Оқытудың техникалық құралдары: интерактивті тақта, сызба–кестелер
Лекция оқудың тәртібі, оқыту әдістері мен түрлері: баяндау, проблемалық, сұрақ – жауап, түсіндіру, кіріспе лекция.
Әртүрлі күрделілік деңгейдегі тапсырмалар (сұрақтар) және оларды бағалаудағы ұпайлардың үлестірілуі:
Күрделі деңгей:
1. Тілден тілге сөз ауысу құбылысын талдап түсіндіріңіз.
2. Дыбыстық құбылыстардың пайда болуына анықтама беріңіз.
Орта деңгей:
3. Протеза және эпитеза, редукция мен элизияны айтып беріңіз.
4. Эпентеза және метатеза туралы баяндаңыз.
Жеңіл деңгей:
5. Аферезис және гаплологияның анықтамасын айтыңыз.
6.Сегменттік фонетика тұрғысынан алғанда вариант пен вариация ұғымы туралы жазыңыз.
БӨЖ және ОБӨЖ тапсырмалары, олардың түрлері мен орындалуына қойылатын ұпайлардың үлестері:
1 Дыбыстық үнемнің жасалу жолы
2 Кірме сөздерді игерудің өзіндік ерекшеліктері
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:
Негізгі әдебиеттер:
1. А.А.Молдашова Қазақ тілінің фонетикасы. Оқу құралы. Түркістан, 2018ж.
2. Ә. Жүнісбек Қазақ тіл білімінің мәселелері. Қазақ фонетикасы. Оқулық Алматы, 2018ж.
3. Ш.Құрманбайұлы, С.Исқақов, Б.Мизамхан т.б. Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі.2019ж.
Қосымша:
WEB САЙТТАР:
1. https://elib.kz/
№10 лекция тақырыбы: Буын.Бунақ.Екпін.
Лекцияның оқыту нәтижелері:1 Буын туралы түсініктерін айта біледі;2.Буын жігі және тасымал жайлы тұжырым жасай алады; 3.Дыбыс жылысуы туралы көзқарастардың маңыздығын түсінеді;4. Ырғақ, екпін мәселесі туралы ғылыми пікір қалыптастырады.
Лекция мазмұны:
Буын-ауаның кілт үзілуінің не кедергіге ұшырауының нәтижесінде пайда болатын жеке (дауысты) дыбыс не дыбыстар (дауысты, дауыссыз) тобы. Қазақ тілінде буынның маңызы ерекше. Дыбыстық негізгі заңдар осы буынның төңірегінде өрбиді. Буынға тән сипаттар:
1.Буын болу үшін оның құрамында дауысты дыбыс болуға тиіс және оның саны біреуден артық болмауға тиіс. Сөздің құрамында қанша дауысты фонема болса, сонша буын болады.
2. Буында мағына болмайды. Мысалы: бала-лар.
3. Тіліміздегі байырғы сөздер бірыңғай не жуан болып, не жіңішке буында болып келеді. Мысалы: берекелі-бе-ре-ке-лі, сәнденіп –сән-де-ніп.
4.Тіліміздегі байырғы сөздер, сондай-ақ буындар да қос (екі) дауыссыздан басталмайды.
5. Бас (бірінші) буын болмаса, қалған буындар дауыстыдан басталмайды.
Қазақ тіліндегі буынның түрін Қ. Жұбанов алтыға, Н.Сауранбаев төртке,
С. Кеңесбаев үшке бөледі.
Қазіргі қазақ тіліндегі буындар дыбыстық құрамы жағынан мынадай болып келеді:
бір дыбысты: а-та, ә-же, а-па, і-ні;
екі дыбысты: ба-ла, қа-ла-да, та-за-ла;
үш дыбысты: бас, бет, сөз, көз, орт;
төрт дыбысты: қант, төрт, былқ, жалт, жылт.
Тіліміздегі байырғы сөздердің дыбыстық құрамы осы төрт дыбыстан аспайды. Ал орыс тілі арқылы енген сөздерде буын бес, тіпті алты дыбысты да бола береді.
бес дыбысты: пункт, спорт, текст, скетч;
алты дыбысты: спектр, спринт.
Сөйлеу кезінде сөздер кейде жеке, көбіне, екіден, үштен ұштасып
кірігіп топ құрап айтылады. Осындай топтарды бунақ дейміз.
Сөйлеу кезінде бір бунақ құрап айтылатындар алдымен күрделі сөздер және әр түрлі жолдармен тіркескен сөздер. Атап айтқанда:
1. Біріккен сөздер: әргім (жазылуы әркім), бетпұрыс (бетбұрыс), орымбасар (орынбасар).
2. Қос сөздер: қорағора (қора-қора), етегжең (етек-жең), қызғырғын (қыз-қырқын), кезбегез (көзбе-кез).
3. Қысқарған сөздер: афком (обком), сафкоз (совхоз), петсавет (педсовет).
4. Өзара тіркескен (күрделі) зат есімдер: малғора (мал қора), қонағүй (қонақ үй), ташшол (тас жол).
5.Күрделі сын есімдер: қарала (қара ала), үзүмбойлү (ұзын бойлы).
6. Күрделі сан есімдер: омбір (он бір), қырықпір (қырық бір), тоқсамбес (тоқсан бес).
7. Есімдік тіркестер: бүлгім (бұл кім), олғайда (ол қайда), сеңкімсің (сен кімсің).
8. Етістік тіркестер: жазыбеді (жазып еді), сөйлебжатыр (сөйлеп жатыр).
9. Негізгі сөздер мен көмекші сөздердің тіркесі: үйгөгарай (үйге қарай), мағаңқарай (маған қарай), содангейін (содан кейін).
10. Тұрақты тіркестер: жүрогжүтқан (жүрек жұтқан), ташшүрөк (тас жүрек).
Сөз ішінде бір буынның күшті айтылуын екпін дейміз. Қазақ тілінде екпін сөздің соңғы буынына түседі. Бұл-бізге мектептен таныс қағида. А.Байтұрсынов та: ″Қазақ тілінде екпін буыны сөздің не аяғында келеді, не аяғына таяу болып келеді″,-дейді.
Ә.Жүнісбеков қазақ тілінің фонетикалық жүйесін мұқият зерттеудің нәтижесінде үндіевропа тілдеріне тән осы құбылыстың орынсыз қолданылып келгенін, түркі тілдерінде сөз екпінінің жоқ екенін, оның қызметін бұл тілдерде сингармонизм атқаратынын дәлелдеді.
Дауыстыға біткен буынға дауыстыдан басталатын буын жалғанса, алғашқы дауысты дыбыс түсіп қалады. Мұны буын ығысуы дейміз. Ал буын жылысуы ″алдыңғы буынның соңғы дауыссызының кейінгі буынға сырғуы″. Мысалы: торы ат (торат), сары ала (сарала), алты ай (алтай).
Келесі буынға жылжыған дәнекер дауыссыз бастапқы үнін, реңін (жуан не жіңішке, қатаң-ұяң, еріндік-езулік қалпын) кейде сақтап, көбінесе өзгертіп тұратыны бар. Буындар жігіндегі мұндай дыбыстар сөздерді біріне-бірін желімдеп, байланыстырып, қиюластырып зор фонологиялық қызмет атқарады.
Мәселен: бі-ре-лі (бір елі), е-кі-шек (екі ішек), төр-түй (төрт үй), жүзүш (жүз үш) секілді бунақтарда (сөз тіркестерінде) келесі буынға жылжыған р, к, ш, (т,з, н, ң) дауыссыздары бастапқы қалпын сақтап, реніш бермей, екі буынның арасын желімдеп, жымдастырып тұр. Соның арқасында жылдам сөйлеуге жағдай жасап, дыбыстау мүшелерінің жұмысын жэжеңілдетіп, сөздер арасында жарықшақ түспей, ешқандай мүкіссіз, кідіріссіз бір сөз сияқты сияқты айтылады. Тіл, ерін қатысы жағынан бірдей буындар арасында келген бұл дыбыстар елеусіз жылжып фонологиялық қызмет атқарып тұр.
1.Буын бір дыбыстан немесе бірнеше дыбыстың тіркесінен жасалады . Кез келген дыбыс буын құрай бермейді . Көпшілік тілдерде буын жасайтын дыбыстар – әдетте дауыстылар.Дауыстылар жеке-дара күйінде де , дауыссыздармен тіркесіп келіп те буын құрай береді. Буын құрайтындар тек дауысты дыбыстар ғана емес , сонымен бірге кейбір тілдерде , мысалы, чех, серб тілдерінде дауыссыз дыбыстар да буын құрай алады . Мысалы, чех тілінде lkv (волк-қасқыр), серб тіліндегі прст (палец-саусақ) деген сөздер бір өңкей дауыссыздардың тіркесінен жасалғанымен , әрқайсысы бір-бір буынды сөз третінде қаралады.
Сөздердің айтылуыдағы буын саны мен жазылудағы буын саны әрқашан бір-біріне сай келуі шарт емес . Кейбір сөздердің жазылудағы буын санынан айтылудағы буын саны көп болса (мысалы, литр сөзі айтылуда екі буынды сөз болып айтылады), керісінше , кейбір сөздердің айтылудағы буын санынан жазылудағы буын саны көп болады (мысалы, Сарыарқа деген сөздің құрамындағы қатар келген дауыссыздың алдыңғысының түсірілуі нәтижесінде айтылуда бір буын кемиді).
2.Дыбыс құрылысы жағынан буын үш түрге бөлінеді : ашық буын, тұйық буын, бітеу буын.
Ашық буын . Бір ғана дауыстыдан болған немесе дауыссыздан басталып , дауыстыға біткен буын ашық буын деп аталады. Мысалы: а-ла, ә-ке, а-та, қа-ра, да-ла, і-ні, мә-се-ле т.б.
Тұйық буын . Дауыстыдан басталып , дауыссызға біткен буын тұйық буын деп аталады. Мысалы: оң, оқ, ол, ақ, ас, ұл, өрт, ұрт, ант.
Бітеу буын. Ортасы дауысты болып , екі жағы да дауыссыз дыбыспен тұйықталған буын бітеу буын деп аталады. Мысалы: құс, құм, құр, күн, қан, қас, қар, қап, қос, қол, түн, түр, төр, тон, төрт, бұлт, қант, тарт, т.б.
Түркі тілдерінде , соның ішінде қазақ тілінде, үш дыбысты тұйық буын мен төрт дыбысты бітеу буынның соңындағы қатар келген екі дауыссыздың ең соңғы дыбысы қатаң , оның алдындағы дыбыс дыбыс үнді болып келуі шарт. Мысалы: ант, ұлт, өрт, бұлт, тарт т.б.
3.Сөз құрамындағы буындардың айтылуы біркелкі бола бермейді . Ол буындардың біреуі , басқаларына қарағанда , айқынырақ ажыратылып , көтеріңкі айтылады. Мұндай қасиетке , әдетте , екпін түскен буын ие болады. Осыған орай , екпін түскін буынды екпінді буын деп атайды. Екпін түскіен буын басқа буындардан негізгі үш тәсіл арқылы ажыратылады.
Буының біреуі басқа буындардан айрықша күшті айтылуы арқылы ажыратылады. Екпіннің мұндай түрі лебізді екпін немесе динамикалық екпін деп аталады.
Динамикалық екпін фонациялық ауаның қарқыны , буынның күшімен байланысты болады да, басқа буындардың ішінде бір буынның көтеріңкі айтылуына негізделеді. Динамикалық екпін көптеген тілдерге караған . Екпіннің бұл түріне ие тілдер мыналар : славян тілдері, түркі тілдері , герман тілдері. Тіл тарихында динамикалық екпіннің музыкальды екпінді ығыстырып шығаруы кездеседі. Мысалы, көне грек тілі музыкальды екпінге ие тіл болса , жаңа грек тілінің екпіні – динамикалық екпін.
Басқа буындардың ішінен бір буын айтылу тонының ырғағы арқылы ерекшеленіп , дауыс шымылдығының дірілінің жйілеуіне негізделеді. Екпіннің бұл түрі тоникалық немесе музыкальды екпін деп аталады. Екпіннің бұл түріне ие тілдер: қытай , корей , дүнген , япон , серб , литва , т.б. тілдер.
Басқа буындардың ішінен бір буын өзінің құрамындағы дауыстының созылыңқы айтылуы арқылы ажыратылады. Бұл квантативті екпін деп аталады.
4.Тілде екпіннің түрлері араласып келеді де, оның бір түрі басым болады. Кейбір тілде динамикалық екпінге квантативті екпіннің қосылуы мүмкін . Мұндай лебізді екпін негізгі болады да, квантативті екпін қосымша , көмекші қызмет атқарады. Мысалы , орыс тілі лебізді екпінге ие тілдердің тобына жатады. Солай бола тұрса да , оған квантативті екпіннің қатысы бар . Орыс тілінде сөз құрамындағыекпін түскен буын , біріншіден, жоғарғы қарқынмен , көтеріңкі айтылса, екіншіден, ондағы дауысты дыбыс басқа буындардағы дауыстыға қарағанда созылыңқы айтылады. Демек , орыс тіліндегі екпін түскен буын квантативті болады.
Неміс тілі де – лебізді екпінге ие тілдің бірі . Мұмымен бірге , неміс тіліндегі екпіннің муэыкальды сипаты бар. Бұл тілде екпін түскен буын екпінсіз буыннан тонның өте-мөте жоғары көтерілу сипатымен ерекшеленіп ажыратылады. Алекпіннің сандық жағының неміс тілінде пәлендей ролі болмайды, өйткені ондағы созылыңқы дауыстылар келте дауыстыларға қарсы қойылады да, фонетикалық қызмет атқарады.
Кейбір тілдерде , мысалы , орыс тілінде , екпін сөздердің әр буынына – алғашқы, ортадағы, соңғы буынына да – түсе береді . Екпін арнаулы бір буынға байланбай, ыңғайына қарай әр басқа буынға түсе беретін болса, ондай екпін жылжымалы екпін деп аталады. Мысалы, орыс тіліндегі екпін – жылжымалы екпін .
Кейбір тілдерде, мысалы, түркі тілдерінде , екпін көьінесе арнаулы бір буынға байланып , басқа буындарға жылжи бермейді . Екпін белгілі бір буынға телініп тұрақталса, ондай екпін тұрақты екпін деп аталады. Түркі тілдері тұрақты екпінге ие тілдердің тобына жатады. Түркі тілдерінде , соның ішінде қазақ тілінде , екпін сөздің көбінесе соңғы буынына түседі.
5.Тіл-тілде сөз екпінінен басқа фразалық екпін де болады. Сөйлеу процесінде бір-бірімен тіркесіп айтылған сөздердің әрқайсысы дербес екпінге ие болуы шарт емес . Кейбір сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің әрқайсысы өз алдына дербес екпінмен дараланбай , айтылу жағынан жігі жымдасып , бір ғана екпінге ие болады. Мұндай сөз тіркестеріндегі екпін фразалық екпін деп аталады. Фразалық екпіннің , әсіресе сөздер бір-бірімен қосымшалар арқылы емес , орын тәртібі және дауыс тоны арқылы байланысатын және солар арқылы бірінен бірінің жігі ажыратылатын түбір тілдерде мысалы, қытай тілінде және аффикстер қолданылатын орында көбінесе жеке сөздер қолданылатын француз тілдерінде айрықша маңызы бар.
Сөзде белгілі бір буынның екпін түсіп, ерекшеленіп айтылатыны сияқты , кейде сөйлемде бір сөзге ерекше назар аударылып айтылатыны бар. Сөйлемдегі айрықша назар назар аударылып айтылған сөзде ой екпіні болады да , ол сөз басқа сөздерге қарағанда , ерекше әуенмен айтылады. Мұндай екпін логикалық екпін деп айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |