Ақын өз жүрегінің лүпілі, жырлары арқылы жалпыға тән ой-сезімді білдірген. Ал сол сезім-ой өлең құрылысындағы, бейнелеу, қайталау, теңеу, метафора, эпитет сияқты көркемдегіш құралдар арқылы беріледі. Мұнда сөз бейнелері мен ақындық толғаныс-тебіреністер арқылы жан сырлары, жүрек лүпілдері айтылады. Есімінің өзінің жырға айналуы сезім қылын күйге бөлер нәзік поэзиясының жүректен ойып орын алуынан да болса керек. Көңіл қуантатыны оның оқырмандарының көбі-жаңа буын жастар. Бұл Мұқағали жырларының мәңгілік екендігін көрсетеді. Ендеше ақын поэзиясының құдіреттілі неде? Соған үңілелік. Тіл мен әдебиеттің «алтын ғасырының» соңын ала келген М.Мақатаев сынды тұлғалардың ұлттық санасында Абайдан Әуезовке дейінгі ұлағаттылық пен сөз өнерінің озық үлгілері тұрды. Ол әдебиет майданында Абай салған дәстүрмен өз қоғамындағы тарихи, мәдени өзгерістерді, жеке адам бойындағы эмоциялық қалып-күйлерді өз таным-түсінігі тұрғысынан қарап, дәуіріне үн қоса білді.
Тіл көрнекі болу үшін дерексіз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана –саңылауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі. Сөз ондай дәрежеге жету үшін үш түрлі әдісте жасалады.