1.3. Дамыта оқыту технологиясының теориялық негіздері
Дамыта оқытуда баланың ізденушілік – зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып ол білім алуға әрекеттенеді. Бұл технология бойынша сабақ төмендегідей құрамдас бөліктерден тұрады:
1. Оқу мақсаттарының қойылуы;
2. Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру.
3. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.
Бұл үшеуі дамыта оқытудың Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов жасаған жүйесінің негізгі компоненттері. Оқушы алдына оқу мақсаттарын қоюда ешқандай дайын үлгі берілмейді. Мақсатты шешу – іштей талқылау, сосын жинақтау арқылы жүзеге асады. Мұғалім сабақ процесін ұйымдастырушы рөлінде, шешім табылған кезде әркім оның дұрыстығын өзінше дәлелдей білуге үйретіледі. Әр оқушыға өз ойын, пікірін ойлауға мүмкіндік беріледі, жауаптар тыңдалады. Әрине, жауаптар барлық жағдайда дұрыс бола бермес. Дегенмен әр бала жасаған еңбегінің нәтижесімен бөлісіп, дәлелдеуге талпыныс жасайды, жеке тәжірибесін қорытындылауға үйренеді.
Дамыта оқыту дегеніміз – бұл оқу үрдісінде оқушылардың ықтимал мүмкіндігінің толық іске асуына бағдарланған оқыту.
Технологиялық процесс – технологиялық біліктердің арнайы жүйесі, олар педагогикалық нәтижелерге бағытталған. Көптеген мектептерде оқу үрдісіне енгізіліп, көп таралып жүрген Л.В.Занковтың дамыта оқыту жүйесіндегі технологиясын ғалым Г.К.Селевко ұсынған классификациялық сипаттамасы төмендегідей:
1) Қолдану деңгейіне қарай: жалпы педагогикалық, жеке пәндік, салалық;
2) Философиялық негізіне қарай: гумандық, сциентистік;
3) Психикалық даму факторына қарай: әлеуметтік, биотектік, психотектік, идеалистік;
4) Игерудің ғылыми тұжырымдамасына қарай: рефлекторлық; дамытушылық, интериоризаторлық, сугестивтік, нейролингвистік;
5) Мазмұндық сипатына қарай:идеализм, тәрбиелік, діни, кәсіптік, технократиялық, технологияға енетін монотехнологиялар мен политехнологиялар;
6) Тұлғалық құрылымға бағдарлануға қарай: ақпараттық - ББД,, операциялық – АӘА - қалыптасуы, өзін-өзі дамыту – ТҮТ – қалыптасуы, ЭАС – қалыптасуы, ПӘс – қалыптасуы, эвристикалық;
7) Басқару типіне қарай: шағын топтар жүйесі;
8) Ұйымдастыру формасына қарай: сыныптық, сабақтастық, топтық және жеке;
9) Балаға деген қатынас амалына қарай: беделдік, тұлғалық, бағдарлық, еркін тәрбие, эзотерикалық, ынтымақтастық педагогикасы;
10) Басымдық танытатын әдісіне қарай: догматикалық, репродуктивті, түсіндірмелі – иллюстративті, дамыта оқыту, проблемалық, ізденушілік, шығармашылық;
11) Оқушылар категориясына қарай: дәстүрлі технология орта оқушыға бағытталған, тереңдетілген білім беру, педагогикалық түзеу, виктимологиялық, қиын балалармен жұмыс істеу технологиялары, дарынды балалармен жұмыс істеу;
12) Жетілдіру бағытына қарай: ізгілік пен жариялылық негізіндегі қарым-қатынас, бала әрекетінің белсенділігі мен интенсификациясы негізіндегі, басқару мен ұйымдастыру тиімділігі негізіндегі, табиғи, балама, авторлық мектептердің тұтас технологиясы.
Бастауыш мектепте қолданылып жүрген технологияларды білімдік өрістеріне қарай, төмендегіше топтауға болады.
1. Тілдік өріс. Бұл топ өте жас кезден бастап, кубиктер арқылы жылдам оқуға үйретуге арналған. Н.А.Зайцевтің: каллиграфияны дұрыс қалыптастыру, сауатты жазуға үйретуге арналған Е.Н.Потапова және басқа да технологиялармен сипатталады.
2. Математикалық өріс. Бұл топқа П.М.Эрдниев және Б.П.Эрдниев т.б. жасаған технологияларды жатқызамыз.
Дамыта оқытудың Л.В.Занков жасаған жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып өтелік. Бұл жүйе дәстүрлі оқытудан төмендегі ерекшеліктермен, өзгешеліктермен айқындалады:
- оқыту мазмұнындағы өзгешеліктер;
- мақсаттағы айырмашылықтар;
- дидактикалық принциптердегі өзгешеліктер;
- әдіс – тәсілдердегі өзгешеліктер;
- оқытуды өзгеше ұйымдастыру;
- мұғалім еңбегінің нәтижелігін анықтаудың жаңа
көрсеткіштері;
- мұғалім мен оқушы арасындағы жаңаша қарым – қатынастар.
Л.В.Занков жүйесіне сәйкес бастауыш мектептің негізгі мақсаты – баланы жалпы дамыту. Ал, жалпы дамыту деп байқампаздығын, ойлауын дамыту және практикалық іс - әрекетті меңгеруі қабылданады. Сондай-ақ ақыл, ерік – жігері сезімдерінің дамуы алынады.
Л.В.Занков 60-жылдары жаңа дидактикалық жүйені құрды, ол мектеп оқушыларының жалпы психологиялық дамуына сәйкес келді. Осы тұрғыда негізгі жеті принциптер алға ұсынылды:
1) Жоғары деңгейдегі қиындықта оқыту;
2) Теориялық білімінің жетекші рөлі;
3) Оқу материалын жеделдете оқыту;
4) Оқу процесін оқушының сезінуі;
5) Оқушылардың оқуға деген оң көзқарасын және танымдық қызығушылығын тәрбиелеу;
6) Оқу үрдісінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым – қатынасын ізгілендіру;
7) Сыныптағы әр оқушының дамуы.
Л.В.Занков технологиясында басымдық танытатын әдістер: салыстыру, индуктивтік, талдау, бақылау, зерттеушілік, проблемалық, абстракциялық. Негізгі көңіл бөлінетін нәрсе – оқушының өзіндік ойын есепке алу, бағалау.
Ғылымдағы әрбір теорияның дұрыстығын дәлелдеу қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Л.С.Выготскийдің теориясының дұрыстығы В.П.Давыдов, Л.В.Занков, Д.Б.Элькониннің эксперименттік жұмыстары арқылы дәлелденді. Сондықтан да дамыта оқыту технологиясының психологиялық негізін Л.С.Выготский қалаған, әдістемелік негіздері В.П.Давыдов, Л.В.Занков, Д.Б.Элькониннің еңбектері мен шығармашылық жұмыстарында көрініс тапқан деп есептеледі. Аталған ғалымдардың зерттеулерінде дамыта оқыту талаптары, яғни оқу материалының теориялық жағына ден қою және ойлау тәсілдерін қолдана алуға үйрету бастауыш сынып оқушыларының оқу танымдық қызметінің дәрежесін едәуір арттырады.
Дамыта оқыту – күрделі құрылымды, бір тұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушының өзін - өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдайлар жасалады.
Қазіргі кездегі сапалы білім беруге бағытталған дамыта оқыту технологиясы -оқушының ақыл-ойын дамытуға арналған теориялық әдістерді қолдана отырып, бағдар алған оқыту жүйесі. Оқушының әдебиеттік оқу бағдарламасына сай оқытылған оқу материалдарын белсенді, өзінің ізденімпаз күш қабілетін іске қоса отырып меңгеруін ұйымдастыру – ақыл – ой қызметінің біртіндеп өз бетімен шешім табуға дағдылануын қалыптастыратын тиімді жол. Дамыта оқыту технологиясы арқылы оқу материалдарын меңгертудің маңызды орны оқушының алдына қойылған проблеманы дұрыс шешуге ғана емес, келесі жол сол проблеманы аз уақытта оптималдылықпен сапалы шешу жолын үйренуге жетелейтіндігінд.
Демек, дамыта оқытуда – оқушы өз іс - әрекетін өзі құруға, өзін - өзі дамытуға, білімді өз бетімен меңгеруге, өз ойын еркін айтуға, дәлелдеуге, шешімнің дұрыс – бұрыстығын қабылдауға, өз бетімен іздену жұмыстарын жүргізуге, өзін - өзі бағалауға үйретіледі.
Дамыта оқыту жүйесінің маңызды принциптерің бірі – теориялық білімнің жетекші ролі принципі. Бұл принципті балалардың теорияны жаттауы, терминдерді есте сақтауы деп түсінбеген жөн.
Білімді де білікті, салиқалы да парасатты, жан - жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеу мемлекеттік маңызды іс. Қазіргі жаңару кезеңінде біздің қоғамымыздың ілгерілеу процесінде адам факторы және оны жан - жақты жандандыру, ел өмірінің барлық жақтарын жаңарту бала тәрбиесінің мәнімен оның проблемаларын күрделендіріп отыр. Осыған байланысты білім берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың негізгі бағыты - барлық тәрбиелік істе әрбір баланы жеке тұлға деп танып біліп, жан - жақты қалыптастыру.
1970 жылдардың басынан бастап жүргізілген педагогикалық-психологиялық зерттеулер бастауыш сынып оқушыларының таным мүмкіндіктері туралы еске түсініктерді мүлдем өзгертті. Бұл жаста оқушыда ойлаудың эмпирикалық түрлерін тірек ете отырып, теориялық ойлауға өте аларлықтай мол әлеует бар екені дәлелденді. Заттар мен құбылыстардың тек сыртқы қасиеттері ғана емес, ішкі байланыстарын, заңдылықтарын меңгеру олардың танымын тереңдететіндігі анықталды. Осы сабақтарда балалардың эмпирикалық білімдерін пайдалана отырып, қоршаған орта мен өмір заңдылықтарына көздерін жеткізу, қорытынды жасауға дағдыландыру – олардың танымдық үрдістерін, теориялық ойлауын іске қосатын амал болып табылады. Дамыта оқыту жүйесіндегі қойылатын сұрақтар проблемалы, ойлауды, пайымдауды қажет ететіндей етіп беріледі. Оқушыда ондай сұраққа өз ойын, өз пікірін білдіре жауап беруге дағдыланады. Жауаптардың бірнеше нұсқада болуы мүмкін екендігі қарастырылады. Мысалы: «берілген мәліметтер бойынша есеп құрастыр» немесе «4» және «5» сандарымен қандай тапсырмалар ойлап табуға болады? түріндегі сұрақтар. Көрнекілік т.б. әдістер де осылайша жаңа мақсаттарға сәйкес өзгертіле, күрделендіре пайдаланылады.
Білім беру мазмұнын жаңарту, оқыту әдістерін жетілдіру оқушылар мен мұғалімдердің өзара қарым - қатынасын жоғары деңгейде ұйымдастыру секілді міндеттердің қай - қайсысы да әрекетсіз іске аспайды. Оқу - адамның саналы өміріндегі басты әрекет. Оқу әрекеті мұғалімнің басшылығы арқылы оқушының сана - сезімін дамытуға бағытталады. Рубинштейн оқытудың мақсаты «оқушыға белгілі бір білім туралы мағлұмат беру емес, ең бастысы, оқушылардың бойындағы қабілеттерді дамыту, балаға қандай материал ұсыну емес, оны бақылауға, ойлауға үйрету» деп көрсетеді .
Психолог - ғалым Д.Б.Эльконин «Оқу әрекетінің басқа әрекет түрлерінен аса бір ерекшелігі бар»,- деп көрсетті. Онда бала мұғалімнің басшылығы арқылы ғылыми түсініктерді ұсынып меңгерді. Бірақ бұл әрекет арқылы ол ғылымға ешқандай өзгеріс әкелмейді. Сол түсініктерді меңгеру арқылы баланың ойы, түсінігі туып санасы дамиды, ол ғылыми ұғымдармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін үйренеді. Оқу әрекеті - баланың өзгеру, өсу әрекеті.
Оқу әрекетінде оқушының субъект ретінде қалыптасу жолдарын баланың жас кезеңдеріне байланыстыра келе Г.И.Шукина былай дейді: «Оқу әрекеті дамуы оқушының сипатының өзгеруіне қарай оқушының жеке басының дамуына үлкен әсер етеді. Мысалы: бастауыш сыныптарда оқушы негізінен, тапсырманы орындаушы болса, орта сыныптарда ол жай орындаушы емес, белсенді орындаушы деңгейіне көтеріледі, осы кезеңде оның шығармашылық ізденісінің алғы шарттары қалыптаса бастайды да, жоғары сыныптарда оқушы өз бетінше шығармашылықпен жұмыс істей білетін, әрекет иесі ретінде танылуы тиіс». Оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуы, бір жағынан оқу үрдісіндегі оқушының белсенділігінің, өздік ізденіс жасай білуінің, қызығушылығының т.б. өзгеруіне байланысты болса, екінші жағынан айналасындағы адамдармен қарым- қатынасына байланысты болады. Сондықтан мұғалім оқушы бойындағы өзгерісті назардан тыс қалдырмай нақтылы ситуацияларда оқушы белсенділігін, өз бетінше жұмыс істей білу қабілетін, танымдық қызығушылығын, шығармашылық қабілетін дамытуға қажетті жағдай туғызып отыру керек.
Жеке тұлғаның бойындағы қабілетін ашу - одан әрі жетілдіру дамыта оқытудың негізінде зерттеушілік білігін және оңтайлы шешімін қабылдауға ынталандыру арқылы баланың бойына еркіндік, мақсаткерлік, ар- намыс, мақтаныш- сезім, дербестік, адамгершілік, еңбек сүйгіштік, белсенділік, өз пікірін сапалы, шебер ортаға сала білу сияқты оқыта отырып, жалпы дамытуды үнемі сабақта жүйелі жүзеге асырғанда жан- жақты гармониялық даму үшін негіз жасалды.
Дамыта оқыту жүйесі дидактикалық принциптерінің ішінде «оқытудың тәрбиелік мәнінің болуы» жайлы ешнәрсе айтылмайды. Өйткені оқушылардың адамгершілік қасиеттерін, құлықтылығын қалыптастыру арнайы жарияланбағанымен тұтас жүйе, оның құрамдас бөліктері, әдістері арқылы іске асып жатуы дамыту оқушылардың тәрбиелілігінің негізі болып табылады.
Дәстүрлі оқыту балада білім, дағды алуға қажетті ақыл, сана бар деп есептеп, сол ақылға дайын білімді құю керек деген көзқарасқа, ал дамыта оқыту бала бойындағы табиғи қабілеттерді жаңа белестерге мақсат тұтатын принциптерге негізделген. Дәстүрлі оқыту жаттауға, есте сақтауға, ал дамыта оқыту дербес жұмыс істеуге, алған білімді пайдалана білуге үйретеді. Дамыта оқыту арнайы педагогикалық технологияларды қажет етеді. Ол технологияларда баланы қоршаған ортамен еркін қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігі беріледі. Қарым-қатынастар: жоспарлау, ұйымдастыру, мақсаттарды жүзеге асыру, іс-әрекеттерді талдау кезеңдерінен тұрады. Әр кезең бала тұлғасының дамуына өз үлесін қосады.
Достарыңызбен бөлісу: |