Кiрiспе тақырыптың өзектiлiгi


Қан сорғыш соналардың табиғатта таралуын зерттеу



бет16/20
Дата05.06.2024
өлшемі0,72 Mb.
#203189
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20
Байланысты:
Дисс..трипан!!

3 ТРИПАНАСОМАНЫҢ ТАРАЛУЫН САЛЫСТЫРМАЛЫ ЗЕРТТЕУ

3.1 Қан сорғыш соналардың табиғатта таралуын зерттеу


Қос қанатты қан сорғыштардың ішіндегі ең ірісі. Сыртқы түріне қарай оларды басқа қан сорғыштардан оңай ажыратуға болады. Сонаның көзі үлкен, тұмсықтары ұзын келеді. Осы ерекшеліктеріне қарап, оны бөгелектен оңай айыруға болады.


Жер шарында сонаның 3000-ға жуық түрі, оның ішінде Қазақстанда – 70-80 түрі кездеседі. Біздің республикамызда сона Каспий мен Арал теңізінің айналасында, Алакөл, Балқаш және Зайсан көлдерінің жағалауында, Сырдария, Шу, Іле, Сарысу өзендерінің бойында, Алтай мен Тянь-Шаньның таулы жайылымдарында жиі кездеседі.
Сона - ірілеу, мығым денелі насеком, қоңырлау, қара немесе сұр түсті келеді. Денесі бірден көзге түсетін бас, кеуде және құрсақтан тұрады. Басы үлкен, көзі жасыл, көкшіл, қоңыр және қарақошқыл түсті, әрі ол металл тәрізді жарқырап тұрады.
Мұрттары қысқа және үш буыннан құралған; үшінші буыны ұзындау және ол ұсақ буындарға бөлінген.
Тұмсығы шанышпалы-кескіш типке жатады. Тұмсығында қармау мүшелері орналасқан.
Кеудесі кең және үш сегменттен тұрады. Бірінші және соңғы сегментінде дем алатын стигмалары болады. Қанаттары алшақ және қуатты. Құрсағы жалпақ және ұсақ түктермен қапталған.
Сона өсіп-өну дәуірінде бірнеше сатыдан өтеді. Ең алдымен ол жұмыртқа сатысынан өтеді. Жұмыртқадан личинка пайда болады. Личинкадан қуыршақтар өсіп жетіледі де, олар кәдімгі қанаттанған сонаға айналады. Қуыршақтан шыққан сона ең алдымен ұрықтануы қажет. Ұрықтанған және қан сорған сонаның ұрғашылары 3-10 күннен кейін жұмыртқалайды. Олар жұмыртқаларын су жағасындағы өсімдіктің сабағына немесе жапырағына салады. Сона бірден 400-ден 600-ге дейін кейде 1000-ға жуық жұмыртқа салады. Жұмыртқаларын, көбіне өзеннің, көлдің, тоспаның, шалшықтың бетінде өсіп тұрған өсімдікке салады. Жұмыртқалау процесі 1 - 2 сағатқа созылады. Сона жаз бойына 4 - 5 рет жұмыртқалайды. Кейде бір рет жұмыртқалаған сона екінші рет қан сора алмаса өліп қалады.
Жұмыртқаның дамуы 4-8 күнге, кейде үш аптаға созылады. Жұмыртқадан шыққан личинкалар суда немесе ылғалды топырақта тіршілік етіп, сондағы құрттармен, ұсақ насекомдармен қоректенеді.
Күзге жақын личинкалар едәуір өсіп-жетіледі де, өзінің дамыған жерінде қыстап шығады. Қыстыгүні личинкалар топырақтың 25-120 см қабатында кездеседі. Көктемде күн жылынған кезде личинка қуыршаққа айналады. Қуыршақ кезеңі 7-8 күнге, кейде сыртқы ортаның қолайсыз жағдайында 2-3 аптаға созылуы мүмкін. Қанаттанар алдында қуыршақ өзінің құрсағы арқылы тез қимыл жасап жер бетіне шығады да, денесінің алдыңғы жағымен қуыршақтың қабығын жарады, одан әрі сона ұшып шығады.
Сөйтіп сонаның жалпы дамуы 8-10 айға созылады.
Сона жылылықты және жарықты ұнататын насеком. Сондықтан да олар ашық, жылы күндері өте көп ұшады. Сона өте тез ұшады және қажетті қорек іздеп тіршілігінің көпшілігін ауада өткізеді. Олардың ұшуы және малды шағып қанын соруы 15-16 градус температурада басталады. Бұлар, әсіресе 19-20 градус температурада өте қарқынды ұшады.
Жаз айларында сона таңертеңгі сағат 6-7-ден бастап күн батқанға дейін ұшады. Олардың бір қалыпты ұшуына жиі соғатын жел, жоғары температура мен ылғалдың жеткіліксіздігі күшті әсер етеді. Шөлді және далалы алқаптарда сона ертеңгі сағат 8-ден 11-ге дейін, түстен кейін сағат 17-20-ға дейін, ал таулы жерлерде ертеңгі сағат 10-нан 18-ге дейін ұшады.
Далалық алқапта сона алғаш рет май айында ұша бастайды. Июнь айында олар мейлінше көбейіп кетеді. Июль, август айларында сона саны азаяды, бірақ бұл алқапта оның кейбір түрлері сентябрьдің екінші жартысына дейін ұшады. Сонаның жалпы ұшу мерзімі 140 күнге созылады.
Далалық аймақтағы сияқты шөл аймақта да май айында ұша бастайды. Бұл жерлерде тіршілік ететін сона малды бүкіл жаз бойына талап, қатты мазалайды.Таулы жерде сонаның ұшуы 80-90 күнге созылады.
Сона әр түрлі ауру қоздырғыштарын таратады. Олардың туляремия, топалаң, инфекциялық анемия (індетті қан аздық) және трипанозомоз (су ауру) ауруларын тарататындығы анықталған.
Қан сорғыш соналардың қоршаған ортада таралуын зерттеу мақсатында Түркістан ауданындағы Сырдария өзені бойында орналасқан Сауран ауылы, далалық аймақта орналасқан Майдантал ауылы және таулы аймақта орналасқан Бозбұтақ ауылдары мен осы аймақтағы жылқылардың қаны трипаносомоз ауруына иммунологиялық әдістермен зерттелді. Зерттеу нәтижелері 1-ші сызбада келтірілген.
Зерттеу нәтижелерінде таулы аймақта орналасқан Бозбұтақ аулына қарағанда қан сорғыш соналар далалы аймақтағы Майдамтал аулында 6 есе, өзен жағасында орналасқан Сауран ауылында 10 есе көп таралғаны анықталды. Атап айтқанда Бозбұтақ ауылындағы мал қора қабырғасынан 1 күнде 6 қан сорғыш сонна ұсталса, Майдамтал ауылындағы мал қора маңынан 1 күнде 36 қан сорғыш сонна, Сауран ауылындағы мал қора маңынан 1 күнде 60 қан сорғыш соналар ұсталған.
Зерттеу нәтижесі қан сорғыш соналар дернәсілдерінің дамуына қолайлы аймақ Сырдария өзенінің бойында жиі кездесетінін көрсетті.

Сызба-1. Қан сорғыш соналардың таралуын зерттеу


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет