Қазақта Сарыбай да артық еді.
Ерте тұрып паңдатнп үйінде оқып,
Сарыбай да сахарадан аңға келді.
Қалың тауда қақ жарып келе жатса,
Ат қаңтарған бір жанды көзі көрді.
Орысшада: Казахского народа славный сын,
Хан Сарыбай охотился один.
И человека спящего увидел,
Правитель среди солнечных равнин.
Аудармада көп нәрсе қамтылмай қалған. Таң намазын оқуы, қаңтарулы атты көруі, қалың таудың арасында келе жатуы.Тәжімаланбаған алғашқы екі жол, мүмкін аудармашыға қиын тиген шығар. Өйткені атты қаңтару деген қазақы ұғымға ғана тән. Сахараны «Солнечных равнин» деп ұйқас үшін алған. Сахара күйінше алса, бәлкім оқырман Африканың құмды шөл даласын айтып тұр деп қалуы да мүмкн. Бірақ сахараның қазақ ұғымында шетсіз, шексіз дала екеніне сілтеме жасау артық болмас еді. Бұдан әрі Сарыбай сөзі:
«Жатырсың түске дейін ат қақтырып,
Үмітсіз дүниеден кімсің» —
деді.
Орысша: Ты кто такой, проспавший здесь полдня,
Загнавших белоснежного коня?
Эй, отозвись, надежды потерявший?!
Зачем лежишь молчание храня?
Мұндағы екі жолды 4 шумақ етіп ұлғайтып жіберген. Алғашқы жол мен үшінші шумақ түпнұсқаға сәйкес келеді, аудармашы қаңтарылған атты жеткізу үшін тағы екі жол ойдан қосқан. Түпнұсқада аттың боз екені айтылмаса да, аудармашы «аққар түстес» ат деп сипаттайды. Өйткені қазақ тіліндегі мал атауларына балама түстер орыс тілінде жоқ. Боз жылқы түсін бейнелейтін ұлттық реалий Қарабайдың буаз маралды атуына қарсы болған Сарыбай:
— Үйіңе құдай оңдап, Қыдыр қонар,
Бір достым бек сөйлескен сондай болар.
Бұл марал буаз екен тіпті айтпаймын,
Келінің екі қабат кесел болар
Деген жолды В.Потапова:
С Кыдыром для тебя знакомство жду,,
Мой светоч от жены потомство жду
А это – самка стельная марала,
Остав ее чтоб не навлечь беду!
Тұтастай алғанда аударма түпнұсқамен үйлесіп-ақ тұр. Қыдыр сөзінің мағынасына аудармашы сілтеме жасап, түсініктеме берген. Сонан соң достым деп алғаннан гөрі «светоч» үлкен шырақ, «шамшырақ» деп алуды жөн көріпті. Аудармашының кей тұста тапқырлығы да танылады.
«Сарыбай өзі мерген маралды атқан,
Маралға ит Қарабай дінін сатқан» –
деген екі жол аудармасы мынадай.
Был Сарыбай охотник и стрелок,
Был Карабай прожорлив и жесток.
Аудармашы екі кейіпкердің болмыс-бітімін осылай салыстыра саралаған. Сарыбайдың мергендігін аңшылықпен астастырса, Қарабайдың діннен безген, арам ниетті, жауыз адам екенін бірден көзге елестетеді. Аударманың жақсы қырлары да бар, кемшіліктері де жетерлік, бәлкім аудармаға маман-филологтардың, фольклоршылардың тікелей араласпауының салдары шығар. Әйтсе де аударманы кезінде авторға тағы бір жөндеп шығуға ақыл-кеңес бергенде, әйгілі махаббат эпосы бұдан да гөрі көркемдік жағынан жақсара түсер ме еді. Егер қазақ тілін білген болса, аудармашы ғажайып ғашықтық жырды әлем халықтары таңдай қаға тамсанар деңгейде тәржімалайтын да еді!? Қалай дегенде де, фольклорлық шығарманы аудару тәжірибесіне ұлттық тілді білмеуі кедергі келтіріп тұр. Жолма-жолдық нұсқадан аударды демесеңіз, оқырман халық қазынасының көркемдік, эпикалық қарымын сезетіндей.
1927 жылы Қызылордадан Г.Н.Твериннің аудармасымен «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» нұсқасы жарияланды. Бұл басқа нұсқаларға еш ұқсамайды. Аудармашы жыр нұсқасын өз түсінігімен еркін тәржімалаған. «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» қара сөзбен проза тілімен жасалған орысша нұсқасы С.Санбаев аудармасында 1984 жылы Алматыда «Жалын» баспасынан жарық көрді. Белгілі орыс тілді жазушы, аудармашы С.Санбаев керемет лироэпостың жалпы мазмұнын көркемдік сипатымен орыс тілді оқырмандарға таныстыруды көздеген. Кітап тілі жеңіл, сюжеттері еркін баяндалған, кідіріссіз оқылады. Осы тұрғыдан келгенде В.Потапова эпостың тоғыз ұйқастық жолдарын түпнұсқаға негіздеп берген.
Алайда қазақ эпостық шығармалары аудармасында да кемшіліктер аз емес. К.Чуковский «Алпамыс батыр» жырының Ю.Новиков пен А.Тарковский аудармасын “қазақша түпнұсқаның ұлттық канонымен дәл шыққан” деген баға береді. Мәселен Тоқтарбайдың баласы деуді “Тоқтарбаев”, Құртқаны “Кортке” деп өзгертуі кісі есімдерін бұрмалау болса керек. «Қыз Жібек» лироэпосын Лев Пеньковский өз мүмкіндігі деңгейінде аударды.
Фольклорлық мұраларды, тарихи жырларды, халықтық ауыз әдебиет үлгілерін аудару қиын. Бұған төселген тәжірибелі тәржімашылар ең алдымен сол кездегі халықтық тіл ерекшелігін, образдылықты дәл жеткізе білуге көңіл бөледі. Сонымен бірге сол шығарма қай ғасырда жасалса, аудармашы сол ғасыр рухына енуі тиіс. Олай болмаса, шығарма рухы шынайылығымен шықпайды. Гомердің «Одиссейін» алғаш тәржімалаған Ливий Андроник, үлкен поэманы тұтастай аударғанымен, поэма оқырман ықыласына бөленбеді. Өйткені аударма дәл жасалмады, әрі тілі де ауыр еді. Ал «Илиада» мен «Одиссеясын» орыс тіліне алғаш аударған Минский мен Вересаевқа қарағанда, Гнедичтің аудармасы түсінікті әрі шығарманың құндылығын сезінуге өлшеусіз ықпал еткен. Бұл аударманы Пушкин мен Белинский биік бағалаған. Алайда аударманың ауырлығынан оқырман мазмұнын оңайлықпен түсінбеген. Көпшілігі амалсыз Вересаев аудармасын оқыған. Себебі, әр аудармашы өз дәуіріне бейімдеп аударған. Вересаев өз дәуіріне, Гиедич Пушкин дәуірінің оқырмандарына арнаған. В.Жуковский “Илиадасы”
Аса таланты украин ақыны Степан Руданский Гомердің “Илиадасын” 40 жылдан аса аударыпты, 1903 жылы Львовта басып шығарса, 1912 және 1914 жылы бұл тәржіма екінші, үшінші рет басылған. Аударма кітаптың алғы сөзінде И.Фракко: “Бұл атағы жайылған Гомерден гөрі нағыз ұлттығымызға айналған біздің украиндық Гомер, сонымен бірге ол сондай бақытты ұлттық игілікке айналды., мен мұндай еңбекпен мақтануға тұрарлық ұлтты білмеймін” деген. Ол орыс аудармашысы Н.Гнедич тәрізді аудармаға бар қабілетін, қажырын, білімін, шеберлігін, мүмкіндігін аянбай жұмсады. О.Кундзич тілімен айтқанда: “Адамдар өздерінің өлеңдері тәрізді қабылдай алатындай”, яғни халықтық рухы танылатындай табысты тәржімалаған.
Александр Поп Гомердің «Илиадасы» мен «Одиссеясын» ағылшын тілінде өз заманындағы ақсүйектер ортасына бейімдеп жасаған. Архайкалық (көнерген) мәтіндерді яғни фольклор тілін аударуда түпнұсқадағы нақтылық пен көркемдік дәлдігін, дұрыстығын сақтау аса қажет. Фольклор тілі – ежелгі сөздер мен сөздік қордан құралады. Оны қазіргі тіл заңдылығына салып бұрмалауға да, өзгертуге де болмайды. Түпнұсқада дәуірдің рухы, халықтың тұрмыс-тірлігі, салты. Ең алдымен мәтіндердің идеялық негізіне, мағыналық шынайылығына бойлау керек. Содан кейін аударма нақтылығы, уақыт рухымен және оны қоршаған кеңістіктікпен, соған сәйкес шығарманың дербес тілдік мәнерімен нақты үйлесуі тиіс. Сонда ғана түпнұсқа мен аударманың стилдік жақындығы немесе мағыналық сәйкестігі жүзеге асады.
Әрбір әдебиетте ұлттың психологиясын, болмыс-бітімін, мінез-қылығын айқындайтын, сонымен тығыз байланысатын кейіпкерлер бар. Бұл фольклорда жиі кездеседі. Сондықтан бір елдің көркемдік үлгілерін, бейнелеу сипатын екінші бір елдің шығармасына апарып алмастыруға болмайды. Зерттеуші Т.Сумманен тұжырымында фольклорлық мұраларды аударушы мыналарды ескеруі тиіс. «Мұндай аудармалардың авторына талантты ақын болу аз, қорықпай-ақ айтамын, онымен тең дәрежеде халықтық-поэтикалық ойлаудың ерекшелігін түсінетін фольклоршы және де халық эпосын жасайтын тұрмысты, салт-ғұрыпты, діни нанымды жік-жігімен білетін этнограф, әрітүрлі уақыттың қат-қабаттарын аңғара алатын қабілетті тарихшы әрі ежелгі эпикалық жырлардың нұсқаларын орындайтын тіпті қазіргі заманғы жырлаушылар түсіндіре бермейтін сондай нәзіктігін салыстыра саралайтын лингвист болуы тиіс». Халықтық эпосты, фольклорды сол шығарма жазылған тілді білмей, жолма-жолдыққа сүйеніп аудару сәтсіздікке соқтырады. Фольклор тілі – халықтың ежелгі сөйлеу тілі, бай, өзіндік ерекшелігі бар тіл. Оған бүгінгі уақытта мүлде пайдаланылмайтын көнерген сөздер архаизм, арготизмдер тән. Олар қолданылған жағдайда да мағыналық өзгерісіне түсуі мүмкін.
Фольклорды жеке аудармашы немесе ұжымдық түрде екі немесе бірнеше аудармашы аударады. Ұжымдық аудармада барлық аудармашылардың тілді білуі маңызды. Өйткені, бірінің қатесін бірі түзетеді, ақылдасып-кеңесіп сөз мағынасын түпнұсқаға сәйкес жеткізу анық, дәл жолдарын іздестіреді. Бірнеше аудармашы қатысқанымен, бәрібір тілді білмеуінен аударма сапалы шықпайды.
Алайда аудармашылар бірлесіп аударған «Қобыландыны» табысты, тәржіма деу қиын. Эпостағы бір ғана Тайбурыл шабысының суреттелуі – қандай ғажап дүние. Аудармада ұлғайту, әсірелеу, көріктеумен берілген тұлпар шабысының бейнеленуі солғын шыққан.
Достарыңызбен бөлісу: |