Ұлы Жібек жолы Еуразия құрлығындағы мемлекеттер мен өркениеттердің мәдени сұхбаттастығы мен экономикалық байланыстарының алғышарты


Қасым хан салған қасқа жолдан кейінгі заңдар жинағы «Есім хан салған ескі жол» деп аталған



бет21/49
Дата07.02.2022
өлшемі465,5 Kb.
#90267
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   49
Байланысты:
дәрістер курсы

Қасым хан салған қасқа жолдан кейінгі заңдар жинағы «Есім хан салған ескі жол» деп аталған. Тарихымызда «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» атты қазақтың әдет-ғұрып заңдарынын жинағы болғаны аян.
Есім хан қазақтарға 1598-1628 жылдары хан болған. Ол өзінен бұрынғы Орыс хан, Қасым хан жасаған әдет-ғұрып заң нормаларын қайта қарап, өз дәуіріне ылайықты етіп түзеген. Өзінің мазмұнына қарай құн дауы, жер дауы, жесір дауы, мал дауы секілді күрделі тараулардан құралады.
Есім ханның қол астына қарайтындар және оның кейінгі ұрпақтары Есім ханның жаңалығына «Есім ханның ескі жолы» немесе «Есім хан салған ескі жол» деген ерекше атау берген. Бұл Есім ханның саяси қызметі мен оның негізгі құқықтық ережелерінің мағыналы атауы. «Есім ханның ескі жолы» дәстүрлі қазақ қоғамындағы әдет-ғұрып заңдарының жиынтығы. Оның негізі Қасым хан (1511-1521) тұсында сұрыпталған («Қасым ханның қасқа жолы»).
Бастапқы кезде әскери-жарғылық сипатта жасалған бұл жобаларды Есім хан жаңғыртып, халық арасында жаппай қолдануға тырысқан. Есім хан билігі тұсында күнделікті көшпелі тұрмыстағы даулы мәселелерді шешуде, азаматтық, қылмыстық істерді қарауда, әскери отбасылық қарым-қатынастарда ата-баба жолы басшылыққа алынды. Есім хан ғасырлар бойы сұрыпталып, орныққан осынау жол-жоралғы, әдет-ғұрып жосындарын өз заманының әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне орай жетілдіріп жүйеледі. Оны халық «Есім ханның ескі жолы» деп атаған. Дау шешіп, төрелік айту құзыретін иеленген би-қазылардың оны білуі міндетті саналған.
Ежелден-ақ қазақ қоғамындағы күрделі даулардың бірі – кісі өлімі. Кісі өлімі үшін құн алынған. Есім хан шығарған арнайы заң бойынша өлген кісіге өлтіруші жақ құн төлеуге міндетті. Ер адамның құнына жүз жылқы, алты жақсы (6 түйе) кесілген. Ол барлық еркек үшін бай, кедей, жас, кәрі демей бәріне бірдей сол дәуірде бұл алынған негізгі құн өлшеуінен артық құнның мынадай түрі болған:
1. Өнер құны. Оған жүлде алған атақты адамның құны жатады. Жүлде алған деп, жұртқа белгілі ақындар мен топқа түсіп, бәйге алған балуандар есептеледі, олардың құны үшін екі кісінің құны (200 жылкы, 12 түйе) кесілуі керек.
2. Сүйек құны. Оған өлген кісінің сүйегі үшін төленетін құн жатады. Мысалы, өлген адамның сүйегі туған-туысқанының қолына түспей, жоқ болып кетсе, ол үшін екі адамның құнын төлеулері керек.
Бұл екі түрлі құнды үстеме құн деп атаған. Кісі өліміне құн төлеу жайында жоғарыда айтқан ойымызды бізге келіп жеткен «Есім ханның көкаласы бір-ақ бесті» деген қағида толық дәлел бола алады. Ұры ұрлап кеткен Есім ханның көкала дейтін аты қанша жақсы, жүйрік жылқы болғанымен ас пен тойға қосылып, бәйге алған мал емес екен. Сондықтан да ұрыдан төлеу алғанда төлеуге бір-ақ бесті кесіпті. Біз мұнан жұрт көзіне түсіп, белгілі болу, болмауына байланыстылығын көреміз.
Әйел адамның құны «Есім ханның ескі заңы» бойынша қалың малдың шамасы бойынша өлшенген. Өлген әйелдің тұқымының қызына алатын қалың малы қандай болса, сондай мал төлеуге тиісті, болмаса қыз орнына өлтіруші жақ қалыңсыз қыз беруі керек. Бұдан бізге белгілі болғаны, еркек адамның құнынан айырма әйел адамнын құнының әртүрлі екендігі. Бұл қыз әкесінің әл-ауқатына қарай, қалың малдың мөлшеріне байланысты.
Даудың тексерілуі кісі өлтірушінің аулында өтеді. Қылмыс істеген адамды – қанды қол, құн сұрауға келген адамдарды даугер деп атайды. Дауға келген талапкерлерді ел болып күтіп алып, оларға шыққан шығынға руластары түгел ортақ болуы керек. Дауда сөйлеуге екі жақтың да белгіленген кісілері (шешендері) болады. Олар тәртіп бойынша кезекпен дауларын айтып, қағысады. Ақырында екі жақтан бітімші (би) кісілер белгіленіп, олар келісімге келіп, шешімдерін айтады.
Қазақ қоғамындағы екінші бір үлкен дау – жесір дауы. Жесір деген сөз әйел жынысының ерсіз бос отырған жігіне тән атау. Демек, қалың беріп атастырып қойған, бірақ ұзатылмаған қыз атастырылған ері өлсе, онда қалың мал төлеген елдің жесірі болып есептеледі, сондай-ақ ері өлген әйел де барған елінің жесірі болады. «Ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағиданы берік тұтынуы, әйел тек ерінің ғана емес, бүкіл руының қарамағында болғанын айғақтайды. Дегенмен, Есім ханның заңы бойынша жесірге сол рудан адам таңдауына рұқсат етіледі. Егер таңдаған адамы бас тартса, онда әйелдің басы босап, қалың малы қайтарылады.
Қазақ қоғамында мал-мүлік дауы да ерекше орын алған. Қазақ үшін байлық – мал. Малдың еті, сүті – тамақта, жүні, терісі – киім, мал қазаққа көшсе – көлігі, мінсе – жүйрігі, яғни малсыз тірлік жоқ. Сондықтан да ескі патриархалдық-феодалдық қазақ қоғамында қай көшпендінің болмасын арманының асқарларының бірі – мал. Әрі қазақтар осындай байлықтарын (мал-мүлік) қатаң күзет қоймастан немесе құлып салмастан ашық қалдырулары себепті ұрлық істеушілер сонау Шыңғыс ханның «Ясса» заңынан бастап-ақ қатаң жазаланып отырған. Есім хан да ұрыларға аяушылықпен қарамағаны хақ.
Есім ханның заңында: «Мал-дүние ұрлаған ұрылардың ұрлық үстінде қолға түскендеріне: киімін тонап, көлігін аударып алған, қорлықпен байлап, сабап берген ақірет-азалары жоқталмайды. Егер де ұрының денесінің бір жеріне кемістік келтірілсе, көзі шықса, қолы сынса, құлағы кесілсе, сақалы жұлынса, т.б. ол кезде зәбір беруші жағы ұрыға тиісті айыбын тартатын болады», - делінген.
Есім ханның шығарған заңында жер-су, жайлау-қыстау, көшу-қону қоныстары туралы болып тұратын күрделі дау-жанжалдарды шешуге белгіленген заңның жол-жобалары бар. Есім хан занында мұрагерлік, мирасқорлық мал мөлшері анық айтылған. Мирасқорлыққа бөлінетін мал-мүліктердің бөліну мөлшері: туған ұлдарына – екі еседен, туған қыздарына, баласыз әйелдеріне – бір еседен, өгей балаларына – жарты еседен, есігінде еншілес болып жүрген құлы яки күңі болса – ширек еседен сыбаға тиісті.
«Есім ханның ескі жолындағы» қызға төленетін қалың малдың кесімді мөлшері бес түрлі болған. Олар:
1. «Жүз қырықтың қалыңы» – жүз қой, қырық қара деген кесім байлар мен билердің қызының қалыңы;
2. «Жүз жиырманың қалыңы» – жүз қой, жиырма қара деген кесім одан кейінгі орташа қызының қалыңы;
3. «Қырық жетінің қалыңы» – жеті қара, кырық қой деген кесім (байлардың, билердің «қатын үстіне» алатын кедейлердің қыздарына төленетін қалыңы);
4. «Он екі қара» – «дөңгелек қалың» (қатыны өлгендердің кедейдің қызын айттырғанда төлейтін қалыңы);
5. «Сегіз қара» (жарлы-кедейлердің бір-бірімен құда болып қызын айттырғанда төлейтін қалыңы). Әйел құны да осы кесімге орай шешіліп отырған.
Есім хан билік еткен тұста қазақ хандығының әскери қуаты күшейді. Ел билеудегі жол-жобалар мен әдет-ғұрыптар туралы ережелер жинағы – «Есім ханның ескі жолы» қазақ елінде ХІХ ғасыр ортасына дейін сақталып, қызмет етті. Есім ханның тұсында қазақ халқы арасындағы жеті атаға дейін некеге тұрмау тәртібі заңдастырылғаны туралы айтылады. Есім хан қазақ халқының ата салтының сақталуына шешуші мән берді. Қазақ хандығының бірлігін нығайтып, шекарасын кеңейтуге үлкен үлес қосты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   49




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет