Қорытынды сұрақтары: 1.Көне түрік, Батыс түрік қағанаттары
2.Түргеш қағанаты.
3.Қарлұқ және Оғыз мемлекеттері.
4.Қимақ хандығы.
Ұсынылған әдебиеттер тізімі: История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В5-ти томах. – Том 2. – Алматы: Атамұра, 1997. – 345 с.
Кумеков Б.Е. Государство кимаков в IХ-ХI вв.– Алма-Ата, Наука, 1972- 695 с. Кляшторный С. Г., Султанов Т. И. Государства и народы Евразийских степей. Древность и средневековье. СПб.: Петербургское Востоковедение, 2004 -368 с.
Қазақстан тарихы. – Алматы, Алматы кітап, 2016 – 458б.
История древнего Казахстана. Под редБайпакова К.М. - 2-е изд. - Алматы: Рауан, 1996. - 112 с.
5 – Тақырып. Ұлы Дала Алтын Орда кезеңінде (ХІІІ-ХҮ ғғ.)
Мақсаты: Алтын Орданың тарихы. Шыңғыс хан және Монғол империясының құрылуыжан-жақты талдау.
Дәріс мазмұны:
Алтын Орданың тарихы. Шыңғыс хан және Монғол империясының құрылуы
Түйін сөздер: тарих, монғол, Алтын Орда, Ақ Орда, мемлекет, соғыс
Дәрістің қысқаша мазмұны Алтын Орданың тарихы. Шыңғыс хан және Монғол империясының құрылуы Татар-моңғол тайпаларының саяси жағынан басын біріктіріп, Моңғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол негізгі қарсыластарының барлығын жеңіп, Моңғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірген. 1206 жылдың көктемінде Өнан өзенінің сағасында Темучинді моңғол ақ сүйектерінің құрылтайы салтанатты жағдайда Шыңғысхан деген атпен моңғолдардың әміршісі деп жариялады. Темучин өзін хан көтерген ақ сүйектердің құлқынын тойғызу мақсатында көрші елдерді жаулау соғыстарын жүргізді.
1207-1208 жылдардың қысында Шыңғысханның үлкен баласы Жошы Енесей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да “орман халықтарын” бағындырды. 1208-1209 жылдары Шыңғысхан әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап танғұттық Си Ся мемлекетін күйретті. Шыңғыстың қаһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар моңғолдарға өз еркімен бағынды. Олардың ел басшысы Баршық өзін Шыңғысханның боданы деп таныды. 1211 жылы Шыңғысханның қолы Солтүстік Қытайға бет алды. 1215 жылы олар сол кезде Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды (Пекинді) бағындырды. Осыдан кейін Шыңғысхан Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу жорығына жан-жақты әзірленді. Бұл үшін ол мұсылман көпестерінен, моңғолдардың қол астында болған босқындардан мәліметтер алып, қарақытайлар мемлекетінің, Хорезм шахындағы ішкі жағдай мен әскери күштер туралы деректерге қанықты, соның негізінде ойластырылған соғыс қимыл жоспарын жасады.
Шыңғысхан Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлікті талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін 1218 ж. оған Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді. Жетісуды Шыңғысхан аса көп қарсылықтарсыз-ақ басып алды. Моңғолдарға қарсы тұруға жарамай қашып кеткен Күшлік ханның жігерсіздігіне, салықпен зар илеткен зорлық-зомбылығына ыза болған Жетісу феодалдары Шыңғысханға мойынсынатынын білдіріп, өз әскерлерімен оның қызметіне кірді.
Жетісуды бағындырғаннан кейін Шыңғысханның Мәуеренахрға, сол кезде бүкіл Орта Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорыққа жол ашылды.Көп кешікпей оған сылтау да табылды. 1218 жылы көктемде Шыңғысхан Орта Азияға сауда керуенін жіберді. 500 түйеден тұратын керуенінде монғол жансыздарын қосып есептегенде барлығы 450 адам болатын. Көп адамы бар керуен 1218 жылдың жазында Отырарға келіп жетті. Отырардың билеушісі Қайырхан Иналшық көпестерді тыңшылық жасады деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырды. Шыңғысхан Хорезм шахынан Қайырханды ұстап беруді талап етті. Бірақ Хорезм шахы бұл талапты орындамады. Шыңғысхан жіберген елшілерді өлтіруге әмір берді. «Отырар апаты» деп аталатын бұл тарихи оқиға Шыңғысханның Хорезмге қарсы соғысын тездетті. Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан өзіне тәуелді елдерден алған жасақтармен қоса жалпы саны 150 мыңға дейін адамы бар қалың қол жіберді.Моңғол әскері Отырарға таяп келгенде Шыңғысхан Шағатай мен Үгедей бастаған бірнеше түменді қаланы қоршау үшін қалдырып, әскерлердің Жошы бастаған екінші шоғырын Сыр бойымен төмен бағыттады. Үшінші шоғырға Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыру міндетін жүктеді. Шыңғысхан ұлы Төлеймен екеуі әскердің негізгі күштерімен Бұхараға беттеді.
Хорезмнің шахы Мұхаммед моңғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді. Өзін онша жақсы көрмейтін жергілікті феодалдардың күш біріктіріп өзіне қарсы шығуынан қорыққан ол әскери күштерді әр қалаға бөліп ұстап отырды. Мұның өзі Шыңғысханға қалаларда тұрған шағын-шағын шоғырларды оп-оңай қарсылықсыз құртып жіберуге мүмкіндік жасады.
Оңтүстік Қазақстанның жергілікті халқы моңғол басқыншылығына қатты қарсылық көрсетті. Мұнда Шыңғысхан әскерлері Отырар қаласына келіп, оны қоршауға алды. Қалада 80 мыңдай әскер бар еді. Отырар қорғанысы Қазақстан мен Орта Азияның халық бұқарасының моңғол басқыншыларына қарсы жүргізген ерлік күресінің айқын көрінісі болды. Қарамағында қамал бұзатын техникасы, соның ішінде жанып кететін күбішектер, ататын машиналары болса да моңғолдар бұл қаланы алты ай бойы ала алмады.
Қаланың құлауына опасыздық себеп болды. Әскер басыларының бір-Карадша түн жамыла қала қақпасынан шығып, моңғолдарға өтіп кетті. Қаланы қоршап тұрған моңғол әскерлері осы қақпа арқылы қалаға лап берді. Моңғолдар оны әбден талады, халқын қырғынға ұшыратты. Отырар қамалын жермен-жексен етіп, Шағатай мен Үгедей бастаған моңғол шоғырлары Шыңғысханға келіп қосылды. Бұл кезде Шыңғысхан Бұхара мен Самарқанд арасындағы жолда болатын.
Сыр бойындағы қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды, соның бірі Сығанақ қаласы еді. Ол өзі жақсы бекінген, халқы көп, ірі сауда орталығы болатын. Жошы бастаған моңғолдар қаланы ұрыссыз беруді талап етіп, Сығанаққа Хасан қожа көпесті жіберді. Сығанақ халқы келіссөзге көнбеді, сатқын есебінде Хасан қожаны өлтірді. Содан кейін моңғолдар өзеурей шабуылға шықты. Жеті күнге созылған шабуылға қала тұрғындары табан тіресіп қарсыласты. Бірақ көп ұзамай Сығанақ жеңілді. Моңғолдар қаланы талап, халқын аяусыз қырды. Бұдан кейін Үзгент және Баршыкент қалалары алынды. 1220 жылы 4 көкекте моңғол әскерлері Жент қаласын бағындырды. Әскердің Жошы жіберген басқа бір шоғыры Шехркентті (Янгикентті) басып алды.
Сыр бойындағы қалалардың қарсылығын жеңгеннен кейін Шыңғысханның әскерлері Орта Азияның ішіне баса көктеп енді. Бірақ мұнда да олар халық бұқарасының қасарысқан қарсылығына кездесті. Моңғол басқыншыларына Орта Азияның ең ірі қалалары Үргеніш, Бұхара мен Самарқанд қалаларының халқы да табанды қарсылық көрсетті.
1219 жылдан 1221 жылға дейін Шыңғысхан әскерлері Қазақстан мен бүкіл Орта Азияға ойран салып өтті. Талай қалаларды талап, жойып жіберді. Хорезм шахы Мұхаммед Иранға қашып кетті. Ол кейін Каспий теңізі аралдарының бірінде өлді. 1221 жылдың көктемінен бастап соғыс Хорасан, Ауғанстан және Солтүстік Үндістан мемлекеттерінің жеріне ауысты.
Моңғол қолбасшылары Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Иранды басып алып, 1222 жылы Кавказға кірді. Моңғол әскерлері алаңдарды, қыпшақтарды және Қалқа өзенінде орныққан орыстарды тас-талқан етіп жеңді. Олар орыс жерінің оңтүстік аймағын ойрандап, Қазақ (Дешті Қыпшақ) даласы арқылы 1224 жылы Шыңғысханның Ертістегі ордасына қайта оралды.
1219-1221 жылдардағы монғол шапқыншылығының нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғысхан империясының құрамына енді. Шыңғысханның жаулап алған байтақ жері түгелімен оның балаларына бөліп берілді. Шыңғысхан Ертістен Орал тауларына, оңтүстікте Каспий мен Арал теңіздеріне дейінгі жерлерді үлкен ұлы Жошының билігіне берді. Шыңғысханның екінші баласы Шағатайдың үлесіне Мауәренахр, Жетісу және Қашқар тиді. Үшінші баласы Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай жері қарады. Кіші ұлы Төлей, Шыңғысханның негізгі жұртын-Моңғолияның өзін мұралады. Сонымен Қазақстан жері монғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі – Жошы ұлысының, Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысының, Жетісудың Солтүстік Шығыс бөлігі – Үгедей ұлысының құрамына кірді.
1227 жылы Шыңғысхан өлді. Ол өлгеннен кейін 1235 жылы Қарақорымда өткен моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерлерін Шыңғысханның мұрагер немересі, Жошының ұлы Батый (Бату) басқаратын болды. Батыйдың самсаған әскері 1236 жылы Қамадағы бұлғарларды, мордваларды талқандап, 1237 ж. орыс мекендеріне келіп шүйлікті. Рязань, Мәскеу, Владимир түбінде моңғол әскерлерімен кескілескен ұрыстар жүрді.
1239 жылдың басында моңғол әскерлері Еділ өзенінің ту сыртынан орыс жеріне екінші жорыққа аттанды. Қызу ұрыстар жүргізе отырып, моңғолдар Перяславль қаласын, онан кейін Чернигов қаласын алып, оны өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Батый Киевті талқандады, олар Польша, Венгрия, Чехияны және басқа да елдерді талап құлазытты.
Батыйдың тау суындай екпінді жорығы барысында моңғолдар кен байтақ жерге ие болды. Оның шегі батыста-Днестрге, шығыста-Ертіске, Солтүстікте - Батыс Сібір ойпатына, Оңтүстікте - Солтүстік Кавказға дейін жетті. Батый иеліктерінің құрамына оңтүстік-шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төмен жағындағы жерлер енді. Орыс княздіктері де Батыйға тәуелді бодан болды. Осындай аса зор мемлекет шығыс деректемелерінде Көк Орда, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деп аталды. Алғашында Алтын Орда Монғолия империясына оның бір ұлысы ретінде енген еді, ал XIII ғасырдың 60-жылдарынан бастап ол дербес ел болып бөлінді.
Алтын Орда халқы этникалық жағынан біркелкі болған жоқ. Отырықшы аймақтарда-Еділ булғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрды. Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, т.б. тайпалар мекендеді. Дешті Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған моңғолдар аз болған жоқ. Олар кейін жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кетті.
Алтын Орданың орталық аймағы – Еділ бойы қазіргі Саратовтан Астраханға дейін (астанасы – Берке сарайы немесе әл-Жадид), негізгі әскери феодалдық күші – қыпшақ тайпалары. Алтын Орда өзін билеген хандары – Батый 1241-1256 жж, Берке 1257-1266 ж., Мөңке-Темір 1266-1280 ж., Төде Мөңке 1280-1287 ж., Төле-Бұқа 1287-1291 ж., Тоқа-Темір 1291-1312 ж., Өзбек 1312-1342 ж., Жәнібек 1342-1357 ж., тұсында қуатты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшейе түсті. Егер Жошы мен Батый Монғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді. Ол Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық жүргізді, әр түрлі кәсіпшілікпен айналысып, қолөнерді дамытты.
Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды.