Мәйіттің кім екенін анықтап, сөйтіп өлген адамның аты-жөнін білу үшін, ол тануы мүмкін делінген адамға көрсетіледі. Мұндай тану үшін көрсетудің өзіндік ерекшелігі бар. Басқа объектілердей емес мәйіт жеке көрсетіледі. Оны көрсетер алдында арнайы сот-сараптама жұмысы жүргізіліп, мәйітті кісі көретіндей жағдайға келтіреді (оны " мәйітті әрлеу" дейді). Тануға мәйітханада жатқан мәйіттің беті және басқа да дене мүшелері, әсіресе, ине шаншып әлеміштеген белгілер (татуировка) денедегі тыртық, басқа ерекше белгілері көрсетіледі. Танушы өлген адамның туысқаны, жолдасы, не басқа да таныс адамдары болуы мүмкін. Сондықтан мәйітті көріп, тану олардың көңіліне өте ауыр сезім туғызады. Осыған орай тану үшін көрсетер алдында сот сарапшысына мәйітті белгілі бір қалыпқа келтіруге ұсыныс жасалады. Тергеу тәжірибесінде кей жағдайларда, өздерінің хабар-ошарсыз кеткен туыстарын біреу өлтіріп кетті ме деп күдіктенген тұлғаларға аты-жөні белгісіз мәйіт көрсетіледі. Егер олар мәйітті танып, оның кім екенін айтса, тергеуші осы жөнінде хаттама жазып, осы адамнан жауап алады.
Мәйітті тану үшін көрсету тергеу әрекеті заңды түрде жүргізілсе тергеуші танушыдан мәйітті қандай бет келбетінің, дене кұрлысының ерекшеліктерінен танығандығы жөнінде анықтап сұрауы керек. Мәйіттің өзі ғана емес, оның жеке дене мүшелері де тану үшін көрсетілуі мүмкін. Мұндай жағдайда осы дене мүшесінің қандай ерекше белгілері бойынша танылғандығы анықталып, хаттамаға жазылады.
Достарыңызбен бөлісу: |