Сәбит.Солай ма?
Шаншар атай. Қайдан шыққан пәле екенін: «Пара-пара», – деп мына Мұсатайдың таңдайы тақ-тақ етеді. Осының теріс екенін түсіндіріп қоймайсыңдар ма? Бізді қойшы. Біз өріміз кетіп, ылдиымыз қалған адамбыз. Тыңдамайды бұлар бізді.
Сәбит. Оны білмедік қой біз. Түсіндіреміз, түсіндіреміз. Бригадир болғанның жөні осы екен деп, дікеңдетіп қоймаспыз ел-жұртқа аты-жөні жоқ.
Мұсатай (мүләйімсіп). Түсіндім, әбден түсіндім. Сәке, парасы да, оқуы да құрысын. Ол бізге қайбір қол дейсіз. Қойдым бәрін де.
Шаншар атай. Әуелден өстімейсің бе, Мұсатай-ау? Мейлі, адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң. Ал, балаларды ерт те, қайт ендеше. (Балалар апыл-ғұпыл қарбыздарын тастап кетуге жинала бастайды. Шаншар атай колхоз председателіне бұрылып). Жайшылық па? Қайдан?
Сәбит. Жайшылық. Ауылдан. Қызылшаның түнгі суын байқайыншы деп шығып едім, жолай сізге бұрылғаным ғой.
Шаншар атай. Жайбарақат жатуға бола ма, бәсе. Күн-түн демей жортып жүрсе бітеді де ер жігіттің шаруасы. (Атай кенет санын соғып). Әй, әй, балалар, тоқтаңдар. Қолдарыңдағы қауын-қарбызды ал дегенім қайда жаңа сендерге?