2.3.2.Өзенаңғарының элементтері. Өзен аңғарының элементтеріне оның: табаны, тальвегі (фарватері), арнасы, жайылмасы, өзен аңғарының беткейлері, террасалары және аңғардың жар қабағы (кемері) (2.4-сурет) жатады.
Табаны деп өзен аңғарының тегіс келген еңістігі бар бөлігін айтамыз.
Тальвег — аңғардың табанының ең терең нүктелерін қосатын ирек сызық.
Арна — өзен суы үнемі үздіксіз ағатын өзен анғарының бөлігі.
Жайылма— өзен аңғарының тасқын немесе су тасуы кезінде су басатын бөлігі.
Аңғардың беткейлері — өзен аңғарының екі жағалауын шектейтін, еңістігі өзен арнасына бағытталған жер беті.
Беткейлердің беті жыра, сай және басқа да жуып-шаю әрекеттерінен болған элементтерден тұрады. Эрозиялық құрылымдар беткейлерді құрайтын топырақ құрамына, өсімдік жамылғысына және оның құламалығына қатысты өзгеріп отырады.
Террасалар— тегіс немесе аздаған еңістігі бар аңғар және беткейлер шегінде сатылап орналасқан алаңдар. Жайылма ең төменгі терраса болып есептеледі.
Жар қабақ (кемер) —өзен аңғары мен қоршаған кеңістікті шектеуші сызық.
Өзен аңғарының тереңдігі едәуір мөлшерде кұбылып тұрады. Жазық аудандарда аңғарлар саяздау, тереңдігі бірнеше ондаған метрден, 200...300 метрге дейін; тауларда аңғарлардың тереңдігі 2…4 мың метрге дейін жетеді.
Өзен аңғарының ені әдетте оның жоғары ағысынан тнменгі ағысына қарай кеңейе береді, ал кейде, өзен арнасының тау қыраттарын басып өтуіне байланысты өзен аңғарының жіңішкеруі де мүмкін.
2.4. Өзен арнасы 2.4.1. Өзен арнасының пландағы көрінісі. Өзен арнасының сұлбасы мен мөлшері оның ұзына бойына суының құбылмалылығына, аңғардың құрылымына байланысты үнемі өзгеріске ұшырайды.
Мөлшері ең төмен ағынды өтетін арнаның бөлігін түпкілікті немесе төменгі арна деп атаймыз. Ал, мезгіл-мезгіл, су тасуы немесе тасқын кезінде су басатын арнаны жайылмалық арна деп атаймыз.
Өзендердің арналары планда әдетте ирек бейнелі болып келеді. Өзен арналарының ирек бейнелі болуына әсер ететін, негізінен арнада ағыстың динамикалық өсінің қисаюына немесе аңғардың иректігіне байланысты пайда болатын аңғардың жоғарыда келтірілген бірінші жағдайда гидрографиялық, ал екінші жағдайда — орографиялық иректікпен кездесеміз.
Орографиялық иректік өзен арнасы оңайлықпен жуып - шайылмайтын берік тау жыныстары орналасқан жер қыртысымен өткен жағдайда, яғни оңай жуып - шайылатын материал тасымалданып кеткен үлескілерде кездеседі. Бұл жағдайда өзен арнасының иректігі оның ағындысының әрекетіне емес, күшпен жуылатын үлескілер түріндегі жергілікті кедергілердің болуына бағынышты. Орографиялық иректікке мысал ретінде Днепр, Ока, Дон, Днестр, Кама және басқа өзендердің кейбір үлескілерін келтіруге болады.