ІІ.3. Әдебиеттің тарихи курсын оқитын сыныптарда драмалық шығармаларды оқыту ерекшеліктері: Ғ.Мүсірепов «Аманкелді» «Аманкелді» пьесасын Ғабит Мүсірепов Бейімбет Майлинмен біріге отырып 1934 жылы жазды. Пьеса 1935 жылы жарық көріп, 1937 жылы сахнаға қойылды. Ал 1938 жылы Всеволод Ивановтың сценарийі бойынша киноға түсірілді.
«Аманкелді» — тоғыз суретті драма. Онда Аманкелді Иманов бастаған көтерілісшілердің Ұлы Октябрь революцичсының жеңісінен кейін Торғай өңірінде қашқан ақтар мен ұлтшыл алашордашыларға қарсы күресі баяндалады.
Аманкелді ел қазағы Қайдарға: Сонымен, елдерің не деп отыр?
Қайдар: Ел не десін, аң-таң. Біреулер: «қызылдар орнайды екен»- дейді, біреулер: «ақтар орнайды екен»- дейді ... Сіз осында деген соң атқа міндік те жүре бердік.
Аманкелді: Ендеше... Қызылдың үкіметі- мына мен ! Сымсыз телеграммамен сонау Мәскеуіңмен сөйлесіп жатырмын. Онда Ленин деген данышпан кісі бар, көкең солардың жолдасы болып алды!.. Торғай өлкесіне советті орнатып, елді өзің биле деп отыр маған... Кедейлердің басын қос дейді... Әй, осы сендер кедей ме едіңдер ?
Қайдар: Менің өз басым сіңірі шыққан кедеймін. Ал мына серке...
Аманкелді: Серке «бай» демекшімісің?
Қайдар: «Бай» демеймін, орташа дәулетінің барын жасырамысың?
Аманкелді:Серкені қойшы, ол өз адамым... (ойланып біраз отырады)
Қайдар: Ал, не істе дейсің бізге?.. Бірдеңе айтамын деп едің ғой.
Аманкелді: Айтсам... Қазір елдеріңе жөнеліңдер. Менің үкіметімді орнатыңдар ... Мен айтты деңдер...
Қайдар: Дерміз ғой, бірақ...
Аманкелді: Немене?
Қайдар: Елді меңгеріп, бауыр басып қалған адамдар бар; Серке екеуміз көбінің есігін ашуға да қаймығамыз.
Аманкелді: Мен дейтін болсаң-именбе. Мен көрген құқай жоқ. Жайсаң қасқамен жағаласпай бәйге алмайсың, біреуіңді болыс, біреуіңді ауылнай етіп сайлай берем. «Аманкелдінің өкіліміз» деңдер де, бұрқыратыңдар! Кәрім, уа Кәрім !.. Қайда кеткен шіркін, сендерге куәлік жаздырып берейін деп ем!1 Аманкелді осылайша қалың көпшілікке арқа сүйейді, бұқараға иек артады. Жаңа заман құрылысшылары саналатын коммунистік партия өкілдерінен басшылық алады. Әліби, Мәмбет, Алексей тәрізді жаңа заман адамдарына сүйенеді.
Аманкелдіге қарсы күш — елдің бай, атқамінер мырзалары, патша әкімдері. Пьесада олар «Алаш» партиясының төңірегіне топтастырып беріледі. Осындай ымырасыз күрес жолында Аманкелді сатқындықтың құрбаны болады. Бірақ ол қапылыста қаза болғанымен Әліби бастаған қызыл отряд келіп, жеңіске жетеді.
Пьесаның осы нұсқасының жетістігі жайлы С.Ордалиев тұжырымды пікір айтады. «Негізінде «Аменкелді» пьесасының негізгі кемістігі, ондағы оқиға тартысының қолдан қойғандай жасанды құрылуында еді. Пьесадағы басты мәселе болып есептелінетін драмалық тартыс өмірлік болмай, түйіні дұрыс түйіліп, шешімі дұрыс табылмаған соң жан-жақты толық характерлер де жасалмайды. Ендеше Аманкелді мен Маржақып арасындағы өмірде болған талас ешбір бітімге келмейтін екі топтың арасындағы күрес екендігі осы пьесада байқалмайды. Сондықтан екі жақтан да күшті характер суреттелінбеген.
Пьесаның басты қаһарманы Аманкелдінің образы өз дәрежесінде шықпаған. Жұрттың бәрі оның алдында «көкелеп» құрдай жорғалағанымен, сый-құрмет көрсеткенімен, сол сыйға, сол құрметке лайық оның іс-әрекеттері көрінбеген. Пьесадағы Аманкелді тоң мінезді, не болса соны айта салып немесе істеп қойып, артынан өкінумен болады.
Осындай елеулі кемістігіне қарамастан «Аманкелді» пьесасының кезінде қазақ мәдени өмірінде айтулы оқиға болғаны белгілі»[3,85]. Ғ.Мүсірепов 1939 жылы «Қазақ халқының атақты ері»3 атты мақаласында:
... Аманкелді ой-сана жағынан болсын, екінің бірі емес, белгілі бір жоғары басқышқа жеткен, ізденген адам. Саяси өмірге тек қана құлағы түрік болған адам емес, соны зерттеп, өзі бастаған күрестің керегіне жаратқысы келген адам.
Аманкелді «Қарсақбай» өмірімен біте қайнасып өскен. Жұмысшы өмірі, ұлт қозғалысының мәселелерін жұмысшылар қозғалысының тілегіне байланыстыра қою Аманкелдіге жат нәрсе емес сияқты. Бұл жағы, жете тексере алмағандықтан, картинада пайдаланылмаған. Осы жақтан қарағанда Аманкелді пьесасы мен сценариінде «әттеген-ай» дерлік жер толып жатыр. «Аманкелді» пьесасын қайта өңдегенде әсіресе осы екі мәселені жете тексеріп алып, арқау етуіміз керек болады»-деген болатын.
Пьесаның қайта өңделуінде осы жағдайлар ескерілген, кейіпкерлер саны азайған (22-ден 15-ке түскен), уақиға желісі ұзартылған, конфликт ширыға түскен, характерлер шынайы шыққан.
Бағдарламада 11-сыныпта оқылатын пьесаға екі сағат бөлінеді. Бірінші сабақта пьесаның саяси-идеялық мазмұны, конфликтісі, келесіде басты кейіпкерлер мен композициялық құрылысы қаралады. Бұл жөнінде С.Қалиевтің «Мектепте Ғ.Мүсірепов шығармаларын оқыту жолдары» деген көмекші құралында келтірілген сабақ үлгілерін (62-66-беттер) пайдаланылған тиімді.???
Мектеп хрестоматиясында «Аманкелді» пьесасы қысқартылып берілген. Сондықтан мұғалім толық түсіндіреді.