Әшірбек. Алмаймыз. Рақмет, ата.
Бекен. Мен де кетейінші ауылға, ата.
Шаншар атай. Неге?
Бекен. Шөпке шығам ертең балаларме бірге.
Шаншар атай. Оған рұқсат сұрамаймысың менен?
Бекен. Сұрап тұрмын ғой, міне.
Шаншар атай. Е, солай екен ғой. Бара ғой. (Балалар тастаған қауын-қарбызды нұсқап). Өзің де ал, аналарға да ал деші мынадан.
Бекен. Алмайды. Олар енді ел қатарлы еңбегімен жейді қауын-қарбызды. Ертең-ақ мұны шөпшілерге тасисыздар ғой, сонда жейді де.
Шаншар атай (мәз болып ағынан жарыла күліп). Бұл да дұрыс екен. (Атай қолына бір дәу қауынды ала салып, шулап жүріп берген балаларға қарай ұмсына бере көзі жасаурап тұрып қалады. Балалар қайырылмай сахнадан шығып кете барады). Қарай көріңдер-ей. Кім білген өсіп қалған екен ғой өздері, тегі. Тіпә, тіпә, тілім тасқа. Амандық болса, адам болды деген осы енді...
ШЫМЫЛДЫҚ
БАЛАЛАРДЫҢ МАХАББАТЫНДА НЕМІЗ БАР?
(Екі бөлімді, бес көріністі драма)
Қатысатындар:
Зәуре – институтта оқитын бойжеткен
Ерлан – құрылысшы жігіт, институтта сырттай оқиды
Оспан – Зәуренің әкесі, құрылыс компаниясының бастығы
Тәттігүл – Зәуренің шешесі, дүкен меңгерушісі
Берік – Ерланның әкесі, совхоз бригадирі
Аманғайша – Ерланның шешесі, мұғалима
Әлім – қала әкімі, Оспанға бажалығы бар
Балқия – үй шаруасындағы әйел, Тәттігүлге әкпелігі бар
Ерлан – маскүнем жігіт, Әлім мен Балқияның ұлы
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
Оспанның үйі. Осы заманғы қонақжай бөлме.
Үлкен жұмсақ диванда Тәттігүл отыр ойланып.
Тәттігүл (өзіне-өзі). Апыр-ау, енді қайттім? Балқия мен Әлімге не бетімді айттым? (Осы сәтте есік қоңырауы шырылдайды). Есік ашық, кіре беріңіз. (Балқия кіреді. Тәттігүл орнынан ұшып тұрады). О-о, Балқия тәте! Сәле-е-матсыз! Келіңіз-келіңіз. (Екеуі құшақтасып сүйіседі). «Ауыл үйдің қонағы анда-санда» – деген, есікпе-есік отырып айында-жылында бір көретін болдық қой бір-бірімізді, тәте-ау. Жоғары шығыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |