§1 Экономика саласында жасалатын қылмыстардың криминалистикалық сипаттамасы
Қазіргі кезде экономика саласындағы қылмыстар кеңінен тарап өсуде және біршама өзгеріп жаңа түрлері пайда болған. Мысалы, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, экономикалық контрабанда, жалған кәсіпкерлік, заңсыз банк қызметімен айналасу және т.б..
Қылмыстық-құқықтық көзқарастан алып қарастыратын болсақ экономика саласындағы қылмыстарға мыналар тән: бұл қылмыстың объектісі болып табылатын экономикалық маңыздағы қоғамдық қарым-қатынастар; экономикалық залалдың болуы және де оның ірі көлемде немесе аса ірі көлемде болуы; өндірісте жасалатын және айналадағы ортаға негативті әсер ететін қылмыстарды қоспағанда барлық уақытта ниеттің қылмыстық істен орын алуы.
Экономика саласына байланысты жасалатын қылмыстардың криминалистикалық сипаттамасы мынандай ерекшеліктерден тұрады:
Біріншіден, экономика саласында жасалатын қылмыстар – мүліктік қатынастарға бағытталған нақты бір материалдағы (өндірістерге, зауыт, фабрика, рудниктер, теле-радио коммуникациялары, акциялар мен ақшалай қаражаттарына, валюталарға, сондай-ақ жер және жер қойнауларына, мұнай мен газ өнімдеріне, астық және дайын өнімдерге) қол сұғушылық болып табылады;
Екінші ерекшелігі, экономика саласына байланысты белгілі бір жоғары білімі бар кез-келген экономикалық қылмыстарды жасаған субъектілер, бұл қылмыстарды көбінде осы салаға байланысты нақты бір лауазымды құзіреттілік берілген тұлғалар жасайды;
Үшінші ерекшелігі, экономикалық қылмыстарды жасау жағдайларына байланысты. Бұл қылмыстар міндетті түрде нақты бір шаруашылық ортасында, атап айтқанда: өнеркәсіптік немесе ауылшаруашылық, сонымен қатар сауда орындарында, кәсіпорын немесе офис, банк, фирмаларда және т.б. жасалады. Бұл жерде міндетті түрде мынандай нақты операциялар жүргізіледі – қаржылық және материалдық есеп-шоттар, мұнда міндетті түрде мамандар, қызметкерлер және сол сияқты басқа да тұлғалар болуы тиіс.
Төртіншіден, барлық шаруашылық және қаржылық операциялар тиісті құжаттармен рәсімделеді. Сондықтан да қылмыскердің экономикалық қылмыстардан көрініс табатын кез-келген әрекет немесе әрекетсіздіктері әрқашан да жазбаша ресми құжаттарда электрондық түрде немесе мәлімет беретін құжаттың алғашқы нұсқасында бекітіледі. Мұнда қылмысқа қатысты кез-келген құжаттар нақты дәлелдемелер болып табылады.
Бесіншіден, экономикалық қылмыстар негізінен жасырын (латенттік) сипатта жасалады. Қылмыскердің білімділігі – қылмыстың ізін жасыруға байланысты әртүрлі шараларды ойлап табуына, оларды қамтамасыз етуге алдын ала әртүрлі айла-әдістерді, әрекеттерді жасауына мүмкіндік береді. Сондықтан да қылмыстық істі қозғауға байланысты нақты әрі толық негіз алу үшін көп жағдайларда тергеу әрекеті жүргізілмес бұрын алдын ала тексеру жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Экономикалық қылмыстарға тән ерекшеліктердің тағы бір түрі, яғни алтыншы ерекшелігі, қылмыскердің жасаған әрекеттері бірнеше қылмыс түрлерімен байланысты болуында. Мысалы: несиені заңсыз алу қылмыстары жалған кәсіпкерлік қылмыстарымен байланысты болуы мүмкін.
Ал өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу қылмыстары бухгалтерлік есеп ережелерін бұзу; жалған банкроттық қылмыстары аукциондарды өткізудің белгіленген тәртібін әдейі; пара алу қылмыстары қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және сол сияқты басқа да қылмыстармен байланысты болуы мүмкін. Экономикалық контрабанда қылмыстары көбінде қылмыскерлердің салық төлеуден (кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден) бас тартуына байланысты жасалады.
Жетіншіден ерекшелігі, экономика саласындағы қылмыс сипаты көпшілігінде ұйымдасқан түрде жасалатындығында. Қылмыстық әрекетке қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топ, сонымен қатар мемлекеттік қызмет деңгейіндегі құқық қорғау қызметкерлері де қатысады. Кейде экономика саласындағы қылмыстарды ұйымдасқан топ болып жасауға жоғары қызметтегі шенеуніктер қатысады. Олар бұл қылмысты Қазақстан Республикасынан тыс жақын және алыс шетел азаматтарымен байланыста бола отырып ұйымдасып жасаулары мүмкін.
Экономикалық қылмыстарға тән соңғы ерекшеліктерге қылмыскердің көп көріністік және ұзақ уақыт аралығындағы әрекеттері жатады. Экономика саласына байланысты бір факт бойынша бір күн немесе апта ішінде жасалған қылмыс түрі тәжірибеде әлі кездескен жоқ.
Осы ерекшеліктер экономика саласындағы қылмыстарды тергеудің қиындығымен, тергеушінің өзге де қызметтермен тығыз байланысымен, тергеу процесінің материалдық-техникалық жағынан қамсыздануымен және тергеушінің кәсіби дайындығымен байланысты.
Экономикалық қылмыстарды тергеу әдістемесі құрылысы жағынан – ұрлық, адам өлтіру, жол-көлік оқиғасы қылмыстарын және басқа да қылмыстарды тергеу әдістемесінен айырмашылығы айтарлықтай көп емес. Басқа қылмыстардағыдай элементтер экономикалық қылмыстарынан да көрініс табады, яғни қылмыстық-құқықтық, қылмыстық-процестік актілер ескеріледі, бір және сол схема бойынша ұсыныстар жасалады.
Барлық жеке әдістемелер алдымен экономикалық қылмыс түрінің нақты бір қылмыстық-құқықтық сипаттамасына сүйенеді. Қылмыстық-процесуалдық негіздер – тексеру әрекеті кезеңінен бастап қылмыстық істі қозғауға дейінгі және айыптау қорытындысын жасау кезеңін аяқтай отырып жеке әдістеменің барлық кезеңдерін өткізеді.
Экономикалық қылмыстардың әрбір түрінің типтік белгілері, қылмыстың нақты бір түрі мен тобына байланысты криминалистикалық маңызды ақпараттар жүйесі криминалистикалық сипаттама сияқты жеке әдістеме элементтерінде беріледі. Бұл ұғым қылмыстық әрекеттердің негізгі элементтерін қамтиды. Мұнда бұл қылмысты жасаған тұлғаға байланысты типтік мәліметтер, қылмысты жасау тәсілдері, қылмысты жасауға дайындық әрекеттері мен оның ізін жасыру әдіс-тәсілдері жалпы қорытылған түрде беріледі. Экономикалық қылмыстар бойынша қылмыскердің жеке басы және қылмысты жасау тәсілдерімен байланысты қылмыстың механизмі туралы мәліметтер криминалистикалық сипаттамалардан көрініс табады.
Қылмыс жасау тәсілі міндетті түрде қылмыскердің қызметтік және өндірістік-шаруашылық қызметіне кіреді. Ол мемлекеттік кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық құжаттарынан, мекеме, банктердің рәсімдеу, орындау құжаттарынан, цех, қойма, офистер мен көлік және компьютерлік-техниканы пайдалану туралы жазбаша құжаттардан көрініс алады.
Экономикалық қылмыс механизмінің ерекше белгілері қылмысты жасауға дайындалу, оны жасау мен ізін жасыру тәсілдері, мысалы: салық төлеуден бас тарту кезінде жасалған қаржылық есеп жасаумен байланысты болуы мүмкін.
Қылмыстың барлық түрінің механизмі қылмыскердің көптеген куәлерді – күзетшілер, хатшы, машинист, программист, жүргізуші, қоймашы, жұмысшы, технолог, бухгалтер, инженер, инспектор, аудитор, ревизор және басқа да тұлғаларды қылмыстық әрекеттерді (немесе көбінде әрекетсіздіктерді) жасауға итермелейтіндігімен сипатталады.
Экономикалық қылмыстардың барлық түрлері бойынша қылмыскердің жеке басының типологиялық қасиеттері, оның жоғарғы әлеуметтік жағдайынан, мамандығынан, іскерлігінен, қоғамдағы көптеген әлеуметтік топтармен тамыр-таныстық байланыста болуынан көрініс табады. Көбінде олар өздерін қылмыскер ретінде санамайды. Оларға тергеу процесіне қарсы әрекет етуге мүмкіндіктер беретіндей қаржы жағынан тиімді жағдайлар, еркіндік, суық қандылық тән.
Экономика саласына байланысты жасалатын қылмыстық әрекеттердің өзіне тән ерекшеліктері криминалистикалық сипаттамадағыдай жеке әдістеменің ұғымы мен элементінен көрініс табады. Барлық жеке әдістемелердің құрылысында тергеу әрекетінен басталуы мүмкін жағдайдың сипаты мен варианттары міндетті түрде айқындалады. Субъективтік факторлардың ықпал етуіне қарамастан, бұлар объективтік жағдай болып табылады.
Осы немесе басқа да экономикалық қылмыстарды тергеу кезінде болуы мүмкін типтік ситуациялар жөнінде сөз қозғалып отыр. Шын мәнінде тергеушілер нақты бір қылмысты тергеу кезінде тәжірибеде айқындалатын әртүрлі ситуацияларға байланысты басқа да жағдайларға кезігуі мүмкін.
Типтендіру үшін барлық факторларды қамту мен олар бойынша ұсыныстар жасау мүмкін емес.
Экономика саласында жасалатын қылмыстық әрекеттің өзіндік қасиеті келесідей әрекеттерді жүргізуден тұрады – қылмыстық әрекеттің белгілерін қарастыру қиын болғандықтан алдын ала тексеру әрекеттерін жүргізу қажеттілігі туындайды, содан кейін ғана тергеудің алғашқы, кейінгі және қорытынды кезеңдері басталады. Барлық жеке әдістемелердегі ұсыныстар алғашқы шараларды жүргізу мен басқа да кезеңдері бойынша шектеледі.
Тергеудің бастапқы кезеңінде кейінге қалдыруға болмайтын және жедел әрекеттер жүргізіледі. Жорамалданған қылмыскерді анықтағанша тергеуші қызу түрде жұмыс жасайды. Кейінгі кезеңінде негізгі жұмыс оның кінәлі екендігін дәлелдеуге байланысты жүргізіледі. Қорытынды кезең айыптау қорытындысын жасауды ұйғарудан тұрады.
Экономика саласына байланысты жасалатын қылмыстарды тергеу барысында әртүрлі формадағы арнайы білімдерді пайдалануға тура келеді. Сондықтан да тергеу (құжаттарды қарау, компьютерлік техникаларды қарау, тінту, жауап алу және т.б.) әрекеттерін жүргізуге мамандарды қатыстыру; ревизия, аудит тағайындау; сот-сараптамасын тағайындау; мамандармен кеңес жасау талап етіледі.
Тәжірибеде көрсетіп отырғандай тергеушінің – жедел-іздестіру қызметкерлерімен, экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу бойынша агентствамен, кеден комитетімен, статистика агентствасымен, Ішкі Істер Министрлігі, Бас прокуратура, ҚР Ішкі Істер Министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросы және т.б. ақпараттық орталық қызметтерімен өзара қарым-қатынасынсыз экономикалық қылмыстарды жылдам әрі толық ашу мүмкін емес.
Жеке әдістеменің құрылысы келесідей элементтерден тұрады:
қылмыстық-құқықтық негіздерден;
экономикалық қылмыстардың криминалистикалық сипаттамаларынан;
типтік ситуациялардан және тергеудің алғашқы кезеңінен;
экономикалық қылмыстарды тергеу кезінде арнайы білімдерді қолданудан;
тергеушінің әртүрлі қызметтермен өзара қарым-қатынас жасауынан.
Экономикалық қылмыстар бойынша өңделген әрбір жеке әдістемелерден аталған барлық элементтер көрініс табады.
Бөтеннің мүлкін ысырап ету немесе талан-таражға салу қылмыстарын қарастырып өтейік.