Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері
Жұмыстың негізгі мақсаты – қазақ-ағылшын тіліндегі «Достық» және «Бақыт» тақырыбы аясындағы мақал-мәтелдерін салыстыра зерттей отырып,олардың қазақ және британ елдерінің менталитетін көрсететін мазмұн аясындағы ұқсастықтары мен ұлттық сипатын ашу. Аталған тілдік бірліктердің семантикалық құрамындағы ортақ тұстары мен ерекшеліктерін және олардың себеп-салдарын айқындау.Осы мақсаттарды орындау үшін төмендегі міндеттерді шешу көзделді:
- зерттеу жұмысына тиянақ болатын теориялық,әдістемелік қағидаларды айқындау және негіздеу;
-концепт ұғымымен танысу;
-қазақ-ағылшын мақал-мәтелдерінің концептілерінің семантикасындағы ұқсастық пен айырма белгілерін айқындау үшін прецедентті мәтіндерді сұрыптап талдау;
- мақал-мәтелдерді топтастыру принциптерін айқындау және «Достық» және «Бақыт» тақырыбтар бойынша жүйелеу;
- мақал-мәтелдер мағына межесіндегі сәйкестіктері мен айырмашылықтарын анықтау,олардың себебін айқындау.
Мақал-мәтелдер- сөздік құрамның халық өміріндегі әрқилы кезеңдерді, қарым-қатынас пен қоғамдық құбылыстарды бейнелей сипаттайтын, көңілдегі ойды шебер де ұтымды жеткізетін, қысқа да нұсқа тұжырым жасайтын, мән-мазмұнға бай бөлігі. Демек, халық өмір шындығын, көңілге түйгенін мақал-мәтелретінде өз ұрпағына үлгі-өнеге етіп қалдырып отырған. Аталмыш тілдік бірліктер арқылы жас ұрпақты елін-жерін сүюге, ерінбей еңбек етуге, білім алуға, адал, кішіпейіл болуға үндеп, жалқаулық, өсек-өтірік, мақтаншақтық тәрізді қасиеттерден бойын аулақ салуға тәрбиелей білген.Мақал-мәтелдердің қазақ және ағылшын тілдеріндегі зерттеулеріне тоқталмас бұрын отандық және әлемдік тіл мамандары арасында пікірталас туғызған, олардың қай салаға қатыстылығы жөнінде айтылған тұжырымдарды атай кеткен жөн. Мысалы, фразеология саласының қалыптасуына, дамуына өзіндік үлес қосқан В.В.Виноградов, Н.М.Шанский, В.Н.Телия, М.Чернышева, М.М.Копыленко, А.В.Кунин, И.В.Арнольд, І.Кеңесбаев, Ә.Т.Қайдар, Б.Манасбаев т.б. сынды ғалымдар мақал-мәтелдерді фразеология саласының еншісіне тиесілі деген ғылыми негіздемелер ұсынады.
Ағылшын тілінің мақал-мәтелдеріне қатысты кешенді зерттеулерімен, дәйекті тұжырым, пайуымдауларымен танымал А.В.Кунин де жоғарыда айтылғанғалымдардың көзқарасын ұстанады, алайда, аталмыш тұрақты тұлғалардың құрылымдық-мағыналық ерекшеліктерін негізге ала отырып, оларды «коммунативтік фразеологиялық бірліктер» деп атап, жеке қарауды ұсынады. Сондай-ақ, автор құрамындағы сыңарлары тура мағыналы болып келетін мақалдар тобын яғни, «all is well, that ends well» (сөзбе-сөз ауд.: сәтті аяқталған істің бәрі жақсы), «Appearances are deceptive» (сөзбе-сөз ауд.: ештен кеш жақсы) тәрізді оралымдарды фразеологиядан тыс, «фразеологиялық емес тұрақты құрылымдар» аясында қарастырды.
Осы жоғарыды айтылған тұжырымға қарсы пікірді ұстанушы белгілі ғалымдар-М.А.Филипповская, Н.Н.Амасова, А.М.Бабкин, В.П.Жуков, М.Т.Тагиев, А.Н.Кожин т.б. Мақал-мәтелдерін фразеология саласынан тыс қарайтын ғалымдардың көпшілігі олардың ауыз әдебиетінің зерттеу нысаны қатарына жатқызады. Ал осы бағыттағы көлемді зерттеулерімен танымал ғалым Н.Н.Амосова «мақал-мәтелдерді фразеология қорына жатқызуға болмайды, олардың мазмұны жағынан да, сөйлемде атқаратын қызметі тұрғысынан да фразеологиялық бірліктердің белгілеріне жауап бермейді» деген пікір ұсынады.
Осы келтірілген ой-пікірлерге және өзіндік зерттеу нәтижелеріне сүйенер болсақ, мақал-мәтелдердің тұлға тұрақтылығы, тіркес тиянақтылығы, мағына тұтастығы, қолдануға даярлығы тәрізді сипаттары оларды фразеологизмдер қатарына қосып, осы салада зерттеуге толық мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |