Өзіндік сұрақтары:
1.Торғайтәрізділер отрядының ерекшеліктері?
2.Қандай түрлері Оңтүстік Қазақстанда тіршілік етеді?
№25-лекция
Батпақты шалғындықтың құстары
Жоспар:
1.Ләйлектәрізділер (дегелектер), немесе Сирақтылар отряды- Сісоniiformes
2. Қоқиқаздар отряды – Рһоеnicopteriformes
Лекция мақсаты: Батпақты шалғындық құстары жөнінде толық мәлімет беру.
Лекция мазмұны: Батпақты шалғындықтың құстары. Бұл құстар су қоймаларының суы тайыз, ағашсыз, аздап та болса батпақты, топырағы дымқыл жағалауларда мекендейді. Қорегінің көпшілігін тайыз батпақты сулардың түбінен табады. Бұл топқа жататын құстардың аяғы қауырсынсыз ұзын, саусақтары жіңішке, олардың арасын жалғастырып тұратын жарғақтары болмайды.
1). Шалшық суларда жүретін сирақты құстарға дене мөлшері ірі және орташа болып келетін аяқтары өте ұзын - тырналар, құтандар, дегелектер жатады.
2). Өрмелеп қозғалатын батпақты жер құстары - көлемдері орташа және шағын болады да, батпақты жерде немесе шалғындықтың қалың шөптөсін жерлерін мекен етеді. Бұған әртүрлі батпақты жер тауықтары, тартарлар, поганыштар, сұлтан тауығы және т.б. жатады.
3). Тайыз судың балшықшылары - ұсақ әдетте тұмсықтары ұзындау келетін құстар. Тайыз жерлерде ұсақ тастардың үстінен немесе астынан және судың түбінен қоректерін теріп жейді. Бұлардың көпшілігінің аяғы ұзын келеді.
Ләйлектәрізділер (дегелектер), немесе Сирақтылар отряды- Сісоniiformes
Ұзын сирақты құстар отрядына 5 тұқымдасқа бірігетін 120 түр жатады. Ең ежелгі қазба құстары бор қабатынан белгілі. Арктика мен Антарктидадан басқа жер шарында кең тараған. Қауырсындануы бос. Көлемі бойынша алуантүрлі, көпшілігі ұзын мойынды әрі ұзын аяқты ірі құстар. Аяқтары төртсаусақты, сирағының төменгі жағы қауырсынданбаған. Саусақтары ұзын, алдыңғы үшеуі кішкентай жарғақпен байланысқан. Қанаты салыстырмалы түрде үлкен, жалпақ және доғал. Құйрығы қысқа, дөңгеленген. Тұмсығы әртүрлі пішінді, жиі ұзарған, қашаутәрізді. Жүгендігі (ауыздығы) және көзінің айналасы, кейбір түрлерінде басы мен мойны да қауырсынданбаған. Қанаттарын жай қағып белсенді немесе қалықтап ұшады. Ұшқанда аяқтарын созады.
Жануартектес (балықтар, бақалар, кесірткелер, майда кеміргіштер) қорекпен қоректенеді, десе де, өсімдіктердің тұқымдары және жасыл бөлімдерін де қорек ретінде пайдаланады. Моногамдар. Су маңында ұялайды. Ұясын ағашқа, бұталарға немесе құлаған қамыстарға салады. Шоғыр құрып ұялайды, сирек - жеке жұп түзейді. Ұясын аталығының көмегімен аналығы салады. Ұяда 2-ден 8-ге дейін жұмыртқа болады. Балапандары шала: жалаңаш, көзі жартылай ашылған немесе ашық, бірақ денесін мамық жапқан. Балапандарын екі құста қоректендіреді.
Құтандар тұқымдасы (Аrdeidае) Жер шарының тропикалық және қоңыржай белдеулерінде тараған 60-қа жуық құстардың түрін біріктіреді. Салмағы 100 г-н 4 кг-ға дейін жетеді.Ұзын әрі тік тұмсығының шеттерінде майда тісшелері орналасады. Мойны ұзын, артқы саусағының ұзындығы алдыңғыларымен шамалас. Арқасы мен төсінде ерекше мамық (опалықтар) өседі. Олар дами келе қауырсындарды жабатын талық опасы сияқты үгіндіге айналады. Опалықтар қауырсындарды су өтуден қорғайды. Су-қоймалары ның жағалаулары мен батпақты жерлерде жүреді. Жемтігін тайыз сулардан тасадан бас салып аулайды. Құтандар ұшқанда мойнын жинап алады, сол себепті шүйдесі арқасына тіреледі. Қазақстанда 9 түрі ұялайды. Олар көк құтан (Аrdеа сіпеrеа), Мысыр құтаны (Виbulcus ibis), бақбақыл құтан (Nycticorax nycticorax), әупілдек (оқпан) – Воtaurus stellarus, үлкен аққұтан (Еgretta alba) және т.б. Үлкен аққұтанда көбею кезінде арқасында шеті жұлымдалған ұзын қауырсындар- қарқаралар" пайда болады, олар құйрығының үстінен салбырап тұрады. Сарықұтан (Аrdepla ralloides) және кіші аққұтан (Еgretta garzetta) Қазақстан Қызыл кітабына (1996) тіркелген.
Ләйлектер, не дегелектер тұқымдасы (Сісоniidае). Солтүстік Американың көп жерлерінен басқа барлық материктерде тараған құстардың 17 түрін біріктіреді. Ірі құстар, тұмсығы ұзын және ұшы үшкір. Жемсауы жоқ. Дыбыс сіңірлері көпшілігінде болмайды, осыған орай ләйлектердің даусы жоқ. Артқы саусағы нашар жетілген. Қанатындағы бірінші саусақта тырнақ болады. Ұшқанда мойнын алға созады. Мекендейтін ортасы құрғақ биотоптармен - дала, орман, тау, сирек батпақты жерлермен байланысты. Қорегін жерден табады. Жеке жұптасып ұялайды. Ағаштарға, жартастарға және құрылыстарға бұтақтан жасалған үлкен ұя салады. Ұяда 3-5 жұмыртқа болады, оларды 2 құс кезектесіп шайқайды. Ақ ләйлек (Сісопіа сісопіа) 4 кг тартады, қанатының ұзындығы 61 см. Қара ләйлек (С. пigra) - орман құсы, ол ақ ләйлектен біршама кіші: салмағы 3 кг-дай, қанатының ұзындығы 51 см. Қазақстанда екеуі де ұялайды және Қазақстан Қызыл кітабына (1996) тіркелген. Африка марабуы (Leptoptilus сrumeniferus) ірі құс, басында қауырсындары болмайды және тұмсығы үлкен. Салмағы 5-6 кг. Өлексемен қоректенеді, бақа, кесіртке, кеміргіштерді де жей береді. Бразилия ябируінің (Jabiru mycterica) ұзын тұмсығының ұшы үстіне қарай біршама иілген. Басы мен мойны қауырсынданбаған.
Тырнақұтандар тұқымдасы (Тһreskionithidae) кең тараған 30 түрді біріктіреді. Тұмсықтары ұзын, жіңішке, әдетте доғатәрізді имек (қалбағайлардан басқаларында). Бұл құстарда жемсау болмайды. Мойны ұзын, ұшқанда тік ұстайды. Тайыз суларда қоректенеді. Шоғыр құрып ұялайды. Тұқымдасқа Африка мен Мадагаскарда мекендейтін әулие тырнақұтан (Тһreskiornis аеthiopicus) және Оңтүстік Америкада тіршілік ететін алқызыл тырнақұтан (Еudocimus ruber) жатады. Қалбағай, не жалбагайдың (Рlatalea leucorodia) тұмсығы жалпақ, ұшы күректәрізді. Ауыздығы, көзінің айналасы, тамағының асты және мойнының жоғары бөлігі қауырсынданбаған. Қарабайдың (Plegadis falcinellus) ұзын тұмсығы (10-14 см) иілген. Екі түр де Қазақстанда ұялайды, Қызыл кітапқа тіркелген.
Балғабастар тұқымдасына (Scopidae) бір ғана түр жатады. Ол - балғабас (Scops umbretta), Африкада батпақ пен мангр шіліктерінің жайылмаларында мекендейді. Тоқылған ұясын ағашқа салады. Ұясы екі, үш не төрт "бөлмеден" тұрады, оларда аналығы жұмыртқасын шайқап, балапандарын қоректендіреді. Ымыртта белсенді құстар.
Китбастылар тұқымдасына (Ваlaenicipotidae) бір түр жатады. Ол, - китбас (Ваlaeniceps rex), Африкада тараған. Тұмсығы мықты және жалпақ, мойны жуан. Басында кекілі, ал арқасында , опалақтар болады. Етті қарын жоқ. Ұясын батпақты жерлерге салады. Китбастар мен балғабастар құтандар мен ләйлектердің арасынан орын алады.
Достарыңызбен бөлісу: |