61
Бұл өзі оңынан соғатын жел. Сондықтан, оншалық көп суық әкелетін жел
емес. Бірақ, соғуының қаттылығы тым ерекше болады. Бөктерде қиыршық
тастарды ұшырып соғатын қара жел.
Шөп атаулыдан да қой оты - мық жусан мен ұсақ, тырбықтай бетеге
болмаса, өңге бойшаң тамыры босаң шөптерді жұлып, ұшырып әкететін әдеті
бар.
Тегінде Шыңғыстың асыл шөбі - мық жусан. Бұл қойдың ырысы. Ал,
қыстау атаулы қойға жайлылық жағынан бағаланады.
Қойдың құты Шыңғыс болған соң, көп елдің жақсы қыстау іздегенде
тығылатыны да сол Шыңғыс.
Шыңғыстың қара желі өзге уақыттың бәрінде жақсы болғанмен дәл
күздігүні жайсыз-ақ. Күнді суытып, аспанды сұрлантып келеді. Бүгін қара жел
басталысымен, қиыршықтап қар да түсе бастады. Биылғы жылдың ең алғашқы
қары осы.
Суық жел киіз үйде отырған ауылдарды тегіс бүрістірді. Шыңғыстың
бөктері мен қойнауындағы ауылдар бұл уақытта қыстау-қыстауына мінбелеп
қонып, күн райын бағып отыр еді.
Бүгін сол елдің бәрі де киіз үйлерін жығып, жүктерін қораға тасып, жылы
үйлеріне қауырт кіріп жатқан. Көпшілік осы қарбаласта болса, Құнанбайдың
Қарашоқыдағы аулы, ас берген ауылдай, өз әлегімен өзі ұйқы-тұйқы боп жатыр.
Үркімбайды ала алмай, көрген қарсылықты тегіс айтып Манастар келгелі,
Құнанбай аулынан жан-жаққа қарай үсті-үстіне шапқыншылар ұшыртып кетіп
жатыр.
Кешегі Байсал бастаған барлық үлкендер жиыны осы ауылдан тараған жоқ-
ты. Олардың үстіне қазір маңайдағы бар Ырғызбайдың еркек кіндіктісі түгел
аттанып келген. Шапқыншылар кеткен беттерден ондаған, жиырмалаған
аттылар, лек-лек, желе жортып келіп жатыр.
Осы келген топтардан он шақты жігітті іріктеп шығарып, бастығын
Майбасар етіп, Құнанбай әуелі Бөкеншіге жібертті.
Қызылшоқыдағы Бөкенші әлі де көшпей отыр еді.
Мыналар бара сала, тығыз бұйрық етіп, Талшоқы мен Қарауылға қарай сол
Бөкеншіні бір-ақ көшірді. Сүйіндік, Сүгірлер осындай сылтауды күтіп, қос
қанатын қомдап отыр екен. Алдымен көшкен солар болды да, өзге Бөкеншілер
де еріксіз тартып кетті.
Бүгінгі күн көшкен жалғыз Бөкенші ғана емес, Кұнанбайдың өз аулынан
көшкендер де бар еді. Ол Өскенбайдың үлкен үйі - Зере отырған ауыл. Және
соның қасындағы Ызғұтты, тағы бірнеше Қарабатыр, Жуантаяқ ауылдары
болатын. Қысы-жазы Ұлжандармен бірге көшіп жүретін Жидебай, Барақты
қыстайтын ауылдар.
Құнанбай бұл уақытқа шейін ол ауылдарды қыстауларына жібермей, өз
тобын бір арада жиып ұстамақ боп келіп еді. Енді суық түскенде, кәрі шешесін
және Ұлжан қолындағы жас балаларын тоңдырып отыра беруге болмады.
Зере мен Ұлжанға бала атаулының барлығы: «Қыстауға көшейік, тоңдық» -
деп салмақ салған. Осымен Зере Құнанбайға ұрсып, еріксіз бүгін көшетін етті.
Осы ауылдарын көшіріп, жөнелтіп болған соң, Құнанбай дәл бүгіндей
Шыңғыс өңіріндегі әбігер мен қарбаласты тез пайдаланбақ болды.
62
Бағана, таңертеңнен бері үсті-үстіне келіп жатқан аттылар қазір түс кезінде
қалың нөпір, үлкен қол болды. Тегіс сойыл, найза, айбалта, шоқпар ұстаған,
шабуыл мен соғысқа әзірленген қол.
Бұл келгендер Ырғызбайдан басқа Торғай, Топай, Жуантаяқ, Әнет, Сақ-
Тоғалақ сияқты рулардың топтары. Және бір қалың нөпір Көтібақ болатын.
Осы елдердін бәрі де Шұнай, Ши, Жидебай, Қыдырдан бастап Шыңғысқа
шейін созыла қыстайтын елдер. Қарашоқыға жақын келетін қыстаулардың
елдері.
Дәл шаңқай түс кезінде, Құнанбай шарт киініп, Байсал, Майбасарды ертіп
тысқа шығып, барлық елге:
- Ал, ағайын, мін енді тегіс аттарыңа! - деп айғайлап тұрып, бұйрық етті.
Жұрт жапыр-жұпыр атқа мінді, Ырғызбай жігіттері қаруларын қолға алған.
Өзге ел де тегіс қару алды.
Бұл уақытта жел қатайып, күн суытып, таңертеңгі қиыршық қар енді бетке
сабап, қалыңдап түсіп тұр. Айнала бұлыңғыр. Шыңғыстың биіктерінен
бүктетіліп, булығып түсіп, ағындап етіп жатқан тұманды шаңыт та бар екен.
Құнанбай ұзын торы аттың үстінде тұрып, айналаға, күн реңіне қарап алып,
ішінен: «Қол қарасы көрінбейді, мұнысы тіпті жайлы» - деді.
Қастарының арасынан түскен екі сай ажымы болушы еді. Сонысы қазір
тереңдеп, қатты түйіліп алыпты. Бетінде ұзарып қарауытып шыққан түктер бар.
Үлкен, өткір жалғыз көзі қанталап, шапшаң қарап, жалт-жұлт етеді.
Жұрт тегіс атқа мініп болған соң, екі жағында тұрған Байсал мен
Майбасарға қарап, бұйыра:
- Бас! - деді.
Қара қатқақ болған бөктерді дүбірлетіп, тасырлата басып, қалың қол
Жігітекке қарай тартты.
Қолдың алдында Құнанбайлар. Қатты жүріп, сау желіп келеді.
Құнанбай қолы осы күні түс аумастан, Тоқпамбеттің батыс жағындағы
салбыраған тұмсыққа желе-жортып, шыға-шыға келді.
Бөжей қыстауы қозы өрісіндей жерде тұр. Қораға кірген екен.
Мүржелерінен сары қидың түтіні бықси, шалқып шығып жатыр.
Қоранын айналасында, мұнда да нөпір көп екен. Бірақ жаяу жүргендер.
Дәл қораның өз жанында, сай тұрған аттар бірен-саран ғана.
Құнанбай тез байқады. Ерттеулі аттың барлығы да, кыстаудан жоғары,
төмен созылған тоғайлы қалың шабындының бойында өрелеулі жүр екен...
Ырғызбай жағынан шыққан қалың қолды көрісімен ауылдағы барлық
жиын аттарына қарай асыға жүгірісті. Қолдарында, сойыл, найзалары бар.
Қарсылыққа бекінген жиын.
Енді бір азғантай аял болса, бұлар да тегіс атқа мініп алатын сияқты. Онда
қарсылык, шаппа-шап келген соғысқа айналмақ. Осыны есептеп алған
Құнанбай пұшпак тымағынын құлағын байлай бере, торы атты тебініп
қамшылап алып:
- Қапта, қапта! Олжай, Олжай! - деп, ұран салып, ағыза жөнелді. Барлык
қалған қол да айғай салып:
- Ырғызбай! Ырғызбай!
- Топай! Топай!
|