Қорытынды сұрақтары:
1.Жоңғар мемлекетінің құрылуы және оның қазақ жеріне шапқыншылығы.
2.Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресі.
3.Жоңғар мемлекетінің күйреуі.
Ұсынылған әдебиеттер тізімі:
Қазақстан тарихы. 5 томдық. 2 том, 2-бөлім, 7-тарау.
Мусин Ч. Қазақстан тарихы. А., 2005. 2-бөлім, 10-тарау.
4. Сулейменов Р. Моисеев В.О. О внешней и внутренней политике Абылая. А.,1998.
5.Галиев В.З. Хан Джангир и Орбулакская битва. Алматы, 1998.
6.Ерофеева И.В. Абулхаир: полководец, правитель и политик. А., 1999.
9 – Тақырып. Қазақстан Ресей саясаты контекстінде: әкімшілік реформа.
Мақсаты: Қазақ хандығының Ресейге қосылу себептері, салдары мен зардаптарын анықтау Дәріс мазмұны:
1.Қазақстанның Ресейге қосылуының себептері. Кіші жүздің империя құрамына кіруі.
2.Ресей империясының қазақ жеріндегі отарлау саясаты. Орта және Ұлы жүздің Ресейге қосылуы.
3. Әкімшілік реформалар
Түйін сөздер: хандық, Ресей, бодан, отарлау, реформа
Дәрістің қысқаша мазмұны
Қазақ халқының елдігі жолындағы тарихи күрес барысында, әсіресе, ХVІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ хандары өзінің үлкен көршісі Ресей мемлекетімен байланыс жасауға көңіл бөлді. Орыс мемлекетінің қазақ хандығымен сауда және елшілік байланыстары Қазан (1552 ж.) және Астрахань (1556 ж.) хандықтарының Ресейге қосылып, оның Жайық пен Еділ аралығындағы даланы алып жатқан Ноғай Ордасына саяси үстемдігін орнатқаннан кейінгі жерде ұлғая түсті. Еділ бойындағы халықтардың орыс мемлекетінің құрамына кіруі, оның шекарасын Қазақстан жеріне жақындата түсті. Маңғыстау мен Үстірт арқылы өтетін құрылықтағы керуен жолдары, Каспий, сондай-ақ, Еділ мен Кама арқылы өтетін су жолы Ресейдің Кавказ, Орта Азия және Қазақстанмен экономикалық байланысын күшейтуде зор рөл атқарды. Қазақстан өлкесі арқылы өтетін атақты Жібек жолы барған сайын халықаралық маңыз ала бастады. Бұл жол Шығыс және Батыс Еуропа елдерін Орталық Азиямен байланыстырды, сауда-саттықты, экономикалық қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік туғызды.
Орыс мемлекеті ең алдымен қазақ даласы арқылы өтетін қатынас, сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақ хандарымен байланысын нығайтуды көздеді. Сондай-ақ, Сібір хандығына, Орта Азия билеушілеріне қарсы күресте және жоңғар феодалдары тарапынан күшейе түскен қауіпке байланысты одақтас іздеген Қазақ хандығы Орыс мемлекетімен экономикалық, саяси-елшілік байланыс орнатуға мүдделі болды. 1583 жылы Қазақ хандығына Третьяк Чебуков бастаған орыс елшілігі жіберілді. Соның нәтижесінде орыстың атақты кәсіпкерлері Строгановтар өзіне Тобыл, Ертіс және Обь бойындағы жерлердің бекітіліп берілуіне қолдарын жеткізді. Сонымен қатар олар баж төлемей қазақтармен сауда жүргізуге ұрықсат алды. Бұл кезде Мәскеу мемлекетінің билеушісі 1V Иванмен қазақ ханы Ақназар арасындағы алғашқы саяси байланыстар Сібір ханы Көшімге қарсы бағытталды.
Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы саяси байланыстардың дамуы Тәуекел хан жіберген елшілікпен одан әрі жалғасты. 1594 жылдың аяғында Ресеймен достық келісім жасау үшін Мәскеуге қазақ елшісі Құлмұхамед жіберілді. Тәуекел орыс патшасымен «достық пен ынтымақ» жасауға асықты. Өйткені Бұқар ханы Абдулламен уақытша бітім жасап, Батыста ноғайлармен арадағы қатынас өте шиеленісіп тұрған болатын. Елшіліктің алдына Мәскеуде аманат ретінде ұсталып отырған ханның жиені Оразмұхаммедті босату және Борис Годуновтан «отты қару» алу еді. Орыс патшасы Тәуекел ханға жауабында оған «отты қаруы бар көп әскер» жіберетініне және қазақтарды олардың барлық жауларынан «сақтайтынына» уәде берді. Бірақ орыс патшасының бұл уәдесі орындалмай, аяқсыз қалды.
ХV11 ғасырда Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығындағы ішкі және сыртқы жағдайлармен байланысты бұлардың арасындағы қарым-қатынас біраз уақытқа үзілді. Саяси байланыстар ХV11 ғасырдың аяғында, екі мемлекетте де билік басына аса көрнекті саяси қайраткерлер – Тәуке хан мен 1 Петр келген кезде жанданды. Тәуке Бұхара мен Хиуа хандарымен арадағы даулы мәселелерді шешіп, Жоңғар қаупіне олардың көздерін жеткізді. Сонымен қатар Тәуке хан сенімді одақтас орыс елі болуы керек деп есептеді. Осы шешімі негізінде Тәуке Ресейге 1687, 1690, 1691,1694,1716 жылдары ресми елшілер аттандырады. Бірақ олардың жұмысы ешқандай нәтиже бермеді.
Бұл кезде Балтық теңізі жағалауына Петербургты салу арқылы «Еуропаға терезе ашқан» ұлы Петр қазақ хандығын бүкіл Азия елдеріне шығудың «кілті мен қақпасы» деп білді. Орыс патшасы Бірінші Петр бұл елдермен экономикалық және саяси байланыс орнату, оны дамыту үшін алдымен Қазақстан және Орта Азия хандықтарын Ресейге қосып алу керек деп есептеді. Осы мақсатта қазақ жеріне бірнеше экспедиция жіберілді. Солардың бірі – подполковник Иван Дмитриевич Бухгольцтің экспедициясы. Экспедиция үшін адамдар Томскіден, Түменнен, Тарадан және басқа жерлерден жинап алынды. Әскери-дипломатиялық сипаттағы барлық дайындықтар біткеннен кейін, 1715 жылдың шілдесінде құрамында 2797 адамы бар И.Д.Бухгольц отряды жорыққа шықты. 1715 жылғы қазанда экспедиция Ямышев көліне жетіп, сол жерде Ямышевск бекінісі салынды. Осыдан кейін Бухгольцтің отряды Ом өзенінің сағасында 1716 жылы 20 мамырда Омбы бекінісінің негізін қалады. Бұл әскери-инженерлік құрылыстардың басты мақсаты оңтүстік-шығыс шекараны, Ресей мемлекетінің сыртқы аймағын кеңейту болып табылды.
И.Д.Бухгольцтің экспедициясынан кейін Батыс-Сібір генерал-губернаторы М.Гагарин Ертіс бойында жаңа бекіністер тұрғызу үшін воевода Павел Северский мен Василий Чередовты жіберді. 1717 жылдың жазында П.Северскийдің отряды – Железинск, В.Чередовтың отряды – Колбасин бекіністерін салды. Чередов одан әрі жүріп жаңа бекініс – Семипалат (Семей) бекінісін салатын жерді таңдап алды. Сөйтіп, 1718 жылы Семей қамалының, ал 1720 жылы И.М.Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін қалады.
Ресеймен қарым-қатынасты нығайтудың қажеттілігіне бұл тұста Кіші, Орта және Ұлы жүз хандары мен ру басшылары да бой ұра бастаған еді. Өйткені ондаған жылдар бойына созылған жоңғар қалмақтарының және көршілес Орта Азия хандарының шапқыншылық әрекеттері қазақ елін әбден тоздырып, әлсіреткен болатын.
ХV11 ғасырдың бас кезінде Қазақ хандары орыс патшасынан жоңғар қалмақтарына қарсы көмек сұрап елші жіберді.1730 жылы 8 қыркүйекте Уфаға Әбілқайырдың Сейітқұл Қойдағұлов пен Құлымбет Қоштаев бастаған елшілігі келді. Олар әйел патша Анна Иоановнаға Кіші жүзді Ресей империясының құрамына қосу жөнінде өтініш жасады. «Біз Әбілхайыр хан ,- деп көрсетілді жолдамада,- маған қарасты Орта жүз бен Кіші жүздің көптеген... халқымен сіздің алдыңызда күллі бас иеміз... Сіздің қамқорлығыңызда болсақ дейміз». 1731 жылы 19 ақпанда орыс патшасы Әбілхайыр ханға және «бүкіл қазақ халқына» олардың Ресей қол астына ерікті түрде қабылданғаны туралы грамота жіберді. Оны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 30 сәуірінде Кіші жүзге А.И.Тевкелев бастаған елшілік келді. Олармен бірге Петроградқа жіберілген қазақ елшілері де оралды. Сонымен 1731 жылы 10 қазанда қазақ сұлтандары мен ру басыларының жиналысында Кіші жүздің Ресей құрамына бодан болып қабылдануы жөнінде шешім қабылданды. Осыдан кейін 1731 жылы 15 желтоқсанда Тевкелевпен келіссөз жүргізген Орта жүздің ханы Сәмеке Ресей империясының құрамына кіретінін білдіріп ант беріп, «өзінің мөрін басты». Бірақ бұл шарт тек 1734 жылдан кейін ғана жүзеге асырыла бастады. Сөйтіп, патша өкіметі сол кезде қазақ халқының басына түскен ауыртпалықты шебер пайдаланып, қазақтардың кең даласының солтүстігіне одан әрі еркін кіре бастады.
1734 ж. 10-маусымда патша үкіметі Ор өзенінің жағасынан бекініс салу қажеттігі жөнінде хат жолдап, ол жерге И. Кириллов пен А. Тевкелевті жібереді.
Экспедицияға мынадай талаптар қойылды:
-қазақ даласымен сауда байланысын күшейте отырып, қазақтарды тәуелді ету;
-қазақ даласы мен башқұрттардың шекарасынан Орынбор қаласын тұрғызу;
-Жайық өзенін бойлай қазақтар өте алмайтындай етіп әскери бекіністер салу;
-алтын және т.б. бағалы кен орындарын іздеп тауып зауыт салу.
Сөйтіп, көп ұзамай Кіші жүзде – Новосергеевка, Кулагинская, Сахарная, Орская, Кабанье сияқты казак-орыстарының әскери бекінісі салынды.
Патшаның әмірімен қазақ даласындағы өзендердің бойына бекініс қамалдар салынып, олар біртіндеп ірі қалаларға айнала бастады. Сол тұста Жайық өзені бойынан 14 қамал салынды. Басқа өзендердің жағалауларынан да бірнеше қамал-бекіністер бой көтерді. ХV11 ғасырдың 50 жылдарында Ертіс өзенінің жағасына салынған Омбы, Железинск, Семей, Өскемен, Ямышев сияқты қамалдар қалаларға айналды. Мұндай әскери бекіністер салу отарлау саясатын жүргізуге кең мүмкіндіктер ашты.
Жайық бойында тұрғызылып жатқан қалалар мен бекіністердің маңында қазақтардың көшіп-қонуына тыйым салынды. Ертіс, Тобыл, Есіл, Үй өзендерінің бойындағы құнарлы жерлерінен айырылып, оңтүстікке қарай ығысқан Орта жүздің қазақтары Бұқара мен Ташкент түбіне қоныстануға мәжбүр болды.
1740 жылы Орынбор экспедициясының бастығы генерал-лейтенант князь В.А. Урусов Орынборға елшілік тапсырмамен келіп, 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Нұралы, Ералы сұлтандармен , Жәнібек, Бөкенбай және Есет батырлармен, кейінірек Орта жүздің ханы Әбілмәмбет және Абылай сұлтанмен келіссөздер жүргізді. Оның барысында Кіші жүз бен Орта жүздің 399 өкілі Ресейге қарайтындығы жөніндегі шартқа қол қойды. Алайда, осы шарттан кейін де Ресеге Кіші жүздің біраз бөлігі, Орта жүздің тек азғана бөлігі қосылды. Ал, Солтүстік – Шығыс және Орталық Қазақстанның негізгі аймақтары Ресей құрамына тек XIX ғасырдың 20-40 жылдарында ғана, патша өкіметінің әскери-саяси күш көрсету нәтижесінде қосылды. 1740-1743 жылдардың өзінде ғана Кіші жүз бен Оңтүстік Оралдың жерлері түйісетін маңда қазақтардың қоныстарын тарылтқан, көптеген жаңа бекіністер салынды. Мұндай әскери тірек базаларын салуға қарсы болған Әбілқайыр мен оның төңірегіндегілердің пікірі ескерусіз қалды.
Патша өкіметі Қазақстан жеріндегі отарлау шараларын біртіндеп жүзеге асырды. Олар 1742 жылғы 19 қазандағы жарлығы бойынша Жайық өзені жағасының қамалдар маңында қазақтардың көшіп-қонуына тиым салынды, сонымен қатар олардың Каспий теңізінің жағалауында көшіп-қонып жүрген жерлері шектелді. ХV111 ғасырдың 50-60 жылдары Ертіс, Тобыл, Есіл, Үй өзендері алқаптарындағы Орта жүздің қазақтары да өздерінің мекендеген жерлерінен ығыстырылды.
Қазақ даласында патша өкіметінің отарлау саясаты үш бағытта: 1)гарни- зондар мен күшейтілген бекіністі әскери шептер салу және тұрақты казак-орыс (Орынбор, Жайық, Батыс-Сібір, кейін Жетісу) мекендерін құру жолымен; 2)саяси әкімшілік реформалар жасау, басқарудың дистанциялық түрін енгізу. 3)қазақ даласын өзіне біржолата қосу, ал Орталық Азия хандықтарымен сауда-саттықты кеңейту.
Патша үкіметі қазақ даласын түпкілікті билеу үшін әуелі әр түрлі реформалар жүргізіп,қазақтың елдік-этникалық ұйытқысын ірітіп, ұлыстарды бөлшектеп, оларды губернияларға, округтерге теліп, ұлтанды елді тұтастықтан айырды. Рас, олар мұның бәрін бірден жүзеге асыра қойған жоқ. Бұқпантайлап, торғай ұстаған мысықтай, жақыннан қармау үшін алыстан арбап, зымияндық саясат жүргізді. Патша өкіметі оны кезең-кезеңімен іске асырды.
Оның алғашқысы - 1731 жылдан 1822 жылға дейін созылған ел билеу жүйесіндегі протектораттық дәуір, яғни күшті мемлекеттің әлсіз мемлекетке формальды болса да қамқорлық жасау саясатын жүргізу еді. Бұл кезде патша өкіметі ел билеудің бұрынғы хандық жүйесін сақтап, оның ішкі тірлігіне араласпай, тұзақты алыстан құрып, сырт иелігін жасады, яғни қазақ елін өзіне жағынып, бас шұлғып, бағынышты болған хандар арқылы басқарды.
Патша үкіметінің қазақ елінің басына тәуелділік ноқтасын біржолата кигізуі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Сөйтіп, патша үкіметінің отаршылдық саясатының екінші кезеңі басталды. Бұл кезде ол әскер күші арқылы елдің ішкі тірлігіне араласып, жергілікті қазақ шаруаларын қонысынан қуа бастады. Олардың орнына ішкі Ресейде жоқшылыққа ұшыраған орыс босқындарын әкеп орналастырды.
Отарлаудың осы әскери-әкімшілік кезеңінде патша өкіметінің тірек пунктері әскери бекіністердің іргесі қалана бастады. Оларды тұрақтандыру үшін шекаралық белгілермен бөлді. Біртіндеп бекіністер Қазақстанның ішкі аймақтарына тамыр жайды. Бастапқы кезде бұл бекіністер Орал, Ертіс сияқты өзен арналарына орналасты. Ал кейінірек патша өкіметінің отарлау саясатының күшеюі нәтижесінде әскери қамалдар салу Қазақстанның батыс, солтүстік-шығыс аймақтарын тегіс қамтыды. 1744 жылы Орынбор қаласы, 1752 жылы Петропавл қаласы салынды. Ресейдің Шығыс Қазақстан жеріндегі экспансиясы бұрынғысынан неғұрлым күшейе түсті. 1752 жылдан бастап Оңтүстік Алтайдың, Ертістің жоғарғы ағысындағы Үлбі, Бұқтырма және Нарым бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы ресми түрде жарияланды. 1760 жылы Өскемен бекінісінен Телецк көліне дейін бекіністер салына бастады, келесі 1761 жылы Өскеменнен Зайсан көліне дейін Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Сөйтіп, Қазақстандағы шекаралық шептің шығыс қанаты ХV111 ғасырдың 60 - жылдары Ресей әскери қамалдарының бірнеше шебінен тұратын күшті бекіністі ауданға айналдырылды.
Салынып жатқан бекіністердің қорғанысын қамтамасыз ету үшін Ресейден Қазақстанға жаңадан көптеген әскери күштер әкелінді. Бұдан басқа патша өкіметінің әкімшілігі Солтүстік және Шығыс Қазақстанға орталық губерниялардан орыс шаруаларын қоныстандыруға белсене күш жұмсады. Бұл жерлердегі қазақтарды ығыстырып шығару жөнінде шаралар қолданылды. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан және орыс бекіністеріне 30 шақырымнан жақын жерде көшіп жүруіне тиым салынды. Патша өкіметінің отарлауы ежелден тұрып жатқан қазақтардың дәстүрлі қоныстарын тарылтты, Сібір әкімшілігі мен қазақ сұлтандары арасында шиеленіс тудырды. Шығыс аймақта патша үкіметі әскери әрекеттерінің күшеюі, Цин империясы әскерлерінің Қазақстан жеріне басып кіру қауіпі, 1771 жылы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет өлгеннен кейін хан болып сайланған Абылайдың Ресей бодандығын сақтай отырып, Қытай империясы өкімет билігін де қабылдауға мәжбүр етті. Абылай ұстанған екі жақты бодандық саясат Қазақстанның өмірлік мүдделеріне сай келді. Екі ірі мемлекеттің Абылайды Орта жүз ханы деп мойындауы, оның позициясын едәуір нығайта түсті. Ол жоңғар басқыншылығына қарсы күресте үш жүздің жасақтарын біріктіріп, қазақ халқының азаттық күресін ұйымдастырған айбынды әскери қолбасшы болды. Абылай аса ірі шайқастарда ерен ерлігін, батырлығын көрсете білді. Ол қазақтардың бір орталыққа бірігіп, сыртқы жаулармен күресте олардың еркіндігін сақтап қалуда үлкен еңбек сіңірді.
1781 жылы Абылай қайтыс болғаннан кейін Орта жүздің ханы болып оның баласы Уәли сайланды. Ол бір мезгілде Ресейге де, Қытайға да бодан болатыны жөнінде ант беріп, өз әкесінің саясатын жалғастыруға ұмтылғанын көрсетті. Дегенмен, оның тұсында хандық ішінде ыдыраушылық күшейді, сұлтандардың ықпалы өсіп, мұның өзі қазақ хандығының әлсіреуіне әсерін тигізді. Бұл Ресейдің Орта жүз жеріне неғұрлым белсенді түрде енуіне жағдай жасады. ХV111 ғасырдың аяғы – Х1Х ғасырдың басында өзінің отарлау саясаты барысында патша үкіметі ең әуелі Қазақстан жеріндегі хандық билікті жоюға кірісті. Хан билігі орыс шенеуінігі басқарған уақытша кеңестің қолына көшті. Осындай кеңес құру арқылы Кіші жүз бен Орта жүз хандықтарының саяси дербестігін түпкілікті жою мақсатын көздеді. Патша өкіметі бұл мақсатты іске асыруды Орта жүздің хандығынан бастады. Мұнда 1815 жылы Орта жүздің ханы Уәли ханның билігін әлсіретуге тырысып, екінші хан етіп Бөкейді тағайындады. Бөкей 1817 жылы, Уәли 1819 жылы қайтыс болды, бұдан кейін патша үкіметі жаңа хан сайлатпай, Орта жүзді бірнеше әкімшілікке бөліп, оларды басқарып-бақылауға патша әкімдерін қойды.
XIX ғасырдың 20-жылдарында Кіші жүздің ішкі саяси дамуына айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Себебі Ресей империясының басқару жүйесіндегі әкімшілік шаралар Орынбор Шекара Комиссиясы арқылы жүргізілгенімен, ішкі далада басшылық жергілікті сұлтандар мен билердің қолында қалған-ды. Сөйтіп Ресей империясы қазақтарды басқарудың жаңа жүйесін ойластырып, 1822 жылы орыстың белгілі мемлекет қайраткері М.М. Сперанскийдің басшылығымен «Сібір қырғыздары туралы жарғы» 1824 жылы «Орынбор қырғыздары жөніндегі жарғы» деген құжат негізінде патша үкіметі қазақ жерін басқару тәртібі жөніндегі заң шығарды. Соңғы жарлықта былай делінген: «Патша ағзам императорының нұсқауымен қырғыздар даласын басқарудың жаңа жобасы жасалынып, Кіші жүзді басқару Ішкі орда ханы Жәңгірге жүктелсін және даланы үшке бөліп, әрбір бөлікті басқару үшін аға сұлтан тағайындалсын» - делінген. Осы заң бойынша Орта жүз бен Кіші жүз хандықтары жойылды. Кіші жүзде (соңғы ханы Шерғазы Айшуақов ) хандық биліктің орнына Ресейдегі сияқты әкімшілік-саяси басқару жүйесі қалыптасты.
Бұл жоба бекітілгеннен кейін 1825 жылы Кіші жүз даласы – Шығыс, Орта және Батыс бөлік болып үшке бөлінеді. Әрбірі өзін басқаратын аға сұлтан тағайындаған. Патша өкіметі бөлікке бөлу арқылы – қазақтың руларын сақтай отырып, халықтың санын білуге мүмкіндік алған, сол арқылы салық жинау жүйесін, жайылым мәселесін шешкен.Бөлікке бөлінген басқару жерлердің шекарасы белгіленген. Ал Орта жүзде «аға сұлтан» деген басқарушы қызмет енгізілді. Орта жүз жекеленген әкімшіліктерге бөлініп, Омбы қаласының ішкі округтері деп саналды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Болысқа бөлудің негізіне рулық емес, аумақтық бөліну принципі алынды. Сондықтан жаңа заңды іске асыру барысында рушылдықтың іргесі сөгіліп, айтарлықтай өзерістерге ұшырады. Қазақтардың белгілі бір әкімшілік шеңберден екінші әкімшіліктің жеріне ауысуы шектеліп, бұрынғы көшіп-қонудың рулық тәртібі бұзылды. Ауыл старшындары қазақтардан сайланды. Болыстыққа сұлтандар тағайындалып, бұл қызмет шын мәнісінде атадан балаға мирас болып қалдырылып отырды.
Жаңа әкімшілік басқару жүйесі бойынша Орынбор қазақтарын басқару Орынбор Шекара Комиссиясына жүктелген. 1825 жылы оның төрағасы болып Г.Ф. Генс тағайындалды.
1824 жылғы реформа бойынша жоғарғы басқару орны болып Орынбор Азия басқармасы құрылады. Қазақ даласында Ресей империясының көзі мен құлағы болып отырған әр аға сұлтанның қарамағында 200 казак солдатынан құралған отряд берілген. Отрядтың міндеті аға сұлтанды қорғау және Шекара Комиссиясының нұсқауын қазақтарға бұлжытпай орындату.
Достарыңызбен бөлісу: |