Балқия. Қаланың адамы осы да. Қалай, амансыңдар ма?
Тәттігүл. Аманбыз. Өздеріңіз ше?
Балқия. Шүкір. Қане, көрсетші етігіңді. Қай елдікі екен?
Тәттігүл. Финдікі.
Балқия. Нағыздың өзі екен ғой.
Тәттігүл(басқа бөлмеге барып, қорабымен етік алып келеді). Мінекиіңіз, игілігіңізге киіңіз. Тура сіздің размеріңіз.
Балқия. «Турашыда туғаның болсын» – деген осы енді. Бұл бір біткен шаруа болды.
Тәттігүл. Тәте-ау, сізден аяп не көрініпті маған?
Балқия. Бәсе, десеңші!
Тәттігүл. Тәте, сізге бір жаңалық айтайын ба? Бізді құттықтасаңыз да болады, күйеу балалы болайық деп жатырмыз.
Балқия. «Қыз – шайтан», – деген рас екен-ау, Зәуренің бойжетіп қалғаны ма сонда?
Тәттігүл. Бойжетті, тәтесі. Он тоғызға келді. Мен де осы жасымда тиіп едім ғой Оспанға.
Балқия(кекесінмен). Иә, бұл үлкен жаңалық екен. Құттықтаймын! Күйеу жігіт кімнің баласы екен?
Тәттігүл. Кім біліпті? Кімнің баласы болса да бәрі бір емес пе? Зәуре кешке ертіп келеді үйге. Сонда көреміз, сұраймыз әке-шешесінің кім екенін.
Балқия(даусы қатқыл шығып). Көр-көр? Сұра! Таныс! Тәттігүл, сен өзі уәдені ұмытқаннан саумысың?