КӨкейкесті әдебиеттану



бет22/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Нұрғалиев Рымғали «Телағыс» Әдеби дәстүр мен әдеби даму. Монография. Алматы « Жазушы» , 1986 .

  2. Рымғали Нұрғали «Драма өнері» 1-том. Шығармалар жинағы. Астана «Фолиант» баспасы , 2005 .

  3. Рымғали Нұрғалиев. «Трагедия табиғаты» (монография). Алматы «жазушы» , 1968.

  4. Рымғали Нұрғалиев «Күретамыр» (монография). Алматы «Жазушы», 1973.


Дүйсенбаева Р.И.

Қазақстан: Алматы

ДӘУІР ТЫНЫСЫН ТАНЫТҚАН ЗЕРТТЕУ

ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы жөніндегі белгілі зерттеу еңбектерінің қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың «Қазақ революциялық поэзиясы» атты еңбегінің де тұрғаны анық. Ғалым бұл еңбегінде кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің негізгі ерекшіліктерін, халықтық, эстетикалық сипаттарын анықтап беріп, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров шығармаларына жаңа тұрғыдан зерттеу жүргізеді.

Рымғали Нұрғали кеңес өкіметі дәуіріндегі әдебиеттің көркемдік, эстетикалық сұлулылын, жаңашылдық сырларын, халықтық, гуманистік, философиялық, патриоттық, интернационалистік ерекшеліктерін асқан шеберлікпен айқындап береді.

Ғалым қазақ совет әдебиетінің идеялық негізін, туу төркінін, даму, өркендеу кездеріндегі құбылыстарды зерттеу ізденістерін сол кезеңде қалам тербеген тұлғалардың үздік шығармаларымен байланыстырады.

«Қазіргі даму мен болашақ бағдарын анықтау үшін дәстүр қайнарларының бастау көздеріне жіті көз жіберу шарт. Қазақтың революциялық әдебиетінің терең саласы–ұлттық поэзияның бірқыдыру ерекшеліктері, әсіресе оның таптық, партиялық, халықтық сипаты, көркемдік, әсемдік, сұлулық нәрі: патриоттық, интернационалдық, азаматтық рухы екі алып Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров творчествосынан терең көрініс тапқан деп білеміз. Сондықтан да олардың азаматтық және өнерпаздық тағдырын зерттеу – бел шешіп, білек сыбана кірісетін іс, үнемі күн тәртібінен түспейтін проблема» деп,(Қазақ революциялық поэзиясы, Алматы, «Мектеп»

1987ж,. 4-бет) ғалым бұл еңбегінің негізгі түйінін анықтап береді.

Ғалым осы кезеңдегі Қазақстандағы әдеби күштердің шоғырлануы жайында әңгіме өрбітеді. Қазан төңкерісіне дейінгі әртүрлі идеялық ағымдағы қазақ әдебиетінің өкілдері қоғамдағы болып жатқан өзгерісті әртүрлі қабылдады. Түрлі-түрлі түсінбеушілік нәтижесінде күрделі өткір әлеуметтік тартыс көптеген жазушыларды, әдебиет өкілдерін тығырыққа тіреп, теріс ұғымдағы ізденістерге түсіргенін, тіпті кейбіреулерінің үн-түнсіз жатып алғанын баяндай келе, бұл саяси толқындар мен экономикалық дағдарыстардың әдеби процеске, жаңа қоғам әдебиетін жасауға тежеу бола алмағанына, бұл төңкеріс қазақ жазушыларының да жүрегін, сезімін тербетіп, өз шығармаларының негізгі тақырыбына айналдырып, жырларына қосқанын тебірене жазады. Бұған мысал ретінде халық бақыты үшін от кешіп, қаламы мен қаруын бірге алып күреске шыққан ақын Сәкен Сейфуллиннің қазақ жастарының гимніне айналған айбынды жыры «Жас қазақ марсельезасын» алады.

Ғалым «Әдебиет–халық өмірінің көркем бейнесі» екенін қазақ совет әдебиетінің туу, қалыптасу жолын көрсету арқылы дәлелдейді. Қазақ совет әдебиетінің алғашқы «алтын қазықтары» деп С.Сейфуллиннің «Асығып тез аттандық» (1917 жыл, март), өлеңі мен «Бақыт жолында» (1917 жыл, ноябрь) драмасын атай отырып, партия мен үкімет көркем әдебиеттің халық санасына ықпал ететін үлкен идеялық күш екенін ескере отырып, әдебиеттің тәрбиелік мәнін ерекше бағалап, үлкен қамқорлықпен мәдени жұмыстарға көңіл бөліп, әртүрлі қалаларда үйірмелер ашқанын, Орынбор қаласындағы осындай бір үйірмені С.Сейфуллиннің басқара жүріп, қазақ совет әдебиетінің идеялық-эстетикалық ерекшеліктерін түсіндіретін лекциялар оқып, жазушылық шеберлік сырларын бөліскенін баяндайды. С.Сейфуллинмен бірге Бейімбет Майлин, Ільяс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Шолпан Иманбаева, Жұмат Шанин, Жиенғали Тілепбергенов, Елжас Бекенов, Мәжит Дәулетбаев, Ғаббас Тоғжанов сияқты көркемсөз саңлақтары жаңа әдебиеттің өркендеуіне үлес қосқанын, сонымен бірге қазақ совет әдебиеті алғашқы кезеңдерде орыстың революциялық поэзиясынан, жаңа әдебиетінен, М.Горький, В.Маяковский дәстүрлерінен үйренгенін атап айтады.

Қазақ халқының тарихындағы үлкен оқиға 1920 жылы Қазақ автономиясының дүниеге келуі болды. Жеке мемлекет болып құрылу ұлттық мәдениеттің, өнердің, әдебиеттің өркендеуіне жағдай туғызғанын, алғашқы ақпарат құралдарының қарлығаш- тары болған «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Қазақ мұңы», «Ұшқын», «Кедей сөзі», «Мұғалім» т.б. газет-журналдар халықтың көзін ашып, сезімін оятып, таптық-әлеуметтік мәселелерді түсіндіріп, сауатсыздықпен күресуге шақырып білім берсе, ал сол газет-журнал беттерінде қазақ совет әдебиетінің негізін салушылары мен алғашқы өкілдерінің шығармалары жарияланып тұрғанын жазады.Алғашқы қазақ баспасы жанданып, жазушылардың көркем шығармалары да басыла бастағанын, 1922 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» драмалары, М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі, «Еңлік- Кебек» трагедиясы мен 1923 жылы Б.Майлин өлеңдерінің жеке кітап болып басылуын, қазақ совет әдебиетінің берік іргетасының қаланғандығын айқындайтын тарихи факті деп көрсетті. 1923 жылы 13 январдағы ұлттық театрдың ашылу салтанатын да қазақ мәдени өміріндегі ұмытылмас бір сәт дей келе, халық арасынан шыққан талант иелері Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовтарды тұңғыш ұлттық театрдың іргетасын қалаушылары деп бағалады. Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында қазақ әдебиетінің әр жанрына қалам тартқан жас дарынды қаламгерлердің үлкен толқыны келіп қосылғанын, соның нәтижесінде қазақ совет әдебиеті сан алуан тақырыптарды қамтуымен қатар, көркемдік–эстетикалық, жанрлық-стилдік ізденістерге барып, алғашқы романдар, драмалар, трагедиялар мен сын кітаптарының жазыла бастағанын атап көрсетеді.

Бұдан әрі ғалым поэзия жанрына жеке тоқталады. «Қазақ совет әдебиетінің туып қалыптасу кезеңінде поэзия жанры жетекшілік қызмет атқарды. Жаңа дүние сәулесінен нәр алып, ақын жанының шабыт қайнарынан лықсып шығып, революция дауылының идеялық бағытын, теңдік іздеген арман-ағысын, бостандық таңының нұрлы шуағын халық жүрегіне бірінші жеткізген - қазақтың ұшқыр өлеңі. Ескі дүниені түбірімен қопарып лақтырып келмеске жіберген жаңа дәуірдің бірінші күндерінде-ақ туып, қанат қаққан қазақтың революциялық поэзиясы болды» (13-бет) деп, жаңа қоғамдағы әдебиеттің лебіне қуанады. Таптық күрестің бел ортасында жүрген патриот-коммунист Сәкен Сейфуллиннің революция тақырыбын бірінші болып көтеріп, жырлағаны жайында: «Оның асқақ пафосты, таптық нысанасы айқын, әлеуметтік идеясы терең, көркемдігі кемел «Асығып тез аттандық», «Тергеген болсаң, айтайын», «Кел жігіттер» өлеңдері – қазақ совет әдебиетінің алғашқы төстабаны, іргетасы, ұлттық поэзиядағы советтік азаматтық, саяси лириканың басы» деп (13- бет) баға береді.

Сонымен бірге Сәкен Сейфуллиннің революция үшін басын бәйгеге тіккен қаһарман қайраткер болуымен қатар қазақ совет әдебиетінің негізін салушы болғанын, оның шығармалары «революциялық рух, социалистік сана, интернацио- налдық пафос, эстетикалық жаңа көркемдікпен» (14- бет) өріліп, ұлттық дәстүрлерге жаңа бояу, ырғақ, сөзге «саяси қуат» қосып, мазмұнды форма- сымен жаңалық әкелген классикалық туындылар екенін айтады. Ақынның «Советстан» поэмасына «қазақтың эпикалық поэзиясындағы тұңғыш советтік поэма, тақырыбы, идеясы, мазмұндық болмысы, ырғағы, ұйқасы, формасы, композициялық бітімі мүлде жаңа, өр заманның образын жасаған терең философиялық сарынды, лирикалық, публицистикалық туынды» деп (14-бет) баға береді.

Ғалым С.Сейфуллинмен идеялас қаламгерлер өмірден ерте озған Баймағамбет Ізтөлин (1899-1921) және Б.Майлин, Сәбит Мұқанов, Сәбит Дөнентаев, Шолпан Иманбаева жырларының тақырыптары мен идеяларына шолу жасайды. Алғашқы әдеби шығармаларда революциялық идея, таптық күрес, насихаттау, үгіттеу басым болса, жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында күрескер тұлғасы сомдалып, жұмысшы, шаруа образдары жасалып, өндіріс тақырыптары темір жол, завод, фабрика жырлана бастағанына С.Сейфуллиннің «Аспанда», «Автомобиль», «Маузер», «Кімде-кімнің тасқын судай қайраты», «Қызыл ерлер», Б.Майлиннің «Қара томар», «Қара сор», «Астана», «Тр-тр, трактор» өлеңдерін мысалға келтіреді. Поэма жанрының өрістеп, лирикалық-публицистикалық формамен бірге, дүниеге келген сюжетті туындыларға С.Сейфуллиннің «Советстан», «Көкшетау», «Аққудың айырылуы», «Лашын әңгімесі», Б.Майлиннің «Кемпірдің ертегісі», «Маржан», «Рәзия», І.Жансүгіровтің «Мақпал», «Кәмпеске», «Күй», С.Мұқановтың «Сұлушаш», «Октябрь өткелдері», «Жетім қыз», «Батырақ», И.Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмаларын жатқызады. Ұлы Октябрь революциясының арқасында жаңа мазмұн мен формаға ие болып дүниеге келген қазақ жазба әдебиетімен қатар халық поэзиясының да өсіп өркендегенін, олардың өкілдері ретінде Ж.Жабаев, Н.Байғанин, О.Шипин, К.Әзірбаев, Т.Көбдіковтерді атайды.

Ғалым сол жылдарда әр түрлі тақырыптарда пьеса жазған авторлар Атығай Шанин, Садық Абыланов, Сағыр Қамалов, Ержан Ерданаев, Жиенғали Тілепбергенов, Қанабек Байсейітов аттарын да атай кеткенді жөн көреді. Қазақтың тұңғыш режиссері, көрнекті драматург Жұмат Шаниннің әлемдік үздік үлгілерден үйрене отырып, ұлттық театрымыздың көркеюіне үлес қосқанын, сондай-ақ театрдың туып қалыптасуына Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов секілді тума талант иелері көп еңбек еткенін баяндайды. Қазақ әдебиетінде драмалық шығармалардың классикалық үлгілерін тудырған ұлы суреткер М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз» трагедияларын, Жұмат Шаниннің «Торсықбай», «Айдарбек» комедияларына тоқталып талдайды.

Ғалым әдеби жанрларды көрсете отырып, жиырмасыншы жылдары поэзия, проза, драматургияның негізгі жанрлары туып қалыптасып, стильдік-көркемдік, идеялық-эстетикалық ізденістері жемісті болды, жанрлық формалар профессионалдық биік дәрежеге көтеріліп, қоғамды, өмірдің сан алуан құбылыстарын бейнелеу талаптарын орындап, әлеуметтік сұранысты толық қанағаттандырды деп жоғары бағалады.

ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы көркем әдебиеттің жағдайына қарай ауысады. Осы жылдарда әдебиетті жаңа туындыларымен байытқан қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілдері С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин болса,сонымен қатар әдебиет әлемінеЖ.Сыздықов, Ө.Тұрманжанов, Т.Жароков, М.Дәулетбаев, Қ. Әбдіқадыров, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Д.Әбілев, Ә.Әбішев, Ғ.Сланов, С.Ерубаев, Қ. Аманжолов, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, С.Қамалов, Қ.Сатыбалдиев, Қ.Бехожин, М.Хакімжанова, А.Жұмағалиев, С.Омаров секілді жас өкілдер келгенін тілге тиек етеді.

Ары қарай ғалым жоғарыдағы тарихи оқиғалардың тұсында Қазақстан жазушыларының қарымды еңбек етіп, қазақ әдебиетінің жанрлық жағынан байып, көркемдік деңгейі өсіп, тақырыптық жағынан да, жаңа адам бейнесін сомдаудан да шеберлік таныта бастағанын, революцияға дейін өркендей алмаған прозалық, драмалық жанрлардың да өсіп, дамығанына тоқталып, «Бұл кезде эпиканың үлкен формасы–романның жақсы үлгілері дүниеге келуі қазақ әдебиетінің өркенді дамуының бір белгісі еді» дейді ғалым. (30-бет)

Халық поэзиясының көрнекті өкілдері Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Иса Байзақов сияқты суырып салма ақындардың шабытты өлеңдерін, Жамбыл, Кенен, Нартай секілді халық ақындарының Қазақстан Жазушыларының Бірінші съезінде одақ мүшелігіне қабылданғанын мақтанышпен жазады.

Қазақ театр сахнасында үлкен табысқа жеткен «Түнгі сарын» драмасы орысшаға аударылып, 1937 жылы орыс театрында қойылғанын, бұл қойылымның орыс тілінде қойылған тұңғыш пьеса екеніне басты назар аударады. М.Әуезовтің «Оттело», «Асауға тұсау», «Ревизор» секілді сом дүниелерді аудару арқылы, дүние жүзілік драматургияның ең озық үлгілерінен сабақ алып, классикалық туындыларды дүниеге әкелгенін айта отырып,оның «Абай» трагедиясына, «Түнгі сарын», «Тартыс», «Тас түлек», «Шекарада» пьесаларындағы «тартыстың ағымын, әрекеттің тұтастығын, характер кесектігін», революциядан бұрынғы қазақ тұрмысын классикалық шеберлікпен суреттегенін жазады.

Ғалым қазақ совет әдебиетінің кемелденіп өсуіне, дүниежүзіне танылуына тарихи еңбек еткен, мол еңбек сіңірген дарын иелері М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ. Мұстафин екенін айта келіп, олардың әрқайсысына кеңінен тоқталады.

Рымғали Нұрғалидың қазіргі ұлттық әдебиеттану ғылымында кешегі идеоло- гия қағидаларының зерттеу жұмыстарын әдеби-тарихи шындыққа сай ғылыми тұрғыда зерделеуі қазақ әдебиеті тарихындағы жаңаша көзқарас, жаңаша пайымдау болды.



Қазақ өнерінің өсуі, кемелденуінің айғағы ретінде, қазақ топырағында ғасырлар бойы жиналып келген асыл қазыналардың жарқырап қайта көрін- уін ғалым Мұхтар Әуезов творчествосымен байланыстырады. Халықтық арнадан, «ұлы Абай айдынынан нәр алған» ұлы дарын иесі Мұхтар Әуезовтің білім алған мектептерін айта келіп, оның шығармаларынан Октябрь револю- циясының, Коммунистік партияың, Ленин идеяларының қазақ топырағында іске асуының нәтижелі көрінісін айнытпай көре алатынымызды айтады. Әуезов творчествосын «Шығыстың ежелгі өнері мен Батыстың алдыңғы қатарлы мәдениетінің тоғысуынан туған дүниежүзілік мәні бар құбылыс» деп бағалайды. Қабілетті бала Мұхтардың сөз өнері дәстүріне бай ортада өске -нін, Абай топырағының оның творчествосына айрықша әсер еткенін, ұза- тылған қызға жасау ретінде Абай өлеңдерін көшіріп беру дәстүрін, атасы Әуездің де шығыс әдебиетінен хабардар көзі ашық адам болғаны, атасы мен әжесі Мұхтарды «Қоңыр» деп еркелеткені, кейін бұл атты Мұхтар бүркеншек ат еткені, Абай мен Мұхтардың балалық шақтарының ұқсастығы, 9 жасында Семей мектебіне оқуға кіргені, Мұхтардың азамат ретінде де қаламгер ретінде де тез ер жеткені жайында сыр шертеді.

«Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесінен-ақ үлкен таланттың, терең мәдениеттің иесі екенін айта отырып, оның бұл биіктен көрінуінің төрт себебі бар екенін атап көрсетеді. «Бірінші: ол-ғасырлар бойы жиналған қазақ халқының әдеби-мәдени қазыналарын жете игерді, екінші: халқына сөзімен, жазуымен қызмет етуді өмірлік мақсат етті, үшінші: әлеуметтік аренаға революция заманында шықты, төртінші: әлем әдебиеті, орыс әдебиеті классикасынан сабақ алды» деп (44-бет) саралайды ғалым. Октябрь революциясының нәтижесінде Мұхтар Әуезов Губреком председателі, 1922 –23 ж. КазЦИК-тің президум мүшесі болғанын, өз еркімен қызметтен босап оқуға кетіп, САГУ–де, кейін ЛГУ-де славян бөлімінде оқып, САГУ аспирантурасында фольклор, әдебиет тарихына байланысты зерттеулер жүргізгенін, Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі, университет профессоры, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің мүшесі болғанын айта келіп, ғалым «Әуезов шығармалары қамтыған географиялық регион өте көлемді. Онда қазақтың қаласы, даласы, солтүстігі, оңтүстігі, батысы, шығысы–түгел. М.Әуезов Америка, Индия, Жапонияда болды. Оның өмірі - аса бай, күрделі, диалектикалық шытырман өмір, Мұхтар қазақтың киіз үйінен шығып. ХХ ғ. цивилизация биігіне көтерілді. Ол қазақтың психологиясын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, күллі өмірін Россияға, Англияға, Францияға, әлемнің төрт бұрышына таныстырды» деп (45-бет) ұлы жазушының даралығына баға береді.Әуезов творчествосындағы ескерілмей жүрген мәселенің бірі оның тырнақ алды еңбектері екенін жаза келіп оның алғашқы жазған шығармаларына тоқталады. 1917 жылы қойылған «Еңлік- Кебек» пьесасы, 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында басылған «Қорғансыздың күні» әңгімесі М. Әуезовтің тұңғыш шығармасы екенін, сонымен бірге жазушы өзінің ғұмырнамасында алғашқыда өлең жазғаны туралы айтқанын ескерте отырып оның публицистикалық еңбектеріне де тоқталады. 1917 жылы 5 сентябрьде «Адамдық негізі - әйел» мақаласының жарияланғанын айтады. М.Әуезовтің бұл алғашқы мақаласының сөз орам- дары, синтаксистік құрылыстары Абай қара сөздерімен сабақтас болып келуі, жазушының әлі стильдік даралыққа жете қоймағанынан еді дей келе, жас қаламгердің публицистикада көтерген тақырыптарының маңыздылығын көрсетеді. 1917 жылы жазған «Оқудағы құрбыларыма» мақаласының Абайдың «Интернатта оқып жүр» өлеңімен сарындас болса, «Қайсысын қолданамыз» мақаласы оқулықтар жазу жөнінде, «Ғылым тілі» мақаласынан автордың эрудициясы байқалса, «Философия жайынан» мақаласында Бэкон, Декарт, Кант, Аристотель есімдері айтылады дейді. «Бүгінгі зор міндет», «Қазақ оқығандарына ашық хат» мақалаларынан Әуезовтің совет жұмысында болғаны оның публицистикасына жаңа леп, жаңа сарындар әкелгенін білдіреді дейді ғалым. «Қобыланды», «Қазақ әдебиетінің қазіргі жайы» деген еңбектерінен жазушының ғылымға, өнерге бет бұрғанын, қазақ эпосы, Абай шығармалары жайында тамаша тұжырымдар келтіргенін, сондай-ақ дүние- танымының олқылығынан кейбір шығармаларды талдауда қателіктерге ұрынғанын, Сәкеннің «Қызыл сұңқарын» бағалаудағы олқылығын сөз етеді. «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» мақаласын «театр жайлы шағын трактат» деп бағалайды. Ғалым М.Әуезовтің күнделікті мәселелерге мақала жазу арқылы саяси-әлеуметтік жағынан тез өскенін аңғарады. ХХ ғасырға дейін қазақтың халық әдебиетінде драмаға өзек болатын мол қазынаның жиналғанын осы байлықты игерген жазушы, халық әдебиетінен, фолькло- рынан суындап, нәр алған М.Әуезов драматургия саласында да көп еңбек еткенін айта кетеді. Қазақтың көшпелі өмірі, қаланың болмауы драманың дамуына кедергі болғанын, тоғыз жасынан қалада өсіп, орыс театрларында болып, Европа драматургиясымен танысу М.Әуезовті реалистік драматур- гияға алып келгенін, Шекспир, Гоголь, Погодиндердің шығармаларын аудару арқасында көп үйренгенін әңгімелейді. Ғалым Әуезовтің драмалық шығар- маларының саны 30-дан, ал жеке пьесаларының варианттарын қосқанда 50-ден асатынын айта келіп тақырыптық материалдарына қарап бірнеше салаларға бөледі: а)Аңызды, эпосты арқау еткен шығармалары: «Еңлік-Кебек», «Қобыланды», «Айман-Шолпан», «Бекет». ә) Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылғандары: «Октябрь үшін», «Түнгі сарын», «Ақ қайың». б) Советтік өмір кезеңдерін бейнелейтін шығармалары: «Тартыс», «Тас түлек», «Алма бағында», «Шекарада», «Алуа». в) Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналғандары: «Намыс гвардиясы», «Қынаптан қылыш», «Асыл нәсілдер». г) Фантастикалық пьесалар: «Дос-Бедел дос», « 50 жыл өткен соң». ғ) Ақындар өмірі туралы: «Абай», «Ақан - Зайра», «Қарагөз». д) Сценарийлер «Райхан», «Абай әндері», «Қалқаман-Мамыр». М.Әуезов драматургияның барлық жан- рлық формаларын қамтып, трагедиялық, комедиялық, драмалық туындылар- ды дүниеге әкелгенін, сонымен бірге Л.Соболевпен («Абай»), С.Мұқановпен («Ақан-Зайра»), Ғ.Мүсіреповпен («Қынаптан қылыш»), Ә.Тәжібаевпен («Ақ қайың»), Ә.Әбішевпен («Намыс гвардиясы») бірігіп те пьесалар жазғанын айтады.

1933 жылы жазылған «Октябрь үшін» пьесасы Жетісу қазақтарының револ- юцияға келуін суреттейтін шығарма дей келе, оның кейіпкерлерінің Д.Фурманов,Ж.Бәрібаев екенін, кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Бай-сейітов, Бековтар қатысты» деген жазудың бар екенін жазады.

Бұдан әрі ғалым алғашқы жазылған «Еңлік-Кебек» пьесасының негізгі өзегі эпостық материалдан алынғандығын, мұндай тәжірибені жазушы әлемдік әдебиет дәстүрлерінен үйренгендігін, Шекспирдің «Фауст» шығармасының да халықтық аңызды пайдаланып жазылғандығын тілге тиек етеді. Ғалым М.Әуезовтің «Еңлік - Кебегі» 1922 жылы Орынборда басылғанын, пьесаның көркемдік ерекшеліктерін айта келіп, кеткен кемшілік олқылықтарын түзеу мақсатымен 1943 жылы қайта жазғанын, бұнда бірнеше көріністің қысқар- тылып, Абыз тұлғасының күшейтілгенін, Жапал бейнесінің қосылғанын, 1956жылы тағы да қаралып, билер сахнасының күшейтіліп, Абыз толғауымен басталып, аяқталатынын баяндайды. Пьесаны Ж.Шаниннің Қызылордада, кейін Алматыда қойғанын айтады.Мұхтар Әуезовтің келесі терең мәнді, қазақ драматургиясында социалистік реализмнің орныққанын көрсететін туындысы «Түнгі сарын» пьесасы екенін, шығармада таптық тартысты жай схема түрінде емес, адам тағдырлары арқылы бейнелегенін көрсете келіп, күрескер бейнесін жасаған бұл туындыны совет классикасына қосылған үлес деп бағалайды. Әуезовтің социалистік реализмге келуі жайында ғалым:

«Әуезов социалистік реализмге бір күнде келген жоқ. Жаңа әдеби әдіс қоғамдық дамумен, халықтың рухани деңгейімен сабақтас. Қазір зерттеу- шілер мұны әр түрлі түсінеді. Б.Кенжебаев, Т.Кәкішевтер 20-жылдары қазақ әдебиетінде сыншыл реализм басым болды деген пікір айтады. М.Қаратаев, З.Кедрина, Г.Ломидзелердің айтуынша, Сәкен, Мұхтарлар сол кезде-ақ социалистік реализмді меңгерген» дейді. (48-бет) Театр, сахна өнерін өріс- тету өзекті мәселенің бірі болғанын, соған қарамастан тұңғыш театрдың дүниеге келуін ояну кезеңінің рухани өрлеуінің, халық кәмілетінің белгісіне балайды. 1926 жылы «Қарагөз» бірінші сыйлық алғанын, бұл трагедия жөнінде 30-жылдардағы белгілі әдебиет сыншысы Ғ.Тоғжанов «трагедияда ескі көшпелі өмірді мадақтау бар» десе, Ж.Орманбаевтың да пікірі осымен орайлас екенін, жазушының бұл пьесаға қайта оралып, жаңа нұсқа жасағанын айтады. 30-жылдары М.Әуезовтің социалистік реализмді меңгеруде көп еңбектенгенін, 1918 жылы Абай жайында тұңғыш мақала жазғанын, Абай заманы туралы білген, естігендерін қағазға түсіріп, зерттегенін, Л.Соболевпен бірге жазған «Абай» пьесасы да «кейінгі эпопея тақырыбы- ның барлауы еді» деп ой түйеді. 30-жылдардың аяғында М.Әуезовтің білімі де рухани деңгейі де толысқанын, осы шақта ғана Абай тақырыбына келіп, Абайға лайық сөз өрнектерін таба білгенін, «Абай» пьесасы қоғамдық мәні бар күрделі жағдайлар мен тартыс, әрекет бірліктерін көрсете алғанын, осы пьесаның негізінде опера либреттосы, киносценарий жазылғанына да тоқтала кетеді.

М.Әуезовтің тұңғыш әңгімесі 24 жасында жарияланғанын, осыдан жиырма жылдан кейін ғана «Абайдың» бірінші кітабы басылғанын, яғни 20 жылдан астам уақыт прозаның шағын формаларымен айналысқанын айта келіп, «қазақ әдебиетінде реалистік проза жазған Майлин мен Әуезов» деген пікір айтады. «Қорғансыздың күні» адам психологиясын, сезімін шеберлікпен бере білген, европалық әдебиет үлгісінде жазылған реалистік шығарма екенін, таптық қайшылықтарды көрсете білген «Барымта», «Жуандық», махаббатты сөз ететін «Үйлену» әңгімелерінің озық үлгідегі проза болғанын көрсетеді.

Кезінде дау туғызған, әлем әдебиетіндегі үздік классикалық шығармалары- мен тең келетін, жазушының талантының, зор шеберлігінің айғағындай іспет- тес,– «Көксерек» еді дей келе ғалым әңгіменің сюжеті Канада жазушысы Сетон-Томсеннің «Випнипег қасқырына» ұқсас деп тұжырымдайды.

М.Әуезовтің әлеуметтік тынысының кеңейгенін, көп жылдар ізденістер- інің жемісін, эволюциясын көрсететін шығармасы «Қараш-қараш оқиғасы» повесі екенін, оның алғашқы әңгімелерден айырмасы күрескердің санасы- ндағы психологиялық құбылыстардың өсуі, зорлыққа қарсылығы, күресі ай- қын көрінетінін, повеске арқау болған Т.Рысқұловтың әкесінің басынан өткен оқиғалар екеніне айғақтар келтіреді.

Ғалым жазушының деректі прозадағы көлемді еңбегіне «Индия очерктер -ін» жатқызады. Қазақ совет әдебиетінде жазушы С.Шәріпов бірінші болып шетел тақырыбына арналған «Рузи Иранды» жазғанын, бұл тақырыпқа одан кейінгі жазылған шығарма «Индия очерктері», Америкаға барып Америка жайында жазған да М.Әуезов екенін мақтанышпен айтады.

Келесі өрелі де өрісті шығармасы «Өскен өркен» романы жайлы сөз өрбітеді. Автордың көп нәрсені зерттеп, жаңа ортаны, жастар бейнесін реа- листікпен бейнелегенін, «қазіргі қазақ интеллигенциясының рухани ішкі әле- мін, ой өрісін, замандас бейнесін жасауда шоқтығы биік шығарма» жазыл- ғанын баяндайды.

Қазақ әдебиетіндегі даңқы әлемге танылған шығарма «Абай жолы» болға- нын қайталай келе, ғалым Мұхтардың Абай аулында туғанын, ұлы ақын жа- йында қанша зерттеумен айналысса да, Абай жайында шығарма жазуды ой-

ламағандықтан, материалдарды кеш жинай бастағаны жайлы жазады. Әуез- овтің Абайды көргенін, өзінің болашақ кейіпкерлерімен де әр кезде әр түрлі жағдайлармен бір болғанын, Абай өмір сүрген заман сырын, Абай төңірегін- дегі тартыстар жайында әңгімелерді Көкбай, Қатпа, Баймағанбет сияқты да- ланың көнекөз қарттарынан тыңдағанын, Абайдың сыры мен мінезін жеткіз- ген Абайдың жансерігі Әйгерім екенін толғана жазады. Мұхтардың алғаш- қыда «Телғара» атты трилогия жазбақ болғанын, Телғара – Абайға жеңгелері- нің қойған аты екенін айтады. 40-жылдары роман-эпопеяның бірінші кітабы жарық көргенде ең алғаш Б.Кенжебаев пен Қ.Шаңғытбаев рецензия жазға- нын, романды талдауда Ғ.Мүсіреповтің әділ баға бергенін, екінші кітабы шыққаннан кейін орысшаға аударылғанын, Мемлекеттік сыйлық алып, Федин, Фадеев, Иванов, Леонов, З.Кедрина, В.Жирмунский жоғары бағалап, пікірлерін білдіргенін жазады. Романды М.Қаратаев зерттегенін, А.Нұрқатов- тың мақалалар жазғанын, Е.Лизунованың, Б.Шалабаевтың, Р.Бердібаевтың, Л.Әуезованың зерттеулері мен диссертацияларын мысалға келтіреді. Ғалым «Роман халықтың рухани мүмкіндігін көрсетті.Роман мерейі – бүкіл қазақ халқының мерейі. Романды Қ.Сәтбаев: «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп атаған» дей келе саралап береді: а) Эпопея қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерін ашып берді Осы роман арқылы қазақ халқы әлемге әйгілі болды, қазақ әдебиеті адамдар арасындағы тартысты реалистік тұрғыдан бере алатынын көрсетті. Сыншылар, жазушылар М.Әуезовті бірде «Шығыстың Шолоховы», бірде «қазақтың екінші Абайы», бірде «ХХ ғасырдың ұлы ақыны» деп атады.

ә) Эпопеяда социалистік реализм принциптері, көркемдік тәсілдер, совет әдебиетінің дәстүрлері салтанат құрды. Бұл шығарма қазақ жазушыларының творчествосында маркстік-лениндік дүниетанымның толық орныққанын көрсетті. Роман психологиялық реалистік романның қатаң талаптарына жауап береді. б) Эпопея - әдебиетіміздің роман жанрының пісіп жетілгенін көрсетті. «Абай жолы» - совет әдебиетіндегі жаңа көркемдік даму белесі. Роман – қазақ әдебиетінің төл туындысы, өз перзенті. Эпопеядағы мол қуат, алуан сөздер, күйлер, бояулар, образдар, идеялар романды әлемдік әдебиеттің үздік туындылары қатарына қосты. «Абай жолы» эпопеясы әлемдік прозадағы «Аласталғандар» (В.Гюго), «Буденброктар» (Т.Манн), «Соғыс және бейбітшілік» (Л.Толстой) сияқты мұхит тектес туындылар қатарына қосылды» (53-бет)

Ғалым роман-эпопеяны үш арнаға бөліп талдайды. Бірінші арнада: романның психологиялық, әлеуметтік тартыстар, күрестер жүйесіне құрылғанын, тап тартысының асқына созылған күрестер арқылы берілуін, кейіпкерлердің бәрі де әрекет, күрес иелері екенін, романда қазақ халқының еркіндікке, прогреске , жарқын болашаққа тартқан таусылмайтын, тынымсыз қозғалыстағы өмір жолы мен Абай жолының тоғысып бір жолға айналғанын көрсетеді. Екінші арнада: Романның барлық кейіпкерлерінің күресі терең психологизммен суреттелетінін, сүйіспеншілік, махаббат шырғалаңдарын, қазақ тұрмысының әр түрлі этнографиялық кескіндерін бейнелеуде зор ше- берлік танытқанын, қастық, дұшпандық, опасыздық, достық пен адалдық, із-гілік сияқты адам өмірінің диалектикалық қайшылықтарын көрсете алғанын айтады.Үшінші арнада: Кейіпкердің психологиялық портреті оның ой, сезім тебіреністері, ішкі, сыртқы өзгерістері, әрекеті, қимылы арқылы берілгенін, ақын тағдыры мен халық тағдырының қатар алынғанын, осы арқылы жазушы романға үлкен жаңалық енгізіп, тұтас дәстүр жасағанын, «романдағы Абай өмірдегі Абайдың көшірмесі емес автор позициясы негізінде, творчестволық мақсатқа орай шыңдалып жасалған, көркем образ» екенін, эпопеяда философтар, этнографтар, тарихшылар, әдебиетшілер, тілшілер, социологтар үшін баға жетпес құнды материалдардың көптігін көрсете талдайды..

Ғалым М.Әуезовтің қазақ фольклоры мен әдебиетінің тұңғыш зертеушісі болды дей келе, оның еңбектерін бес салаға бөліп жүйелейді: 1. Абай жайлы. 2.Театр, драматургия, аударма жайлы. 3. Проза жайлы. 4. Дүниежүзі халық- тары әдебиеті жайлы. 5.Фольклор жайлы.

Әуезовтің Абайтануды жүйелі ғылымға айналдырып, ұлы ақын шығармаларын бастыруға, аударуға, жариялауға көп еңбек сіңіргенін, «Абай Құнанбаев» атты монографияны жарыққа шығарғанын жазады.

Ұлы жазушы фольклорды 20-жылдардан бастап зерттеп, 1925 жылы «Таң» журналында «Қобыланды» жайында, Ақылбайдың өлеңдерін, Сыбан Ақтайлақ бидің шешендік сөздерін, «Қозы Көрпештің» ең көркем Жанақ вариантын бастырған. 1927 жылы шыққан «Әдебиет тарихы» еңбегінде фо- льклорды жанрларға бөліп, ертегілер туралы пікір айтқанын, «Қазақ халқы- ның әдебиеті мен фольклоры» деген зерттеу еңбекті Л.Соболевпен бірігіп жазып, орыс оқырмандарына ұлт өнерін таныстырғанын, қырғыздың батыр- лық жыры «Манас» жайындағы зерттеуі маңызды теориялық еңбек бол- ғанын, әдебиеттің теориясы, тарихы, сыны жайындағы тұжырымдарының құндылығын айтады.

М.Әуезовтің үлкен драматург болумен қатар, театр мен драматургия мәсе- лелеріне де көптеген еңбектер, мақалалар, рецензиялар жазғанын, «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» атты тұңғыш мақаласында, көне грек, ежелгі Европа театрларын айта келіп, жас қазақ театрларының болашағына бай- ланысты ой- пікірлер айтқанын, тұңғыш қазақ профессионал актерлерінің творчестволық портреттері жасалғанын, қазақ музыкасының табиғатына байланысты терең ойлар айтқанын, М.Әуезов көп жылдар бойы театрдың әдебиет бөлімін басқарып, драматург идеясы мен режиссер трактовкасының ұштасуы жайлы ойларын білдіргенін, 1934 жылы Ж.Шанин, Б.Майлин творчествосы жайында құнды пікірлер айтқанын, 1954 жылы «Реалистік драма жолында» атты 1934-1954 жылдар аралығындағы драмаларды зерт- теген еңбегінің шыққанын баяндайды.

Проза жайында зерттеулеріне де тоқталады. С.Мұқановқа арнап «Жолы кең жазушы», Ғ.Мұстафинге арнап «Өнер өріне» атты еңбектер жазғанын, «Қазіргі роман және оның қаһарманы» деген мақаласында «роман қазір жанрлық нәрін тауысты» дейтін пікірлерге қарсы шыққанын, классикалық аудармалар жасағанын, Ә.Науаи, Тогор, Ш.Айтматов, М.Жәлел, А.Фадеев творчествосы туралы құнды пікірлер айтқанын, Шота Руставелидің «Жол- барыс тонды жиһангер» поэмасын білгірлікпен талдағанын, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Мұқаметжанов, Ш.Айтматов сынды жас талаптар жайында пікір айтып тұ- сауын кескенін айта келіп, «Мұхтар Омарханұлы Әуезов–мәңгі сарқыл- майтын, бітпейтін, жалғасы бар құбылыс» деп ой түйіндейді. (56-бет)

Бұдан ары қарай қазақ әдебиетінің алыптарының бірі, үлкен талант иесі Сәбит Мұқанов творчествосы жайында әңгіме өріледі. Сәбит Мұқанов қа- ламынан өлең, поэма, әңгіме, повесть, роман, пьеса, зерттеу сияқты әдебиеттің барлық жанр түрлерінің туғанын, оның талантын дарқан даламен салыстыра отырып, қаламгерді тынысы кең, өрісті өнер иесі деп бағалайды. Қазақ совет тарихына ол жаңа заманның жыршысы ретінде енгенін, оның творчествосының негізгі өзегі социализм мұраттары болғанын айтады. С.Мұқановтың балалық шағының қиыншылықпен өткенін, талантты баланың ұғымталдығының арқасында хисса-хикаяларды жаттап өскенін, Сәбит тағды- рына Ұлы Октябрь Революциясының бетбұрыс жасағанын, оның Көкшетау ревкомында, ЧОН-да істегенін, Орынборда рабфакта оқығанын, 20-30 жыл- дарда газеттерде істегенін, ЛГУ–да оқығанын, Москвадағы Қызыл профес- сура институтын бітіріп, көп жылдар басшылық қызметте болғанын, Қазақ ССР Жоғары Советіне депутат, Қазақстан КП Орталық Комитетіне мүше болып сайланып, Жазушылар Одағының председателі болғанын, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алғанын айтады.

С.Мұқанов шығармашылығын өлең жазудан бастағанын білеміз. Р.Нұр- ғали ақынның алғашқы өлеңдерінің пафосы - жаңа заман рухын мадақтау, бостандықты жырлау, үгіт-насихаттау болғанын, тырнақ алды шығармасы «Совет өкіметі және қазақ әйелдері» деп аталғанын, 1919 жылы жазған «Бостандық» өлеңінде публицистік, саяси ойдың айқын көрінгенін жазады. «Майға сәлем» өлеңін С.Мұқанов лирикасының биігі деп, «Сөз – Советтік Армия» өлеңін классикалық шығарма деп бағалайды.

С. Мұқанов 20-жылдары «Жайлау үстінде», «Құрдас», «Альбом», «Наурыз гүлі», «Пионер», «Жетім қыз», «Балбөпе», «Ленин», «Батырақ», «Октябрь өткелдері», «Құланың құны», «Ақ аю», «Сұлушаш» атты поэмалар жазғанын, бұл поэмаларды тақырып жағынан: 1. Аңызға, фольклорға сүйеніп жазылған поэмалар, 2.Нақты өмірлік материалдар негізінде жазылған поэмалар деп екі- ге бөледі. «Ленин», «Батырақ», «Октябрь өткелдері» поэмалары идеялары, тақырыптары, образдары жағынан қызық туындылар екенін айта келе, «Октя- брь өткелдері» поэмасындағы Теміртастың прототипін Сәбит жақсы білген, араласқан, белгілі революционер Угар Жәнібеков дейді. Сонымен қатар поэ- маның созалаңдық, схематизм сияқты кемшіліктеріне де тоқталып кетеді. «Сұлушаш» поэмасының жанры жөнінде де түрлі пікірлер бар дей келе, кейбір зерттеушілер поэма деп атаса Т.Нұртазин роман деп атағанын айтады. Ғалым да поэмадағы оқиғалардың көлеміне қарап, Нұртазинді мақұлдайты- нын білдіреді. Алғашқы роман деп аталып жүрген «Қамар сұлу» жартылай өлеңмен, жартылай қара сөзбен жазылған шағын шығарма екенін, роман жанрының европалық қатаң талабына жауап бере алмайды, оған қарағанда «Сұлушаш» көш ілгері тұрған туынды дейді.

С.Мұқанов проза жанрының барлық формаларында уақыт талабына сай тамаша шығармалар бергенін, шығармаларын деректі, мемуарлық, қызық оқиғалы, шытырман сюжетті, психологиялық, әлеуметтік, тарихи, биограф- иялық деп бірнеше жүйеге бөліп қарастырады. Кейінгі жазушылардың бірнеше буыны С.Мұқановтың прозадағы дәстүрін, тәжірибесін пайдалан- ғанын да жасырмай айтады. «Проза көркемдік-эстетикалық сана өскен кезде замана талабына байланысты туады. Көп уақытқа дейін қазақ әдебиетіндегі басты жанр–поэзия болатын. Қазақ прозасының балаң кезінде оған арна бол- ған дәстүрдің бірі - әңгімешілдік. Бұл дәстүр әсіресе С.Мұқанов прозасында кең тармақтанып көрінді. Рас, С.Мұқанов орыс, Европа әдебиетін жақсы біл- ді. Оның творчествосы әлемдік реалистік әдебиеттен нәр алып отырды» (59-бет) деп жазушының прозаға келгенін сипаттайды. 1926 жылы тұңғыш романы «Адасқандар» кітап болып шыққаннан кейін Т.Әлімқұлов пен Т.Нұртазиндер бұл шығарманы қазақтың тұңғыш романы деп бағалағанын, бұл романның жай қиялдан тумағанын, негізгі кейіпкерлер мен оқиғалар өмірде болғанын, көзге ілінбес материалдан Сәбиттің көлемді роман тудырғанын, 1931 жылы екінші рет қазақша басылғанын, 1935 жылы «Сын бая» деген атпен орысшаға аударылғанын баяндай келе, шығарманың «дөрекі социологиялық сынға ұшырағанын, сол себепті 15-20 жылдай оқушы қолына түспегені туралы жазады. С.Мұқанов романды заман талаптарына сай қайта түзеткенін, романның әлеуметтік мәні күшейіп, жаңа мен ескі замандағы ауыл көріністерін беретін, жастар, махаббат тағдырын баяндайтын «Мөлдір махаббат» романының туғанын баяндайды. Бұдан кейін 1935 жылы «Теміртас», 1939 жылы «Есіл» атты роман жазылғанын, бірақ бұл шығармалардың асығыс жазылып, әр түрлі көркемдік-идеялық олқылықтары бар екенін, автордың оларды қайта түзеп, көп томдығына енгізу мақсаты болғанымен, орындалмағанын айтады.

С.Мұқановтың дүниетанымының толысқан, шеберлігі жетілген, таланты- ның күш-қуаты, деңгейінің тереңдігін көрсететін шығармасы «Жұмбақ жалау» екенін, кейінірек бұл шығарма «Ботагөз» деп аталғанына тоқталады. «Ботагөз» жөнінде жазылған зерттеулердің көп екенін және бәрінің тұжыры-мдарының бірізділігін айта келіп: «Қазақ прозасындағы социалистік реализм принциптері романда айқын көрінді. Қазақ прозасының әлемдік аренаға шы- ға бастауы «Ботагөзбен» де сабақтас. Кейінгі озық шығармаларға «Ботагөз» жол ашқан. Сәбит творчествосындағы ең сұлу, ең көркем, ең бақытты тағ- дыры бар шығарма да осы «Ботагөз». Одан толысқан стильдің ізі көрінеді. «Ботагөз» романы социалистік реализм жеңісінің айғағы болды» деп баға береді.(60-бет)

Жазушының көлемді, терең шығармаларының бірі – «Өмір мектебі» (30- жылдары «Менің мектептерім» болып өзгертілген) мемуарлық романы «Әдебиет майданы» журналында шыға бастайды. Ғалым бұл роман хронологиялық жағынан Қазақстанның елу жылдай өмірін қамтығанын, бұл триологияның М.Горькийдің «Менің университеттерімімен» сарындас, «Тар жол тайғақ кешумен» төркіндес екенін, мемуарлық, деректі романдары арқылы С.Мұқановтың қазақ әдебиетін жанрлық жағынан байытқанын айтады. Бүгінгі өмірді бейнелейтін көлемді шығармасына «Сырдария» рома- нын жатқызады. Жазушы көп жылдар бойы Шоқан өмірін зерттеп, моно- графия, пьеса-диология, роман жазғанын, кең жоспармен, мол мақсатпен жазылған, көп зерттеліп, аса бағалы жаңа деректермен өрнектелген «Аққан жұлдыз» романына тоқталып, шығарманың көркемдік нәріне енбей қалған фактілердің көптігі, шығарма көп жерде өмірбаяндық болып кеткені сияқты кемшіліктерін де келтіреді.

Қазақ сахнасынан түспей жүрген С.Мұқановтың «Ш.Уәлиханов», «С.Сейфуллин», «Қашқар қызы» пьесаларын қаламгердің драматургиядағы үлкен табысы деп бағалайды.

С.Мұқанов– қазақ әдебиеттану ғылымына, фольклористикаға, этнографияға көп үлес қосқанын, үлкен зерттеулер мен күрделі монографиялар, оның ХVІІ,ХІХ,ХХ ғасыр қазақ әдебиеті тарихы туралы әлі құнын жоймаған зерт- теулер бергенін, «Мың бір түнді» аударумен әдебиетте аты қалған Қ.Әбдіқа-

дыров жайында мақала, ақын Ә.Тәжібаев, жазушы Ғабит туралы эсселер бер- генін айта келіп ғалым: «Сәбит Мұқанов – мол арна, кең салалы творчество иесі. Өзі айтқандай «партияның өрге тартар өгізі» Сәбит Мұқанов – қазақ әдебитіндегі піл сауырлы жазушы» деп зор баға береді.

Әдебиет тарихында аты Сәкен, Ілияс, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталатын ғажайып таланттың иесі, әлеуметтік күреске, қоғамдық қызметке, көркем шығармашылыққа ХХ ғасырдың басында келген Ғабит Мүсірепов творчес- твосы жайында ғалым сөз өрбітеді. Ғалым «Ғабит творчествосы- қазақ өнері- нің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, шырқау үн. Ғабит арнасы – мөлдір, тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, жал-құйрығын сүзіп барып бәйгеге қосқан жүйріктерді еске түсіреді. Оның шығармаларындағы осы сұлулықтар жеке басына да тән қасиеттер. Ғ.Мүсірепов қазақ әдебиетіне мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді, оның шығармалары ұлттық және интернационалдық сипаттардың терең тұтастығының үлгісіндей» деп қалам- гер туындыларының шоқтығы биіктігін, өрелі, өрістігін жеткізеді.

Ғ.Мүсіреповтің ауыл молдасынан, кейін Орынбордағы рабфакта, Омбыда- ғы ауыл шаруашылық академиясында оқып білім алғанын, Шортандыдағы орман шаруашылығы техникумында сабақ бергенін, оның творчествоға әбден пісіп келгендердің бірі екенін, баспада істеп, газет-журналдарда редактор болғанын, ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар Одағын басқарғанын, Социалистік Еңбек ері атағын алғанын, Қазақ ССР, СССР Жоғағы Советтерінің депутаты, Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ ССР Халық жазушысы атақтарына ие болғаны жайында сыр шертеді.

Ғабит шығармаларын зерттеу 50-жылдары басталып, Т.Ахтановтың Ғ.Мүсірепов творчествосын идеялық-көркемдік тұрғыдан зерттеп, шеберлік сырларын ашып, әлемдік классикамен байланыстыра талдаған очеркі «Ғ.Мүсірепов» деп аталғанын, 60-жылдары бірнеше диссертациялық еңбек- тердің жазылғанына тоқталады. Х.Әдібаев «Талант, талғам, тағдыр» атты кітабында жазушы шеберлігін, стильдік өрнектерін көрсеткенін айтады.

Ғалым Ғ.Мүсіреповтің қазақ прозасына ащы шындықты күлдіре отырып айту секілді жаңа леп әкеп қосты, әңгімелерінен ишарат, астарлы ой, қал- жың, юмор, сатира, символ, емеуірін, философиялық мегзеудің молдығы «әлем әдебиетіндегі үздік үлгілермен үзеңгілес» деген тұжырымды қостайды.

Сонымен қатар қазақ прозасына ерекше ырғақтың енгеніне, бояуы қанық сурет жасағанына «Кездеспей кеткен бір бейне» повесін, «Қыран туралы жыр», «Өмір жорығы» әңгімелерін мысалға келтіреді. Драматургиядағы шығармаларына тоқталып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мен «Ақан сері – Ақтоты» пьесаларын қазақ әдебиетінің інжу-маржаны деп жоғары баға береді..Сондай ақ ғалым Ғабитті «тұңғыш қазақ кинодраматур- гтарының бірі» дейді.

«Қазақ солдаты» романын ұлттық әдебиетіміздегі әскери тақырыптың көш басы болғанын, «Оянған өлке», «Жат қолында» романдары өндіріс тақырыбын реалистікпен бейнелеген, кең тынысты, қазақ әдебиетіне жаңа бояу ала келген дара шығармалар екенін айтады.

Ғ.Мүсіреповтің әдеби процесті терең саралаған еңбегі «Суреткер парызы» деп аталатынын, әдеби проблемалар жөнінде де қомақты ойлар айтқанын, М.Әуезов, Б.Майлин,С.Мұқанов, Б.Бұлқышев, М.Шолохов, А.Тоқмағанбетов творчествосы жайында өрелі тұжырымдар жасағанын, В.Шекспир, А.Остров- ский пьесаларын аударғанын айта келіп,«Ғ.Мүсірепов – қазақ совет әдебие- тінің классигі» деп бағалайды

Келесі әңгіменің арқауы Қазақ совет әдебиетіндегі алып байтеректің бірі, өзіндік салған дара жолы бар, үлкен талант иесі Ғабиден Мұстафин жайында болмақ.Әр жазушының өнерге келер жолы әртүрлі. Бірнеше өнер адамдары- ның өнердегі өмір жолын мысалға ала отырып, ғалым Ғабиден Мұстафиннің әдебиетке өмірдің ащы-тұщысын татып келген қаламгер екеніне тоқталады. Ғабиден Мұстафин бала кезінде Спасскіде орысша-қазақша 4 кластық ғана білім алғанын, арнаулы мектепте оқымастан 23 жасына дейін ауылда өмір сүріп, Қызылордаға барып қағаз көшіруші болып жұмыс істегенін айтады. Біраз жылдан кейін облыстық «Қарағанды пролетариаты» газетінде, одан әрі Новосибирскіде шығатын «Қызылту газетінде» еңбек етіп, тәжірибе жинағанын, 1939 жылы Алматыға біржолата көшіп келіп алғашқы романын жазуға кіріскенін айта келіп, тек қана «Ер шойын» жинағы бар, қаламгерлік аз ғана тәжірибесі бар жазушының творчестволық батылдығына таңданыс білдіреді. Жазушының алғашқы «Өмір не өлім» романындағы біршама көркемдік-идеялық кемшіліктердің кеткенін жазады. Ғ.Мұстафиннің атын шығарған «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көз көрген» романдары мен, «Ой әуендері» кітабы екенін айта отырып, осы шы- ғармаларға тоқталады. «Шығанақ» романын жазу үстіндегі автордың іздені- сін, материал жинаудағы ерінбейтін қажырлылығын көрсете келіп, бұл шы- ғарманың сәттілігіне Ғабиденнің өмірді көп көріп, ауылда тұрып, қала тұрмысы мен жұмысшы ортасын жақсы білгені көп әсер еткенін дұрыс пайымдайды. Ғ.Мұстафиннің қазақ әдебиетіне әкелген жаңалығы еңбек ада- мының, қатардағы колхозшының бейнесін жасауын, жанр формасында да «үйірім-үйірім оқиға аяқталып отыратын, сюжетті шығарма тудырғанын» қаламгер қаламының қажырлығына балайды.

«Миллионер» романын да қазақ прозасындағы тақырыбы жөнінен де ықшамдылығы, көтерілген поблемалардың өмірлік маңыздылығы жағынан бұрын болмаған тың туынды деп бағалай келе, ғалым романдағы кеткен кей- бір схематизм, стандарт салқының кездесетінін байқайды.

«Қарағанды» романы «Өмір не өлім» негізінде қайта жазылып, өндірістік орта мен шахтерлер образын жасады дейді. Өмір көріністерін кең түрде бейнелеп, қазақ жұмысшы табының қалыптасуын реалистік суреттеген, жоғары идеядағы, көркемдік дәрежесі биік деңгейдегі бұл роман әдебиетке қосылған мол үлес екенін айтады.

«Дауылдан кейін» романы Ғ.Мұстафин талантының қуатын ашып көрсете-

тін, Октябр революциясының алғашқы таңдарындағы туған қазақ ауылының

проблемаларын реалистік түрде көркем тәсілмен суреттеп берген, байыпты –лығы мен салмақтылығы айқын көрінетін, адамдар тағдыры мен сезімі, өмір мен өлім тартысы шебер суреттелген, Ғ.Мұстафиннің шоқтығы биік шығармасы деп бағалайды.

Ғ.Мұстафин көркем шығармаға әдеби процеске, әлеуметтік мәселелерге әркез ой- пікірін білдіріп мақала, рецензия, баяндама жазып, шолу жасап отырғанын, осылардың басын қосып «Ой әуендері» деген кітап шығарғанын сөз етеді. Ұлы қаламгер еңбегі бағаланып Қазақ ССР Мемлекттік сыйлығы берілгенін айта келіп, «Өмірде таза, адал жүрген, қыл-қыбырмен творчествосын былғамаған, өр ойлы, нәзік сезімді азамат жазушы, қара қылды қақ жарған Ғабиден Мұстафин көз тірісінде халық махаббатына бөленді» деп орынды баға береді.

Енді «Ғашығым менің - бостандық» деп аталатын екінші тарауға көз саламыз. Бұл тараудың бірінші тақырыбы дауылпаз ақын, Қазақстанның қоғамдық өмірінде де өнерінде де өзіндік орны бар қайраткер Сәкен Сейфул- линге арналады. Аз ғана ғұмырында жарық жұлдыздай жарқырап өткен С.Сейфуллин жөнінде: «Қазақ әдебиетінің барлық жанрында тұңғыш рет со- циалистік реализм принциптерін орнықтырған жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің әрбір көкейкесті, актуальды тақырыптарын аша көрсетті, жанды бейне, көркем образдар арқылы, терең идеялар айтып, эстетикалық игіліктер жасады.Ұлттық әдебиетке революциялық мазмұн, жаңа форма, социалистік идея әкелген жазушы туындылары халқымыздың мәңгілік жасайтын қымбат рухани қазыналарының қатарына жатады» деп тебіренеді.

Ғалым «Туған жері Сарыарқа» деп аталатын тақырыпшада Сәкен Сейфул- линнің бұрынғы Ақмола облысы, Ақмола уезі, Нілді болысының бірінші ауылында (қазіргі Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданы), Есен өзені мен Аба, Ор тауларының бауырында 1894 жылы туып, еркелей өсіп, балалық шағын өткізген, алтын бесік ыстық ұясы жөнінде сыр шертеді. Ғалымның әңгімесінен әкесі Сейфолланың «қажырлы, сөзге шешен, домбырашы, саятшы, аңшы», шешесі Жамалдың қиял-ғажайып, ерлік оқиғаларға толы батырлар жыры мен әңгімелер айтушы болғанын байқаймыз. Көзі ашық ата –анасы ауыл молдасынан тіл сындырып, арабша хат танып кисса-хикаяны оқи алатын Сәкенді «Орысша тіл үйрен,орысша оқу үйрен» - деп, Нілді заводына жібергенін, тоғыз жасында ауылдан кетіп, рудникке келіп бір орыстың сиырын бағып, пешке тас көмір жағып, су таси жүріп, сол үйдің кемпірінен орысша тіл үйреіп, кейін заводтың мектебінде екі жылдай оқығанын, түтіні бұрқыраған завод пен оның қиыншылық пен жоқшылықта- ғы жұмысшылар легін, тас қопарған, шахтадан шыққан кеншілер тұрмысын, жатақ үйлері, ауыр тұрмысы мен тартысты өмірлерін көріп есейген Сәкен көкірегіне намыс пен кекті, ызаны ұялатқанын баяндайды. Жалпы Сәкен Сейфуллиннің жан-жақты білім алуын, азаматтық-әлеуметтік көзқарастары- ның қалыптасуын, творчестволық қадамының басталуын оның 1908-1913 жылдары Ақмоладағы приходская школамен, қалалық училищемен, 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарымен тығыз байланыстырады.

Ғалым Сәкен Сейфуллин Нілді заводында жүрген кезінде-ақ өзінің қалжың өлеңдер жазғанын, қазақ фольклорын, Абай шығармаларын, орыс, Европа әдебиеттері классикасын игеруге талаптанғанын, «Айқап» журналына хат-хабар, сын мақала, бірнеше өлең бастырғанын, 1914 жылы жиырма жастағы семинарист С.Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шыққаны жөнінде кеңірек тоқталады.

Сәкеннің еңбек жолы Сілеті – Бұғылы деген жерде ауыл мұғалімі болудан басталады дей келе, қазақ даласындағы бұрқ еткен 1916 жыл оқиғалары, «әлемді дүр сілкіндірген» 1917 жылдың төңкерісі Сәкен өмірінде, ақындық, азаматтық тағдырында ерекше орын алғанын байқайды. Осы жылдары Ақ- молаға келіп әлеуметтік қайраткер, саяси күрескер, революционер болып тап тартысының күрестеріне араласып, Қазақ Комитетінің председателі, Совдеп президиумының мүшесі, Халық ағарту комиссары, революциялық «Тіршілік» газетінің шығарушысы болып, 1918 жылы июнь айында ақ казактар мен чехословактардың контрреволюциялық көтерілісі Ақмолада Совет үкіметін құлатқанға дейін көптеген саяси шараларды іске асыруға бар күшін салған күрескер болғанын тарата суреттейді.

Ақынның 1917 жылы жазған «Бақыт жолында» 1918 жылы Ақмола жастарының күшімен сахналанғанын, 1920 жылы «Қызыл сұңқарлар» драмасының жазылғанын, Колчак түрмесінде отырып, аш-жалаңаш,қорлық-зорлық көріп, Анненковтың азап вагонында тоғыз ай отырған Сәкен 1919 жылы март айында Омбы тұтқын лагерінен қашып шығып құтылғанын, мыңдаған шақырым,арып-ашып жаяу жүріп Түркістан арқылы Әулие-атаға жетіп, сол жерде Совет үкіметін орнату жұмыстарына белсене қатысқанын, осы күндерінің бар хикаясын 1927 жылы «Тар жол, тайғақ кешу» романында реалистік түрде суреттеп, жазғанына тоқталады.

1920 жылы Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылғанда С.Сейфуллин Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі, Жер-су комиссиясының председателі, ал 1922 жылы ІІІ Советтер съезінде Қазақстан Комиссарлар Советінің председателі болып сайланғанын, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің (ВЦИК) мүшесі ретінде СССР көлемінде шешілетін күрделі, саяси, әлеуметтік, шаруашылық мәселелерді талқылауға қатысқанын, 1922-1925 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің (бұрынғы Социалистік Қазақстан, қазіргі Егеменді Қазақстан) редакторы болғанын, 1925-1937 жылдар арасында Жазушылар Одағында, Партия тарихы институтында басшылық қызметтерде бола жүріп, жоғары оқу орындарында ұстаздық еткенін баяндайды.

С.Сейфуллиннің құдіретті қаламынан шыққан «Асау тұлпар» (1922), «Домбыра» (1924), «Экспресс» (1926), «Тұрмыс толқынында» (1928), «Көкшетау» (1929), «Альбатрос» (1933), «Қызыл ат» (1934), «Социалистан» (1935) өлең, поэма кітаптары, «Тар жол тайғақ кешу» (1927), «Жер қазғандар» (1928), «Айша» (1922), «Жемістер» (1935) прозалық шығармалары, «Бақыт жолына» (1917), «Қызыл сұңқарлар» (1920) драмалары, «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1933), «Қазақ әдебиеті» (1932) зерттеу еңбектері қазақ совет әдебиетінің сапалық дамуын биікке көтерген шығармалар дейді. Сонымен бірге отты ақын қазақтың жаңа советтік музыкасының дамуына да өз әндерімен үлес қосқанын, 1936 жылы С.Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығы тойланып, ерекше қызметі ескеріліп Еңбек Қызыл Ту ордені берілгенін айтады.

Ары қарай ғалым «Өткен күндер суреті» деген тақырыпшада, ақынның тұңғыш өлеңдер жинағына шолу жасайды. Сәкен жинағындағы өлеңдер идеялық тұрғыдан ағартушылық, демократтық бағытта, сыншыл реализм әдісімен жазылғанына мысалдар келтіреді. Саяси- әлеуметтік тақырыптарды қозғайтын «Мұра», «Түс», «Кім басшы – аға халыққа», «Қазақ сабағы», «Надан бай», «Жетімге», «Інішегіме» атты өлеңдерін, өткен күндер картиналарын бейнелейтін, туған елге деген сағынышын білдіретін, елді, ауылды суреттейтін «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», «Айт күні» өлеңдеріне тоқталып өтеді.

Одан әрі қарай тақырыбын «Әділдік, теңдік іздеген» деп алып, ақынның 1922 жылы Орынборда басылып шыққан, «Асау тұлпар» жинағы жайында әңгіме өрбітеді. Ғалым жинақтағы өлеңдерді үш жүйеге бөліп қарастырады. Біріншісіне революцияға дейінгі кезде жазылған, махаббат, ғашықтық жырларын, табиғат лирикасын, түрлі аудармалар, әдеби пародияларды яғни «Жазғы түнде», «Көңіл», «Сәулем», «Өткен күн», «Далада» секілді өлеңдерін жатқызса, екіншісіне алғашқыда таптық шайқастың арқасында патшаның құлап, еңбекші тапқа бостандық келгенін терең ұғынған ақынның әлеуметтік мәселелерді «қара түн, зеңгір тау, таң, тұлпар, қызыл шоқ, үкі, қызыл шашақ, оқа секілді символды образдар арқылы романтикалық әуенде» жырлаған «Асығып тез аттандық» өлеңін, келесі «Кел, жігіттер» өлеңінде романтика- лық сарында емес, қазақ жастарына ашық революциялық ұран тастайтынын, «Тұлпарым», «Сағындым», «Қамауда», «Адасқандарға», «Шаһит болған достарыма», «Түрмеден қашып шыққанда» өлеңдері ауыр күндердің шынды- ғын бейнелейтінін, осылардың ішіндегі шоқтығы еңбекшілерді күреске ша- қыратын, қазақ даласын күңіренткен–«Жас қазақ марсельезасы» екенін баяндайды. Үшінші топтағы өлеңдерінде ақын «Октябрь революциясының жеңісін, оның дүние жүзілік маңызын, тарихи сабақтарын» көркем шеберлік- пен асқақтата жырлағанын, олардың қатарына «Біз» (1921), «Қызыл ерлер» (1921), «Жолдастар», «Кімде-кімнің тасқын судай қайраты» (1922), «Қара айғыр»(1921), «Аспанда» (1921), «Біздің тұрмыс - экспресс» (1922) өлеңдерін жатқызады. Бұл өлеңдерде де «жаңа заман кескінінің көрсеткіші ретінде ақын поэтикасында орасан зор орын алатын поезд, самолет, экспресс, жұмысшы, домбыра секілді образ-символдар» кездесетінін көрсетеді.

«Революциялық поэзия» деп аталатын бөлімде 1924 жылы шыққан «Дом- быра» жинағына тоқтала отырып ақын талантының бұрынғыдан да терең ашылып, әр түрлі тақырыптардан тұратын көркем туындылар бергенін айта- ды. «Алтай» (1925), «Жазғы далада» (1923), «Лезде-ақ артта қалады» (1923) өлеңдерінде табиғат құбылыстарын, туған ел көріністерін бейнелей отырып, символдық образ жасау, ишарат ой айту сияқты ерекшеліктерімен бірге, «жалынды рух, тебіреністі сыр, тәтті мұң» шертілетінін жазады. Жаңа социалистік сана адамдары– революционерлердің, жұмысшылардың бейнесін сұлу мүсінді, қайратты, жаны таза адал, биік мұраттарға жете алатын күрескер етіп бейнелейтін «Біздің Сәуле» (1922), «Жас қазақ» (1923), «Сәрсен» (1923), «Біздің ұлан» (1923), «Жеткеншегім, тартынба» (1923) ат- ты өлеңдерін мысалға келтіреді. Ғалым « Бұлшық ет өлеңінде дүниедегі шын сұлу - барлық әрекет, қозғалыстың, динамиканың, даму атаулының тұтқасы, тас қопарып, жер үңгіп, шыңырау қазып, байлық шығарған, темірден жол салып, жер қыртысын сыдырған адам қолын ардақтай келіп, ақын бұлшық етті айғырдың тоқпақ жалына, бөкеннің серке санына, қайыңның қырған безіне, шортанның жұмыр беліне теңейді. Бұл–адам баласының таза сұлулы- ғын, күш қайратын образды деталь арқылы әсем бейнелеп, шалқыта мадақ- таған келісті де ықшам, көркем де шебер жыр, қазақ лирикасының інжу-маржаны, классикалық туынды » (78-бет) деп Сәкен ақындығының биік бір белесі болатын «Бұлшық ет» өлеңіне тоқталады.Сонымен бірге Сәкен поэзия- сындағы Ленин образыныең жасалуы талантты ақынның жеткен жетістігі деп бағалайды. Ақын марксизм-ленинизм теориясын саналы түрде игере отырып, революциялық айқастардың ортасында күресе жүріп, осы күндердің шежіре- сіндей асқақ рухты жаңаша жырларды бергенін Сәкеннің басқа ақындардан ерекшелігі екенін айта отырып: «Сәкен Сейфуллин қазақ әдебиетінде мүлде тың арна, социалистік реализм әдісін ту еткен, мазмұны жаңа, формасы соны, революциялық поэзия тудырды» (79-бет) дейді.Революциялық өзгерістер дәуірінің, өсу өрлеу, дамудың көрінісі болған самолет, автомобиль, «күрес- тердің символы, эмблемалы сипатындағы» қызыл жұлдыз туралы «Аспанға ұш» (1923), «Самұрық» (1923), «Автомобиль» (1923), «Жел қайықта» (1924), «Қызыл жұлдыз» (1924) секілді өлеңдерін жаңалықтың жаңғырығы болды деп баға береді.

Бұдан әрі ғалым 1926 жылы Қызылордада басылып шыққан «Экспресс» жинағына тоқталып талдайды. Жинақтағы анасына арналған «Балаға хат», «Анаға жауап» өлеңдерімен бірге туған жері мен кең даласын, айдын шалқарын, шулаған тоғайын жырлайтын «Қара жер», «Күзді күнгі дала», «Міне, көл», «Орман» атты нәзік лирикалық сезімге толы өлеңдерін ұлы Абай жасаған формамен, орыстың ұлы ақыны Есенин өлеңдерімен ұқсастырады. Ақынның «Сыр сандық» атты туындысын асыл жаһұтқа балап, «сезім мен сыр, ой мен образ жымдаса қабысып кеткен бұл шығарманың ішкі ырғағы, тармақтың басқы, ортаңғы, аяққы ұйқастары, буын, бунақ, әуезі гормония заңдылығымен есіле төгіліп, жібек торғындай судырап тұр. Адалдық пен арамдық, талант пен күншілдік, мансап пен ұждан, достық пен қастандық тебірене толғаған ақын мұз балақ, зеңгір тау, сыр сандық, сым перне, алтын сарай образдары арқылы көркемдік мұрат, әсемдік идеяларын оқырман қауымға айқара ашып салады» (81-бет)деп баға береді.

Ақынның 1925 жылы жазылған зор шабыттан туған кең тынысты фило- софиялық әуендегі ерекше көркем туындысы «Советстан» поэмасын әлеуметтік лирика саласындағы шығармаға жатқызады. Әр түрлі көлемдегі, жеке-жеке ат қойылған тоғыз тараушасының, лирикалық кейіпкердің ерекше- ліктерін саралап көрсетеді. Сәкен Сейфуллиннің қазақ поэзиясында револю- ционерлер, жұмысшылар образын тұңғыш жасаған ақын екенін,шаруалар, кедейлер образын көрсетуде, олардың санасындағы психологиялық өзгеріс- терді суреттеуде көп еңбек сіңіргенін баса айтады. 1926 жылы жеке бастырып шығарған «Ұйым және еңбек шарты – жалшылар қорғаны» деп аталатын әңгіме-жыры фольклорлық дәстүрдегі терме әуенімен еркін форма- да әңгімеленгенін жазады.

1928 жылы шыққан «Тұрмыс толқынында» деген жинағындағы шаруалар өмірінің әр түрлі психологиялық күйлерін суреттейтін «Ауыл байғұс, міне- ки» (1926), «Қарлы аязда», «Ызғырық аязда кедей ауылы», «Келіншек ойы», «Ызғырық аязда Жұмат үйінде» (1926), теңдікке қолы жеткен бүгінгі шаруа- ның тұрмыс-тіршілігінен хабардар ететін «Жазғы егіске» (1931), «Колхозда», «Егіс жайда» (1931), фәни тіршілік пен мәңгілік диалектикасына бағыштал- ған «Отарба терезесінен» (1927), «Тұрмыс толқыныда» (1927), өндіріс ырға- ғын, кәсіп ерекшеліктерін суреттейтін «Баспахана» (1927), «Тізушілер» (1927),«Тоқу фабригінде» (1929), «Сылаушылар жыры» (1929), «Қалаушылар жыры» (1930) өлеңдеріне тоқталады.

«Сұлулық, тазалық идеясы» деп аталатын тақырыпшасында символ дәрежесіне көтерілген аққу, асау тұлпар, қызыл сұңқар, домбыра,экспресс, альбатрос, сыр сандық, толқын сияқты образдарды баса айтады. Тазалықтың, сұлулықтың идеалы аққу бейнесі «Көкшетау», «Аққудың айрылуы» поэмалары мен «Жемістер» повесінде кеңінен суреттелетінін айтады.

Ғалым «Сәкен Сейфуллин-өз творчесвосында азаматтық позицияны бірінші қатарға қойған, халықтық, партиялық талаптарды ерекше ескерген, өнердің әлеуметтік, тәрбиелік мәнін аса қатты құнттаған, шығармалары арқылы социалистік құрылысқа қолма-қол ықпал жасауды ойлаған жазушы. Оның барлық жанрдағы туындыларының басты ерекшелігі өз заманының, уақыт- тың көкейтесті, актуальдық мәселелерін көтеріп, соларға көркемдік-идеялық саралау жасауында жатыр» (83-бет) деп ақынның нағыз азаматтығын, зиялылығын ашық көрсетеді. Бұған мысал ретінде кезінде көп дау тудырған «Қызыл ат» поэмасын алады.

Қазақтың ұлы даласының ғажап көрінісін «Көкшетау» поэмасы арқылы жеткізгенін баяндай отырып ғалым Сәкеннің ескі мұраға, бұрынғы әдебиетке көзқарас туралы лениндік ілімді толық меңгеріп, тәжірибеде сәтті пайдаланып, оны қазақ совет әдебиетінде бірінші болып көрсеткенін атап айтады. Мазмұны, түрі, формасы жағынан жаңашыл, полифониялық, көп әуезді, мол сарынды, күрделі құрылысты шығарма екенін, әр бөліміне жеке-жеке ат беріліп, негізгі төрт бөлімнен, қырық жеті тараудан тұратынын поэманы Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сабыр Шәріпов, Елжас Бекенов, Мәжит Дәулетбаев, Өтебай Тұрманжанов, Қалмақан Әбдіқадыров, т.б. - барлығы 17 «еңбекші елдің ұлдары, ақын, жазушы, әншілеріне арнап, «Ойым мен жүрегімнің күй мен жыры, Ұлдары еңбекші тап-бәріңе ортақ» деп жазуында ерекше мән бар екенін баса айтады. Тоғыз шумақтан, он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазылған поэма прологының «эстетикалық тұрғыдан өте көркем, идеялық, мағыналық жағы- нан шыншыл да терең» жазылғанына, кейбір тарауларының ерекшелігіне, ақын поэтикасының өзіне тән қасиеттеріне тоқталады.

Ғалым поэманың ең негізгі бөлімі қазақ-қалмақ қарым-қатынасының бір оқиғасына арналғанын, қазақ эпосында зорлық көрсетуші қалмақтар болса, Сәкен поэмасында керісінше бейбіт жатқан қалмақ ауылын шабушы Абылай хан қолы екенін, әрбір шабуыл сценаларын баяндағанда өз көзқарасынан хабар бере яғни соғысқа қарсылық ойын айтып, қатыгездік, айуандықты әшкерелегенін көрсетеді. Ұрыста қолға түскен тұтқын қыздың портретін беруде ақын қазақтың ежелгі поэзиясындағы, фольклорындағы дәстүрлі образдарды жүйелі кеңітіп, еркін пайдаланғанын айтады. Ерлердің өнерін сынамақшы болған тұтқын қыз үш шарт қойғанын, үшінші шарты бірнеше тараудан тұратын жұмбақ жыр-хикая екенін баяндай келе, ақын жұмбақ жырдың шешуін шешкен қазақ батыры Адақ жайында сыр шертеді. Адақ қазақ батырына лайықты мінез танытып тұтқын қызға азаттық беріп, тұлпары Керкөжекке мінгізіп еліне қайтарғанынан ақын позициясын көре аламыз яғни еліне зымыраған қалмақ қызын бейнелеу арқылы ақын еркіндікті құрметтеу, бостандықты мадақтау идеясын жырлағанын ғалым айнытпай көрсетеді. «Оқжетпес», «Бурабай», «Жұмбақтас», «Кенесары үңгірі» сипатын, табиғат сұлулығын тамаша бейнелеген ақын «Әнші ақындар» деген бөлімінде Көк- шетау өңірінен шыққан әйгілі ақындар, әншілер, серілер, палуандар портретінің галереясын жасағанын айта отырып, әрқайсысын көркем портрет, тарихи жыр, батырлық балладаға теңеуге болатынын көркем дәлелдер арқылы жеткізеді.

Ғалым Сәкен Сейфуллиннің 1932 жылы жазып, 1933 жылы басылып шық- қан «Альбатрос» поэмасын қазақ совет әдебиетін байытқан, кезеңдік туынды деп жоғары бағалайды. Алынған тақырыбы, тыңнан жасалған өлеңнің ішкі ырғағы, идеялық мағынасы, поэтикалық жаңа формасы жағынан ақынның әдебиетке қосқан соны жаңалығы екенін көрсетеді. Поэманың 21 тараушаға бөлініп, олардың әрқайсысына ат қойылғанына, шумақтарына тоқталып тал- дайды. Бұл жайында ғалым «Алғашқы «Сәйгүлігім» аталған тараушадан-ақ поэманың негізгі ерекшеліктері көріне бастайды. Лирикалық қаһарман салған жерден оқырманға тіл қатады, совет елін, социалистік құрылысты мадақ- тайды, сөз орамдары, образды тіркестер, неологизмдер жаңа дәуірдің сим- волы ретінде асқақ естіледі, екпін, такт, үйлесімді құнттау, сөздерді еселеп қолданып, аллитерация, ассонанс, градацияға ерекше мән беру шығарманың ішкі ырғағын күшейтіп, гармониялық тұтастық береді» деп (94-бет) жазады. Саяси ұғымдар, публицистикалық түйіндер лирикалық кейіпкердің ішкі сезімі арқылы, көркем поэзия тілімен бейнеленгенін көрсетеді. Ақынның «тұмсық» деген мағына беретін орыстың «морда» сөзін сәтті пайдаланғанын, бұл дәстүрдің Абай поэзиясынан бастау алатынын, ал Сәкен жаңа заман талабына сай өрістетіп отырғанын байқайды. Образдық мақсатта қолданылған «танк, зеңбірек, пулемет,кольт деген қару-жарақ аттары, дред- ноут, крейсер, канонерка, миноносец, флот, адмирал, глиссер, фланг, штаб секілді теңіз терминдері сияқты тағы да басқа сөздерді кеңінен қолданылғанын, Асылбеков, Әйтиев, Жангелдин, Тәтімов, Досов, Ярмухамедов сияқты қазақ революционерлерінің тарихи ерліктерін жырға қосқанын баяндайды.

Ғалым бұдан әрі Сәкеннің көркем прозасы жайында сыр шертіп, «Жұба- ту», «Бандыны қуған Хамит» сияқты әңгімелерінен бастап көлемді туындылары «Жер қазғандар», «Айша», «Жемістер», аяқталмаған «Сол жылдарда», «Біздің тұрмыс» повестеріне тоқталып талдайды. «Тар жол тайғақ кешу» романын ғалым « Қазақ совет әдебиетінің ең көркем, идеялық мағынасы аса терең, әлеуметтік мазмұны орасан бай, жанрлық формасы аса күрделі, ұзақ жасай беретін сирек туынды» деп бағалайды. Романды тарихи-мемуарлық роман деуден гөрі, документті-саяси роман қатарына қосуға болады деген пікірін білдіреді.

Ұлттық әдебиетіміздің тарихында әлеуметтік эстетикалық маңызын жоймайтын Сәкен Сейфуллиннің драмалық шығармалары «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» жайында да пайымды да дәлелді пікірлер айтады.

Кітаптың үшінші тарауы «Соғайын сөзімнен бір биік сарай» деп аталып, әңгіме құдіретті талант иелерінің бірі Ілияс Жансүгіров жайында өрбиді.

«Мен өзім тауда туып, тасында өстім» деп басталатын тақырыпшада ғалым ақынның 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында(Қазіргі Талды- қорған облысы, Ақсу ауданы) туып, анасынан ерте қалған Ілияс көзі ашық, көкірегі ояу, өнерлі әкесі Жансүгірдің тәрбиесін алғанын, табиғатыныан дарынды жаратылған зерек бала Ілияс ел даналығының асыл байлықтарын бойына сіңіріп өскенін баядайды. Әкесінен хат таныған Ілияс татар үлгісіндегі мектепте біраз оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алғанын, тұрмыстың жағдайына байланысты бұдан әрі оқуға шамасының келмей, тіршілік қарбаласына араласып кеткенін айтады.

Жас ақынның көркемдік талғамының қалыптасуына, өлең мәдениетін игеруіне ұлы Абай поэзиясы ықпал жасағанын, айта келіп, ел қазынасынан, халық фольклоры мен жазба әдебиет өкілдерінің тәжірибелерінен де сусын- дап, өзіндік өмірлік арнаға түскенін ерекше атап кетеді. «Алғашқы өлең- дерден-ақ болашақ іргелі ақын Ілиястың стиль өрнегі, қаламгерлік дара тұлғасы айқындалады. Құйылған сөз тасқыны, эпикалық кеңдік, теңеу, метафора, эпитет, градация, эпаифора,аввфора байлығы оның – поэзиясының негізгі белгілері бола бастайды. Лирикалық-философиялық толғау, ұзақ сюжетті шығармалар қатар жазылады» деп жазады ғалым (122-бет)

Ғалым жас Ілиястың жүйелі түрде білім алу мақсатымен 1920 жылы Алматыға келіп, үш айлық мұғалімдер курсын бітіргенін, артынша Ташкенттегі қазақ ағарту институтының жанындағы қысқа мерзімді курста денсаулығына байланысты 5-6 ай ғана оқып, ауылға қайта оралғанын әңгімелейді. Кеңес үкіметінің дауылды жылдарында істеген әр түрлі қызметтері жас ақынды ширата шыңдай түскенін жазады.

1917 жылы 22 августа Ілиястың алғашқы өлеңдері «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жиі көрінгенін, сонымен қатар 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1929 жылы «Сағанақ» деген тұңғыш кітабының шыққанына тоқталады. Ғалым Ілиястың 1927 – 1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мұра қалдырғанын жаза келіп, оның «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмаларын, «Жолдастар» романын, «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» пьесаларын қазақ совет әдебиетінің алтын қорына қосылатын мәңгі өлмес туындылар екеніне тоқталып, он жылдың ішінде осыншама құнды шығармалар берген ақынның талантына, табандылығына, қажырлығына таң қала сүйсінеді.

Білімін тереңдету мақсатымен Ілияс 1925 жылы Москвадағы Коммунистік журналистика институтына түседі. Ғылымның барлық салаларынан жан-жақты білім алған ақын творчествосының тез марқайқанын, орыс, Еуропа классиктерінің шығармаларын зерттей оқып, тексере үйрену тәжірибесі ақын талантының жарқырай түсуіне ықпал еткенін дұрыс байқайды.

Ғалым ақынның алғашқы кезеңдегі тақырыптық-идеялық ізденістерінің көрінісі ретінде сол кезеңде жазылған көптеген өлеңдерінен мысалдар келтіреді. Оның «Жас бұлбұлдарға» (1921ж.), «Жастар ұраны» (1922ж.), «Жанар тау» (1922ж.) өлеңдеріндегі үгіттік әуез, ашық пікір сол тұстағы қазақтың революциялық поэзиясына тән элементтер екеніне көзіңізді жеткізеді.

Ақынның саяси лирикасында революцияның тарихи сабақтарын, әлеуметтік – таптық мәнін, қазақ халқына әперген есе-теңдігін жырлады. Осы тақырыптағы өлеңдерінде ақын толғау терме формаларын («Ұлы күн»,1923ж.), мадақ жыр үлгісін («Май тойында», 1923ж.), аллегориялық кейіптеу әдісін («Октябрь күні», 1924) қолданса, кейбір шығармаларында жаңа көркемдік арнаға түскенін жазады. «Ұштасқан үш тілек» (1927) өлеңінде «бұрынғы өмірдің жарқын кескінін, жел қуған ебелек, толқын теуіп құлатқан терек, қан сасыған қара қайық» сипатында бейнелегенін сезімі ұшқыр ғалым дұрыс бағалайды.

Ілияс Жансүгіров поэзиясындағы тамаша арнаның бірі табиғат лирикасы екенін айта келіп ғалым осы тақырыптағы «Ағынды менің Ақсуым», «Ақшам», «Бұлт», «Желді күн» т.б. көптеген өлеңдерін көрнекті етіп талдайды. Ғалым Ілиястың асқан ақындық шеберлігін айқындап көрсететін, халық тұрмысында мың жылдар бойы қолданылған әр түрлі тұрмыс заттарының сипатын беретін, өнерлі халық ұсталарының зергерлігін паш ететін өлеңдерін де жоғары бағалайды.

Зерттеуші қазақ совет әдебиетінің тарихында терең мағыналы, арналы эпикалық поэмалар тудырған талантты ақындар қатарына Ілияс Жансүгіровті де қояды. Оның әлеуметтік маңызды тақырыптарға арналған туындыларына тоқталады.Қазақ өміріндегі ерекше саяси-әлеуметтік науқан кезеңін сурет- тейтін «Кәмпеске» (1920ж.), коллективтендіру тақырыбындағы «Мәйек» (1929ж.), «Жаңа туған» (1933ж.), ал қазақ поэзиясының тарихында ерекше орын алатын көркем туындысы «Дала» (1930ж.) поэмаларына тоқталып сүйсіне отырып талдайды. Ақыннның ұлттық поэзиямызда бұрын болмаған көркемдік тәжірибе жасағанына дәлелдер келтіреді.Творчестволық эволюциясының, қаламгерлігінің кемелденген шеберлігінің өскен тұсында жазылған «Күй» (1929ж.), «Күйші» (1934ж.) поэмаларын ұлттық әдебиетіміздің інжу-маржандары қатарына қосады. Бұл жөнінде ғалым «поэмада ондаған күйлердің әлеуметтік мәні, тарихи негіздері, эстетикалық нысанасы ашылады, олардағы образдар, суреттер айқындалады. Әділет- сіздікті зорлықты тізе бүктіретін ұлы күш, бостандыққа, азаттыққа апаратын зор қайрат- өнер деген идеяны ақын тамаша суреттер, поэтикалық көркем образдар арқылы терең толғап, кемел суретпен жеткізіп берген. Қысқасы «Күйші» - өлімді, зұлымдықты жеңген өнер құдіреті туралы симфониялық сарыны, романдық қуаты бар, кең тынысты, асқақ әуенді күрделі шығарма» (151-152 бет)деп поэманың асыл қырларын нақты ашып көрсетеді.

Сонымен қатар 1936 жылы жазылған «Құлагер» поэмасының көркемдігін, суреткердің барынша ізденіп тапқан жаңалықтарын, «эстетикалық игіліктерін» де ғылыми тұрғыда әрбір тарауына тоқтала отырып сипаттайды.

«Құлагер – Ақан Серінің сұлулық, әсемдік идеясы еді, Құлагерді өлтіру ақын, әншінің көркемдік мұратын өлтіру болатын. Дарынсыздың талантты жерге тығуын, қызғаныштың даңқты таптауын, жарықты қара түнектің жұтуын трагедиялық қуатын бейнелеген Ілияс Жансүгіров поэмасының оптимистік рухы қайғыдан туғанмен өр, мәңгі жасайтын, халық жүрегіне ұялаған, қанды қол жендетке қарғыс таңба басқан қазақ қиялының ғажайып аты, өрен тұлпарға ескерткіш орнатқан «Құлагер» әнінің туып, тарауына сабақтас жатыр» (162-бет) деп ғалым шығарма тағлымын, өміршеңдігін сезінеді.

Ақынның драматургиясы жөнінде ғалым пьса атымен жарияланған шығармаларын ғана қарастырмайды. Ілиястың қазақ өлеңінің ырғақ ұйқас жүйесіне жаңалық әкелумен бірге, өлеңдерінде диалог үлгісін жиі қолданғанына тоқталады. Оның «Қазақы қорытынды» (1922), «Некешілдер» (1922), өлеңдерінде қысқа болса да шағын оқиға-әрекеттен тұратын драма тәрізді дүниелер екеніне тоқталады. «Тапанша» (1922), «Ит-ай» (1923), «Жарқынбай, Беркінбай» (1923), «Бай,бәйбіше» (1927) өлеңдерін бір көріністі шағын скетч деуге келетінін айта отырып, ақын драматургия жанрына бармас бұрын барлау жасап, ізденгенін ғалым баса айтады. Ақынның шағын көлемді, бір перделі пьесаларының бәрі өлеңмен жазылған-ына «Мін де шап», «Мектеп», «Колхоз тойы» т.б. өлеңдерін мысалға келтіреді.

Ғалым тақырып көркемдігі жағынан сол кезде жазылған пьесалармен қатар тұратын «Райхан» пьесасын, суреткердің драматургия жанрының формаларын толық игеріп, жанр техникасымен машықтанып, талантының толысқан кезінде жазған «Кек» пьесасын, Қазақстан өміріндегі елеулі кезеңді бейнелейтін «Турксиб» драмасын, тарихи трагедиясы «Исатай-Махамбет» пьесасын өте жоғары бағалайды.

Қазақ ауылындағы әлеуметтік-таптық өзгерістерді, жаңа психологияны, өндіріс, мәдениет, техника үйренуге бет бұрған адамдарды бейнелейтін әңгімелері «Жол аузында», «Құқ» кітаптарына енгенін айта келіп, халық өмірін жан-жақты етіп суреттейтін шытырман тартысты, оқиғалы көп кейіпкерлі «Жолдастар» романын қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік–психо- логиялық, эстетикалық әсері күшті шығармаға жатқызады.

Біртуар талант иесі Ілияс Жансүгіровті ғалым «Өзінің күйлі сыршыл, адуын шығармаларымен халқының көп ғасырлық өмірін, азаттық жолындағы күресін реалистік қуат, зор шеберлікпен бейнелеп, артына өлмейтін әдеби мұра қалдырған қанатты қаламгер Ілияс Жансүгіров қазақ жұртының құлай сүйген ең сүйікті перзенттерінің бірі, оның өр тұлғасы қайсар ақындықтың символы іспеттес» дей келе, ақын творчествосының болашақта орнықты зерттелуін әдебиетші, сыншы, ғалымдар еншісіне қалдырады.

Тұрсынбекова Г.М.

Қазақстан: Астана



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет