§3. Тарихи шындықтың көркемдік шешімі
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде және мәдениетінде орын алған
маңызды мәселе роман жанрының қалыптасуы болды. Бұл жаңалық көркем
әдебиеттің мүмкіндіктерін кеңейте түсті, себебі көркем шығармаларда
кезеңдердің байланысы жаңғыртылды, рухани-мәдени дәстүрлер мен тарихи
сана жаңарып, өз кезегінде әдебиеттің негізін құрады. ХХ ғасыр әдебиеті мен
ұлттық тарихтың, халықтың материалдық және рухани мәдениетінің
арасында үзілмейтін байланыс орнады, бұл фольклорда, салт-дәстүрлер мен
жөн-жоралғыларда, этикада көрініс тапты.
Роман – әдебиеттің әмбебап жанры, ол өзінің идеялық-көркемдік
әлемінде әдебиет пен фольклордың барлық тектері мен жанрларының
синтезі іспетті туынды. Антикалық дәуірде дүниеге келген роман жанры
өзінің ұзақ тарихында мазмұндық және эстетикалық тұрғыдан кең дамыды,
бірақ өз құрылымындағы өмірді, адамның тұрмысы мен характерін эпикалық
құлашпен бейнелеу, сюжеттік-композициялық жан-жақтылығы, сюжетті
тұйықтамай, уақыт пен кеңістік тұрғысынан кеңінен ашу секілді негізгі
жанрлық белгілерді сақтап қалды: адам өмірін, адамзат тағдырын және әлем
тарихын романнан басқа жанрлар толық қамтып, ашып бере алмайды.
Поэтика (гр. – шығармашылық өнер) – «әдеби шығармалардағы
көркемдік құралдардың жүйесі туралы ғылым. Поэтика кең мағынасында
әдебиет теориясы, тар мағынасында теориялық поэтиканың бір саласы деп
қарастырылады. Әдебиет теориясының бір саласы ретінде поэтика әдеби
тектер мен жанрлардың, ағымдар мен бағыттардың, стильдер мен әдістердің
ерекшеліктерін зерттейді...» [71, 295-б.]. Поэтиканың негізін құрайтын
мәселе –жанр тұрғысынан ұлттық әдебиеттанудың негізін қалаушылардың
бірі А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» (1926) еңбегінде «көркем яки
дарынды сөзді, яғни әдебиетті әуезе, толғау, айтыс» деп үшке бөледі.
Әуезеге жататын ұлы әңгіме (роман) жанрында қаламгер осы үш жанрды да
қолданады. Ғалым прозаны «ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме» деп бөліп,
ұзақ әңгімеге жатқызылып жүрген М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал»
47
романын «өресі мен өрісі шағын болғандықтан ұзақ әңгімеге жақын» дейді
[72, 224-283 бб.], бұдан ғалымның көркем шығарманы уақыт пен кеңістік
көлеміне қарай бағдарлағанын көреміз.
Ал осымен үндес келетін көрнекті орыс теоретигі М.М.Бахтин де
уақыт пен кеңістіктің жанрлық мәні бар екенін айта келіп: «Жанр
возрождается и обновляется на каждом новом этапе развития литературы и в
каждом индивидуальном произведении данного жанра», – дейді [73, 121-122
бб.], яғни жанр мен жанр түрлерінің хронотоп арқылы анықталатынын тура
айтады.
Романның тарихи шындықты бейнелеудегі маңыздылығына тоқтала
отырып, шығыстанушы ғалым Н.Конрад роман жанрында шынайы тарихтың
фактілері суреттелетіндігін айтса, батыс пен шығыс әдебиеттерін
салыстырып, әлемдік әдебиетті зерттеуге үлес қосқан көрнекті ғалым
В.Жирмунский ХІХ ғасырда тарихи романның шынайы түрлерінің пайда
болу себебі халықаралық әдеби өзара байланыстардың орнауынан деп
көрсетті [74].
Әдебиет пен тарихтың арасында үлкен байланыс бар. Тарих әдебиеттің
материалы болса, әдебиет тарихтың жанды жаршысы, яғни адамзаттың
нағыз шын тарихын тарихшы емес, суреткер жазады. Тарих адам үшін
әрқашан да нақты бұрынғы өткеніміз, осы өткенімізді меңгеру саласы, өзінің
шыққан тегін сезіну. Тарих бар жерде дәстүрлердің жалғастығы да бар. Тіпті
жер бетінен жойылып кеткен жекелеген халықтар мен этникалық топтардың
да этникалық өзіндік санасы мен жалғастығы тілдік ассимиляция кезінде
сақталуы мүмкін, себебі тарихи, мәдени ақпараттар із-түзсіз жоғалып
кетпейді.
Роман жанрын зерттеуге елеулі үлес қосқан әдебиетші ғалым
М.Атымов өз пікірін: «... қазіргі қазақ әдебиетіндегі роман жанры елдің
өткені мен кеткенін, бүгінгісі мен болашағын кеңінен қамтып, молынан
баяндайтын өнікті де өміршең жанр», – дей отырып, қазақ романының
сипатына тоқталады және оның композициялық құрылысының үлкен
өзгеріске ұшырағанын айтады: «Қазақ романдарының композициялық
құрылысы үлкен өзгеріске ұшырады. Бұрын сатылы композициялы романдар
ғана жазылатын болса, қазір: сатылы, жарыспалы, қаусырмалы
композициялы романдармен қатар, сатылы-жарыспалы, жарыспалы-
қаусырмалы композициялы романдар да жазыла бастады», – деп ойын
түйіндейді [75, 307-311 бб.].
Роман заңдылықтарын зерттей отырып академик З.Қабдолов:
«Дәуірлік шындықты көркем жинақтау үшін жекелеген адам тағдыры
жеткіліксіз, әр алуан әлеуметтік топтардың қым-қиғаш күрделі қарым-
қатынастары, олардың мақсат-мүдделеріндегі бірліктер мен қарама-
қарсылықтар, өмір тіршіліктеріндегі өзекті оқиғалар мен кезеңді құбылыстар
кең қамтылып, терең тұтастырылуға, сол арқылы жалпы қоғамдық дамудың
заңдылықтары танытылуға тиіс. Романның көлемі үлкен, мазмұны қат-қабат,
сюжеті мен композициясы орасан күрделі болу себебі де осыған
48
байланысты», – екенін көрсетеді [76, 308-б.], яғни өмірдегі шындықтың
шынайы әдеби шығармаға айналу, әдебиеттегі мазмұнның ауқымды пішінге
көшу, тақырыптың идеялық-көркемдік шешім табу процесінде сюжет пен
композицияның атқарар ролін еш нәрсемен ауыстыру мүмкін емес.
Бұл ретте қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының қалыптасуы
мен жалпы романистиканың дамуына елеулі үлес қосқанын айтуымыз
керек. Бұл туралы академик Р.Бердібай тарихи романдарды «қазіргі қазақ
әдебиетінің тақырыптық, жанрлық, идеялық-көркемдік ізденістер мен
табыстарына» жатқызады және олардың маңызын атап көрсетеді: «Тарихи
шығармалар өткен дәуір істерін қайта жаңғыртып көрсетуі үстіне мәдени,
адамгершілік, психологиялық дәстүрлерді де таныстырады» [5, 310-313 бб.].
Ұлы ғалымдар А.Байтұрсынов пен М.Бахтин зерттеулеріндегі үндестік
пен жалғастықты зерделеп, қазақ көркем прозасының поэтикасын, жанрын,
стилін әлемдік әдебиеттану ғылымының аясында зерттеп жүрген ғалым
А.С.Ісімақова қазақ прозасының жанрлық алғышарттарын қарастыра келіп:
«Для понимания специфических свойств жанровой системы казахской прозы
важно понять диалог между системами (фольклором и литературой), при
котором литературные жанры обретают значение в соотношении с
предыдущей фольклорной системой жанров», – деп, қазақ ауыз және жазба
әдебиетін біртұтастықта қарастырады [77, 13-б.].
І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында оқиғалардың
сюжеттік желісі шебер таратылған, кейіпкерлер образы терең суреттелген,
қоғамдық жағдай мен тарихи оқиғалар бір-бірімен жымдаса байланысқан,
мұның бәрі жазушының шығармадағы көркемдік тұтастықты сақтап,
шығармашылық талантты жақсы меңгергендігін көрсетеді.
Қазақ әдебиетінің тарихи роман жанрындағы жаңа белес Ілияс
Есенберлиннің тарихи романдарымен байланысты. Бұл жайында белгілі
жазушылар мен ғалымдар Ә.Марғұлан, Ә.Әлімжанов, М.Дүйсенов,
Ә.Қоңыратбаев, Т.Кәкішев, Н.Ғабдуллин, Ж.Ысмағұлов, Т.Жұртбаев,
М.Қозыбаев сыни ойлары мен пікірлерін айтты және Д.Қонаев, Н.Назарбаев
сияқты қоғам қайраткерлері де өз көзқарастарын білдірді.
Сонымен қатар осы туынды туралы қырғыз жазушысы Ш.Айтматов,
өзге елдердің әдебиет зерттеушілері мен жазушылары Г.Ломидзе,
Н.Ровенский,
П.Косенко,
В.Оскоцкий,
В.Щербина,
Ч.Гусейнов,
Б.Хотимский, Ю.Суровцев, В.Владимиров баспа бетіндегі мақалаларында
тұжырымды ойларын айтты.
Қырғыз елінің белгілі жазушысы Ш.Айтматов «Көшпенділер»
трилогиясының «бұрынғы қоғам жағдайына да, қазіргі жағдайға да тәуелсіз
өз құндылығы мен әдеби тағдыры бар» екенін айтса, Ч.Гусейнов оны
«халықтың өзін-өзі танып-білуінің тамаша кезеңдік туындысы» деп
бағалайды.
Ал Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Жазушы.
Азамат. Тұлға» атты мақалада («Ана тілі» газеті, 30.09.1993):
І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын «эпикалық құлаш-қарымымен,
49
оқиғалардың серпінділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас
тұлғаларының бейнесімен, тілінің шынайылығымен және айқындылығымен
ерекшеленетінін» айтады.
Ілияс Есенберлин – тарихи романның шебері, оның қаламынан туған
тарихи туындылар көркемдік қуаты жағынан да тарихи романдарға тән
барлық қасиеттерді бойына жинағандымен ерекшеленеді.
Автордың тарихи тақырыпты батылдықпен бейнелегенін академик
Р.Нұрғали былай көрсетеді: «Қазіргі заман және тарихи тақырыпты тең,
қатар арнада терең бейнеленген романдар түйдегі туа бастады. І.Есенберлин
ұлты үшін жанын шүберекке түйген, қалам қайратымен қазақ халқының
бостандығы үшін арпалысқан арыстан жүректі суреткер еді» [78, 235-б.], –
десе, тарихшы М.Қозыбаев: «Бұл есімді атағанда қазақ әдебиетінің, қазақ
мәдениетінің алып тұлғаларының бірі көз алдыңа келеді <...> Ілекең шын
мәнінде қазақ топырағында туып, ХХ ғасырдың ауыр тауқыметін көтерге
алыптардың бірі <...> Қазақ әдебиеті бұл күнде барша шығыс халықтары
әдебиетінің ең алдыңғы қатарында <...> қазақ әдебиетін әлемдік тұғырға
қондырған біздің мәдениетіміздегі асылдарымыздың бірі, бірі болса бірегейі
– Ілекең» [79], – деп толғанады, ал жазушы Б.Тілегенов: «Есенберлинсіз біз
тарихи әдебиет туралы сµз қозѓай алмаймыз. Одан кейін де, болашақта да
тарихты жазатын жазушылар туады. Бірақ, Есенберлин тарихи әдебиет
көшін бастаушы да, қалѓандары сол көшке ілесуші ғана. Әрине, Есенберлин
жалғыз өзі қазақ әдебиеті бола алмайды. Бірақ, қазақ әдебиеті Есенберлинсіз
әдебиет бола алмайды» және «Есенберлин әдебиетте ерлік жасады, жаңа
бағыт, жаңа мектеп ашты. Халықтың арғы тарихына жол ашты», – деп
қажырлы қаламгер шығармашылығына жоғары баға берген [80].
Ал ғалым М.Хамзин жазушының трилогияда қолданылған тілдік,
көркемдік ерекшеліктерді сипаттау үшін: «бір автордың қаламынан туған әр
алуан шығармада ортақ көркемдік сипаттардың болуы заңды. Олар,
авторлық позиция, жазу машығы, стиль, көркемдік құралдарды қолдану
тәсілдері тәрізді жеке жазушының шығармашылық табиғатын тапжылтпай
танытатын өзіндік белгілер. Романдағы кейіпкерлер басынан өткен өмір
көріністерін көркемдік қабылдау шеңберінде суреттеу, адамның қоғамда
алатын орнын, әлеуметтік-моральдық ролін табиғи түрде дамыту белгілі бір
жинақтаушылық ойға, эстетикалық тұжырым жасауға алып келетінін»
айтады [67].
Жазушы
жоңғар
шапқыншылығына
байланысты
оқиғаларды
«Жанталас» романында және бір жаңғыртады. Тарихи уақиғаларды қамту
көлемі жағынан бұл қазақ әдебиетіндегі тарихи жанрдың бірінші шығармасы
болды. Жазушы шығармалары фактілерінің молдығымен, тарихи шытырман
оқиғаларының көптігімен қызықтырады. Автор кең көлемді мол деректер
беріп қана қоймайды, қазақ даласының суреттеліп отырған дәуірдегі қарама-
қайшылықтардың анық-қанығына жете отырып, өзі баяндап отырған
оқиғалар мен кейіпкерлерінің мінездерін дұрыс пайымдайды.
50
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында көптеген жанрлар
тоғыса орныққан. Бұл ретте трилогияның хроникалылығымен қатар,
танымдық, мифтік, эстетикалық, мағлұматтық, шежірелік, көркемдік,
фольклорлық сипаттарын айту керек. Трилогияның танымдық қасиеті –
шығарманың күллі қазақ халқына ортақ күрделі тағдырын жан бітіре
суреттеуі, қазақ мемлекетін құрған ел билеушілер – хандар, сұлтандар, билер
бейнесін, қазақ тарихын жасауға қатысқан халық өкілдері – батырларды,
ақын-жыраулардың тарихтағы және көркем ойдағы бейнесінің панорамасын
жасап беруінде. «Көшпенділер» трилогиясының мифтік сипаты батырлардың
жойқын ерліктерінің көрінісімен, ел билеушілер мен абыздардың аңызға
айналған сөздерінің сұлулығымен, қазақ халқының түркілік салт-дәстүрлері,
шамандық дінінен сақталған, кейін Ислам дінінен енген діни ғұрыптары,
батырлық, тәрбиелік аңыз-әпсаналары, мақал-мәтелдерінен көрінеді.
Трилогияның эстетикалық қуаттылығына жазушының көркемдік тіл
құралдарын барынша бай қолданып, тарихи оқиға болған кезеңдегі тіл
қалпын сақтай отырып, осы күнгі оқырманымен жалғастығын жоғалтпай
сақтауы дәлел болады. Трилогияда мағлұмат көп берілген, егер осы шығарма
өткен ғасырларда жазылған болса, оны тарихи дерек ретінде пайдалануға да
болар еді. Жазушының тарихшыға тән көрегендігі мен байқағыштығы
шығармагерге тән ұшқыр ой қуатымен сабақтаса өрілгендіктен, туынды
көркем шығарма жүгін көтеріп тұр. Ілияс Есенберлиннің шежірелерді шебер
пайдалануы бес жүз жылдық тарихтағы айналып кетуге болмайтын,
дегенмен атап өтетіндей маңызы аздау кейбір оқиғаларды шежірелік баян
үлгісімен айтып кетуі – оның тағы бір шығармашылық қыры.
Жазушы трилогияда қазақ халқының бес жүз жылдық тарихында ерен
еңбек сіңірген ел билеушілер мен ел қорғаған батырларды, от тілді, орақ
ауызды ақын-жырауларды, қарапайым халық өкілдерін, орын алған оқиғалар
мен шығарылған заң-құжаттарды көркем шығарма көкжиегінен қалыс
қалдырмау мақсатында архив құжаттары мен тарихи деректерді тірнектеп
қарастырады, сөйте тұрып ең маңызды деген оқиғаларға мән бере, терең
тоқтала суреттеп, қалған жағдайда санамалап кетуді жөн көреді. Автор
шығармасының тіл көркемдігіне көзқарасы да осы тақылеттес ойдан
туындаған, яғни жазушы тарихи шығарманың эпопеялық үлгісін жасауды
басты мақсат тұтып, халық тарихын толықтай қарастыруға мән берген.
Ілияс Есенберлин трилогияда мифтік шығармаларды, яғни ежелгі
монғол аңыздарын, қазақ аңыз-әпсаналарын, ертегілерін, айтыс үлгілерін,
жырларды көп пайдаланған. Жазушының тарихи құжаттарды мифтік
шығармалармен бекіту әдісі ұтымды шыққан. Жазушы монологтық баянға
көп орын берген, себебі бұл – белгілі бір биікке көтерілген кейіпкердің,
мысалы, ел билеушінің, өзгемен ойласпайтын, өзінше кесіп-пішетін,
шешімін соңынан айтатын қасиетіне куә болады.
Фольклорлық үлгілерді қолдану кезінде жазушы тарихты суреттеудің
шебер үлгілерін жасап кетеді. Әбілқайыр ханның ұлы Шах-Будақтың
қайтқанына жыл толғанда берілген ас кезінде Асан Қайғы төрелік еткен
51
Қотан жырау мен Қазтуған жыраудың айтысы арқылы қазақтың арғы-бергі
тарихына шолу жасайды. Қазтуған жырау сонау Сақ елінің тарихынан бастап
Қыпшақтардың шежіресіне тоқталса, Қотан жырау Арғындардың ата-тегіне
шолу жасайды. Асан Қайғы жеңісті Арғындардың жыршысы Қотан жырауға
бергенімен, қашанда ел еркесі саналатын ақындар емес пе, Қазтуған
жыраудың да меселін қайтармай Қыпшақтардың ерліктерін жырлауға
мүмкіндік береді. Қотан жыраудың мазмұнды жырына қанып, аталы
сөздеріне риза болған жас Қасым сұлтанның ел көзіне түсуін де жазушы осы
жерде көрсетеді:
– Мың жаса, атажан, – деді кенет қайратты бір жас дауыс, – дария
тоқтаған бөгетті бұзып, суды тасыту бір адамның қолынан келеді. Мүлгіп
тұрған орманға шақпақ тастан от беріп, телегей-теңіз өрт шығару о да бір
адамның атқара алар ісі. Сол тасыған суды тоқтату жүз адамның да қолынан
келмейді. Тоғайды алған қалың өртті мың адам да сөндіре алмайды. Ерлік
көрсетіп ел-елдің арасын бүлдіру қай рудың қолынан болса да келеді.
Бүлінген жұрттың басын қосып, ел ету тек халқына жаны ашыған
ұлдарының ғана қолынан келеді. Олардың қолынан әзірге елді біріктіру
келмесе де, сол елді біріктіру – арманы. Сол арманды мына қауым алдында
жайып салғанының үшін, Арғынның ардақты ұлы, жырау Қотан ата, сізге
жас болсам да өз есімімнен алғысымды білдіремін.
Жұрт осы сөздерді айтқан жігітке қарай қалды. Бұл жігіт Жәнібек
сұлтанның баласы Қасым еді. Ұзын бойлы, қошқар мұрын, ақ сұр жігіт өзіне
қадала қалған самсаған жандардан қайыспай, көзі шоқтай жанған қалпында
қозғалмады Үстіне бадана көз кіреуке киген, хан алдында суырыла сөйлеген
осынау жас батыр кенет жұртқа ұнай қалды. Осы айтыс барысында хан
ордасында тағы бір оқиға орын алды. «Батыр Саянның той біткенше көзін
құрт» деп тапсырма берген Оспан-Қожа деген дәйекшісі келіп, жұрттың
көзінше Батыр Саянның екі пасбанымен қашып кеткенін хабарлайды. Оның
күзетшілері Арғын жігіттері екені белгілі болады. «Батыр Саян қашып кетті
дегенді естігеннен бері түксиіп қатып қалған Қобыланды бір иығын сәл
сілкіп жіберіп, беліндегі наркескеніне қол салды да, ханның ар жағында
жайбарақат тұрған Ақжол биге түйіле қарады. Ақжол би айылын жиған жоқ,
Қобыландыға кекете көз татады да, сабырлы қимылдап, тек кейіндеу сырғып
кеткен беліндегі қисық сап алдаспанын жөндеді де қойды. Екі батырдың
қимылдарын Әбілқайыр да, Асан Қайғы да, тұрған жұрт та аңғарып қалды.
Дәл осы кезде кенет жерді жара күн күркіреді. Жап-жаңа ғана айнадай ашық
көгілдір аспанды қара бұлт торлап түнере қапты. Заматта аспан бетінде
жіңішке найзағай қылыштар жарқ-жұрқ ойнай жөнелді. Долы жел шығып,
шөп бастары жерге жығыла шуылдай түсті. Әбілқайыр енді қап-қара боп
кеткен аспанға қобалжи бір қарады да, Асан Қайғыға көз қиығын
аудармастан нөкерлерін соңынан ерте, Рабиу-сұлтан-Бегімнің ордасына
қарай асығыс жүре берді...Тек екі жағынан екі адам қолтықтай тұрғызған
Асан Қайғының ғана түнере қалған аспан мен шартылдай ойнаған
52
найзағайларда шаруасы болған жоқ, жаңа ғана наркескендеріне қол
жүгірткен Арғын, Қыпшақ қос батырының қимылдары есіне түсті ме, ол:
– Бүгінгі ас – қайғы асы еді, енді бүліншілік асына айналмаса нетсін, –
деді ақырын күрсініп [33, 49-64 бб.].
Жазушы бір айтыстың көлемінде Арғын, Қыпшақ жыраулары әйгілі
Қотан жырау мен Қазтуған жырауды, осы рулардың батырлары Ақжол мен
Қобыландыны, оларың арасындағы қақтығыстың басталу себебін, болашақ
қазақ ханы Қасым сұлтанның елге танылуының бастауы болған іс-әрекетінен
хабардар етеді. Жазушы өз шығармасында пейзаж суретін жиі бермейді,
бірақ осы айтыс барысындағы табиғат мінезі де жазушының шығарма жібін
әрі қарай тарқатуына қызмет етіп тұр.
Автор фольклордың ауызекі сөйлеу, баяндау секілді қарапайым
қызметін де, көріктеу, көркемдеу секілді күрделі қызметін де,
этнографиялық материалды беру әдісін де ұтымды қолданады. Негізінен
фольклорлық жанрлар жазушы үшін көркем әдебиеттің кәсіби құралы
ретінде пайдаланылып отыр, бұл жазушының үлкен эрудициясын көрсетеді.
Сонымен қатар қаламгер фольклордағы, қиялдағы мәселелерді өмірлік
шындыққа айналдырып отыр. Фольклор үлгілерінің прозадағы және
поэзиядағы ертегілерді келтіру арқылы эстетикалық, аңыз-әпсаналарды
келтіру арқылы танымдық, ғибраттық функцияларын көрсетіп кетеді.
Тарихи романдардағы көркем тартыс мәселесі де терең қарастыруды
қажет етеді. Бұл сюжет пен характерге байланысты теориялық мәселе.
Шығармадағы көркем тартыс туралы ғалым С.Мақпырұлы: «Тартыс –
сюжеттің жаны, оның қозғаушы күші, сюжетте баяндалар оқиғаны да,
характер тағдырының шешімі де осы тартысқа, оның сипатын тікелей
қатысты», – деп келтіреді [81, 48-б.].
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы түгелдей дерлік
тартысқа құрылған. Бұл ерекшелік трилогиядағы әр оқиғаның басталуы мен
аяқталуынан және бір-бірінен туындауынан көрінеді. Жазушы бір оқиғаның
ішінен бірнеше жағдайлық оқиғаларды шығарып, бір мезетте бірнеше
кульминациялық нүктелерді көрсетеді. Мысалы, «Алмас қылыш» романында
Асан Қайғының әмірімен Қазтуған жырау мен Қотан жыраудың айтысының
тартыс түрінде өтуі, қазақ халқының ерлігін паш ете жырлаған тұстарда
Әбілқайыр ханның ұнатпаған сыңай танытуы, Саян батыр қашып кеткендігі
туралы хабарды естігенде Қобыланды батыр мен Ақжол би арасындағы
тартысты көзқарас, оны Асан Қайғы мен Әбілқайыр ханның байқап қалып,
әрқайсысының өзінше байлам жасауы, романның өн бойында Әбілқайыр мен
Жәнібек, Керей арасындағы тартыс, «Жанталас» романындағы Әбілқайыр
хан мен патшалық Ресей шенеуніктерінің арасындағы, Абылай хан мен
жоңғарлардың арасындағы тартыс, «Қаһар» романындағы Кенесары мен
Ресей патшасының отаршылдық саясатын жүзеге асырушы орыс
генералдарының, аға сұлтандардың озбырлығы мен қарапайым халықтың
қарсылығы желі тартып жатыр.
53
Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыптарға қалам тартқан жазушылардың
туындылары тілі, стилі, бейнелеу тәсілдері жағынан келгенде ерекше
құрылған. Бұл туындыларда қолданылатын көркемдік әдіс-тәсілдер, амалдар
шығарманың поэтикалық талабына сай болуы қажет. Мұны қазақ тілінде
стиль тезі деп атайды. Бұл ұғымды академик Р.Сыздық былай түсіндіреді:
«Стиль тезі дегеніміз – көркем шығарманың тілдік материалдарын белгілі
бір әлеуметтік ортаға немесе белгілі бір тарихи кезеңге қарай үйлестіріп,
таңдап қолдану. Айталық, романды (әңгімені, повесті) тарихи стиль тезіне
салып (түсіріп) жазғанда, автор өзі суреттеп отырған кезеңге тән зат, бұйым,
құбылыс, әрекет атауларын келтіруге тиіс, кейіпкерлерін мүмкіндігінше сол
кезеңдегі тілдесу үрдісімен сөйлетуі керек, оның өзінде бір кейіпкерді өзінің
әлеуметтік орнына, тәрбие-танымына, жасына, жынысына қарай «сол
кезеңше» сөйлеткені тіпті абзал. Әрине, ол үшін көп мехнаттану керек:
іздену, барын табу, жоғын жасау қажет, бірақ ол жасағанын нанымды,
«табиғи етіп» ұсыну – тарихи дүние жазуға барған қаламгердің өз қолымен
көтерген шоқпары. Ауыр шоқпар», – деп, тарихи шығарма тілінің, стилінің
күрделілігіне баса назар аударады. Осы пікірін жалғастыра отырып, тарихи
романдар тілін зерттеуге жол салған ғалым: «Тарихи романдардың
тақырыбы, композициялық құрылымы, баяндау-суреттеу стилі жағынан
түрленіп келгені қазақ көркем сөзінің биіккке көтерілгенін көрсетеді», –
дейді [82, 17-77 бб.]. Сонымен қатар ғалым тарихи шығармада
қолданылатын тілдік тәсілдерді, шығарма тілінің стиль тезіне түсуі
(историческая
стилизация)
құбылысының
айқын
көрінуі
тарихи
реалийлердің көрінуі екенін айтады.
Ал профессор Қ.Жұмалиев «стиль» ұғымына: «Стиль – шын талант,
ұлы ақын-жазушылардың қаламдарына тән сипат. Кез-келген ақын-
жазушылардан стиль іздеу бекершілік... Дарын жоқта – стиль жоқ. Стиль
ұғымына жазушының тілі, сөйлем құрылысы, мәнері, шығармаларының
композициясы, оқиға дамыту әдістері, тақырып таңдаулары, жанрлық
ерекшеліктері, тағы басқа да компоненттері кіреді. Ең алдымен, ортақ мәселе
– идеялық мазмұн», – деп анықтама береді [83, 13-24 бб.].
Стиль тезі, оқиғалар тізбегі, тарих тағылымдарын бар
шынайылығымен көрсете білген тарихи шығармалар қарымды қаламгер
Ілияс Есенберлиннің қаламынан туған. Оның «Көшпенділер» («Қаһар»,
«Алмас қылыш», «Жанталас» романдарынан тұрады) және «Алтын Орда»
трилогиялары өзінің құндылығы мен өміршеңдігін дәлелдеп келеді.
Ғалым Б.Я.Толмачев Орта Азия және Қазақстан әдебиеттеріндегі
тарихи романдарды зерттеп, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер»
трилогиясы туралы: «Орта Азия мен Қазақстанның көптеген жазушыларына
«оқиғалық»
баяндауға
ұмтылу
басым.
Өз
шығармашылығында
«жылнамалық»
принципін
ұстанған
жазушының
«Көшпенділер»
трилогясының ... жанрлық ерекшелігіне келетін болсақ, оның бұл әрекеті
барлық жаңа көп ұлтты әдебиеттің өткенді тірілту үшін жаңа көркемдік
формаларды іздегенін көрсетеді», – дейді [84, 19-б.].
54
Бұл жазушының көркем қиялымен де байланысты. Көркем қиял –
шығармаға тарихта болмаған жеке эпизодтар мен кейіпкерлердің іс-қимылы
арқылы енеді, сонымен қатар романның құрылымы, оның образдарының
жүйесі, типтендірудің мәні – объективті шындықтың субъективті бейнесін
жасауға бағынады. Көркем қиял жазушының шығармашылық қиялының
негізінде жатыр, мұнда көркем болжал бар және сонымен қоса жасалған
әлемнің мәнін айқындауға бағынады. Зерттеуші Қ.Алпысбаев бұл ұғымға
анықтама береді: «Көркем қиял – өнердің табиғатын анықтайтын басты
сипат. Сондықтан шығарма жазуда жазушы өзінің творчестволық қиялында
жүйелі образ туғызады, содан соң барып оны көркем бейнелеуге қажетті
тәсілді таңдайды. Көркемдік болжал тарихи шығарма табиғатына етене
жақын, алайда көбіне тарихи шығармаға жақын болып келеді» [85, 82-б.].
Ал көркем қиялдың тереңіне бойлап, оны қағаз бетіне түсіріп, көркем
шығармаға айналдыру үшін көркемдік болжал мен көркемдік танымның
қажеттілігі сөзсіз. Әдебиет теоретигі Н.А.Гуляевтың пікіріне сүйенсек:
«Көркемдік таным дегеніміз – заттар мен құбылыстардың адам өмірімен
тікелей байланыста болатын шындық болмысқа адамның эстетикалық
қатынасының жоғарғы формасы» [86, 69-б.].
Тарихи
романдарды
зерттеуші
Л.П.Александрова
өзінің
диссертациясында «көркемдік болжал» ұғымына: «Автордың реалды
шындықтың кейбір фактілерден ауытқуы (олар жайлы сөз қозғамау, жанама
фактілерді суреттеуде хронологиялық тізбекті өзгерту, т.б.) бұл тарихи
кейіпкердің мінезіндегі кейбір қырларын күшейту, не бәсеңсіту, тарихи
құжатқа шығармашылық жағынан жақындату – мұның бәрін көркем болжал
деуімізге болады» [87, 136-б.], – деген анықтама береді.
Осыған орай Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы туралы
академик Р.Бердібайдың «Жұлдыз» журналында жарияланған «Тарихи аңыз
шындығы» атты мақаласында (1984, №10) жазушының «тарихи оқиғаларды
биік дүниетаным тұрғысынан толғағаны трилогияның өн бойынан
табылатынын айта келіп, бұл тарихи романдардың жылдар бойында әсері
кемімей келе жату сыры тереңіректе, сондықтан Ілияс Есенберлин
романдары ұлттық рухани өміріміздің де факторы болды дейді. Өткеніміз
туралы бұл кезге дейін там-тұмдап қана дерек біліп келген болсақ,
«Көшпенділер» елдік дәстүріміз, ғасырларға созылған, шытырманға толы
тарихымыз бар екенін көркем әдебиет көлемінде тұңғыш рет таныстыра
алды. Ол ол ма? Бұл шығармалардан тіпті тарихи еңбектерде шешімін тауып
болмаған немесе басы бірікпей шашыранды түрде жатқан мағлұматтардың
жүйеге түскен желісін көрдік. Соншама мол фактілерді жазушы жалаң
тізбей, роман шарттарына лайықтап, қорытып, көркемдік қиялға бөлеп бере
алуы шығарманың тартымдылық қасиетін арттыра түсті. Міне осындай
тарих пен аңыздың, қиялдың бірлестік табуы трилогияның өзгеше бітімін
белгілеген еді. Сөйтіп: «Көшпенділерді» әдебиеттегі белгілі жанрлардың
бірде-бірінің шартына салып бағалау қиындығы да трилогияның материалы,
55
жанры, көркемдік әдісі-мейлінше тың болуынан еді...», – деп
тұжырымдайды.
Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясы халықтың
тұмшаланып жатқан тарихын тірілтуге деген көркем қиялдан туындады.
Жазушы шығарманы жазу мақсатында өзінің көркемдік болжалына сүйене
отырып, трилогияны халыққа таныс, оның көңілінде бейнесі өшіп
үлгермеген хан Кенесарының билік құрған кезеңінен бастауы шығарманың
тыңнан түрен салып, тарихтың беймәлім беттерін ашуға жалпы халықтық
қызығушылық туындауына әсер етті. Әрине халықтың тарихын тірілту
секілді ауыр да абзал міндетті жазушы өзінің бай дүниетанымы мен
еңбекқорлығы арқасында орындай алды. Оның дүниетанымдық көкжиегі
мен жазушылық шеберлігі бірдей кең.
Ал көркем қиялдан туындап, көркем болжалға құрылып, көркемдік
таныммен әдіптеліп, қағаз бетіне түсірілген көркем шығарманың тіліне де
қойылатын талап жоғары. Ол көркем болуы қажет. Бұл принцип тілші ғалым
М.Серғалиевтің пікірінше: «Шығарманың көркемдігін арттырып тұратын
жайлар молшылық. Әділінде, көркем әдебиет болғандықтан, оның тілінің де
көркем болғаны абзал» [88, 121-122 бб.].
Қазіргі филологиялық зерттеулерде көркем мәтіндердегі жекелеген
лексикалық бірліктердің немесе лексикалық қабаттардың (соның ішінде
көнерген сөздер) ерекшеліктеріне, әдістеріне және статистикалық
мінездемелеріне зор мән берілуде. Қазақ тіліндегі көптеген сөздерде тарихи
ақпараттар ағыны сақталған. Қазіргі этномәдени жағдайда ғылымда қазақ
халқының өткен өмірімен таныстыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселені
шешуде тарихи романдарды зерттеу қажет.
«Көшпенділер» трилогиясында қазақ тілінің бай мүмкіндіктері көрініс
тапқан: мұнда мағынасы кең мақал-мәтелдер, ғажайып салыстырулар,
аллегориялар, метафоралар және кейіптеулер суреттеліп отырған кезеңнің,
кейіпкерлер образының көркем суретін, олардың психологиялық
ерекшеліктерін, рухани және адамгершілік құндылықтарын ашып көрсетудің
маңызды құралдары болып табылады.
Жазушының мақал-мәтелдерді көп қолдануы шығарманың
көркемдігін арттыра түседі. Бұл мақал-мәтелдерді тақырыптары бойынша
топтауға болады (бұл туралы жұмысымыздың 3.2-ші бөлімінде жан-жақты
сөз болады).
Сондай-ақ жазушы кейбір жағдайларды сипаттау үшін халық арасында
таралған тұрақты сөз тіркестерін шебер қолданады, мысалы: «Ақын – ел
құлағы, ел көзі, ел жүрегі», «Итаяқтағы жуындыдан бұралқы төбетті қуып
жіберіп, өзі жалай бастаған тазыдай», «Қасқырдың қаншығы тек күшігі
қасқыр болғанша ғана ана, ал күшігі қасқыр болғаннан кейін, анасы да оған
қасқыр», «Досыңнан қасыңның еті тәтті, ал қасыңнан өзіңмен алысқан
жауыңның еті тәтті», «Жатқан жыланның құйрығын басу» (Алмас қылыш»
романы), «Қаншелек адам қорқау қасқыр тәрізді», «Күлмес хан тәрізді»
(«Жанталас» романы), «көздің қарашығындай сақтау», «Жамандық хабар
56
соққан желмен бірдей», «Жиһазды, дүниелі ақбоз үйдің ішінде өлік
жатқандай, жұртта үн жоқ» («Қаһар» романы).
Жазушының көркемдік шеберлігінің тағы бір қыры табиғат
құбылыстары мен тұрмыстық жағдайларда айтылатын тіркестерді
образдарды бейнелеуге, оқиғаларды суреттеуге қолдана білуі «жауар
бұлттай», «қара түнектей», «айнадай ашық көгілді аспан», «қара бұлт»,
«долы жел», «қалың қабағын түйіп», «түксиген қабағынан қыраулы қыстай
кәрін төгіп», «өкпе-ашуын толғай кетті», «Жейхұн өзеніндей тасыған жыры
үшін», «от ауызды, орақ тілді», «тұсаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмей»
(«Алмас қылыш» романы), «қайран сұлу құралай», «айдын көлдің аққуы»,
«тұншыға безерген дүние», «алтын тұғырға қонған ақ сұңқардай», «безек
қаққан ұшқыр ойы», «қойдай-қойдай тастар», «кермиық сар дала өлік тәрізді
үрейлі, моладай азынаған суық», «бозғылт шөл», «сала құлаш көк құрыш
алдаспандар», «аш бүркіттей шүйілді», «қанжардай тырнағымен жыртқан
қанды көз барыстай», «нардай қара айғыр», «қазандай қара дулыға», «уыздай
дәмді ет», «жұмған жұдырықтай болу», «ақ көбік атып, долдана тасыған
өзен», «жұдырықтай тастар», «долы өзен», «кәрі бүркіттей тұғырда отырып
қалған қарт жырау», «қамыс құлақ, бөкен сан жүйрік», «құлан қомдас бота
тірсек сүлектен жаратылған будан» («Жанталас» романы), «төңірек
сандықтан суырған гаһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге
енді», «сүмбілдей сәйгүлік жүйрік», «шайқала ырғалған жорға», «қайыңның
безіндей берік, қазан тастай шомбал, төртбақ келген біреу», «есік пен төрдей,
ай табанды жайма жал қара көк айғыр», «кескен қара томардай келте қара
сұр жігіт», «суық кекесін», «жүрегі аттай тулап», «лақа бас, білектей жуан,
қайрақ тас түстес тау жыланы», «бас бүйендей өлексесін салбаң еткізіп топ
еткізді», «құрыштай қатты қарулы қол», «қардай опырылып ат үстінен құлап
түсті», «қышқаштай жабысқан темір саусақтар», «шойындай ауыр шомбал
дене», «құлаштай сілтеген қамшы», «боз торғайдай кішкентай болғанмен,
биік ұшар халқым бар еді», өзен жыландай сумаң қағып ағады», «сүмбідей
сұлу бедеуінің үстінде қорғасын құйған құлжа асығындай берік отырған жас
жігіт», «көзінде бір сәуле жалт етті де, кенет үрлеп сөндірілген білте шам
жарығындай жоқ болды», «бие сауымындай кеңесу», «ақбөкендей әдемі»,
«күншығыс жақты сынық тағадай қоршай көмкерген кәрі Қаратау алыстан
қара қошқылданып көрінеді», «екі көзі оттай жайнап, күре тамыры білеудей
боп, кең тамағы торғай жұтқан қурай жыланның көмейіндей ісіп кетті»,
«бәйгеге шапқан жүйріктей, жыр желісінен маңдай тері бұршақтап ақты»,
«сүйек тиген төбеттей ұпайым түгел деп өз бетіне кетпейді», «екі бала
тапқанына қарамастан, сұңғақ бойына жарасқан қос жұдырықтай тіп-тік қос
анары алтын жамбылы алқасын тарсылдата керіп, аш белі үзіліп кетердей
талып, мықынынан төменгі бура санды бөксесін мейлінше айқындап тұр»,
«қамшының тіліндей етіп өрілген қос бұрымы көк толқынмен ойнап
жыландай иреңдеп, сымбатты денесі, су астында ақ сазандай бұлықсып,
еріксіз көзін тартып әкеткен», «жаңа туған айдай толықсыған Арқаның жас
сұлуы», «мойылдай қап-қара көздер», «мысықтың мұртындай түксиген сирек
57
қасы», «салпы ерінді аузын қисаңдата шайнағанда саршұнақтың
құйрығындай жіңішке ұзын мұрты едірең-едірең ете қалды», «жараланған
қасқырдай тіпті долданып алды», «мұрты ұйқыдан оянып керілген
мысықтың құйрығындай тікірейе қалды», «аңшы қуып жеткен еліктің
лағындай зәресі ұшып, тостағандай көзі шарасынан шыға жаздай
жаутаңдаған Күміс арбаған жыландай таяған торғайдай жақындай берді»,
«жағалтайды ілген қара бүркіттей», «жаңа туған қозының елтірісіндей қара
қошқыл бұп-бұйра шаш», «темір торға қамалған жолбарыстай», «сүліктей
қара су жорға», «кәрі қылыш – карательный отряд» («Қаһар» романы).
Жазушы образ бейнесін жасауда керемет әдістерді қолданады, ол
кейіпкерлерін суреттеу үшін тіліміздегі бай тіркестерді, оралымдарды шебер
қиюластырып келтіреді. Осы шеберлігі жазушының тарихи романдарының
тілін әсем безендіріп, тарихи оқиғаларды суреттеудегі тіл жұтаңдығынан
және қасаңдықтан аулақ етеді.
Романда жоғарыда келтірілген үзінділер, қойылған проблемалар терең
философиялық мағынаға ие. Бұл ретте бірінші орынға жеке тұлға мәселесі
қойылады, яғни тарихтағы жеке тұлға, жеке тұлға мен халық. Роман
поэтикасында фольклорлық, мифо-эпикалық дәстүрлер және ұлттық көркем
әдебиеттің дәстүрлері қолданылады. Шығарманың тілі көркем бейнелеуіш
құралдармен, ішкі монологтармен, табиғат суреттерімен, лирикалық
шегіністермен, автордың талдауларымен әрленген.
Жалпы көркем әдебиет тілінің шеберлік сипатын білдіретін тілдік
тәсілдерді екі топқа бөлуге болады. Бұл ретте қазақ лингвистері М.Балақаев
пен М.Серғалиевтің пікіріне сүйенсек, олар – бейнелеу тәсілдері және
әсірелеу тәсілдері. Өз зерттеуінде ғалымдар бұл ұғымдарға: «Бейнелеу
тәсілдері – өмірдің реалды шындығын, құбылысты кісінің көз алдына
елестететіндей етіп суреттеу. Әсірелеу тәсілдері – оның үстіне, кісінің
эмоциялық сезіміне әсер ететіндей етіп көріктеу», – деп анықтама береді
[89, 50-б.].
Ал шығармада қолданылған бейнелеу құралдарына тоқталатын болсақ,
олар трилогияда сөз қолдану тәсілдері, бейнелеу сөздер, мысалы, құбылту
деп аталатын метафора, метонимия, әсірелеу, тұспалдау, астарлау, теңеу,
эпитет, дыбыстық қайталамалар түрінде кездесіп, оның тілін безендіруге
қызмет етеді. Ал бейнелеу тәсілдеріне келсек, бұл ретте кейіпкерлерді
мінездеу, сөйлету, портрет жасау, табиғат көріністерін суреттеу, уақиғаны әр
түрлі өрістетуде жазушының қолданған шеберліктері туралы сөз етеміз.
Әдеби тілдегі сөз байлығының бәрі де түгелдей бейнелеу құралы деп
аталады, бұл топқа: әсерлеу (сөзге мәнерлілік сипат дарытып, көркемділігін,
әсерлілігін арттыра түсетін сөйлем құрылымын түрлендіру, сөз қолдану
тәсілі – стильдік айшықтар. Әсерлеу түрлері – сөз қайталау, сөздің орнын
ауыстыру (инверсия), шендестіру, үдету, бүкпелеу, арнау, риторикалық
айшықтар); мәнерлеу (тілдің мәнерлілігін көрсететін тәсілдер лексикамен,
фразеологиямен шектеліп қоймайды, қажетті жерінде сөз тіркесіндегі сөз
құрамдас бөліктердің алмасуы, жай, құрмалас сөйлемдердің құрамдас
58
бөліктерін алмастыру, интонация, тіпті оқшау сөздер, сөйлемнің мүшелері де
мәнерлілік жасауға қызмет етеді) тәсілдері жатады. Аталған амалдар
шығарманы шынайы, тартымды етіп, тіліне әр беріп, түрлендіреді. Тұтастай
алған тарихи туындының көркемдігі шығарманың бүкіл компоненттерінің
бірлігінен, үйлесім-келісімінен туындайды.
Бұл ретте Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарын тіл өрнектері
тұрғысынан зерттеген Б.С.Әбдуова қазіргі дәуірден бес-алты ғасыр бұрынғы
кезеңге жол салу, барын байытып, жоғын табу, өшкенін жандыру, там-
тұмдаған деректерден мәлімет алып, өмір шындығын көркем келістіре білу –
тарихи шығарманың негізгі шарты екенін айтады [90].
Өткен ғасырларда көп қолданыста болған, қазіргі күнде архаизмге
айналған сөздерді тауып, оның мән-мағынасын ашу, әдет-ғұрып ережелеріне,
тұрмыстық жағдайларға, жаугершілікке байланысты қағида, тәртіптерге,
табиғат ерекшеліктеріне көп көңіл аударып, тарихқа қылау түсірмей
шынайы жазу Ілияс Есенберлиннің дарындылығын, шеберлігін танытады.
Халықтың көркемдеуіш тілдік құралдарын шебер қолдану – шығарманы
сәтті шығару кепілі. Бұл орайда көркем туындының поэтикасы елеулі
маңызға ие болады.
«Көшпенділер» трилогиясы тарихи шығарма болғандықтан, көнерген
лексика туралы айтпай кетуге болмайды. Көнерген лексика ұғымы дәстүрлі
қолданыстағы атауына қарамастан әлі де даулы мәселелердің қатарына
жатады. Мұның нақты дәлелі көнерген тілдік бірліктің жалпыға бірдей
қабылданған атауының жоқтығында, сонымен қатар «архаизм» және
«историзм» атты ұғымдармен қатар аталатындығында.
Кейбір зерттеушілер кез келген көнерген тіл бірлігін архаизм деп
атайды (Маслов, 1975). Басқа ғалымдар архаизмдерді екі типке бөлу
қажеттігін айтады: архаизмдердің бірінші типі – көнерген заттар мен
ұғымдар атауын білдіретін сөздер; екінші типі – заттар мен ұғымдардың
қазіргі атауымен қатар қолданылатын бірліктер (Будагов, 1965).
Зерттеушілердің үшінші тобы «архаизм» және «историзм» терминдерін
қолданбай, тек «тілдің көнерген бірлігі» атауын қолданады (Булаховский,
1954; Гвоздев, 1965). Ал «историзм» және «архаизм» терминдері ғылыми
әдебиетте әр түрлі түсіндіріледі. Бір зерттеушілер историзмдерді көнерген
сөздердің жеке лексикалық-семантикалық қатары десе, басқалара оны
архаизмдердің бір түрі ретінде қарастырады (Клюева, 1962; Рихтер, 1970;
Головин, 1970). Историзмдер көп жағдайда өткен дәуірдің қоғамдық-саяси,
мәдени-тұрмыстық оқиғаларын білдіреді. Историзмдердің көп жағдайда
қазіргі тілде синонимдері жоқ, себебі тарихи дәуірмен бірге жоғалып кеткен
құбылыстарды білдіреді.
Көнерген лексиканы бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады:
көнерген лексиканың ежелгі түркілік қабаты; көнерген лексиканың
жалпытүркілік қабаты; көнерген лексиканың өзге тілден енген қабаты;
көнерген лексикадағы қазақ-монғол параллельдері. Трилогияда оқиғаның өту
кезеңіне қарай көнерген лексика қолданылады, бұл ретте «Алмас қылыш»
59
романында парсы тілінен енген «дийар – облыс», «диван – хан кеңесі», араб
тілінен енген «қари – Құранды жатқа білетін адам», «арбаб – қаланың
белгілі адамдары», «фатиқа –анық, айқын», «насрани діні – несториан діні»,
ескі шағатай тілінен енген «жете, шете – қарақшы (моғолдарды
шағатайлықтар осылай атаған)», «наип – уәзір», қыпшақ тілінен енген
«есірей – қолға түскен тұтқын», көне түркі тілінен енген «ірбіз – леопард»,
«ерат – әскер», «панднама – хандарға, ел басқаратын сұлтандарға арналған
насихат кітабы», «импрам – тобыр», «инал – шешесі хан тұқымынан, әкесі
қара қазақтан шыққан кісі», «пасбан – күзетші», «етрат – жауынгер», «паруа
– хан соңындағы адамдар», «мүнәзара – талас, өзара шешім табу», «тұтғақ –
түнгі күзетші тобы», «мұзалим – қызмет дәрежесі», «басар – тау жуасы»,
«қарбас – мата (сәтен)», «етрақ – сары дала», «ағрұқ – әскер соңындағы
көш», «кестам – көне түркі елі дайындаған ішімдік», монғол тілінен «көрен –
бекінген әскер, лагерь» т.б. сөздерді айтуға болады. Бұл ретте «мүнәзара»,
«мұзалим» сөздерінің араб түбірінен жасалғандығын айта кету керек.
«Алмас қылыш» романының оқиғасы 1456 жылғы Әбілқайыр хан билік
құрып тұрған кезде Барақ хан бастап, Жәнібек хан мен Керей хан қолдап,
қазақ хандығының іргесін бекіткен уақыттан бастап, Қасым хан, Хақназар
хан билік құрған 1580 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл кезеңде қазақ
хандығының қалыптасып, іргесін бекіттірген еді. Роман тілінде көне түркі,
монғол, шағатай, парсы, араб тілдерінен енген сөздердің көп кездесуі қазақ
хандығының қалыптасуына дейін қазақ жерін билеушілердің сөйлеу ережесі
қолданылғанын дәлелдейді.
«Жанталас» романында өзге тілдерден енген сөздер көп кездеспейді.
Бұл роман оқиғалары 1580 жылы Қазақ хандығының басына Шығай хан,
Тәуекел хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Сәмеке хан, Орта
жүз ханы Әбілмәмбет, Кіші жүз ханы Әбілқайыр, Абылай хан билік құрған
кезеңді 1781 жылға дейін қамтиды. Роман тілінен көрініп тұрғандай қазақ
халқы осы кезеңде тәуелсіздік кезеңін басынан бір өткергендей, себебі қазақ
хандары өз елін дербес мемлекет ретінде билеп тұрды, сырт жаулардан жан
аямай қорғады.
«Қаһар» романында орыс тілінен енген «жылқы жылғы ұстап – Россия
патшасының Сібір қазақтарын басқару жөніндегі 1822 жылғы ережесі
(уставы)», «жасиәтір – заседатель», «кәрі қылыш – карательный отряд»,
«іштесер – штюцер мылтығының аты», «атұлтант – адъютант», түркі
тілдерінен енген «ертәуіл, ертөле – барлаушы», «бақауыл – бөлуші»
сөздеріне түсінік беріледі. Жазушының бұл романы 1782 жылы Уәлидің
билік құрған кезеңіне шолу жасаудан басталып, Кенесарының хандық құрған
кезеңіндегі (1841-1847) оқиғалармен аяқталады. Бұл кезеңде қазақ елі Ресей
боданы болғандықтан, қазақ тіліне орыс тілінен көп сөздер енді. Романда
жазушы осы үдерісті көрсеткен.
Бірақ жазушы Ілияс Есенберлин трилогия тілін тым көнелемей, оның
оқырманына түсінікті болуы үшін өткен заманның оқиғаларын осы кезең
тілімен суреттеуге ұмтылған. Трилогияда қолданылған көнерген сөздер көп
60
функция атқарады: біріншіден, бұл стилизация мен тілдік көркемділіктің
«айшықтылықтың» белгісі; екіншіден, мұндай сөздерді қолдану қосымша
танымдық ақпарат береді; үшіншіден, бұл тәсіл мәтінге деген қызығушылық
тудырып, оқырманды әр түрлі сөздіктер қарауға жетелейді, яғни
оқырманның тілдік компетенциясын жетілдіреді.
Демек Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы көркемдігі,
стилі, тіл бедері жөнінен өзіндік ерекшелігі бар туынды. Мұнда кездесетін
ерекшеліктер жазушының өзіне ғана тән шеберлікпен орындалған. Жазушы
уақыт көшіне ілесіп, оқиғаларды нанымды әрі шынайы бейнелеу үшін
көптеген әдіс-тәсілдерді тынбай іздегені байқалады.
Тартысты тарих оқиғаларына құрылып, қазақ халқының азулы, асқақ
билеушілері мен билерінің, қаһарман қас батырларының, елін сүйген күміс
көмей көреген ақын-жырауларының, шыдамды дана халықтың, абзал аналар
мен батыл бойжеткендердің қазақ хандығының құрылып, қазақ елінің
дербес, тәуелсіз ел болуын көксеген арманын бейнелеп берген трилогияда
жазушы қазақ халқының тіл өнері мен фольклорлық мұрасының бай
мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жанды туынды жасаған. Қазақ халқының
тарихындағы елеулі оқиғалар жазушының шеберлігі арқасында жымдаса
өріліп, тіл өнері мен әдеби категориялардың мейлінше мол қолданылуымен
әрлене түсіп, көркемдігі жоғарылаған. Бұл тарихи роман дәстүрінің қазақ
әдебиетіндегі ірі жеңісі деуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |