2.1 Мұнай-газ арнаулы терминологиясын аударудың жолдары Мұнай-газ арнаулы терминологиясын аударудың жолдары Көркем прозаның аудармасындағы негізгі қиыншылығы автордың ниетін талдап түсіндірудің қажеттілігі, яғни, тек қана мәтіннің сыртқы жайттарының ұсынылуы емес осымен қатар, мәтіндегі психологиялық және әсерлік элементтерінің сақталуы, ал әсерлік мәнері жоқ болатын ғылыми-техникалық мәтіндер аудармашысының міндеті бұдан жеңілдеу – автордың ойын нақты түрде ұсыну және мүмкіндігінше оның стиль ерекшеліктерін сақтау.
Мұнай және газ өндіру саласы Қазақстан экономикасындағы маңызды салалардың бірі. Қазіргі таңда мұнайдан алынатын әртүрлі құнды өнімдерді қолданбайтын өндіріс не ауыл шаруашылық саласы жоқ. Бензин, керосин, т.б. сан түрлі жанар және жағар майлардың мұнай айыру зауыттарында жоғары температурада қыздыру, т.б. әдістер арқылы алынады. Бұл өнімдер болмаған жағдайда жер үстінде жүретін, суда жүзетін, ауада ұшатын сан алуан механизмдер мен машиналардың қозғалысы болмас еді. Мұнай қуатты және арзан отындардың қатарына жатады. Мұнай тектес газдың да қуаты күшті. Газ күлінен резина, машиналардың дөңгелектері, пластмасса, т.б. шығарылады. Мұнайдан түрлі механизм, аппарат майлары, лигроин, газойл, парафин, вазелин битум, мазут алынады. Лигроин жеңіл, ал газойл ауыр дизельдерде отын есебінде, парафин – майлы қышқылдар мен спирттерді айыруда және электротехникада оқшаулатқыш материалдар, құрылыста су өткізбейтін жабдықтар және жанар май шам есебінде пайдаланылады. Парафиннің өзінін техникалық құнды түрлі майлар шығады. Көптеген иіссудың түрлері, кремдер, парфюмериялық жұмсақ майлар осы мұнайдан даярланады. Мұнай тектес газдардан алынатын шайырлардан пластикалық масса, жасанды дәрі-дәрмектер, фотография пленкалары жасалынады. Медицина саласында аурулардың кейбір түрін емдейтін құнды әрі қымбат дәрі-дәрмектер осы мұнайдан бөлініп шығарылған «ақ майлардан» жасалынады. Қазіргі уақытта мұнай құрамынан 1000-нан астам халық шаруашылығына қажет заттар алынып отыр.
Техникалық аударма бағытының ең қиыны – мұнай және газ терминологиясы. Мұнай-газ өндіру саласында қолданылатын техникалық терминдерді аудару қиындығы – олар білімнің түрлі саласының сөздерінен құралатындығы. Мұнай және газ сипатындағы құжаттардың аудармасы мұнай және газ кен орындарын барлау, газ және мұнайды қайта өндіру, мұнай және газ қондырғыларын сипаттау, экономикалық аспектілер мен сақтандыруға қатысты аспектілерді қамтиды.
Аударма – күрделі үрдіс. Түпнұсқаның дұрыс және нақты аудармасын беру үшін аудармашы аударма тілінде тек ең қажет сөздерді тауып қоймай, сәйкес грамматикалық форма мен стилистикалық ерекшеліктерді сақтап аударма жасауы талап етіледі.
Адамның ойлау қызметінің жемісі болғандықтан бір тілден екінші тілге аудару үрдісі, әрекеті белгілі бір тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Аударудың дәстүрлі түрде аталатын амалдары: сөзбе-сөз тәсіл, еркін және дәлме-дәл аудару жолдары. Шын мәнінде белгілі бір тілдегі дайын мәтінді екінші тілде қайтадан жазу әрекетінде жүйелілік болады. Сөзбе-сөз аудару тәсілі – тілдік бірліктердің (сөздің, сөз тіркесінің) сыртқы нысанын, ішкі мазмұнын нақпа-нақ, сол қалпында аудару дегенді білдіреді. Алайда, сөзбе-сөз аударма жасау тілдік жүйенің қатарына сіреспе сөздер мен тізбектерді қосып, тілдің табиғи қалпын бұзады, сондықтан бұған тым бет бұрып кетудің қажеті жоқ деген де бағалаулар жоқ емес.
Еркін аударма дегеннің қағидасынан аудармашының түпнұсқаның мазмұнын өзбетінше әңгімелеп кетуі деген ұғым бар. Түнұсқаны аударуда бұл тәсіл тиімсіз болып келеді.
Ал баламалы аударма мәтіндегі әр алуан трансформациялардың – сөз мағынасын түрлендірудің, сөз алмастырулардың, кейбір кезде аудармашы пайдаланатын тұтас фразаны, сөйлемді түсіріп тастаудың заңдылықтарын көрсетеді, аудармашының тілдік құралдардың бірін саналы түрде таңдап алуының себептерін анықтауға жәрдемдеседі. Балама аударманың екі артықшылығы бар – түпнұсқаның коммуникативтік-функционалдық белгілерін толық сақтауға кедергі келтірмейді; қазақ тілінің лексико-грамматикалық жүйесін сұрыптап пайдалануға, қабылдаушының реакциясына жауап беруге мүмкіндік тудырады.
Аудармашыға қойылатын талаптарды атап өтелік. Аудармашыға қойылатын ең бірінші талап: ол екі тілде де барынша жақсы білуге тиіс. Оның үстіне өзі тіл сырын, сөз мәнін, көркемдіктің қадірін білетін, өмірге суреткерше қарап, әрбір көрініс пен құбылысты көркем образдылық тұрғысынан ұғына алатын қиялы ұшқыр, ойы терең, жаны сергек те сезімтал, ақындық жазушылық дарынның иесі болуы керек. Бұл айтылғандарға қосымша, аудармашыға ауадай қажет нәрсе – нағыз энциклопедиялық жан-жақты білім, жоғары мәдениет. Ол түпнұсқаның тілінде сөйлейтін халықтың тарихынан, тұрмыс-салтынан, әдет-ғұрпынан, сол дәуірдегі қоғамдық қалыбынан мол хабардар болуға тиіс. Тіпті жалғыз сол халықтың ғана емес, жалпы адамзат тарихы мен мәдениетіне байланысты көп нәрселерден мағлұматсыз болмауы керек. Өйткені ол әрбір ойдың түпкі төркіні қайдан шығып жатқанын біліп отырмаса, сөздің арғы сырын жеткізе алмайды. Бұл тұрғыдан аудармашыға ғалымдық ізденімпаздық, әр алуан сөздіктер мен энциклопедияларға үйірсектік керек. Тек осы жағдайда ғана ол техникалық терминдер кездесетін мәтіндерді еш қиындықсыз аудара алады.
Халықаралық деңгейде жұмыс істейтін қазіргі компаниялар терминдердің мағынасын дұрыс түсіну маңызды екенін түсініп, терминологиялық жұмыспен айналысып, түсінбестікке әкеліп соқтыруы мүмкін терминдердің мағынасын айқындап, қолданылатын терминологияны жүйелеуді қолға алуда. Олар өздері жұмыс істеп жатқан сала бойынша терминологиялық қорды жетілдіріп, өздерінің компанияларының аясында қолданылатын сөздіктерді құрастырады. Сол себептен, аудармашы техникалық мәтіндерді аудару барысында жалпыға ортақ сөздіктерге жүгінбей, өзі жұмыс жасайтын компанияның сөздігін қолданғаны жөн болады.
Тағы бір ескере кететін мәселе, техникалық терминдерді аудару барысында ең маңызды факторлардың бірі – сарапшылармен жұмыс. Өкінішке орай, аудармашы білімнің әр саласының маманы бола алмайды. Сол себептен, “техникалық редакция” түсінігі мамандармен кеңесуді, осының нәтижесінде алынған ақпараттарды өңдеуді және мәтінге керекті өзгертулерді енгізуді білдіреді.
Техникалық аударма саласында терминология аудармасы өте күрделі мәселе болып табылады. Мысалы, бұрғылау құрылғысының элементтері жануарлардың атауларына байланысты аталса да, оларды аударуға келгенде оларға еш қатысы жоқ екені анық. Мысалы, “doghouse” термині иттің үйшігі емес, бұрғылау шеберінің орнын білдіреді. “Monkey board” терминінің де маймылға еш қатысы жоқ, биіктік алаңындағы жұмыс жасаушы алаңын білдіреді. “Pig” термині торай емес, “тазалайтын сүймен” деп аударылады. Бұл құбыр тізбегінің ішіндегі құбыр қабырғаларын тазалайтын құрал. Ал “farm-in” терминінің ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ. Бұл терминнің аудармасы – кен орнын игеру мен өңдеудегі үлесті алу жөніндегі келісім.
“Go devil” термині мұнай құбырларын тазалайтын қарапайым сүйменді білдірсе, “graveyard tour” термині қорқынышты киноның аты емес, бұрғылаудағы түнгі кезекшілікті білдіретін термин. Ал “killing a well” тіркесінің ұңғыны өлтіру емес екені сөзсіз, бұл ұңғыны аяқтау деп аударылады.
Жалпы тілдегі лексикаға қарағанда, терминдер контекстке бағынышты емес. Сондықтан да оларды аудару аудармашыға қиындық тудыруы мүмкін. Ағылшын тілінің “risers” сөзі дәстүрлі түрде “стадиондағы трибуналар” деп аударылатын болса, мұнай және газ өндіру саласында “су айырғыш құбырлар тізбегін” білдіреді. Бұл сөз қазақ тіліне калька жасау тәсілі арқылы осылай аударылуы мүмкін, және де транскрипция тәсілі арқылы “райзер” деп берілуі мүмкін. “To drill a well on the field” айтылымы қазақ тіліне “кен орнында ұңғы бұрғылау” деп аударылады. Дегенмен, бұл айтылым тура аударма жасар болсақ, “алаңда құдық қазу” деп аударылған болар еді. Ал енді “Christmas tree” сөз тіркесі мұнай және газ өндіру саласының терминологиясында “рождестволық шырша” деп аударылмайтыны сөзсіз белгілі. Бұл тіркес-термин “арматура шыршасы” деп аударылатынын әрбір кәсіби тәжірибесі мол аудармашы білуі тиіс.
Егер ағылшын және қазақ тілінде терминдік тіркес сол жақтан оң жаққа өрбісе, орыс тілінде оң жақтан сол жаққа қарай дамиды. Мысалы, өндіріс деген сөзді алып қарастырсақ, терминдік тіркес ретінде қазақ тілінде: “жаңа бөлшектердің өндірісі”, ағылшын тілінде “new elements production” болса, орыс тілінде “производство новых элементов”. Мұнай-газ өнеркәсібі терминологиясын әртүрлі тілде салыстыра қарастыру терминжасамның универсалды мүмкіндіктерін көрсетеді. Cондықтан, тілдің ұлттық ерекшеліктері дамудың әртүрлі деңгейінде терминге ықпал етіп отыратындығын да айта кеткенді жөн санаймыз.
Қазіргі таңда техниканың, есептеуіш техникалық машиналарының қарқынды дамуынан туындаған жаңа сөздер – терминдердің сөздікке кіріп үлгермеуімен сипатталады. Ал ғылым және техниканың жәй дамушы салаларында жаңа терминдер сирек кездеседі. Сөздікте баламасы жоқ терминді аудару мәселесімен кезіккен аудармашы баламасы жоқ терминді баламамен қайта құру міндетімен ұшырасады. Мәселен: бастапқы тілдің мәдениетіне сай келсе де, аударма тілінде жоқ жалқы есімдер; белгілі бір кәсіби саладағы термин; түпкі мәдениетке сәйкес, бірақ аударма мәдениетінде құрылымдық – функционалдық бірізділік бойынша өзгеше және аударма тілінде мүлдем жоқ заттар, құбылыстар мен түсініктерді білдіретін сөздер. Мұндай сөздер аударма үрдісінде басты орын алады, өйткені салыстырмалы түрде контекстке тәуелсіз бұл сөздер аудармашының таңдауына сай аударма мәтініне әртүрлі бағыттылықты береді. Бастапқы мәтіннің стандартқа сәйкес емес лексикалық элементтерін аударудың кең тараған тәсілдеріне транслитерация, транскрипция, калькалау, семантикалық модификация, суреттеу немесе түсіндірме, аралас аударма жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |