Рауза(күліп). Қойыңызшы, тегі, сонша сүмірейтпей.
Жамал (немқұрайды). Мейлі ғой, біздің халық үлкенін сыйлаған. Әкім сыйлап шақырып, пікірлерін тыңдамақ болған екен, шалдар аталы сөзін айтса ғой, жоқ, ауыздары көпіріп әкімді жарыса мақтап ала жөнеледі. Ең болмаса, әкім өзі ұстанып отырған бағытының дұрыс-бұрыстығын сұраған кезде құдайшылықтарын айтуға болады ғой, жоқ, басын шұлғып мақұлдайды кеп, мақтайды кеп.
Рауза.Рас айтасыз, осыны мен де байқап жүрмін.
Жамал. Мұны сен екеуміз ғана емес, барлық ел байқайды, біледі. Бәрінің шалдарға зығырданы қайнайды, бірақ мұның арғы жағында әкімнің айласы тұр, соны сезеді де жым болады.
Рауза. Қойыңыз, әкім мен айла бір-біріне шендесетін ұғымдар емес, меніңше.
Жамал.Шендескенде қандай, әкімнің бәрі айлакер, қулығына құрық бойламайды. «Ойлаймын күндіз-түні ақыл-айла, ойлаған ақыл-айла – жанға пайда» деген өлең естіп пе ең? Естімесең, әкім – сондай ақыл ойлап, айласын асырған, жанына пайдасын көрген адам. Әкім – қып-қызыл отқа пісіп, мұздай суға матырылған шарболат.
Рауза. Түу, әкімді алғаш зымиян етіп алып, артынан жер – суға сыйғызбай мақтағаныңыз!
Жамал. Ел басқару ешқашан оңай болған емес, түн қатып жүріп, түс қашуы керек. Әлбетте, игілік бастан асады. Сондықтан да әкім болуды армандамайтын шенеунік жоқ, бірақ қол жеткізу қиынның қиыны.