Элиталардың негізгі теориялары: Г.Моска мен В.Паретоның элитаның классикалық теориялары, демократиялық элитизм (М.Вебер) мен элита плюрализмі (Г.Лейпхарт, Р.Даль) концепциялары.
Саяси элита түсінігі. Қоғамға әсер ету көздері бойынша саяси элиталардың жіктелуі: (мұрагерлік, құндылықтық, биліктік, функционалдық), қалыптасу тәртібі бойынша (ашық және жабық). Элиталардың айналымы заңы. Саяси элитаның құрылымы (жоғарғы және орта). Саяси элиталарды таңдау жүйелері.
Саяси көшбасшылық түсінігі мен табиғаты, оның әлеуметтік функиялары. Саяси көшбасшылықтың қазіргі теориялары.
Саяси көшбасшылықтың жіктелуі. Саяси көшбасшылықтың сипатын айқындайтын факторлар. Саяси көшбасшылықтың дамуындағы жаңа үрдістер.
1. Элиталардың негізгі теориялары: Г.Моска мен В.Паретоның элитаның классикалық теориялары, демократиялық элитизм (М.Вебер) мен элита плюрализмі (Г.Лейпхарт, Р.Даль) концепциялары. Элитология дербес ғылыми пән ретінде ХХ ғасырдың өнімі болса, ал оның тамыры тереңге кетеді. "Элита" термині француздың elite деген сөзінен шыққан, сұрыпталған, таңдалған, іріктелген деген мағынаны білдіреді.
Элитология классиктері италяндық социологтер Г.Моска, В.Парето, Р.Михельс болып табылады. Элитаның қазіргі заманғы теориясын жасаған Г.Моска мен В.Парето. Бұл екі автор арасында басымдылықтар жөнінде пікір-таластар да болды. В.Парето Европада Г.Москаға дейін танымал, атақты болған. Бірақ билеуші таптың тұтас концепциясын, оның әлеуметтік-саяси процестегі рөлін бірінші рет Г.Моска ұсынды. (Г.Москаның алғашқы еңбектерінде элита ұғымы қолданылмады). Кейін Г.Моска Т.Паретоны саяси элита теориясын қалыптастырудағы еңбегін иеленгені үшін, оған сілтеме жасамағаны үшін кінәлайды. Дегенмен де Г.Моска мен В.Парето теорияларында шын мәнінде ұқсас жақтары бар болатын
Саяси процесс субъектісі ретіндегі билеуші тап концепциясын Г.Моска «Саяси ғылымдар негіздері» (1896ж.) атты кітабында жасады. Кейінен бұл кітап «Билеуші тап» деген атпен ағылшын тіліне аударылды.
Г.Москаның концепциясындағы бастама бөлім- қоғамды билеуші азшылық пен саяси тәуелді көпшілікке бөлуі. Г.Моска өзінің тұжырымын былай сараптады: «Тіпті сырттай қарағанның өзінде бір нәрсе белгілі. Барлық қоғамда, енді өркениетке жеткенінен бастап, алдыңғы, күшті қоғамдарда барлық уақытта адамдардың екі тобы пайда болады- билеуші тап және биленуші тап. Біріншісі біршама азшылық, барлық саяси қызметтерді орындайды, бұл уақытта екіншісі, көпшілік тап біріншілермен саяси организмнің әрекет етуіне мүмкіндік беретін тәсілмен басқарылады және бақылайды. Ақиқат өмірде біз бәріміз бұл билеуші (саяси ) тап өмір сүруін мойындаймыз». Бұл үзінді элитаризм зерттеушілеріне «классикалық» тұжырым, саяси элита теориясының негізі. Қоғамды басқару әрқашанда «азғана ықпалды адамдар қолында болатындықтан» көпшілік олармен саналы және санасыз келісетіндіктен Г.Моска «демократия» ұғымына сенімсіздік білдірді. Аристотельдің демократия дегені тек қоғамның көпшілік мүшелерінен құралған аристократия билігі ғана деп санады.
Азшылықтың көпшілікке билігі қандай да бір деңгейде легитимделінеді, яғни көпшілік мойындауымен жүзеге асырылады. Бұл феноменді қалай түсіндіруге болады? Ең алдымен, бұл билеуші азшылық әрқашанда ұйымдастырылмаған бұқараға қарағанда ұйымшыл. Бұл азшылық билігін легитимдендіретін тағы бір жағдай: «Ол мынады, оны құрайтын индивидтер басқарылатын бұқараға қарағанда сапа жағынан ерекшелінеді, олар материалдық, интелектуалдық және тіпті моралдық артықшылықпен қамтамасыз етілген... Басқа сөзбен айтқанда басқарушы азшылық өздері тұратын қоғамда өте құрметтелінетін қасиеттерге ие».
Г.Моска билікті иеленушілердің «моралдық артықшылығы» және «әскери табысы» сияқты тезистерінен гөрі «байлығы» туралы тұжырым құндырақ деп санады. «Билеуші таптың басым қасиеті әскери жетістігінен гөрі байлығында, билеуші батырдан гөрі бай». Содан соң «белгілі бір кемеңгерік сатысына жеткен қоғамда, жеке билік қоғамдық билікке ауысқанда, мүліктілер билігі, байлар билігі орнайды, бай болу- онда құдіретті болу деген сөз. Шын мәнінде темір жұдырықпен күреске тиым салынғанда, фунт пен цент күрестеріне рұқсат беріледі, ең жақсы қызметтер кім ақшамен жақсы қамтамасыз етілсе соған тиеді». Г.Моска пікірінше мұнда екі жақты бағыт пайда болады: байлық саяси билікті қалыптастырады, сонымен бірге саяси билік ақшаны әкеледі.
Г.Моска пікірінше басқарушы азшылық әрқашанда белгілі бір деңгейде бірігеді, ол жабық тапқа айналу үрдісіне ие. Барлық билеуші таптар мұрагерлік болуға тырысады, егер заң бойынша болмаса, онда іс жүзінде». Мұнда шындық өлшемі көп, ол деспоттық шығыстан партноменклатуралық социализм элитасына тән. Г.Москаның элитаны жабық тап деуі де орынды. Мұрагерлік элитада оның құрамы отбасы мүшелерімен шектелген, бала туу ғана бұл тапқа өту өлшемі. Ал, ашық қоғамда білім билеуші тапқа жол ашады. Дегенмен, билеуші тап мұнда білім беруді монополияландырады, белгілі бір индивидтер ғана элитный білім алады.
Г.Моска үшін элитаға жаңа адамдардың келуі- қоғам денсаулығының кепілі. Бірақ Г.Моска пікірі бойынша бұл консервативті үрдіс тұрақты қоғамда ғана мүмкін, яғни элитаны бұқарадан шыққан таңдаулылармен толықтыру мен сабақтастықты сақтауы. Демек, Г.Моска элитаның ауысуы емес, трансформациялануы концепциясына жақын келді.
Г.Москаны тарихтағы бұқара рөлін жоққа шығарғаны үшін және демократияға негилистік қатынасы үшін сынға алуға болады. Г.Моска билеуші таптағы екі үрдісті атап көрсетті- аристократиялық және демократиялық. Біріншісі, элита мобилділігінің жоқтығымен, қоғам жаңармауымен ерекшелінеді, ал екіншісі, әлеуметтік өзгерістер кезеңі, билеуші таптың әлеуметтік төмендегілердің біршама динамикалық және қабілетті өкілдерімен толықтырылуына мүмкіндік жасалынады.
Сонымен қорыта айтқанда, Г.Москаның элита билігі идеясы- билеуші азшылық билігін ақтауға деген талпыныс, көпшілікті оның легитимділігіне сендіру.
В.Парето - позитивті социологияның көрнекті өкілі, ол элитаға кім жататындығын анықтау үшін статистикалық әдісті ұсынады: «... өз қызметінің саласында ең жоғары баға алған адамдардың әрқайсысын элита деп атаймыз»- деп жазады.
Сонымен байлар әлеуметтік пирамиданың шыңын қалыптастырады, кедейлер негізін құрайды. В.Парето пікірінше қоғамды басқа негізде, мәселен, кез келген қызмет облысындағы қабілет негізінде жіктеуге болады. Оның тұжырымы бойынша өмір сүру үшін күресте кімдер ең жоғары шыңға жетсе, олар элитаны құрайды. Индивидтер, күшті ықпал мен байлыққа ие, «қоғамның жоғары қабаты элитаны» құрайды. Оларға В.Парето ең алдымен коммерциялық, саяси, әскери, діни төбелтопты жатқызды. Бұл элитаны кең тұжырымдау. Дегенмен В.Парето элитаны тар мағынада да тұжырымдайды. Бұл элитаның саясатта шешуші рөл атқаратын бөлігі, яғни билеуші элита. Демек, элитаның барлық мүшелері оның тар мағынасына енбейді. Әлеуметтік құрылым В.Парето бойынша былай бөлінеді: жоғары қабат- элита, билеуші және билемеуші; төменгі қабат- бұқара.
Қоғамдағы материалдық және рухани құндылықтарды бөлу, әсіресе, билік, байлық, беделді тең емес. «Байлықты бөлудегі теңсіздік қоғамның экономикалық ұйымдастырылуынан гөрі, адамның табиғатына көбірек тәуелді».
Әлеуметтік динамиканы түсіндіру үшін В.Парето «элитаның циркуляциялану» теориясын жасады: әлеуметтік жүйе тепе-теңдікке ұмтылады және ол тепе-теңдіктен шыққанда белгілі бір мерзімде оған қайтып келеді; жүйенің теңселу процесімен оның тепе-теңдіктің «бірқалыпты жағдайына» келуі әлеуметтік циклді қалыптастырады; цикл ағымы элитаның циркуляциялану сипатына тәуелді. В.Парето тарихи процесті элитаның негізгі түрінің мәңгілік цикуляциялануы ретінде көрсетуге талпынды. Бұл циркуляциялану схемасының қоғамдық дамудың тарихи тұрғысымен байланысы шамалы. Ол «элита қоғамның төменгі қабатынан пайда болады және күрес барысында жоғары көтеріледі, гүлденеді және ақыр соңында жойылады және жаншылады. Бұл элита айналымы тарихтың әмбебап заңы болып табылады»- деп жазады. В.Парето үшін тарих- артықшылыққа ие азшылықтың сабақтастық тарихы, олардың қалыптасуы, күресі, билікке жетуі, биліктен құмарының қануы, құлауы, басқа артықшылыққа ие таптың келуі.
Неге элитаның ауысуы болады, ал олардың үстемдігінің тұрақсыз және ұзақ болмау себебі неде? Бір элитаның тұрақты түрде екіншісін ауыстырып отыруы қоғамды басқару сұранысына басқару әдісінің сай келмеуінен. Демек, әлеуметтік жүйеде тепе-теңдікті сақтау үшін бір элитаны басқасымен ауыстыру процесін талап етеді, элиталар алдында бұл талап қайта ауысып пайда болып отырады.
В.Парето элита күштілігін күштеумен шатастыруға болмайды, ол әлсіздік сыңары деп санады. Төменгі қабатта барлық уақытта қоғамды басқаруға қабілетті адамдар бар. Элитада тұрақты түрде қоғамды басқаруға қажетті сапасы болмайды. Күштеуге жүгінетін элементтер жинақталынып отырады. «Аристократияда сандық ғана емес, сапалық та құлдырау болып тұрады». Яғни билеуші элита уақыты келгенде өзінің сапалық қасиеттерінен айырылады, сол кезеде халық үшін қажетті сапалық қасиеттерге ие жаңа, жас элита өмірге келеді.