Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет28/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
57 
Әрбір үйдің есігін жамылып, баспа ғып тұрған балалар да мына тентек 
қонақтардан қорқып, інге кірген тышқандай, есіктерінің ар жағына сүңгіп-
сүңгіп кетті. 
Үркімбайдың үлкен қоңыр үйінде бірталай еркектер отыр еді. 
Үй иесінің өзінен басқа Қаумен, Қараша барды. Бұл екеуі - Бөжейдің 
жақын ағайындары. Үркімбайдың кішкене тұлымды қызы есіктен қашып кеп 
әкесінің қолтығына кіріп кетті де: 
- Атшабар, атшабар! - деді. 
Атшабар келсе, жанжал келетінін балаға шейін сезетін. 
Мойындарына былғары сөмке салған, төсіне қақпақтай үлкен-үлкен жез 
знактар таққан екі атшабар үйге кіріп келгенде, тұлымды қыз: 
- Әне, әнеки, әке! - деп, әкесінің қойнына жабыса түсті. 
- Өй, жандарым, немене шулатып жүргендерің? - деп, Үркімбай жақтырмай 
қарсы алды. 
- Іс тығыз, бұйрық тығыз... асығып жүрміз! - деп, Қамысбай төрге шықты. 
Жұмағұл от басына бір тізелеп отырып қалды. Қараша: 
- Е, не бұйрық? Немене тағы: ел көшті, жау жетті деп шетіңнен? - деді де, 
қабағын түйіп, Қамысбайға ашумен қарады. Бірақ қырыс атшабар қайысқан 
жоқ. 
- Бұйрык сол, үй тігесіңдер. Қараша, Қаумен, сендерді іздеп келеміз. Осы 
Үркімбай, Қаумен, Қараша үшеуінің ауылдарында сияз болады. Ел жиылады. 
Керей, Уақтын даугерлері келеді. Елмен елді ақылдастырамыз, ұрыдан мал 
әпереміз дейді... 
- Кім айтады? - деп, Қаумен тіксінді. 
- Әперетін кім? - деп, Қараша қайтадан қадалды. 
- Ұрыдан әпере ме, жоқ, ұры емеске де салмақ түссін дей ме? - деп, 
Үркімбай да жалт қарады. 
Сияз деген мол шығын. Ол, көп елдің қалың даугерлері келіп орнайды 
деген сөз. Осы елдің жуан, семіз, мешкей билері, күндіз - түстік, кешке - қонақ 
асы жеп, асықпастан ай жатады деген сөз. 
Ежелден мәлім: қай ауылдың үстінде сияз болса, сол ауыл мол шығасылы 
болмақ. Елден ерекше мазасыздыққа ұшырамақ. Ұлық қай ауылға сияз құрса, 
сол ауылды қырына алғаны. 
Қамысбай бұл отырғандардың сиязға оңай көне қоймайтынын ертеден 
біледі. 
Старшын мен аға сұлтанға айтпаса да, атшабармен көп қиталасады. Бірақ 
Майбасар бұйрығы қатты болатын. Бөгелуге болмайды. 
- Бұйрық ұлықтікі. Құнанбай мен Майбасардікі. Мен шығарды деп пе ең? - 
деп, Қарашаға сыздана бір карады да, - бол, болыңдар! Ақылдасыңдар да, үй 
қамдаңдар. Үшеуіңнің ауылдарыңдағы бар киіз үйді осында әкеп тігіңдер. 
Сойыс жайын ақылдасыңдар. «Жігітек әуелі елу қой сойыс үлессін» - деген. 
Соны қай-қай ауылға саламыз. Қазір осының жайын кеңесейік, - деді. 
Атшабармен сөйлесіп сөзге, жолға жарымайтынын Қаумен жақсы біледі. 
Сондықтан ол егес сөзді молайтпай, жақындағы Байдалымен ақылдасып алмақ 
болды. Үркімбай мен Қарашаға: 


 
58 
- Екеуің бері қараңдаршы, - деп, біраз үндемей қадалып отырып, - біз ғана 
емес, Жігітекке тегіс келген селебе ғой. Мына жерде Байдалы бар. Бөжеймен 
ақылдасуға қашан боп түр. Қараша, сен тез атқа мін де, барып Байдалымен 
ақылдасып, мына атшабарлардың жауабын алып кел! - деді. 
- Дұрыс, сүйт! - деп, Үркімбай да қостады, атшабарлар да қарсы болған 
жоқ. 
Қараша лезде тұрып, үндеместен жүріп кетті. 
Осымен атшабарлар орнығып отырып, шай ішіп жатты. Үркімбай олармен 
жауаптаспаса да, өз ішінен Майбасар бұйрығына қатты ашулы. Бар 
Тобықтының ішінде бір үй қазанына арам ас салмады десе, сол ең алдымен осы 
Үркімбай үйі болатын. 
Атшабарлар көп тосқан жоқ. 
Үй сыртына бірнеше атты кісі дүсірлетіп кеп, шапшан түсіп, аттарын тез 
байлап жатыр. 
Келген Қараша. Қасында Байдалы мен Қарашаның өр атанған ұры түсіргіш 
жігіттері. Жұмағұл атшабар қулау болатын. Ішінен мыналардың келісін 
жактырмады. 
- Е, не ғып ереуілдеп жүрсің бәрің бірдей? - дей беріп еді, Қожақан деген 
ұзын қара жігіт: 
- Атаңды жау шапса, бірге шап деген. Сендерге Жігітектің бар малын 
тартып әпергелі келдік, - деді. 
- Бар мал емес, елу-ақ қой керек. Қалған малың көп болса, ана иесі 
келгенде жетектетерсін... Асыққаның не? - деп, Қамысбай зәрленіп ашу 
шақырайын деді. 
- Соны әперетін осы сенбісің? - деп, Қараша Қамысбайдың дәл қасына 
жүгіне отырды. 
- Мен болғанда қайтейін деп ең?.. 
- Сен, қанқұйлы, тамам елді жылатып болдың ғой, осы итаршылықты 
қоямысың?.. 
- Өй, сандалма әрман! Одан да ана Байдалының жауабын айт. 
- Жауабы ма?.. Ендеше жауабы міне, - деп, Қараша қолындағы тобылғы 
сапты жуан қамшыны сермеп жіберіп, атқып тұрып, Қамысбайды бастан 
тартып-тартып жіберді... 
Малдасын құрып отырған Қамысбай да жалма-жан тұра беріп еді... 
Үркімбай, барлық осы үйдегі өз жігіттеріне ақырын, бұйрық етіп: 
- Ұста! Сой екі итті! -деді. 
- Жұмағұл да, Қамысбайда арпалысып, айғайлап, боқтық астына ала 
бастады. Бірақ он жігіт ырық бермеді. Үндеместен жабылып, екеуін алып-алып 
соқты да, тізерлеп басып-басып алды. 
- Байдалының жауабы сол. Екі иттің бауыр сыртынан дүрені соғып-соғып, 
Майбасарға қып-қызыл жоса қып қайтар, - деді!.. Ал!.. Тұр бәлем! - деп кеп
Қараша Қамысбайдың басына өзі мініп алып, құйрығы мен жонынан шықпырта 
берді. Жұмағұлды Үркімбай мен өзге жігіттер де сондай сабады. 
Екі атшабар таяқты Жігітектен мейлінше жеп алып, беттегі қызыл жоса 
қандарын айғыз-айғыз қылған бойында, сүртпестен шапқылап отырып, 
Қарашоқыдағы Құнанбайдың алдына тура кеп кірді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет