37
Биыл да көшу солай. Жолдағы белгілі қоныстар: Талдыбұлақ, Барлыбай,
Қызылқайнар. Кей
қонысқа таңертең кеп қона сала, кешке тағы көшеді. Үдере
көшу. Кей қоныста бірді-екілі күн отырар-отырмастан кетеді: үлкен үйлер
тігілмей - «ұраңқай», «абылайша», «жаппа», «итарқа» деген кеше түрлі кішкене,
тар, аласа күркелер тігіледі. Әркім өзі сүйген үйшігін тұрғызады. Жалпақ ел,
бар ауылдар осы жайлауға көшу сапарында балалардың «ауыл-ауыл», «күрке-
күрке» деген ойынын ойнап жүрген сияқтанады.
Қыс пен көктем, күзеуде бір-бірінен алыс жүретін ауылдар осы сапарда
қоныс жағдайымен әлдеқайдан түйісіп, қым-ғуыт араласып қонысады.
Адамдары, малдары, күркелері де қосылып, бір ауылдан бір ауылды айырып та
болмайды.
Өзгеге жеңіл болса да, осылайша болған көшу қойшы, қозышы,
жылқышыларға
аса бір тынымсыз бейнет, масыл күндер болушы еді. Біреудің
жылқысына көш аттар, саяқ-сандырақтар кетіп қалған. Біреудің қойына бір
ауылдың қозысы жамыраған. Қоймен қой араласып, шатасып кеткен. Осындай
қарбаласта «бармақ басты, көз қысты» боп,
талай момынның тоқты-торымы
сотқар ауылдардың жемі боп жүреді.
Өзінікін жеуге үнем қып, кісіден кірген «қоспа», «кірме» болса, соны түн
баласында ақтармалап, шикілі-пісілі домалатып, қылғып салып отыратын,
талай пәле басы атқа мінерлер болады.
Осы сапарда көп елдің қауырт көшімен қатар жаңағыдай үйіле қонуына
себеп болатын тағы бір нәрсе: сыртта, алғашқы күндерде қасқыр қатты болады.
Елсіз болғандықтан осы өңірде тау сыртында күшіктеген қасқыр, ел келгенше
тышқан, суыр аңдумен күн көріп жүрсе,
енді мал қаптаған уақытта, түн
баласында тыным бермей құйындай соғатын. Көп ауылдар түн бойы
қотандарын атпен күзетіп, ауыл-ауылдың шеттеріне үзбестен лапылдатып оттар
жағып отырып, айғай-шумен таңды таңға ұратын. Осының бәрі жайлауға көшу
сапарын жайшылықтағы, өзге мезгілдегі, өзге тұрмыстың баршасынан басқаша
қып жібереді. Күндіз болса барлық жұрт ат үстінде. Еркек атаулы көш бойында
қолдарына найза, сойыл, айбалталарын ұстай жүреді. Бұл көріністе, жалпы
көшу сапарын жортуыл-жорыққа, шеру мен аттанысқа ұқсатады.
Бірақ, дәл биылғы жыл, жылдағыдай қайталаған осы көштер. Абайға ең
бірінші рет соншалық мазасыз бейнет боп өтті. Оны меңдетіп жеңген ауру да
жоқ. Бірақ сау да емес. Жүрейін
десе көзі қарауытып, басы айналып, құлап
қалады. Бұның ауруына қарап, көшпей отыруға болмайды.
Үш күн, төрт күнде Ұлжанның үйіне бір-ақ соғатын Кұнанбай, көбінесе,
сұлу тоқалы Айғыздың үйіне қонады. Оқта-текте бәйбішесі Күнкенің қасында
болады. Ол бөлек ауыл. Соның көшімен жүріп кетеді.
Баласының сырқатын алғашқы кезде бір рет сұрастырды да, кейін ұмытқан
сияқтанды.
Абай атқа міне алмайды. Жүк артқан түйеге мінгізуге: «жүк құлап, түйе
жығылса мерт болады» деп шешесі оған да мінгізбеді. Кәрі әже мен Ұлжанның
ортасында жалғыз арба бар еді. Тегі, бұл ел көшпелі болғандықтан арба дегенді
білмейтін. Тобықты ішіне ең алғаш келген арба осы Зеренің - Құнанбайдың кәрі
шешесінің көк арбасы десе де болады. Құнанбай
аға сұлтан сайланған
сапарында шешесіне: