Мазмұны кіріспе мұнай-газ материалдары аудармасы мұнай-газ терминдері бар мәтіндерін аударудың ерекшеліктері Мұнай-газ мәтіндерінің грамматикалық ерекшеліктері «алтиус петролеум интернэшнл»


Мұнайгаз терминдері бар мәтіндерді аударудың ерекшеліктері



бет3/25
Дата06.02.2022
өлшемі0,49 Mb.
#79583
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
Байланысты:
мұнай және газ терминдерін аудару ерекшеліктері

1.МҰНАЙГАЗ МАТЕРИАЛДАРЫ АУДАРМАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

1.1 Мұнайгаз терминдері бар мәтіндерді аударудың ерекшеліктері


«Аударма» немесе «аударма қызметі» деп аталатын тіл аралық қатынас қызметінің лингвистикалық аспектілірін зерттеу - қазіргі заманғы тіл білімінде зерттелетін көптеген күрделі мәселелердің арасында маңызды орын алады.


Аударма әуел бастан адамдардың өзара тіл аралық қарым-қатынасын жасауына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік қызмет атқарды. Жазбаша аудармалардың кең таралуы халықтардың бір-бірінің мәдени жетістіктерімен адамдардың танысуына жол ашты, мәдениет пен әдебиеттің өзара қарым- қатынасы мен байытылуына мүмкіндік берді. Шетел тілдерін білу сол тілдегі кітаптардың түпнұсқасын оқуға мүмкіндік береді, бірақ ең болмаса бір шетел тілін оқып, меңгеру әрбір адамға бірдей беріле бермейді.
Аударылатын материалдың жанрлық-стилистикалық сипаттамасының белгісі мен жанрлық қатарына жатуы бойынша бөлінетін аудармалар:

  • ғылыми-техникалық аударма (ғылыми-техникалық мәтіндердің және құжаттамалардың аудармасы, мұнайгаз материалдарын аудару осы топқа енеді);

  • қоғамдық-саяси аударма (қоғамдық-саяси мәтіндердің аудармасы);

  • көркем аударма (көркем мәтіндердің аудармасы);

  • әскери аударма (әскери тақырып бойынша мәтіндердің аудармасы);

  • заң аудармасы (заңдық сипаттағы мәтіндердің аудармасы);

  • тұрмыстық аударма (тұрмыстық әңгімелесу сипатындағы мәтіндердің аудармасы) [1; 9].

Аударманың арнайы теориясы аудармалардың жекелеген түрлерінің өзгешелігін аша отыра, осы типтес аудармаларды баяндау барысында ескерілуі тиісті факторлардың үш қатарын зерттейді. Біріншіден, түпнұсқаның ерекше функционалдық стильге қатысты болуы аударма үдерісінің сипатына ықпалын тигізуі мүмкін және аудармашының ерекше әдістер мен тәсілдерді қолдануын талап етеді. Екіншіден, осындай ұқсас түпнұсқаға икемделу аударма мәтінінің стилистикалық сипаттамасын алдын-ала айқындауы мүмкін, соның нәтижесінде ұқсас функционалдық стильді сипаттайтын тіл құралдарын таңдау қажеттігін аударылатын тілдің (АТ) өзінде көрсетеді. Ақырында, осы екі фактордың өзара әсері нәтижесінде бастапқы тіл (БТ) мен АТ-дегі ұқсас функционалдық стильдердің жалпы және тілдік белгілері арасындағы айырмашылықтар, сонымен бірге осы типтес аударма үдерісінің міндеттері және ерекше шарттарымен байланысты болатын меншікті аудармалық ерекшеліктер табылуы мүмкін. Басқаша айтқанда, аударманың арнайы теориясы БТ-дегі анық функционалдық стильдің, АТ-дегі өзіне ұқсас функционалдық стильдің тілдік ерекшеліктерін аудару барысына ықпалын және осы екі тілдік құбылыстың өзара әсерлесуін зерттейді [1; 11].
Әрбір функционалдық стильдің шегінде аударма барысы мен нәтижесіне айтарлықтай ықпалын тигізетін кейбір тілдік ерекшеліктерді ажыратып көрсетуге болады. Мысалы, бұл ғылыми-техникалық стильдегі ғылыми-техникалық материалдардың лексико-грамматикалық ерекшеліктері және, ең алдымен терминология мен арнайы лексиканың маңызды ролі. Газеттік-ақпараттық стильде, саяси терминдердің, атаулардың және аттардың маңызды ролімен қатар, бұл: мақала аттарының ерекше сипаты, газет клишелерін кеңінен қолдану, ауызекі әңгімелесу стилі мен жаргондардың бар болуы және т.т. Осындай жалпы ерекшеліктерден басқа, әрбір тілдегі ұқсас функционалдық стильдер өзіндік арнайы тілдік белгілеріне ие болады.
Ғылыми – техникалық стильдің ақпараттылығы (мазмұндылығы), логикалығы (қатаң реттілігі, негізгі идея мен ұсақ-түйектердің арасындағы нақты байланыс), дәлдік пен ақиқаттылық және осы ерекшеліктерден туындайтын айқынды саралық пен түсініктілік - оның өзгеше ерекшеліктері болып табылады. Осы стильге қатысты жекелеген мәтіндер, көбірек немесе азырақ дәрежеде аталған белгілерді иеленуі мүмкін. Дегенмен, осындай барлық мәтіндерде тілдесудің осы аясындағы қажеттілігін қанағаттандыруға ықпалын тигізетін тілдік амалдардың басымдылықты пайдаланғандығы табылады.
Тілге әсерлі толықтық беретін мәнерлі элементтердің тіпті де болмауына қарамастан, материалдың дәл және нақты баяндалуы ғылыми-техникалық мәтіннің негізгі стилистикалық белгісі болып табылады, бұл ретте баяндалатын мәтіннің әсерлі сезімталдық жағына көңіл аударылмай, оның дәйекті баяндалуына басты назар аударылады.
Ғылыми-техникалық мақаланың авторы түбегейлі зерттеліп баяндалатын пән тақырыбын қалай болса солай, еркін жорып түсіну мүмкіндігін болдырмауға тырысады, сол себепті де сөйлеуге мәнерлі, бейнелі сипат беру үшін көркем әдебиетте кеңінен қолданылатын метафора, метонимия сияқты және басқа да стилистикалық ауыспалы мағынадағы сөздер, әрі мәнерлі амалдар ғылыми әдебиетте қолданылмайды. Ғылыми туындылардың авторлары ғылыми –техникалық тілдің негізгі қағидатын (принципін), яғни ойдың дәлме -дәл және айқын баяндалуын бұзбауы үшін, аталған мәнерлі амалдарды көп онша қолданбайды. Әрине, бұл ғылыми-техникалық мәтіннің, әсерлі сипат беретін элементтерден айрылған біршама құрғақтау мәтін болуына әкеліп соқтырады. Бірақ, шын мәнінде ғылыми техникалық мәтін стилистикалық жағынан әр түрлі мәнерлі амалдарға бай болатын ауызекі әңгімесесу тілінен қаншалықты алшақтау болса- да, ғылыми техникалық мәтінде мәнері бойынша біршама бейтарап болатын техникалық сипаттағы фразеологиялық сөз тіркестері кездесетіндігін атап өту керек, мысалы:
in full blast - Полной тягой, Толық тарту күшімен
the wire is alive - Провод под током, Тоғы бар сым
the wire is dead - Провод отключен, Ажыратылған сым
Бұлар, мәтіннің дәлдігін бұзбай, оған мәнерлілік және әр түрлілікті береді.
Сөздік құрамы жағынан алсақ, мәтіннің құрамында білімнің осы саласындағы арнайы терминологияның жеткілікті дәрежеде толық қамтылуы, оның негізгі ерекшелігі болып табылады.
Ғылым мен техниканың қандай-да бір саласына қатысты болатын дәлме-дәл анық ұғымның атауын көрсететін әсерлі – бейтарап сөзді (сөз тіркесін) термин деп атаймыз. Терминологиялық лексика осы пәннің мазмұнын дәлме-дәл, айқын және тиімді баяндауға мүмкіндік береді және түбегейлі зерттеліп баяндалалған сұрақтың мән-мағынасының дұрыс түсінілуін қамтамасыз етеді.
Терминдер өзге де жалпы әдебиеттік және қызмет сөздердің арасында басты орын ала отырса да, арнайы әдебиетте олар негізгі семантикалық (мәндік) көлемді жеткізеді. Ғылыми-техникалық мазмұндағы ағылшын мәтіндерінің синтаксистік құрылымы өздерінің конструктивті (тіркестік) күрделігімен ерекшеленеді. Олар есімшелік, инфинивтік (етістіктің тұйық райы) және герундийлі (етістіктен туған зат есімнің түрі) сияқты тіркестермен, сонымен қатар мәтіннің мазмұнын түсінуді қиындататын кейбір кітаптық констукциялармен (сөз тіркестерімен) бай болады және аудармашының алдына қосымша міндеттерді жүктейді.
Ғылыми-техникалық мәтін негізгі мән-мағынаны білдіретін терминдермен толық болғандықтан, біз терминология сұрақтарын біраз егжей-тегжейлі қарастырамыз. Әдеттегі тілде, сөздер полисемантикалық, яғни кейде олар бір-бірінен едәуір айырмашылықта болатын бірқатар мән- мағынаны білдіреді. Мысал үшін, «жазықтық» деген өзекті ұғымның айналысында топталған table сөзінің мағынасын қарастырайық:
стол – скрижаль (діни мазмұнды мәтін жазылған тақта, құрметті тақта
тақта – таблица - кесте
тақта – табель - тізім
Бұнымен қатар, table сөзі алшақ та болса, өзекті ұғыммен байланысты болатын, бірақ көпшілікке танымал бірқатар ауыспалы мағыналарға да ие:
общество за столом - стөл айналасындағы қоғам
еда (то, что подается на стол) - Тағам (стөлге қойылып ұсынылатын)
надпись на плите - Тақтадағы жазу
Жалпыәдеби тілдегі сөздердің мұншалықты көпмәнділігі тілдің бейнелеуші амалдарының байлығын куәландіруші фактор болып табылады. Лексикалық көпмәнділік тілді үйлесімді, қызғылықты етіп, ойдың ең астарлы қырын жеткізуге мүмкіндік береді. Ал, ғылыми-техникалық тілде бәрі басқаша; бұнда түрліше түсіну мүмкіндігіне жол берілмей, ойды дәлме –дәл жеткізу ең басты талап болып табылады. Сондықтан, терминге қойылатын ең негізгі талап - оның бірмәнділігі, яғни оның әр кезге бір рет қана белгіленген мән-мағынасы болуы тиісті. Дегенмен шын мәнінде, терминдер бір мамандықтың аясында болса да, барлық терминдер бірдей бұл талапты қанағаттандыра бермейді, мысалы:
engine - машина, қозғалтқыш, паровоз
oil - май, майлау материалы, мұнай
Әрине, бұндай жағдай мәтінді дәл түсінуге белгілі - бір қиындықтарды келтіреді және аудармашының жұмысын күрделендіре түседі.
Ағылшын тілінде ғылыми - техникалық терминологияның туындау көздері қандай? Шетел тілдерінен ауысып алынған терминдер немесе ғылым мен техниканың дамуы мен жаңа ұғымдардың пайда болуына байланысты ғалымдар жасанды жолмен, негізінен алғанда латын және грек тілдерінің негізінде құрастырған терминдер ең үлкен топты құрайды.
Мысалы, 1830 жылы латын тілінің parum affinis, атап айтқанда (басқа заттармен) аз жанасатын сөзінен жаңа инертті заттың атауы paraffin шықты. Либих 1850 жылы спиртті тотықтыру жолымен жаңа қоспа жасады. Ол жасаған затын: alcohol dehydrogenatum латын сөздерінің алғашқы екі бөлігін біріктіру арқылы aldehyde деп атады.
Кейде, грек тілінің haima - қан және латын тілінің globus -шар сөздерінің бірігуінен haemoglobin сияқты, гибридті туындылар пайда болады.
Әсіресе, ғылымның қарқынды даму аралығы XVIII- XIX ғасырларда Англияда көп жаңа терминдер пайда болды, бұл ретте ғалымдардың ойлап тапқан терминдерінің белгілі бір бөлігі жалпы әдеби тілге өтіп көпшіліктің игілігіне айналды. Бұндай сөздерге жататындар:dynamo, barograph, ozone, centigrade, cereal, gyroscope, sodium, potassium және т.т.
XX ғасырда: penicillin, hormone, isotope, photon, positron, radar, biochemistry, cyclotron және т.т. осы сияқты жаңадан пайда болған сөздер туындады.
Жаңа ғылыми жаңалықтардың күнделікті тұрмыспен тығыз байланысының арқасында бұл терминдер көпшілікке тез түсінікті болып қабылданды. Дегенмен, ғылыми-техникалық терминологияның негізгі басым көпшілігі жалпы әдеби тілдің шегінен тыс қалып, тек қана сол саладағы маманға ғана түсінікті болып қалатындығын атап өту қажет.
Арнайы мағынада қолданылатын жалпы әдебиеттік ағылшын сөздері көлеміне орай терминдердің екінші тобын құрайды. Мысалы, бұндай сөздерге жататындар:
Jacket- күрте және сыртқы қабы (қаптама)
jar - құмыра және конденсатор
to load - тиеу және зарядтау
Бұл ретте, білімнің саласына орай, бір сөзді әртүрлі мән-мағынада қолдану жиі-жиі кездеседі; мысалы, pocket - қалта сөзі келесі арнайы мән-мағынада қолданылады:
воздушная яма - әуе құдығы (авиацияда),қоршау (әскери істе )
мертвая зона- жым-дырт өріс аймағы (радиода)
гнездо месторождения (в геологии)- кенорнының бұлағы (геологияда)
кабельный канал (в электротехнике) - кәбіл каналы (электротехникада)
Барлық терминдерді құрылымына байланысты келесі түрлерге жіктеуге болады:
Қарапайым терминдер: oxygen, resistance, velocity.
Сөздердің қосылуы (бірігуі) жолымен жасалған күрделі терминдер.
Бұндай терминдердің құрамдас бөліктері жиі-жиі жалғастырушы дауыстының көмегімен қосылады:
gas + meter = gasometer
Бұл ретте, кейде компоненттердің қысқартылуына рұқсат етіледі:
turbine + generator = turbogenerator,
ampere + meter = ampermeter
Компоненттері атрибутті байланыста болатын сөз тіркестері, яғни компоненттердің біреуі екіншісін анықтайды:
direct current – тұрақты тоқ , barium peroxide - барийдің асқын тотығы
Атрибуттік элементтің өзі жиі -жиі семантикалық бірлікті білдіретін сөйлемшесімен айтылады. Орфографиялық тұрғыдан бұл бірлік көбінесе дефис арқылы жазылады:
low-noise penthode - малошумный пентод, шуы аздау пентод ,
doubling-over test - иілгіштіккке сынау
Аббревиатура, яғни сөз тіркестерінің әріптік қысқартылуы: e.m.f. = electromotive force – электрқозғалтқыш күш. Сөз тіркесінің бір бөлігі де қысқартылуы мүмкін:
D.C. amplifier = direct current amplifier - тұрақты токтың күшейткіші
Дербес сөздерге айналған буындық қысқартулар:
loran (long range navigation) – "Лоран" алыс қашықтықты
радионовигаяция жүйесі
radar (radio detection and ranging) – радиолокация
Графиктік пішінінің негізінде атрибуттік роль белгілі бір әріпке жүктелетін литерлік терминдер:
T – antenna, Т-тәріздес антенна
V – belt, сына тәріздес (сүйірлеу) белбеу
Кейде бұл әріп, тек қана шартты мотивациясы жоқ символ болып табылады:
X-rays – рентген сәулелері
Терминдерді аудару барысында біз келесі жағдайларды кездестіруіміз мүмкін:
а) халықаралық сипаттары бар терминдердің бір бөлігі транслитерация жолымен беріледі және аудармаға мұқтаж болмайды:
antenna – антенна-радиотолқындарды ұстау үшін құрал
feeder – фидер – өңделетін шикізатты құрылғыға автоматты түрде беретін құрал
blooming – блюминг- болат кесегін қысуға арналған прокаттау станы
б) Кейбір терминдер қазақша тікелей үйлесімді, әрі сәйкес баламалармен беріледі:
hydrogen – водород - сутегі
voltage – напряжение - кернеу
в) Аударма барысында терминдердің белгілі бөлігі калькаланады, яғни ағылшын тілінің қалыптасқан сөздері мен сөйлемшелері қазақ тілінің сөздері мен сөйлемшелерінің көмегімен дәл сөзбе-сөз ұғындыратындай етіп аударылады:
single-needle instrument - бір ұштықты (стрела) құрылғы
superpower system - аса қуатты жүйе
г) Кейде сөздіктер ағылшын терминінің тікелей сәйкестілігін көрсетпейді. Бұндай жағдайда аудармашы осы контекстегі (мағына жағынан тиянақты бөлігіндегі) бөтен тіл сөздерінің мағынасын дәл көрсететін сипаттамалы аударманы қолдануы тиісті:
video-gain – шағылған сигналдардың жарықтығын реттеу
combustion furnace - органикалық талдау үшін пеш
wall beam - көлденең қабырғаның бойымен орналастырылған арқалық
Терминдерді аудару барысында мүмкіндігінше басқа тілдің сөздерін қолданбай-ақ, қазақша сөздерді қолдануды жоғары бағалау қажет:
индустрияның орнына - өнеркәсіп
агрокультураның орнына – ауыл шаруашылығы
импеданстың орнына – толық кедергі және т.б.
Семантикалық шектердің айқындылығы терминнің сипаттамалы белгісі болғандықтан, қарапайым сөздерге қарағанда оның контекске қатысты дербестігі анағұрлым көбірек.
Егер терминде түрлі мәнділік (полисемия) бар болса, яғни білімнің осы саласында терминнің бірнеше мән- мағынасы болғанда ғана, онда термин мағынасының контекске тәуелділігі пайда болады.
Мысалы, төменде көрсетілген сөздер мен сөздер тобы мұнайгаз терминдері болып табылады:

  1. gear – редуктор, беріліс механизмі;

  2. emergency generator –аварийный дизель генератор - апаттық дизель генераторы;

  3. Pumping and High pressure discharge system–жоғары қысым жүйесі;

  4. Heavy weight drill pipe – қалыңқабатты бұрғылау құбыры;

Келтірілген мысалдардан көрінетіні: термин тек қана басты сөзден тұратын бірсөзді термин болуы мүмкін (1), немесе құрамы басты сөзден, не болмаса сөз тобының түйіні болатын сөзден және терминнің мағынасын дәлдеп көрсететін, әрі модификациялайтын бір (2) немесе бірнеше (3), (4) сол жақ анықтауыштан тұратын терминологиялық топ болуы мүмкін.
Соңғы жылдардағы ғылыми-техникалық революцияның жедел қарқынмен дамуы, ғылым мен техниканың, шаруашылық, өндірістің барлық саласындағы қыруар информациялық мағлұматтың келіп құйылуы терминология құрамының қорлана түсуіне себеп болып отыр. С.Г.Бархударов: «Жалпы арнаулы лексиканың қайсыбір бөлігі әрдайым тек мамандар тілінде өмір кешетіні анық; сонымен бірге, оның сан жағынан аздау болса да мәні, сыбағалық салмағы жағынан маңызы зор бұл бөлігінің бүкіл қоғам мүлкіне айналатыны, сөйтіп жалпыұлттық тілдің бөлінбес бір бөлшегіне айналатыны да даусыз. Осыдан келіп жалпыхалықтық тіл мен арнаулы лексиканың өзара байланысы деген күрделі проблема туындайды» деген пікір айтады.
Білімнің қандай да бір саласы өзіне тән ерекше сөздер мен сөз тіркестері – терминдерден тұрады. Олар белгілі бір түсініктермен қосыла отырып ғылымның немесе техниканың нақты саласындағы бір мағыналық жүйені құрайтын ғылыми зат, құбылыс, түсініктерді білдіруде қолданылады. Терминдер тілді шындық құбылысын бір жақты түсіндірмейтін түсініктерден босату үшін құрылады. Кәсіби қарым-қатынас түсініктілік, нақтылық, анықтықты талап етсе, осы терминдер бұл қажеттілікті толықтай қамтамасыз етеді.
Терминді әдетте, біз ең алдымен, адам қызметінің белгілі бір арнаулы саланың шеңберінде, негізінен кәсіби мамандар тілінде, арнаулы әдебиеттерде қолданылатын сөз деп ұғамыз. Соңғы кезде ағылшын және қазақ тілдерінің терминологиясы және оның ішінде мұнай-газ өнеркәсібі саласына қатысты терминдерді зерттеу қолға алынып жүр. Терминтанушы мамандар арасында терминнің тілдік табиғатын танытатын әртүрлі белгілері атап көрсетіледі. Термин жөнінде барлық терминнің сөз екендігі, бірақ сөздің бәрі термин емес екен деген тұжырым жиі қайталанып жатады. Терминнің жасалуы, қолданылуы, қызметі тұрғысынан жалпы әдеби тілдегі атаулардан өзіндік айырмашылықтары бар.
Терминдер құрамына әрбір лексикалық бірлік мүше бола алмайды. Терминдер қатарына қосылатын сөздердің белгілі бір ерекшеліктері болуы керек: бір мағыналы, стилистикалық тұрғыдан бейтарап, жүйелі. Терминдену деңгейі бойынша, әдетте, терминдер мен терминоидтарды айрықша атап көрсетіледі. В.А.Татаринов терминоидтарға “белгілі бір өзіндік орны жоқ, термин секілдес арнайы лексикалық бірліктер” деген анықтама берген болатын. Ал жалпы алғанда, терминоид – белгілі бір мағынаны білдірмейтін, құрылымдық формасы жетік құрылмаған ұғымды атау үшін қолданылатын арнайы лексема. Өзіне тән қасиеттеріне байланысты терминоидтардың нақты мағынасы жоқ және олар контекстке бағынышты болады.
Терминдерден бөлек терминология құрамына номендер де кіреді. Ең алғаш терминдерді бөлектеу қажеттілігі туралы Г.О.Винокур жазған болатын: “Терминологияға қарағанда, номенклатура ұғымы символдардың шартты әрі абстрактты жүйесі дегенді білдіреді. Оның басты мақсаты – заттарды атайтын атаулардың, практикалық тұрғыдан, ең қолайлысын, лайықтысын беру”. Номендердің пайда болуы терминологияның негізін қалады. Номендер – жеке ұғымның атауы. Номен мен терминнің айырмашылығы – номендер жеке ұғымды атаса, терминдер – жалпы ұғымды атайды.
Бұлардан бөлек кәсіби сөздерді қарасдырған жөн. Олардың терминолгиядағы орны әлі де анықталған жоқ. Кәсіби сөздерді кейбір мамандар белгілі бір шаруашылық лексикасына жатқызса, басқа зерттеушілер тобы оларды жүйеленбеген арнайы лексикаға жатқызады. Кәсіби сөздердің өзгеше бір түрі – кәсіби жаргон сөздер. Олар нормативтік сипатқа ие бола алмайды, сол себептен тек ауызша түрде қолданылады.
С.П.Хижняк кәсіби сөздерді арнайы лексиканың бөлек түрі ретінде қарастырады. Кәсіби сөздер мен терминдердің арасындағы айырмашылық – олардың функционалды стильдерінде. Кәсіби сөздердің басты айырмашылығы – қолдану аясының тарлығы болып табылады.
Ал прототерминдер – ғылым пайда болмағанға дейін қолданылған арнайы лексемалар. Олар белгілі бір ұғымды атамай, пайда болған арнайы түсінікті ғана атайды. Қазірде прототерминдер тіл білімінен жойылып кеткен жоқ, олар тұрмыстық лексикада қолданылып жүр, себебі олар күнделікті өмірде қолданылатын лексика құрамына ауысты.
Терминдер тек тілдің құрамында өмір сүріп қана қоймай, белгілі бір терминологияның құрамында болады. Егер сөз жалпы тілде көп мағыналы бола алса, белгілі бір терминология құрамына енгенде бір мағынаға ие болады. Сонымен қатар, бір термин бірнеше терминологияның құрамында болып, түрлі мағынаны білдіруі мүмкін. Бір термин әр салада түрлі ұғымға ие. Олар ғылыми тілде – ғылыми-аралық терминологиялық омонимдер деп аталады. Мысалы, “valve” термині электронды шам дегенді білдіреді, ал теплотехникада кран, құрылғы орнату, гидравликада қақпақ, ал мұнай газ саласында - ысырма, клапан, вентил; “storage” термині есте сақтаушы құрылғы немесе жады, ал басқа салаларда қойма деген мағынаны білдіреді. Техникалық термин “frame” барлық құрылғыларда рама, станоктарда табан, құрылыста қаңқа, кино мен теледидарларда кадр деген мағынаны білдіреді.
Ал жалпы тілдердегі терминдер қайдан пайда болады? Бірінші жолы – тілдегі жалпы халыққа ортақ сөзді терминдердің қатарына қосу. Бұл тәсілдің тиімді жағы – тіл кірме сөздермен көбеймей, өзінің лексикасынан сөздер алады және термин ретінде алынған сөз жалпыға түсінікті болады. Алайда көптеген ғалымдардың айтуынша, бұл дұрыс емес. Себебі, термин басқа мағынаға ие. Ал жалпы қолданыстағы сөздер терминдер қатарына қосылғанда, олардың мағыналарын ажырату қиынға соғады.
Екінші тәсілі – кірме сөздер. Бұл тәсілдің өзіндік қиындықтары жоқ емес. Себебі әр халық өздерінің тілдік лексикаларына түрлі тілдердің, түрлі салаларының терминологиясын енгізеді. Мысалы, орыс тілінде кен ісінің шеберін неміс тілінен енген “штейгер” сөзімен атаса, француз тілінде бұл мамандық иесін “maitre-mineur” деп атайды, бұл “кенші” дегенді білдіреді. Ал ағылшын тілінде “head miner” – “бас кенші” деп аталады. Келесі бір мысалға келсек, орыс тілінде “парикмахер” сөзі неміс тілінен енген сөз, яғни неміс тілінде бұл мамандық иесін “peruckmacher” деп атау тиіс (perücke – “жасанды шаш”, machen – “жасау”). Бірақ неміс халқы оларды француз тілінен енген “friseur” (friser – “бұйралау”) сөзімен атаса да, француздардың өздері бұл сөзді мүлдем қолданбайды. Оларда бұл мамандар “coiffeur” (coiffer - “тарау”) деп аталады.
Мұнай-газ өндіру саласындағы терминологияны қарастыру барысында олардың жасалу жолдарының бірнеше түрі бар: синтаксистік (тіркес терминдердің жасалуы), лексикалық (терминдердің ағылшын тілінен, өзге тілдерден енуі), морфологиялық (терминдердің қосымшалардың жалғануы арқылы жасалуы), семантикалық (қазақ тіліндегі сөздерді ағылшын тіліне когнитивті негізде қайта мағыналау).
Терминдерді жасау үшін де сөздерді жасау кезінде қолданылатын әдіс-тәсілдер қолданылады. Алайда терминдерді жасау үшін терминологиялық номинацияның мән-мағынасын сөз деңгейінде түсіндіру керек.
Термин жасау барысындағы терминдердің айқын байқалатын ерекшелігі – интернационалды элементтердің қолданылуы. Бұндай элементтерді қолдану тілдегі техникалық терминдердің пайда болуына негіз болатын сөз құраушы қордың кеңеюіне септігін тигізеді. Терминологиялық бірлік түріндегі интернационалды лексика ағылшын және қазақ тілдеріндегі мұнай өндіру, газ өндіру, мұнай өңдеу салаларындағы терминологиялық лексикаларға ортақ.
Қазақ тіліндегі мұнай-газ саласында қолданылатын техникалық терминдердің үш негізгі бағытқа негізделіп құрылады: өзге тілдерден аудару (кірме сөздер, калькалау немесе түсіндірмелі аударма), қазақ тілінің өзінің бірліктерінен және біріктіру, яғни, мұнай-газ саласының көптеген терминдері геология, математика, физика, химия секілді ғылым салаларының қол жеткізген жетістіктерінің синтезі ретінде қалыптасты.
Ең алдымен, терминдердің лексикалық жасалу жолына тоқталайық. Мұнай және газ өндіру саласының терминологиясында кірме сөздердің (өзге тілден енген лексикалық бірліктер) бірнеше түрін айрықша атап өтуге болады. Олар:

  1. шетел тілдерден енген кірме-терминдер;

  2. эпоним-терминдер;

  3. шетел тілдерінің морфемаларына негізделген терминдер;

  4. калька-терминдер.

Енді осы терминдердің түрлеріне бөлек-бөлек тоқталамыз.

  1. Қазақ тіліндегі терминдердің көп бөлігі орыс тілінен енген болса, орыс тіліндегі терминдердің көп бөлігі ағылшын тілінен енген кірме сөздер, себебі осы мұнай өндіру саласының құрал-жабдықтарының тең жартысы АҚШ-нан әкелініп, америкалық үлгі бойынша жасалынған болатын. Мысалы, collector – коллектор, dynamometer – динамометр, lubricator – лубрикатор, preventer – превентор және т.б.

Мұнай-газ терминологиясында француз тілінен (capping – каптаж; filter – фильтр, сүзгі, сүзгіш; logging – каротаж), неміс тілінен (clinker – клинкер; core – керн, үлгі тас; cuttings – шлам, ұсақ ұнтақталған тау жынысы), латын тілінен (drive – репрессия; inhibitor – ингибитор) енген лексикалық бірліктер де жоқ емес.

  1. Эпоним-терминдер техникалық құрал-жабдықтарды, бұрғылау жұмыстарының әдіс-тәсілдерін ойлап тапқан ғалымдар мен инженерлердің есімдерімен аталады. Мысалы, Дэн әдісі, Дин және Старк құралы, Зицман құлпы, Бурдон түтігі, Галля тізбегі және т.б.

  2. Шетел тілдерінің морфемаларына негізделген терминдер түбір немесе аффиксті морфемалар көмегімен жасалады. Оларға мына морфемалар жатады: гидро-, газ-о-, терм-о-, турбо-, электр-о-, -граф, -аж, -ор.

  3. Біз қарастырып жатқан саланың терминологиясына калька немесе жартылай калька-терминдердің енуі жаңа технологиялардың игерілуімен, жаңа құрылғылардың және жаңа ұғымдардың пайда болуымен байланысты. Олар бір немесе бірнеше сөздерден құралып, құрал-жабдықтарды (drilling valve – бұрғылау ысырмасы, клапаны; hydro-drill – гидробұрғылау), геологиялық ұғымдарды, мұнай кен орындарын игеру мен жетілдіру салаларының ұғымдарын (fishing job – аулау жұмыстары; oil fluidity – мұнай қоймалжыңдығы) білдіреді.

Енді мұнай-газ өндіру саласында қолданылатын терминдердің негізгі құрылымдық түрлері туралы сөз қозғаймыз. Олардың бірнеше құрылымдық түрлері бар:
Термин сөздер. Олар ішінара үшке бөлінеді: біртүбірлі сөздер (axe – балта; column – тізбек, колонна; drill – бұрғы; hammer – балға), күрделі сөздер (pipeline – құбыр тізбегі; sandstone – құм тас; screwdriver – бұрауыш; wellbore – ұңғы оқпаны; wellhead – ұңғы арматурасы) және қысқартулар (BHA – bottom hole – ұңғы түбі; BOP – blowout preventer – атқылауға қарсы жабдық; ESP – electrical submersible pump – электрлі ортадан тепкіш сорап; SIW – shut in well – ұңғыны жабу).
Символ сөздер: кСа май – кешенді кальцилі май.
Тіркес-терминдер: drill bit – бұрғы қашауы, drill line – тәл арқаны, male thread – сыртқы ойма, production casing – пайдалану құбыры, valve steam – ысырма стержені және т.б.
Ендігі кезекте, синтаксистік тәсілді қарастырайық. Бұл тәсіл арқылы тіркес-терминдер жасалады. Тіркес-терминдер ішінара екікомпонентті, үшкомпонентті және көпкомпонентті болып, үшке бөлінеді. Екікомпонентті терминдер доминантты сөз (басыңқы лексикалық бірлік) және анықтауыш сөзден (бағыныңқы лексикалық бірлік) құралады, ал үшкомпонентті терминдер бір доминантты сөз бен екі анықтауыш сөзден құралады. Ондағы басыңқы компонент негізгі мағынаны білдірсе, бағыныңқы компонент негізгі мағынаны толықтырады. Енді әр қайсысына бөлек тоқталамыз.

  1. Екі компонентті тіркес-терминдер. Олар ішінара, анықтауыш сөздің лексико-грамматикалық сипатына қарай үш негізгі түрге бөлінеді:

- адъективті анықтауыш сөзбен (drilling rig – бұрғы станогы, drilling unit – бұрғы аграгаты);
- субстантивті анықтауыш сөзбен (formation depth – қабат тереңдігі, oil accumulation – мұнай шоғырлануы, packer pressure – пакер қысымы);
-предлогты-субстантивті анықтауыш сөзбен (drilling without flushing – тазалаусыз бұрғылау, trip for bit – қашауды ауыстыру үшін құбырды көтеру).

  1. Үш компонентті тіркес-терминдер. Мысалы, chemical injection equipment – химикаттарды айдайтын жабдық, first aid kit – алғашқы көмек қорапшасы, water treatment station – су тазарту орны. Бұл тіркес-терминдердің екікомпонентті тіркес-терминдерден айырмашылығы – анықтауыш сөзді доминант сөз ғана емес, екінші анықтауыш сөздің айқындау мүмкінкіндігі.

  2. Көп компонентті тіркес-терминдер. Бұл терминдер тобына төрт немесе одан да көп компоненттерден, яғни сөздерден құралатын терминдер жатады (11 компонентке дейін жетеді). Мысалы, bottom hole flowing pressure – ұңғы түбіндегі ағыс қысымы, function test blowout preventer – функционалды тексеріс жүргізу және т.б.

Ағылшын және қазақ тіліндегі терминдер ішкі құрылымына қарай бір компонентті және көп компонентті болып екіге бөлінеді. Мысалы, ағылшын т.: field – кен орын, orifice – саңылау; қазақ т.: жоба – draft, мұнай – oil (бір компонентті); ағылшын т.: adopter flange – көшірілетін қосқыш тетік; қазақ т.: индустриялық кен орын – industrial field (көп компонентті). Енді берілген диаграмма 2-ні негізге алcақ, ағылшын және қазақ тілдеріндегі мұнай-газ өндіру саласындағы терминологияда көп компонентті терминдерді бір компонентті терминдермен салыстырып қарағанда, көп компонентті терминдердің басымдылығын көре аламыз.
Терминнің жасалуы барысында оның түбірінен кейін жалғанатын сол жақ анықтауыштардың саны 10-12 дейін жетуі мүмкін, бірақ сол жақ анықтауыштардың саны артқан сайын термин қолайсыз бола түсіп, оны қысқартудың үрдісі (тенденциясы) көрсетіледі.
Күрделі терминнің жасалуы келесі түрде көрсетілуі мүмкін:
switch -реле;
pressure switch – қысым релесі;
hydro-pneumatic pressure switch – қысымның гидропневматикалық релесі;
automatic hydro-pneumatic pressure switch –қысымның автоматты гидропневматикалық релесі;
Күрделі терминологиялық топтың аудармасын келесі тәртіпте рет-ретімен, бірінен соң бірі орындалатын дәйекті негізделген операциялардың тізбегі түрінде көрсетуге болады:

  1. Терминологиялық топты сәйкестендіру, яғни басты сөзді табудан және оң жақ пен сол жақтан шекараларды айқындаудан тұрады, атап айтқанда сол жақтағы ең шеткі (соңғы дәлдейтін) анықтауышты және оң жақтағы ең шеткі (қазақша жатыс септігіндегі) анықтауышты айқындау.

  2. Топтың ең басты мән-мағыналы элементі ретінде, негізгі сөздің аудармасы. Ағылшын тілінде аудару барысында негізгі сөздің орны ең шеткі оң жақтан сол жаққа немесе қазақша терминологиялық тобының құрылымында ең шеткі сол жаққа ауыстырылады.

  3. Бастапқы дәлтейтін анықтауышпен бірлесе басты сөздің аудармасы, яғни базалық сөзге ең жақын болатын сол жақ анықтауышпен бірге (ЛО1). Егер топтың кең мағыналы «реле» термині (жоғарыдан қараңыз) топтың негізгі (базалық) сөзі болып табылса, онда бірлескен аударма үшін оған «Ненің релесі?» деген сұрақ қойылуы тиісті. Жауабы «Қысым релесі» болады.

  4. Екінші дәлтейтін анықтауышпен бірлесе мағынасы дәл айқындалған негізгі сөздің аудармасы (ЛО2). Бұл үшін «Қандай қысым релесі?» деген сұрақ қойылады. Жауабы «Гидропневматикалық қысым релесі» болады.

  5. Үшінші дәлтейтін анықтауышпен бірлесе мағынасы екі рет дәл айқындалған негізгі сөздің аудармасы (ЛО3) және т.т .

Осылайша, ағылшын терминологиялық тобының аудармасы оның құрылымы тәртібінде, яғни оң жақтан сол жақ тәртіпте аударылады. Топ құрамына кіретін қарапайым терминдердің аудармасы барабар (адекватты) болып, сол саладағы мамандардың арасында қабылданған терминге сәйкес болуы тиісті. Техникалық аударманың практикасында кейбір терминдердің транслитерациялық аудармасы (бір алфавиттің әріптерімен екінші алфавиттің әріптерін жазу) (мысалы, laser - лазер) өте сирек кездесетін ерекшелік болып табылады. Транслитерациялық аударма өрескел бұрмалауларға әкеліп соқтыратын "Аудармашының жалған достары» деп аталатын (мысалы, contribution, data, decade, instance, simulation, etc. ) сияқты сөздер мен терминдердің кең көлемді тобы грамматика курсында қарастырылады [2; 174].
Айрықша осы стильдің шегінде ғана қолданылатын сөздер, сонымен бірге жалпы қолданыстағы арнайы мағыналы сөздер термин ретінде қолданылуы мүмкін. Ұңғымаларды бұрғылау мен мұнай шығару мәтіндерінде кеңінен қолданылатын rig, mud, casing, derrickman т.т. сияқты лексикалық бірліктерді ғылыми-техникалық материалдың шегінен тыс басқа мәтіндерде кездестіру өте қиын. Бірақ бұл мәтіндерде барлығына жақсы белгілі жалпы қолданыстағы, келесі dead, gas, elevator, pipe т.т. осы сияқты мағыналы сөздер термин ретінде жиі қолданылады. Терминдер нақты объектілер (нысандар) мен құбылыстардың дәл және айқын көрсетілуін қамтамасыз етіп, әрі мамандар осы айтылатын ақпаратты бірмәнді түсінетіндей болып белгіленуі тиісті. Сондықтан сөздердің осы типіне ерекше талаптар қойылады. Ең алдымен термин дәл болуы тиісті, яғни қатаң түрде айқын мағынаға ие болуы керек, ғылым мен техниканың осы саласындағы ұғымдар жүйесінде қандай –да бір ұғымды белгілеген терминнің орны логикалық айқындау жолымен ғана ашылуы мүмкін. Егер қандай-да бір шама scalar – скаляр деп аталса, онда осы терминнің мағынасы, басқа ұғымның анықтамасымен (magnitude, direction) байланысқан және vector (а quantity which is described in terms of both magnitude and direction) ұғымына қарама –қарсы болатын келесі (а quantity that has magnitude but no direction) ұғымның анықталуына дәл сәйкес келуі тиісті. Егер бұрғылау қондырғысының қандай-да бір бөлшегі upper kelly cock – басты бұрғылық қарнақтың жоғарғы шар тәріздес клараны деп аталса, онда осы термин белгілі бір функцияны орындайтын нақты осы ғана бөлшекті көрсетуі тиісті, ал осы аспаптың немесе қандай-да бір басқа құрылғының ешқандай өзге бөліктері онымен аталмайды. Осы себептерге орай термин контекске тәуелсіз, бірмәнді ғана болуы қажет. Басқаша айтқанда, термин кез-келген мәтінде қолданған жағдайларда өзінің анықтамасында нақты көрсетілген мән-мағынаға ие болуы қажет, демек осы терминді қолданушы терминнің бұл жерде қандай мағынада қолданылғанын ойлап шешіп отырмайтындай болуы тиісті. Терминнің дәлдігімен қатар, әрбір ұғымға тек қана бір терминнің сәйкес келу талабы да орынды, яғни мән-мағыналары бір-біріне тура келетін синоним-терминдерге жол жіберілмейді. Бір зат түрліше аталған уақытта нысандар (объектілер) мен ұғымдарды дәлме-дәл сәйкестендіру қиындау болатыны түсінікті. Термин қатаң логикалық жүйенің бір бөлігі болуы тиісті. Терминдердің мағынасы нысандар (объектілер) мен құбылыстардың айырмашылықтарын нақты көрсетіп, түсінбеушіліктер мен қарама-қайшылықтарды болдырмай, логикалық жүйенің ережесіне қатаң бағынуы тиісті. Сайып келгенде, терминге субъективтік сипат (элемент) беретін және маманның назарын басқа нәрсеге алаңдатпайтын жанама мән-мағынасыз аса объективті атауы болуы қажет. Осыған байланысты, терминде әсерлілік, ауыспалылық (метафоралық), қандай-да бір ассоциациясының бар болуы қарама-қайшылықты.
Жаңадан құрылатын терминдердің жүйелігіне аса үлкен көңіл бөлінеді. Көптеген салаларда белгілі класстың объектілері (нысандары) мен ұғымдары үшін терминдер құрылуының арнайы ережесі жасалған. Мысалы, әр түрлі электрондық лампылардың атауы electrode терминін негізге алып, лампыда қолданылған электродтар санын көрсету арқылы (diode, triode, tetrode, pentode, hexode, heptode, etc.) жасалады, бірқатар арнайы мамандандырылған электрондық құрылғылар -tron элементіне байланысты аталады, мысалы (additron, carcinotron, cryotron, exitron, ignitron, klystron, perma-tron, phantasbon, plasmatron, platinotton, skiatron, thyratron, etc.), химиялық терминдерде -ite, -ate элементтері тұздарды көрсетсе, -ic, -ions – элементтері сілтілерді көрсетеді т.т. [3; 22].
Бастапқы негізгі ұғыммен тікелей байланысты ұғым түрлерінің белгілерін нақтылап, туыстас ұғымды көрсететін сөз тіркестерінің терминге қосылуы арқылы жасалатын сөзтіркесті–терминдердің кеңінен қолданылуы да осы міндетті атқарады.
Шын мәнінде, бұндай терминдер ұғымды көпшілікке танымды етіп, сонымен бірге оның арнайы белгісін сипаттайтын ықшамды анықтауышы болып табылады. Осылайша, сипатталатын құбылыстың көптеген түрлерін қамтитын өзіндік терминологиялық ұяшықтар пайда болады Мысалы, «кенорын, кәсіп, дала (өріс)» деп анықталатын field ағылшын термині (филд), жер телімінің немесе қызмет аясының сипаттамасын дәлдеп көрсететін бірқатар терминдердің негізі ретінде қолданылады, мысалы: developed field, drilled field, onshore field, offshore field, unexplored field, oil-gas field, etc.
Ғылыми-техникалық стильдің өзгеше белгілерінің бірі болып табылатын - арнайы жалпы техникалық лексиканың кеңінен қолданылуы да едәуір дәрежеде мамандардың өзара түсінісуіне мүмкіндік туғызады.
Бұлар - нақты саладағы объектілер мен ұғымдарды сәйкестендіретін қасиет терминге тән болмаса да, мамандардың жекелеген топтары таңдап алған, олар үшін өте-мөте таныс және олар өздерінің ойын жеткізу үшін ойланбай-ақ, тек қана істің дәл мәнісіне көңіл аударуына мүмкіндік беретін, әрі осы қарым - қатынас аясында ғана қолданылатын сөздер мен сөзтіркестері.
Терминдерден жасалған түрліше туынды сөздер, яғни терминологиялық атауланған ұғымдар мен объектілердің (нысандардың) қасиеттері мен ерекшеліктерін, олардың байланысы мен қатынасын сипаттауда қолданылатын сөздер, сонымен бірге нақты сөзтіркестерінде қатаң тәртіпте қолданылатын жалпыхалықтық сөздердің бірқатары, демек мамандандырылған сөздер арнайы лексиканың құрамына енеді.
Әдетте, бұндай лексика терминологиялық сөздіктерде тіркелмейді, оның мәнісі ғылыми анықтамалықтарда берілмейді, бірақ терминдермен салыстырғанда, осы арнайы лексика ғылыми–техникалық стильдің сипатына аса лайықты.
Мысалы электр бойынша ағылшын мәтіндерінде, the voltage is applied – кернеу берілді; the magnetic field is set up – магнит өрісі туындайды; the line is terminated – тізбек қысқыштарға шығарылды; the switch is closed – ажыратып-қосқыш тұйықталды. Әр түрлі авторлар түрліше жағдайларда осы құбылыстарды осылайша сипаттайды. Аударма мәтінін құру барысында арнайы лексиканы қолданудың нормасын сақтау аудармашының алдына ерекше міндеттерді жүктейді [3;23].
Әрине, мұнайгаз материалдарында тек қана терминологиялық және арнайы лексика ғана қолданылып қоймайды. Бұл мәтіндерде кез-келген функционалдық стильде пайдаланатын көптеген жалпы қолданылатын сөздер де кездеседі.
Бұндай лексикалық бірліктерді аудару барысында мұнайгаз мәтіндерінің аудармашысы басқа салада жұмыс істейтін әріптестеріндей неше түрлі қиындықтарды жолықтырады және оларды жеңу үшін сол әріптестері пайдаланатын амалдар мен әрекеттерді қолданады.
Мұнайгаз әдебиеті мен лексикалық элементтерін аудару материалдарында ауыз-екі әңгімелесу стиліне анағұрлым лайықты сөздер де кездесетіндіктен, оларды аудару барысында аудармашыға мәнерлілікті-стилистикалық варианттарды қолдануға тура келеді. Демек, кейде ғылыми-техникалық баяндау мүлде нейтралды-объективті болып қана табылмайды. Лингвистикалық зерттеулерде ғылыми мақалаларда бөтен жат элементтердің пайдалануы әлденеше рет атап көрсетілді, мысалы:
Drill out broken bolt and re-tap hole for hand wheel fixing bolt on the manual choke valve.
Install the missing pulling chain cover on one of the chain hoists on the driller’s side hoist unit.
Mark SWL on BOP hoist beams.
Сірә, бұндай фразаларды түсіну мен аудару үшін мұнайгаз әдебиетінің аудармашысына терминология мен арнайы лексика саласындағы білімі жеткіліксіз болар. Басқа да, қай аудармашы болмасын, ол өзі жұмыс істейтін тілдің бар байлығын жақсы біліп оны меңгеруі тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет