Аударма сөздіктер. Қазақ халқының сөз байлығын ең алғаш жинап-теріп жеке сөздік етіп шығару тәжірибесі өткен ғасырдыңекінші жартысынан бері ғана басталды. Орыстың атақты ғалымдары академик В.В.Радловтың «Түркі тілдерінің сөздігін жасаудағы тәжірибе» (1888-1911) атты төрт томдық сөздігі мен проф. Н.И.Ильминскийдің «Қазақ тілін зерттеудегі материалдар» (1861)деген арнаулы еңбегі ана тіліміздегі сөздерді жинақтап, сөздік етіп шығарудың үлгілерін көрсетті. Революциядан бұрын барлығы отызға жуық екі тілдік (орысша-қазақша немесе қазақша -орысша) аударма шағын сөздіктер жарық көрді. 1945 жылға дейін бастауыш және орта мектептерге арналған екі тілдік шағын нормативті сөздіктер жасаумен ғана шектеліп келген болсақ, 1946 жылы екі том «Орысша-қазақша сөздік», ал 1954ж. Бір томдық үлкен «Орысша-қазақша сөздік» (50.000 сөз, редакциясын басқарған проф. Н.Т.Сауранбаев, 1978, 1981жылдары екі том болып қайта басылды, ред. Ғ.Мұсабаев, Н.Сауранбаев басқарды), 1954ж. Х.Махмудов пен Ғ.Мұсабаевтың шағын «Қазақша-орысша сөздігі» басылып шықты.
Шағын түрде болса да «Ағылшын-қазақ сөздігі»(1960), «Монғолша-қазақша сөздік» (1954, 1977), «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» (1969,1984), «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» (1974) шықты.