§3. Кейінгі жүргізілетін тергеу әрекеттері
Қорқытып алу қылмысын тергеудің кейінгі кезеңі сезікті мен айыпкерден жауап алу, тану үшін көрсету, беттестіру, сот сараптамасын тағайындау әрекеттерінен тұрады.
Қылмыскер қылмыс үстінде немесе талап етілген затты ала салысымен ұсталған жағдайда сезіктіден жауап алу жасалған қылмыс жайында оқиғаны басынан аяғына дейін рет-ретімен айтып беруден басталады. Қылмыстық қасақаналықтың туындауы туралы, қылмысқа дайындық әрекеттері, жәбірленушімен қарым-қатынасы, құрбан болған адамның табысы туралы мәліметтерді қайдан алғандығы және оның өмір сүру жағдайы мен тұрғылықты жері туралы сұрақтар қойылады. Ұсталған адамнан қару-жарақ табылса, оның шығу тегі мен кімдікі екендігі жөнінде сұрақтар қойылады. Егер қорқытып алушының денесінен немесе киімінен қандай да бір жарақат, зақым табылса, оның пайда болу механизмі, себебі және уақыты анықталады. Ұсталғанның алибиі болған жағдайда оның және ол нұсқаған куәларының көрсетпелері нақтылау жолымен тексеріледі. Кәмелетке толмаған қорқытып алушылардан жауап алу кезінде ересек адамдардың азғыру мүмкіндігі жөнінде мәселелер анықталады.
Қорқытып талап етуді тергеу барысында көбінде айыпкер (сезікті) мен жәбірленушінің көрсетпелерінде туындаған қарама-қайшылықтарды анықтау мақсатында беттестіру әрекетін жүргізу қажеттілігі туындайды. Қылмыс тобына қатысушылардың біреуі немесе олардың бірнешеуі шынайы көрсетпелер беріп, ал басқалары жалған көрсетпелер беруді жалғастырған жағдайда беттестіру әрекетін жүргізу жақсы нәтиже береді. Бұл кезде тергеушінің жәбірленуші мен кінәсін мойындаған қылмысқа қатысушылардың қорқып өз жауаптарын өзгертуіне күмәні болмауы тиіс. Ал егер күмәнданған жағдайда беттестіру әрекетін жүргізудің еш қажеттігі жоқ. Қорқытып талап ету қылмыстарын тергеуге тән сот сараптамаларына: трасологиялық (сонымен қатар дактилоскопиялық), қолжазбалық, құжаттарды криминалистикалық зерттеу, қарутану, сондай-ақ микрообьектілерді зерттеу жатады.
Сот-фоноскопиялық сараптамасының маңызы ерекше. Оны тағайындау кезінде сарапшылар қарауына даулы фонограмма (телефон байланысын тыңдау және басып алу нәтижесінде алынған), сонымен бірге қажетті тұлғаның фонограммада бекітілген ауызша сөзінің еркін немесе эксперименталды үлгілері жіберіледі. Еркін үлгілер қатарына қылмыстық іске қатысы жоқ магнитті лентаға басылған ауызша сөздер ғана емес, сонымен қатар егер тергеу әрекетіне қатысушылар бұл фонограммалардың кейіннен фонскопиялық сараптаманың зерттеу обьектісі болатынын білмеген жағдайда жауап алу мен беттестіру әрекеті кезіндегі фонограммалар да жатады. Эксперименталды үлгілер – бұл арнайы сараптама жүргізу мақсатында ҚІЖК-ң баптар талаптарын сақтай отырып фонограммаға басылған ауызша сөз. Мұндай үлгілер зерттеу қажеттілігі туындаған жағдайларда фонограммаларда басылған белгілі бір сөздер, сөз тіркестері немесе екі фонограммадағы мәтіні бойынша сәйкес келетін жазбалар эксперименталды үлгілер ретінде қолданылады. Сараптамадағы даулы фонограммамен бірге осы фонограмманы жазу кезінде қолданылатын магнитофонды да жіберген жөн.
Сарапшыға фонограммада басылған дауыстың нақты бір адамға тиістілігі, сондай-ақ фонограммаға дыбыс жазу кезінде немесе одан кейін енгізілген өзгерістер мен монтаж жасау мүнкіндігі жөніндегі мәселелер қойылады.
Достарыңызбен бөлісу: |