Өзіндік сұрақтары: 1.Тотытәрізділер отрядының ерекшеліктері қандай?
2. Тоқылдақтәрізділер отрядының ерекшеліктері қандай?
№21 лекция
Тентекқұстар отряды - Сарrimulgiformes Жоспар:
1.Тентекқұстар отряды - Сарrimulgiformes
2. Көкектәрізділер отряды - Сuculiformes
Лекция мақсаты: Тентекқұстар, көкектәрізділер отрядтары жөнінде толық мәлімет беру.
Лекция мазмұны:Тентекқұстар отряды - Сарrimulgiformes
Негізінен тропикада, қоңыржай аймаққа аздаған түрлері енеді, тараған 5 тұқымдасқа жататын 93 түр бірігеді. Жапалақтәрізділер отрядымен алыстан туыстық қатынасы байқалады. Пайда болу орталығы - Жаңа дүние болуы мүмкін. Әртүрлі биотоптарда -орман, дала, шөл, тауларда - мекендейді. Түнде және ымыртта белсенді. Салмағы 50 г-н 700 г-ға жетеді. Тұмсығы қысқа әрі жалпақ. Езуі үлкен: жақ буыны көздің артында орналасқан. Езуінде ұзын вибристері бар. Көзі үлкен, біршама алға қараған. Танаулары жабық. Қауырсындары жұмсақ әрі бос. Қалыпты қауырсындарының мамық бөлімі дамыған және қосымша өзегі бар. Мамық тек аптерияларда ғана өседі. Кейбір түрлерінде "опасы" болады. Қанаттары ұзын әрі жіңішке. Ұшуы шусыз және мәнерлі. Аяқтары қысқа, саусақтары әлсіз. Жерде нашар жүреді. Құйрығы ұзын. Құймышақ безі қауырсынданбаған, немесе ол мүлдем жоқ. Тілі жалпақ, әдетте өтс қысқа. Жемсауы жоқ. Реңі бүркенішті, осыған орай құс көзге байқалмайды. Көптеген түрлері жануарқоректі, қорегін әдетте ұшып жүріп ауадан ұстайды. Моногамдар. Жұмыртқасын ағаш қуысына, жерге немесе ағаштағы ұяға салады. Ұяда әдетте 1-2 жұмыртқа болады. Екеуі бірге шайқайды. Балапандарының көзі ашық.
Гуахаролар тұқымдасына (Steatornithidае) бір ғана түр гуахаро (Steatornis caripensis) жатады, ол Оңтүстік Американың таулы тропикалық ормандарында тараған. Салмағы 400 г, қанат құлашы 1 м-ге жуық. Қауырсындануы тығыз, қалыпты қауырсынның қосымша өзегі және "опасы" жоқ. Тұмсығы күшті, үстіңгі тұмсықтың ұшы өткір имек, ал астыңғы тұмсықта тісті өсіндісі болады. Аяқтары әлсіз: бұтақта отыра алмайды және жерде жүре алмайды. Бірақ аяқтарының саусақтары өткір тырнақтармен жабдықталған, ол жар кернеуінен ұстап тұруға жәрдемдеседі. Өсімдікқоректі. Қорегі - жеміс, жидек, тұқым. Үңгірде шоғыр құрып тіршілік етеді. Қараңғыда эхолокация көмегімен бағдарлайды. Балапандары жалаңаш. Олар денесіне салмағының 1/3 бөлігіндей теріасты және іш майын жинайды.
Жапалақтәрізді тентеқұстар тұқымдасы (Роdorgidае) Оңтүстік-шығыс Азия мен Австралияның тропикалық ормандарында мекендейтін 12 түрді біріктіреді. Тұмсығы күшті, ұшы имек. Саусақтары күшті, ағаш бұтақтарын орап алады. Төртінші саусақ өте қозғалмалы және жапалақтардағыдай артқа қарай қозғалады. Құйрық маңында "опасы" болады. Қорегін ауадан ауламайды, жерден жинайды. Қорегі - қоңыз, құршаян, көпаяқты, дернәсілдер және басқалары. Ағашқа кішкентай ұя салады. Ұядағы 2-3 жұмыртқаны тек аналығы шайқайды. Балапандары жұмыртқадан мамықты болып шығады. Өкілдері: ява бақаауызы (Вatrachostomus javensis) жапалақтәрізді тентеқұс (В. топiliger) және басқалары.
Нағыз тентеқұстар тұқымдасы (Сарrimulgidае) ағаштары сирек ормандарда, далаларда, шөлдер мен таулы жерлерде мекендейтін 70-ке жуық түрді біріктіреді. Тұмсығы қысқа әрі әлсіз. Мұрын тесігі қысқа түтікшетәрізді. Аяғы әлсіз, бұтақты орап ұстай алмайды. Орта саусақтың тырнағы тілімді. Төртінші саусағы артқа және бүйіріне айнала алмайды. "Опасы" жоқ. Тек ымырт түсе қорегін аулауға шығады. Қорегі - алуантүрлі насекомдар, оларды ұшып жүріп аулайды. Америка ақтамақ: тентекқұсы (Рһаlaenoptilus nuttallii) "қысқы ұйқыға" кетеді, ол 85 күнге созылады. Бұл кезде дене температурасы 18°-қа дейін төмендейді. Ауа температурасы күрт төмендегенде кәдімгі тентекқұстың да (С. еиropoeus) қысқа мерзімді ұйқыға кететіні байқалған. Тентекқұс ұя жасамайды, 1-3 жұмыртқаны тура жерге салады. Екеуі кезектесіп шайқайды және балапандарын өрбітеді. Балапандары ширақ: көзі ашық, денесін мамық жапқан. Қазақстанда 2 түрі: кәдімгі тентекқұс (Сарrimulgus europaeus) және қылаң тентекқұс (С. еаgyptius) кездеседі .
Көкектәрізділер отряды - Сuculiformes
Отряд барлық материктерде, тек биік ендіктерден басқа, бірақ көптеген түрлері тропиктерде тіршілік ететін 2 тұқымдасқа жататын 148-ге жуық ағаш құстарын біріктіреді. Пайда болған орталығы Ескі дүниенің тропикасы болуы мүмкін. Көкқарғатәрізділермен алыс туыстық қатынаста болатын сияқты. Салмағы 20 г-н 1 кг-ға дейін болады. Танаулары жабық. Қауырсыңдануы қатты, мамық тек аптерияларда ғана болады. Сирағындағы қауырсындар "балақ" түзейді. Көптеген түрлерінің қанаттары үшкір әрі ұзын. Аяқтары қысқа, төртсаусақты: екі саусағы алға, екеуі артқа бағытталған. Құйрығы ұзын, сатылы.
Тураколар тұқымдасы (Мusophagidае) Африканың тропикалық ормандарында тіршілік ететін 18 түрді біріктіреді. Салмағы 250 г-н 1 кг-ға жетеді. Тұмсығы салыстырмалы түрде қысқа, аздап төмпиген, тұмсығының шеті әдетте тісшелі. Танауларының сыртқы тесігі тұмсықтың түбіне жақын жатады. Қалыпты қауырсыны қосымша өзекті. Құймышақ безі қауырсынданған. Қанаты дөңгеленген, салыстырмалы түрде құйрығынан қысқа. Көптеген түрлерінде басында кекілі болады . Әртүрлі өсімдіктектес азықпен - жидек, жеміс, гүл және бүршіктермен қоректенеді. Моногамдар. Ұясын ағашқа салады. Ұяда 2 жұмыртқа болады. Балапандары қызылшақа, бірақ көкектердің балапандарынан ерекшелігі денесін мамық тез басады. Балапандарының қанатының бірінші саусағында тырнағы жақсы жетілген, онымен бұтақты ұстайды (гоацин балапаны сияқты). Өкілдері: ақжағал банан-жегіш (Таиraco leucotis), айдарлы турако (Соrythaeola cristata) және басқалары.
Көкектер тұқымдасы (Сисulidae) Субарктика мен Антарктикадан басқа барлық материктерде таралған 130 түрді біріктіреді. Тұмсығы ұзарған, ұшы үшкір, шеті тегіс. Езуі үлкен. Жеке түрлерінің басында кекілі болады. Қалыпты қауырсынның қосымша өзегі рудиментті немесе жоқ. Құймышақ безі қауырсынданбаған. Тек бір туысы Еudynamis өсімдікқоректі (тұмсығының шеті тісшелі). Басқа барлық көкектер насекомдар және олардың личинкаларымен, жұмыртқалармен және балапандармен қоректенеді. Көкектердің басым көпшілігі ағаш және бұта құстары, кейбіреулері (жер көкегі - Geococcyx californicus) жерде тіршілік етіп, ұясын жерге салады. Көпшілік түрлері - моногамдар. Олар қарапайым ұя салады, екеуі ұядағы 2-6 жұмыртқаны кезектесіп шайқайды және балапандарын қоректендіреді. Бұлар негізінен батыс жарты шарда тараған. Басқа түрлерінде (олар 50-ге жуық) азды-көпті ұя паразитизмі байқалады, бұлардың барлығы дерлік шығыс жарты шарда тараған. Бұлар әдетте полигамдар. Ұя паразитизмінің деңгейі түрлі түрлерде түрліше. Мысалы, дернәсілжегіштер (Сrotophagа және Сuіrа туыстары) ұрпақтарын көп жағ-дайда өздері шығарады, десе де кейде жұмыртқаларын басқа өз түрлерінің ұясына салады, немесе 2-3 жұп көкектер ортақ ұя жасайды, оған барлығы жұмыртқаларын салады, аналықтары кезектесіп шайқайды және балапандарын бірігіп қоректендіреді. Кейбір алатұмсық көкектер (Соссyzus туысы)жұмыртқаларын басқа құстардың жасаған ұяларына салады, бірақ өздері шайқап, балаларын өздері қоректендіреді. Африка көкектері (Сһrуsососсух туысы) жұмыртқаларын басқа майда құстардың ұяларына апарып тастайды, оларды ұяның иесі шайқайды және ұяда көкектің ба-лапанын қоректендіреді, бірақ ұядан ұшып шыққан балапандарды көкектердің өздері ары қарай қамқорлыққа алады. Ал ұя паразитизмі жақсы жетілген түрлерде аналығы барлық уақытта жұмыртқасын басқа құстардың ұясына апарып салады, ешуақытта оны шайқамайды және балапанын қоректендірмейді (Сусulus туысы).
Қазақстанда 2 түрі: кәдімгі көкек (Сисиlus canorus) және меңіреу көкек (С.saturatus) кездеседі. Көкектер жұмыртқаларын апарып салатын 150-ге жуық (жиі торғайтәрізді құстар) құстың ұясы белгілі. Бірақ әрбір аналық жұмыртқасын өзін шайқаған құстың ұясына салады. Жұмыртқа реңінің өзгеруі өте үлкен: майда теңбілі бар ақшыл жұмыртқа көбіне ақ наурызектің (Моtacillaalba) ұясына, ірі дағы бар түсті жұмыртқа - сандуғаштар (Sylviidае) мен айқабақтардың (Асrocephalus) ұясына, көгілдір жұмыртқалар - отқұйрықтылар (Рһоепіcurus) мен шақшақтардың (Sахісоlа) ұяларына және т.т салынады.