46
- Малтықпай тез көшсін! Шұбалмасын! Қатар қозғалсын! Қауырт жөнелсін!
- деп, қысқа-кысқа әмірді ауыл басы сайын кісі шаптырып айтқызып жатқан.
Дағдыдан тыс көштің, дағдыдан тыс көрінісі де осыдан еді.
Қызылшоқыдан Шыңғысқа қарай тартатын көш соқпақтың сол жағында,
жағада бір жалғыз төбе бар еді. Құнанбай өз қасына Майбасар, Қамысбайды
ертіп және өзінің Күнкеден туған үлкен баласы Құдайбердіні алып осы төбенің
басына барлық көштен, барлық аттылардан бұрын кеп шықты.
Астында
шұбалаң құйрық торы аты бар. Дом боп жарап алған есік пен төрдей ұзын торы
ат көлденең тұр. Қос кұлағын қамыстай шаншылтып, арттағы нөпірге
«бассандаршы!» дегендей қарайды. Құнанбай да көш-көштің алдынан кес-
кестеп, бірдеме айтатындай боп тұр.
Әлі күн шыққан жоқ, елең-алаң еді. Жиырма ауыл жүктерін артып
жатқанда жым-жырт, үнсіз қимылдаса, енді түйелерін тұрғызып, жөнеліп
бергенде жамыраған қозыдай неше алуан үнге басты. Біресе, жүк батқан түйе
бақырады. Енесінен адасқан бота боздайды. Әр ауылдың
өш иттері бір-біріне
арсылдасады. Айғай салып шапқылаған аттылар, жүшкі жігіттер көрінеді. Бала
жылайды, шешелер ұрысады. Қиқулап айғай салып, мал қайырған малшылар,
жас-кәрілер үндері әлсін-әлі келеді.
Көштер қауырт қозғалған уақытта Құнанбай Қамысбай мен Құдайбердіге:
- Бар, екеуің тез барып осы барлық көштердің басты-басты кісілерін -
үлкендерін, осында жиып келіңдер! - деді.
Құдайберді мен Қамысбай бұл бұйрықты ести сала тебіне жөнелісті. Ұзын
бойлы, қыпша бел жас жігіт Құдайберді мен кең жауырын Қамысбай ойға түсе
бере, көштің алдын көлденеңдеп, жарысып барады. Екеуі лезде барып, көш-
көштің алдындағы еркектер тобына бір сәт бөгелді де, әрі қарай жосыта берді.
Бұлар араласқан топтан бір-екі кісі дереу сытылып шығып жалғыз төбеге қарай
желе текіректейді. Құнанбайдың күтіп тұрғанын көріп, өбектеп қамшыланып,
асыға жүріседі.
Құдайберді
арғы шеткі көшке жеткенше, Құнанбай қасына жиырма-отыз
аттылар жиылып қалды. Қоңыр күздің бүгінгі күні желсіз, тынық. Аспан да
ашық. Соңғы аттылар Құнанбай қасына жеткенде, балқыған темірдей боп
ұшқын атып жарқыраған үлкен күн, алыстағы Арқат тауының ирек-ирек
жотасына міне бастады.
Көштің алдына көлденең түсіп, қатпар-қатпар болып Шыңғыс жатыр.
Ұзаққа, ұшан теңізге созылып жатқан қалың таудың биік жоталарын күн
сәулесі бір сәтте алтынға малғандай қып рең берді. Таулар түндіктерін жаңа
сыпырды. Аспанда бозторғай, қараторғайлар самғап шырылдайды. Көш
жолынан қашып ұшқан болу керек, қаулап кетті. Көш үстіндегі аспанды мың
бұралған үнмен кернеді.
Биікте,
көз ұшында, шалқар көш боп қиқулап, «қош, қош» айтқандай боп
қалықтап, бір топ тырна кетті.
Құдайберді мен Қамысбай астарындағы екі бозды танауратып терлетіп, ең
соңғы үш үлкен кісіні ертіп келгенде, жаңғыз төбеде, Құнанбай қасында елу
шамалы аттылар бар еді. Соңғы келген үшеудің ортадағысы Құнанбайдың тағы
бір тоқал шешесінен туған Жақып. Құнанбай мұның сәлемін алды да, тебініп
қап, «жүр!» деді.