Жүзтайлақ: Ей, қыз, неге үндемейсің?
Мөржан: Не айтайын мен. Жүзтайлақ: Не дедім мен саған? Неғып сазарып қалдың? Мөржан:Айтсам да ауыр, айтпасам да ауыр... Енді айтайын! Жүзтайлақ: (паңданып, сырт қарап: Бәсе, айт, жетті енді. Бұрын көнбей келіпсің, енді мені салып отыр. Ол саған аз сыбаға ма? Мөржан: (тамсанып): Япыр-ай, жеңеше-ай, маған шен беріп тұрғандай сөйлейсің –ау! Жүзтайлақ: Күйіп кеткірдің зілдісін... Тілімді қайырайын деп пе едің? Мөржан: Буынсыз жерге пышақ салған соң қайтейін... Жүзтайлақ: Тоқтат енді, қылымси бермей. Мен айтқан соң буынсыз болмайды. Кімнен тартынасың? Біздің ауылдың буы ғой асқақтап тұрғаның. (Тоқтат.) Не қыласың сорлы! Мен айтқан соң өлдің ғой! Сөз сол. Мөржан: Жоқ, жеңеше, бұл жерде тіліңді алмаймын... Жүзтайлақ: (бастырмалатып): Немене? Кімнен әулие едің? Тең көрмей тұрсың ба әлде, бекзада неме? Мөржан: Жантастың көзіне шөп салмаймын. Жүзтайлақ: Е, ол сенің көзіңе шөп салмайды ғой (кекетіп), көзің жеткен ғой тегі! Жантас кімнің Жантасы ? (сықылықтап күліп ) Біліп пе едің ? Осы мәтінді оқығанда Жүзтайлақ пен Мөржанның сөйлеу мәнеріндегі өмірге деген көзқарастарындағы кереғарлық, қарама-қарсы екі пиғыл мен көзқарастағы ымырасыздық оқушының оқу мәнеріне әсер етпей қоймайды. Мәтінді оқуда осы айырмашылықты, екі кейіпкердің қарама-қарсылығын, мінезін интонация арқылы беруге болатыны ескеріледі. Оқушылар шағын мәтіннің өзін интонация арқылы оқып шығады. Оқушылар осы интонация арқылы кімнің кім екенін ажыратады. Оқиғаның байланысын байқайды.
Жоғарыда келтірілген мәтінде Жүзтайлақ бірден зекуден бастады. Сөйтіп өз дегеніне Мөржанның көнбегенін байқаған соң бастырмалата кінәлай сөйледі, соңында кекесінге көшеді. Мөржан болса, Жантасты ұнатады, сондықтан Жүзтайлақтың азғыруына көнбек емес. Бұл ойын ол Жүзтайлаққа ашық айтуға алғашында жүрексінеді, сескенеді. Жүзтайлақ дүкілдеп қоймаған соң, кесіп айтады. Мөржан сөзі — өзіне сенімі берік адамның сөзі. Ал Жүзтайлақ болса, оны сорлы деп кемсітіп, басына сөйлейді. Өз дегенімді болдырам дейді, зорлыққа басады. Мұндай екі адамның ымыраға келуі де мүмкін емес. Бұл жағдай мәтінді оқу интонациясын белгілейді.
Белгілі ғалым-әдіскер В.А.Никольский пьесасының бірінші бөлімін сыныпта толық, ал қалған бөлімдерін бөліп-бөліп, топтап оқуды ұсынады.
Кейбір көріністерді сыныпта, тақта алдында арнайы костюм, гримсіз-ақ орындауға болатынын, ол үшін рольде ойнаушылардың сөздерді алдын ала жаттап алулары керектігін айтады (2, 85).
Қазақ мектептерінде оқытылатын драматургиялық шығармаларды оқыту әдістемесінің өзіне тән белгілері мен ерекшеліктерін төмендегідей жүйелеуге болады:
Драмалық шығармаларды оқыту көркем әдебиеттің проза мен поэзия салалары сияқты өзге жанрларын оқытудан мүлде дерлік бөлек өз ерекшелігі болады;
Драмалық шығарманы оқытуда қазақ драматургиясының өзгерісі мен алған бағыттарын әрдайым біліп, анықтап отыруға мүмкіндік туғызады. Бұл көркем өнердің даму бағытын тануға да аса маңызды болмақ.
Драмалық шығармаларды оқытуда Кеңес дәуіріндегі оқыту талаптары мен қазіргі кезеңдегі талаптардың арасында қандай да болмасын, өзгешеліктер болары анық.
Драмалық шығармаларды оқытудың осы кезге дейінгі жай-күйі қазір қажеттілігін анықтаған, ал болашақтың қажеттіліктерін шешуді осы бастан қолға алуға даярлық жүргізуі тиіс.
Драмалық шығарманы оқытудың үлкен жүйесі - драмалық шығармаларды оқыту әдістерін зерттейтін болғандықтан, әдістер туралы мәселені түбегейлі мәселе деп санау керек.
Драматургияны оқыту әдістемесінің іргелі тұсы-драмалық шығарманың теориясына арналады. Теориялық ұғымдар арқылы оқушы драмалық шығарманың мазмұнындағы психологиялық- көркем тетіктерді нәзіктікпен ажыратып тани алады.
Драмалық шығармамен атқарылатын жұмыстар бірізділікпен өзара өріле, сабақтаса ұйымдасчтырылып, мұғалім тарапынан жүйелі бақылау мен тексеру арқылы қорытындыланып отыру керек.
Драмалық шығармалар тарихпен, мәдениет дамуымен, эстетикамен байланыста оқытылуы қажет. Сондықтан драмалық шығармаларды оқытуқанда тарихи деректерді мол қамтып, мәдениет дамуының сипатын танытып, драмалық шығармадан эстетикалық әсер алатындай әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет.
Драматургияны оқыту әдістемесі-өзгермелі, дамытуға бейім, жаңа технологияны қабылдауда сыни көзқарастары да болатын өзіндік ерекшелігі мол әдіс-тәсілдер болып табылады.
Драмалық шығармалардың белгілері, әрине, мұнан да көп болуы мүмкін, бірақ негізгілері деп осыларды алуға болады.