ТЕОРЕТИК, ЭСТЕТ
(Академик Р. Нұрғалидың ғылыми толғамдары туралы)
«Өмірде мынау сағынбағандар бақытсыз, бақсыз талайсыз, Қазақтың жыры Абайсыз...» деп келетін Төлеген ақынның өлең жолдарын бұрын да ойға алғанбыз. Ал бұл жолы... Шын мәніндегі академик ағаның бейқапыл өлімі тіпті ойлантып кетті. Азды-көпті ағаның алдын көрдік. Ақыл-кеңесін тыңдадық. Ғылым жолында өзі көп қиындық көрген соң ба, бізді әр жайлардан алдын-ала сақтандырып отыратын. Іштей тәуба дейтінмін. Тақырыбым таудай Тахауи Ахтанов, жетекшім академик Рымғали Нұрғали болса...
Ғылымға да дарын, терең білім керек. Онсыз үлкен, өзекті деген тақырыптың өзін жырымдап, рәсуалап, аннан-мыннан «құрастырып», «шалажансар» бірдеңе жазып шығып жатуы мүмкін. Ал бұрын айтыла қоймаған тақырып талантты да көп оқыған, түйгені мол, арғы-бергі әлем, ұлттық әдебиеттің тарихынан, теориясынан жеткілікті хабардар, тіпті көпшілік біле бермейтін архив материалдарымен жете таныс, қаламы жүйрік шын ғалымның қолына тисе, ол тақырыптың бағы ашылып, әдебиеттану ғылымына жаңалық болып келеді. Академик Р. Нұрғалидың студенттік кезеңдегі ұстазы Б. Кенжебаевпен бірігіп жазған С. Шәріпов туралы ғылыми талпынысын есептемегенде, ғылымға бетбұрысының ұлы суреткер М. Әуезовтің трагедияларының табиғатын танудан басталуы үлкен сын, жауапкершілік болатын. Жазушының да дүниеден өткеніне көп бола қоймаған. Оның ұлылығы мойындалып жатқанмен, сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдардан қалыптасып, мұздай сіресіп қалған қасаң қағидалардың, біржақты пайымдаулардың сеңі ептеп бұзыла бастады дегенмен, әлі де басым, сіреу кезі еді. Ұлы драматург трагедиялары бұған дейін де айтылған. Бірақ жеткіліксіздеу болатын. Тереңде жатқан қатпарлары ашылмай жатқандай көрінді жас ғалымға. Оларды қайталамай М. Әуезов трагедияларының ішкі сырын, көркемдік ізденісі мен шеберлік қалыптасуын қалай ашып, соқырға таяқ ұстатқандай дәлелдеп көрсетуге болады.
Р. Нұрғали ғылымға алғашқы қадамында-ақ оның жолын тапты. Архив материалдарын сөйлетті. Туындының бірнеше нұсқаларын қатар алып, салыстырып, жазушының шығармашылық эволюциясын, лабораториясын танытты. Драматургтің трагедияларын жалаң алмай, орта, кезең шындығымен, оның сахналануымен, қазақтың театр өнерінің тарихымен, даму кезеңімен, актерлердің ойнауымен, көпшіліктің қабылдауымен бірлікте алды. Әлемдік драматургия тағлымының ұлттық драматургиядағы тәжірибесіне зер салды. Ғалым тақырыпты ашты, тақырып Р. Нұрғалидың зерттеушілік-сыншылдық талантын әдеби-ғылыми ортада мойындатты.
176 беттен тұратын «Трагедия табиғаты» монографиясы «Жазушы» баспасынан 1968 жылы жарық көргенде автор 28 жаста екен. Бірақ осы еңбектің өзінде Р. Нұрғали батыл ойымен, көркем туындыны талдау тереңдігімен, теориялық пайымдауының кеңдігімен, қалыптасқан өзіндік жазу мәнерімен танылды. Ұлы М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», «Түнгі сарын», «Абай» тәрізді әйгілі трагедиялары, ондағы драматургтің шеберлігі, өсу жолы бұрын-соңды айтылмаған жаңа мәнмен ашылды.
Профессор Т. Нұртазин 1969 жылы «Лениншіл жас» газетінің бетінде жас ғалымның алғашқы қадамына былай деп баға берді. «Жас әдебиетші Рымғали Нұрғалиев соңғы жылдары келелі еңбектерімен, зерттеулерімен, сын мақалаларымен жұртшылыққа танылды. Күрделі тақырыпты көтеріп зерттегенде дағдылы сарапқа түспей, шығарманың туу жолын, төркінін ашу, табиғатын талдап ажырату, өмірлік, идеялық, эстетикалық арқауларын жүйелеп, жұрт бірден танырлық дәрежеде айқындау – Р. Нұрғалиевтің өзіне тән қасиет. Сондықтан жұртшылық зерттеушінің «Трагедия табиғаты» деген кітабын жылы қабылдады» дей келіп, монографияның өзіне тән талдау ерекшеліктерінің біріне тоқталады.
««Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», «Абай» трагедияларына текстологиялық зерттеулер жүргізіледі. Текстология – шығарманың нұсқаларында қандай өзгерістер болғанын әр нұсқаны салыстыра отырып зерттеу, - бізде қазір бар. Бірақ ол кең өрістеніп, өрши дами қойған жоқ.
Өйткені текстология – жұмысы көп нәрсе. «Еңлік-Кебектің» революцияға дейін төрт түрлі нұсқасы бар екен. М. Әуезов «Еңлік-Кебек» трагедиясын үш дүркін түзеп, редакциялап жаңалаған. Жеті дүркін түлеген дүниені салыстыра зерттеп көр! Көп зерттеушінің текстологияға бой ұрмайтыны да сондықтан. Екінші текстология салыстыру ғана емес, жаңаланған нұсқасында шығарма неден арылды, неше қасиеттер бойына дарып, идеялық-эстетикалық құдіреті қаншалық артты – соны ажырату. Мұны зейіні алғыр, талғамы, танымы күшті сыншы, зерттеуші ғана жасай алады. Оған әлуеті жетпеген зерттеушілер: «Пәлен бетін, жолын, сөзін алып тастапты; пәлен бет, жол, сөз қосыпты», - деп текстологияның сырт көлемін долбарлай шамалап өте шығады. Р. Нұрғалиев «Трагедия табиғатында» М. Әуезовтің аталған шығармалары текстік өзгерістер нәтижесінде неден арылғанын, нендей қасиеттер үстелгенін жан-жақты талдаған, таныған, батыл тұжырымдар жасаған, батыл айтқан» деді ұлттық әдебиеттану ғылымының майталманы, профессор Т. Нұртазин.
Әуезовтанудың жаңа парағын аша келген монография туралы мұндай толғамды пікірлерді сол кездері орыс жазушысы Л. Соболев, академик М. Ғабдуллин, сыншы С. Әшімбаев, ғалымдар С. Ордалиев, Ф. Оразаев, Б. Кәрібаева, тағы басқалар да білдіріп жатты.
Ғалымның алғашқы монографиясының ғылыми-әдеби орта, көзіқарақты оқырман тарапынан ыстық ықыласқа бөлену себептері неде еді?
Әрине, сол тұстағы жас ғалымға дейін де М. Әуезов шығармашылығы жайлы, оның ішінде драматургиясы, трагедиялары туралы зерттеулер жүргізіліп, салмақты пікірлер айтылған. Р. Нұрғали зерттеуінің басты құндылығы, біздіңше, оларды қайталамай, тыңнан жол салуында және өзіне дейін айтылған өміршең ғылыми пікірлерді жаңа пайымдаулармен, мысалдармен тереңдетуінде еді.
Танымал «Еңлік-Кебек» трагедиясын талдауда, мәселен, зерттеуші драматургтің шығармашылық эволюциясы мен суреткерлік дүниетанымына айрықша көңіл бөледі. Ал М. Әуезовтің 20-жылдардағы суреткерлік дүниетанымы кеңестік заман талабымен үйлеспей, күрделі болғаны, сынға ұшырағаны белгілі. Ғ. Тоғжановтың 1929 жылы шыққан «Әдебиет және сын мәселелері» кітабында айтылған сыңаржақ пікірлер тұтас концепцияға айналып, М. Әуезовтің басына төнген қара бұлтты қоюлата түскен. Тар өрісті тұрпайы социологизмнің әсерінен жас М. Әуезовтің көзқарасындағы кемшілік-қайшылықтардың диалектикалық себептері нақтылы ашылмай, осылай жалғасып кете бере ме? Әрине, М. Әуезовтің 20-жылдардағы суреткерлік көзқарасындағы кемшілік-қайшылықтар дегеніміз шын мәнінде болмауы да, қайта оның сол кездегі Алаш зиялыларымен жақындастыра, бауырластыра түскен жетістік-артықшылықтары да болуы мүмкін емес пе? Р. Нұрғали Алаш зиялыларының атын атап, түсін түстеп айтуға уақыт мүмкіндік бермесе де, М. Әуезов трагедияларының табиғатын талдауға, сол арқылы ұлы суреткердің шығармашылық қалыптасуын тануға осы көзқарас-принцип тұрғысынан келді. Бұл 60-жылдардағы әдебиеттану ғылымындағы сапалық өзгерістердің бірі болатын.
Зерттеуші жазушының 1932 жылы жазған ашық хатына алғашқылардың бірі болып жаңа пайымдаумен келді.
«Ауыр кезең тудырған түрлі субъективті жәйттердің әсерінен Әуезов өз қайшылықтарын тым асыра, дабырайта көрсетуге мәжбүр болды. «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз» трагедияларынан, көптеген әңгімелерінен, повестерінен безініп шығуын осымен ғана түсіндірсек керек»,- дейді ғалым уақыттың қылыштың жүзінде тұрған шындығын мегзеп.
Суреткерді «жаптым жала, жақтым күйе» зардабынан арылту жас ғалымның алдына толағай міндет жүктеді. Алайда ол зерттеудің ұтымды тәсілін таба білді. Шығармашылық қалыптасу, дүниетаным дегенде кейде жалпы сөзге ұрынып, кең текспен жаза беретініміз бар. Р. Нұрғали бұған бармады. Мұның нақтылы жауабын шығарма табиғатының өзінен, көркем мәтіннен іздеді. Шығарма-автор. Сондықтан әр кейіпкердің қалай сөйлеуінің ар жағында драматургтің өзі тұрады. Оның дүние, қоғам туралы көзқарас-пайымы да содан танылады. Егерде кейінгі нұсқаларда кейіпкер сөзі өзгеріп, басқа реңкке ауысса, болмаса образдар тереңдетіліп, жаңа болмыс-бітімімен танылып жатса, оның астарында жазушының ішкі сырын аңдататын, шығармашылық процестен хабар беретін көп мән-мағына болады. Зерттеуші осыған ден қойды және осыдан қажетін тапты.
«Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз» трагедияларының тақырыбын, ондағы суреттелген өмір шындығын тым саясиландырып, жалаулатып біржақты баяндау жиырмасыншы жылдары, одан кейін де болған. «Әуезовтің «киіз үйлер жұмыртқадай аппақ» деген тіркесіне жабысып, содан қайшылық тапқан дүмше оқымыстыларға күлгеннен басқа лаж жоқ» деп Р. Нұрғалидың өзі жазғандай, қисынсыз үкім-кесімдерді сетінетудің жолы да сол кездері жеңіл емес-ті, ғылымның, шындықтың қия жолы жас ғалымды жігерленді, батыл ізденіске бастады. ХХХ
Зерттеуші драматургтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазу тарихын саясатқа бұрмады. Талант, тәжірибе, біліммен қоса, шешуші фактор есебінде автор дүниетанымымен, санасын қалыптастыратын қоршаған ортамен байланыстыра қарастырды. Тақырып беретін де, образ ұсынатын да сол орта, әлеуметтік қоршау дейді ғалым. Жастайынан құлағына сіңіп, жаттап өскен әсерлі аңыздың туындыға арқау болуын осылай түсіндірді. Мұндай тәжірибенің әлем әдебиетінде де барлығын айтты. Үлкен шеберлікпен, ғаламат философиялық шындықтарды поэтикалық суретпен берген Гетенің «Фауст» трагедиясын тілге тиек етті.
Шындап келгенде, біздіңше, объективтік шындық та осы болатын. Зерттеуші мұның дәлелін жалаң қалдырмай, «Дала уалаяты» газетінде жарияланған аңыз нұсқасы (1892, 1900) мен Мағауия поэмасындағы сюжеттің дамытылуын, Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» туындысындағы өзгешелік пен М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясының арасындағы байланысты нақтылы анықтайды.
Мағауия өз поэмасында ел аузындағы аңызды шығармашылықпен қалай дамытты? Ғалым байыпты зерттеу жүргізіп, мынандай байламға келеді: Мағауия туындысында образдар біршама тереңдетіліп, сыншылдық көзқарас күшейтілген; Кебек пен Еңліктің тұңғыш кездесуі поэмада ұзағырақ суреттеліп, махаббаттың оянуы, тағдыр жазмыштан емес, адам баласына тән сезім екендігі нанымды бейнеленген; Автордың психологиялық портрет жасауға ұмтылысы да поэмадан осы тұста анығырақ байқалады; Туындыда Кебектің Еңлікті алып қашқаннан кейінгі оқиға асығыс баяндалып, Кеңгірбай бейнесі жаңаша қорытылған. Ол қыз қайнысынан пара алады; Еңлік мінезіндегі өзгерісті (жуас қыздың айыптаушы дәрежесіне дейін көтерілуін) Мағауия жақсы көрсете білген.
Зерттеуші Мағауия ақын аңыз оқиғасы мен сюжетіне айтарлықтай өзгеріс енгізбесе де, Кебек, Еңлік, Кеңгірбай тәрізді негізгі бейнелерді бұрынғы қалпынан біршама тереңдетіп, сыншылдық рухтағы поэма жасай алған деп ой түйеді. Ұлы ақын Абайдың туындыға әсер-ықпалын сезінеді.
Салыстыра зерттеу нәтижесінде ғалым аңыз негізінде жазылған екінші бір туынды Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» поэмасының өзгешеліктерін анықтайды: Шәкірім туындысында оқиғаның уақыты дәл көрсетілген; Жас батырдың портреті (бұл бұрынғы нұсқаларда жоқ) суреттелген; Абыздың қозғалыс үстіндегі жанды келбеті жасалған; Кебектің аңға шығу эпизодын суреттеуден Абай өлеңінің мәдениеті, әсері аңғарылады; Кебек пен Еңліктің сырласуы көркем берілген; Еңліктің үй-жайы, әке-шешесі айтылады (бұл да бұрынғы нұсқаларда жоқ); Еңлік образын пайымдауда сонылық бар: поэмада сөз айтушы жігіт емес, қыз болып көрінеді; Қыз сыры аяушылық тудыратын көз жасын төгу, өмірден түңіле сарқылу емес, наз бен сүйкімді қылық аралас жан құпиясын ашу болып суреттелген, екі жастың арасындағы монолог реалистік арнада өрілген, ақын романтикалық суреттеуден бас тартқан; Еңліктің ұстамдылығы мен баянды сүйіспеншілік тілеген жүрек сыры Кебекпен арадағы ұзақ диалогте жақсы ашылған.
Сондай-ақ Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» поэмасы мен «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы диалогтерді өзара салыстырып, поэмадағы шумақтарды М. Әуезовтің пьеса жазу үстінде шығармашылықпен пайдаланғанын нақтылы көрсетеді.
«Жолсыз жаза» поэмасында:
Еңлік айтады:
- Әй, батыр! Сен жатырсың ұйқың қанбай,
Мен жүрген бір сорлымын бағым жанбай.
Көрінгенге көз сүзген көрсе қызар,
Әдепсіз қыз дейсің-ау әлде қандай.
Кебек айтады:
- Әй, Еңлік! Сөзің рас нандым саған,
Бәрін ұқтым жерім жоқ байқамаған.
Артқы өмірді әзір біз қоя тұрып,
Ойнап-күлсек қайтеді біраз заман.
Қаза келсе малдыдан мал таймай ма?
Ажал жетсе батырдан жан таймай ма?
Азар болса күйеуің жастау шығар,
Жарлы байып, жас өсіп қартаймай ма?
Жас түзеліп, түрленіп ер жетпей ме?
Бойындағы балалық бір кетпей ме?
Асыққандық емес пе, осы сөзің,
Жақсы әйел жаман ерді түзетпей ме?
Поэмадағы осы диалог зерттеушінің көрсетуінде трагедияда былай беріледі екен:
«Еңлік. Батыр, бері таман кел. Менің әлгі айтқан арызымды тыңдап кет. Ұйқыңыз қанар. Бүгінсіз де түн бар ғой. Аз сөзіме көңіл бөл. Көрінгенге көз сүзген әлдеқандай қыз деп тұрған шығарсың. Бірақ сен батыр болған соң, мен шынымды айтсам түсінер деп отырмын.
Кебек. Еңлікжан, сөзіңді ұқтым, бірақ бүгінгі күннен үзілді-кесілді сөз байлап, алды-артымызды тұйықтамасақ болмай ма? Жастықтың да достығы бар емес пе. Соны аужал қылсақ қайтеді. Күйеуің жас шығар. Жас өсіп жарлы байымай ма? Жаман болса жаман еркекті жақсы ұрғашы түзетпей ме?»
Зерттеушінің ұтымды салыстыруынан көп шындықтың беті өз-өзінен ашылады. Біз Р. Нұрғали зерттеуінің өзіндік ерекшеліктерін, дәмін сезіну үшін жоғарыдағы дерек-пайымдауларды әдейі келтіріп отырмыз. Ғалым зерттеуінің өзгелерге ұқсай бермейтін даралық сипаты неде? Әрине, оны түгелдей сарқып айту мүмкін болмас. Бірақ кейбіреулеріне жинақтап тоқтап өтелік.
Біріншіден, кең ауқымдылық, шығармашылық еркіндік. Әлдебір қасаң теорияға байланып, соның аясынан шыға алмай, малтығып жатпайды. Шығарманың табиғатына терең бойлайды. Бұл ретте теоретик, эстет деп айтсақ, соншалықты қателеспеспіз дейміз. Шығарманың жаңалығын да, автордың шеберлігін де сол туындының өзінен аңдап, тауып, «қиыннан қиыстыра» шебер баяндайды. Практикалық талдауды теориялық пайымдаулармен әдемі ұштастырып, бірлікте, тең дәрежеде алып отырады.
Екіншіден, ғылыми объектінің шешімін табуға қызмет ететін ұтымды тәсілді оңтайымен қолдана біледі. Мәселен, М. Әуезовтің трагедияларын сөз етуде мүмкіндігіне орай бірнеше нұсқаларды қатар алып, мәтіндік-көркемдік талдауларды кеңінен жүргізеді және бұл саралауы ғалым Т. Нұртазин айтпақшы, мұнша жол қысқарып, мұнша жол қосылған деген жалаң санаққа құрылмай, шығармашылық процесті, сол арқылы танылатын суреткерлік дүниетанымдағы өзгерісті, шеберлік шыңдалуды терең зерделеуге негізделеді. Жалпы, текстологиялық жұмыс, мәтіндік салыстырулар ғалым еңбегінде мол қолданылатын тәсілдердің бірі. Туынды жоспары мен соңғы нұсқаны («Түнгі сарын» трагедиясында), орысша текст пен қазақша нұсқаны («Абай» трагедиясында, Шекспир туындыларының аудармаларында), қазақ тіліндегі аударма мен татар, қырғыз тілдеріндегі аударманы, прозалық туындының драмаға айналуындағы процестерді (М. Әуезов, Б. Майлин, Ғ. Мүсрепов туындыларының негізінде жазылған С. Жүнісовтің «Ажар мен ажал» драмасында, Т. Ахтановтың «Жоғалған дос», «Махаббат мұңы» туындыларының пьесаға айналуында) салыстыра тексеру, сол арқылы шығармашылық процесті, шеберлік сырларын жалпылама емес, нақтылы ашу Р. Нұрғали зерттеуінің мазмұнын тереңдете түсетін белгілер.
Архивпен жұмыс – Р. Нұрғали зерттеуінің байлығы. Сарғайған қағаз бетіндегі деректерді, қолжазбалар арасындағы жаңа туындылардың эскизін, жоспарын тауып, ғылыми айналымға ендіру екінің бірінің қолына түсе берер олжа емес. «Трагедия табиғаты» монографиясында автор М. Әуезовтің жоғалып кеткен «Ел ағасы» драмасынан сонау 20-жылдардағы газет мақаласы негізінде мәлімет беріп, сюжетімен таныстырса, «Түнгі сарын» қолжазбасының арасынан табылған, бұрын оқырманға беймәлім болып келген көлемі 70 беттен асып жығылатын «Тұман айығарда» романының эскизімен оқырманын қауыштырады. Монографияның соңында жарияланғаны, жарияланбағаны бар М. Әуезов драмалық туындыларының 32 атауын, 8 аудармасын береді. Ж. Шанинның «Қозы Көрпеш – Баян» музыкалық драмасын да алғаш тауып, ғылыми саралаушы Р. Нұрғали болды. Қазақтың тұңғыш ұлттық театры қалай құрылды, қалай жұмыс істеді дегенге біршама жауап берерлік құнды деректерді архивтен іздеп тауып, ғылыми айналымға енгізді.
Үшіншіден, батылдық. «Трагедия табиғаты» монографиясының соңына «Москва-Алматы, 1966» деп көрсетеді. Шәкәрімнің «халық жауы» ретінде атылғанына арада 20 жыл өткенде, яғни 50-жылдардың басында ақын мұрасы туралы сөз қозғала бастағанда, тегеурінді қарсылық әлі де алдынан шығып, М. Әуезов бастаған талай әдебиетшілердің басын шырғалаң шалғаны белгілі. Уақыттың сондай ауыр сабақтарын сезіне тұрып, ғалым монографиясында тарихи, ғылыми әділдік үшін Шәкәрімнің поэмасын талдау нысанына алады. М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясының шығармашылық бастауын бұл поэмасыз айту, шынында да, монографиядан сезінгеніміздей жарымжан дүние болар еді. Ұлы суреткердің трагедияларына тың көзқараспен келу, Шәкәрім туындысын сөз ету, көркем шығарманың табиғатына бойлаудағы тереңдік пен әлемдік, ұлттық әдебиеттің тәжірибелерін бірлікте қарау, кең өріс, өзге де алымды сипаттар кей «ағалардың» көреалмауын туғызуы өз алдына, Алаш азаматтарының арыла алмаған дүрбелеңін мұның басына да үйіп-төге бастаған.
Бұл жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор Ш. Ибраев «Парасат» деген мақаласында: «Рымғали Нұрғалиевтың ғылымдағы жолы оңай бола қойған жоқ. «Трагедия табиғатында» жас ғалым Мұхтар Әуезовтің бұрын талай «мықтылардың» тісі батпаған, жүрегі дауламаған драмалық шығармаларын жіктеп-жіліктеп қана қоймай, әдебиет сүйер қауымның құлағына әлі сіңісті бола қоймаған өзіндік соны, батыл концепцияларды алға тартты. Сол себепті де бұл кітап «айыпталып» кете жаздағанда Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин сияқты ғұламалардың білек сыбана араласуымен ғана аман қалғанын бүгінгі оқырманға ашық айтқан жөн» дейді.
«Халық жауы» болып ұсталған қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, драматург Жұмат Шанин туралы тыңғылықты зерттеу жүргізуі, ақын, прозашы, аудармашы Мәжит Дәулетбаевтың Шекспирдің «Гамлет» трагедиясының аударуын ғылыми талдап, аудармашы шеберлігі мен ұлттық мәдени-әдеби өмірдегі орнын анықтауы ұлт ісіне, ғылымға адал еңбек етудің үлгісі еді. Әйтпесе, жасыратыны несі бар, Ж. Шанинның, М. Дәулетбаевтың еңбектері әдеби факт ретінде күні бүгінге дейін қалып қоюы ғажап емес-ті. Кейін Ж. Шанинның өмір жолынан «Ай қанатты арғымақ» романын жазуы шын өнер иесінің ғибратты ғұмырын, сталиндік қанды шеңгелге іліккен тағдырын оқырманына жақындата түсті.
Төртіншіден, белгілі әдебиеттанушы Ж. Дәдебаев айтпақшы, ұлттық әдебиеттану ғылымында «іргелі, шоғырлы, циклді теориялық зерттеу еңбектер тудыру дәстүрін қалыптастыруға зор үлес қосқан ғалым». Біз негізінен ғалымның барлық ғылыми еңбек арналарын сөз етуді мақсат тұтып отырған жоқпыз. Өзімізге біршама жақын қазақ драматургиясының жанрлық жүйесіне, поэтикасына арналған сүбелі зерттеуін негізгі нысана етіп алып отырмыз. Осы ретте «Трагедия табиғаты» 1968 жылы жарыққа шықса, соның заңды жалғасы, ұлттық драматургияның қазіргі уақытқа дейінгі жетістік-кемшілігін, даму тенденциясын тыңғылықты зерттеп қорытқан «Драма өнері» монографиясы 2001 жылы «Санат» баспасынан жарық көрді. Арадағы 30 жылдың үстіндегі уақытта академик Р. Нұрғали қазақ драматургиясындағы жылт еткен жаңа нышанды, ізденісті көзден таса қылмады десе болады. Өзіне дейінгі, өзімен қатар зерттеген ғалымдардың еңбектеріндегі ғылыми тұжырымдарды тереңдетіп, қазақ драматургиясының тәжірибесін қорытып, тың теориялық пайымдаулар жасады. Әрине, драматургия шарты, заңдылығы әлем халықтары әдебиетіне ортақ. Дегенмен, сонау 20-жылдардың басында М. Әуезовтің театр, драматургия туралы мақаласында айтылғандай, шарт, заңдылық ортақ болғанмен, мазмұн, ұлттық бояу, драматургияның қалыптасу, даму өзгешеліктері әр ел әдебиетінде басқаша болады. Осы ретте сол кездегі жас ғалым Р. Нұрғали М. Әуезов трагедиялары негізінде халық ауыз әдебиеті үлгілерінің драмалық туындылардың басты көркемдік тәсіл-құралдарының, мазмұнының бірі болуын, оның себеп-жайларын түрлі салыстырулар, мысалдар негізінде дәлелдеп ашып берді. Абыздың батасы, әйгілі билер сценасы, қоштасу, қойшы өлеңі, ырғақ, әуезге негізделген шешендік толғау-ақ өлең көріністері, тағы басқа ауыз әдебиетінің үлгілері драмаға тастай батып, судай сіңіп кеткені өз алдына, қазақ драматургиясының ұлттық бояу-даралығын танытатын басты белгілерінің бірі болды. Көрнекті ақын-драматург, әдебиет зерттеушісі Ә. Тәжібаевтың «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» монографиясы 1971 жылы жарық көріп, осы мәселе кең арнада қарастырылғанда, жас ғалымның теориялық пайымдаулары мен талдауларына сілтеме жасалынып, негізге алынып отырылды.
Қазіргі қазақ драматургиясының тәжірибесін, ізденіс арнасын, даму тенденциясын академик Р. Нұрғали зерттеуінсіз бүгінде көзге елестету қиын. Ұлттық драматургияның поэтикасын терең зерделеп, ой қорытқан ғалым көп жылдық тәжірибелерге сүйене отырып, қазақ драма өнерінің жанрлық жүйесін жасады. Қазақ драма өнерін трагедия, драма, комедия деп шолақ қайыра салу ендігі жерде жеткіліксіз болатын. Осы ретте ғалым трагедияны – эпикалық трагедия, адамгершілік-тұрмыстық трагедия, тарихи трагедия, комедияны – сатиралық комедия, лирикалық комедия, драманы – қаһармандық драма, саяси-әлеуметтік драма, ғұмырнамалық драма, қазіргі драма жіктеп қарастырып, оған жататын драматургтердің сүбелі шығармаларына байыпты талдау жасады. Зерттеушінің осы тұстағы драматургияның жанрлары, оның басты сипаттары туралы жасайтын теориялық тұжырымдары барынша салмақты, жинақталған, тұжырымдалған түрде келеді.
Мәселен, Р. Нұрғали трагедия табиғаты туралы былай дейді: «Драматургия жанрларының ішінде өмірге айрықша жақын түрі – трагедия, өйткені бұл формада тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар, құштарлықтар мен сезімдер шайқасы, ойлар мен идеялар қақтығысы ерекше зор пафоспен, әрі реалистік тереңдікпен бейнеленеді. Классикалық әдебиеттегі трагедияларда дара тұлғаның әлеуметтік-қоғамдық қайшылықтармен кереғар қайшы келуі, бітіспес күреске түсуі көрсетілген. Трагедия қаһармандары сұм заманның қатыгез әдеттерімен шайқаста опат болады; олардың алдарында тас қамалдай неше түрлі кедергілер, асу бермес тосқауылдар тұрады; трагедия асқақ рухты қайсар жанның алапат күресін суреттейді. Трагедия қаһарманы теңіздей сұрапыл тебіреніс құшағында; ол өз ішіне терең бойлайды; қамырықты, қайғылы, азапты хал кешеді; кедергі, қарсылықтармен қаймықпай күреседі» деп трагедияның жалпы сипатын айта келіп, басты ерекшеліктерін, одан туындайтын қадау-қадау белгілерін соқырға таяқ ұстатқандай таратады.
Әлемдік әдебиеттанушы ғалымдардың теориялық тұжырымдарымен ұштасып жатқан бұл пайымдаулар жанр табиғаты, ерекшелігі туралы ұғым-түсінігіңді кеңейтеді. «Трагедияның ең басты ерекшелігі трагедиялық тартыста көрінеді. Трагедиялық конфликт кейіпкердің тартқан азабы мен өліміне де сабақтас. Бұл – қосалқы, сырт сипаттарының бірі. Ал трагедиялық тартыс өзегі әлеуметтік-тарихи, қоғамдық-саяси қабырғалы күштердің шайқасында жатыр. Бұл қақтығыста кең құлаш, қоғамдық мағына, философиялық тереңдік бар» дейді зерттеуші.
«Трагедиялық конфликт» деп бөліп алуының өзі түсінік-ұғымды тереңдете түссе, трагедиялық тартыстың мән-мағынасын жаттанды тақ-тұқ сөзбен айтпай, кең ұғыммен ашып береді. «Философиялық тереңдік», «қоғамдық мағына» бұл әлемдік әдебиет тәжірибесінде құнтталған дүние болса, ұлттық драматургияның озық туындыларының да басты белгілерінің бірі болып саналады.
Әрине, трагедия элементтері бір-бірімен тығыз байланысты. Бірақ оның кейбір белгілерінің ара-жігін ажырата, сезіне білуіміз керек. Мұны әсіресе драмалық туындыны талдауда ескеруіміз аса қажет. Осы ретте ғалымның трагедия табиғатын зерделеуде трагедиялық характер, ситуация жайына мән береді. «Трагедияның тағы бір маңызды сипаты – басты кейіпкер үлкен қателік жіберіп, зор адасуға ұшырайды. Бұл - әлеуметтік жағдайлар мен қоғамдық қарым-қатынастар тудыратын, кейіпкердің еркінен тыс, оның идеал-мұраттарын күйретіп, мақсатына жеткізбей мерт қылатын зауал іспетті, тағдыр, жазмыш бұйрығы тақылеттес ерекше ситуациялардан шығады. Сөз жоқ, трагедиялық қателік, адасу, қаһарманды әуре-сарсаңға салады; ол басын тауға, тасқа соға жүріп, мақсатына ұмтылады, бірақ ақыры өзінен әлдеқайда сұрапыл күштер соққысынан мерт болады. Реалист суреткер қаһарман өлімінің ішкі мәнін, объективті себептерін көркемдік құралдар арқылы аша білмек».
Бұл теориялық пайымдаулар ұлттық драматургияның ғылыми зерттелуінің іргетасын бекіте түсуімен қатар, кейінгі зерттеушілерге де үлкен ой саларлық методологиялық негіз болып есептеледі. Біз әрине бір болса да, толығырақ болсын деп ғалымның трагедия туралы ғылыми толғамдарына тоқталып отырмыз. Ал комедия, драма табиғаты туралы айтқан ғылыми тұжырымдары қаншама. Жекелеген шығармаларды талдай отырып, берілетін теориялық түйіндеулері өз алдына. Қорыта айтқанда, ұлттық драма теориясының қалыптасуында ғалым еңбегінің орны айтарлықтай зор екеніне бүгінде ешкімнің дауы жоқ деп білеміз.
Бесіншіден, зерттеуші шығарма табиғатын сезінуде өте сезімтал. Ең басты ерекшелік, сипатты дәл аңғарып, шығарманы талдаудың желісін соған құрады. Сондай-ақ автор ізімен кешенді талдау әдісін де зерттеуші орайымен қолданады. Көріністен көрініске драматург қандай шығармашылық мақсатпен жетті, не өзгерді, ситуация қалай дамытылды, тартыс арнасы қайда бет алды, негізгі қаһарман, қосымша персонаж қандай күйде? Зерттеуші мұны жіті қадағалап, талдай отырып, автордың жетістігі мен кемшілігі туралы қоса-қабат ой түйіп, кей тұста драматургияның теориялық мәселелерімен байланыстырып қорытып отырады. Бұл әдісті, әсіресе, М. Әуезов трагедияларын талдауда аңғарамыз. Ғалымның бұл ерекшелігін профессор Б. Майтанов жақсы байқаған. «Р. Нұрғалиев шығарма мазмұнын жалаң баяндап кетпейді, әрбір әрекет үстіндегі қаһарман сырын ашудағы драматург шеберлігін танытуға ұмтылады. Персонаждың бір сөзді сөйлеуіне, бір қадам жасауына не себеп болды? Ол бұған дейін қандай еді? Енді қай қырынан көрінді? Келешекте не болмақ? Автор қандай позиция ұстап отыр? Оқиғаның өрістеу барысын бақылап, алдағы ситуацияларды топшылай түсу – сыншыға етене қасиет. Р. Нұрғалиев шығармаға селқос қарамай, шығарма рухымен біте қайнасып, автор ойларының аясында қалып қоймай, өзіндік пікірлерін ашып-жарып айтады. Кейіпкер болып, оқырман болып, зерттеуші болып тебіренеді. Осы сапа – Р. Нұрғалиев творчествосының мәнді бір ерекшелігі» дейді зерттеуші.
Әрине, бір мақалада ғалым зерттеулерінің сипаттарын түгендеп шығу мүмкін болмас. Қалай дегенде де, Р. Нұрғалидың ұлттық әдебиеттану ғылымында өзіндік стилін, көркем шығарманы талдау-тану даралығын қалыптастырған зерттеуші. Біз ғалымның қазақ дараматургиясын зерттеуі туралы азын-аулақ ой-пікірімізді ортаға салдық. Жалпы, зерттеу жұмысын әдебиеттану ғылымының күрделі, ауқымды мәселелеріне құру Р. Нұрғали зерттеуінің маңызды ерекшелігі. «Телағыс» монографиясы әдеби дәстүр мен әдеби даму проблемасына арналса, Алаш зиялыларының шығармаларын жаңаша пайымдаған зерттеулері өз алдына бір төбе. Сондықтан да болар осы ауқымды, күрделі проблемалар алдыңғы кезекте ғалым зерттеулерінде жеке-дара күйінде көрінсе, кейінгі еңбектерінде тереңдетіліп, жүйелене тұтасып бірыңғай жұмысқа айналып жатады. Ғалым зерттеулерінің кейінгі жас ғалымдарға, әдебиет сыншыларына тағлымы мол.
1968 жылы шыққан монографиясының «Бастауында»: «Табысына таңдай қағып, тапшысына бас шайқау - әдебиеттанудың марқайған кезіне жараспайтын мінез» деп жазып, әдебиеттану ғылымының басты талаптарының бірі тарихи, ғылыми әділдік екенін баса айтса, кейін әдеби-сын, ғылыми мұратын: «Тамсанбайық, – талдайық, мақтамайық, - байыбына барайық. Бұл – байсалды эстетика талабы» деп өрістетті. Осы принципке өзі барынша адал болды және өзгелерден осыны талап етті. Жалпы, академик Р. Нұрғали зерттеулерін зерделеу – кемелденген бүгінгі әдебиеттану ғылымын тану. Одан көп жайды үйрене отырып, өзің де биіктейсің. Алдағы міндет-межелерді аңдайсың. Ғалымның әдеби-ғылыми мұрасын зерттеу, тану, байыбына бару – алдағы күндердің міндеті.
Смағұлов Ж. Қ.
Қазақстан: Қарағанды
Достарыңызбен бөлісу: |