Қалқанша маңы бездері. Бұл майда жұп бездер қалқанша бездің артында орналасады. Олардың құрылымы қалқанша безінен өзгеше және олар бөлек гормондар бөліп шығарады.
Олардың қызметі бұзылғанда организмдегі кальций мен D дәруменінің (витамин) алмасуы бұзылып, соның нәтижесінде тырысулар (тетания) пайда болады. Нағыз тетания мешелмен (рахит) тығыз байланысты болады. Балаларда негізінен бет, жұтқыншақ, аяқ-қол бұлшық еттерінің тырысуы болады (спазмофилия). Сонымен қатар тістерінің бүлінуі байқалады. Кейде көмекей бұлшық еттерінің тырысуы нәтижесінде жеке ұстамалар түрінде дыбыс саңылауының спазмы, яғни тарылуы (ларингоспазм) болады. Шеткері жүйкелердің қозымдылығы жоғары болады. Балалар шошығыш, зейінсіз, түнгі қорқынышқа, энурезге бейім болады.
Тимус (айыршық без). Бұл без төс сүйегінің артында орналасқан. Тимус иммунитет жүйесініңқалыптасуы мен қызметін реттеп, бүкіл организмнің өсуі мен дамуына әсер етеді.
Айыршық без қалыпты жағдайда 13-15 жасқа таман кері дамуға ұшырайды (атрофияланады). Көп зерттеушілер осы кезеңді жыныстық жетілумен байланыстырады.
Тимустың аплазиясы мен гипоплазиясы біріншілік иммундық тапшылық құбылыстарымен сипатталады (тыныс жолдары мен ішек-қарынның қайталанбалы қабыну аурулары), бұл кейде науқастың өлімінің себебі болады. Туа біткен тимомегалия (тимустың ұлғаюы) кезінде бала бірден шетінеп кетуі мүмкін. Тимустың ісік ауруы (тимома) балаларда кеңірдектің қысылуына байланысты тыныстық бұзылыстардың себебі болуы ықтимал. Тимомалар миастениямен және т.б. сипатталуы мүмкін. Бірақ бірқатар жағдайларда симптомсыз тимоманы алып тастағаннан кейін ауыр миастения дамыған, яғни миастения тимомаға байланысты болмай шыққан.
Бүйрек үсті бездері. Олар құрсақ қуысында, екі бүйректің үстінде орналасқан. Бездер екі қабаттан тұрады – қыртыстық және милық.
Қыртыстық қабатында кортизон, гидрокортизон және т.б. көптеген гормондар шығарады. Олар зат алмасу процесін реттеп, организмнің қолайсыз әсерлерге қарсы тұру, бейімделу қабілеттерін жақсартады.
Милық қабатында адреналин (қорқыныш гормоны) түзіледі, ол жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін күшейтеді, ішек-қарын қызметін тежейді, көмірсу алмасуына әсер етеді.
Қыртыстық қабат қызметінің артуы гиперкортицизм атты синдром шақырады, ол кезде зат алмасу бұзылыстары, семіру, эйфория, көңіл-күйдің құбылмалы болуы, жыныстық дамудағы өзгерістер дамиды.
Қыртыстық қабат қызметінің төмендеуі Аддисон ауруын (қола ауруын) шақырады. Бұл ауруда тәбеттің төмендеуі, арықтау, қан қысымының төмендеуі, кейде тырысу байқалады. Теріде пигменттің жиналуына байланысты оның түсі қола тәрізді болып өзгереді. 14-16 жасар жасөспірімдерде жиірек кездеседі.