Емдік-педагогикалық шаралар. Жүйкесі тозған балаларға қолданылатын медициналық шаралардың түрі едәуір көп. Бұл орайда дұрыс күн тәртібін орнатып, еңбек пен демалыстың алмасуының қолайлы ретін қалыптастырудың, уақтылы тамақтанудың, таза ауада жеткілікті жүрудің, дене шынықтырумен айналысудың маңызы зор. Жүйке тозуының кейбір түрлерінде дәрі-дәрмектермен емдеумен қатар физиотерапия кеңінен қолданылады. Мысалы, кварц (таудағы күн сәулелерімен емдеу), су процедуралары және т.б. Бірақ тек қана дәрігерлік еммен мұндай балаларды жазу мүмкін емес. Ата-анасы, педагог та бірігіп белсенді түрде баланың нейропсихикалық ұстамсыздығын түзетуге қатысуы қажет. Сонда ғана бала толық сауығып кетуі мүмкін.
Әлбетте, осындай жағдайларда педагогтың қызметі өте маңызды болып табылады. Мұғалім баланы күнделікті сыныпта бақылайды, үйіндегі жағдайдан хабардар болады. Ең бірінші ол баланың жанұясында невроздық белгілердің сақталуына ықпал ететін себептердің бар-жоғын байқауы керек. Егер ондай жайттар анықталса (ата-анасының арасындағы ұрыс-керістер, барлық балаларына бірдей қарамау және т.б.), тиісті шаралар қолдану керек. Мұғалім мен дәрігер баланың ата-анасына дұрыс кеңес берсе, әдетте отбасындағы кикілжіңдер аз да болсын, тыйылады. Ал кей кезде отбасындағы жағдай тіпті басқаша болады: керісінше балаға тым көп көңіл бөлінеді, айтқанының бәрін орындайды. Бұл да зиянды. Бала әртүрлі жолмен өзіне деген көңіл бөлуді тоқтатпау үшін ауру болып көрінгісі келеді. Әсіресе ата-ана көзқарасы оқытушы мен дәрігердің көзқарасымен сәйкес келмеуі теріс әсер етеді. Мысалы, ата-анасы дәрігер мен мұғалімнің айтқаны дұрыс емес деп баланың көзінше айтып алып, кейіннен бала тәртібі неге өзгермегендігіне аң-таң болады. Сонымен қатар екі ата-ананың да пікірі біржақты болғаны жөн. Ал егер бірінің айтқанын бірі баланың көзінше теріске шығарып жатса, бұл жүйке тозуын қалпына келтірмек тұрмақ, күшейтуі де мүмкін.
Кейбір балалардың неврозы мектептегі, ұжым ішіндегі керістермен байланысты болады. Бұл кезде мұғалім жағдайды түсініп, балаларға оны шешуіне көмектесуі тиіс. Егер невроз себебі оқу бағдарламасының күрделене түсуінен үлгерімнің нашарлауына байланысты болса, ондай балаға қосымша көмек көрсетілуі қажет.
Кейде жүйке тозуы айтарлықтай білінгенде балаға демалыс беріп, емдік-сауықтыру орындарына (санаторий, лагерь) жіберіп алған жөн.
Сонымен бірге мұндай балаларға психотерапия қажет. Баламен сыр ашып сөйлесу өте маңызды. Ол кезде оған дұрыс емес қылықтарының болашақ өмір жолына, денсаулығына қаншалықты теріс әсер ететіндігін жайлап түсіндіру өте тиімді болады. Осындай әңгімеде оған ашуын қалай тоқтату жайлы, ерігі мен жігерін қалай күшейту керектігі жайлы, ұжымда өзін-өзі дұрыс қалай ұстау керектігі туралы айту мұндай балаларға өте жағымды әсер етеді.