Тақырып: Картографиялық бұрмалану.
Лекция жоспары:
2.1 Географиялық глобус.
2.2 Ұсақ масштабты картаның масштабы.
2.3 Картографиялық бұрмалану.
2.1 Географиялық глобус.
Географиялық глобус планетамыздың моделі болып табылады. Жердің пішіні Крассовскийдің эллипсоидына сай келеді. Бұл эллипсоид миллиондаған рет кішірейтіліп глобус бетіне түсірілгенде шар фигурасынан айырмашылығы жоқ. Мысалы, Крассовский бойынша экваторлық және полярлық жартылай осьтердің айырмашылығы 21,5 км, бұл мектептік глобуста (масштабы 1:50 000 000) не бары 0,4 мм құрайды, яғни планетарлық масштабта бұл айырмашылық байқалмайды. Және бір мысал, Дүние жүзіндегі ең биік шың Эверест, оның биіктігі 8848 метр, ал мектептік глобуста оның биіктігі шамамен 0,18 мм құрайды. Демек, Жерді ұсақ масштабты карта жасауда шар тәрізді деп алуға болады.
Глобус бетінде, жер беті мұхиттарға, материктерге және олардың бөліктеріне бөлінуінің дәл пішінін және өзара орналасуын дүрыс көрсетеді. Глобуста меридиандар мен параллельдердің пішіні, өлшемдерінің дәл ара қатынасы және өзара орналасуы Жердің градус торының нағыз пішініне сәйкес келеді.
Глобуста кез келген сызық кесіндісі жер бетіндегімен салыстырғанда бірдей кішірейтіліп бейнеленген, яғни қашықтық масштабы глобустың барлық бөліктерінде бірдей болады. Мұндай ерекшелігін тең масштабтық немесе тең аралық қасиеті (равнопромежуточность) деп атайды. Бұл дегенеміз, мысалы глобустың масштабы 1:50 000 000 болса, онда Жердің радиусы, оның шеңбері, жалпы жер бетіндегі кез келген қашықтық 50 млн рет кішірейтілген.
Тең масштабтық қасиетіне байланысты Жер бетінде бірдей болатын меридиандар глобустың бетінде де бірдей болады, ал параллельдер Жер бетінде де, глобус бетінде де экватордан қашықтаған сайын кішірейеді. Көршілес параллельдер арасындағы меридиандар доғалары глобустың барлық жерінде бірдей болады.
Глобустың барлық жерінде масштаб бірдей болғандықтан, аудан масштабы да бірдей болады, глобустың мұндай қасиетін тең мөлшерлік (равновеликость) деп атайды.
Глобустың беті тең бұрыштылық қасиетке ие, ол деген жер эллипсоиды бетіндегі екі бағыттың арасындағы бұрыш, өзгермей глобустың бетіне бейнеленеді. Меридиандар мен параллеьдер қиылысқан бұрыш, тік бұрыш болып келеді. Планетаның бетін бұрмалаусыз тек ғана глобус көрсетеді.
Глобус басым орта мектепте, география пәнін оқытуда пайдаланылады. Сонымен қатар, глобусты теңіз және әуе навигациясында, космонавтикада қолданылады. Мысалы, бір қаладан екінші қалаға ұшу үшін қысқа трассаны жоспарлайды. Бұл трасса глобус бетінде үлкен доға болып табылады. Мысалы, Алматы мен Лондон арасында бағытты көрсету үшін екі кала үстінен өтетін жіпті созу қажет, осы жіптің орны доға бойынша трассаны көрсетеді, бұл сызықты картографияда ортодромия (грек тілінде – «тура жол») деп атайды. Ғарыштық кемелерде кішкене айналатын глобустар орнатылады, оның жоғары нүктесі, Жер бетінің қандай жерінің үстінде кеме орналасқандығын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |