке қатысты көрсеткіштер, халықтық өлшемдер негіз болады. Нумеративтерге сандық дәрежеге қатысты терминдер енеді. Олар уақыт, мөлшер, ұзындық өлшем бірліктерімен байланысты екендігі байқалды және метрология сияқты белгісіз өлшем емес, нақты өлшемге негізделетіні белгілі болды. Нумеративтер туралы Қ.Күркебаевта: «Нумеративтердің білдіретін мағынасы – есеп, есепке қатысы бар ұғымдар. Егер есептеудің ежелгі формасы өлшем екенін еске түсірсек, нумератив термині сол ежелгі өлшемнің нақты санға қарай бет бұрған кезеңін сипаттайтыны анық» [58, 46] – деген тұжырым бар.
Бұл ойды ғалым Ж.Т.Сарбалаев былайша қуаттайды: «Нумерализация процесін екі ыңғайда қарастыруға болады: 1) басқа сөз таптарының сан есімдер тобына ауысуы мен айналуы; 2) өзге лексика-грамматикалық категорияларға жататын сөздердің сан есім мәнінде қолданылуы не болмаса нумератив сөздердің пайда болуы» [59, 143].
Нумератив мәселесі жаңа ғылым саласы деуге толық негіз бар. 1967 жылы П.Хамдамов өзбек тіліндегі нумеративтер жайында зерттеу еңбегін жазса, корей тіліндегі нумеративтер жайында 1979 жылы Т.Г.Бугаева кандидаттық диссертация қорғады. 1975 жылы жазған Ж.Ш.Ахметова «Казахские народные наименования понятий об измерениях» диссертациясында алғаш рет тіліміздегі өлшемдік ұғымдағы сөздер зерттеудің тұтас бір нысанына айналған еді. Корей тіліндегі нумеративтерді қарастыра келіп, Т.Бугаева счеттік көрсеткіштері бар сөздерді «нумератив» терминімен атап, ішкі семантикалық белгілеріне қарай классификаторлар, счеттік сөздердің жиынтығы, өлшемдік атаулармен байланысы бар құрылымдар деп үш топқа бөліп қарастырады. Негізі, қазіргі тіл білімінде де нумератив сөздер хақында бірізді пікір жоқ деуге болады. Е.Жанпейісовтың «Этнокультурная лексика казахского языка» еңбегінде, С.Жанпейісованың «Қазақ тілінің рухани мәдениет лексикасы» кандидаттық диссертациясында классификаторлар, есептік-счеттік сөздер деп қарастырады. Е.Жанпейісов еңбегіне жүгінсек: «В ряду нумеративов в произведениях М.Ауэзова встречается счетный комплекс с классификаторами. Как и в корейском языке, значительная часть казахских классификаторов именует часть предметов, меньшая их часть является названием конкретных предметов ярко выраженной формы» [60, 136]. Бұдан аңғарылатын жайт, нумератив мәселесін тыңғылықты зерттеп, осы тақырыптағы пікір-пайымдардың жандануына ықпал еткен еңбек – Т.Бугаеваның корей тіліндегі нумеративтерді нысан еткен диссертациясы.
Қазақ тіліндегі нумеративтердің белгілі бір бөлігін счеттік, есептік мәндегі сөздер құрайды. Нақты сандық семантикасынан айырылған, тек есептік мәнде жұмсалатын ұғымдарға М-Ж.Көпеевтің шығармаларынан мысалдарды көптеп келтіруге болады: кез, шақырым, қарыс, елі, құлаш, адым, қадам т.б.
Нумератив сөздер бірсыпыра тілдерде қарастырылған, әлі де болса түрлі пікірлер білдірілуде. Хакас тіліндегі: «Счетные или нумеративные слова располагаются между количественным и именем, обозначающим конкретный исчисляемый предмет: он читі пас чоон мал семнадцать голов крупного рогатого скота; ікі пар ух – две пары чулки; пір сарсых мелей – одна непарная рукавица; ікі тілім хаас – две полоски ремня; пір тілім іпек – один ломтик хлеба; пис кизек от-пять стогов сена; ус пщек сахар – три куска сахара» [61, 118] – деген анықтама арқылы нумеративті сөздердің жай-жапсарын білуге болады. Өлшемдік ұғымды білдіретін сөз, сөз тіркестері – халқымыздың салт-дәстүрінен, рухани мол байлығынан, этнографиялық жағдайынан хабардар ететін жүйелі құрылым. Жүйелі құрылым деуіміздің өзінде көп мән-мағына бар. М-Ж.Көпеев шығармаларындағы өлшемге қатысты сөздерді былайша жіктеуге болады.
1. Азық-түлікке қатысты өлшемдік құрылым атаулары: бір тамшы су, бір ұрттам су, бір жапырақ ет, бір уыс, жалғыз уыс дән, бір тілім нан, бір жұтым су, бір кесім нан, бір ішім су, бір саба қымыз, бір қасық су, бір аяқ көже, бір аяқ ас;
2. Тәулік, уақыт, мезгілге байланысты өлшемдік құрылым атаулары: бесін, намаздыгер, сәске, таң, таң сәрі, тапа-тал түс, сөтке, жұма, ай, күндіз-түні, ертең, ақшам, таң, ертеңді-кеш, шаршы түс, бүгін, биыл, намазшам, құптан уақыты, шаршы түс, былтыр, жазғытұрғы, бүрсүгүнгі, күншілік, күзгітұрым, екінді, күздігүні;
3. Салмаққа байланысты өлшемдік құрылым атаулары: батпан, мысқал, пұт, қадақ, ат басындай;
4. Арақашықтық мағынасын аңғартатын өлшемдік құрылым атаулары: ат шаптырым, қадам, бір табан жол, шақырым, адым, күндік жер, айшылық жер;
5. Ұзындық өлшемдеріне байланысты құрылым атаулары: елі, аршын, кез, құлаш, қары, қарыс, сүйем, тұтам.
Әр тілдің лексикалық құрамы оның баға жетпес байлығы болып саналатын болса, осы құндылықтарда сол халықтың тарихы, тұрмыс-салты, рухани құндылықтары байқалып, табиғаттың небір қыр-сырларын танып, оған иелік етуі лексикасынан көрініс табады. «Существительные предметно-счетной или совокупно-счетной семантики, выполняющие функцию числовых показателей, по специфике обозначаемых отношений являются нумеральными словами. Существительные, употребляемые с недискретными единицами при выражении протяженности, объема, веса, отношений димензионального плана, составляют группу слов меры и веса (мезуративов) [62, 45]. Еуропа тілдерін зерттеу еңбектерінде нумеративтермен қоса қабат салмақ пен өлшемге жақын мағынадағы сөздеріне қолданылатын термин атауы – мезуратив. Салмақ пен өлшем ұғымдарына қатысты сөздер моделін «сан + мезуратив + субстанция» компоненттеріне бөліп қарастырады. Сан, мөлшер семасын есептік атаулармен жүзеге асырса, субстанция семасын объектіге қатысты алып қарастырады. Эмпирикалық материалдарға сүйену барысында байқалатыны, объективті әлемнің сан-мөлшерлік қатынастарының танымдық нәтижесі барлық тілдік деңгейлерде өз көрінісін аңғартады, соның нәтижесінде гетерогенді бірліктер дәл, нақты немесе жуық мөлшермен алған мағыналық құрылымдарды түзеді. Тілдік кешеннің лексикалық өрісінде ерекше қызметтік белгілерімен байқалатын жүйелік құрылымға өзіміз тілге тиек етіп отырған нумеративтер, денумеративтер, мезуративтер енеді. Мезуративтерді өлшемдік мәнді аңғартатын атаулар ретінде қарастырып: «На лексическом уровне языкового комплекса особо выделяются числительные, с которыми соотносятся мезуративы (слова веса и меры), нумеральные слова, денумеративы (производные от числительных, прилагательные, наречия, глаголы) и квантификаторы, реализующие значение количества сопутствующими семами. Значение мезуративов в синтагматике требует конкретизации посредством числительного» [63, 82]. Нумеративтердің ақын шығармаларындағы қолданыс ерекшелігіне қатысты ой қозғайтын болсақ, ең алдымен нумеративтердің ақын еңбектерінде өте мол кездесетіндігін айта кетуіміз қажет. Сөйлемдердегі орын алу белгілері де әр қилы. Кейбір сөйлемдерінде нумеративті сөз тіркестерін бір рет қолданысқа енгізсе, енді бір сөйлемдерінде бірнеше нумеративтік тіркестерді қатар қолдана береді : Бір аяққа мөлдір, тұнық қара су қойдым (9-т, 157-б). Ақын шығармаларында жиі кездесетін нумеративтік қолданыс түрі. Ал, енді мына сөйлемдерге назар аударалы: Сонда даһаға келушінің ең алды – Сары: Қыстаубай абыз келген: жиырма кез ақ, жиырма кез сиса, бір еркек қой, бір қап құрт, бір қарын сары май, үш пұт ақ ұнмен (9-т, 265-б). Бір сөйлемде бірнеше нумеративтер орын алып, бірыңғай мүшелер қызметін атқарып тұр. Енді бір сөйлемдерден нумеративтердің қосарланған түрлерін байқай аламыз: Бет алып екі-үш күндік барсаң жерге, Бұрылып, ботасына қайта келген (1-т, 22-б). Аяғым ұзын емес, бір-ақ тұтам (9-т,318-б) сөйлемінде күшейткіш буынның тіркесуімен жасалған. Бұдан шығатын қорытынды, ақын шығармаларында жиі кездесетін нумеративті лексиканың қолданыс ерекшелігі де сан қырлы, ақын әрқашан айтпақ ойын құбылтып, түрлендіріп шебер тіл кестесімен жеткізген.
Ойымызды тұжырымдайтын болсақ, негізгі сөздік қордың көлемді қабатын құрайтын нумеративтер қазіргі таңда ғалымдар тарпынан қызығушылық тудыруда. Нумеративтер – есептік мағынадағы сөздер жиынтығы. Түркі тілдерінде, алтай, орыс тілдерінде қарастырылып, қытай тілінде жеке сөз табы ретінде нысанға алынған. Бұл тақырыптан тиянақты тұжырым болмағанымен, олардың өлшемдік мәнде жұмсалатыны, үнемі сан есімдермен қатар қолданылатыны айдан анық. Нумеративтердің өзін үш топқа бөліп қарастыруды қазіргі таңда ғалымдарымыз нысан етсе, оның ішінде қазақ тілінде жиі кездесетіні де өлшемдік атаулармен байланысты құрылымдар. Нумеративті лексиканы терең қарыстыратын уақыт келді. Әрине, бір зерттеу еңбегі көлемінде барлық жай-жапсарын толық қарастыру мүмкін емес, сол себепті болашақта да бұл тақырып кең тұрғыда қарастырылса, тіл ғылымына қосылған үлкен үлес болып саналары айқын. Тіліміздегі тоғыз сөз табы туралы А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов ағаларымыздан бастап күні бүгінге дейін зерттеуші-ғалымдар жан-жақты қарастырып, қазіргі уақытта әр қырынан зерттелініп, тіл білімінің жүйесінен тиянақты орын алды, сол сияқты болашақта нумеративтік лексика да түбегейлі зерттелініп, ғылымда өз орнын алатындығы айқын.
Қарастырған ғылыми-зерттеу еңбектерінің көпшілігінен нумеративтердің «сан есім + нумеративті сөз + зат есім» ыңғайында орын алатындығын байқаймыз. Бұл жүйе өзіміз нысан етіп отырған М-Ж.Көпеев шығармаларында мол кездесетіндігін жинақтаған деректеріміз айғақтайды. Бірақ біз осы бөлімде ақын еңбектерінен мысалдар келтіре отырып, нумеративтік лексикаға енетін құрылымдардың түрлі қолданыс белгілерін айқындауға ұмтылдық.
Достарыңызбен бөлісу: |